Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2570 0 пікір 17 Қыркүйек, 2012 сағат 10:10

«Қаржы пирамидасына» тыйым салынады

Қаржы пирамидаларына қаржы салған халық енді мұндай әрекетке бармайтын болады. Өйткенi жақын арада осыған қатысты заң қабылданады. Бұл әңгімені Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов де қуаттап, өзi Twitter-де былай деп жазды: «Таяуда қаржы пирамидаларына тыйым салынады. Заң жобасының тұжырымдамасы түсті. Оған қатысқандарды да жазалауды ұсынамын».

Қаржы пирамидаларына қаржы салған халық енді мұндай әрекетке бармайтын болады. Өйткенi жақын арада осыған қатысты заң қабылданады. Бұл әңгімені Қаржы вице-министрі Руслан Дәленов де қуаттап, өзi Twitter-де былай деп жазды: «Таяуда қаржы пирамидаларына тыйым салынады. Заң жобасының тұжырымдамасы түсті. Оған қатысқандарды да жазалауды ұсынамын».

Қалай айтқанда да қателіктен халық сабақ алған жоқ. Өткен ғасырдың 90 -жылдары Ресейді дүркіреткен Мав­родидің «МММ» қаржы пира­мидасы­нан миллиондаған адам зардап шекті. Әйтсе де халық ауадан ақша жасағысы келеді. Қаржы пирамидасындасын құрғандар ешқашан өздерін «алаяқпыз» деп есеп­темейді, ал халық «кәсібі» күмәнді болса да оларға сенеді. Бірақ әлемдік қаржы нарығындағы қандай жағдайға да көз салып қарасақ та, құрылған қаржы пирамидасының ешқайсысы да ха­лық­қа опа бермеген. Өткен тарих та осыны қаузайды.
Әлемде ең алғаш рет қаржы пира­мидасын Францияда Джон Лоу құрған. Қаржы саласына жандандыру үшін жасаған ол, байып - 1719-1720 жылдары компанияның акцияларын сата бас­тайды. Акцияның құны артады. Қызыққан көптеген жандар өздерінің негізгі жұмысын тастап, оның құнды қағаздарын сатумен айналысады. Ақы­рында компанияның жұмысы кері кетіп, бір-ақ күнде банкрот болады. 1919 жылы италияндық Чарльз Понти пошта мар­каларын сату және сатып алудан пайда табуға кіріседі. Алғашында одан жақсы дивиденд алып тұрды. Сөйтіп, мил­лиондаған долларды айналдырды. Ақы­рында шағым түскен соң құқық қорғау органдары компанияны тексерген сәтте фирманың ешқандай инвес­тициялау ісімен айналыспағаны анық­талған. Сөйтіп, ауадан ақша жа­сағысы келген Чарльз Понти соңында талай адамға қарыз болып қалды. 1990 жыл­дардың басында «МММ», «Хопер-Инвест», «Русский дом Селенга», «Смагулов и К» секілді қаржы пи­рамидаларының салымшылары да сан соғып қалғаны белгілі. Мұндай алаяқ­тар көп. Өткен жылы Көкшетауда құрыл­ған «Қаз­РосИнвестПроект» серіктестігі де халықтан 600 миллион теңгені қалтаға басты. Оның қожайындары ақырында алаяқтығы үшін 6-7 жылға сотталды. Өкініштісі, адам қанша опық жесе де
бұл жағдай оларға сабақ болмайды. Қалай айтқанда салымшылар бұл іске
өз еркімен барды емес пе? Бірақ оған бола билікті жазғырудың реті бар ма? Дегенмен қаржы пирамидаларының қызметіне көптеген елдерде тыйым салынған. Атап айтар болсақ, Австралия, Бразилия, Ұлыбритания, Канада, Қытай, Франция, Германия, Италия, Иран, Жапония қаржы пирамидала­рын құруға мүлдем рұқсат берілмейді, ал оған қаржы салғандар да жазаланады.
Енді бұл заң жобасы Қазақстанда да жүзеге аспақ. Ұлттық банктің төрағасы Григорий Марченко таяуда Қазақстан халқының мүддесін қорғау мақсатында Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірігіп 2012 жылдың қыр­күйек айының аяғына дейін ел аумағын­да қаржы пирамидаларын құрған және ұйымдастырған тұлғаларды жауап­кер­шілікке тартуды қарастыратын Қа­зақстан Республикасының заңнамалық актілеріне түзетулер жобасы әзірле­ніп жатқанын айтты. Аталған заң жобасын­да ел аумағында алдағы уақытта қар­жы пирамидаларын құру қызметіне тыйым салынады. Сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке ұйым­дастырушы ғана емес, қаржы пира­мидасының қатысушысы да тартылатын болды. Жалпы, бұл әрекет алаяқтар­дың алдын алу үшін мемлекеттің жасап жатқан шарасы.
Сонымен қатар мамыр айында Ал­маты қаласының әкімі Ахметжан Есі­мов қалалық экономикалық және сыбай­лас жемқорлық қылмысына қар­сы күрес департаментіне барлық заңды тәсіл­дермен қалада «МММ-2011» ұйы­мы­ның қызметін уақытша тоқтатуды тапсыр­ғаны белгілі. Міне енді аузы күйген адамдар көбейгенннен кейін жоғары билік Бас прокуратураның жұ­мысшы тобымен заң жобасын пар­ламентте ұсынуды қарастыруда. Демек, заң керек, алаяқты қаржы нарығына жібермеу үшін қарашаны олардан қорғау үшін...

Еркін ҚАЛДАН

"Айқын" газеті

0 пікір