Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2575 0 пікір 18 Қыркүйек, 2012 сағат 08:16

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Алқын-жұлқын жүгіріп сақшылар жетті. Қақ жарылып жол бердік. Шектелген сызық ішін Абыламен қоса шыртылдатып суретке қарттай келіп, жырынды сақшылар көшенің екі жағын бөгеп те үлгеріпті. Ойбайлай жеткен қызыл кресті автомобилдің шырағын жағып қойып, қыбырсыз денені ақ халеттілер тексерді. Сақшылар бастығына сыбырлай сала қаумалап көтере жөнелді автомобиліне. «Тірі ме екен?» деп сұрағандарға ләм демей ысқырық тартты да, жауынгерлерін тізіп алып, бастық сақшы да қайтты. Оқиға болған орынға екі күзетші қалдырыпты.

- Тойға қатынасқан жолдастар, тарамаңыздар! -деп Әбілемит қана дауыстады. - Тойымызды жалғастырамыз. Кім кетіп қалса, бұл оқиғаның күмәні соған артылады, жұмо![1]

- «Мақұл, мақұл!» -деп ұйғырлар, «жұ,жұ!» деп күлдіріп қазақтар ілесті. Сұң шешемізді Мақпал екеуіміз екі жағынан қолтықтап қайта кірдік той залына. Әбілемит тойға шақырылған қонақтарының тізімін тауып, ресми жоқтама жүргізді. Бірде-бірі қалмай келген екен.

ІІІ

Алқын-жұлқын жүгіріп сақшылар жетті. Қақ жарылып жол бердік. Шектелген сызық ішін Абыламен қоса шыртылдатып суретке қарттай келіп, жырынды сақшылар көшенің екі жағын бөгеп те үлгеріпті. Ойбайлай жеткен қызыл кресті автомобилдің шырағын жағып қойып, қыбырсыз денені ақ халеттілер тексерді. Сақшылар бастығына сыбырлай сала қаумалап көтере жөнелді автомобиліне. «Тірі ме екен?» деп сұрағандарға ләм демей ысқырық тартты да, жауынгерлерін тізіп алып, бастық сақшы да қайтты. Оқиға болған орынға екі күзетші қалдырыпты.

- Тойға қатынасқан жолдастар, тарамаңыздар! -деп Әбілемит қана дауыстады. - Тойымызды жалғастырамыз. Кім кетіп қалса, бұл оқиғаның күмәні соған артылады, жұмо![1]

- «Мақұл, мақұл!» -деп ұйғырлар, «жұ,жұ!» деп күлдіріп қазақтар ілесті. Сұң шешемізді Мақпал екеуіміз екі жағынан қолтықтап қайта кірдік той залына. Әбілемит тойға шақырылған қонақтарының тізімін тауып, ресми жоқтама жүргізді. Бірде-бірі қалмай келген екен.

- Бұл өте ауыр мәселе. Той иесі бізден де, қатынасушы сіздерден де жауап алынуы мүмкін! -деді той басқарушы. Кімнен кім күмәнданса себебімен қосып толық ескеріп, зерттеп жазып қойыңыздар! Осы жасырын қастыққа осы тойдан ең болмағанда бірер адам қатынаспады деуге ешкім сенбейді. Себебі, оқиға түнгі сағат екіде өтілген. Бізден басқа жұрт ұйқыдағы уақыт. Абыла жалғыз қалай барды ол көшеге? Иен көшеде оған қастықшылар қалай кездесе қалды?

- Мен де солай ойлаймын! -деп домалана түрегелді Ақыметқан. - Той басталып, Әбілемит әпенді сөйлегеннен бері, Құдай біледі, дәретке де шыққаным жоқ!... Ие, ие, суық хабарды естігенімізде бәріміз бірге жүгірдік қой. Сонда жолдағы бұрышқа ғана түрегеп тұрып дәреттендік...

Көпшілік ду көтеріле күліп жіберді. Әйелдер жағы үздіксіз сықылықтай берді.

- Сол бұрышқа егер отырып сиген болсаңыз, Абыланың қазасы сізден десек сиятын шығар? -деп кесетті Асылқан әдейі.

- Жо-жо-жоқ, шырағым, басқа ешқайда шықпағанымды айтқаным ғой! Ал, осы жерде Абыла жолдасты қағытпалап, әр түрлі сөйлеген азаматтар болды. Сөз әлпеттері суық еді. Олар сөйлегенде, әне, ана Биғабіл жолдастың өзі де елеңдеп қалған болатын. Олардың кім-кім екендігін, не дегендіктерін Биғабілдің өзінен сұраңыздаршы!

- «Өзі», «өзі» дегеніңіз неткен суық еді! -деп мен күлдім. Өзімдікін өзім айырым жазып берермін. Өзіңіздікін, өзіңіз-ақ сөйле!

- Үй, Ақа, ол сөйлегендер, міне, мына жігіттер болатын. Айта алмайтын түгі де жоқ, әшкере сөз! -деп сылқылды, қарқылды күлкілерді кесе сөйлеп түрегелді бір жігіт. Аты-жөндері мен қосып, не сөйлегендіктерін де қалпын бұзбай айтып берді. - Бірақ, -деп бір кідірді сонан соң - бірақ, бұл жігіттер қия басып, тіпті өзіңізше бұрышқа да дәреттенген жоқ. Оған куә көп. Бұл сөйлегендердің сыртқа, егер біреуі шыққан болса, мен де күмәнімді осыларға артар едім.

- Бұлардың солай сөйлегендері рас, -деді тағы бір-екеуі жарыса сөйлеп. - Сол қағытпа сөздерден соң Абыла, басқаларды жұмсаудан мүлде қалып, тиісті жұмысқа өзі жүгіре берді. Анау бұрышта арақ ішіп отырған жігіттерге шай құйып, сәй әкеліп берді. «Енді түзелді» десіп күлдік. «Партия кадыры» осылай болса керек қой!» -дестік. Осыдан соң бұл жігіттер де жуасып, ол кісіге дұрыс қарап отырды. Арақ ұсынды. Абыла ішпей ауыз түйіп қана рақымет айтты. Содан Абыланың қайда кеткенін білмедік көрінбеді. Бірақ, бұл жігіттердің сыртқа ешқайсысы шыққан жоқ. Тансада көп билеген осылар!

- Танса басталғанда Абыла дүйжаң асханаға барып, жарым сағаттай отырған, -деді шай қайнатушы ұйғыр әйел дауыстап сөйлеп. - «Сіз неге билемей отырсыз?» деп сұрадым мен. «Кейінгі столдағы жігіттер арақты көп ішті. Бірнешеуі әлі ішіп отыр, шатақ шығарар ма екен!» деп күлімсіреді. Алдындағы столға бір шыны шәй құйып қойып едім. Ішпей түрегелді. Есіктен біраз қарап тұрды да шыға жөнелді. Соншалық тез шыққандығынан, өзінің соңына түскен біреу барма екен деп қарасам, жалғыз өзі қақпадан шығып барады екен. Бұл ауладан артынан ерген ешкім көрінбеді. Тек ол кеткен жаққа көшеден екі адам өткендей болған.

- Дұрыс, мұндағы оған сөйлеген жігіттерден ешқайсысы сыртқа шықпады. Мен соны ғана білемін! -деді кекселеу бір кісі. - Бұлардың әлгі шақпалы сөзі мен арақты көп ішкеніне қарап, сол пәлеге соқтығып қаларма екен деп аңдып отырғанмын. Тегінде бұлардың сөзін біреу тергей қалса, нахақ бірдеме айтып, обалына қала көрмеңіздер көпшілік, бәріңізге де айтқаным!

- Бұл оңай мәселе емес, сөзсіз, өлім жазасымен бітетін іс!

- Мейлі, қалай бітсе біте бермей ме, оның бұйрығына ең алдымен қарсы сөйлеген, міне менмін, қандай жерде де сөйлей аламын! -деді алғашқы орақ ауыз, аты Сымайыл екен. Мастығы ақыра сөйлеуінен білінді. - Қане, айтыңыздаршы, өтірік бар ма сол сөзімде! Науқан уақытында жүргізген бұйрығы арқылы қаншалық апат келтірді! "Жолбарыстарды" қайтсеңдер де мойындатыңдар деп бізді кезектестіріп, бейшараларға күндіз-түні айтақтап салды да отырды. Дем алғызбай, ұйықтатпай қинатты. «Мен жоқ жерде қаттырақ таяқ тигізсеңдер де болады. Қалай да мойындату қажет!» дейді. Бір-екеуі сондағы қинауымыздан қапалықпен өліп кетті. Тіпті, әне, Әбілемит болған акамды екі рет ұрғызды маған. Сондағы пұшайманымды[2] жиуға қазірге дейін сиғызар дағар таба алмай жүріппін!... Ңа...һа...һа...а-деп өкіріп жіберді де, бажалақтай жалғастырды сөзін. - Енді бұл тойға келіп, сол бұйрығын және жүргізіп тұрса!... Ой, қашанға дейін бұйырмақ бұл!... Мұны жазалайтын хүкімет, қане, хұкмат!...

Әбілмейіт оның һәңіндағы жігіттерге «алып кет!» дегендей ым қақты.

- Енді мұндай сөзді қоялық! -деп күлімсіреді сонан соң. Қане тойымызды жалғастырамыз!...

- Дұнияда әр не болып тұрады, жолдастар, -деп Ошұр бұғалтыр түрегелді орнынан. - Ғажаптанарлық ештеңе жоқ! Қане, билеңдер, ән салыңдар!... Оқиға көшеде болыпты. Бұл тойымызға ешкімнің дахлы[3] жоқ!.

Бұлармен тағы бірнешеу қосыла шақырса да той қайтып қызбай қойды. Өзара күбір-сыбыр сөз ғана болып жатты әр столда. Алдарына келген тамақты сыпылдата жесті де, тойға рахыметтерін айтып, Мақпал екеуіміздің қолдарымызды ала-ала тарасты.

Отауымызға үнсіз жетіп, үнсіз шешіндік те шымылдыққа үнсіз кірдік. Мақпал кірпік ілмей атқызды сол таңды.

- Той біздікі ғой, бұл өлімнің бір ұшығы сені шарпиды-ау, жаным! -дей берді. - Абылаға сені де өш деп санайтын себебі бар ғой, кек алушылар қатарына жатқызып, тергеуге алатын шығар!

- Тойдың да, өлімнің де бізден болмағандығына дәлел көп емес пе, сәулешім, үрейленетін ештеңе жоқ!

- Саяси жалалы өлім ғой, қатты тергеуге тиісті. Аяқталғанша бірсыпыра жатып қаласың-ау деп қорқамын!

- «Бірсыпыра жатып қалсам» тіпті жақсы, шыққан соң тағы да бірсыпыра той қыламыз!

Мақпал сықылық қағып күле құшса да, күрсіне берді.

- Кезек-кезек жоғалып табыла бермесек те, көрер едік бірсыпыра тойды!

Мақпалдың қашан тұрып, киініп алғанын сезбей қалыппын. Салқын самалдан ояна кетсем, бас жағымнан төне қарап желпіп тұр екен. Сағат тоғыз болыпты.

- Тұра ғой енді, біреу келіп қалар! -деді де бетіме бетін төсей құлады. - Шақыртатын уақыты болды!

- Қайда шақыртады?

- Қайда болмақ, тойға да. «Бі сыпыра той» бүгін-ақ басталатын шығар! -деп Мақпал жымиса да, көз жасы мөлтілдей қалды. Басымды көтеріп, алдыма ала әндеттім «бесік жырына».

«Әлди-әлди әуп бөпем, әуппай,

Мың жылқының маңдай алды жорғатай.

Жыламашы жілік шағып берейін,

Жыламашы, жыламашы балақай!»

Білегімді жастана сақылдап күлген Мақпал, сырттан есік қағылғанда шорт тиылды. Креуеттен домалай түсе барып есік ашты. Бізді оятуға келген Күлән екен. Жырымды естіп қойғанын оның да сақылдап күле қайтқанынан білдік.

Мақпалдың бір алашаға көрпе-жастық, киім-кешек орап, таңып қойғанын көргенде күлкіден мен де тиылдым. Ерте тұрғаны сол жұмысы үшін екен. Отау тойымыз болған кеште мені келіншегімнің түрмеге дайындауы елегзітті. Содан көңілсіздене қалғанымды байқай қойды Мақпал.

- «Сақтықта қорлық жоқ» дегенім ғой, жаным! -деп келіп тағы да құша құлады үстіме. - Осыны таңарымды таңып қойып, өзімнің де көңілім босады. Жаңағы көз жасым соныкі! -дей сала солқылдады.

- Әлди-әлди әуп бөпем, әуппай!...

- Тағы бірдеме шағып бермексің ғой!...

Тағы күліп жіберіп, ыршып тұрған Мақпал қытықтай жөнелді мені. Алғашында ес таппай күліп, тулай беріппін. Байқасам, оның мен тулататын тетігі тіпті көп екен. Бірін қорғағанда бірі табыла беретіндей. Шәп беріп ұстап, іргеме домалатып түсірдім де, мен де міндім Мұсама: он саусағым қолтықтан қабырғаға, қабырғадан тақым мен табанға, тағы-тағы ойлы-қырлы жортты-ай келіп.

- Қорқуды қоямысың жоқ па!... Қырық қоян суаттайтын екі көзің құрғай ма, жоқ па!

- Құрғайды, құрғайды! Ха-ха-ха-һы-һы-һы-ық... қояйын, қояйын!..  Ха-ха-ха-һы-һы-һы-ық.. осылай сақ-сақ, сық-шиқ-шиқ күліп, апалаң-топалаң болып жатқанымызда есік тағы да қағылды. Тағы Күлән шығар деген түйсікпен елеңсіз, қытықтаса беріппіз.

- Бұлар неғып жатыр, үй! -деген еркек дауысы шығып, қарқ-қарқ күлгенде ыршып-ыршып тұрдық орнымыздан. Тарқатылған бұрымын жалбыратып, есікке Мақпал жүгіргенде, сымымды теріс киіп ала қойыппын.

- Үй, тұра тұршы, мынау теріс! -деп қалғанымда сырттағы кісі тіпті қарқылдады. -Сабыр ете тұршы, ей, ағатай, тым сасқалақ іс болып қалды!

Өзін ұяттан арашалауға асыққан Мақпал, есікті шалқасынан тастап, сырт айлана күліп сөйледі.

- Мынаны қарашы Асаға, киімін бір оң, бір теріс киеді де отырады өстіп!

- Мұндай бошалаң жігіт емес сияқты еді, есін шығарып жібергенсің-ау, келін! -деп Асылқан миығынан күле өрледі төрге.

- Жоқ, оның есін мен шығардым, -деп, келінін бастап мен ақтауға кірістім. - Абланы мен өлтірткендей қорқып, жылай берген соң қытықтап, елестеген жындарын қақтым.

- Ие, партияның бір саяси өкілі осы кезеңде тойыңда өлтірілсе, сенің де жауапқа тартылуың кәдік қой. Ал, сол бетімен тілсіз өлген болса, тіпті осындағы "жолбарыстардың" бәрін шарпитын еді... енді келіннен сүйінші алсам болады екен!

- Алыңыз, алыңыз! -деп жалт қайрылды Мақпал. Асылқан да түрегеліп, келініне қарай жүре сөйледі:

- Тек, айтқаныңнан қайта көрме, келін, Абыла тірі қалыпты. Осы қазір ғана тілге келіп, сөйлей бастағанын естідім. Байың енді нахақ тергелмейді! Әкел сүйіншімді, бетіңнің үшінен ғана аламын!

Білегінен ұстай алған «қайнағасын» сілкіп тастап, «келіні» есіктен ырши жөнелді.

- Айтқаныңнан қайтсаң қарғаймын, ей, келін, қарғаймын!... Ой ыршыған аяғыңды жия алмай, шермиіп қал! -деді сонан соң. - Иттің етіне жерік бол! Ыңғай сұры қасқасынан сегізді ту!... Күндіз-түні қыңсылап, кірпігіңнен қатырсын!

- Ыңғай сұры қасқа болса, өзіме тартқаны ғой, әмин, айтқаның келсін! -деп мен күлгенде, ауыз үйде сықылықтап жүрген Мақпал да бір қарғап қалды қайнағасын.

- Жеңгемнен ыңғай қарақасқа өрбісін!

- Тек, қайнағаңды қарғама! -дей шықтым ауыз үйге.

- Қайнаға болғысы келмесе қайтем енді, «жүгірмек келсін!» деп те қарғайтын шығармын! Отын мен суға да жұмсармын!

Қалжыңнан жеңілгендігі әдетімен қарқылдай күлді Асылқан. Дастарқан жасай кірген Мақпалдан кешірім сұрағаны естілді бір сәтте:

- Келін, байқап қалжыңдамаса болмайтын пәле келін болдың! Қойдым енді қойдым!

Жуынып қайта кіргенімде, шайды келіні келінше қос қолдап ұсынып, жуан қайнағасы кекірейе қабылдады. Тоңазыған жамбасты қолына алып, қиялай кескенде бір бөтелке арақ шығарды келіні.

- Міне, қайнаға, сүйіншіңіз!

- Е, бәсе, -деп Асылқан күбір ете түсті маған қарап. - Қыздырмасын берген соң қызылы қайда қашар дейсің!

- Қайнаға не деді? -деп бір жағынан «келіні» жымия күбірлеп сұрағанда, қайнағасы жалтара жөнелді.

- «Қызыл Абыласы тірілген соң... қырсығы қаншаны шалар дейсің!» дедім, келін, солай емес пе?

Өз сөзін жаңсақтату үшін дыбыс үндестігін сақтайтын мына сөзді дереу тауып бұлтара қойған тапқырлығына қатты күлдім. Мақпал менің оқыс күлкіме таңырқай қараса да, Асылқанның жауабына нанғандай:

- Ие, басқаны шарпымай, шын қылмыстысын табар енді!.. Абыланың өзі не айтып жатыр екен? -деп сұрады.

- Ол жендеттің кімді көрсетіп жатқанын маған естірте ме, келін-ау! Жала жабудың немен тынатындығын көрді ғой әйтеуір, өзі білетінін ғана айтар. Қуыстанғандай болмай, осы сөзді қоялық енді!

Сүйіншілігінен мен ішпей қойған соң, Асылқан екі стакан ғана алды да, қалғанын келіннің өзіне «аманатқа қойып» шықты.

Рұқсатты демалыс  күнім болса да аңыс аулау үшін мекемеге бардым. Әбілемит той тарқасымен «поведасына» отырып, Абыланы іздеп кеткен екен. Екінші емханадан тауыпты. Есі кіресілі-шығасылы, әрең-әрең сөйлейді дейді. Сақшы тергеушілерінің түндегі ахуалды өзінен сұрағанын біраз естіп қайтқан екен. Сағат сегізде өлкелік партия комитетіне жиынға шақырылып кетіпті.

- Әбілемит қазір сол жиында -деді Ошұр. Сәл сұрланыңқы көрінді өзі. - Қанша уақытқа созылатынын кім білсін, жасырын қастықты іздеп, тексеріп жатқан болса керек. Абыла өзін пышақтап кеткен екі жігітті тани алмай қалған екен. Шатақ осында болып тұр. «Ауыз мұрындарын шарпымен орап, қалпақтарын баса киген, бірі ұзын, бірі орта бойлы» деп қана түстепті!

- Өзі сол тар көшеге қалай кіргенін айтып па?

- Айтыпты. «Той үстінде бір топ содырдың сөйлескен сөздерінен қорқып, бұрынырақ кетіп қалмақ болдым» -депті. - Қақпадан шыққанымды аспаз қатыннан басқа ешкім білмеген. Соңымнан екі адам қуа шықты. Көре сала жарық көшеде тұрып қалғанымда олар өтіп кетіп, тар көше аузынан арырақ алыстап барып, бір теректің түбінен тосты. Олардың жолдан торып жүргенін байқап жасырынып, тар көшемен кетпек болып едім. Қарсы алдымнан екеуі шығып, басыма қолшоқпармен ұрды, онан соңғысын білмеймін» депті. Түнгі сағат екіде ұрланып қашып шыққанында нақтылы қылмыскердің осы көшеден тап бола қалғаны қисынсыз!

- Мына арт жақта кішкене есік бар емес пе, содан шығып айланып барып, тар көшеден тосты десе қисынсыз ба! Бәрінен де Абыланың үлкен көшедегі екеуін «қақпадан шықты» дегені шатақ екен! -деп күрсіндім мен.

- Артқы кішкене есікті ұры кіреді деп бұрын бекіттіріп тастағанбыз. Биғабіл жолдас, мынаны да біліп қоюың қажет: тойда мастықпен сөйлегендердің сөзін Абыла тіпті құтыртып, өсіріп мәлімдеп жатқанға ұқсайды: «сол сөйлегендердің бірі сен гүй бүгін-ақ жайланасың деді, тойдан жасырын шығып кеткенім, содан қорыққандығымнан болды!» депті. Мастардың бұлай сөйлегенін маңындағы ешкімнің естімегені мәлім. Мұндай жалаға қарсы тұрмасақ, сол жігіттердің обалына қаламыз!

- Өзінен басқа естіген куәсі болмаса, ондай жалаға енді жол берілмес! Бірақ, Абыланың соқтықпалы жігіттерден қашып шыққаны анық болды ғой. Сол жігіттердің сырттағы содырлармен байланысы жоқ деп ақтай алармыз ба!... Меніңше Абыланы үркітіп, сол қараңғы көшеге шығару әдісі екі сатылы болып жоспарланған сияқты. Бірінші сатысы қоқанлоқы сөзбен той үстінде үркітіп, жалғыз қайтару. Екінші сатысы жарық көшеден үркітіп, қараңғы көшеге шығару. Сөйтіп осы логика бойынша ішті-сыртты байланысқан біртұтас кек алушылар шайкасының әрекеті болып табылмай ма. Ал, бұл шайкаға мұншалық әдіс-айла тауып, той жасап, орай тудырып беріп отырған нұсқаушылары, әрине Абылаға өштескен, басы бар, үлкен-кіші «жолбарыстар» деп жорылады. Сонда бұл мәселенің түбі бізді шарпыса қайтеміз? -деп бұғалтырдың жүзіне сынай қарадым.

- Құрып кетсін бұл жорамалыңыз бен логикаңыз! -деп Ошұр ахұн ыршып тұрды орнынан. - Айтпаңыз мұндай жорамалыңызды, Биғабіл жолдас, пахат айтпаңыз! Бір Абыладан нахағынан екі соққы көру, бізге тіпті қатты обал болатындығын ескеріңіз! Бұл сөз тергеушілер жағынан айтылса жауабымыз бар, өз ішімізден шықса, олай болмағандығына нандыру қиынға түседі!

- Жан жеріңізден тиді ме, қалай! -деп күлдім мен. - Осындай қисынды қырсықтың алдын алуды ойлансын деп айтып отырмын...

Сақшылар келіп, орақ ауыз Сымайыл мен тойда шай қайнатушы Әйшамды әкеткені естілді осы шақта. Ошұр ахұн екеуіміз бір-бірімізге қараса қалдық. Қоңырша ап-арық бұғалтырым сұрлана түсті. Жіңішке ұзын саусақтары жыбырлап, қырма сақал-мұрты тікенше тікірейді.

- Дұнияда әрне іс болып тұрады, Биғабіл жолдас, -деп күбірледі. - Сымайыл ғой түндегі жаман сөздің бастамашысы болған. Оны енді әкетіпті. Қостаушыларын бағана жиып әкеткенін естігенмін. Байқауымша төменнен өрлетіп келеді. Енді мен де даярлансам болатын ұқсайды! Сіз осындай той жасауға қарсы болып едіңіз, сондықтан сізді қолға ала қоймас. Бірақ, жауап алынуға тиісті. Оған сіз де дайындық көріп тұрыңыз! Және айтып қояйын, әлгіндей логикаңыздан қатты сақтаныңыз! Ондай жорамалды мүлде тастап, амали әрекет бойынша ғана жауап бергейсіз!

Бұғалтыр қағаздарын жиыстырып, қайтуға беттеді. Сағат он бірді басып өтіп барады екен. Мен де шықтым. Ошұрдың әлгі сөздері мен шырайынан күмәндана шықтым да, мекеме ауласының артқы есігіне қарай беттедім. «Осы тойды ұлғайтып жіберген осы бұғалтыр мен Әбілемит «жолбарыстар» еді ғой. Еркімізге қоймай соншалық өршеленуі шынымен достық-тілектестік қамқорлығы ма, әлде басқадай мақсат үшін тапқан алдамқорлығы ма?... Ошұр ахұнның бұл қорқуы жасырын қастық пен байланысы болғандығынан ба, жаладан жүрек шайлы болып қалғандығынан ба?.. Кек алғандар тойға қатысушылардан шықты ма, әлде Абыланың осы тойда екендігін сырттан естіп, көшеден тосушылар ма? Әлде, өзім ойлағандай, ішті-тісті бірлесіп алған шайкалық әрекет пе?» -осы сұрауларға жауап тауып, ақ-алал дәлел дайындауым қажет болды. Әсіресе, соңғы өз жорамалым тиянақты сияқты. Сырттан торушылардың ғана ісі болса, дәл сол уақытта қараңғы көшеден қарсы кездесуі екіталай еді.

Артқы тар есікке келсем, екі шойын құлыппен тас бекітулі екен.Ошұрахұн айтқандай «көп бұрын бекітілген», жаңа із жоқ. Қайтып барып, қызмет бөлмеме палтомды тастап, жеңілденіп шықтым. Той болған залдың есік алдына келіп, сағатыма анықтап қарап алдым да, жүгіре жөнелдім артқы есікке қарай. Дауалының аласалау жерінен секіріп түсіп, артқы көшемен айлана жүгірдім. Тар көшедегі оқиға өтілген жерге он екі минутта жетіппін. Түнде ойлы-шұңқырлы жолда мұндай бөгеліссіз жүгіре алмайды ғой. Он төрт минут деп жаздым кінешкеме. Тікірейе қалды бір ханзу сақшы. Күзет әлі тұр екен.

- Мына мәселені зерттеп жүрмін! -дей сала өте бергенімде тоқтатып, аты-жөнімді сұрады. Аты-жөнімді адресіммен толықтап ол да жазып алды. Үлкен көшеге шыға өрлеп, түнде Абыла шыққан алдыңғы қақпа алдына бардым. Енді қайта құлдап, оның басқан жолын да өлшеуім керек. Ие, бұл да сағат тілімен өлшенеді.

«Той залында соқтыққан жігіттерден ұрланып шыққан Абыла қақпа алдына кідірмейді. Көшенің жоғарғы жағына бір қарай салады да, жедел аяңмен құлдай жөнеледі» деген оймен қайта құлдап, қадымымды тездете бастым. -«Жоғары жақтан келе жатқан екі жігіт қақпадан өткенде көрінді оған. Көрді де көше электрі бар осы жарық тұқсқа тұра қалды» дедім де, өзім де тұра қалдым. - «Екі жігіт кең көшенің ар жақ шетімен өтті. Өтіп барып анау терек көлеңкесі түсетін күңгүрттеу шетке тоқтады. Ол ұзағанда осыдан екі минуттық жол. Қақпадан қуа шыққан кек алушылар деп білген үрейлі Абыла оларға одан ұзақ қарап тұра алмайды. Олар тоқтасымен лып етіп мына ұсақ теректер далдасына өтеді. Осы күңгүрт шетпен былай бүкшеңдей жүгіріп барып, тар көшеге кіре жөнеледі» деген есеппен ұсақ терек даласына өзім де лып ете түстім де, жүгіріп барып тар көшеге сүңгідім. Жаңа ғана тергеген күзетшінің алдына екінші жағынан тағы да алқын-жұлқын жетіп барыппын.

- А...а... тағы да келдің бе?

Жауап қайтармай, сағатыма тағы да қарап жіберіп, мұны да жазып алып қайттым үйге. Жолда тоқтаған екі минутын қосқанда, Абыла қақпадан шоқпар астына алты минутта жеткен екен.

«Тойға қатынасқан жігіттерді топырлатып айдап барады» дегенді естіген Мақпалдың көзі тағы да бадырая қалыпты.

- Жаным-ау, неғып кешіктің? -деп құшақтай алды.

- Тойымызға төнген жауапкершілікті зерттеп шықтым. Сен алаң болмай-ақ қой, сәулешім! Түндегі көше оқиғасынан қонақтарымыздың қолы түп-түгел ақ! Көшеге расындада еш қайсысы шықпаған!

- Тойға шай қайнатқан ұйғыр әйелді де әкетіпті ғой!

- Ең алдымен сол ақталады!...

Тергеуге сол күннің іңірінде шақырылдым. Бұл тойға қалай дайындалғанымнан бастап, той үстінде көрген білгенімді, жасырын қастық жөнінде кімнен күмәнданатындығыма дейін сұрады.

Той жасап беру жөнінде Абыланың өзі мен Әбілемиттің бізді еріксіздендіргенінен басталған жауаптарымның барлығына бас изеп отырған тергеуші, мастардың Абылаға соқтыққан сөздеріне келгенімде ғана тоқтатты:

- Тоса тұрыңыз! «Абылаға сен гүй бүгін-ақ жайланасың!» дегенді Қайсысы айтты?

- Мұндай сөзді естімедім. Кейін көпшіліктен сұрастырғанымызда да мұндай сөз шықпады!

- Шықпады? -деп шығандай қарады сақшы тергеуші.

- Мұндай сөз шықпады!... Енді бұдан үлкенірек бір шындықты да айтайын, осы тойға қатынасқандардан сол түні Абылаға шоқпар түгіл қол жұмсаған ешкім жоқ. Себебі бұл оқиға уақытында ешқайсысы сыртқа шықпаған!

І...һы, -деді тергеуші. Енді қыдырыстана қарады. - Бұл сөз, оқиға өтілгеннен кейінгі келісіп алған жауаптарыңыз ғой, солай емес пе?

- Меніің бұл туралы жауабым ешкіммен келісіп алған жауап емес, ешкімді қымырлатпайтын дәлелі бар, мықты негізі бар жауап. Абыланы үлкен көшеден торыған... Қорқытқан жігіттер де, тар көшеде тоқпақтаған жендеттер де тойға қатынасқан адамдардан емес. Қандықол қылмыскерді тойдан іздеп, уақытты зая кетірмеулеріңізді сұраймын!

- Енді тоқтап тұрыңыз! -деп жуастау әуенге келді тергеуші. - Сізді біз осы әнзіге[4] қатынасты деп тергеуге алып отырған емеспіз. Партияға сенімі толық, жақсы кадр деп естідік. Той сіздікі болғандықтан әнзі анықтауымызға көмектесер деп шақырып отырмыз. Өткен түндегі мәселенің тактика жағынан былай өтілгені анықталды. - деп күрсінді де, Ошұрахұнды шошытқан менің жорамалымның дәл өзіндей қортынды шығарды. Жасырын қастық осылай жоспарланған да, Абыланы тойдан кетуге мәжбүр еткен. Содырларға тіпті төндіре түсті сонан соң. Абыланың қақпадан шығып бара жатқанын Әйшамхан жеткізген. Содырлардың екеуі қақпадан дереу қуа шығып, тағы қорқытып, Абыланы қараңғы көшеге кіруге мәжбүр еткен. Екеуі ауланың артқы есігінен шығып барып, қараңғы көшеден тосқан да ұрып жығып, екі пышақ салып үлгерген. Жарық көшеден өздеріне қарай жүгірген екеуінің аяқ дыбысынан қорқып, пышақ салушылар қашқан. Бұлардың қашуынан Абыланы өлтіріп қайтты деп сеніп, ана екеуі қашқан. Сөйтіп, екеуі алдан, екеуі арттан қайтып барып, той залына кіріп ала қойған.

- Демек, шоқпар мен пышақ тар көшеге той залынан барған дейсіз ғой?

- Әрине, сырттағы адамдар істеді деудің қисыны жоқ. Абыланың түнде жүретіндігіне себейтін тар көшеде сырттағылардың төрт-бес сағат күтіп тұруы мүмкін емес. Жарық көшеден де түн бойы күтуі екіталай.

- Ие, бұл, сырттай ойлағанда қатесіз жорамал сияқты көрінеді. Бірақ, сондағы жол ұзындығы мен соны басатын уақыт мөлшерін айқындап есептеп көрдіңіздер ме?... Уақыт пен орын, қылмыс анықтаудың негізгі факторы ғой, солай емес пе!

Алғашқы сұрауыма жауап қатпай қырындай қараған тергеуші, соңғы сұрауыма бас изей салды.

- Олай болса, жорамалға ғана сүйенбей, алдымен осыны анықтап есептеп көріңіздер демекшімін. Оқиға басталардың алдында ғана Абыланың қақпадан шығып бара жатқанын Әйшамханның көргені анық. Мұны, есін жиған соң Абыланың өзі де айтыпты ғой, енді сол қақпаның алдынан тар көшеге барып жығылғанға дейін Абыла ең жәй жүргенде төрт-ақ минутта жететіндігін білесіз бе?.. Үлкен көшеден өтіп барып, сексен метрдей ғана алдынан тосқан екі жігітке күдікті Абыла көп қарап тұра алмайды. Олар тұра қалғанда тар көшеге қарай бұға қашады. Сол қарап тұрған уақытты екі минут деп қосқанда да, пышақ алдына алты-ақ минутта жеткен. Мұны, жарық көшеде қашқан бастықсымақ Абыланың өзінше жүріп анықтауға болады. Ал, той болып жатқан залдың есігінен арғымақтай екі жігітті арт жақпен жүгіртіп көріңіз сонан соң!

- Қанша уақытта жетеді екен? -деп жымия сұрады тергеуші.

- Мен күндіз 14 минутта жетемін. Сіз семіздеусіз ғой, түнде ой мен қырға жығылып-сүрініп жүріп жиырма мирнутта жетерсіз. Ал, әлгі сайгүлік жігіттеріңіз түнде ең тез жүргенде 12 минутта жетеді делік. Қараңғы көшеге кірген соң зыта жөнелетін үркек Абыланы бұлар сол қысқа көшеден тосуға үлгере алмайды!

- Сіздің бүгін түс уақытында өлшеп жүргеніңізді естігенбіз! -деп күлді тергеуші. - Болады, жақсы ой салдыңыз!

- Сіздің де Абылаға ой салып қоюыңызды өтінемін! -деп жымидым. - Өткен науқан уақытында жаңсақтатып, жалалы пікірлермен бірнеше адамның өліміне себепкер болған Абыла жолдастың енді әділ сөйлеуі шарт! Мәселен: Әйшамның оған шай құйып күтуінен басқа, меніңше ешқандай жазығы жоқ. «Көшеге шықсын, мен жендеттеріме жеткізе қояйын» дейтін арам ниеті болса, Абыланың алдына шай қойып, кідіртіп қайтпек! Осыны да логика таразысынан өткізіп көріңіздерші!...

Тергеуші алдынан осы сөзбен ғана шықтым. Күзетті қақпа алдында Мақпал мен Күлән күтіп тұр екен. Қатерлі ауладан айдаушысыз шыққанымды көріп, екеуі екі жағымнан қолтықтап ала жөнелді.

Ертеңіне таңертең сол тергеушінің өзі де бар 7-8 адамның мен айтқан жолдарды зерттеп жүргенін естідім. Бірақ, содан үш күн өткенде Әйшамханнан басқа қамаудағыларға тергеу қатая түскен сияқты. Семиясындағылармен көрістірмей, кіргізген тамақтарын тексеріп қабылдайтын болыпты. Ошұр ахұнның арық саусақтары дірілдеуін қоймады да, Әбілемиттің «парткомдағы жиыны» бітпеді. Көрісе қалғанда екеуі де мені жатырқағандай. Салқын көз, тілсіз иекпен ғана амандасып жүрді. Осқыра қарасады. Екеуін менен Ошұр ахұнға айтқан жорамалым үркіткені байқалады. Бір күні сол күмәндарын жоюға тырысып, сол бұғалтырға өзімнің тергеуші алдындағы жауабымды толық баяндадым. Ол жорамалды тергеушіге мен айтпай, маған тергеушінің айтқанын, оны менің теріске шығаратын дәлел көрсеткеніме дейін сөйлеп бердім. Сонда да сендіре алмағаным, қабағынан үстемелеп байқала берді. Шалқайғанға қаңқайып алатын ұстамалы мінезім құрыстай берді мұнысына. Ол екеуіне мен де кердие қарап өтетін болғанымды байқап жүрдім.

Бұл қызметтестердің дүрдараздығы айқындалған сайын Ахыметқанның құшағы ашыла түсті маған: «бауырым! Бауырым!» деп жүрегіне басқандай сыңай көрсетіп жүрді де, Мақпал екеуімізді үйіне қонаққа шақырды. Жағымпаздық пен қорқақтық бірдей біткен аса қатерлі «ағаға» жақын болуды жақтырмасам да, бұл жолы бармасыма болмады. Үлкеннің жаңа түскен келінге «үй көрсету» салты бар. Оның үстіне «отқа салардан»[5] қашты дейді ғой. Барысымызбен шашуын шашқызып, ықыласын төгіп, бар ниетімен өкпе, бауыр, жүрегін де жайып салғандай қауқалақтады.

- Бауырым, -деді шайдан соң оңаша бөлмесіне шығарып алып, арақ құя бастады. - Осы сарттарға екеуіміз не жаздық, білесің бе?

- Қай сарттарға?

- Әбілемит пен Ошұрға. Абыла жөнінде тергеуге түскендерінен бері екеуімізді атарға оқ таба алмай жүрген сияқты. Байқасам саған тіпті өшігіп...

- Өшіккенін білмеймін. Әйтеуір маған әлдеқалай бір өкпесі барын байқаймын.

- Сол өкпесінің нендей өкпе екенін білдің бе?

- Оны да анық білмеймін.

- Білмесең мен айтайын, ол екеуі біздің өздерін компартиядай көріп, табынуымызды талап етеді. Істеріне шек келтірмей, ләппайлап қол қусырып тұруымызды ғана жақтырады. Осы тойдағы оқиғадан бізге күмән арттыңдар! -деп өкпелеп жүр. Бауырым бұл оқиға туралы сен де өте жақсы позиция ұстапсың, өзіңе өте разы болып қалдым. Әмісе солай болу керек бізге! Партиядан басқа мидың да, көздің де қажеті жоқ. Бұл мәселеде еш қайсысын ақтаушы болма, партияның ыңғайына қарап бағып, түйсінгеніңді соған қарай бейімдеп мәлімде де жүре бер.Ақтаудың да, қаралаудың да жөнін партияның өзі біледі.

«Мүшелері сіздің осы айтқаныңыздай соқыр, саңырау, кеуек бас бола берсе компартия дегеніңіздің өзі кім болар еді?» деуге оқталып барып жымидым да, басқаша жауап қаттым:

- Осы оқиғада мен сіз айтқандай позицияда болмадым. Сі қайдан естідіңіз?

- Оныңды менен несін жасырасың, бауырым, мен де сол позицияның кісісімін ғой!... Абыла жолдасқа болған осы қастықты сырттан іздемейміз, шайка өз ішімізде деп мен де дәл сен сияқты жорамалдағанмын. Бұл түйінге бәлкім сенен бұрынырақ келген шығармын. Қанша айтқанмен ағаң емеспінбе ха-ха-һа-һа...а..

- Бұлай болғанда, мен сізге бауыр түгіл бүйен де бола алмай қалатын сияқтымын ба, қалай! -деп мен күлдім. - Ашығырақ сөйлесіп, талқылап көрейікші, Абыла туралы тергеуге қандай жауап бердіңіз?

- Оны қайтесің шырағым, әйтеуір жорамалымыз дұрысқа шықты ғой, болды! Тағы да тіл біріктіріп алды деп жүрмесін, қайтесің оны!

- Тергеуде мені осындай жорамал айтты деген кім, соны ашып айтыңызшы! Сонсоң «тіл біріктірмей-ақ», үндемей-ақ қоялық!

- Мұның өзі партиядан шыққан, партиялық пікір ғой, осылай анықтадық деп тергеуші де айтты. Мен сенен соң іле-шала шақырылдым. Демек, пікіріңіз партиянікімен бірдей шыққан соң қорқатын не тұр! Ал енді осы пікірді айттыңдар деп мына сарттардың өштесетін не жөні бар! Партия айтып отырғанда біз қостамасақ, кім болар едік!... Осыны ойламайтындығына ыза боласың. Партияның көзқарасын былай таста да басқаша көзқарас айтып, бізді кіршіксіз көрсет дегендей буынсыз жерден пышақ салатыны қалай осылардың?

- Бұлай болғанда, ол екеуінің бізге өкпелейтін жөні бар, ақсақал, -деп күрсіндім. - Партияның әрқандай мүшесі мұндай жауапты мәселеде шындықты іс жүзінен іздеуге ғана борышты. Партия айтты деп көзді жұмып қостай салуға борышты емес! Сабыр ете тұрыңыз, себебін айтайын!... партия айтты болды деп көзді жұмып қостай салу шарт болса, заң тергеуінің, мәселе анықтаудың, тіпті заңның да қажеті болмас еді. Және жаңағы «партия пікірі» деп айтып отырғаныңыз, партия жиыны шығарған қаулы емес, жеке мүшелердің пікірі. Құдайыңыз біледі, әлгі тергеушіңіздің ғана пікірі шығар! Ол да жеке адам ғой. Ол мәселе анықтау үшін шақырып отырғандықтан бізде өзіміздің дербес пікірімізді айтуға еріктіміз. Мәселен, сол шайка турасында іс жүзінде не көрдіңіз, сізді қандай әрекеті, қандай факттері күмәндандырды, соны ғана айту қажет қой. Партияның «шындықты іс жүзінен ізде» дегені осылай. Еш уақытта көзіңізді жұм да менің пікіріме қосыла сал дегені емес. Ал, мен сол тергеушіге ешқандай ойжота жорамал айтқан емеспін: тапқан фактым, игерген материалым болмағандықтан шайка жөнінде, оның ұйымдастырылуы жөнінде ешнәрсе айта алмадым.  Зерттеп тапқаным бойынша осы қастық әрекетіне тойдағылардан дәл сол түні қол салып істеген ешкім болмағанын ғана дәлелдедім.

- Демек, партияның ұйғарымымен қамалып жатқандарды түген ақтаған екенсің ғой?

- Дәл сол түнгі шоқпар мен пышақтан ақтадым. Дәлел айттым.

- Япырай, балақай-ай өте бір қатерлі жолға түскен екенсің-ау! -деген Ахыметқанның сопақшалау, кең қаракөзі бадырая түсті. Салыңқы жалпақ қарнын қатты уыстай сөйледі. - Шындықты іс жүзінен өзі ақ табатын ұлы партиямен үзеңгі қағысып, іс жүзінен оған қарсы шындық табамын деп қарсыласуға дәтің қалай жетті екен!

- Бізге ондай жүрек пен ондай дәт берген, пікір айтуға ерік берген, сол ұлы партияның өзі!... Тегінде осы партияны ұлы дей алатын сеніміңіз болса, көзді жұмып шұлғи беруімізді талап етеді деп ойламаңыз!... Мүшелеріне өз көзін де, миын да керексіз етіп, адамша көрмей, адамша ойламай, мүрит болуды үйретеді деп қорлай көрмеңіз! Егер мүшелерін осылай тәрбиелейтін болса, партияның өзі де көзбен мидан айрылған кеуек бас болып қалар еді! Олай болатыны, партия дегеніміз - бір ұлы мақсат жолында біріккен сол жекелердің құрамы. Ол, партия үйымы орналасқан там да емес, бір ғана құқықты бастығы да емес, мықтап ұйымдасқан коллектив.

- Аллай, Аллай, сақтай көр! -деп түршікті Ахыметқан. - Партия көзбен мидан айрылып, кеуек бас болады деуін қарашы мынаның!... Партия деген, құқығы бар бір бастақ емес дедің бе тағы да, Маужушиды партия емес, бір жеке, партияны Маужуши емес, құрама дегенің бе бұл! Мұныңа қосыла алмайды екенмін! Па-па-па, Құдай сақтасын сенен!

- Менің «сізге бауыр да, бүйен де бола алмаспын» дегенім осы емес пе! -деп жымидым да алдымдағы арақты жұта салып түрегелдім. Борсып-сасып кеткен кесек етке қарағандай, оның қашан таусылатындығынан қайғырғандай кіржие қараппын. Енді татқым келмесе де тағыдр қосқан соң отыра тұруым жөн болды.

Әділетті тергеушім, Ахыметқандай адал құлына Құдай тағала дән риза ғой. Ұжмағының төрін, әрине, осыған-ақ арнап отырған шығар. Мұны сасыған еттей көріп кіржиіп, бас сүйегімді қылмысқа толтырған мен бейшараның енді қай жаққа қарап қашатындығын білдіңіз бе? Тозаққа-тозаққа-тозаққа!... Құлшылық идеялогиясының сасық иісі әрине оған бара қоймас!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Жұмо (ұйғырша) - ұғып қой, біліп қой деген сияқты ескерту - кесету қосымшасы.

[2] Пұшайман (ұйғырша) - ұялу, масқаралық.

[3] Дахыл (ұйғырша) - тосқындық, кедергі.

[4] Әнзі (ханзуша) - дело.

[5] «Отқа салар» (қазақ салты) - шақырған үлкен үйге жаңа түскен келін апаратын сырмақ, иә, орамал сияқты үй мүлкі.

0 пікір