Сейсенбі, 30 Қараша 2021
Жаңалықтар 3304 0 пікір 25 Қыркүйек, 2012 сағат 08:58

Серік Ерғали: «Жазымы оңай, айтымы жеңіл тіл ғана аман қалмақ!»

(Лингвистикалық сұқбат)

Қазақ лингвистикасы дамыту саласында өзінің ерекше  идеяларымен көзге түсіп жүрген, қазақ тілін білу деңгейін бағалау стандартын әзірлеуге қатысқан қоғам қайраткері Серік Ерғалимен сұқбаттасу арқылы тілімізге қатысты кейбір мәселелерді тағы бір айқындауға талпындық.

Жаңа әліпбидің маңызы - қаріп ауыстыруда емес

 

- Кәзіргі кезде тіл тақырыбының өзекті де, маңызды мәселесінің бірі - қазақ әліпбиі. Бұл мәселенің шешімі әбден кешігіп, жұртты жалықтыра бастады. Бұқара негізінен биліктің шешімін күтіп отыр. Алайда, өзіңіз секілді азаматтар бастамамен ауық-ауық шығып қоғамға әліпбидің өзектілігін жария етумен келеді. Жаңа әліпби тұжырымдамасын да жарияладыңыз.Сонда қазақ әліпбиін жаңғырту қаншалықты маңызды әрі өзекті мәселе?

(Лингвистикалық сұқбат)

Қазақ лингвистикасы дамыту саласында өзінің ерекше  идеяларымен көзге түсіп жүрген, қазақ тілін білу деңгейін бағалау стандартын әзірлеуге қатысқан қоғам қайраткері Серік Ерғалимен сұқбаттасу арқылы тілімізге қатысты кейбір мәселелерді тағы бір айқындауға талпындық.

Жаңа әліпбидің маңызы - қаріп ауыстыруда емес

 

- Кәзіргі кезде тіл тақырыбының өзекті де, маңызды мәселесінің бірі - қазақ әліпбиі. Бұл мәселенің шешімі әбден кешігіп, жұртты жалықтыра бастады. Бұқара негізінен биліктің шешімін күтіп отыр. Алайда, өзіңіз секілді азаматтар бастамамен ауық-ауық шығып қоғамға әліпбидің өзектілігін жария етумен келеді. Жаңа әліпби тұжырымдамасын да жарияладыңыз.Сонда қазақ әліпбиін жаңғырту қаншалықты маңызды әрі өзекті мәселе?

- Бұл сауалға қысқаша ғана қазақ тілінің әлі күнге төл әліпбиі жоқ деген уәжбен жауап беруге болады. Бұған дейін қазақ әліпбиін латындандыру мәселесін қойып жүрген бірқатар азаматтар, бұл мәселенің түпкі байыбына бойламай келді. Бұл мәселені 2005 жылдан бері басқаша қойумен келетіндердің қатарындамын: қазақ әліпбиінің қарыпын латындандырудан бұрын, күн тәртібіне қазақ әліпбиін жасақтап, емлені реформалауды мақсат ету керек. Дәл осы ұстанымды белгілі қазақ фонологы, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек те ұстануда.

Егер біз кәзіргі орфография мен орфоэпияның орыс тілінен қаншалықты айырмасы жоқ екенін және бұл мәселенің тілімізге қаншалықты залалы барын ұқсақ, онда көзіміз - қазаққа теліп жүрген кәзіргі әліпбидің тілімізге қатысы аздығына анық жетеді. Сонда әңгімені қарыпқа емес, маңызды нәрсе болып табылатын әліпбидің мазмұнына назар аударар едік. Қысқасы, қазақстандық қазақтар қолданып отырған кәзіргі әліпби  қазақ тіліне арналған емес, ең әуелі орыс тілін аман-есен жазуға ыңғайланған әліпби екендігіне көз жетіп отыр. Осы әліпбимен біз 70 жыл бойы иттесіп келеміз. Өз тілімізді өгей тілдің жазу үлгісіне салып, өзге тілдің әлеуетін меңгерумен әуреміз. Бұл ақуалды неғұрлым созған сайын, тілдің қауқарын әлсірете түсетінімізді сезбеудеміз.

Шын мәнінде, қазақ тілінде сауатты жазып, барынша өз тілімізге жуық әліпбиді қолданып отырған шығыстүркістандық қазақтар екеніне көз жіберетін уақыт болды. Олар Ақмет Байтұрсынұлы дәйектеген төте жазумен өмір сүруде! Сондықтан да олардың тілі қытайшаға тәуелді емес, ал біздің тіл орысшаға бейім әрі соған барынша тәуелді. Тәуелді болғанда жазбаша да, ауызша да. Ақаңша айтқанда, біз «ит» деп жазып, «доңызды» оқып жүрміз! 28 дыбысқа 42 таңбаны арнап, басымызды шыр айналдырып, тілімізді барынша күрделендіріп, емленің «есін тандырып», өзіміз де, өзге де шошитын ақуалға жеттік. Мәселен, орыс тілі арқылы енген шетелдік сөздердің барлығы орыс тілінің орфографиясымен жазылып, сол тілдің орфоэпиясымен дыбысталып жүргеніне көніп отырмыз. Бірақ қазақ тілінде орыс тілінің заңдылығымен шетелдік сөздерді тұтыну турасында бір де бір ереже жоқ. Сонда бұл тіліміздің грамматикасының осал тұсы емес пе? Сонда өгей тілдің ережесімен қазақ тілі неге жүріп тұрады? Бұдан артық әліпбиге негізделген тіл мәселесі өзекті бола ма?! Қысқасы, кәзіргі әліпби қазақ тілінің емес, орыс-қазақ тілдерінің ортақ әліпбиі. Дүние жүзінде екі тілге ортақ әліпби бар дегенді естідіңіз бе? Ендеше бір мемлекеттің тілі болып отырған қазақ тілінің төл әліпбиі қашан және қандай болуы керек деген мәселені төтесінен қойып, оған ғылыми әлеуетті жұмылдыратын уақыт болды ғой. Себебі, жыл сайын 1-сыныпқа барған мыңдаған қазақ бүлдіршіндер өз тілін өгей әліпбимен оқуды қолға ала берсе, не болады? Оның нәтижесі кәзір де біліне бастады: сабақтан тыс кездегі қалалық қазақ мектептеріндегі қарым-қатынас орыс тіліне көшуде. Ал, мұғалымдардың тілінің шұбарлығына қарап, «шалаказахский языктың» ожақ-бұжағына жеткенімізге көз жетіп, көңіл тұнжырайды.

- Ақмет Байтұрсынұлы емлесіне қалай қарайсыз, неге сол емлені жалпыластырмасқа?

- Ол кісінің арапқарыпты төте жазу әліпбиін түзгеніне быйыл - 100 жыл толды. Бұл қазақ халқы тарихындағы айтулы оқиға. Бірақ оны атап өтерлік қыймыл байқалмай отыр. Ең болмаса сол оқиғаның құрметіне әліпбиімізді түзеп аларлық шешім қабылдаған жөн еді.Әсіресе, 12 жылдық орта білімді жаңа әліпбимен бастағанымыз да абзал еді...

Кәзіргі 42 әріптік әліпбиден орыстың артық әріптерін алып тастасақ, 100 жыл бұрынғы Ахмет атамыздың емлесіне қайтып ораламыз. Алайда, оған біздің кәзіргі тілдік орта сәйкес емес, бір ғасыр бұрынғы қазақтілді ортадан бүгін әлдеқайда  басқа лингво-орта қалыптасты. Кәзір «вагонды»  - таза қазақша бәгөн, «Васяны» - Уәсиә деп жазып көрші, қазақстандық қазақтар түтіп жеуге әзір. Жуырда бір ұлтшыл жігітпен осы тақырыпқа сөйлескенімде, әлгі азамат өз есіміндегі араптық Х әрпін қазақтың Қ-сына ауыстыруға қыйналатынын сездірді.

Оның үстіне кәзіргі қазақ тілі әлемдік терминологиямен кірікті, тіл өгей дыбыстарды қабылдап, оған жазуды икемдеп жіберді, емле жағдайы күрделенді. Мұның бәрін ескермей, тілді әсіреұлтшылдау бір ғасырға кейін шегінумен бірдей - тілді тұтынушылар оны қабылдамайды. Бір жағынан тіл - үнемі өзгерісте болатын жанды ағза, соны ескеруіміз керек. 100 жыл бұрынғы емлеге  біз орала алмаймыз.Ол қытайдағы бауырларымыз арасында  мүмкін де, орыстық емлені сіңіріп, лингвистикалық деформацияға ұшыраған қазақстандық қазақтар үшін мүмкін емес.

Алайда, Байтұрсынұлы емлесі бүгінгі қазақ тілінің жазуына іргетас болғаны рас, енді соның қабырғасын қырнап, түзеп, қайта қалайтындай жағдайдамыз. Соңғы 25-30 жыл бойғы қазақ емлесі сөздің қандай нұсқасы бұқараның жазуында қалыптасса, соны заңдастыруға негізделген. Яғни орфографиялық сауаттың жүгені түрулі кетіп отыр. Емленің теориясы жазу машығына тәуелдене түскен. Міне, осы ақуалды қолға алу керек. Сол үшін де Байтұрсынұлы емлесінің тұрғысын (принципін) қайта қолға алғанымыз жөн болар.

Орыс тілінен кек алып керек емес

- Сонда емле реформасын жасау жолдары қандай болмақ?

- Біріншіден, қазақ тіліне тән дыбыстарды таңбалайтын әліпби қажет. Екінші сатыда шетелдік кірме сөздерді жазу емлесін ойластыруымыз керек. Кез келген кірме сөз қазақ тілінде тұтынысқа түсетіндіктен, ол қазақ тілінің лексикалық қорын байытатын тілдік бірлік қана емес, одан бас тарту да, құтылу да мүмкін емес. Тек қана оның тілге икем қолданысын қарастырып, ауызша әрі жазбаша тұтыныстың форматын нақты белгілеп, ережелеп, грамматиканың бір бөлігіне айналдыруға мәжбүрміз. Бұл барлық тілдер бастан кешіп отырған жайт. Мәселен, ағылшын тіліндегі бір дыбыстың бірнеше таңбалық сыйағының (аналог) болуы, ежелгі латын, грек тілдерінен енген сөзді ағылшынша әріптермен жазудың мүмкін болмауынан туындаған. Біз де бұл жағына мән бермесек, тілді мансұқ ететін жағдайды қордаландырып алуымыз ғажап емес.

Алайда, бұған дейін қалыптасқан әлемдік сөздерді тек қана орыс тілі арқылы енгізу салдарын жойуды қолға алу керек. Бұл - орыс тілінен кек алудың реті емес, ағылшын тілінің қазақ тіліне барынша жақындығынан. Орыс тілінен кек алып керек емес, оның қазаққа белгілі бір деңгейде қылған қызметін жоққа  шығару қыйын. Алайда, орыстанған инвестиция, эволюция сөздері ағылшын тілінен енгенде, қазақша: инвестмент, еволушн түрінде жеңіл жазылып, оңай (инбесмент, еболушн) айтылар еді.

Әлімхан ағамыз ұсынып жүрген Байтұрсынұлы түгендеген қазақ дыбыстарын таңбалайтын әріптермен бірге әлемдік сөздерді бұрмаламай әрі тілге икемді жазатындай В,Ф секілді әріптерді таңба ретінде қабылдағанымыз жөн. Әріп ретінде емес,таңба ретінде! Яғни, бұл таңбалар белгілі бір дыбысты білдіретін әріп емес, таңбаның орнына ғана жүруі керек. Таңба ретінде  енгізсек, сонда олармен бірге тілге бұралқы дыбысты енгізбейміз, транскрипция үшін таңбасын пайдаланып, ал айтым үшін соған сәйкестенген өз дыбысымызды қолданып,өгей дыбысқа жол бермейтін боламыз. Бұл тілдің орфоэпиясына қойылған шекара деген сөз. Олай болмаса, кәзіргідей дүбәрә, ортақ әліпбиді тағы да туындатамыз. Мысалы, «орфография» деген сөз қазақ әліпбиімен «орфографиа» түрінде жазылып, [орпограпиа] түрінде айтылар еді. Кәзір мұны орысша солай жазып, орыс айтымымен [арфаграфия] деп жүрміз. «Вагон» деп жазғанмен, [багон] деп оқуды қолға алсақ, тілдің әлеуетін әлсіретпей, басқа тілге бағындырмай, дамытуға мүмкіндік туады.

- Онда орыстың тағы да біршама әріптері қойдай тоғытылып, кіріп кетеді ғой!

- Жоқ! Жоғарыдағы мақсат үшін 2-3 таңба ғана жеткілікті, мысалы: Ц - с/тс; Ч - ш/тш; Щ - шш; Я - йа,йә; Ю - ыйу,ійу; Ё- йө,йо; Э - е; Х - қ түрінде жазу мүмкіндігі бар, қалғанын шұбыртып қажет емес.

Қысқасы, қазақ әліпбиінің жеңіл әрі сауатты жазылуы мен дыбысталуын барынша қарапайым, оңай әрі тілге тән қағыйдаларды рәсімдейтін толыққанды тұжырымдамасын қолға алу керек. Бұл тұжырымдама қазақ тіліне тән жазым мен айтым үдерістерін бір біріне мейлінше бауырластырған әліпбилік жүйені қамтығаны жөн. Осындай    әліпби жасақтау арқылы біз бүгінгі заман талабы болып отырған барынша оңай жазу мен жеңіл оқылатын, дыбысталатын тілдің мүмкіндігін ашатын реформаны қолға алуға мәжбүрміз. Бұл реформа - науқандық емес, пайдалы үдерістік сыйпатта жүрсе, ешбір қыйындыққа душар етпейді. Содан кейінгі кезекте қарып таңдау өзінен өзі шешіледі. Ең бастысы, тілдің лингвистикалық жағынан басқа тілдерге тәуелсіздігін қамтуымыз керек, әйтпесе, қазақ тілінің құны мен қадыры кетіп, оны тұтынушылар өзге тілдің аумағына оп-оңай көшеді. Сол үдеріс астыртын түрде болып жатқанын біз сараптамай отырмыз.

 

Қазақ тілінің бітеу жарасы - емледе!

- Сонда кәзіргі латындандыру мәселесі басты емес, кейінгі пландағы мақсат болғаны ма?

- Шын мәнінде біз кәзір, қарыпты ауыстыруға басым назар аудару арқылы, тілдің аса терең де күрделі ақуалын шешуді жайына қалдыратын түріміз бар. Шындығына келгенде, қарыпты ауыстырумен шектелу тілдің қордаланған мәселесін толық шеше алмайды да, шешілмеген лингвистикалық мәселелерді ушықтырып жібермек. Сондықтан қарып ауыстыру - қазақ тілі үшін екінші пландағы нәрсе. Кәзіргі ақуалға байыппен қарасақ, қазақ тілінің бітеу жарасы - емледе!

Біз жазу реформасын қарыпты латындандыру үшін емес, керісінше латындандыру науқанын біз тіліміздің жазу мәдениетін реформалау үдерісіне көндіруіміз керек. Сонда бұл істің үстірт сыйпаты болмайды, нәтиже барынша пайдалы, тиімді болмақ. Және де лингвистикалық бұл әрекет саяси науқан мен құрғақ насихаттан ада болып, діттеген мұратқа дөп жететін боламыз. Әйтпесе, кәзір 40-тан астам латын әліпбиін әзірлеп отырған авторлардың көпшілігі қазақ тілінің мәселесін қарыпты латындаумен ғана шеше қоямыз деген пайыммен жүр. 42 әріптің бесеуін-ақ қысқартып, орфографияны қайта елестетіңізші, соның өзі қанша нәрсенің бұрынғыдан басқаша өзгертуге мәжбүр ететініне көз жетеді. Қазақ тілінің мәселесі - қарыпқа ғана тіреліп тұрған жоқ, орфографиялық тұйыққа тірелу, орфоэпиялық былыққа кенелу арқылы мәселе қордаланған. Сондықтан, қарып ауыстыру саяси науқан емес, тіліміз үшін ең алдымен сәті түскен реформаның сылтауы деген дұрыс.

 

Қатерлі көпірден өту тәсілі

- Алайда, бұл мақсат қарыпты латындаудан аса күрделі секілді...

- Дұрыс байқадыңыз,мәселе шынында да күрделі. Алайда, қалауын тапсаң - қар да жанады. Бұл реформаны, меніңше екі сатыда жүргізген тиімді. Бірінші сатыда, кәзіргі кирилше орыс-қазақ әліпбиден таза қазақша-кирилше аралық әліпби әзірлеп, соған көшу арқылы реформаны баянды ету.

Бұл  қоғамды толық есеңгіретпейді, қайшылық пен қарсылық туғыза қоймайды. Бірақ көзтаныс кирилше қарыппен төл әліпби мазмұнын жасақтап аламыз; емлесін тазартып, тілге сіңіреміз; орфоэпиясын қазақылаймыз да, реформаның ең күрделі бөлігін оңай атқарамыз. Бұл шамамен 42 әріпті 10-12-ге қысқартуға итермелейді, орысша-қазақша дүбәрә жазым таза қазақша сыйпатқа түседі. Бұнымен бірге, қазақша таза жазуға,таза дыбыстауға қарсы қалыптасқан орысшыл әлеуметтік психологияны қазақ тілінің пайдасына жығып береді. Сөйтіп, кирилшенің зиянын пайдаға айналдырамыз. Келесі, екінші сатыда қарыпты айырбастап, түпкілікті әліпби реформасын аяқтауға болады. Сөйтіп, бірінші саты арқылы басты реформаны кәзіргі кирилше (оны мамандар латын-грек әліпбиі атап жүр) негізде жасақталған әліпбимен жүріп өтеміз.

Ал, егер орфографиялық әрі орфоэпиялық реформа мен қарып реформасын қабаттастырсақ, тіл тұтынушы психологиялық, әлеуметтік, саяси жағынан есеңгіреп, саботаж бен қарсылыққа душар боламыз. Бірден латын әліпбиімен қабат жазу реформасын қолға алсақ, тұтынушы санасын тұйыққа тіреуіміз мүмкін. Ал, қазақ тіліне керек емес, Ь,Ъ,Я,Ю,Ё,Э,Ц,Ч,Щ,И,Һ,Х секілді артық әріптерді қысқарту арқылы ескі қарыппен емлемізді жаңғыртып алу барынша жеңіл жүрмек. Қысқасы, реформасыз қарыпты ғана айырбастау мүмкін емес! Қалай болғанда да біршама қағида мен ереже  өзгеріске түседі, тілді тұтыну форматы өзгереді, бұл дегеніміз - бәрібір реформа. Біз кәзір - қазақ тілін орыс тілінің ықпалымен ғана қолданып жүрсек, бұдан әрі тәуелсіз лингвистикалық жүйеге көшкен қазақ тілін тұтынатын боламыз.

- Емле реформасының нәтижесінде қандай жазуға ие боламыз?

- Сауатты жазуға оңай, ережелері қарапайым әрі орындауға жеңіл, қайшылығы жоқ, бұралқы ережеге бағынбаған емлеге ие болуды мақсат ету керек. Сосын айтым мен жазымның арасы барынша жақын болғаны абзал: «итті» жазып, «доңызды» емес, «итті» оқуымыз керек. Кәзіргі заманда жазымы оңай, айтымы жеңіл тіл ғана аман қалмақ! Біздің тап кәзіргі арманымыз - қазақ тілінің ортасы мен ауқымы тез арада кеңитіндей жағдай ғой. Жазу реформасы соған қол жеткізетіндей болуы керек.

 

Реформа қысқа мерзімде атқарылғаны жөн

- Сонда аралық әліпби мен түпкілікті әліпбидің арасын қанша уақыт қамтуы мүмкін?

- Аралық әліпбиді қалыптастырып сіңіруге бас-аяғы 2-3 жыл жеткілікті. Ал, түпкілікті латын қарыпты әліпбиді сіңіру 5-7 жылдан артық мерзімге созылмайды. Кәзіргі математикалық қамтымаларды қолдану арқылы түрлі программалармен тұтынушыны қолдайтын мүмкіндік жасауға болады. Тіпті, ақылды саймандардың бәріне жаңа емлеге негізделген орфографиялық сөздік салып қойу қыйын емес. Мәселен, қолданушы компиутердегі Ворд құжатында мәтін тере бастағанда, оның дұрыстығын тексеретін Дұрыс жазу тексермесін (ДЖТ) кеңінен қолданысқа енгізуге болады. Үкіметтің қаулысымен елде сатылатын барлық компиутр атаулыға қазақ тілін қолдайтын қамтымалардың қоса жүруін міндеттеген жөн. Бұл да әлемдік саяси тәжірибе.

Ал, бір өкініштісі сол, біз кәзір жаңа әліпбиге дайындаған нәрсеміз бар болғаны 30 шақты латын қарпы ғана. Бұл - жаңа әліпбиге көшуге жеткілікті ресурс емес! Кәзіргі 42 әріппен көшпейтініміз белгілі, демек, емле өзгереді деген сөз.Ендеше соған сәйкес емле ережелері,тіпті, жаңа әліпбиге негізделген электрондық орфографиялық сөздік қоры да дайын болуы керек. Осының бәрі болмағаннан кейін, билік біржақты шешім қабылдауға жүрексінуде. Ғылыми лингвистикалық ресурс барынша осал әрі солғын тартып отыр. Бұған қоса, әзірліктің осалдығын бұқара да сезіп, түрлі алып-қашпа сөздің көбейуі де содан. Бұл мәселе неғұрлым кешуілдеген сайын, біздің тіл мәселесі қордаланып, шешуге қажетті мерзім барынша азайа түспек, сөйтіп уақыт тарапынан ұтыламыз.

- Жаңа әліпбиді енгізу барысында нені ескерген жөн?

- Әуелі барлық мәселені тыңғылықты түрде ғылыми ортада шешіп алу керек. Барлық тұжырым мен пайым тек қана тілдің табиғаты мен қажетіне сәйкес критеримен қабылдануы тиіс. Сосын жаңа әліпбиді енгізуге керек барлық ресурс пен әлеуетті әзірлеп алып, сенімді түрде батыл қыймылдағанда ғана ешбір апатқа ұшырамай, мақсатқа аман жетеміз. Және де жаңа әліпбиді қолданатын ортаны алдын ала анықтап алған абзал, менің ойымша кәзіргі егде жастағылар үшін жаңа әліпби маңызды еместігін ашып айтқан жөн. Оларды қыйнамай-ақ, тек қана жас ұрпаққа сүйеніп, бар жағдайды соларға бағыттау керек. Қысқасы, жаңа әліпби қазақ тілінің келешегі екендігін басын ашып алған жөн. Себебі, бұл мәселені кешеуілдетіп, барынша бөгет болып келген - әлгі жасамыс ұрпақ. Кешеуілдегеннен ұтқанымыз шамалы, жазу реформасы үшін дәйекті Уақыт қана алға тартуда.Бір ағамыз күні кешеге дейін «Ана тілі» газетінде кирил әліпбиін ақтауға жанын салып, жаңа әліпбиге барын сала қарсы болып келді. Ал, жағдай болса, басқа нәрсені көрсетіп отыр.Қазір интернетте кирилше мен төте жазу арасында кедергі болмай бара жатыр, олай дейтыным: қазір www.elarna.com, www.senkazakh.com сайттары екі қаріппен бір уақытта мәлімет алмаса алтын дәрежеге жетті. Бұл туралы білесіз бе, білсеңіз қалай ойлайсыз?Бұл туралы білем, бірақ төте жазу менің қолданысымда болмағандықтан, ол мүмкіндікке қол артпағаным рас. Оған тек қана төте жазумен отырған шығыстүркістандық қандастарымыз ғана мәжбүр болып отырған болар.Бірақ бір ұлтқа екі әліпби, екі қарып көптік етеді. Ол бәрібір тілдік шекара болып табылады. Уақытша өтпелі кезеңге ғана мұндай мүмкіндік керек. Бұл - екіге бөлініп екі мемлекет құрап отырған кәрейлер секілді жағдай.

Үндестік әліпби - келешектің міндеті

- Секе, сіздің қолайлы емле турасындағы мақалаңызбен таныспын. Сол жайында оқырманға ұқтыра әңгімелесеңіз.

- Ол жоба мынадан туындады. 2000 жылдардан бастап, мен де латын қарпымен ауырғандардың бірімін. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушылардың бірі Құдайберген Жұбановтың еңбегімен таныса жүріп, кәзіргі әліпбидің қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтінін аңдадым. Қазақ тілін қолайлы емлемен қамту үшін оған табиғатына сай сыйпатты әліпби керектігіне көзім жетті. Қазақ тілінің жазу тарихында оған барынша сәйкестеу болған - ежелгі түркі Орхон-Енесей жазбасының тұрғысы (принципі). Әлем тілдері негізінен үш түрлі сыйпатқа топталған: флектив (үншең) тілдер - индоебропалық тілдер жатады; агглютинатив (буыншаң) тілдер - бұлардың ішінде түркі тілдері бар; корневой (түбіршең) тілдер - қытай тілі жатады.

Кәзіргі кирилше әліпби флектив тілдер тұрғысына негізделген: әр фонемаға - бір таңба принципі көзделген. Бұл тұрғы негізінен орыс тілі секілді үншең тілдерге мейлінше сәйкесетін әліпби жасақтауға қолайлы. Флектив  тілдердің басты белсенді лексикалық бірлігі - үнше (фонема), сондықтан ондай тілдерді жазу үшін әрбір үншені таңбалауға тура келеді. Оңтүстік-шығыстағы жұрттардың көпшілігі түбіршең тіл қалыптастырған: тілдің белсенді бірлігі - түбірсөз болып табылады, оны идеограммамен (иероглиф) таңбалау қолайлы. Ал, қазақ тілі флектив емес, буыншаң, агглютинатив (жалғанбалы) тілдерге жатады. Сондықтан мұндай буыншаң тілдерді жазуда үншең-флектив тілдерге тән әрбір үншені таңбалау тиімсіз.

Дәл сондай жағымсыз да күрделі мәселе бүгінгі қазақ тілінің жазымында аяқ алып жүргісіз болып отыр. Қазақ тілі флектив сыйпатты орыс тілінің тұрғысына негізделген әліпби тұтынуға мәжбүрленген. Тілбілім саласының тұңғыш қазақ профессоры Құдайберген Жұбанов қазақ тіліне сингармо (үндестік) әліпби қажеттігін мәселе етіп қойған еді. Сол мәселе күн тәртібінен түскен емес, өкінішке орай, тілімізге барынша тән әліпбиге тәуекел етпей отырмыз.

Ежелгі Орхон жазындыларында бас-аяғы төрт дауысты дыбыс таңбаланса, қатар түскен дауыссыздар арасындағы дауысты дыбыстардың қандай екені буынның айтылуына қарай анықталады; яғни басы артық таңба жоқ, тілдің үйлесім заңына негізделген тұрғы бар! Бірақ мен мұны танудан бұрын, тіліміздегі Ы/І дыбыстарының табиғатын зерделеу арқылы кәзіргі әліпби жүйесінің өгей екенін аңдадым. Бұл Ы мен І дыбыстары тек қана дауысты қысаң дыбыстар емес, сондай-ақ, сөздегі буынды жуандатуға (жіңішкертуге) қатысатын, яғни, Үндестік заңын жүзеге асыртатын бірден бір үншелер (фонема) болып табылады. Үншең әліпбимен жазғанда қазақ сөздерін ішектей шұбатып жүрген  де осы екі дыбыс. Бұлардың бұл міндетін ішінара Ұ,Ү дыбыстары да атқарады. Бұлар өзге дауыссыздарға былайша қосарлану арқылы буыншақтар түзе отырып, сөздегі буынды жуандатады не жіңішкертеді (кестені көрсетті).

Енді осы заңдылықты мына сөздердің жазылуына салып бақылайық:

қы+а+лы+а = қала;  кі+ө+ші+е = көше;

Ал+мы+ат+ы = Алматы; ы+сы+ры+ап = ысырап.  Мұндағы көше, Алматы сөздерін кәдімгідей, ал «ысырап» сөзін қысқартып жазуға болады: ысрап. Өйткені, «ыс» буынынан кейін [Ы] дыбысы жазсаң да, жазбасаң да дыбысталады, бұл - үндестік заңының көрінісі. Сөйтіп, сингармо яғни буыншаң әліпби құрылымында әдеттегі флектив әліпбидегідей дыбыстың атауы емес, дауысты үншелермен бірге, дауыссыз дыбыстардың Ы/І қысаңдарымен қосарланған буыншақтарын келтіруге тура келеді.

Осындай Үндестік әліпбимен мынадай сөздер тізбегін былайша жазуға болады:

 

ресми нұсқа

жаңа нұсқа

1

сөг{іс}

сөгс

2

{шы}ғар{ыл}{ым}

шғарлм

3

бас{ыл}{ым}

баслм

4

{бі}р{ік}{ті}р{ін}ді

брктрнді

5

түг{іс}кен

түгскен

6

{бі}л{іс}кен

блскен

7

қанағаттанд{ыр}{ыл}мағанд{ық}тар{ың}{ыз}д{ың}

қанағаттандрлмағандқтарңздың

Сөйтіп, буыншаң тілдерге сай келетін Үндестік әліпби арқылы жазымның шұбалыңқы сыйпатын барынша қысқартуға мүмкіндік бар.

Алайда, буыншақтағы ы, і үншелері мен дауысталатын ы, і дыбыстарын ажырату қажеттігі туындайды.

Мынадай үш жағдайда ы, і дыбыстарының буыншақтау қасиетінен гөрі дауысты дыбыс екендігі ажыратылады:

1. сөздің басында дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: ішік - ішк;

2. сөздің аяғында дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: ескі - ескі;

3. сөз ортасында келетін тәуелдік жалғауының үшінші жағын білдіретін жалғау ретінде дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: тіліміз - тлімз; еліміз - елімз.

Бұл тұжырым тілдің үндесім заңын тұтынушыға мойындатып, оның сақталуын бекіте түседі.

- Сонда, жазуды қысқартудың қандай пайдасы бар?

- Бұл - кәзіргі күннің басты да маңызды талабы. Мен келтірген тұжырыммен қазақтілді мәтін көлемін 20-25 пайызға кемітуге болады. Демек, соншалықты оны теруге, басуға кететін уақыт пен ақшаны да, басқа шығындарды да азайтуға болады деген сөз. Кәзіргі шыққан кітаптардың қалыңдығын бестен бірге жұқартып елестетіңіз, оны тасуға, орналастыруға кететін шығындар қаншалықты үнемделмек?! Бұл тұжырым экономикалық жағынан тиімді деген сөз, ал экономика - бүгінгі өміріміздің басты диктаторы емес пе?! Бұл қасиет қазақ тілін алдыңғы қатарлы мүмкіндікке ие қылатыны өз алдына, басқа жалғанбалы тілдерге ұстаз етпек.

Десек те, бұл тұжырым - болашақтың шаруасы, реформаға енетіндей бұл бастама теориялық жағынан пісіп-жетілуі керек. Дайын болғанның өзінде бұл тұжырымды қабылдауға біздің қоғам әзір дей алмаймын. Бұл  - әзірге менің жеке бастамам ғана, бірақ зерттелуге жататын аса маңызды жайт. Сондықтан да, Үндестік әліпби - келешектің міндеті. Бұл емлені кәзіргі ұрпақ қабылдамайтынын білем, бірақ келешекте тіліміз аман болса, бұл тұжырымға жас ұрпақтың таңдауы түсетініне сенем.

Екпін сөздің соңғы буынына түспейді!

- Қызық жайт екен. Бұл тұжырымыңызға лингвистер қандай пікір білдіруде?

- Әзірге пікір барынша тапшы. Кейбір сарапшылар ғана қарсы бір-екі дәйегін келтірді:

-  бұл жазумен тасымал мәселесі қыйындайды;

- буын айқындалмайды,сөз буынға бөлінбей қалады... т.т. дегендей. Кәзіргі електрондалған заманда тасымал мәселесі,тіпті қарастырылмайды, буын тасымалданбайды; қажет болса буынды толықтырып тасымалдай салуға болады. Ал, буыншаң тіл үшін сөздің буындарын көрсетіп, санамалау қажет емес. Оны тек қана грамматикалық оқыту мен зерттеуде қарастырмаса, қарапайым жазарман жұрттың басын грамматикамен қатыру дұрыс емес, ол - ғалымдардың шаруасы болғаны жөн. Бұндай бағыт алсақ, тілдің емлелік қағидасы біршама өзгеріске ұшырайтыны рас. Тіпті, теорияны бірқатар қайта қарауға мәжбүрлейді. Себебі, бізде қалыптасқан тіл қағидасы,көбінесе, буыншаң тілдің емес, үншең-флектив тілдің заңдылығын талғажау етіп кеткен.

- Тілімізге қалыптасқан тағы қандай тұжырым қайшы?

- Біздің өзіміздің буыншаң тіліміздің қасиетін үншең тілге тәуелдегеніміз сондай,тіпті, флектив тілдерге тән екпін мәселесін де қазақ тіліне қатысты қабылдап алдық. Шын мәнінде, агглютинатив тілдер үшін екпін мәселесі маңызды да емес, өзекті де емес. Себебі, біздің буыншаң тіліміз сөзді буынға түсетін екпін арқылы жасақтамайды! Екпін мәселесі тілімізге тән емес, ол қасиет үншең тілдерге ауадай қажет. «Екпін қазақ тілінде сөздің соңғы буынына түседі» дейтін қағида біздің тілге жат! «Ба[ла]» сөзінің соңғы буынына екпін түсіріп айтыңызшы, болмаса әр сөздің соңғы буынына екпін түсіріп бір сөйлемді айтып көріңізші! Шамаңыз келер ме екен?!

Шындығында, қазақ сөзінің барлық буынына екпін біркелкі түседі, соңғы буынға екпін түспейді, соңғы буын ерекше дауыс ырғағымен бітуі мүмкін. Әйтпесе, шұбатылған буындардан құралған сөзді тынысты тарылтпай, аман-есен дыбыстап шығу мүмкін емес. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дегенді қазақ соңғы буынға қатысты айтқан емес.

Біздің тіл үйрету әдістемесінің қалыптасқан қағидасында «қазақ тіліне тән  тоғыз дыбыс» деген ауру бар. Сонда қалған дыбыстарды сатып алдық па, әлде жалдап жүрміз бе? Бұл да қазақ тілін үйрету үшін эталон есебінде орыс тілін алып, соған қатысты, орыс тілінде жоқ дыбыстарды қазақ тіліне таңудан туған жасанды тұжырым! Керек десеңіз, қазақтың [Е], [О] дыбыстары да орыс тіліндегіден ерекше дыбысталады...

Мұның барлығы да қазақ  тілбілімінің флектив  сыйпатты орыс тіліне теориялық жағынан да тәуелді екенін көрсетеді.

 

Далбаса  тірліктен дәйекті іске бет бұрсақ

- Саясатшы Петр Своик: «Орыс тілі - әлемдік тіл. Бұл тілсіз Қазақстанда мемлекет басқару ісі әлсірейді» деді. Бұл турасында не айтасыз?

- Түрік тілі орыс пен ағылшынға сүйенбей-ақ мемлекетті басқартып отыр ғой. Әлемдік деңгейдегі технология меңгерген кәрей тілі де елін азиялық барыстардың бірі етті! Сол секілді өзбек,түрікпен,әзер тілдері де орыс тілісіз болмаса басқа бір әлемдік тілсіз мемлекеттік мәртебені аман-есен атқаруда. Әзербайжан даму рейтингі бойынша әлемде 46-орында. Ал мемлекетті басқаруға келсек, Қазақстанды басқарып отырған лауазымдылар мен шенділердің кемінде 90 пайызы - қазақ. Солардың бәрі өзара бір күнде қазақша қатынасып кетті дейік, сонда оның мемлекетті басқаруға қандай кесірі тимек?

Әрине, мәселе - тіліміздің мемлекеттің жұмыс тілі болуында. Ол тілдік ортаның қаншалықты қазақ тілін меңгеруіне қатысты. Тілдік орта ауызекі және жазбаша тілдік қолданыстан тұрады. Егер мемлекеттік қызмет саласында осы талаптар бойынша жұмыс жасалып, пәрменді міндет қойылса, 2-3 жылдың ішінде ешкімге байқаусыз-ақ қазақтілді мемлекеттік қызметке көшіп кетер едік.  Неге байқаусыз? Мемлекеттік дәліз бен кабинет тілі қазақ тілі болса, оны кім байқауы тиіс? Халыққа шенділердің өзара қай тілде сөйлесіп, жазатыны маңызды емес, бұқараға керек ақпаратты мемлекеттік тілмен бірге басқа тілдерге де аударып беру көзделсе - жеткілікті. Қағаздардың бәрі қазақша болып, баяндама қазақша жасала береді және басқа тілдерге ілеспе аударма жүре береді. Яғни қазақ тіліндегі мемлекеттік қызметтің ауыртпалығы Своикке де, басқаларға да түспейді. Мәселен соның қолға алынбауында болып отыр.Тіпті, қазақтілді қызметкер үшін орыс тілін мемлекеттік қызметке қолдануға душар етілген ақуал қалыптасқан.

Своиктің кейбір пікірімен санасқан жөн. Ол 2009 жылы Мұқтархан Тайжанмен пікірталаста, «20 жылдың ішінде қазақ элитасы тілге қатысты ештеңе тындырмады, ең болмаса қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне көтеру керек еді - дейді. Оның бұл сынына қосылам. Мемлекеттік тілді дамыту Президент қорында істегенімде, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер үшін кірікпелі қостілдік ақуал орнатуды ұсынғанбыз, оның мәні - қазақ тілін ұғатын, бірақ сөйлей алмайтын орыстілділер үшін, керісінше орысшаға шорқақ қазақтілділер үшін өзара бір тіл емес, оларды бір бірімен ана тілдерінде қатынастыру. Яғни сен ұйымдағы жұмыс барысында қазақша сөйлей бересің, ал орыстілді бауырың орысшасын қолдана береді, басты шарт - бір біріңді түсіну. Осы ақуалды Ісжүргізім тәжірибесіне де енгізуге болады, сонда бірте-бірте оны мемлекеттік тілдің пайдасына бұруға алғышарт жасалар еді. Кәзір қазақтілділер мемлекеттік қызметте тек қана орысша сөйлеп, жазуға мәжбүрленген. Себеп - билік дәлізінде орыстілділер түсінбейді деген қағида орныққан да, қазақтілді қызметкерлер солардың ыңғайына мәжбүрленген.Ең болмаса, мемлекеттік қызметке қазақша сөйлемесе де, ұқпайтындар алынбауы керек қой. Қостілді елде біртілді адам мемлекетте неге қызмет етеді?

2009 жылы Ерлан Қарин мен Берік Әбдіғалиевтер Қарағандыға қазақтілді қазақ емес 300 жасты жыйнап, форум өткізді. Сонда әлгі жастар қазақша сайрап, мемлекеттік қызметке бізді қашан аласыңдар деген мәселені төтесінен қойды. Бірақ ол Ерлан мен Беріктің қолында емес қой. Мәселе сол күйінде қалды. Міне, осы саясат қолға алынғанда, Своиктер «биліктегі қазақтардың бәрі - орыстілді» деп  көзімізді шұқымас еді.

- Тілдік сана мен тіл саясаты неге бір мақсатқа бірікпейді?

- Тілдік сана деген ғылыми сала бар. Өкінішке орай, ол біздің ғылымымызда әлі қалыптаса қоймаған. Бұл ғылым бойынша, әрбір тілге сәйкес этностық сана қалыптасатыны, ұлттық идентификациялық ойлау қабылеті орнығатыны,оның негіздері сол тілдегі әдеби-мәдени мұралар екендігі дәйектелген. Ойлау жүйесі орнықпаған баланың бірнеше тіл логикасын тежейтіні де осы салаға тән айтылуда.Егер біздің ел осы ғылымға назар аударса, баланы 7 жастан бастап үш тілмен мыйын ашытуды қолға алмас еді. Қысқасы, біздің елде тілдік саясат ғылымға маңдай тіремеген, көңіл күй мен өтпелі дақпыртқа, желбуаз насиқатқа негізделген. Біз неғұрлым тілдік саясатты ғылымға арқа сүйетсек, бұл салада мәселе соғұрлым тез, сырқаусыз шешіледі. Сонда өзімізді өзіміз алдаусыратып, уақыт оздырмас едік.

- Тіл саясатындағы тұйықтан шығар жол қандай?

- Шығар жол: тіл саясатындағы мәселелерді нақты айқындап, соның шешу жолдарының бәрін ғылыми негізде белгілеу мен заңдық құзырмен бекітуде. Бізде қазақ тілін үйрету әдістемесінің тілді үйрету мен оны бағалауды сабақтастыра қарастырған әлемдік деңгейдегі жүйесі жақында ғана ҚазТЕСТ орталығында пайда болды. Бұған дейін әр облыс, әр ұйым, әр мекеме,әрбір әдіскер өз әдістемесін, оқулықтарын балалатумен келді. Олардың тиімділігін ешкім бағалаған емес, олардың нәтижесін бағалайтын құрал болмаған. Қазтест орталығы қазақ тілін білу деңгейін бағалаудың мемлекеттік стандартын бекіттірді. Соның негізінде тіл деңгейін бағалаусыз үйрететін әдістемелердің тиімсіз екендігі мәлім болды. Яғни соңғы он жыл бойғы шығын мен тілді үйрету біржақты түрде бағалаусыз жүріп келген. Біз осы мерзім ішінде жұртты тіл білу деңгейін бақыламай, бағаламай оқыта беріппіз!

Тығырыққа тірелудің тағы бір себебі - тіл саясатын әркім қолсүрткі қылып отырғанында. Елде тілмен айналысатын қыруар мекеме,органдар мен ұйымдар бар, бірақ олардың ісі жүйесіз, кімнің немен шұғылдану керектігі айқындалмаған, ара-жігі ашылмаған. Мәселен, бір тіл басқармасы алады да мультфилм шығарады, біреуі балаларға арналған оқулық,әдебиет басады. Ал, бізде баланы оқыту мен тәрбиелеу мәселесі Білім министрлігінің құзырында, оның жергілікті бөлімшелерінде емес пе? Кино,мультфильм шығаратын Қазақфильм студиясы мен телеарналар бар емес пе?! Соларға неге тапсырыс мемлекеттік деңгейде берілмейді?

Оның есесіне, ол басқармалар Тіл саясатымен айналысуы керек,яғни мемлекетті басқаруға қажетті қазақ тілін қолдануды үйлестіруі керек. Тілдік ортадағы қазақ тілінің ықпалын қалай арттырамыз? Мемлекеттік қызметте қанша шенді іс жүргізеді,қанша бастық баяндама,есеп жаза алады, кім ауызекі сөйлейді, кім әдеби, ғылыми, іскери тілді меңгерген? Соларды қолға алуы керек те, оларға қажетті құралдарды ғылыми түрде әзірлеуге міндетті білім мен өнер саласындағы мекемелерге тапсырыс берсе, жеткілікті. Сонда ғана әркім өз орнында міндетін атқарады.

Жыл сайын қыркүйек айында өткізілетін Тіл фестивалі де Тіл басқармаларының міндеті емес. Ол қоғамдық ұйымдар атқаруға тиісті үгіт-насиқат деңгейіндегі шаралар ғана.Ал, біз қазақ болып кеткен қазақ еместерді жыйып алып, солардан шоу жасаймыз! Өзімізді өзіміз солай алдаймыз, ол кімге керек? Қысқасы, далбаса тірліктен дәйекті іске бет бұрсақ қана тығырықтан жол табамыз. - Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен - Бейсен Ахметұлы

«Abai.kz»

0 пікір