Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2706 0 пікір 20 Қыркүйек, 2012 сағат 11:03

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Мақпалдың партия мектебіндегі оқуы ауылшаруашылығын коператцияландырып, мал шаруашылығын қырғындаумен аяқтап еді. Қызметке әлі бөліне қоймаған. Сұң Жанхуа «шешесі» арқылы сіңірген арызымыз бойынша келіншекті Шинжаң институтынан оқытуға ыңғайлап жүргенімде қызмет жолдамасы шыға келді. Тағы да сол ауылшаруашылығын коперацияландыру қызметі. Енді жоғары дәрежелі коперация ұйымдастырмақ екен. Жаңа ғана құралған отауымызда бір-бірімізге қарасып отырып қалыппыз.

- Оқудан да, күйеуден де жастай айрылып, тағы да қаңғимын деші! -деп күлгенімде, Мақпал көзінен маржандарын қос-қостан тастап жіберіп, құшақтай алды.

- Жоқ, бармаймын, оқимын!...

- Әрине, оқисың, жаным, жылама! Алғаш уәделескенімізде қойған талабың осы еді ғой, орындаймын, қайтсем де орындаймын.

- Оқуға осындайда орналасып алмасам, енді бірер жылдан соң...

- Ие, ие, іңгалайтындар бөгейді демексің! -деп қосқанымда еңкілдеп күле жылады Мақпал. Мен алдыма отырғызып уата сөйледім. - Оны да ойластырғанбыз ғой, оқуыңа ол да бөгет болмайды, тәрбиеші шеше табылады!... Ал, мен қазір-ақ барып, байланысты орындарға қызметке шықпайтын себептеріңді түсіндіріп келейін, бұл жөнінен қамсыз бол!

- Сен бұл іске кіріспе, жаным! Өзім-ақ сөйлесемін. Сен барсаң, төңкеріс қызметіне қарсы тұрды дейді!

IV

Мақпалдың партия мектебіндегі оқуы ауылшаруашылығын коператцияландырып, мал шаруашылығын қырғындаумен аяқтап еді. Қызметке әлі бөліне қоймаған. Сұң Жанхуа «шешесі» арқылы сіңірген арызымыз бойынша келіншекті Шинжаң институтынан оқытуға ыңғайлап жүргенімде қызмет жолдамасы шыға келді. Тағы да сол ауылшаруашылығын коперацияландыру қызметі. Енді жоғары дәрежелі коперация ұйымдастырмақ екен. Жаңа ғана құралған отауымызда бір-бірімізге қарасып отырып қалыппыз.

- Оқудан да, күйеуден де жастай айрылып, тағы да қаңғимын деші! -деп күлгенімде, Мақпал көзінен маржандарын қос-қостан тастап жіберіп, құшақтай алды.

- Жоқ, бармаймын, оқимын!...

- Әрине, оқисың, жаным, жылама! Алғаш уәделескенімізде қойған талабың осы еді ғой, орындаймын, қайтсем де орындаймын.

- Оқуға осындайда орналасып алмасам, енді бірер жылдан соң...

- Ие, ие, іңгалайтындар бөгейді демексің! -деп қосқанымда еңкілдеп күле жылады Мақпал. Мен алдыма отырғызып уата сөйледім. - Оны да ойластырғанбыз ғой, оқуыңа ол да бөгет болмайды, тәрбиеші шеше табылады!... Ал, мен қазір-ақ барып, байланысты орындарға қызметке шықпайтын себептеріңді түсіндіріп келейін, бұл жөнінен қамсыз бол!

- Сен бұл іске кіріспе, жаным! Өзім-ақ сөйлесемін. Сен барсаң, төңкеріс қызметіне қарсы тұрды дейді!

- Жоқ, менің бұл жөніндегі пікірім де ондай құқайдың қарсы жағынан шығады: Сен төңкерістік күреске ес білгеннен бастап қатынастың. Құрбандыққа бас тігіп, мақсатыңа жете алмайтыныңды білген күні өле салатын, үздіксіз қатер астында күресіп келдің. Сондағы іздегеніңнің ең негізгісі оқу бостандығы болатын. Партия мектебіне, қызмет алу үшін емес, тек сол бостандығыңды алу үшін ғана келгенсің. Оған куә Сұң Жанхуа мен оның әпеке-жездесі. Оқу-білім жолындағы мұндай төңкерістік жанқиар тілегіңе төңкерісшілер емес, кері төңкерісшілер ғана қарсы болып келген. Мен осы шекке жатекізіп сөйлей аламын!

- Мұны өзім сөйлесем сиады, сен араласа көрме!

- Мұны өзің сиғызғаныңмен, онан соңғысын айта алмайсың да сиғыза алмай қаласың!... Оқуға биылдан бастап түспесең, оны бітіргенге дейін балалар шулайды да, мен тулаймын!

- Ха-ха-ха-һа-һа..а..!

- Сонда сенің төңкерістік мақсатыңа жеткізбей қойған, бәрі-бір мен болып шықпаймын ба!... Жоқ, мен сенің алдыңда кері төңкерісші болғым келмейді, уәдем-уәде, жоғары мектепке дейін оқытамын деп алғанмын, оқытамын! Жоғары коперациясы түгіл аспандағысы болса да,  оқудан тыс кадрлары жетеді!

Асылқан кіріп келгенде ғана қарадық сағатымызға. Түс болған екен.

- Жо-жоқ, бұл, бармаса болмайтын қызмет! -деді Асылқан таласымыздың жайын тыңдап алған соң. - Коллективизмнің - коммунизмнің қызметі ғой бұл. Идеяңды шынықтырып, қыл көпірден шалдырмай өткізетін қызмет осы. Бұған бармаймын деп бас тартушы болмаңдар, Құдай сақтасын, құлақтата көрмеңдер!... Келін, ең игілікті қызметке бөлініпсің, қызмет орның құтты болсын!

- Асеке, саған-ақ лайық қызмет екен осы, -деп жымидым мен. - ақынсың ғой, шабытыңды қайрап, көзіңді жайнататын талай материал тауып келер едің!

- Амал не, мені жібермей отырмай ма. Одан басқа пайдасы да өміріңе жетіп жатыр ғой. Бұған қатынассаң адасқан оқ тимейді, отқа денең күймейді. Аларман жауың батпайды. Сөйтіп, бар қырсықтан сақтайды. Социализм құрылысына қол салып кіріскен, коммунизм үшін күрескен, нағыз төңкеріс жауынгері боласың да тұрасың, тірлігіңде де, өлігіңде де салтанат құрасың!... Ұлы Маужушидың өз қолындағы жауынгер болуға не жетсін!... Келін, әлгі менің аманатым бар ма, әкелші!

Аманатының не кендігін ұмытқан келіні маған аңыра қарап тұрып қалды да, есіне мен күле түсірдім:

- Анау күнгі сүйіншілік арақ ше!

- Жақсы да жақын көретін қайнағасын мұндай құнысыздыққа қимады ма, асығыста арақпен сыйлап отыру, ақылана симады ма:

- Үйбай! -деп мырс ете түсті Мақпал. Бұл оқыс таңданысынан қызара тұқырды өзі. Ыршып барып, ваза-таленкелерімен дастарқан жасады. Термос пен шынаяқ әкеліп, шай құя қайырды жауабын:

- Оныңыз бар, мен сәй қуырып жіберейін!

- Шай ішсек болды, келін, болды, басқасының керегі жоқ, сонымды әкеліп бер де өзің отыр мұнда!... Ой рахымет, келін, болды, көп жаса! -деді бір шыны тостағаншаны менімен қағыстырып жіберіп, өңешіне құя салды. Мен ішпей дастарқанға қоя салдым. - Ұлы Маужушидың бұл қамқорлығынан айрыла көрме, келін! -деп қайталап тиянақтатты насихатын. - Жә, Биға, жазғытұрым ұйымдастырып болған коперациясынан енді құратын коперациясының не парқы бар екен?

- Бұрынғысы «үшті бірлестіру» - жер, күш көлік, өндірістік құрал-сайманды ортақтастыру болатын. Енді «бесті бірлестіретін» жоғары дәрежелі коперация құрмақ, бұрынғы үшеуінен сырт, егіншілік қатынас-тасымал құралдары мен егістік маңындағы қора-қопсылар да ортақтастырылмақ.

- Тамаша, тамаша дәнішпандық!... Осындай көсемнен айланып кетпейміз бе!  -деп Асылқан ыдысындағы арағын көмейіне тағы да құя салды. - Алсаңшы, ей, сен де! -деп тыжырынып, тамағын қырына өтінді.

- Менің түстен кейін өте жауапкерлікпен істейтін жұмысым бар, ішпей барайын!... Тамашасы тамаша, -дедім сонан соң коперация туралы разылық пікіріне қосылып. - Мұның тамашалығы коллективизмді секірмелі, тәуекелді, үйреншікті формамен емес, сатылы, байыпты түрде орындау ғой. Мұның атын шеберлік дейміз. Бірақ,  сол сатылы-салмақты өрлеудің тағы бір шарты жетпей, шикі күйінде қалар ма екен деп қорқамын!...

- Тек, Биға, мұндай қайшы пікір айта көрме!

- Соңын айтпаса кері төңкерістік пікір болып та кетер, тыңдап көр!... Коллективтестірудегі ұшқалақтық енді былай көрініп жатыр: алдыңғы жылы егіншілерді мойынсеріктесуге әрең көндіріп едік. «Осылай серіктесіп істесеңдер молшылыққа жетесіңдер!» деп бастап, көп үгітпен көндіргенбіз. Осылай тым болмағанда екі жыл бойларын үйретіп-әдеттендіріп алмай, сол жылы іле-шала копирацияласуды тағы да үгіттей жөнелдік. «Осылай істесеңдер молшылыққа жетесіңдер!» деп тағы сылдырадық. Іс жүзінде биыл жазғытұрым, сол айтқан молшылығымыздың орнына тапшылық, кей жерлерде тіпті ашаршылық та пайда бола қалды... Шешендіктен Құдай атайын дегенде дуасыздыққа кіріптар етеді. Бұл ашаршылық, біздің коперациямыздың лайықсыздығынан-жеткіліксіздігінен болған емес, соған тәрбиелеу уақытымыздың жеткіліксіздігінен - солшылдық апаттың араласып кеткендігінен болды. Ал енді үшті ортақтастырған осы коперациямыз биыл ғана жалпыласып болған шақта, енді бесті бірлестіріп жоғары коперация құрсақ тіпті молшылыққа жетеміз деп шықпақпыз!... Бұл айтып отырғаным болмыс. Ал, өз пікірім былай ғана: біздегі егін шаруашылығын коллективтестіру қызметінің осы үш сатыға бөлініп жүргізілуі дұп-дұрыс. Бірақ, жау қуып келе жатқан көштей қуаламай, әр сатыға бой үйрету-әдеттендіру, жаңа санаға жеткізу сынды идеялық тәрбиеге уақытты молынан беріп отырып өрлетсе ғана дұрыс. Олай болмағанда «үгітің бір тиын» болып, зорлықты күшке айналады. Егіншілікте сан жылдар бойына басып жатқан бытыраңқылық-жекешілдік індетті коллектившілдіктің жеңуі үшін осы сатылар бір-бір тарихи дәуір сипатында өтуі қажет. Сонда ғана тиянақты өміршең ұйым болып қалыптасар еді!

"Рас-ау" дегендей бас изей тыңдап отырған Асылқан, осы изектеуімен «партияға шек келтіріп, күнәға бата қалғанын» енді сезген адамша селік ете түсті.

- Биға, осыған басымызды ауыртпай-ақ қоялық! Партияның бір күндік басшылығы бір ғасырлық жеңіске жеткізіп отырғанда, асығыс стелді деген сөз бе. «Қиялдан өмір озды» деген осы. Біз қиялдап болғанша орындап болу, тек компартияның ғана қолынан келетін іс! Қане, тек Маужушиымыз бен оның партиясының жасай беруі үшін шелік осыны!

- «Есіл пікірім қор болған!» деген оймен қарқылдап күліп жіберіппін. - Саған айтып отырыппын-ау осыны!... Партия мен Маужушиды жоялық деп отырғандай көрінуімді қарашы!... Ха-һа-һа-һа.. қане осы жақсы тілегің үшін ішсем, шейін, бірақ, мұнан соң зорлама!...

- Ой, шіркін, қызық дүние-ай, -деп Асылқан жадырай түсті сонан соң менің көңілімді де аулап қоюдың кезегі енді келген сияқты. - Егін шаруашылығын кеше ғана коперацияландырып, ұһу деп отырғанымызда, енді бүгін одан өте шығады деп кім ойлаған. Алал жүректі сенің мұны айтатының да табиғи. «Қиялдан өмір озғанда» осылай озатыны да табиғи ғой! -дей салды.

Осы жуанбас, тұртпақ қара досыма жымия қарап отырып қалыппын. Ахыметқан мен екеуі, бір соқаға мойынтұрық қосқан пар өгіз сияқты көрінді алдымен. Бірінің қара, бірінің ақсұрлығы болмаса, тұрықтары бірдей. Күштері мен төзімділіктері де бірдей. Араққа келгенде пысылдап тарта беретін, мас болуды, желігуді де, жеңіліп сенделектеуді де білмейтіндей, күндіз-түні құйсаң да зерікпей жылжыта беретін қасиет екеуіне тең біткен. Бұлар жұмыстың ауырлығынан қорықпайды. Қорықпайтыны, ауыр жұмыстан қашып шыға біледі, зәуліғалам, қашып құтыла алмай қалса, оны бітірем деп әуре болмай, қабақ та шықпай, өздерінің арақ ішкендегілеріндей ғана пысылдап, қыбырлап зеріктіреді. Әлеуметтік қамы түгіл өз семияларының қамы да қаперлеріне кірмейді. Қаперлеріне кірмейтіні, әлеумет жүгі халықтың мойнында, семия жүгі қатындарының мойнында болып дәндеткен. Құдай тағала бұл екеуін ұқсатқанда әйелдерін де бір-бірінен аудырмай ұқсатып, үңірейген арса-арса сүйектерден жасап беріпті... Сөйтіп, борбас пен батпақта да, тегіс даңғыл мен тайғақ мұздарда да екеуінің жүрісі осы жүріс.

Ахыметқан мен Асылқанның қорқатындары да бір ғана құбыжық. Парлап жеккен сол қос өгіз қорқатын құбыжық сияқты бір ғана бишік-саяси бишік. Барлық зерделерін сол бишікке ғана жұмылдырып алған. Қай жағымыздан келіп шарт ете түсер екен деп алақтайды да жүреді. Бақырайған алакөз болып қалулары содан сияқты. Сол бишік басқаларға үйріліп, сылдай бастағанда өздеріне де тиіп кеткендей мықшыңдасып жібереді де, топырақты бұрқақтатып, ала жөнеледі соқаларын...

Айтпақтайын, қасымдағы мына қара «өгізімді» сұры «өгізге» бүтіндей ұқсатып, жазықсыз жазғырып тастай жаздаппын ғой. Бір науқан басталып, саяси қамшы үйріле бастағанда, «пар өгіз» шошынғандықтарынан соқаларын жеделдете сүйреп, бұрқақтата жөнелді дедік қой. Содан бастап екеуінің парқы көріне бастайды: сұры өгізде жалтару, бұрылу деген болмайды. Мұрындықсыз ұрыншақ, алдына не келсе соны басып, бәрін де соқалай береді. Ал, қара өгіз бейшара мұндайда екі жағына жалтақтап, байқай ілеседі сұрыға. Қожадан ғана емес, жазықсыз біреудің қазан-ошағын соқалаудан да қорқып, ондайға дөп келгенде бұрыла бұрқақтатуға беттейді. Сөйтіп сұры өгіз бен парласудан қалады...

Асылқанның «құбыжықтан» қорқатын себебі Ахыметқандікінен бір есе көп еді. Ол, гоминдаңның жыңса мектебінде оқыған. Сол қылмысын да есінен шығармайды. Құйрығым әлі де активтердің қолында деп жасқанып, біреуге зәбір көрсетіп қоюдан сақтанады. Және сол мектепті бітіргендігіне лайық сөйлеу тәсіліне де бай. Пікірлер қақтығысында өзінің зілдей салмағымен домалақ қарбызша, қай жақта, неліктен домалап жүргенін де сезбей қаласың.

Ал, Ахыметқан ондай кері төңкерістік кертартпа мектеп түгіл «оң тартпа» мектеп те көрмеген. Медреседен алған қой қаттық сауатын былай қойғанда, шүкіршілік айтса айтарлықтай, оқу білім жағынан «тарихы тап-таза». Ұлттық армия қатарынан бір полктың саяси жетекшісі болып өсіп шыққан. Ұлттық армия офицерлерінің көбін кәсіп ауыстырған шақта армиядағы сол «ұстаздық» дәрежесі бойынша оқу-ағарту меңгермесіне орынбасар бастық болып бөлініпті. Сөйтіп, Ақыметқан бұл дәуірге өз әке-шешесінің байсымақ отбасынан емес, төңкерістік армия сабынан келген. Сондықтан таптық жағынан да тап-таза. «Үшке қарсы» науқанда жолбарыс санын толтырушылар жағынан иегіне «таңба» басылып, жаңсақтан жыртқыштар қатарына қосылып қалғаны болмаса, тарихынан ешқандай хаупі жоқ еді.  Мұны «құбыжықтан» қалтыратып қойған, тек, қазіргі мәнсабына лайық ғылыми негізінің жоқтығы ғана. Алған қызметіне бұл жағынан мүлде лайықсыз болғандығынан саяси-идеялогиялық жақтан толымдылығын сақтап қана күн көргісі келеді. Әсіресе саяси жақтан кіршіксіз сенімділікке мұқтаж. Өзін осы мәнсапқа Құдайдай қолдап көтерген, расында да, саяси мүриттігі мен идеялогиялық сәбилігі. Мүриттігім болмаса бұл мәнсаптан мұрттай ұшамын деп біледі. Саяси қамшыдан дерек сезілгенде, беталдындағыны соғып-шағып, соқалап ала жөнелетіні содан.

Асылқан мен Ақыметқан сыртқы бейне жағынан ұп-ұқсас болғанымен ішкі дүниелернің осындай парықтары да бар еді.

Мен Асылқанға күлімсірей қарап отырып қалғанымда, ол көз қырын бірер жүгіртіп қойып жымиды. «Қиялдан өмір озды» деп мені алдарқатуына қарай, әлдеқандай биіктен қомсына жымиған жайымды сезген екен.

- Әлгі пікіріме қарап мені ішіңнен сынап-шыжғырып отырсың-ау, қуым, ә! -деп күлді. - Құдай біледі, «арақтан басқаны білмейтін неткен топас едің!» деп отырған шығарсың!

- Мені де пәлендей балиғатқа толған жігітке санап, жарылқап отырғаның белгілі ғой! -деп күлгенімде ол қарқылдай күлді. - Қайта мен Ахыметқандай топасқа салыстыруға болмайтын жорғалығыңды бағалап отырмын!

- Хы-хы-хы-һы Ахыметқан не деп еді?

- Ол, осындай пікірімді естіп, «Құдай сақтасын сенен!» -деп «бағалады» ғой!

Асылқан құшақтай алып, маңдайымнан жоғарыға сылап-сылап жіберді де, қаттырақ күлген Мақпалға қарап тез жиылды.

- Ол иттің сондай шошқалығы бар, Құдай соның өзінен сақтасын сені! -деп күлімсіреді. Біреуді көзбе-көз мақтардағы әдетімен төмен қарап жалғастырды сөзін. - Пікірің көзіңнен де өткір, шалымды-жалынды жігітсің ғой, бірақ оныңды ашық бағалаудан не пайда! -деп қалды да арағын стаканына толтыра құйды. Жұтып жіберіп соза күрсінді. - Асқар таудың қойнауларындай алаң-ашық досым, тек аман бол!

- Осы жолы мақтауыңды сұрап-ақ алдым, Асеке, тек, аңқау-мақау табиғатша ашылып-шашыла береді екенсің дей көрме! - Және осы партиядан жақсы партия іздейді екен деп те күдіктенбе, «жоғалсын» деп қоймасын  дегендей, «жасасыныңды» жаудыруыңнан қорқып қалдым!...

Асылқан кеткен соң Мақпал екеуіміз аймаласа отрып айтысып, келістік: ол өз мектебіне жалғыз өзі кетті де, мектеп бастығына Сұң зыдауянды ерте кіріп, арызына растама жаздырып алып келді. Ертеңіне өлкелік партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне екеуіміз бірге барып, оқуына рұқсат алып қайттық. Мақпал өз талабы бойынша, Шинжан институтының физика-математика факултетіне түсті.

Абыла жөніндегі тергеу толқыны ұйғыр қызметтестердің көбін жайқап өтіп, басқа мекемелердегі, тіпті көшедегі дос-жарандарына дейін шарпыды. Олардың бірнешеуін сүңгітіп әкеткенде, қазақ қызметтестерінің басына шашыранды су да жұқпағаны ұйғыр қызметтестердің күмәнін қоздырған көрінеді. Әрине, ол күмәннің шын негізі Ахыметқанның қоспа-қойыртпақ пікірлерінен құралғаны мәлім. Ал, менің Ошұр ахұнға айтқан шайка жөніндегі жорамалым ұйғыр қызметтестердің көкірегіне Ахыметқанның сол қойыртпағымен бірге кіріп, іштерін кептірмесін бе. Сөйтіп, «кек алу шайкасы деген көрсетінді қазақтардан шықты» деген күмән асқынып, қояға айналып қалған сияқты. «Ей қазақ!», «ей қоңқабай!» деп шақыртаын болды қазақтарды. Менің Ахыметқаннан алыстауым, олардың көзін алдау үшін әдейі істеліп жатқан «жасырынымпаздық», «қулық», «айлакерлік» болып қала берді. Әбілемит пен Ошұр ахұн алдында ақталуым, өзімді ақтай алмай, сол мағынада жексұрын көрсететін болғандықтан, оларға да заулығалам иіліп қоюдан арланатын болдым. Сөйтіп, егерлескен екі жақтан да алыс жүруіме тура келді.

Ұлттық жіктеу, ұлттық қорлау ретіндегі сондай атаулармен шақырғандарға алғашында қатал ескерту беріп жүрдім. Ондайлар сонда да көбейе берді. Көп еді. Ерінбей-жалықпай жіңішкелеп түсіндіріп, көкейлеріне қондыруға тырыстым: «қоңқабай» деген сөз тұмсығы кесек адамға, оның ішінде қимыл-әрекеті кесек, дөрекі адамға үйлеседі. Мәселен, Ахыметқанға сәл лайықтау. Егер ұйғыр халқынан іздесеңдер бұл атауларыңның жолы тіпті оңалар еді. Ал, маған мүлде үйлеспейді. Сол тәрізді «қазақ» деген атау, сендерге «мазақ» мағынасында айтылғандай сезім туғызғанымен бізге құрмет көрсеткендей естіледі. Мәселен: кемсіту үшін боқ шашудың орнына гүл шашқандай ақымақтықтың ісі болып қала береді. Бұл мисалдардан ұлтшылдықтың көзі басқа ұлттарға қашан да жұмулы болатындығы айқын көрініп жатыр. Достар, екі көзді бірдей кең ашып қаралық!» -деп орайы келген жиындарда да түсінік айттым.

«Биғабіл жолдас, қалжыңымызды шын көріп қапсыз» деп қарқылдап күле жүре шындай берді қоялылар. Мен сырттай бердім. Ұлттық мұндай жік пен бөлектеушілік өмір сүрсе, ол «қалжыңдарына» қарсы қалжыңдай жүріп, өзім де бөлектеуші болып қалмаспын ба. Олай болғанда интернационализмші-коммунизмші болу қайда!... «Гоминдаң бесігіндегі оқушы Биғабіл рушылдық жікке соншалық қарсы тұра білгенде, компартия столындағы коммунизмші Биғабіл ұлтшылдыққа қарсы тұра алмай ма!..». Сөйтіп, осы сенім, осы үнмен газет журналдарға теориялық мақалалар жаза бастадым. Пікірлес-армандас достар іздедім. Тарбағатай ауасында өскен ұйғыр достарымды алдымен көксеп, алдымен іздеппін. Махмұт Керім  мен Тұрған Әлиевтің үйлеріне жиы барып, үйіме жиы шақырып тұрдым.

Үрімжіге қызметке шақырылып келген жерлестерім көбейіп қалып еді. Бәрімен де етене туыстай болып бара жаттым. Бәрінен де қызығы - Үрімжіге сабақтастарымның жиналуы болды. Маған қызметтес болып Алтайдан Ынтықбай, Шәуешектен Қуат, Құлжадан Юсуп Қасым келгенде тойға бергісіз зияпаттармен қарсы алдым. Үйімен көшіп келген Юсуптың мен танымайтын «шөкенін» де сүйіп алыппын. Есесін жібермеу үшін ол менің келіншегімнің желкесіне егеудей иегін үйкеп-үйкеп жіберді. Өздерін күту үшін екі сабақтасын ертіп келген оқушы «қызға» одан артық қайтпек...

Абыланың пышақталуы турасында күмәнмен қамалғандар сол күздің соңына таман бір-бірлеп елеусіз түрде босатыла берді. Ең соңғы, ең ауыр күмәндылары қыс ортасында қайтарылды. Жалпы ұққаным, артылған қылмысқа ешқайсысы мойындамапты да, мойындатарлық мықты факт түспепті. Кімнің көрсетіндісімен қамалғандықтарын да, нендей мәселе қойылғандықтарын да айтпайды. Үнсіз жымиып қана шығып, жұмыстарын жымп қана істей берді. Қамалып жатқандағы айлық еңбек ақысын алуда да елпек, жұмыста да елпек.

Қызметіне тек Абыланның өзі ғана қайтпады. «Абыла гөй жазылмаса шықпайтын едік...» деп қана қойды біреуі. «Бүйрегім дей ме, бөрігім[1] дейме, бірдемем ауырады деп қана дем алып жатқан ұқсайды. Күтімі ерекше екен. Жәннатқа кіріп алған соң шыққысы келмей жатыр, жұмо!» деп күліседі. «Кісі өлтіру шайкасы» болып қамалғандар ақталса да, «қоңқабайлар шайкасынан» біз ақтала алмадық. Бұл атау үдеп, жалпыласа берді. Мұның ішкі мәні мен сырын білмейтін сырт ұйғырлар да қазақтарды солай шақыратын болды. Оған қарсы «сарт» дейтін атауды қазақтар қайта қолданды. Жақын екі ұлт ара қалжыңның «бисмилласына» айналды сөйтіп. Мұның алалық-жікшілдік мәні бар «қалжың» екендігін білетін менің ұйғырларым туыстарына қарсы түсінік айтып жүрді. Олардың «сен де қоңқабай!» дейтін тігіл жауап алып қайтып жүргенін де естідім. (Тарбағатайдың қазаққа үйірлесіп кеткен ұйғырлары қаззақша аралас тілде сөйлейтін. Олардың қоңқабайлық белгілері сол тілі мен бізді жақтағандықтарынан табылыпты.) Сөйтіп, қоңқабайлар қатары көбейе түсті.

Менің отауым әр сенбі кешінде «қоңқабайға» лық толатын болды. Өзімді қоңқабай демейтіндердің барлығын қоңқабай қатарына қосып күте беріппін. Сөйтіп жүргенімде Сәрсен саясат пен Әлия келді. Сәрсен өлкелік үкіметтің бір бөліміне аударушы болып келіпті де, Әлия партия мектебіне оқуға келіпті. Отауыма қос сайқалдың қосарлана жетуіне алғашында таңданып та, тіксініп те қалып едім. Мақпал мектеп жатағынан үйге қайтпайтын кеш, тұрмысымызды құттықтай келген Әлия Күләнмен танысып, ауыз үйге тамақ істесуге шықты. Оның ахуалын Сәрсен түсіндірді өзі жоқта. Әлияның өзгерісі мен партия мектебіне қабылдануы жөнінде тіпті қонымды шықты Сәрсеннің сөзі:

- «Гоминдаң адамды албастыға айналдырса, гоншандан албастыны адамға айналдырады» демеді ме гоморо, Биғаш, осының керемет даналық сөз екендігі іс жүзінде талай жерде-ақ көрініп жатыр! -деді ол.

- Дәл Әлияны албастыға айналдырған гоминдаң емес-ау! -деп мен күлдім.

- Ол, өз табының идеялогиясынан азат болу үшін қаншалық күресті десеңші, сол жолда әкесін де құрбандыққа шалмады ма!... Санасына қаншалық батылдықпен төңкеріс жасағандығын екі жылдан бері көрмедің ғой, Биғаш, ондағы Әлия жоқ қазір демсомолға[2] мүшелікке өтіп, ауданымыздың ең саналы төңкерісші, ең абыройлы қызы болды. Бақытына жарай күйеу жігіт те мықты болып кездесті ғой!...

Сәрсен сыртқа шығып кеткенде ол туралы Әлияның баяндауы да дәл солай сөйленді:

- Биға, «кімде-кім жаман болса, заманы бейнауат» депті ғой Абай атамыз... Бірақ, мен өзім... өзімді заман бұзған дегендей ақталмақшы емеспін. -деп қызғыш тарта күлімсіреп жалғастырды сөзін. - Менің ақымақтығым табымнан жаралып, өзімнің балалық-надандық әуесқойлығыммен өскен ғой!... Ал, мына Сәрсен ағаның өзгерісі адам таңданарлық өзгеріс болды. Бұрын өз пайдасынан басқаны білмейтін қыңыр еді ғой Сәкең, қазір кімде қиыншылық болса, семиясын да, өзін де соның құтылар жолына көпір етіп жатқызатын кісі болды!... Өзіңіз де көрерсіз әлі!...

Сәрсеннің өзгерісі жөніндегі Әлияның, бұл айтқаны Мақпалдың Тарбағатайдан көріп келгендерімен расталғандай, зейін сала тыңдадым. Бірақ Мақпал екеуіміздің қосылуымызға зиянкестік істеген осы салдақының өзін осы үйге мұнан соң үйір етпей, келтірмей қоюдың амалын ойластырғанымша ерекше бір өтініш қойып қалды өзі:

- Биға, өткен іс өтіп кетті ғой... қайта келмеске кетті енді, басқа басқа семияның адамы болдық... мұнан соң өзді-өз семиямыздың татулығын сақтауымыз шарт қой. Оларға... Мақпал мен менің жігітіме ештеңемізді сездірмей-ақ қоялықшы!

- Мақұл, -дедім мен жымиып. - Жігітіңізге ол жайды естіртпей өтуге сіздің бақытыңыз үшін уағда болсын! Ал, менің келіншегім әлдеқашан естіген, айтып қойғанмын. Сондықтан ендігары мұнда келмеуіңіз, оған көрінбеуіңіз дұрыс.

- Нені айттыңыз? -деп сұрлана қарады Әлия.

- Бәрін айттым. Алтайдан жолдаған төрт хатының маған тимеген себебі сенен болғанына сендіру үшін айттым.

- Алдында өткізген қылмысым үшін Мақпалға өмір бойы қарыздарлық сезіммен өтермін! -деп жыламсырай сөйлеген Әлия бетін басты. Көзінен бірдеме шығарып алып басты ма, әлде жылады деп нандыру үшін тағы да шығармай-ақ баса салды ма, онысына қарамадым. Түзден Сәрсен қайтып кірген соң, қайтқанша әңгіме сонымен ғана өтті.

Содан үш күн өткен соң Сәрсенбі кешінде Мақпалым, лыпылдап кіріп, асыла түсті мойныма. Өзі тұтқындықтан құтылғаннан кейінгі Алтай мен Үрімжіден маған жазған төрт хатын қолыма ұстата асылды.

- Міне, хаттарым табылды!... айтқаның түгел рас екен жаным!.. Әлия қайтарып берді, түгел айтты!

- Нені айтты?

- Ғашық болып сені қолына түсіру үшін оның істемегені жоқ екен ғой, бәрін айтып, кешірім сұрады менен!

- Кешіре салдың ба?

- Кешірмегенде, "мойындағанға - кеңшілдік, жасырғанға - қаталдық» дейтін көсем тәлімі бар ғой. Және... сені шынымен жақсы көрген адамды мен жек көрем бе!

- Ол мені жақсы көрсе де... сенімен күндес болды ғой, зиянкестік істеді ғой!

- Ол бұрын менімен таныс-біліс емес, қаншалық зиянкестік істегенін бейтаныстығынан өлшей алмаған. Сені басқаға қимайтындығынан ғана істеген. Ал, сен маған арнаған жүрегіңді сақтағансың. Мені іздестіріп-сұрастырумен ғана болғансың! Менің кегім сонымен-ақ қайтпады ма!

- Ол енді сенің ішіңе кіріп алып, мені тағы айландырса, болмағанда қастық істесе қайтпексің?

- Сенің оған азбайтындығыңа сенімім толық. Айландырғанға айлана беретін бас мынау емес шығар! -деп Мақпал күле құшты шекемнен. - Мен оны сембінің кешіне қонаққа шақырып қойдым.

- Сәулетайым, мына бұрын асқан арсыз әзәзіл болған. Арамызға суықтық салмасын деймін. Оншалық жақындасып кетпе онымен!

- Менің жер бетінде бар-жоқтығымды білмей тұрғаныңда менен сені суыта алмағанда, сенен мені енді суыта алмақ па!... Үлгі алсын бізден, оған жақсылық көрсеткім келеді, қастық істеп қайтер дейсің!..

Сөйтіп, сембілік кешімізге Әлия мен Сәрсен тағы келді. Маған жақын жүретін «қоңқабайлардың» көбімен қолдасып, қошаметтесіп те үлгерді. Мені «Биғаш», «Биған», Мақпалды «Нұрияш», «Нүкеш» атап жыпылдай берген соң, тас бекініп алу жөнін мен де ұмыта бастадым.

Маған әр кеш сайын келіп тұратын Ынтықпай мен Күлән бір-біріне бастан кешкендерін жасырмай-бүкпей түгел әңгімелеп болып еді. Күләннің сүйгенін гоминдаң өлтірсе, Ынтықбайдың жаңа алған келіншегі үшке қарсы науқанда «жолбарысына» ара түсіп өлген ғой. Сондай жан түршігерлік трагедияларын айтысқанда екеуі талай рет бірге жыласып та алған. Бір-бірінің сыр-сипатын алғашында менен ұққан екеуі көп өтпей жалтақтасып, күлімдесетінді шығарды. Екеуі де біреуге қарастағы өзді-өз әдеттерімен тұқыра-сүзе қарасып күліседі. Бұл «сүзілісулеріне» Мақпал екеуіміз дән риза болып жүрдік. «Менің әпекемнің көзі магнитше тартып бара жатыр-ау осыныңды!» деп маған Мақпал мақтанады да, «менің досымның мойны осыныңды мамықша жабыстырар әлі!» деп мен бәс айтамын. Сембілік кештерімізді осы екеуі үшін барынша жасап, өнерлі сауықпен өткізіп жүрдік. Мұндай кештерімізден Әлия мен Сәрсен қалмайтын болды. Қазан-ошақ пен дастарқан мәселесіне екеуі де шебер. Мақпал екеуімізді ол жаққа жуытпай, қонақтар қатарына отырғызып қойып күтеді. «Әлияш» би бастауға, «Сәкең» сауық басқаруға Құдайдың әдейілеп арнап жіберген көсемдері бола кетті. Ал, «әпеке-сіңілі Күләш пен «Нұрияш» бір құрсақтан қосылып ән айта туғандай ғой. Әсіресе, осы екеуінің әні «қоңқабайлар» ды қойша иіретін болды отауымызға.

Сембілік кештер біздің отаудан басталып, өзінен-өзі осылай ұйысты да, 54-ші жылдың жазғытұрымына келгенде жалпыласа дамыды. Әрқайсысы өз үйлеріне шақырып, кезектесіп өткізетін болды. Қалпымызды бұзбай баруға әдеттеніп алдық. Сөйтіп, дастарқанымыз ғана емес, ой-пікір, санамыз да бірлесіп, одақтасып кеткендей сезілді. Саяси пікірден мені талай састырып, қатты сақтандырып өсірген Сәрсен саясатымның өзі де сақтануды қойған сияқты. Жазаланады деп қайтарылған Уаңжынның Бижінге қайтып бара сала орталық үкіметтің бір министрі болып сайлана қойғанын «алдымен естіген» сол болып шықты бір отырыста.

- Үй, әлгі Уаңжін қалай жазаланды екен деп жүргенімізде бір министрліктің тағына шығып та үлгеріпті ғой! -деп қалған біреуге қарап мырс-мырс күлді ол:

- Жаңа естідің бе? Хы-хы-хы... былтыр 8-ші айда қайтып бара салысымен тағайындалған!

- Орталық үкіметтің басқа барлық ісіне сүйінсем де, осынысы миыма симайды! -деп Ынтықпай күрсінді. Жақын отырған Күлән «ол жаққа барма» дегендей стол астынан тізесін қағып қойғанын байқадым.

- Қалай ғана сиғыза аларсың-ау! -деп Сәрсен де күрсініп қойды.

- «Бәрекелде, Лаууаң, жақсы істеп келдің!» деп сый тартқаны ғой, миға симайтын не тұр онда! -деп өршелене түсті тағы бірі.

- Уаң шужидің бұл еңбегі үшін емес, Уаң генералдың бұрынғы еңбегі үшін көтергенде осылай көтер деп пе едік. Гоминдаңды қырғанына көтеріп болған! Шинжаңдағы өзінің қойлары мен қойшыларын қырғаны үшін аспанға шығарғаны қай өнер!

- Қол қашан да ішіне қарай иіледі, жігіттер, -деп Сәрсен тұжырымдады. - Мен соны ғана білдім!

- Осы сөзді қойсақ қайтеді! -деп қасында отырған жігіт күбірледі де, Сәрсен оған қарап, көпшілікке түсінік айтты:

- Мұндай отырыста мұндай сөз керексіз де шығар. Бірақ, өмір бойы аңсап күткен сөз-пікір еркіндігіміз енді ғана тиіп отыр ғой. Осылай сөйлесуге жеткізген Маужушиға мың алғыс. Ішімізге симаған бірер жайтты айтқанымызға қайтер дейсің. Уаңжын түгіл, жекеге шоқынуға қарсы тұруды дәріптеп, өзіне де пікір талап етіп отырмай ма көсеміміз!

- "Бәрін айт та бірін айт, ішіндегі дәнін айт" депті ғой бір қыз, -деді бір қу. - Бұлай болғанда әркім өз қотрын өзі қасығанға жететін мұрат жоқ екен!

- Ие, Уаңжынның жазалану орнына сыйлануын естігеннен бері ұйғыр жолдастар арасында осындай пікір көбейіп кетті! -деп аяқсыз қостай салды біреуі. Сөздің бөліну, дербестік талап ету сынды насырға шауып бара жатқанын түсіндім. Өзімше дұрыс тұжырым айтып, бұл тақырыптағы пікірлерді тиғым келді:

- Жолдастар, мәселе мынада, -деп қалғанымда, қасымда отырған Мақпал санымды қысып қойды да, қарсы жағымнан Әлия басын шайқап-шайқап жіберді. Сақтандырушы қамқорымның екеу болғанына күліп алып жалғастырдым сөзімді. - Кейінгі пікірлеріміз, үркетін жылқыша құйрықтарын көтеріп осқырына бастады ма, қалай!... Осы сөздің шығуына себеп болып жүрген мәселе, Уаңжын идеясын орталық комитеттің үзілді-кесілді шектейтін шара қолданбауы - біраз уақыт болса да жазаламауы ғана шығар. Орталық комитеттің бізді осындай идеяға келтіріп үркітетін жазығы бар ма?

- «Басқа не жазығы болсын!», «баспанамыз, ұйтқымыз болған соң халықтың осындай тілек-талабына жеңіл қарамаса дейміз де!» -десті бір-екеуі.

- Олай болса, дұрыс түсініп алу қажет! Уаңжынды осылай орналастыра қойған, компартиямыздың орталық комитеті емес. Соның ішіне кіріп алып, қымырлап жүрген басқаша тұрпаттағы бір жәндіктер. Тегінде битке өкпелеп, тонымызды отқа тастайтын ақымақтықтан аулақ болайық, жолдастар!

Тағы да Сәрсен бастаған бірнешеуі ду күліп, құптай жөнелді бұл жауапты. Жатып атар Асылқан осы сәтте бір жағымнан күбір ете түсті.

- Айтып отырған битің кім, ей?

- Кім болса болсын, қасқыр бар деп асқар тауымызға атом бомбы тастамайық деймін!... Ұлы мұрат жолында кішкене мәселеге қарап ұли бөліну, үлкен зиян тартқызады!

- Сонда да... қасқырың кім дегенім ғой? -деп тағы да бүлк еткізді Асылқан. Естіп қойған бірнешеуімен қосыла күлдім. Мені қорқытып отырған өзін өзінше күбірлеп қорқытып қойғым келді:

- Ақыметқан екеуіңнің ең қатты қорқатындарың көсемнің аты ғой, қасқыр деп ішіңнен сол кісіні межелеп отырған шығарсың!... Ол кісі нелеріңді жеп, соншалық құбыжық болып көрінді сен екеуіңе, соны өзің айтшы, қане!

- Біз қорқу емес, ол кісіні күніміз деп сыйлаймыз, қасқыр деп сол көсемді айтқан болсаң, тұмсығыңа қойып жібермекпін! -деп ол күбірледі.

- Бір басшыны күн деп шоқынатындарға қарсы күрес ашыңдар деп, ол кісі өзін адам деп санайтындарға бұйырып отыр. Кімнің тұмсығы қатер астында тұрғанын осыдан-ақ байқарсың. Ертең-ақ Ақыметқан екеуің көресің, тұра тұр, бәлем!

- Оғанға дейін ішіп ал десеңші!...

Осымен оның қалжыңы саяси түртпектен дастарқан түртпегіне айналды...

Былтыр Совет компартиясының бас секретары - Сталин өлгеннен соң оның ізбасарын қағып тастап, орнына Хрущев шыққан. Өлген көсемін «жеке өзіне ғана табындырушы болды» деп тірі көсем қаралап, қатты жазалай шыққан болатын. Жекеге табынуға қарсы науқан Совет одағында осылай басталып, Сталиншілерді кеңірдектеп жатты. Ал, Сталиннің табындырушылық ізіндегі ілесуші Жұңго компартиясының «қызыл күні» болып алған Маузыдұң, «Сталиннің басқа ұлы күрестердегі абыройын сақтап қалу» желеуімен ол науқанға қарсы болды. Солайда сырт көзге сталниншіл емес болып көріну үшін, «өз қызметіміздегі ондай жарамсыз стилден тәжірибе алуға - сақтануға» бұйрық түсірді. Сөйтіп, «жекеге табынуға қарсы тұру» науқанын біз де жүргізуге дайындалдық. Асылқанды «тұра тұр, бәлем» деп қорқытқаным осы айтылған науқан еді. Оның құбыжықты қалжыңын осы құқаймен тосқаным болмаса, азуымды басқаным, әрине, нақ табынушы Ахыметқан сияқтылар болады ғой. Үлкен газеттерден сол тақырыптағы мақалаларды қайта оқып, құралданып болғанбыз. Бұл науқанға әр күні таңертеңгі екі сағаттық үйрену уақыты ғана белгіленген.

Жекеге табынушылыққа қарсы өзара пікір айтысу, сындау сатысы басталғаны жарияланды бір күні. Бірақ көпшілік пікірі «өзара» түгіл мекеме маңына да жоламай, ауа жайыла берді. Кей бірі тіпті Құдай мен Сталиннен басқа табындырушы «таба алмады». Кейбірі одан төменіректерден іздесе де, Уаңжыннен басқасына беттей алмай сипалақтады. Кейбірі өз тіршілігімізден бірдеме айтқысы келсе де, табындырушысын атай алмай жаймашуақтады кеп. Біліктілері өз құйрығымыз қалай болар екен дегендей, арттарына жалтақтап, үнсіз қалды. Сөйтіп, бәрінің де шоқындырушыны мықтап шоқи алмай, шоқынушыны шоқығысы келмей отырғандықтары байқалды.

- Жолдастар, бұл науқанда біздің негізгі түзететініміз жекеге табынушылар, -деп бастадым өз сөзімді. - Табынушы мүриттер түзелсе, табындырушы әулиесі қайтер дейсің. Дәл қазіргі кезеңде біздің желкемізден басып зорлап табындырушы табуларыңыз қиын. Ал, сорлы бастарын өздіктерінен жерге соғып, өздіктерінен табынушылар баршылық. Ондайлар құлшылық пен табынушылықты қызмет орнын сақтап қалудың кілті деп түсінеді. Ондайлар қазіргі білікті құқығы бар жекелерді компартия орнына қойып табынады. Өзі сайлап, сиынып жүрген сол құқықтысы не айтса, соны партия нұсқауы деп, мойнына бойтұмар етіп таға қояды. Онысы, «пәленде кері төңкеріс идеясы бар болуы мүмкін» деп қалса, «ие, дәл таптыңыз, ол нағыз кері төңкерісші» дей салады. «Кіс іөлтіруші шайкада пәлен-пәлендердің барлығы байқалды» дей қалса, «дәл айттыңыз, мен де соны білдім. Ол шайкада осылардың бар екендігін көрініп тұр!» дей салады. «Ал енді осыны сіздің дәлелдеп бере алатындығыңызға сенеміз ғой?» деп сұраса, «дәлелдеу деген сөз бе, оны дәлелдеген-дәлелдемегенде не тұр, партияның өзі де көріп отырыпты ғой, ол қате бола ма, жүріс-тұрыстарынан маған да дәл солай көрінді. Мәселен, пәлен пәлен уақытта дәретке шыққанда, түген де шығып кеткен. Пәлен кіргенде, түген де кірген» деп қисындастырып, қиырдағы пәлені шиырдан тауып құрастыра береді. Осыдан келіп, жала да туады, қаза да туады. Дүниені тышпай бұлғайды! - Осы сөзге келгенімде қызметтестер дуылдай жөнелді. Пікірімді аяқтатуға әрең тоқтаттым. - Жекеге табынушылық бізге дәл осындай аса ауыр зардаптарын тигізіп жүр, жолдастар! Біздің осындайлардан бір рет болса да есеп алып, мұнысының қоғамға қаншалық дәрежедегі у болатындығын айқындап, түсіндіріп қоюға борыштымыз. Табындырушыны тию үшін алдымен табынушылықты тиюымыз қажет. Өзінің табынушыларынан айрылса, табындырушылардың өздері халыққа табынатын болады. Ең жақсы шара осы!

Сөйлеуді талап етушілер жалақтап, шуылдай көтерді қолдарын. Бәрінің де көз қыры Ақыметқанда екендігін байқадым. Ал, ол местің өзі қаннан қаперсіз, өзіне келер-кетер сөз жоқтай орындығына шалқалап, екі бұтын екі жаққа тастап, жатып алыпты. Ақырғы сөзімді айқайлап әрең естірдім басқарушыға:

- Менің бұл әшкерелеп тұрғаным, барлық табынушы пенделердің бір түрі ғана. Өз маңдайына құлдық таңбаны өзі басып алған ең сорлы біреуі ғана. Бұл табынушы дәл осы залда өз ортамызда отыр. Мәселесін алдымен өзі тексеріп, өзін-өзі түзетсін! Егер шындығына келе алмаса, иә, түсіне алмаса, пәктік көмегіміз бен түсінігіміз сонан соң айтылады! -деп тоқтаттым.

Ақыметқанға қарап, көпшіліктің түсі бұзыла бастап еді. Жиын басқарып отырған мекемеміздің кеңсе бастығы, бас хатшы Лижурін, сөйлеуді талап етушілердің ешқайсысына рұқсат етпей, өзі сөйледі мұнан соң. Біреудің атын атап сындамауды, қатты тиетін, абыройын төгетін сөз шығармауды, біреуге түсін бұзып шұқшимай, «Биғабіл жолдасша» жуас сөйлеуді ескертті. «Өзін-өзі сындаушылар болса, өз ықтиярымен шықсын, өткендегідей күреске тарту позициясын қолданбаймыз» -дей салып, жиын уақытының біткендігін жирялады.

Кешке жақын мені шақырып алып, тым «жуас» ескертті өзі де: «сіздің сөзіңіз бастан-аяқ орынбасар бастығымыз Ақыметқан жолдастың үстінде болғанын бәріміз де түсініп отырдық. Жақсы сөйлеп, қонымды, жетерлік тәрбие бердіңіз. Өзі де жақсы әсер алғанын айтты. Мұнан соң оның өзін-өзі тексеруі жөнінде қузастырмай-ақ қойыңыз. Ол да, сіз де партияның жақсы кадрлары. Біріңізге-біріңіз шабуылдай берсеңіздер жақсы нәтиже бермейді. Әсіресе, Ахыметқан жолдас партияның басшылық қызметтегі жақсы кадры.

- Партияның жақсы кадрлары бірін-бірі сындамаушы ма еді? -деп жымия сұрадым мен.

- Сындайды, әрине, сындайтынын білесіз ғой, бірақ, мәселен, Ахыметқан жолдас, тек партияға ғана табынамын дейді. Солай болу жақсы ғой, оны ашық сындап не өндірерміз!

- Сонда өзінің табынып жүрген «партиясы» кім? Кісі өлтіру шайкасы ретінде әркімді жаңсақ көрсетіп, алжастырып жүрген «партиясы» қай жолдас екен? Өзінен анықтап сұрадыңыз ба осыны?

- Аха...ха...һа...а... сұрадық, сұрадық, бәрін де сұрадық, өзі де мойындады, Биғабіл жолдас! Ал, осыны енді көпшіліктің алдында сөйлетудің кімге пайда, кімге зиян болатындығын ойланыңызшы! «Өзімді партия мәнпағаты жолында құрбан етуге әрқашан дайын тұрамын!» деп партияға өтерде берген анты бар ғой! Ха-ха-ха-һа... а... бұл науқан жөнінедегі жоғарының жол-жорығы осылай ғана сындау. Бұл міндетіңізді толық орындадыңыз, жақсы ескерттіңіз, болды!

Мен қолымды бір сілтеп тастадым да, жөнеле бердім. Ертеңіндегі науқан жиынында сөйлеушілердің кешегі арынынан тағы да айрылып қалғандығы көрінді. Кей «жолдас» нысанамызға артқан қылмыстарын «кемшілік» атап, қойжорға қоңырларын бүлкілдетіп қана өтіп жатты, Ахыметқан жаққа тіпті басар емес. Лижурін бәрін де емдеп қойыпты. Оның өзнің елпек, ерке бұралқысын қорғайтындығына сенетін Ахыметқан «Пу тыңжаң да»[3] бұл науқанды алшайғаннан алшайып, қатердің иісін де сезбегендей қаперсіз өткізді. Әйтеуір, сол кәрі қораздың сұры тәжін өткір тұмсығыммен алғашқы сәтте бір шоқып өткенім ғана сауап болғанын сезіндім. Бірер айға дейін мойнын ішіне тыға жымиып, маған жуастау қарап жүрді.

Онысының монтанси жүріп орай күту екенін қайдан білейін, құлағын жымқыра бастады бірер айдан соң. Шанхайдың Хупың атты дарынды ақыны «жекеге табынуға қарсы тұру» науқанында «тұп-тура партияға қарсы - Маужушиға қарсы шақшиып шыға келіпті» деп естігенбіз. Күштіге шақшия қоятын сау адам болмаса да, шиқанға тиіп кететін шындық болады ғой. Содан от алып «Хупыңға қарсы тұру» дейтін тағы бір науқан іле-шала басталып кетіпті. «Жекеге табынуға қарсы» науқанның аяқсыз тоқтай қалғаны, табындырушылардың өздеріне төнетін зобалаңнан қорыққаны екен де, Хупың сияқтыларды түншықтырып, құртып жіберу науқаны екен. Ақаңның құлағы бекер жымықтырылмапты.

«Хупың» ғана емес, «Хупың тобы», «партияға қарсы Хупың шайкасы», «Хупыңның кері төңкерістік ұйымы» аталып, зорая түсті. «Бұл науқанымыз, шынтуайтқа келгенде буржуазияның кері төңкерістік шабуылына қарсы шабуыл» деп бадырайғанда Ақаңның көзі маған ақшия бадыраймасын ба.

Сөйтсе де, сауапты ісім қылмысқа айналар ма екен деп күмәндана қоймадым. Буржуазияның шабуылы болса, оған қарсы мен шаппай кім шаппақ. «Буржуазияның конфет қағазына оралған бомбасына» - буржуазияның жалбызбалап кіріп алған жағымпаз сайқалдарына қарсы құлағымды қайшылап, мен де құралдана жүрдім.

Біздің буржуазияны өзгерту саясатымыз - ынтымақ, күрес - ынтымақ формасында. Ал, Хупыңшылар - буржуазияның партияға қарсы тісін қайрап шыққан бас өкілі. Сондықтан бұларды біз осы науқанда қатты сын тезіне алып түзетеміз. Түзелмесе, мәселені батыл күрес жолымен шешеміз деп белгіленді бұл науқанның характері. Алғашқы күнгі жиынымызда осы мазмұнға қарата әркім өз көзқарастарын сөйлеп, позиция білдірді. «Буржуазияның шабуылына қарсы» ауытқымай батыл күрес жүргізетіндіктері жөнінде қатысушылар түгел уағда беріп өтті. Бұл уағданы, әрине, Ахыметқан екеуіміз де мықтап бердік.

- Менің бұл реткі пікірім Биғабілдің үстінде, -деп бір зекіп жіберді де, қайтадан жуасып, сабазси жалғастырды сөзін. - Алдымен соны ескертіп қояйын, Биғабіл екеуіміздің арамызда жеке өштік - қастық жоқ. Біраз білімі бар қызметкеріміз болған соң, тең-тұс қызметтестерше тату-тәтті өтуге тырыстым. Бірақ, партиялық принцип бойынша, жолдас болмай, арандатушы, арам пиғылды оқымысты болған соң, шекарамды ажыратуға тура келді. Бұл азаматтың білімі түп түгел буржуазиялық білім екен. Мұның партияға кім жақын болса, сонымен жауласатындығы, өзінің кім екендігін айқын көрсетіп бере алады. Мәселен, өткен «жекеге табынуға қарсы» әрекетте кім екені белгісіз, партиялы-принципшіл бір кадрды қаншалық улы тілмен шаққанын көрдіңіздер ғой!...

- Көрдік, көргенбіз, білеміз! -деді бір ұйғыр жігіт күліп жіберіп, өшіктіріп айтақтай түскені сезілді. - Тұп-тура сіздің үстіңізден сөйлеп, сізді шаққан, сізді масқаралаған!

- Ендеше, солай-ақ болсын, -деп өршелене түсті Ахыметқан. - Хупың да солай шыққан. Партияны кім қорғаса, соған қарсы атылған. Ал, партияны Биғабіл да «көзбен мидан айрылған кеуек бас» деп, ... айдың... күні... інші сағатта, менің үйімде, дәл менің алдымда айтқан.  Және дәл сол отырыста «Маужуши компартиядан басқа адам», «компартия деген бір идеямен біріккен емес, құрама» дейді. Осылай ғой, Биғабіл мырза! Қане, Хупыңнан басқаша оқымысты екеніңді енді дәлелдеп көрші!... Жолдастар, сөзді енді осы Хупыңның өзіне беріп көрелік. Өзін-өзі тексерсін, мәселесін толық тапсырсын! Бұл, дегенмен буыны қатпаған жас Хупың ғой, өзін-өзі тез түзетіп, бөгелмей қатарымызға қосылып кете алар! Сөзімді осы жақсы үмітпен тоқтата тұрмақпын. - деді де қарнын былқ еткізіп отыра кетті.

Әділетті тергеушім, бір құлаққа әр айғай. Қашқан да Құдай дейді, қуған да Құдай дейді. Қашқандар құтқар деп тілесе, қуғандар жеткіз деп тілейді. Дүние у-шу. Бәрін бір өзіне табындыру үшін Құдекеңнің өзі әдейі осылай қарама-қрсы шулатып қойған ба екен деп ойлаймын. Ал, қарама-қарсы, қым-қиғаш мүдделер мен шырма шату, шытырман тілектер сол табындырушымыздың миын өз бас сүйегінің ішіне де қоймай шашып, қасқырға ет, қойға шөп етіп жіберген бе екен деп те ойлаймын. Мәдени төңкерісші, қып-қызыл қорғаушым, бәрін де өзіңіз басқармасаңыз мына әлем мәдениет пен санадан жұрдай болып, қалымыс шыңырауына батып кетер ме екен!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»



[1] Бөрік (ұйғырша) - ума.

[2] Демсомол (қысқартылған атуа) - демократиялық жастар одағы.

[3] Тыңжаң (ханзуша) - меңгерме бастығы. Путыңжаң - орынбасар меңгерме бастығы.

0 пікір