Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 4054 4 пікір 9 Ақпан, 2022 сағат 13:35

Қостанай университеті: Түп бастауы һәм Байтұрсынұлы

Қазақстандағы көптеген жоғары оқу орындарының ашылу тарихы өткен ғасырдағы  кеңестік дәуірден басталады. Иа, кеңес дәуірінде жоғары оқу орындары сала-сала бойынша ашылғаны - тарихи шындық. Бірақ сол шындықты тым аспандатып жібергеніміз де рас. Кеңестік науқаншылдық 1917 жылғы Қазан төңкерісінен (большевиктер бүлігінен) кейінгі қоғамды мазмұны бөлек, жаңа заман деп насихаттағаны белгілі. Таптық идеологияға сүйенген большевиктік билік өздері орнатқан «жаңа заманды» діни аңыздардағы дүниедегі жанды тіршілік иелерін топан судан аман алып шыққан Нұқ пайғамбардан кейін қайта басталған тіршіліктің дәрежесіндей биікке көтерді. Дегенмен де, кеңес дәуіріндегі кейбір оқу орындарының бастауы Алаш, Түркістан автономиясының құрылған кезеңімен байланысатыны бар. Мысалы, еліміздегі жетекші оқу орындарының бірі Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің тарихын тереңдете қарау мәселесін белгілі алаштанушы ғалым, академик Д.Қамзабекұлы бірнеше жыл бұрын көтерген болатын (Мархаббат: ҚазПИ-дің іргетасына 90 жыл емес, 100 жыл толды).

Тарихи бастауы кеңес дәуірімен шектелмеуге тиісті оқу орындарының бірі, біздің пайымызша, А.Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университеті. Бұл оқу орнының қазіргі ресми тарихы 1939 жылы ашылған Мұғалімдер институтынан басталады. 1955 жылы аталмыш оқу орны алдымын Амангелді батыр, кейін СССР-дың 50 жылдығы атауын иеленген Педагогикалық институтқа айналып, тәуелсіздік жылдары А.Байтұрсынұлы атындағы университет мәртебесін алады. Ал Мұғалімдік институттың арғы жағындағы тарих идеологиялық көзқарастың салқынынан есепке алынбай келді.

Ал, шындығында, арғы тарихқа тіктеп бойлап көрсең, тереңдеп кетіп, аяғының ұшы су табанына тимей қалады. Себебі тереңде кемінде 42 жылдық мазмұн бар. Мұғалімдік институтқа дейін де Қостанай қаласында педагогикалық техникум, педагогикалық курс пен педагогикалық класс сынды оқу орындары мұғалім мамандарын дайындап, жұмыс жасаған.

Сөзді түп бастаудан тартайық. Қостанай қаласында мектеп мұғалімдерін дайындау жұмысы патша заманында қолға алынды. 1892 жылдан бастап бұрынғы Торғай облысында ауыл мектептері қаптап ашылып, 1896 жылға дейін облыс көлемінде 35 ауылдық мектеп жұмыс жасайды. Қатты қарқынмен ашылып жатқан ауыл мектептеріне жеделдеткен түрде мұғалімдер дайындау мақсатында 1894 жылы облыстық әкімшілік Қостанай қаласында екі жылдық мерзімге шақталған Педагогикалық класс ашу мәселесін көтереді және оған жергілікті қаражаттан 3000 рубль бөлуді жоспарлайды. Жоспарланған оқу мекемесі 1897 жылы екі сыныптық орыс-қазақ мектебі жанынан ашылады (қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп).

Аталмыш оқу орнының ашылуы туралы «Тургайская газета» басылымы 1897 жылдың №108 санында арнайы хабарлама жазып, жұртшылық тарапынан Орынбор мұғалімдер мектебіне бөлінген 17 стипендияны Қостанай педагогикалық сыныбына ауыстыру мәселесі көтерілгенін баяндайды.

1901 жылдың статистикалық есебінде Педагогикалық сыныптың меңгерушісі болып М.Н.Грховодов деген ұстаз қызмет атқарғандығы байқалады. Сонымен қатар сыныпта дін сабағын жүргізушіден бөлек, екі мұғалім қызмет атқарған. Бірі – Василий Иванович Гурылев, екіншісі -  А.Байтұрсынұлы(1 сурет):

1 сурет. Педагогикалық сыныптың оқытушылар құрамы.

А.Байтұрсынұлы Қостанайға, шамамен, 1899-1900 жылдары Әулиекөл болыстық мектебінен ауысып келеді. Мұнда ол Торғай облысы халық мектептерінің директоры, түрколог, ағартушы А.Алекторовпен жақсы қарым-қатынас орнатып, тамыр-жолдас болады. 1902 жылдың 4 наурызында Халық ағарту министрлігі А.Алекторовты Ақмола және Семей облыстары халық мектептерінің директоры етіп тағайындайды. А.Байтұрсынұлы директордың іс жүргізушісі болып бекітіліп, 1902 жылдың 1 мамырынан бастап Омбыға қызмет ауыстырады (Мархаббат: Ахмет Байтұрсынұлының Қостанайда жазылған қолжазбасы табылды).

А.Байтұрсынұлының Қостанайға түскен табанының ізін шоламын десеңіз, сол Қостанай педагогикалық сыныбына ат басын тіреп, сынып ашылған мектеп ғимаратына бас сұғасыз. Ол ғимараттан Сізді 1861 жылы Троицк қаласында ашылған уездік орыс-қазақ мектебін 1884 жылы Қостанайға көшіріп алдырған ағартушы қайраткер Ы.Алтынсарин қарсы алады. Одан әрі аталмыш сыныпты тамамдаған кісілер бой көтереді. Олардың қатарында М.Дулатұлы, С.Көбеевтер бар... Тарих па? Сөзсіз мазмұнды тарих!

1897 жылы жұмысын бастаған Педагогикалық кластың одан кейінгі тағдыры қалай болды? 1915 жылдың статистикалық есебінде ол «Қостанай педагогикалық курсы» деп аталғанын байқаймыз. Оқу мерзімі сол баяғы - 2 жыл. Бірақ курстың оқытушылар құрамы кеңейіп, 10 оқытушыға дейін өскен.  1901-1902 жылдары А.Байтұрсынұлымен бірге Педагогикалық сыныпта сабақ берген В.И.Гурылевтің әлі де болса оқытушы болып жүргені байқалады. Пән оқытушыларының қатары да кеңейіп,  дене гигенасы, сурет, ән сабақтарының мұғалімдері қосылған (2 сурет.).

2 сурет. Қостанай педагогикалық курсының құрамы.

1915 жылды үлкен өзгерістердің алды болған жылдардың бірі деп санасақ, большевиктер мүлдем жаңа кезең деп санаған 1917 жылдан кейін Педагогикалық курс жұмысын жалғастырған ба?

Еліміздің архивтік мұрағатынан Қостанай педагогикалық курсына байланысты құжатты кездестірдік. Онда курстың шәкірттері мен ұстаздарына былғары аяқ киім беру тізімі хатталған.

Тізімде курсанттарды тұрақты тыңдаушылар деп атаған. Олардың  саны –  үш параққа тізілген 70 адам (3 сурет):

3 сурет. Былғары аяқ киім алуға ұсынылған курсанттар тізімінің алғашқы парағы.

Педагогикалық курста дәріс беретін оқытушыларға келетін болсақ, былғары аяқ киім алуға ұсынылғандардың саны курс меңгерушісін (Алексей Гроза) қоса есептегенде - 17 кісі (4 сурет):

4 сурет. Былғары аяқ киім алуға ұсынылған лекторлардың тізімі.

1897 жылы 4 оқытушыдан басталып, 1915 жылы 10 адамға жеткен құрам, 1921 жылы 17 адамға дейін өскен. Дәріс жүргізілетін пәндердің де қатары көбейген. Бұл динамика педагог мамандарды дайындау жұмысы жыл-жылдан жылға артып, өрлеп отырғанын көрсетеді.

Педкурстың шәкірттері мен ұстаздарына жылы аяқ киім беру мәселесі Қазақ АССР автономиясының атқарушы билігінің (Совнарком) шешімі арқылы жүргізілгені сөзсіз. Ал сол үкіметте 1921 жылы халық ағарту комиссары (Наркомпрос) лауазымын Ахмет Байтұрсынұлы атқарған еді. Ендеше, теориялық тұрғыда, оның Қостанай педагогикалық курсына қандай да бір ықпалы болған деп пайымдауға болады. Себебі қазақ өлкесінде мұғалім мамандарын дайындайтын оқу орындары саусақпен санарлықтай еді. Қостанай уезін Қазақ автономиясының құрамында қалдыруға елеулі үлес қосқан А.Байтұрсынұлы Қостанай қаласындағы өзі оқытушы болған Педагогикалық сыныптың жалғасы болған Педагогикалық курстың тағдырына бей-жай қарамаған болар деп ойлаймыз.

Ал кеңес билігінен арғы 1917-1920 жылдардағы Алаш автономиясының билігі тұсында А.Байтұрсынұлы Алашорда үкіметінің 5 кісіден тұратын оқу комиссиясын басқарғаны белгілі. Демек, билік қайта-қайта ауысып, өлара кезең орын алған тұста Қостанайдағы мұғалімдер дайындайтын оқу орнының үздіксіз жұмыс жасауына А.Байтұрсынұлының қандай да бір қатысы болғаны анық. Мұны айқындайтын архивтік мұрағаттар да табылып қалатынына шүбә жоқ.

1917 жылға дейін 20 жыл тарихы бар педкласс пен педкурс кеңес үкіметі толық орнаған 20-30 жылдардағы жоқшылық пен ашаршылық кезген, үрей мен қорқыныш орнаған қиын-қыстау кезеңде өзгеше атаумен жұмыс жасайды. Қостанай педагогикалық институтының тарихын зерттеп жүрген тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.М.Легкийдің жазуынша, 1939 жылы Қостанай мұғалімдер институты ресми түрде ашылғанға дейін қалада Руспедтехникум және Қазпедтехникум сынды, тіпті, Қазинститут деген оқу орындары жұмыс жасаған. Атақты әдебиеттанушы М.М. Бахтин 1931 жылы қуғын-сүргінге ұшырап Қостанайға жер аударылып келген жылдары Қазинститутта, Қазпедтехникумда дәріс оқып, 1936 жылға дейін Қостанайда өмір сүреді.

Енді осыдан келіп сұрақ туады. М.Бахтин қызмет атқарған Қазинститут, Қазпедтехникумдар жасындай жарқырап, көктен түсті ме, әлде жер астынан екі құлағы тік шығатын жіктей сопаң етіп шықты ма? Әрине, жоқ. Ол бұрынғы 2 жылдық Қостанай педагогикалық курсының көңінде пайда болғаны сөзсіз. Ал педкурстың патша заманындағы педкластан пайда болғаны анық. Сөз орайы келгенде айта кетуіміз керек, М.Бахтин дәріс оқыған институттың бірнеше жылдан соң ізім-қайым жоғалып, педагогикалық техникумға айналып кеткені арнайы зерделенетін мәселе.

Сонымен, 1939 жылы кеңес билігі «құндақтаған» Мұғалімдер институты ашылады. Сыртқы тоны институт демесеңіз, заты, яғни ішкі мазмұны - баяғы Қостанай педкласс, педкурстардың жұмысына арқау болған – мұғалімдер дайындау ісі. Басты өзек - осы. Ал сыртқы тонның өзгеруі таза саяси мәселе. Саяси мәселе өмір шындығына қаулы, бұйрық, жарлықпен орнығады. Өмір шындығының сол бір саяси астарын сөгіп тастасаңыз, көне мазмұнның аса қатты өзгермейтінін байқайсыз. Бұл орайда «Тақыр жерге шөп шықпайды», «Теңіз де тамшыдан құралады» деген халық даналығына да көңіл бөлген абзал деп санаймыз.

Ал дамыған, мәдениетті жұртта мұндай мәселеге көзқарас қандай екен деп жан-жағымызға зер салсақ, оқу орындарының түп негізін келте қайыру емес, ұзын сонардан тарататынын байқаймыз. Тарихын қиқымнан құрап, құнттай білетін елдердің даңқты оқу орындары бастау арнасын орта ғасырлардағы діни мектептер мен колледж сынды орта оқу орындарымен байланыстырады.

Түйіндей келгенде, қазақ руханиятының алып тұлғасы А.Байтұрсынұлы бірнеше жыл қызмет жасаған, М.Дулатұлы, С.Көбеев сынды ағартушы қайраткерлер мұғалімдік білім алған Қостанай педагогикалық сыныбын қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің түп бастауы деп айтуға толық негіз бар. Сондықтан университеттің тарихын сонау 1897 жылдан қайыру – ойға қонымды, ақылға сыйымды таным. Биылғы жылы сол бір тарихи оқиғаға 125 жыл толып отыр.

А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде тойланатын жылы ағартушының шығармашылық ғұмырнамасының беймәлім тұстарына көңіл аударып, шынайы тарихқа санамызды, таным-талғамымызды «тұздай» білсек, Алаштың ардақты тұлғасын терең, кешенді түрде тануымызға септік тигізген болар ма едік?!

Алмасбек Әбсадық,

А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай университетінің профессоры.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1570
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2265
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3564