Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3589 0 пікір 21 Қыркүйек, 2012 сағат 09:54

АЗҒЫРДЫҢ АЛАҢ КӨҢІЛІ

«Жас қазақтың» өткен санында  Азғыр аумағының әлеуметтік ахуалы жөнінде мақала («Алыстағы Азғырдың ауыр ахуалы», 14 қыркүйек, 2012 жыл) шыққан еді. Ал енді осы өңірдің экологиялық ахуалы қандай? Сан жылдар бойы сынақ алаңына айналған жер нендей құпияны бүгіп жатыр? Бұған дейін жүзеге асырылған жарылыстар салдары сақталды ма? Бүгін сол жөнінде айтып көрелікші.

Қолға кісенделген қара дипломат

«Жас қазақтың» өткен санында  Азғыр аумағының әлеуметтік ахуалы жөнінде мақала («Алыстағы Азғырдың ауыр ахуалы», 14 қыркүйек, 2012 жыл) шыққан еді. Ал енді осы өңірдің экологиялық ахуалы қандай? Сан жылдар бойы сынақ алаңына айналған жер нендей құпияны бүгіп жатыр? Бұған дейін жүзеге асырылған жарылыстар салдары сақталды ма? Бүгін сол жөнінде айтып көрелікші.

Қолға кісенделген қара дипломат

Құрманғазы ауданына белгілі эколог Юрий Лялин осы өңірдің қоршаған ортасына қатысты барлық дерлік сырды біледі. Сөйтсек, ішінде Юрий Лялин де бар бір топ адам Қарабайлы - Балқұдық бағытында келе жатып, жолда апатқа ұшыраған көлікке тап болады. Төрт дөңгелегі көкке қарап төңкеріліп түскен көліктің жүргізушісі қаза тауыпты да, жанындағы жолаушысы ауыр жарақаттаныпты. Қос аяғы қатар сынған оны кабинадан шығарып, жол жиегіне жатқызғанда, тіпті есін де білмейді екен. Бұларды таңғалдырғаны - бейтаныс жолаушының қолына кісенделген қара портфель-дипломат. Сәлден соң есін жинаған жолаушы да алдымен соны сұрапты. 
Айдалада кездескен сол адамның арғы тағдыры бұларға белгісіз. Бірақ сол дипломатта Азғырға қатысты құпия құжаттардың болғандығы анық. Өйткені, алғашқы көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізгенде жұмбақ жолаушының сынақ алаңындағы арнаулы экспедицияда жұмыс жасайтын маман екендігі белгілі болған. Кейін Юрий Лялин қызмет бабымен Азғырға қатысты сан проблемаға араласып жүріп, осы оқиғаны жадында сақтап қалған. 
Азғырда 1966-1979 жылдары 17 мәрте қуаттылығы әртүрлі ядролық жарылыстар жасалған. Бұл сынақтар жер астында жүзеге асырылды дегенімен, қазір қатары сиреген көнекөздер дүмпуі жер үстіне де анық сезілгенін айтады. Жалпы, мұнда он технологиялық алаң орналасқан. Солардың сегізі Азғыр елді мекенінен солтүстік-шығысқа қарай 17-20 шақырымдай ғана жерде. Негізі, о бастағы жоба бойынша жер астында жасалатын ядролық жарылыстар нәтижесінде пайда болатын радиоактивті қалдықтардың ауаға таралмауы көзделген-ді. 
Бұл ретте іргедегі ауылдардың тым жақын орналасуы ескерілсе керек. Демек, жарылыс өтетін шахталар сенімді жабылуы тиіс еді. Алайда, қазір белгілі болып отырғанындай, 1966 жылғы 22 сәуірде А1 және 1979 жылғы 17 қаңтарда А8 алаңдарында жүзеге асырылған сынақ кезінде жер бетіне газ шығып кеткен. Ал бұл, қайталап айтқанда, о бастағы жобада қарастырылмаған еді.

Айдаладағы апан

Мәжілістің бұрынғы депутаты, еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров кезінде Азғырға қатысты салмақты мәселені көтерген-ді. Кейін онымен телефон арқылы өзіміз де тілдескен едік. Бұл мәселемен Сенат депутаты болған Жандарбек Кәкішев те шұғылданған. Кезінде Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің сол кездегі басшылығына да айтылған. Бұл - Азғырдағы апанға жасырылған диаметрі 11 метрлік шар түріндегі ядролық қондырғыға қатысты мәселе. Оның қазіргі күйі қандай, айналасына қауіп төндірмей ме?
Жалпы, осы қондырғы қазақ даласында қалай пайда болды? Еңбек ардагері Махмұт Көргенов өткен ғасырдың сексенінші жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып жүргенінде қызмет бабымен Құрманғазы ауданының Балқұдық және Сүйіндік елді мекендерін аралапты. Сонда көрген бір оқиғаны жадында сақтап қалған.
- Біраз уақыт өтті ғой,  - дейді қазір зейнеткер жасындағы азамат. Қателеспесем, 1981 немесе 1983 жылы болса керек, дала жолымен ұзын керуен кетіп бара жатты. Әскерилер қоршап алғандықтан,  оған жақындау мүмкін емес еді. Әйтеуір, аумағы әжептәуір құпия зат тиелгенін сездік. Өйткені, бағыты Азғыр болатын. 
Қазір белгілі болып отырғанындай, бұл ядролық қондырғы екен. Ол Мәскеудің құпия бұйрығымен сонау Ресейден қиырдағы Қазақстанның Азғыр аумағына жеткізілген. Сірә, Еділ бойымен тасымалданса керек. 
Сөйтсек, диаметрі 11 метрлік осы шардың ішінде ядролық жарылыс жасау арқылы алмаз алу жоспарланған екен. Әйтсе де, әлдебір себептермен бұл жұмыс жедел қолға алынбаған. Ал кейін күйреместей көрінген Кеңес Одағы тараған соң, мұндағы қондырғымен ешкімнің ісі де болмағанға ұқсайды. Өйткені, ядролық жарылыс арқылы жасанды алмаз алуға қажетті нәрсе елімізде жоқ. Бұл жұмыс тек Мәскеуде ғана жоспарланған. Ал ресейліктер бұл қондырғыны 1995 жылы мүлдем тастап кеткен. Рас, мамандардың айтуынша, оның қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Іске қосылмаған соң солай да шығар. Бірақ, қазіргі заманда қымбат қондырғының қажетсіз заттай текке жатуы да түсініксіз.

Сынақ салдары қандай?

Азғырда соңғы рет 1979 жылы сынақ жасалды. Содан 1995 жылға дейін мұнда ресейліктер болды. Олардың жарылыстан соңғы зардаптарды жою жолында не тындырғанын білмедік, бірақ маңына адам жолатпағаны анық. Ал сынақ алаңы елімізге қайтарылған соң ғана зерттеле бастады, әскерилердің де бүлдірген жерін сол күйінде дерлік тастап кеткендігі сонда мәлім болды. 
Сөйтіп, 1995 жылдан бастап Ұлттық ядролық орталық қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Алайда, тек 2007 және 2009 жылдары ғана радиоактивті заттармен ластанған жерлер мен темір қалдықтарын жою жүргізілгенін ескерсек, бұл шараның да тым кеш қолға алынғанын айтар едік. «Білмеген у ішеді» дегендей, соған дейін жергілікті тұрғындар айдалада шашылып жатқан зымыран қалдықтарын үйлеріне тасып алған-ды. Солардан қорасына қалқан жасады, ауласының айналасын бекітті. Енді сан соққанмен не шара, талай адам уланып та үлгерді. Ұлттық ядролық орталықтың ядролық физика институтының осындағы өкілі Балтабай Мұхамбетжанов айына бір мәрте алаңға барып, радиациялық жағдайды қадағалап қайтады екен. Шамадан тыс еш нәрсе байқамапты. Мұны аталмыш институттың директоры Әділ Төлеуішев те айтады. Алайда оның өзі мойындағанындай, 1996-2001 жылдар аралығында қазақстандық мамандардың қолында сынақ алаңы туралы толыққанды мәлімет болмаған. Содан кейінгі жылдары қолға алынған жұмыстар да әлі әлсіз. 
Әрине, Азғыр аумағының қазіргі жағдайын қалыпты санап отырған мамандардың пікірін де жоққа шығармалық. Дегенмен, осы сынақ алаңындағы жарылыстар өзінің ауыр зардаптарын салып та кетті. Қазір Азғырда 350 шамасында мүгедек жан бар екен. 
Осы орайда Ұлттық ядролық орталық мамандарының Семей полигонының 95 пайыз жерін ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалану жөніндегі ұсынысы еске түседі. Әрине, осы қомақты аумақ текке жатпай кәдеге асса, мол табыс түсіруге де болар еді. Бірақ оған жұртшылық қарсы шығып отыр. Өйткені, олар радиациямен әбден уланған жердің ендігі қалпына келгеніне күмәнді. Шетелдік те, отандық та ғалымдардың тұжырымдауынша, радиацияға ұрынған жер толық жарамды болуы үшін кем дегенде 300 жыл керек екен. 
Міне, осы алаңдаушылықты Азғыр сынақ алаңына қатысты да айтуға болады. Жүргізілген медициналық зерттеулер осындағы 15-40 жас аралығындағы тұрғындардың қан құрамында ауыр металдың тым көптігін тапқан. 
Мұндағы жерасты суларын пайдалану қауіптілігін мамандардың өздері де айтып отыр. Республикалық ядролық физика инс­титуты мамандарының пікірінше, тұрғындардың қолданып жүрген құдықтағы суының сапасы тым нашар. Сынақ жүргізілген тоғыз алаң жай сыммен ғана қоршала салған. Оның арасынан еркін өтіп кеткен мал ар жағында жайылып жүр.

Түйін

Осы өңірде қыстың күні байланыстың нашарлығынан екі бүлдіршінге дер кезінде медициналық көмек көрсетілмей, шетінеп кетіпті. Қалың қарды тазалайтын ауданда қуатты техника да жоқ.  
Дегенмен, біздің байқауымызша, Азғыр аумағындағы халық көшуге құштар емес. Шамасы келсе, атақонысты тастап кеткісі жоқ. Азғыр ауылдық аймағы әкімінің айтуынша, мұнда отыз мыңға тарта қой бар екен. Өзге де төрт түліктің тұқымынан кенде емес. Ауыл маңында үйірімен жылқы да, табынымен сиыр да, өзгелері де жайылып жүргенін тікұшақтан өзіміз де көрдік. Оның үстіне, азғырлықтар шекараны жалаңаш тастағысы да келмейді. Әлі де ел қамын ойлайды. Әрі, ар жағындағы ресейліктер шекараға жақынырақ қоныстанып, қараларын көбейтіп жатқанға ұқсайды. Екі ел арасындағы шекараны белгілеу кезінде біздің  жақтың есесі де кетіп қалыпты.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Атырау облысы

"Жас қазақ" газеті

 

0 пікір