Жұма, 17 Қыркүйек 2021
Жаңалықтар 3072 0 пікір 25 Қыркүйек, 2012 сағат 10:44

Тұрсын Жұртбай. «ТҰҢҒИЫҚ ТЕРЕҢ ЖАРҒА КЕТКЕН ТҮСІП...»

(Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным - Алаш!..» кітабының жалғасы)

 

 

БЕСІНШІ   ТАРАУ: «ТҰҢҒИЫҚ  ТЕРЕҢ  ЖАРҒА  КЕТКЕН  ТҮСІП...»

(Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Даниал Ысқақов, Қошке Кемеңгеров және Мәжит Күдерин)

 

1.Мәннан Тұрғанбаев

 

Сол кезеңде қалыптасқан «дәстүр бойынша», тергеу хаттамасына аты ілінген адамның барлығы да түрмеге қамалып, сұрақ-жауап алынды. Сөйтіп олар тікелей айыпты болмаса да жанама куә ретінде қатыстырылды. Орта Азия басмашылары мен Ташкенттегі астыртын ұйымға еш қатысы жоқ, бірақ жалпы «Алаш» қозғалысына атсалысқан зиялылардың барлығы тұтқындалды. Солардың қатарында «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесінің мүшесі ретінде Мәннан Тұрғанбаев та тергеуге тартылды.

(Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным - Алаш!..» кітабының жалғасы)

 

 

БЕСІНШІ   ТАРАУ: «ТҰҢҒИЫҚ  ТЕРЕҢ  ЖАРҒА  КЕТКЕН  ТҮСІП...»

(Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Даниал Ысқақов, Қошке Кемеңгеров және Мәжит Күдерин)

 

1.Мәннан Тұрғанбаев

 

Сол кезеңде қалыптасқан «дәстүр бойынша», тергеу хаттамасына аты ілінген адамның барлығы да түрмеге қамалып, сұрақ-жауап алынды. Сөйтіп олар тікелей айыпты болмаса да жанама куә ретінде қатыстырылды. Орта Азия басмашылары мен Ташкенттегі астыртын ұйымға еш қатысы жоқ, бірақ жалпы «Алаш» қозғалысына атсалысқан зиялылардың барлығы тұтқындалды. Солардың қатарында «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесінің мүшесі ретінде Мәннан Тұрғанбаев та тергеуге тартылды.

Анкеталық анықтама: Мәннан Тұрғанбаев - 1886 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезі Абыралы болысындағы «Сарыапан» қыстағында туған. Семей медіресесінде оқығын. 1906-1910 жылдары ауылда халық мұғалімі болған. Уфадағы «Ғалия» медіресесіне 1910 жылы түсіп, 1915 жылы бітірген. 1917-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстың меңгерушісі (анкетадан тыс анықтама: сонымен қатар 1917 жылы «Алашорданың» Семейдегі басылымы «Сарыарқа» газетінің редакторының орынбасары, 1918 «Алашорда» атты әскер полкінің жауынгері де болған), 1919 жылы Орынборда шығатын «Ұшқын» газетінің редакторы, 1922 жылдан бастап Семейдегі халық соты кеңесінің мүшесі, қазақ істері жөніндегі азаматтық бөлімнің меңгерушісі, төраға орынбасары, 1926 жылдан Қарқаралыдағы педучилищенің мұғалімі, 1928 жылдан қалалық оқу бөлімінің нұсқаушысы, одан кейін Қарқаралыда, ұсталғанға дейін Қапалда қызмет істеген. 1930 жылы 4 көкек күні тұтқындалған. Шаруа отбасынан шыққан. Өз еңбегімен күн көрген. Сотталмаған. Жылжымайтын мүлкі жоқ. Үйлі-баранды. Әскер қатарында болмаған (иә, солай көрсетілген). Кәсібі - мұғалімдік. Кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекетке қатыспаған. Ешқандай партияның мүшесі болған жоқ.

Мәннан Тұрғанбаевтің басты айыбы - Қарақаралыдағы Ә.Ермеков ұйымдастырған педучилищеде қызмет істегені болса керек. Тергеудегі шағын хаттамада одан басқа деректер көрсетілмеген. Оған қойылған сұрақтардың негізі Әлімхан Ермеков пен Жүсіпбек Аймауытов туралы болған.

«1931 жылғы 11 мамыр күнгі тергеу хаттамасы. «Алаш» партиясына мүше болғамын жоқ және «Алашордамен» ешқандай байланысым жоқ. 20-шы жылы Семей қаласында компартияның қатарына өттім (кімнің кепілдік бергені есімде жоқ), мен ұзақ уақыт іссапарда жүрген кезімде мүшеліктен шығып қалдым, қайтадан партияға кіруге ұмтылмадым. Партия ұйымының ережелерін орындай алмаймын деп ойладым. Сол үшін мені Аймауытов және басқалары қатты сөкті. Мен ол кезде „Қазақ тілі" газетінде Ғалифолла Ысқақовпен және Аймауытовпен бірге істейтінмін. Партияға мүше болмау жараспайды деген желеумен Аймауытовтың және Гурьевтың кепілдігімен мүшелікке өттім. Менің жоқ кезімде Аймауытов газетке редакторлық етті. Газет Губком мен губерниялық атқару комитетінің органы болатын.

Қазақ ұлтшылдарының ішінен мен „Алашорданың" Семейдегі Шығыс бөлімінде істеген Ермеков Әлімханды, Тынышбаев Мұхамеджанды, Ғаббасов Халелді, Ақбаев Жақыпты, Дулатов Міржақыпты білетінмін. Алайда олармен ешқандай байланысым болған жоқ. «Алашордашылар» Ермековті өте қатты сыйлайтын және ол ашық ықпалды тұлға болды. Оның үстіне ол таза қанды қазақ болғандықтан да үлкен сенімге ие еді. Оның ықпалы аса зор еді әрі тұрғындар оны өзге алашордашыларға қарағанда қатты қадірлейтін.

Сұрақ: Тұрғындардың арасынан Ермековті кім өте жақсы көрді: кедейлер ме, орташылар ма, немесе байлар ма?

Жауап: Барлық қазақ тұрғындары жақсы көрді. Мен де Ермековті ерекше сыйладым. Мынадай бір оқиға болды. 27-ші жылы мен Қарқаралы қаласында мұғалімдерді дайындау курсінің меңгерушісі болып жүрген кезімде Ермеков маған сабақтан 10-15 күн кешігіп келген інісін курсқа алу туралы өтініш етті. Мен тілегін орындадым.

Алашордашылардың маған жасаған әсері туралы. 21-ші жылы Семей губерниялық атқару комитетінің бөлімдерінде істейтін Марсеков, Ақбаев Жақып арқылы өздерінің адамдарын, мені де Қарқаралы уезінің сотына тағайындатты. Жұмысқа тағайындалған соң мен кеңес үкіметіне адал қызмет еттім, кеңес үкіметіне қарсы ешқандай дұшпандық әрекет жүргізгенім жоқ. Бұған мені жақсы білетін Тоқжігітов Шаймерден, Тоқтабаев Кәрім, Шынғалиев Абзал, Орынбаев Мұқаш, Сидалиев Асхат кепілдік ете алады.

30-шы жылдың сәуір айында Қарқаралыда тұрған кезімде Абыралы ауданының екінші ауылының тұрғыны Байдаров Сыдық (көшір) және Байсымақов Керімқұл Балқаш ауданындағы көтеріліске Ақбаев Жақып, Марсеков Райымжан және Әділов Ике жетекшілік еткенін айтты. Бұдан басқа көтеріліс туралы ештеңе естігемін жоқ, ешнәрсе білмеймін. Қапалда қызмет еткендіктен де ауылмен байланысым болған жоқ. Менің Семей мен Қарқаралыдан Қапалға ауысуыма ауылдасым Төленов Игіліктің орныма келуіне байланысты болды. Оны Абыралы ЕРКА-сінің төрағасы Шымшарин Хамит қолдайтын.

Өзімді ешнәрсеге кінәлімін деп есептемеймін және жоғарыдағы айтқаныма алып қосар ештеңем жоқ."

Кездейсоқ жауапқа тартылған М.Тұрғанбаев тергеушіге қысқа да нақты жауап берген. Ә.Ермеков пен Ж.Аймауытовты әшкерелейтіндей айғақтар жоқ. Жақып Ақбаевтың тұтқындалуы Мәннан Тұрғанбаевтің көрсетіндісіне байланысты ма, жоқ па, ол туралы құжаттарды індете іздестірудің мүмкіндігі бізде болмады.

Тек ескерте кетеріміз, Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековтің 1930 жылғы тәркілеуге қарсы көтерілісті ұйымдастырғаны туралы мағлұматтар көтеріліске қатысушы өзге де куәлардың тарапынан түсіп жатқан болатын. Ал Райымжан Марсеков пен Ике Әділевтің Балқаш ауданындағы көтерілісті ұйымдастырғаны жөніндегі Мәннан Тұрғанбаевтің айғағы екіұшты. Өйткені соңғы екі адамның алдыңғысы - сегіз жыл бұрын, кейінгісі бір жыл бұрын арғы бетке өтіп кеткен еді. Бұл көрсетіндінің, қалайда, құйынның бас көтеруіне түрткі болуы әбден мүмкін.

 

2.Жақып Ақбаев

 

Тергеу ісіндегі Жақып Ақбаевтың жауабы анкеталық мағлұматтың деңгейінде ғана жазылған. Бірнеше адамның тергеу тігіндісінің жапсарында «науқас», «лазаретте», «санитарлық бөлімде» деген қарындашпен жазылған көмескі ескертпе бар. Мұхтар Құлмұхамедтің «Алаш ардагері», З.Тайшыбай мен Н.Дулатбековтің «Жақып Ақбаев» атты зерттеулерінде қазақтың тұңғыш заң магистрінің алаш идесы жолындағы қайраткерлігі толық зерттеліп, баға берілген. Сондықтан да өз қолымен жазып, куәландырған, Аспазия Жақыпқызы зерттеуші М.Құлмұхамедке жариялауға ұсынған «Қысқаша өмірбаянын» тергеу ісіндегі анкеталық анықтама ретінде ұсынумен шектелеміз. Өйткені мұнда Жақып Ақбаевтың барлық қайраткерлік жолы қысқа да мазұнды қамтылған.

Ж.Ақбаев: «Мен - қазақпын, 1876 жылғы 7 қарашада, бұрынғы жыл санау бойынша 25 қазанда Төңіректас маңында, Қарқаралы округінің Берікқара ауданындағы 3-ші ауылға қарасты жерде туғанмын. 1883-84 жылдары мен жазда ата-анамның қозысын, қыста қойын бақтым. 1886 жылы мен Қарқаралы қаласындағы Қазақ интернатына, ал 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, 1898 жылы Томскігимназиясын бітірдім, нақ сол жылы Петербург Университетіне Заң факультеті бойынша оқуға түсіп, оны 1903 жылғы 9 маусымда (ескіше 27 мамырда) бітірдім.

1903 жылдың күзінде мен Омбы сот палатасына қызметке тұрып, 1904 жылдан бастап палата хатшысының көмекшісі болдым. 1905 жылғы тамыздан бастап Омбы қаласындағы 2-ші учаскенің бітістіруші судьясы міндетін атқардым. 1905 жылғы қазан-қараша айларында Омбы қаласында үкіметке қарсы митингілер мен демонстрацияларға қатысып, самодержавиені құлату қажеттігі туралы үкіметке қарсы саяси сөз сөйлеуіме байланысты мен сот мекемесінен кеттім. Бірақ сезім серпінімен, қызу шабыт пен сол кездегі коғамдық-саяси ағым туғызған ынта-жігер әсерімен мен жаршы-уағызшы қатарына шықтым.

1905 жылғы 7-8 қарашада (ескіше) Павлодар (Кереку) қаласында қаланың ортасындағы көп адам қатысқан митингіні ашып, мәдениет пен өркениет игіліктеріне қосылу тілегі жағдайында аса ұлы тұтқалардың - саяси бостандықтардың, оқу-ағарту мен мәдениеттің самодержавиемен сәйкессіздігін дәлелдеп, самодержавиені құлатуға үгіттедім. Сол күндері өкімет мекемелері жұмыс істеуден қалды. 1905 жылғы 11-12 қарашада Баянауыл казак станицасында түнде таныстарымның арасында самодержавиені құлату қажеттігі туралы шұғыл түрде жиын өткіздім.

1905 жылғы 13-14 қарашада-ақ мен Қарқаралы қаласында болдым, онда қазақ, сарт және ішінара татар халқының толық қолдауымен екі айдың ішінде самодержавие бүлігі іс жүзінде жойылды; самодержавиеге қарсы насихат пен үгіттің шебер жүргізілуіне байланысты қазақ халқының жалпыға бірдей ынта-жігерінің рухани өрлеуі керемет болды: жалпыға бірдей туысқандық, теңдік пен бостандықтың ұлы идеясы шын мәнінде жүзеге асырылды. Қарқаралы уезі ұзаққа созылмағанымен де, республикалық режим орнатылған бірден-бір жер болды».

Жақып Ақбаев 1905 жылы 15 қарашада Қарқаралыдағы халық манифесінің алдында:

«Мен сендердің мұң-мұқтаждарыңды жоқтау үшін әдейі қызметтен босап, басымды азат етіп келдім»,- деп мәлімдейді.

Содан бастап Жақып Ақбаев азаттық үшін, тәуелсіз мемлекет үшін арпалысты. Сол үшін тергеуге тартылды. Ондағы жауаптарынан-ақ өжет те алғыр күрескердің азатшыл рухы танылады. Ол туралы Семей әскери-губернаторының міндетін атқарушы А.Тройницкий Дала өлкесінің генрерал-губернаторына:

«1905 жылы 15 қарашада Қарқаралы халқы жиналған алаңда ояз бастығы Оссовский патша ағзамның 17 қазандағы манифесін жария етті. Осы жиында сөйлеген Ж.Ақбаев патшаның халыққа сыйлаған бостандықтарын басқаша түсіндірді. Негізінен қазақтар мен татарлар жиналған тобырға: енді крестьян бастықтары мен ояз бастығының бізге керегі жоқ, ауылдарыңа келсе оларға ат-көлік бермеңдер. Жаяу қуыңдар, ал қазақтан шабарман келсе - басына су құйып жіберіңдер, орыс шабарманы келсе - қуындар. Бұрын қазақты орыс билесе, енді орысты қазақ билейді»,- деген.

Манифест туралы сөйлеп тұрып ол патша ағзамға да тіл тигізген: «Бұдан былай ол - патша емес, біздің құлымыз. Патша бостандықты еркімен берген жоқ, біз одан тартып алдық»,- деген. Келесі күні намазға жиналған халыққа барып: «Патшаның ауы жыртылды, абыройы ашылды, оның соры қайнады»,- депті.

Міне, осы әрекеттері үшін ол сотқа тартылды. 1906 жылғы тамызда Омбы соты Ақбаевтің ісін қарағанда, куәлар түгел келемеді, келгендер дұрыс жауап бермеді. Омбы облыстық соты оны 1906 жылғы 4-тамызда еріксіз ақтап жіберді...

Ақаевтің айтқандары босқа кеткен жоқ, көшпенділердің санасына сіңіп, өз нәтижесін бере бастады. Кент болысына барған стражник Быков пен шабарман Бектасов ат ала алмаған, Дериглазов та бос қайтқан. Қазір Ақбаев сырт көзге сезіле қоймаса да, жасырын үгіт жүргізуде. Сөйтіп қыр елін бүлікке бастап жүр. Қоянды Жәрмеңкесіне жиі барады, онда өз жақтастары арқылы зиянды пікірлерін бүкіл елге таратып жүр. Бұл жөнінде оған оқудан демалысқа келіп жүрген қазақ жастары да көп көмек жасайды. ... Жергілікті халық әкімшілікке ашық қарсылық білдіруде, салық қарыздарын төлеуден бас тартады... Ақбаев түрлі жиындарда қазақ халқын орыс патшасының билігінен оқшаулау жөнінде мәселе көтерді... Қазақ арасында осындай зиянды әрекеттерімен көрініп жүрген Ақбаев елге зиянды әдебиеттер де таратқаны белгілі болып отыр.

... 1905 жылы Қарқаралы және Баянауыл почта кеңселері арқылы Омбыдағы Бөкейхановтың атына көп ақша жіберілген. (Бөкейханов Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін түрмеге отырып шыққан). Сол ақшаға қару-жарақ алуы мүмкін. Ақбаев профессор Петражицкийге жазған хатында, өзінің қазақ арасында көп жұмыс жүргізіп, халықты ұйымдастыра бастағанын, қажет болса қазақтар үкіметке қарсы қолына қару алып, өз бостандығы үшін күресуге дайын екендігін тегін жазбаған»»,- деп (З.Тайшыбай мен Н.Дулатбеков, Жақып Ақбаев, 31-33 беттер) мәлдімдепті.

Ұлттық идеяның мәйегі ұйыған осы тұңғыш қозғалысты ұйымдастырғандар - Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев үшеуі еді. Ахмет Байтұрсынов Хасен Ақаев, Дүйсеке Жаманбалин, Қаражан Үкібаев сияқты алаш рухты көпестерден 7500 сом қарыз алып, Жақып Ақбаевты кепілдікке босатып алды. Ал 1906 жылғы тамыздағы сотта ол өзін өзі толық ақтап шықты.

Ж.Ақбаев (жалғасы): Шет аймақтағы оқиға орталыққа байланысты. Орталықта (Петербург, Мәскеу) қара реакция басымдық алды: қамшы, шыбыртқы, жазалау отрядтары - ауыр да іріп-шіріген психикалық зардаптары тиген көңілсіз көріністер, міне, осындай. Біздің сыбағамыз - тұтқындалу, этап, жалғыз камераға қамалу, Қылмыстық Заңдар Жинағының атақты 103, 108, 109-баптары бойынша мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады деп айыпталу».

«Сыбағасын толық алуға» себепкер болған оқиғаның бірі мынадай, ол:

«1907 жылы маусым айында, Қоянды жәрмеңкесінде қоныс аударушылар мекемесінің бастығы отырған киіз үйге басып кіріп, бастыққа: «Мемлекеттік Думаның пәрменінсіз қазақтар бір сүйем де жер бермейді, қарсылық көрсетуге дайын. Күш жұмсайтын болсаңдар, мен осы жер үшін өлуге бармын»,- деп  мәлімдеген.

Сол үшін оған 50 сом айып салынған. Ұлттық тәуелсіздік пен қарулы көтеріліс сияқты саяси мәселені ашық қойған тұңғыш алаш азаматы осы Жақып Ақбаев болатын.

Ж.Ақбаев (жалғасы): «1908 жылы мен үкіметке қарсы насихат жүргізгенім үшін Қарқаралыдан қарулы айдауылмен одан әрі бес жылға Якутскі облысына айдауға жіберу үшін Омбы қаласына жөнелтілдім, бірақ орталық мені дала өлкесіне жер аударуға рұқсат берді де, мен полицияның қадағалауымен Жетісу облысындағы Қапал қаласынан бір-ақ шықтым; ол жерден мен үкіметке қарсы қылмыстық насихат жүргізгенім үшін 1910 жылы Тобыл губерниясына жер аударылдым».

Ол граф Паленге жазған атақты айыптау хатында:

«Ал 17-қазан манифесін бейбіт жолмен жүзеге асыруға, жалпыға ортақ әділетті заңдылық орнатуға талпынған іс-әрекеттерімізге ешкім дау айтуға тиіс емес, өйткені біздікі заңды іс, әркімге-ақ түсінікті. Егер манифист жүзеге асырылмаса, «адамның дене мүшелерінің асқазанмен» астыртып немесе жария күресі тоқталмай, ақыры адамның бой қуаты әлсіреп, бүкіл дене тіршілік қабілетінен айрылатыны сияқты күй кешуі мүмкін.

Мемлекет идеясын ту етіп көтерген және заңдарды күшпен орындату мүмкіндігіне ие болып отырған үкімет пулеметтердің, зеңбіректердің, фугастар мен шрампельдердің және басқа да соғыс қаруларының көмегімен өз адамдарын басып-жаншуға қабілеті бар екені рас. Бірақ мұндай үкімет қаратүнек пен парықсыздық жайлаған елге қаулап өсіп келе жатқан, жай көзге көрінбейтін жұқпалы әрі тез таралатын бактериялармен, бациллалармен күресуге дәрменсіз.

Осынау дәрменсіз бациллалардың (тырысқақ, сүзек, оба) қатері күшті екендігі сонша, олармен санаспауға болмайды. Мұндай қауіпті жауға ашық соғыс жариялауға бола ма? Әрине жоқ! Жан-жануарлардың аяушылық білдірмейтін мұндай жауларына қарсы кім күресе алады? Ол - езгіден азат елдің, қандай да саяси партиялардың ықпалына түспеген, кісен мен бұғаудан азат елдің білімі ғана. Міне, біз сондықтан да саяси бостандық пен заңдылық үшін күрестік және күресіп келеміз»,- деп (сонда, 42-бет) ашық та ашына жазды. Сондықтан да...

Ж.Ақбаев (жалғасы): «1915 жылдың күзінде жандармдар маған Қылмыстық Заңдар Жинағының атақты 103, 108, 129-баптары бойынша (ұлы мәртебеліге тіл тигізу, сатқындық және өмір сүріп отырған құрылысты құлату мақсатымен үгіт, насихат жүргізу) мемлекеттік қылмыс жасады деп айып тақты. Әдеттегісіндей, мен тұтқынға алынып, отбасыммен бірге қарулы айдауылмен Қарқаралы түрмесінен Павлодар (Кереку) қаласы арқылы Семей түрмесінің абақтысына жөнелтілдім, Павлодарда қараңғы, ылғал, сасық орында қос құлыппен құлыпталып жападан-жалғыз отырдым. Павлодарда мені пароходтағы иттің үйшігіне отырғызды, онда Семейге жеткенге дейін мен үнемі жатып баруға мәжбүр болдым, өйткені оның тарлығы сонша, отыру да, тұру да мүмкін емес еді. Бұл үйшікке мен еңбектеп кіруге мәжбүр болдым, бұл үйшік жалпы жұрт баратын әжетхананың қасына орналасқан болатын.

1917 жылғы қаңтар-ақпан айларында мені бес жылға Якутскі облысына жер аудару туралы іс қозғалды. Мен бұл сапарға шындап әзірлене бастадым, мені Якутия түрмелеріне этаппен ұзақ уақыт айдаудан ақпан революциясы құтқарды. Бірақ оның есесіне комиссар (уақытша үкіметтікі) Вейсер 1917 жылғы наурыздың аяғында мені қазақтар арасында бірінші болып саяси ұрандар: халық басқаруы, автономия, республика ұрандарын ұсынғаным үшін қамауға алып, орыс казактарының айдауымен Семейге жөнелтті, ал 1918 жылдың наурызында орыстың сословиелік казактары менің нақ сол мұрат-мақсат, армандарым үшін мені екінші рет қамауға алып, әскери-казак айдауылымен Семейге жөнелтті.

1919 жылғы қаңтарда Колчак пен Анненковтың барлау агенттері мені Қарқаралы қаласында тұтқынға алып, Қарқаралы түрмесіне қамады. Айыптаудың мәні - Колчактың әскери-казак диктатурасының және Атамандықтың жауы, Атамандар диктатурасын құлату және Кеңес өкіметін қалпына келтіру үшін халықты қарулы көтеріліске дайындауға ұмтылған. 1919 жылғы 7 шілдеде (ескі стиль бойынша 2 маусымда) Колчак пен Атамандардың Әскери-дала соты Қарқаралы қаласында мені атуға үкім шығарды. Мен кассациялық шағым беруден бас тартып, өлім жазасына өзім қол қойып бекітуге келісетінімді мәлімдедім және шынында да, үкімге 1919 жылғы 7 шілде күні, кешкі сағат бестің шамасында өзім қол қойып бекіттім».

Ә.Ермеков (15 қарашадағы жауаптың жалғасы): «1917-1919. Бұл әскерилердің - колчаковшылар мен атамановшылардың билеп тұрған кезі болатын. Жазалау отрядтары, зорлық-зомбылық, дала-әскери соты жаппай орын алған еді. Жұмысшылармен, шаруалармен бірге сорлы қазақ елі де майдан даласына тән террорды, езгіні, басынуды бастарынан кешті. Губерниялық, уездік жер басқармаларының мүшелерін, «Алаштың» орталық кеңесін тұтқындау күн өткен сайын жиілей берді. Олардың кейбіреулері әскери-дала сотына беріліп, дарға асылуға дейінгі жаза қолданылды. «Алашорданың» мүшесі Ақбаев (Ж.Ақбаев - Т.Ж.) «большевиктердің төңкерісіне көмектесу мақсатында қару жасырғаны үшін» ату жазасына кесілді».

Ж.Ақбаев (жалғасы): «Осы кезде Қызыл Армия колчакшыларды (Колчак әскерін) Ресейден Азияға қуып шықты, Колчак атамандары қазақ зиялыларынан көмек күтіп, оған жағынып бақты. Сондықтан Сібір үкіметінің төрағасы Вологодскийдің ұсынысы бойынша корпус командирі Березовский өлім жазасының күшін жойды».

Бұған себепкер болған Қазақ комитетінің төрағасы, жалпыалаш сотының бас соты Р.Марсековтің:

«Егерде үкімет мекемелері «Алашорданы» мойындамаған жағдайда онда қазақ халқы Сібір үкіметінің ешқандай талабын да, өкімдерін де орындамайды. Сібір үкіметінің бірде бір өкімі жергілікті жерде таратылмайды»,- деген үзілді-кесілді жасаған мәлімдемесі болатын.

Ж.Ақбаев (жалғасы): «1903 жылдың тамызынан 1905 жылғы 3 қарашаға дейін мен сот ведомствосында қызмет еттім, 1907 жылғы 7 сәуірден 1918 жылға дейін Семей округтік соты жанындағы Сенім білдірілген адвокаттың көмекшісі болдым. 1918 жылдың аяғынан бастап мен Семей губревкомының заң бөлімі жанындағы сот-тергеу учаскелерін басқару жөніндегі комиссияның мүшесі болдым. 1920 жылдың қаңтарынан Семей губревкомы басқару бөлімі заң бөлімшесінің меңгерушісі болып істедім. Менің етене араласуыммен губерния бойынша сот-тергеу учаскелері енгізілді (құрылды). 1920 жылдың сәуірінен бастап мен Семей кеңестік халық сотының мүшесі болдым. 1921 жылдың қарашасынан бастап 1922 жылдың ақпанына дейін мен Қарқаралы уездік халыққа білім беру бөлімі жанында жұмыс істедім. Айтпақшы, Қазақ фольклорын жинау жөніндегі комиссияның төрағасы болдым.

1922 жылдың наурызында өкпе қабынуымен ауырып, науқастығым себепті үйге қайттым.

1925 жылдың наурызында Губком мен Губатком Губерниялық соттың конструкторлық-тексеру бөлімінің меңгерушісі болу және запастағы судья міндетін атқару үшін Губерниялық ішкі істер органына жіберді. 1926 жылдың шілдесінен 1927 жылғы 13 желтоқсанға дейін Семей губерниялық соты жанындағы қорғаушылар алқасының мүшесі болдым; сол жерден мен 1927 жылғы қазан айында қазақ халқының тарихын зерттеу және ауа райы жұмсақ оңтүстікте тұру үшін Қызылорда қаласына кеттім. 1928 жылғы 4 қазаннан бастап Сырдария округтік қорғаушылар алқасының мүшесімін. Сырдария округі Мойынқұм ауданының Ново-Троицкі селосында тұрамын.

1907 жылдан осы уақытқа дейін Семей географиялық қоғамының мүшесімін, оған мен қазақ халқының шығу тегі туралы тақырыпта баяндама табыс еттім.

Айтылғандардың дұрыстығы үшін моральдық жағынан жауап беремін. Сырдария қорғаушылар алқасының мүшесі Жақып Ақбаев.

Қорғаушылар алқасынын мүшесі Жақып Ақбаевтың қоятын қолын өзі қойғанын куәландырамын» (М.Құлмұхамед. Алаш ардагері. А. Атамұра. 1996. 144-147 беттер).

Тергеу орындарына қарата жазылған бұл анықтамаға қосарымыз, сол жазда  науқастығына қарамастан 1930 жылы 8 тамыз күні Жақып Ақбаев тұтқынға алынды.

Әдетте, барлық сотталушылардың қылмысы көрсетілген, оның айғақтары мен куәгерлерінің көрсетіндісінен үзінді берілетін «Айыптау қорытындысында» Жақып Ақбаев туралы мағлұмат қарастырылмаған. «Алаш ісіне» байланысты айыптардың бірде-біреуінің оған қатысы жоқ екеніне олардың да көзі анық жеткен. Сонда екі жыл тергеуде ұстаудың, не ақтап жібермеудің мәнісі неде?

Зады, тергеушілер тура осы уақытта Қазақстан бойынша жаппай көтеріліске шығып жатқан жергілікті жердегі, соның ішінде Балқаш төңірегіндегі көтеріліске қатысқан және қолға түскен адамдардың «айғақтарын» күткен сияқты. Өйткені, Марат Әбсаметтің «Сәкен Сейфуллин» атты құжаттар жинағындағы тергеу хаттамаларына жүгінсек, Жақып Ақбаев түрмеде жатқан тура осы кезде тергеу орындары оның сыртынан қосымша айғақ пен дерек жинап жатқан. Бұл іске Сәкен Сейфуллин мен оның әкесі Сейфолланы да тартып, Жақып Ақбаевты «көтерілістің батагөйі» етіп көрсетпек болған. Оған жоғарыдағы жинақта көрсетілген Қарағанды облыстық архивіндегі «Аманбаев Ахметті тәркілеу және оны Қарқаралы округінің Шет ауданынан жер аудару туралы №154 істегі» мына тергеу құжаттары дәлел. Соның алғашқысында:

«Ахмет Аманбаев қазақ даласына аты әйгілі Ағыбай батырдың (Кенесарының қолбасшысы) тұқымы, Балқаш өңірінде аса үлкен ықпалға ие. Аманбаевтың ауылы азамат соғысы жылдары үнемі қырда көшіп жүрді, сөйтіп қашып жүрген «Алашорданың» көсемдерін паналатты, мысалы Міржақып Дулатов кешірім жасау туралы өкім шыққанша осында болды. Сондай-ақ «Алашорданың» белгілі қайраткері, ақгвардияшы эмигрант Райымжан Марсеков 1922 жылы Аманбаевтің ауылын паналады. Ақбаев Жақып та осы ауылда жасырынып, кейін Түркістанға кетіп қалуды ойластырды. Ақмола ЧОН-ының жасағы Аманбаевтардың ауылынан қайдан келгені белгісіз қару-жарақ, оқ-дәрі қоймасын тауып алды»,- деген (М.Абсамет. Сакен Сейфуллин. Астана. 2006, стр.196) мағлұмат берілген.

Ал бұдан кейінгі Қайырлы Оспановтың:

«1930 жылы көкек айында Ақбаевтың Ново-Троицкідегі үйінде бұл мәселеге қатысты - көтеріліс пен Қытайға қоныс аударуға дайындық туралы кеңеске өте көп адам жиналды (40-тан астам кісі келді)»,- дегеніне сенсек (сонда, 202-бет); немесе ОГПУ-дің белсендісі, бұрынғы жылқышы Жылқыбай Түменбаевтің:

«1928 жылы тамыз айында Қарақаралы округінің Берікқара ауданынан Мойынқұм ауданына кетіп бара жатып жолай №16 ауылдың байы Қасенбек Дүйсеновтің үйіне үш күн қона жатып, Еркебек Дүйсеновті, Жуаспай Тасбаевты, Баймағамбет Алдабаевті, Мақтабек Түсіповты, Тәти Бейсеновті шақыртып алып, құпия кеңес өткізді. Жиналғандар Ақбаевтан: «Қазір кеңес өкіметі мен Қытайдың ара қатынасы қалай, кеңес өкіметінің құрығынан қашан құтыламыз?»,- деп сұрады. Оған Жақып Ақбаев: «Байғұстар, шыдаңдар, таяуда қытайлар жеңіске жетеді, қытай үкіметі қазір олардың темір жолын басып алды, бір айдан кейін олар тұс-тұсына қашатын болады. Сендерге не істеу керек екенін айтамын, киіз үйдің сыртында біреу тыңдап тұрмасын, байқаңдар. Сендер енді бұдан былай өзен мен күре жолдың маңына жоламаңдар, Бетпақдалаға шығып кетіңдер. Әйтпесе, қызылдар сендерді қырғынға ұшыратады. Қызылдар келе салып аттарың мен атандарыңды тартып алады»,- деді. Кеңеске қатысқандар бұған қауқылдасып, қуаныштан көздеріне жас алып: «Жақаң біздің көсеміміз. Арыстаным-ай! Оқымыстым-ай! Сенсіз не істер едік? Еркіндіктің өзін қолымызға ұстатқандай болды!»,- десті. Ахмет Бектеміров Жақып Ақбаевқа қарагер атын мінгізді»,- дегеніне илансақ;

Жақып Ақбаев айтты деген:

«Таяу арада, 1930-1931 жылдары кеңес өкіметі қазақтың байларына қарсы көзқарасын өзгертеді, оларды тап ретінде жояды. Қазақ елі осы саясаттың құрбаны болады. Өйткені біздің халқымыз малмен күн көріп келеді. Соған әбден бейімделген. Егерде олардың тұрмысына бейімделсе, онда сөзсіз құриды. Жыл сайын мал тәргіленіп, саны азая береді, сөйтіп малсыз қалған қазақ аштан қырылады. Қазақ шаруашылығына алғашқы соққы 1930-1931 жылдары жасалады. Кеш қалмай тұрғанда мал мен басты аман сақтаудың қамына кірісу қажет. Қазіргі сәтті пайдаланып дайындыққа кіріскен жөн. Қазақтың мал мен басын сақтаудың жалғыз-ақ жолы бар, ол - Қытайға қоныс аудару. Әрине, Қытайда да қазақтарға еркіндік тимейді, Қытай өкіметі өзінің жерінде шет мемлекеттен келген адамдарды тегін асырамайды. Дегенмен де, қазақтың мал мен басын жоюға бағытталған саясатты ұстап отырған Қазақстаннан гөрі Қытайда өмір сүруге мүмкіндік беріледі. Осы ой кеше де, бүгін де мазамды алды. Менің ұсынысым - тұрғындарды Қытайға, Шәуешек қаласына қарай қоныс аударту»,- деген;

немесе тағы да Жақып Ақбаев айтты деген:

«Мен таяуда ғана Берікқара болысынан келдім, тұрғындардың арасынан: қоныс аудару мен көтеріліс ұйымдастыра алатын адам іздедім. Ондай адам өз ауылымнан табылмады. Тағы да соған қам-қаракет жасау үшін келдім. Бұл жолы ондай адамды таптым, ол - Еркебек Дүйсенов, батыл да шешімді адам. Мен оған Шет ауданының және басқа да жерлердің қазақтарымен байланыс жасауға тапсырма бердім»,- деген көрсетінділердің мазмұнына ден қойсақ, онда Ж.Ақбаев көтерілістің  тікелей батагөйі болып шығады.

Әрине, бұл тәркілеу науқанында Шет ауданы бойынша 18 адамды тергеусіз, сотсыз атып тастаған қарағандылық төтенше бөлім қызметкерлерінің қылмысын әшкерелеген Жақып Ақбаевқа қарсы жасаған бопсасы. Әйтпесе, «Алашорданың» ісімен айыпталып отырған Жақып Ақбаевқа мұндай айып тағу қисынға келмейтін. Дегенмен де қаперлерінде ұстағаны анық. М.Әбсаметтің жарияланымындағы қарағандылық ерекше бөлімнің тергеушілері бұл қылмысқа Әлімхан Ермековті, Сәкен Сейфуллинді, Сәкеннің әкесі Сейфолланы - Жақып Ақбаевтың дем берушілері ретінде тартпақ болған. Бұған сол тәркілеу науқаны қарсаңында Жақып Ақбаевтың Шуда тұруы, Әлімхан Ермековтің ауылына келіп кетуі себепкерлік еткен сияқты.

Науқасы меңдеу тартқан Жақып Ақбаевты тергеуге алудың өзі де оңайға түспесе керек. Дегенмен де:

«Қазақстандағы бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың төтенше өкiлеттiгiнiң жанындағы үштiктiң мәжiлiсiнiң № III/к мәжiлiс - хатының 1932 жылғы 20-көкек күнгі хаттамасы бойынша:

«Тыңдалды: № 2370 - iс бойынша: Тынышбаев Мұхамеджанды, Досмұхамедов Халелдi, Досмұхамедов Жаhаншаны қылмыс кодексiнiң 58/10, 57/7, 58/11 және 58/3 - статьялары бойынша; ... Ақбаев Жақыпты ҚК 58/10, 59/3 - статьялары бойынша; ... жауапқа тартты.

Шешiм: 1.Тынышбаев Мұхамеджанды. ... 12. Ақбаев Жақыпты ... - бес жыл мерзiмге концлагерьге жiберуге, оны сонша мерзiмге жер аударумен ауыстыруға... шешiм қабылдады», - деген үкім шығарылды.

Ол өзге де алашордашылармен бірге Воронеж қаласына жер аударылды. 1934 жылы 4-шілде күні сонда дүниеден қайтты. Соңында Кәмілмұрат, Кәмілшат, Арғұния, Наймания, Аспазия, Андромеда атты ұл-қыздары қалып, үрімді-бұтақты із қалдырды.

(Жалғасы бар)

«Abai.kz»

0 пікір