Сәрсенбі, 17 Сәуір 2024
Алашорда 4390 2 пікір 17 Ақпан, 2022 сағат 13:43

Қазақты «бай» болғаны үшін де айыптаған

АРХИВ ҚҰЖАТТАРЫНЫҢ ІЗІМЕН

Саяси қуғын-сүргін комиссиясының
өңірлік жұмысынан

Байларды тәркілеу 1925 жылдан Қазақстанды басқарып келе жатқан Голощекиннің тікелей бастамасы болатын. Ол ауылдарда қысқа мерзімде совет билігін берік орнату үшін алдымен қазақ байларын тәркілеуді жүзеге асыруды қолға алды және «1917 жылғы октябрь айында болған большивиктердің төңірісі қазақ жеріне әлі жетпепті, мен Октябрді ауылға апарамын» деп жанталасты. Салты бөлек билік басындағылар қазақ тұрмысына мұндай «жаңартулар» тиімсіз екенін ойламады да. Бұл - тұрақты билігі орнаған қазақ қоғамын ыдыратудың бір әдісі еді. Жаңа биліктің «ортақ мүлікті өкіметке беру, ұжымдастыру» талаптары жергілікті халықтың басым көпшілігіне ұнай қоймады және жер-жерде оған қарсы бас көтерулер де болды. Себебі, қазақтың байы – бір отбасының емес, бір әулеттің, ауылдың асыраушысы еді. Сол ауылдың малымен қоса, адамына жауапты, елге сөзі өтімді азаматы еді. Сондықтан да, қазақтың байын тәркілеу – қазақты аштыққа ұшарытудың тікелей жолы болды.

1928 жылы 27 тамызда Қазақстан үкіметінің аса ірі байларды тәркілеу туралы «Бай шаруашылығы мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреті жарияланды. Ал үш күннен соң, яғни 30 тамызда «Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы қаулысын қолдану жөніндегі Ережесі» қабылданды. Ережеге сай өкімет адамдары тәркілеу жұмысын 5 қыркүйекте бастап та кетті. Мұндай зорлыққа көнікпеген халық бас көтеріп, өз наразылықтарын көрсетті. Дегенімен халықтың бұл әрекетіне де тиісті қаулы шығарылды.

Сол жылдың 17 қазанында Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Советінің «Жартылай феодал ірі байлардың тәркілеу мен жер аударуға қарсылығы үшін қылмыстық жауапкершілігі туралы» қаулысы шықты.

Бұл қаулы негізінде құрамына кезінде қазіргі Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары кірген Сырдария округі бойынша алғашында  80 бай шаруашылығының, сонымен бірге 9 ру ақсақалдары, Қоқан хандығы тұсында билік құрған датқалардың ұрпақтары, бұрынғы болыстардың мал-мүлкі тәркіленді. Олардан 16 385 ірі қара, 240 694 ұсақ мал тартып алынды. Бұл Түркістан облыстық мемлекеттік архивтерінде кездесетін көрсеткіш болса, Алматы қаласындағы Орталық архив қорында сақтаулы орталық тәркілеу комиссиясына жолданған деректер бойынша Сырдария округінен 105 байдан ірі қараға шаққанда 24 736 мал алынғандығы көрсетілген.

1928-1933 жылдары қазіргі Жамбыл облысы аумағының бір бөлігі Сыр-Дария округіне (қазіргі Жамбыл, Байзақ, Жуалы, Сарысу, Талас, Меркі, Т.Рысқұлов аудандары және Тараз қаласы), екінші бөлігі Алматы округіне (Қордай, Шу, Мойынқұм) қарады. Яғни, 1939 жылға дейінгі тарихи құжаттарды іздеу, анықтаудың да өзіндік қиындықтары да болған.

Осы ретте қазіргі Түркістан, Алматы облысы мемлекеттік архивтерінің, Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивтің, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің құжаттары зерделенді.

Соның негізінде тәркіленген ірі бай санатындағы 57 адам отбасымен бірге Орал округіне жер аударылғаны анықталды. Алайда олардың ұрпақтарын іздестіру барысында біразы елге қайтуға барынша әрекет жасап баққанын, көбісі жолда қаза болғанын, дегенімен отбасы мүшелерінің кейбіріне болса да туған ауылына  жету бақыты бұйырғанын білдік.

Сонымен, қазіргі Жамбыл облысының аумағынан 1928 жылы 57 ірі байдың тәркіленгені анықталды. Оның ішінде түрлі себеппен қылмыстық іс қозғалып, кейіннен ақталғаны 8 адам. Ақталу туралы ақпаратын «опен лист» ашық деректер базасы негізінде анықтатадық. Қалған 49 адам туралы ақпарат неге жоқ деген заңды сауал туындайды. Олар туралы тәркілеу комиссиясының құжаттарында нақты ақпарат бар. Дегенімен оларға қылмыстық іс қозғалмау себептерінен олар аталмыш деректер базасындағы ақталғандар тізімінде жоқ.

Жамбыл облысының ішінде 1928 жылы ең көп байы тәркіленген аудан – Меркі ауданы. Ол жерден 23 адам тәркіленген. Мұның тарихи себебі - тәркіленген байлардың ішінде қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың «демеушісі», қолдаушысы болған Бектен болыс, яғни Бектен Медеров та бар. Меркіден тәркіленгендер негізінен бір атадан тарайтын ағайындылар немесе бір әулеттің адамдары. Мәсселен, Бектен болыстың Сұлтанқұл, Шолпанқұл сынды ұлдары әрқайсысы жеке-жеке бай ретінде тәркіленген.

Жергілікті жерлерге шыққан экспедиция мүшелері аталмыш тізімдер бойынша жұмыс жүргізіп, кей азаматтардың ұрпақтарын анықтап, олардан сұхбат та алды.

Жалпы ірі байлардың ішінен 57 адамның 9-ының ұрпақтары анықталған.

Ірі байлардың ішінде есімі алашордашылармен тікелей байланысты, қазақтың ірі меценаты болған Бұралқы болыс Сұлтанбековтің де ұрпақтарымен тілдесе алғанымызды айта аламыз. Ең қызығы – бұл кісінің заттық деректері, суреті облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған. Мәселен, Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойына орай болысқа берілген герб белгісі бар. Бұл туралы аталмыш заттық белгіні музей қорына қабылдаған Күзембай Байбосыновтың жазбалары да айғақ бола алады.

Сарысу ауданынан тәркіленген Түсіпбек Ықыласов белгілі қобызшы Ықылас Дүкенұлының баласы. Оның ұрпақтары, туған-туыстары бүгінгі күні Сарысу ауданында, Тараз қаласында өмір сүруде. Жұмыс барысында олардан да сұхбат алынған. Қобызшы Ықыластың деректерін көптеп жинап жүрген ұрпақтарының қатарында қатарында журналист Гүлнәр Есмаханова әпкеміз де бар.

Меркі ауданы бойынша, конфискацияның куәгері болған Бектен болыстың немересі Уазиха Нысанбайқызының естелігін 2016 жылы, апамыз 103-ке қараған шағында өз аузынан жазып алынған. Ол сұхбатты мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет жүргізген болатын. Уазиха апа өз естелігінде: «Бізді қоңыр вагонға салып, Оралға қарай жер аударғанда мен 14 жасар желкілдеген қыз едім. Жайлаудан түскеніміз де сол еді, ауылға қызыл жағалы милиция сау ете қалды. Бәрімізді қойша санап, өте қажет жабдықтарымызды ғана алғызып, машинеге мінгізді. Жалпы, осындай болатынынан әкем де, атам – Бектен болыс та хабардар болып шықты. Себебі, осының алдында ғана жайлауға Тұрар Рысқұлов келген болатын»,- дейді. Оралдан туған жерге қайтуда олар біршама кедергілерге, қорлықтарға тап болғанын, туған ауылына кіре алмай, қырғызды паналағанын еске алады. Ол кісінің естелігінен атасы Бектен болыс қырғыздағы Қаратөбе деген жерде жерленгенін білдік.

1928-1933 жылдары тәркіленген, жер аударылған байлардың тізімін нақтылау жұмысы 6 ай немесе бір жылда атқарылатын дүние емес. Ол еңбегі орасан ауқымды жұмыс. Бұл тақырыпты Жамбыл облысы бойынша іздеу жұмыстарын 2015 жылы ұстазым Мақұлбек Рысдәулетпен бірге бастаған болатынбыз. Алматы және Шымкент қалаларындағы облыстық, орталық архив құжаттарын зерделей келе, біраз ақпараттарға қанық болдық. Жүйеленген жұмыстың жемісі болып – 2018 жылы  «Конфискация» атты кітабы да жарық көрді.

Бүгінде сол жинақталған ақпараттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойып, өткен ғасырдың 20-50 жылдарда саяси қуғын сүргін зардабын тартқан тарихи тұлғаларды саяси тұрғыда ақтау жөніндегі нақты тапсырмасын жүзеге асыруда, Жамбыл өңірінде талдау жұмыстарын жүргізуге зор үлес қосты. Әрине, бұл жұмыс осымен аяталды немесе болдық-толдық деген әңгіме емес. Дегенімен 1928-1933 жылдардағы тарихи кезең - тәркілеу науқанының Жамбыл жерінде жүруі туралы құжаттарды зерделеуде фундаменті сол кезде-ақ қаланғанын нақ айта аламыз. Байларды тәркілеу науқанын екі кезеңге бөліп қараймыз. Оның бірі – 1928 жылғы ірі байларды тәркілеу болса, екіншісі – орта тап өкілдерін бай санатына қосып, тәркілеу, арты ұжымдастыру.

Тәркілеу науқаны бойынша ізденіс бүгінгі таңда да жалғасын тауып отыр. Себебі тарихымыздың ақтаңдақ беттері әлі де баршылық. 2016-2018 жылдар арасында ізделіп, анықталған дәйектер тек 1928 жылғы ірі байларға ғана қатысты еді. Ал тәркілеу науқаны, өкінішке орай, 1933-1934 жылға дейін жалғасын тапқан. Оған облыстық архив сақтауындағы бір ғана құжаттың өзі дәйек бола алады. Ол бір ғана Меркі ауданынан тәркіленіп, жер аударылғандар тізімі. Тізімде анық көрінетін 233 адамға қатысты деректер бар.

Бұлар - орта тапқа кірген байлар. Оның ішінде мал-мүлкі болмаса да, «қауіпті элемент» ретінде елге сөзі өтімді ауыл ақсақалдары да кірген. Түсініктемесінде нақты солай да жазады. Құжат сыртында  Меркі ауданы бойынша екені көрсетілген. Алайда ол кездегі әкімшілік-аумақтық бөлініске сәйкес Меркі ауданына бүгінгі Меркі ауданы, Т.Рысқұлов ауданының көп бөлігі және Шу ауданының кейбір ауылдары енгені тарихтан белгілі.

Меркі аудандық атқару комитеті қорындағы байлардың тізіміндегі адамдар бойынша нақты қашан, қай уақытта қай жерге жер аударылғандығы көрсетілімеген. Сондықтан олардың тағдырын анықтау мүмкіндігі қиындықтар туғызуда. Ал өзге аудандар бойынша құжаттар ше? «Әлде олардан ешкім тәркіленіп, жер аударылмаған ба?» дерсіз. Өкінішке орай, ондай құжаттар әлі қолымызға түспеді. Мемлекет сақтауына өткен құжаттар қатарында қолымыздағысы - сол бір ғана құжат. Мүмкін, өзге аудандарда елден алыстатып «жазалау» үшін құжат жүргізілмеген де болуы мүмкін. Оған ел аузындағы талайғы деректер де куә болады.

Мәселен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мақсатында өткен ғасырдың 20-50 жылдары қудалауға ұшыраған азаматтардың, оның ішінде ресми құжаттарда дерегі жоқтардың есімін анықтау үшін 2021 жылдың 5-маусымынан бастап облыстық, аудандық басылымдарға орыс және қазақ тілдерінде хабарландыру жарияланған. Бүгінгі таңда хабарландыру бойынша ватсап желісіне және телефонға хабарласу арқылы 13 адамның есімі өтініш негізінде қабылданған. Оның басым көпшілігі ауыз-екі түрде көнекөз қариялардан естіген, білген ақпараты, ұрпақтары еш органдардан ресми құжатын анықтай алмай, іздестіріп жүргендер.   Солардың қатарында бірегей тұлға Шерхан Мұртазаның әкесі де бар. Естелігі бойынша оны аудан орталығында жүрген жерінен айдап алып кеткен. Алайда ол турасында ресми құжатты іздеуші сол күйі таппай өтті.

Бұл ретте өңірлерде құрылған кіші комиссиялар, жұмысшы топтар жұмыстар әлі күнге дейін архивтік құжаттарда «бандит», «контрреволюционер», «халық жауы» сынды айыптарды іріктеп, оларға түсіндірме, толық ақтау құжаттарын дайындау мақсатында нақты жұмыстар жүргізуде.  Жоғарыда баяндалған деректер – соның бір көрінісі ғана.

2021 жылы ай сайын мемлекеттік комиссия тарапынан белгіленген тақырыптар аясында республикалық комиссия кіші жұмысшы топ мүшелері, республиканың белгілі ғалымдарымен арнайы семинарлар өткізіп, тәжірибе алмасу, пікір-ұсыныстар беру жұмыстарын жүргізді. Жамбыл облысындағы Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының мамандары бүгінде сондай семинарлардың төртеуіне қатысып, өз баяндамаларын жасаған болатын. Соның бірі қыркүйек айында өткізілген – қазақтың ірі байларының тәркіленуіне арналған еді.

Қосымша:

(Жамбыл облысының тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған Бұралқы Сұлтанбековке қатысты жәдігерлер. Бұралқы болысқа Романовтар әулетінің  жылдық мерейтойына орай сыйға берілген белгі)

(Түркістан облысының мемлекеттік архиві қорындағы құжат. 1928 жылы тәркіленген байларды жер аудару бойынша қаулысы. Тізбеге сәйкес Жетісу және Сыр-Дария округінен тәркіленген байлар Орал округіне жер аударылған)

Назым Қожамжарова,

Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану
орталығының бөлім меңгерушісі

Abai.kz

2 пікір