Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3660 0 пікір 17 Қыркүйек, 2012 сағат 08:02

Алматыдағы Ахаңның үйі

«Ақшамдықтар» Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына орай, Ахаңның мұражай-үйінде болып, Алаш қайраткерлерінің рухына Құран бағыштап, ас берді

 

«Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».

Ахмет Байтұрсынұлы

«Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының ар-ожданы»

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінен.

 

«Ақшамдықтар» Ахмет Байтұрсынұлының 140 жылдығына орай, Ахаңның мұражай-үйінде болып, Алаш қайраткерлерінің рухына Құран бағыштап, ас берді

 

«Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».

Ахмет Байтұрсынұлы

«Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының ар-ожданы»

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ахмет Байтұрсынұлының 125 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзінен.

 

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, тура бір жыл бұрын «Алматы ақшамы» газетінің редакциясы Шевченко-Масаншы көшелерінің түйіскен тұсындағы ғимаратқа көшіп келгенінде, тілшілер қауымы ерекше қуанған. Өйткені, осы маңайда қазақ баспасөзінің негізін салушы, ұлтымыздың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі бар еді. Ғұмырында әр шаһарда тұрса да, итжеккен мен айдауда жүрсе де, бір өзі бір институттың атқара алмайтын шаруасын бүтіндеп кеткен Ахаңа деген құрмет қашанда айрықша . Ал, биыл Ахмет Байтұрсынұлының туғанына - 140 жыл толып отыр. Ахаңның туған күнінің өзі қыркүйек айында. Оның үстіне, әйгілі реформатордың 1912 жылы жазған «Оқу құралы» атты қазақтың тұңғыш әліппесіне биыл ғасыр толып отыр екен. Сондықтан, осынау сәйкестіктердің өзі тегін еместігін ескере отырып, Алаш арыстарының еңбегіне ерекше ілтипатпен үңілетін «Алматы ақшамының» тілшілер қауымы редакция жанындағы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйіне ұжым болып барған еді. Тілшілер мұражайдағы Ахаңның көзі тірісінде табаны тиген еденді басып тұрып, ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамына, сол кездегі саяси ахуалға, қазақ зиялысының күрескерлік өміріне шолу жасап, тоталитарлық кезеңнің тар тынысын сезінгендей әсерге бөленді. Сондай-ақ, мейрамханада Алаш қайраткерлерінің рухына арналып мұражай қызметкерлері мен Ахаңның жиені Айман Байсалова, жиеншары Меруерт Бейісова, А.Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қордың мүшесі Қайдар Бәйдібеков және «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай бастаған тілшілер қауымы қатысқан ас берілді. Ас дастарханында «Көктөбе» мешітінің имамы Сәкен Әбдірайымұлы ізгі аруақтарға Құран бағыштады.

Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлының Алматы қаласында қызмет істеп жүргенінде тұрған үш үйі болған. «Қазақ халқының ар-ожданы» атты биік бағаға ие болған рухани көсемнің жазбалары арқылы зерттеушілер осы үш үйдің орнын анықтаған. Алайда, Ахаң тұрған екі үй қалада жаңа құрылыстар басталғанда бұзылған екен. Соның ішінде тек қазіргі Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі ғана қалған. Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде 1934 - 1937 жылдар аралығында тұрған.

«Елу жылда ел жаңа» дегендей, 51 жыл бойы «Халық жауы» ретінде нақақ жала арқалап келген Ахмет Байтұрсынұлының аяулы есімі 1988 жылы ақталды. 1993 жылы Ахаңның Алматыдағы тұрған үйін мұражайға айналдыру ісі басталып, бұрынғы Космонавтар көшесі Ахаңның атына берілді. Кейінгі жылдары мұражайдың қасындағы Никольск саябағына да Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Мұражай-үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Осы шараға жетекшілік еткен А.Байтұрсынұлының інісі Мәшеннің ұлы Самырат Кәкішев болатын. Самырат Мәшенұлының 1994 жылы 5-тамызда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қор құрғанын да айта кеткен ләзім. Аталған мұражай-үй 1 жарым қабаттан, төрт бөлме мен бір бөлмелі жертөледен тұрады. Оның үшеуі - көрме залы, бір бөлмесі - ахметтану дәрісханасы. Жертөле - мұражай мен қоғамдық қор қызметкерлерінің кеңсесі. Мұражай-үйдің қорында ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық деректі ресми құжаттар, 300-дей мемлекеттік мұрағаттан алынған телнұсқалық құжаттар, 12 жеке суреті және 27 ұжымдық деректі суреттер бар.

Ахмет Байтұрсынұлының өз баласы болмаса да, асырап алған үш баласы болған, олар: Қазихан, Аумат, Шолпан. Алғашқы екеуін өз фамилиясына жазбаған. Ал, туған інісінен алған Шолпанды өз атына жазған. Біз Шолпаннан туған жиен немересі Айман апамызбен және әпкесі Зиляштың ұлынан туған жиеншары Меруерт апамызбен әңгімелестік. Асылдың сынығы айтқан әңгімелердің бір пұшпағын оқырмандармен бөлісуді жөн санап отырмыз.

Айман БАЙСАЛОВА, Ахмет Байтұрсынұлының жиені:

Ахаң бұл үйдің жертөлесінде тұрған деседі...

- Менің әкем - Ғабиден Байсалов 21 жасынан бастап (1930-жылдары) Алматыда чекист болып қызмет еткен. Шешем - Шолпан Ахметқызы балалар үйінде тәрбиеленген. Алматыға келгенінде анамыз жасына үш жас қосқызған екен. Әкеме ерте тұрмысқа шығыпты. Менен үлкен Эрнест есімді ағам болды. Әкем темір жолда райпрофсожда директор болды. Шешем екеуі театрға көп барады екен. Театрдан «Айман-Шолпан» қойылымын көрген соң, мен туғанда атымды Айман қойыпты. Біздің отбасы да бүгінде Ахаңның мұражай-үйі болып тұрған үйде тұрыпты. Ахмет атамыз қызметте, абақтыда, әр жақта болды ғой. Семейде, Қарқаралыда, Қызылордада, т.б. қалаларда жүрді. Алматыға қызметке келгенінде 1934 - 1937 жылдары атамыз осы үйде тұрған екен. 1937 жылы мен бір жаста едім. Бұрын Байтұрсынұлы көшесі - Ұйғыр көшесі, Сейфуллин даңғылы - Өзбек көшесі, Абай даңғылы - Арычная деп аталатын. Үйдің есігі сол кезде Ұйғыр көшесі жағынан шығып тұрған екен. Мен бұл жәйттерді білмеймін. Төрт жасқа келгенімде, бұл үйден көшіп кеттік. Қапшағай арқылы соғыс жылдарында Бақанасқа барып тұрдық. Шешем сонда бас есепші болды. Әкеміз майданға аттанды.

Ахаң бұл үйде Бәдрисафа әжемізбен тұрды. Атамызды ұстап алып кеткеннен кейін Бәдрисафа әжеміз қызы Шолпанды алып, Қостанайға кеткен екен. Тоғыз жастағы қызын балалар үйіне берген. Өзі Қостанайдың жанындағы қарттар үйінде тұрып, 1943 жылы қайтыс болды.

Бұл үй 1998 жылы толығымен мұражайға айналдырылды. Құрылысы шегесіз, таза ағаштарды қиып салынған, бұрыннан бар үй екен. Ең алғаш Никольскі шіркеуінің попы салдырған көрінеді. Ол қайтыс болғаннан кейін үйде басқа адамдар тұрған. Әр терезесі бір бөлмеге бөлініп, жатақхана сияқты пайдаланылған. Білетіндердің айтуынша, Ахаң бұл үйдің астыңғы қабатында, жертөлесінде тұрған екен. Баспалдағы тура салынған. Кішкене кезімде сол баспалдақтан құлаған кезімде түскен маңдайымдағы тыртық әлі бар. Жанындағы аялдама сол орнында әлі тұр. Сол кездің өзінде Ұйғыр, Пастер, Талғар, Шевченко көшелерімен трамвай жүретін. Мен төрт жасымда трамвайға отырып, бір айналып келгенде үйдің қасынан кондуктор жетелеп түсіріп кетеді екен. Гоголь көшесіндегі 14-үйде де ағамызбен тұрғанбыз. Өйткені, шешеміз Заярскіге жер аударылды. Менен бір жас кішкентай 1937 жылғы інім, 1939 жылғы Аида есімді сіңлім болды. Барлығы қайтыс болды.

Мені шешеміз Шолпанның інісі Самырат асыраған еді. Ол соғыста болып, 1946 жылы Света есімді белорус қызына үйленіп келді. Олар да қашып жүріп, Шу жақта жұмыс істеді. Алты айлық қызы бар еді, оны жан-жағына жастық қойып бағатынмын. Кейіннен Самырат ағамыз Алматыда құрылыс саласында істеді. Әкеміз Шевченко көшесінің бойындағы екі қабатты ғимаратта істеген еді. Кейін оны бұзып тастады. Өзім де Абай даңғылы мен Масаншы көшелерінің қиылысындағы темір жол ғимаратындағы зертханада 20 жылға жуық жұмыс істедім.

Менің шешем мен Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апайдың осы үйдің алдындағы баспалдақта тұрып түскен суреті сақталыпты. Шешеміз қала әкімі болған З.Нұрқаділовқа осы үйді мұражайға айналдыру туралы хат жазған болатын. Шолпан Ахметқызы 1994 жылы қайтыс болды. Қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінің директоры Райхан Имаханбетова Шымкентте журналист болып істейтін. Алғашқыда бұл үйдің жертөлесінде Райхан екеуміз ғана тұрдық. Райхан ахметтанушы-ғалым ретінде кандидаттық, кейіннен докторлық диссертация қорғады. Бұл үйге қызығушылық танытып, тартып алмақшы болғандар да болды. Алайда, оған мүмкіндік бермедік. Қазір жеке меншікке қарайды. Коммуналдық төлемдері мен жер теліміне ақша төлейміз. Мемлекет есебінен И.Тасмағамбетовтің әкім кезінде күрделі жөндеу жүргізілді.

Ахмет Байтұрсынұлы ұстаған жәдігерлерді мұражайға әкелгенімізбен, оның барлығын тәркілеп алды. Үйден өзім алып келген атақты пенснесі (көзілдірігі) әлдебір үлкен шенеуніктің қолында екен. Одан басқа қара пианиносы, домбырасы болатын. Ұстаған таяғы бар еді, сынып қалған. Ол да қазір қолымызда емес.

Меруерт БЕЙІСОВА, Ахмет Байтұрсынұлының жиеншары:

Ахаңның 90 жылдық мерейтойында Түркияда көше ашылыпты

- Әкеміз Бәкібайдың шешесі Зиляш Ахмет атамыздың туған қарындасы болып келеді. Әжеміз 1962 жылы қайтыс болды. Өмірден өткенінше қолымызда тұрды. Әкеміз шешесінің басындағы құлпытасқа «Зиляш Байтұрсынқызы» деп жаздырды. Біз оған дейін әжеміздің тегі Бейісова деп ойлайтынбыз.

Жалпы, Айман екеуміз бүкіл халқымыз сияқты 1988 жылы Үкіметтің репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі қаулысы шыққанға дейін Алаш арыстары туралы ештеңе білген жоқ едік. Отбасымызда да атамыз туралы, оның туған-туыстарының қудаланғандығы жөнінде ештеңе айтылмайтын. Әке-шешеміз 1930-жылдары қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп-интернатта танысып, бас қосып, отау көтерген екен. 1939 жылы ағам, 1941 жылы мен туыппын. Анамыз Минә - қазақ радиосының тұңғыш дикторы болды. Интернатта үздік болып, өлеңді бар мәнерімен оқиды екен. Содан көзге түскен анамызды 15 жасында пионерлер дикторы етіп, радиоға жұмысқа кіргізеді. Біз мұны үлкен мақтанышпен айтамыз. Әкеміз ұшқыштар мектебін бітіріп, ұшқыш болған еді. 1942 жылы жаралануына байланысты НКВД-ға жұмысқа кірді. Әкеміз Ахмет атамыздың басынан кешкен жәйттерінен хабары жоқ болды ма, білсе де үндемеді ме, ол жағы бізге беймәлім. Байтұрсын әулетінің өзі ашаршылық кезінде жартысынан айрылып қалған ғой. Мәселен, 1959 жылы әкеміздің аштық жылдары босып кеткен әпкесі табылды. Ол Жағалбайлы елінде тұрмысқа шығып, сонда тұрып қалған екен. Сол кісі кейін «Бәкібай Бейісов атты інім бар еді» деп радиоға бірнеше хат жазған екен. Радиодағы әріптестері «Минә апай, мына хат сізге арналған сияқты» деп, хатты шешемізге табыстапты. Осылайша, әкеміздің туған әпкесімен қауыштық. Орынбор облысы жақта тұратын әпкемізге әжеміз де барып, қайтыс болғанынша араласып жүрдік.

Біздің үйде түрлі өнер адамдары қонақта көп болушы еді. Ақын Сырбай Мәуленовтің әйелі Гүлжамал - Ахмет атамыздың үлкен туған ағасы Қалидың қызы. Сырағаңмен бірге Ғафу Қайырбеков, Ілияс Омаров, әртістер де көп араласатын. Сол кісілер үйге келгенде Ахмет атамыздың әндері айтылатын. Кейіннен білгеніміздей, атамыз өзі ән шығарып қана қоймай, музыка зерттеушісі А.Затаеевичке талай әндердің нотаға түсуіне көмек көрсеткен екен. Өзім қаладағы музыка мектебінде оқып жүргендіктен, бұл жәйттер менің жадымда жақсы сақталдып қалды.

Бірде анам әкемнен: «Ахаң деген кім?» деп сұрады. Сөйтсек, 1962 жылы Түркияда Ахмет Байтұрсынұлының атында көше ашылған екен. Осы жәйтті «Шалқар» радиосында хабарлаған көрінеді. Сол кезде үйде отырған біреулер «Биыл Ахаңның 90 жылдық юбилейі ғой» десті. Мен орыс тілінде сөйлейтінмін. Шешемнен «Что такое юбилей?» деп сұрадым. Ол кезде юбилейді атап өтетін заман емес. Шешеміз оның мерейтойлық кезең екенін түсіндірді.

Міне, сол қиын-қыстау кезде Ахаңның туған жиені білмейтін Алаш көсемдері мен қайраткерлерін бүгінде жалпақ жұрт мойындап, үлкен іс-шараларды ұйымдастырып, шет елдерге де танытып жатыр. Ахаңның ғылыми зерттеулері мен еңбектері бүгінде Қытайда, Еуропа елдерінде мойындалды. Реформатор, ғалым, лингвист, педагог, түрколог, ақын, жазушы, аудармашы, сазгер, этнограф, саяси қайраткер сынды қырларының барлығын Ахаң 63 жылдық ғұмырында қалай атқарып үлгергеніне және өте биік деңгейде орындағанына кейде таңғаласың! Карелиядағы қуғын-сүргін жылдары, репрессия құрбаны болмаған жағдайда Ахмет Байтұрсынұлы ұлтына бұдан да үлкен еңбек сіңірер ме еді деген ұлы өкініш бізді ғана емес, бүкіл қазақ халқының да өзегін өртейтін шығар деп білемін.

Думан АНАШ

«Алматы ақшамы», 112-113, 15-қыркүйек, 2012 жыл

 

0 пікір