Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4053 0 пікір 21 Қыркүйек, 2012 сағат 09:52

Кенесары ханды екiншi рет өлтiруге болмайды

НЕМЕСЕ ТӘУЕЛСIЗДIК ҮШIН КҮРЕСКЕНДЕРГЕ ҚАРСЫ ШАБУЫЛ ҚАЙТА БАСТАЛҒАНЫ МА?

Патшалық және кеңестiк Ресей кезiнде қа­зақтың атына, ұлт-азаттық көтерiлiсi жетекшi­лерiнiң атына нелер сөздер айтылмады. Қазақты "дала тағылары", "топас", "надан", "жағымпаз", "жабайылар", "бейшаралар" десе, Кенесарыға "дала қарақшысы", "баскесер", "бү­лiкшi" деген айдар тақты. Осыларды естiгенде көкiрегiмiз қарс айырылатын. Бұл, әрине, бас­қа заман едi...

Ал "Мысль" (бұрынғы "Коммунист") журналының биылғы жылдың маусым, шiлде айларындағы санында жарық көрген Бақытжан Әуелбеков дегеннiң "Қазақстанды отарлау және Кенесары Қасымов көтерiлiсi" атты мақаласы тура соларды еске түсiредi. Мен басында мақала авторын Ресей державасының сойылын соғып жүрген Ресей азаматтарының бiрi ме деп қалдым. Сөйтсем, ол Қазақстан Республикасының азаматы, жоғарыда аталған журналдың редакция алқасының мүшесi екен.

Автор мақаласын "Қазақстанда орыс отаршылығы деген ешқашан болмаған, тiптен болуы мүмкiн емес, сонда болмаған отаршылықпен Кенесары қалай күресiп жүр? Бiрақ, өкiнiшке қарай тарихшылар оған Қазақстан тарихынан орын берiп қой­ған. Бүгiнгi күннiң талабымен қарағанда, бұл - бастан-аяқ өтiрiк", - деп бастайды.

НЕМЕСЕ ТӘУЕЛСIЗДIК ҮШIН КҮРЕСКЕНДЕРГЕ ҚАРСЫ ШАБУЫЛ ҚАЙТА БАСТАЛҒАНЫ МА?

Патшалық және кеңестiк Ресей кезiнде қа­зақтың атына, ұлт-азаттық көтерiлiсi жетекшi­лерiнiң атына нелер сөздер айтылмады. Қазақты "дала тағылары", "топас", "надан", "жағымпаз", "жабайылар", "бейшаралар" десе, Кенесарыға "дала қарақшысы", "баскесер", "бү­лiкшi" деген айдар тақты. Осыларды естiгенде көкiрегiмiз қарс айырылатын. Бұл, әрине, бас­қа заман едi...

Ал "Мысль" (бұрынғы "Коммунист") журналының биылғы жылдың маусым, шiлде айларындағы санында жарық көрген Бақытжан Әуелбеков дегеннiң "Қазақстанды отарлау және Кенесары Қасымов көтерiлiсi" атты мақаласы тура соларды еске түсiредi. Мен басында мақала авторын Ресей державасының сойылын соғып жүрген Ресей азаматтарының бiрi ме деп қалдым. Сөйтсем, ол Қазақстан Республикасының азаматы, жоғарыда аталған журналдың редакция алқасының мүшесi екен.

Автор мақаласын "Қазақстанда орыс отаршылығы деген ешқашан болмаған, тiптен болуы мүмкiн емес, сонда болмаған отаршылықпен Кенесары қалай күресiп жүр? Бiрақ, өкiнiшке қарай тарихшылар оған Қазақстан тарихынан орын берiп қой­ған. Бүгiнгi күннiң талабымен қарағанда, бұл - бастан-аяқ өтiрiк", - деп бастайды.

Иә, Қазақстан қазiргi күнi Ресей державасының отарлау саясатының нысанасында тұрған ел екенi рас. Бұл туралы ресейлiк кейбiр әпербақан саясаткерлер мен публицистер ашықтан-ашық айтып та, жазып та жүр. Ресейдiң бұл саясатына бiздiң билiк те кетәрi емес. Бiрақ, әзiрге бұл сая­саттың iске асуына тосқа­уыл болып тұрған екi күш бар. Бiрiншiсi - қазақ халқының тәуелсiздiгi үшiн күрес тарихы, екiншiсi - бүгiнгi ұлтжанды қазақтардың жанайқайы. Бiрақ, екiн­шiсiнiң билiктiң алдында дәрменi жоқ, айтады да қояды, айқайлайды да тынады. Ал қазақ тарихынан Исатай Тайманов, Сырым Датов, Абылай хан, Кенесары Қасымұлының атын алып тас­тау оңай шаруа емес. Ресейдiң сойылын соғушылар ендiгi жерде осы мәселемен айналыса бастаған сияқты. Әйтпесе, қазақ баласының ата-бабалардың аруағымен алысқанын кiм көрген?!

Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы, оның iшiнде Кенесары көте­рiлiсi - бiршама тәуiр, жүйелi зерттелген тақырыптардың бiрi. Кенесары Қасымұлы жайлы талай ең­бек жазылды, ондаған дис­­сертация қорғалды. Ресей­дiң әскери мұрағатында жүздеген, мыңдаған материалдар бар. Олардың көп­шiлiгi ғылыми айналымға ендi. Мұхтар Әуезов Кене хан туралы пьеса, Iлияс Есенберлин роман жазды, деректi фильмдер түсiрiлдi. Кенесары және ол бастаған көтерiлiс туралы тек қазақ, орыстар ғана емес, "Ре­сейдi 10 жыл соғыс жағда­йында ұстаған дала қаһарманы" ретiнде Батыс жұрты да бiледi. Кенесарыға қарсы аттанған орыстың кейбiр офицерлерiнiң өзi кейiн Кенесарыны зерттеушiлер болып кеттi. Осылардың бәрi Кенесары туралы бүгiнгi бiзден кем бiлдi, кем ойлады дейсiз бе?!

Осылардың iшiнен автор­дың көз қиығына iлiккенi Н.А.Кенесаринаның "О деятельности Кенесары хана по царским документам" (Алматы, 2001), орыс жазушысы В.Г.Короленконың шығармалар жинағы және К.К.Абуев­тiң Абылай хан туралы жаз­ған бiрер еңбегi ғана екен. Автор аталған еңбектердi зерттеу, бiлу, ой түю тұрғысынан емес, үзiп-жұлып, тек контраргумент ретiнде ғана қолданған.

Бiз бұл мақаламызда автордың жазған әрбiр сөйле­мiн талдап жатпаймыз, тек қазақтың ұлт мүддесiне қатысты кейбiр тұстарына ғана тоқталып өтемiз. Өйт­кенi мақала орасан зор ғылыми талдауды қажет етпейдi және келтiр­ген дәлел, уәжi - осал, ойы -  жүйесiз. Мақаланың алға қойған басты мақсаты - ХIХ ғасырдың бiрiншi жартысындағы қа­зақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерiлiсi тарихын жоққа шығару. Автор алға қойған мақсатын орындау жолында қазақтың ар-намысына тиiп, халықтың тарихына қиянат жасаған.

Н.А.Кенесаринаның "Орыстар қазақ жерi арқылы Шығыс елде­рiне өтетiн сауда жолын ашты" деген сөзi автордың шамына қатты тисе керек. "Ресейдiң сауда керуен­дерi бұл далада қазақ деген халық атымен жоқ кезде жүздеген, мыңдаған жыл бұрын жүретiн болған" деп бiлгiрсидi. Қарағым-ау, мұндай сөздi айту үшiн сәл ойлансаң неттi, тiптен тарихқа терең бойлай алмасаң да, тарихты бiлетiн орыстардың өзiнен сұрап бiлiп алмадың ба? Ал бiлмейдi екенсiң, бiлiп ал. Орыстар 1483 жылы Орал тауынан берi алғаш аттап басқанға дейiн орыстарда Сiбiр туралы сөз де, түсiнiк те болмаған. Оған дейiн бұл өлкенi самоедтер мен түркi-қып­шақ, тунгустар мекендеген. "Сi­бiр" ұғымы австриялық елшi, барон С.Герберштейннiң 1549 жылы жарық көрген "Москва туралы белгiлеулер" атты еңбегiнде алғаш ғылыми айналымға енген. "Сiбiр" атауы - орманды, нулы, сулы жер де­ген тунгус сөзi. "Сiбер - жауынды өлке" деген сөз қазақта да бар.

Орыстар ХVI ғасырдан бастап Сiбiрге келгенде мұнда Тайбұға ұрпақтары құрған "Түмен хандығы" тұрған. Тайбұғаның ата-бабасы кереит Уаң ханның iнiсi Жақақамбы. Сөйткен керейлер бүгiнгi қазақтың бiр тобын құрап отыр.

ХIII-ХV ғғ. Еуразия даласы (орыс­тар ХVI ғ. бастап "Алтын Орда" деп атаған) Жошы ұлысы державасы билiгiнде болды. Державаны билеген 38 ханның көпшiлiгi әлдеқашан қазақ болып кеткен Орыс хан, Тоқтамыс ханның ұрпақтары. Ол кезде ресейлiктер Алтын Орданы билегенi былай тұрсын, Орда хандарының қолына су құюға жарамайтын. Қара теңiз, Едiл, Жайықтан Қытай, Үндiстанға дейiнгi сауда керуенiнiң тiзгiнiн қыпшақ-қазақ, ноғай, татар саудагерлерi ұстаған.

Алтын Орданы құрту арқылы орыстардың бағын мауреннахрлық Әмiр Темiр ашты. Бұл - 1395 жыл. Соның өзiнде орыстар Орда билiгiнен 1480 жылғы 11 қарашада әзер босаған. Бұл кезде Қазақ хандығы әлдеқашан (1465/1466) құрылып қойған болатын. Орыстың алғашқы ұлттық мемлекетi - Мәскеулiк Русь Қазақ хандығынан 36 жылдан соң құрылды. Ал автордың "Мұнда (Қазақстан территориясын айтып отыр - З.Қ.) мың жыл бұрын орыстар тұрған" дегенi қай сандырағы? Сонау Сақ-Үйсiн дәуiрiнен (б.з.д VII ғ.) берi бұл далада қазақ атымен болмаса да кейiн қазақ этнотобын құраған түркi тайпалары мекендеген. Моңғол, Жоңғар шапқыншылығын айтпағанда, Орыс отарлағанға дейiн бұл даланы қазақтан өзге ешкiм иеленiп көрген емес. Даланың бүгiнгi ақы иесi - қазақ.

Автордың өз ата-бабасының табанымен шоқ басып жүрiп қор­ғаған жерiн ХV-ХVI ғ.ғ. дейiн Новгород, Мәскеуден берi асып көрмеген варягтарға телiгендегi мақсаты не? Ресей державасы бұл бейшараның көмегiне зәру емес екенiн неге түсiнбейдi?

Ресейдiң сауда керуендерiнiң қазақ жерiне келуi алғаш Тәуекел хан (1583-98), Хақназар ханның (1537-81) тұсында басталды. Қазақ жерiн отарлау, күш көрсету, қазақ елшiлерiн тұтқындау, хан тағына мұрагер сұлтандарды (Ораз-Мұ­хаммед) ұстап әкету сияқты озбырлық, Н.А.Кенесарина дұрыс көрсетiп отырғандай, орыстың сауда керуендерi келе бастаған кезден басталды емес пе! Көзге ұрып тұрған шындықты несiне бұрмалайсың?

Автор шiмiрiкпестен "Кенесарының тұсында орыстар құр­ған гарнизон, бекiнiстердi айтпағанда қазақ жерiнде қазақтарды қанайтын орыс болған жоқ" дейдi (69-бет.) Сонда қазақ даласында салынған орыстың әскери гарнизон, бекiнiстерiн қазақтар салып, қазақ қорғап тұрған ба? Ол үшiн әуелi гарнизон, қамал дегеннiң не екенiн бiлiп алу керек едi ғой. Гарнизон дегенiмiз - қамал, қала, тағы басқадай нысаналы мекендердi күзету үшiн жасақталған әскери топ. Бiр гарнизонда қаруланған 1000-1500 әскерилер тұрған. Сонда Ор, Оралдан - Ертiс, Жетiсудан - Сыр бойына дейiнгi 30-ға жуық әскери бекiнiс, қамал-қорғандарда, бекеттерде, постыларда қанша әскер болғанын есептей бер.

Халықты халық жаулап алып, халықты халық қанамайды. Қазақ жерiн жаулап алған - Ресей патшасы мен әскерилерi. Және ол санының аздығына қарамайды, сайман және соғыс тактикасының қуаттылығымен есептеледi. Қытай халқының 7 пайызына жетпейтiн шүршiттер ХVII ғасыр басында Қытайды жаулап алып 365 жыл, Жошы хан өзiнiң еншiсiне тиген 4 мың адам және олардың ұрпағының күшiмен Жошы ұлысы державасын құрып, Еуразияның ауқымды бөлiгiн 240 жыл билегенiнен хабардар боларсыз. Ал сiз болсаңыз "Әскери гарнизондарын құрғаны болмаса қазақты қанайтын орыс болған жоқ" дейсiз.

Сiз "Кенесарының тұсында Орыс отаршылығы болмаған" дейсiз. Орыстың отаршылық саясаты Кенесарыдан жүз жыл бұрын басталып iске асқанынан хабардар емес сияқтысыз. Қазақ жерiн отарлауға нұсқау берген I Петр патшаның өзi болатын. 1722 жылы I Петр Парсы жорығынан қайтқан жолында Астраханға тоқтап қазақтың көз жеткiсiз даласына көзiнiң сұғын қадап тұрып: "Бұл дала Орта Азия, одан Үндiстан, тiптен бүкiл Шығыс әлемiне бiздiң ықпалымызбен саудамызды жеткiзетiн қақпа екен. Сондықтан қырғыз-қайсақтар делiнетiн бұл алаңғасар халық (Петрдiң сөзiмен айтқанда, легкомысленный народ) бiздiң қол астымызда болуға тиiстi" ("И той рады причины оная-де Орда потребна под российской протекцией быть") деген сөзiн Петрдiң тiлмашы А.Тевкелев жазып қалдырған.

Ақ патшаның мысық тiлеуiн сезiп қойған жоңғарлар осы әңгiмеден соң бiр жыл өтпей жатып 1723 жылы қазақ жерiн шапты. Қазақ халқы адам айтқысыз қасiретке ұшырады. Бұл қасiрет тарихта "Ақтабанды шұбырынды, Алқакөл сұлама" деп аталады. Бiздiң өз ағайындарымыздың арасында   (iшiнде қайсыбiр тарихшылар да бар) "Жоңғар шапқыншылығы кезiнде орыс ағайындар бiзге көмек қолын созбағанда құрып кеткен болар едiк" делiнетiн солақай пiкiр бар. Сонда ол қандай көмек? Орыстар қазақтың қолына бiр сайман ұстатты ма? Қазаққа ара түсiп, жоңғарларға қарсы бiр взвод аттандырды ма? Жоқ, өйт­кен жоқ. Керiсiнше, жоңғарлармен астыртын келiсiм жүргiздi. Қытай, моңғол деректе­рiне жүгiнер болсақ, жоңғарды Батур хунтайшы басқарған 15 жылда (1635-50 жж.) Ресей мен Жоңғар арасында 17 рет, ал 1720-55 жылдары 19 рет елшi алмасқан (БНМАУ-ын түүх. Дэд боть, 1604-1917. УБ., 1968,   73-б). Орыстар қа­зақ­қа көмектес­кенi былай тұрсын, халқы жоңғарлардан жапа шегiп жатқан қазақ ақсүйектерiн үгiттеп, кейде тiптен қысым жасап, бiр-бiрлеп Ресейдiң бодандығына (подданство) өткiзiп, өтпегенде­рiнiң қыр соңына түсiп тыныштық бермеген.

Ресей бодандығын алғаш қабылдаған Әбiлқайырдың өзi орыстардан күткен жемiсiн көре алған жоқ. Керiсiнше, ресейлiктер­дiң айтқанымен жүрмегенi үшiн жүрiп-тұруына шектеу қойылып, ақыры Орынбор губернаторы И.Неплюевтiң тiкелей нұсқауымен Орта жүздiң сұлтаны, өзiнiң аталас туысы Барақтың қолымен өлтiрiлдi.

Бiр жағынан жоңғар шапқыншылығы, екiншi жағынан Ресейдiң қысымы күшейгендiктен Орта жүздiң ханы Әбiлмәмбет, Абылай баһадүр сұлтандар 1740 жылы Орынборда Ресеймен келiсiмге отырды. Бұл Ресейге бағыну емес, тактикалық шегiнiс болатын.

Қазақ арасында "Абылайды Қалдан-Сареннiң қамағынан азат етуге орыс елшiсi К.Миллер мырза көмектестi" деген пiкiр қалыптасқан. Шынымен солай ма? Деректерге жүгiнiп көрелiк. Егер орыстар шынымен Абылайды азат етудi iзгi мақсат тұтса патшаға патша хат жазуы керек едi. Бiрақ, К.Миллер Қалдан-Серенге патшаның емес, Орынбор губернаторының хатын апарған. Жоңғарияға бара жатқан жолында К.Миллер қазақтармен кездескенде Ұлы жүздiң батыры Наурыз оның "Абылайды азат етуге бара жатырмын" деген сөзiне сенбей хатты көрсе­туiн талап еткен. Бiрақ, К.Миллер ол хатты қазақтарға көрсетпеген. Орыстар Абылайдың бостандыққа шығуын қолдамағаны былай тұр­сын, В.Моисеевтiң айтуынша, Абылайдың босап шығуы Ресей билiгiн қатты алаңдатқан. В.Моисеев осыған байланысты И.Неплю­ев­тiң Сыртқы iстер коллегиясына жiберген хатынан үзiндi келтiрген. Онда И.Неплюев "Абылайдың еркiндiк алуы өте қауiптi" деп жаз­ған (Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи ХVII-ХVIII вв. А-А, 1991, с.153). Нәтижесiнде "қытайларға iш тартып отыр" деген желеумен Орыс патшасы 1771 жылы Абылайдың хандығын мойындамай қойды. Ол туралы жарлықта былай дейдi: "Следствие этого предписано не выдавать Аблаю грамоту и другие знаки на ханское достоинство, а чтобы этот варвар сильнее почувствовал негодование, вызванное его поступками, велено прекратить выдачу ему жалованья" (Грумм-Гржимайло. Западная Монголия и Урианхайский край. Т.II, Л. 1926, с.696). Ақыры не болды? Қазақтар жоңғарлармен 120-125 жыл (1635-1757) жанкештiлiкпен күресiп жоңғар басқыншыларынан азат етiлгенде орыстың қол астына қалай түсiп қалғанын өздерi де бiлмей қалды...

1820-жылдан бастап қазақ жерiнде округтер мен округтiк приказдар құрылды. Түтiн басына, тiптен өз жерiнде өздерi көшiп-қонғаны үшiн салық төлейтiн болды. Кенесары көтерiлiсi басталғаннан 30 жыл бұрын 1809 жылғы приказ бойынша салық төлей алмаған қазақтар балаларын құлдық­қа бердi. Ұл баланың құны 4-5 қанар қара бидай, қыз баланың құны 3-4 қанар қара бидайға бағаланды (Е.Бекмаханов. Қазақстан ХIХ ғ. 20-40 жылдарында. Алматы, 1994, 142-б). 1830 жылы жер аударылған поляк Густав Земскийдiң "Қырғыздар" поэмасында қазақтардың ауыр халi баяндалған.

Орыстар қазақтың мемлекетiн жойғаннан кейiн "бос жатқан жерлерiне" қол салды. Орыстар 1690-1830 жылдар аралығында қазақ жерiне казак, орысы аралас 1 миллион 350 мың адам, 100 мың әскерилер әкелген. Және оларға 150 мың кержақтар мен баптистер келiп қосылған. Бұл сан жыл сайын өсiп отырған. 1868 жылы тек Сiбiр казак әскерiндегi адам саны 135756 адамға дейiн өскен (Марат Мұқанов. Қазақ жерiнiң тарихы. 23-б). Осының бәрi отарлау болмағанда орыстар қазақ даласынан атасының басын iздеп жүр ме едi?!

Кенесары, сiз айтқандай, авантюрист емес, ол - мұрагерлiк жолмен 1841 жылы қыркүйекте Ырғыз бойында үш жүздiң өкiлдерiнiң қатысуымен сайланған қазақтың соңғы ханы. Шыңғыс ханның "Ұлы жасақ заңы", "Тәукенiң жетi жар­ғысынан" берi Ел, жерiнiң тұтастығы, мызғымастығы үшiн хан жа­уапты. Ата қонысына орыстар келiп гарнизон, қамал, бекiнiс салып, халқын тонап жатса, хан қалай қол қусырып қарап отырмақ?! Кене хан ел, жерiнiң алдындағы парызын орындап, Ресей отаршылдығына қарсы шықты. Ал сiз болсаңыз ол үшiн Хан Кенеге екi түрлi кiнә тағасыз.

1). "Ата-бабамның жерiн босат деп ұялмай-қызармай Ресей патшасына ультиматум қойды". 2). "Абылай ханның кезiндегi қазақтың ескi хандық жүйесiн қайта құр­маққа әрекет жасады" дейсiз..

Бiрiншi мәселеге келсек, ата-баба жерiн бөгде мемлекет күш­пен басып алып әскери қамалдар құрып, шұрайлы жерiн тартып алып жатса басқыншыға "Не жерiмдi босат немесе тұратын жерiңдi айт!" деп дат қоймағанда Ақ патшаны қонаққа шақырып, ақсарбасын айтып сойып аяғына жығыла ма? Жауына дат қою - ата тәртiп. Мұндай датты бұрын Шыңғыс хан татарларға, Орыс хан Темiрге, Барақ хан Ұлықбекке қойғанынан хабарсыз сияқтысыз.

Автордың Кене ханға жапқан екiншi кiнәсi тiптен де қисынсыз. Кенесары хан атасының көнерген хандық жүйесiн қайтадан жаңғыртпақ болды дейдi. Сонда қалай Ресей ХIХ ғ. басында салихалы капиталистiк қоғам құрып жатыр ма едi? Өздерi "Ұлт халықтарының түрмесi" ("Тюрем народов") деп атаған самодержавиялық жүйеде едi ғой. Ал сонда Кене хан орыстар 15 жыл бұрын күшпен жойған Қазақ хандығының шаңырағын қайта көтермегенде қазақ даласына "Хрущевтың коммунизмiн" әкеп орната ма? Айтқан сөзде титтей де болса қисын болу керек қой, қисынсыз сөз қыңыр пiкiр тудырады немесе құрдымға кетедi.

Автор Кене ханға "көненi көксеушi" деген кiнә тағады да "Кене хан Шыңғыс ханның заманында, тым болмағанда Абылайдың заманында туу керек едi" деп келемеждейдi. Шыңғыс хан мен Кене ханның арасында алты ғасырдан астам уақыт жатыр. Ал Абылай хан - Кене ханның атасы. Абылай хан өзiнiң саяси көреген­дiгiнiң арқасында Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынасты тең ұс­тап, Ел тәуелсiздiгiн сақтап қалды және тәуелсiздiктiң тiзгiнi­нен айрылмауды ұрпағына аманат еттi.

Әрине, Кене ханның жасаған қарсылық қадамдары бүгiн сiзге ұнамағаны сияқты кезiнде Ақ патшаға да ұнамады. Патша Кенесарыға қарсы жазалаушы отрядтарын бiрiнен соң бiрiн аттандырды. Қазақ сұлтандарының арасына iрiткi салды, қайсыбiрiне мансап, марапат ұсынып, Кене ханды қолдағандарды аямай жазалады. Қырғыз манаптарының, хиуалықтардың күшiмен Кене ханның алдынан тосқауыл қойды. Қазақтардың береке-бiрлiгiне дақ түсiрдi. Нә­тижесiнде Кенесары көтерiлiсi­не қатысушылар ауыр жағдайда жан аямай күрестi. Ақыры жеңiлдi. Жеңiлгенi, басын алдырғаны үшiн сiз оның жауын емес, өзiн кiнә­лайсыз. Бiр өлген ханды екiншi рет өлтiрмек кiмге тиiмдi екенiн ескерiп көрдiңiз бе?

Бұл мақаланы оқығанда бiр түйгенiм, автордың қазақ халқына деген шектен шыққан өшпендiлiгi. Мына жолдарды оқып көрiңiзшi "По отношению к Казахской степи Россия была не агрессивной, а скорее, обороняющейся стороной, которая просто вынуждена была брать Степь в кольцо крепостей и пограничных линии" деп қазақ жерiн жаулап алған Ақ патшаны емес, өз елiн, жерiн қорғағаны үшiн "То, что казахи и сами всем своим соседям житья не давали" деп өз халқын кiнәлайды.

Қайсыбiреулер тағы да бұл ауыр жағдайдан бiздi Ресей құтқарды деп жүруi мүмкiн. Иә, кеңес дәуiрiнде Қазақстанда мектеп, аурухана, бiрер өндiрiс, қала, қалашықтар тұрғызылғаны рас. Бiрақ қазақта Ресейге бас ұрғаннан өзге жол жоқ па едi? ХIХ ғасырда өркениет жағынан бiзбен қарайлас болған Жапония, Корея, Малайзия бүгiн қай деңгейде, Ресейдiң "шапағатына бөленген" бiз қай деңгейде жүрмiз? 1921-1930 жылдардағы аштық, репрессия құрбандарының төгiлген қаны үшiн кiм жауап бередi?

Менiң ойымша, қай кезеңде болмасын, тығырықтан шығатын жалғыз жол - Ресейдiң қолтығына кiру емес, сөйтiп өз халқын бөгденiң алдында жығып беру емес, өз бетiмен тығырықтан шығатын жол iздеу. Мұндай жолдың торабы көп.

Сондай жолдардың бiрi - қазақтың ұлт-азаттығы үшiн қозғалысы едi. ХIХ-ХХ ғасырларда отар халықтарда бұдан өзге жол болған жоқ, Кене хан - осы жолды таңдаған қазақтың көрнектi өкiлде­рiнiң бiрi. Қазақ - өз тарихында басқыншы болып, бөгденiң жерiн басып алған емес, тек өз елiнiң, жерiн басқыншылардан жан аямай қорғап келген халық. Мысалы, ресейлiк әскери тарихшы Н.Середа қырғыз-қазақ қатынасының шинелiсуiнiң басты себепкерi ре­тiнде Хиуа хандарын кiнәлайды. Ал сiз сол баяғы Кенесарыны кiнәлай­сыз.

Кенесарының қырғыз манаптарына қарсы аттанған соңғы ша­буылының iшкi себептерi бар. Бұл жолғы соғыс та қазақ жерiнде өт­кен. Қырғыздардың ежелгi мекенi Батыс Моңғолия, Енисей, Абакан, Iле, Жетiсу, Тәңiр тауы б.з.б. III-II ғасырлардан берi Үйсiндердiң ата мекенi. Әлем тарихында (әсiресе ежелгi қытай деректерiнде) үйсiндердi қазақ деп таниды. Қырғыздар Алатауға ХҮ ғасырда Хайду ханның тұсында келген. Кекiлiк тауы, Қаракемер - бұрын да, қазiр де қазақтың Үйсiн, Дулат, Шапырашты тайпаларының мекенi.

Елiнiң азаттығы мен тәуел­сiздiгiн сақтап қалуға бағытталған Кенесары қозғалысы - алға тартқан саяси талаптары бойынша прогресшiл көте­рiлiс. Бұл әуелi ру аралық жауласу, феодалдық бытыраңқылықты жойып, орталықтандырылған бiртұтас мемлекеттi қайта құруға бағытталған қадам болатын (Е.Бекмаханов). Бұл - Кенесары көтерiлiсiне бiрден-бiр дұрыс баға.

Ал сiз мақалаңыздың соңында төрт түрлi "үлкен" қорытынды жасапсыз. Егер орысқа қатысты шындықты айтудан ат-тоныңызды ала қашқаныңызды айтпағанда екiншi қорытындыңызбен келiсуге болады. Басқалары тарихи талдау тұрғысынан сын көтермейдi.

Сiз Кене ханды, Кене хан арқылы қазақты тарихтың орына жыққыңыз келедi. Бiрақ бұл жөнiнде халықтың ойы мүлдем басқаша. Халық:

Кенесары кеткен соң,

Иесiз қалды тағымыз.

...Бастан тайды бағымыз,

Бұлбұлдай сайрап жүр едiк,

Байланды тiл мен жағымыз (Нысанбай жырау), - деп қара домбырасының үнiне қосылып зар жылап, бүгiнге дейiн ханының басын iздеумен келедi.

Ал сiз халқыңыздан асып қайда бармақсыз, орыс сiзге пана болады деп ойласаңыз қатты қате­лесе­сiз, қамқорлық түбiнде осы "жаман" қазағыңыз тұрғысынан жасалуы мүмкiн.

Зардыхан Қинаятұлы,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

"Жас Алаш" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2275
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3592