Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4340 0 пікір 20 Қыркүйек, 2012 сағат 10:45

Жандос Жүсіпбеков. Ит үрген

Жандос Жүсіпбеков,  1988 жылы Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Жаркөл ауылында туған. «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Сондай-ақ облыстық бірнеше байқаудың жеңімпазы. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп жүр.

 

Бәрі «жұлдыз» -

Өңкей әртіс,

Кіл әнші.

Болмай қайткен - соларға көп ұраншы.

...Ақын жұрты сақасына өкпелі,

Мың иіріп, түсіре алмай бір алшы.

 

«Тайғақ кешіп», жүгі жолда мың ауып,

Теңселеді ақын жұрты, сын ауық төбеге ұрса...

Сыбағасы сонда алар:

«Шеттеріңнен қияли һәм жылауық!»

 

Жылауық па?

(Күйдіруін қарашы!)

Бәлкім, рас (хақын айтты ол шамасы).

Жүрегінде сыздаса оның көрер ем,

Науқас қоғам өзегінің жарасы.

 

Мият таппай ар ісінің ғұрпымен,

Мұзбалақтар тышқаншылап жүр кілең.

Мандымаған мансабының лажы үшін

Мүшәйра іздеп, газет-журнал тінтіген...

 

Әдебиет бағы бүгін -

Құс үркек...

Туындылар - сия соры үшін тек.

...Әншілердің альбомы тұр саудада,

Ақындардың кітаптарын мүсіркеп...

 

***

Асқарымды келсе егер етене еткім,

Нақ өзіңдей өрлеткен,жетелеп кім?

Мекендесем мен сенің құшағыңды,

Жандос Жүсіпбеков,  1988 жылы Қостанай облысы Жанкелдин ауданы Жаркөл ауылында туған. «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Сондай-ақ облыстық бірнеше байқаудың жеңімпазы. Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарық көріп жүр.

 

Бәрі «жұлдыз» -

Өңкей әртіс,

Кіл әнші.

Болмай қайткен - соларға көп ұраншы.

...Ақын жұрты сақасына өкпелі,

Мың иіріп, түсіре алмай бір алшы.

 

«Тайғақ кешіп», жүгі жолда мың ауып,

Теңселеді ақын жұрты, сын ауық төбеге ұрса...

Сыбағасы сонда алар:

«Шеттеріңнен қияли һәм жылауық!»

 

Жылауық па?

(Күйдіруін қарашы!)

Бәлкім, рас (хақын айтты ол шамасы).

Жүрегінде сыздаса оның көрер ем,

Науқас қоғам өзегінің жарасы.

 

Мият таппай ар ісінің ғұрпымен,

Мұзбалақтар тышқаншылап жүр кілең.

Мандымаған мансабының лажы үшін

Мүшәйра іздеп, газет-журнал тінтіген...

 

Әдебиет бағы бүгін -

Құс үркек...

Туындылар - сия соры үшін тек.

...Әншілердің альбомы тұр саудада,

Ақындардың кітаптарын мүсіркеп...

 

***

Асқарымды келсе егер етене еткім,

Нақ өзіңдей өрлеткен,жетелеп кім?

Мекендесем мен сенің құшағыңды,

Жүрегімді сен менің мекен еттің!

 

 

Туған екем төсіңде -

Төсіңде өлем!

Құлдық ұрдым осынау шешімге мен!

Айналсоқтап жаныңнан кете алмаймын,

Нәрестедей кіндігі кесілмеген!

 

Болмасам да жұлдызға,

Айға құштар.

Маған кейде құшағын жайды алыстар.

Бірақ сені кете алман ұмыт қылып:

Арамызда бір ғажап байланыс бар!

 

Байланыс бар...

Созбай-ақ, сірә, мойын,

Тартасың-ау өзіңе, дұғагөйім!

Алыстасам - керіліп, демігіп қап,

Жақындасам - босаңсыр тұла бойым!

 

Байланыс бар,

Оны үзу - ұлы күнә!

Құт сындысың өйткені құлыныңа!

Қосып өріп жіберген емеспісің

Тұлымымды байқаусыз бұрымыңа?!

 

Үзілмеген (секілді ақырғы сым),

Байланыс бар, міз көрмес ақын күшін.

Әлде алпыс үшінші тамырымды

Уысыңа қысып ап жатырмысың?!

 

Байланыс бар нәп-нәзік.

Сезімге тең

Нәзіктікте талмайтын төзім бекем!

Көйлегіңнің жоқ әлде етегінен

Ұстап жүрген айырылмай өзім бе екен?!

 

Байланыс бар,

Сондықтан болам сыңар.

Өзегіңе (не жай бар бодансынар?)

Бәлкім, сенде - жартысы жүрегімнің,

Тулайтыны шарқ ұрып содан шығар?!

 

Ау, туған жер, сәтке бір түрші құлақ:

Ғашығымдай - әнші бақ, жыршы бұлақ.

Байланыс бар!

Ендеше ол байланыс -

Сезім!

...Бәлкім, одан да тылсымырақ!

 

Үшін бе екен мұң-шерге жаралатпау -

Жан-тәнімді жылуың аралапты-ау.

Байланыс бар!

Ендеше ол байланыс -

Мейір!

...Мүмкін, одан да ғаламаттау!

 

Байланыс бар,

Жанардан тамып қайғы,

Кетсе ғана сезілер (жан ұқпайды)...

Бәлкім, тылсым қалпында қала берер,

Бәлкім, тағдыр түбінде анықтайды.

 

Әйтеуір бір байланыс бар...

 

***

«Сағындым, әже»,

Айтарым - осы баяғы ән...

...Қасыма менің келуің тосын-ай әман -

«Құлынымшылап», ып-ыстық алақаныңмен

Басымнан ылғи сипайсың...

...Шошып оянам!

 

Ұйқыда жатқан миды да рас түрте ме мұң? -

Үрейдің (лажсыз) ерінін астырт өбемін.

Батылым бармай ұйықтауға,

Ұйықтамауға да,

Өларасында өң мен түс

Тас бүркенемін...

 

Тіземді көптен бүкпедім басыңа барып,

Сондықтан, әже, жүрмісің «жасыма қалып».

Өзің кеткелі есейген сағыныш иттен

Таланып жүрмін

(Нем бар ед асырап алып?)

 

Аяймын кейде сағыныш ғаріпті мынау,

Жұлмалап мені әуелі (анық қыңыр-ау)

Сен жаққа қарап ұлиды...

Бұл итті маған

Қалдырдың, айтшы, неліктен,

Жарықтығым-ау?!

 

Ауылға барғанда

 

Ауыл келдім.

Бола тұра көп құрбым,

Жақсы таныс қарт үйіне бет бұрдым.

Бәлен келіп, соқпай жүрген атама

Сәлем беріп кетсем бе деп кеп тұрмын.

 

«Жүгермегін» көрсе жаны жібіген,

Уай, мына шал танымай ма-ей шынымен?

-Әй, сен әлгі кәзит жазып жүр деген

Балғынбектің қаладағы ұлы ма ең?

 

Атың кім ед?

(Ұмытқан ба? Е, мейлі...)

-Жандоспын ғой

-Өй, жарқыным, не дейді?!

Жымиғанда - жүзіндегі байғұстың

Жүз қыртысы мың қыртысқа көбейді.

 

-Әкел бетті!

Ержетуін перінің...

(Бұл шал өзі сөйлейтін-ді кері кіл).

Күн қаппаған айнатаза бетіме

Былжақтаған жабыстырды ерінін.

 

-Ай, қарғам-ай, біздің жадтан не қалды...

Өнебірсет тәмамдаған сен... әлгі...

-Ия, ия... Өзің, ата, қалайсың?

-Ой, бұрынғы қауһарымыз жоғалды.

 

Е-е, бұрынғы жүріс-шабыс жоғалып,

Кәрі қойлық жасқа әйтеуір тоба ғып,

Байыз тапқан сымақтанып жаныма,

Отырғаным көлеңкеде омалып.

 

Көзім алды бұлдыратып тұрады,

Кем естіп жүр құрып қалғыр құлағы...

...Содан кейін, әдетінше, қария

Әңгімені саясатқа бұрады.

 

«Ойбай, ғажап болдық» дейді -

Бәрі алдан!

Көз ашпаймыз көз қыстыдан, қанаудан.

Бәрі естіген Пірзиденттің бұйрығын

Тәңәнәлет, тыңдамай жүр әлі аудан.

 

Бірінен соң бірі әкім боп кіл қыртың,

Тексіздердің бәріне ортақ бір құлқын...

(Бұл шал өзі жадау кейіп ауылдың

Айыпкерін аудан санар тұрғын-тын).

 

-Уот, заман ед біздің заман бұрынғы!

-Ім-м-м,-деймін де, тістей берем тілімді...

Беске білем дей алмаймын бұл шалды,

Білетінім - жақтамайды бүгінді.

 

-Кәзитіңнің жазатыны аз қарық қып,

Оқысаң - жұрт жатпағандай налып түк...

Мақаламды талдайды енді, қоншынан

Жыртындыны алып шығып жарықтық.

 

...Үнсіз қалса - етпей жүрген жайлы ішін,

Жанарынан байқап тұрам қайғысын.

Әлсін-әлсін төс қалтасын тінтілеп,

Сағатына көп қарайды байғұсым.

 

-Қой, қайтайын, күн ұяға қонды, - деп,

Кетерімде көзінде жас мөлдіреп:

-Қош бол!-деп ед, маңдайымнан иіскеп,

...Сол жолы оны көрген екем соңғы рет...

 

***

Секунд

 

Бір секунд.

Қас қағым, - сырлы еді бұл неткен.

Бағасыз, ал кейде құрметті:

Біреуге тым аз да бұл уақыт,

Біреуге тым көптеу.

 

Бір секунд.

Ғұмырың ілгері сәл басты -

Таусылды немесе жалғасты.

Бұл секунд - біреуге ең соңғы,

Біреуге алғашқы.

 

Бір секунд.

Тыңдашы жұдырық жүректі -

Тағы да лүп етті, дір етті.

Бұл секунд біреуді мұңды етіп,

Біреудің көңліне гүл екті.

 

Бір секунд.

Қуантып, жүдетіп,

Сыйлайды жылай мұң, күле құт.

Біреудің басына қонды бақ,

Біреуден ұшты да пыр етіп.

 

...Секундтар...

Түбі - мұң, беті - үміт.

Ғұмырым қалуда кетіліп.

Уақыт ұстатпай барады,

Секундтан-секундқа секіріп.

 

Бір секунд.

(Өзіндей қаскүнем неменің,

Қырланған ұшындай жебенің)

Оқталып тұр мені атуға...

...Қайтесің? - сұрама себебін!

 

Біз -күнәһармыз...

 

***

 

Тамыры өзің боп бақ-құттың күре,

Қиылмауыңды аптықтым тілеп:

Жүректің бүкіл лүпілін сенің

Тасбиық қып тізгем сәттік күлкіңе!

 

Қорғаштамасам оны бекініп,

Кетері жоқ-ты жөніне күдік:

Сен кеткен күннен қасымда жүр ол,

Жез тырнақтарын жеңіне тығып...

 

Шарасызданған күйін ұққам-дүр,

Десе күдік-жын: «Сыйынып қалғыр!..»:

Есіміңді айтып күбірлейді іштен,

Тасбиығымды иіріп тағдыр...

 

...Жазбасын сені...

«Жазаңнан» қашпан...

Мазала мейлі мазаңды алмасқа...

Бермеймін (сенен алған «тасбиқты»)

Ешкімге, жаным!!!

(...Ажалдан басқа).

 

 

«Ұялшақ»

 

Cені көрсем - айтарға сөзім болмай,

Абдыраймын (нық мейлі төзім қандай).

Жанарымның ұшымен ата салсам,

Өзіңсің ғой қоятын көзіңді алмай.

 

Кекіліңді шекеңе сермеп іліп,

Күйімді сен қаласың демде біліп.

Кердең басып қасыма таяй берсең -

Кете жаздап тұрамын жерге кіріп.

 

Сенің алғың келеді кімді сынға?

Дейтіндейсің жақын кеп: «тым қысылма».

Бет моншағым үзілсе, не болыпты?

Әлде ғашық дейсің бе?

(Жындысың ба?)

 

Бір ай болды -

Жүрсің сен осылай паң,

Бір ай өтті - қылып жүр тосын ой таң.

Шын, оллаһи, емеспін саған ғашық,

Мен жай ғана...

Әншейін...

...Сосын айтам.

 

Сосын айтам...

Серпілер сосын қайғым,

Сосын... сені көргенде тосылмаймын.

Мұндай сезім кешкелі бір ай болды:

Қарызға ақша алғалы осындаймын...

 

***

Тұнжыр қала.

Сендегі өмір күйгелек...

(Бұрын сені сырттан құлай сүйген ек).

Жарықтықпыз бойын түннен құрғатпақ,

Жарығыңа шыбын-құртша үймелеп.

 

Не біліпсің?..

Кеудең - ойран-тапырық...

Жарығыңды талапайлап жат-ілік,

Жүлдегерсіп марқаяды, ә,

Жүргенге

Ыңғайыңа салдақыша сатылып?

 

Қала, сәнің - тек сыртыңның нәсібі,

Жаның - қара және ызғар, әсілі,

Байшыкештің сайран құрар сарайы,

Жақыбайлар лашығы...

 

Жер сипатып пақырларды, қашқан бақ

Міндетси ме қона-тұғын бас таңдап?

Шешей анау тасада отқан жылай ма,

Күле ме әлде? - жанарынан жас парлап...

 

Нәмәрт қала.

«Менмұндашыл» шамшырақ,

Саудаласпақ, жарығы үшін Ар сұрап...

...Нұрға зәру мен отырам аулақта,

Қанатымнан көлеңкелер тамшылап...

Қостанай қаласы

«Абай-ақпарат»

0 пікір