Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3790 0 пікір 21 Қыркүйек, 2012 сағат 09:44

ЕЛІМІЗДЕ КИНО ЖОҚ, АЛ КИНОФЕСТИВАЛЬДЕР КӨП

Еліміздегі ең ірі киностудия басшыларының бірі баспасөзге берген пікірінде «киноға идеология қажет емес, кинодан тек өнер іздеуіміз керек» дегенді айтып, аузы күйген еді. Бұл сөз кино саласындағы майталман маманның аузынан шығатын сөз емес сияқты. Не десе де, кино өндірісін идеологиясыз көзге елестету әсте қиын. Аузы дуалылардың айтуынша, нағыз кино - идеологияны арқасынан тастамай арқалап жүретін өнер. Кино - тек өнер, тек көңіл көтеруші құрал ғана емес, ол қазіргі таңда ақпарат құралына да жатады екен.

Еліміздегі ең ірі киностудия басшыларының бірі баспасөзге берген пікірінде «киноға идеология қажет емес, кинодан тек өнер іздеуіміз керек» дегенді айтып, аузы күйген еді. Бұл сөз кино саласындағы майталман маманның аузынан шығатын сөз емес сияқты. Не десе де, кино өндірісін идеологиясыз көзге елестету әсте қиын. Аузы дуалылардың айтуынша, нағыз кино - идеологияны арқасынан тастамай арқалап жүретін өнер. Кино - тек өнер, тек көңіл көтеруші құрал ғана емес, ол қазіргі таңда ақпарат құралына да жатады екен.

«Басқа пәле тілден» деген тәмсіл осындайдан шықса керек. Алайда, киноны - идеологияның құралына жатқызғысы келмейтіндер сапалы фильм түсіруге де талпынбайтыны түсінікті. Содан да болар, соңғы кезде елімізде экранға жол тартқан фильмдердің көбі көрермендер тарапынан қатты сынға ұшырады. Атап айтқанда, «Несиеге махаббат», «Эх, еркектер», «Қарой», «Келін», «Қайрат - чемпион», «Махаббат тәлкегі» т.б. фильмдердің қоғамдық сынға алынуы көрермен деңгейінің тым төмендігінен емес, қайта қазақ киносының заманауи, нағыз кәсіби жоғарғы талаптарға сай келе қоймайтындығынан. Тіпті осы кино саласының білгір мамандарының көбінің ортақ пікірінше, қазіргі таңда қазақ киносы бар деп мақтанарлық күйіміз жоқ! Осы тұрғыда белгілі киносыншы Бауыржан Нөгербектен артық айта алмаймыз. Ол баспасөзге берген пікірінде: «Біріншіден, кино туралы заң қазақ ұлттық киносының статусын анықтауы керек. Екіншіден, ұлттық киногерлердің туындыларын құқықтық қорғау мәселелерін шешу керек. Қазіргі таңда біздің ұлттық кинопрокат басқа елдердің кино өніміне қызмет жасайды. Одан түскен пайда тек қана жекеменшік кинотеатр иелерінің мүддесіне жарап жатыр. Ал Францияда шетелдік кинодан түскен қаражаттың бір мөлшері ұлттық киноны дамытуға жұмсалады. Кезінде Ресей де ұлттық фильмдерді салықтан босатты. Ал бізде жеңіл-желпі сюжет, эротика, төбелес басып кетті. Сондықтан да «Қайрат девственник» сияқты фильмдер түсіріледі. Және олар көбеймесе, азаймайды. Ол фильмдер туралы біз неге жазбаймыз? Өйткені жазуға тұрмайды...», - деген екен. 
Есесіне, осындай киносы жоқ Қазақ­стан­да кинофестивальдер көп-ақ. Біздің елімізде «Шәкен жұлдыздары», «Еуразия» кинофестивалі үнемі ұйымдастырылып келеді. Ара-тұра экшн-фильмдер фестивалі де жалауын желбіретіп қояды. Бұл жанрда басқа елдермен жарысқа түсетін фильм де жоқтың қасы. Мұндай қисынсыздыққа қазір таңғалмайтын да болдық қой. Киноөндірісі дамыған, кино түсіруден оқ бойы озық тұрған елдерде аталмыш кинофестивальдер салтанатпен өткізіліп жатса, түсінуге болады. Мақтаулысын көрсетіп, көрермендерді қандай жақсы туындыларымен қуантатынын кеңінен насихаттап жатса, несіне қызғанамыз? Өкініштісі де сол, қазақ кинофестивальдерінде көбінесе басқа елдердің фильмдерінің бағы жанып жатады. Ал біз кинофестивальдерді солар үшін ұйымдастырып жүрген сияқтымыз. 
Иә, бүгінде көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері кино түсіруден көш ілгері. Салыстырмалы түрде айтсақ, оқ бойы озық тұр десе болады. Олар 8-ші рет ұйымдастырылып отырған «Еуразия» кинофестивалінде де бір шоғыр фильмдерін көрермен назарына ұсынбақшы. Кейбір жас режиссерлер дебют фильмдеріне бата алса, енді бір майталман мамандар жүлделі орындардан дәмелі. Айтпақшы, кинофестивальге арнайы қонақ ретінде шақырылған шетелдік актерлер де Алаш жерінде алшаң-алшаң басады. Жылдағы дәстүр осы. 
Айтпағымыз да бұл емес. Жұрттың көбін мазалайтын жайт - отандық сапалы фильмдердің жоқтығы. Әлгіндей жұртқа масқара боларлық дүниелерді түсіргеннен жастарға қандай тәлім-тәрбие береміз? Тіпті соны басқа елдерде өтетін кинофестивальдерге қатыстырудан қысылмаймыз да. Бәзбіреулердің бетке барынша мақтап, сыртымыздан мысқылдап жүргеніне де назар аудармаймыз. Осыдан кейін «Біз кинофестивальдерді неге және кім үшін ұйымдастырып жүрміз?» деген заңды сауал туындайды екен. 
Кино - қару. Қару болғанда да адамдарды бір-бірлеп құлататын оқмылтық емес, ә дегеннен тобыр-тобырмен сұлататын аса қауіпті жарылғыш. Жапонияның экс-премьер-министрі Юкио Хатоямо бір сөзінде: «Біз сая­сатта жүріп, адамдардың санасына жеткізе алмайтын ұғымдарды кейбір режиссерлер бір фильм арқылы ғана түсіндіреді. Сондықтан мен саясаттан гөрі кино күшті деп айтар едім», - депті. Сол сияқты Қытай да өз көрермендеріне адамзатқа ортақ гуманистік құндылықтар мен мемлекеттік саясаты ұштасқан өнер туындыларын ұсынуды бас­ты мақсаты санайды. Ал біз кино саласына идеологияның басты қаруы ретінде қарауды қашан үйренеді екенбіз?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

0 пікір