Жұма, 29 Наурыз 2024
Алашорда 3710 5 пікір 31 Қаңтар, 2022 сағат 11:55

Ұлтсыздыққа күрт бетбұрыс...

Қазақ халқын ұлттық апат иіріміне мәскеулік эмиссар Филипп Голощекин билігі құлатқаны көпке әйгілі. Ол Қазөлкекомның жауапты хатшылығына 1925 жылғы қыркүйекте кіріскен. Оның жеке-дара билеуші болуын Кремль қазақ партия ұйымының басшылық құрылымын күштінің құқымен бірден өзгерту арқылы қамтамасыз еткен-ді:

Өлкелік комитеттің бұрынғы бірінші, екінші, үшінші хатшы деген лауазымдары жойылып, бір ғана жауапты хатшы –  Голощекин қалдырылды да, өзге хатшылар оның орынбасары болды. Бірақ ол бұрынғы бірінші хатшы Виктор Нанейшвили Мәскеуге ауыстырылғандықтан, бірнеше айдан бері іс жүзінде Қазөлкеком басшысы боп отырған, ұлттық мүддеге адал екінші хатшы Сұлтанбек Қожановтың өзіне орынбасар болуын қаламады. Бюро мүшелері арасындағы ішкі алауыздықты ұтымды пайдаланып, оны Мәскеуге, Орталық Комитеттің құзырына шақыртқызды. Сосын біртіндеп өзге де ұлт пайдасын ойлайтын коммунистермен күресін бастап, тез өрістетті...

1925 жылғы желтоқсанда өткен Бесінші өлкелік партконференцияда Голощекин өзінің бағдарламасы сынды ойы мен жоспарын жариялады. Питерден буырқана шыққан «Октябрь дауылы қазақ ауылына соқпай, ауыл маңында болмашы ғана  желдетіп, еш әсерін тигізбестен жанынан өте шыққандықтан», қазақ даласында «Кіші Октябрь (Қазан) революциясын» жасау қажеттігін аян етті. Өзіне дейін Қазақстанда істеген революцияшыл қызметкерлердің ісін осындай байламымен жоққа шығарып, мұнда, ұлан-ғайыр далада Совет өкіметі болған жоқ деген қорытындысын айтты. Сөйтіп, «Кіші Қазан» идеясын дамыту барысында, Совет өкіметінің орталық қалалар мен губернияларда қолданған таптық күрес тәсілдерін  біздің елге – көшпенділік өмір салты басым, жұмысшы табы жоқтың қасындағы қазақ еліне – сол қалпында көшірді.  Ауылдарды советтендіру мәселесін көтерді. Қазақтардың дәстүрлі қауымдастығын бұзуды басты мақсаты етті. Бұл үшін ауыл-ауылға қауымдасқан ағайынды жұрт ішіне таптық сына қағып, әлеуметтік айырмашылықты жоюға кірісу керектігін алға шығарды.

Филипп Голощекиннің Қазақ елін басқаруға Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу нәтижесінде Қазақ Республикасына Түркістан Республикасындағы қазақтар мекендейтін облыстар қосылғаннан соң келгені белгілі. 1925 жылғы сәуірде болған Үлкен Қазақстанның Бірінші съезі (Қазақстан Советтерінің кезекті 5-ші съезі) қазақтардың дәстүрлі экономикасын түрлеріне қарай жіктеп-талдап, қарарларында дала төсіндегі көшпенді мал шаруашылығын нығайту мәселесін көздеген-тін. Көшпенді жұрттың дала төсінде өркендеткен мал бағу қожалықтарын нығайту мақсатында үкімет тарапынан қаржы бөлу, еңбекті ұйымдастыру түрлерін дамыту, кооперацияны енгізу секілді жан-жақты қолдау шаралары ескерілген-тін. Сол 1925 жылғы сәуірдегі Советтер съезінде қабылданған маңызды шешімдерді жүзеге асыру қажеттігін 1925 жылғы қыркүйекте партиялық басшылыққа келген жауапты хатшы Голощекин елеусіз қалдырды. «Революцияны ақ биялай киіп жасамайды» деген ұғымын ұран етіп, күрт өзгеріс жолын –  көшпенділерді  жаппай отырықшы өмір салтына көшіру мәселесін қолға алды.

Республикада 1928 жылғы тамызда әйгілі Декрет, оған іркес-тіркес, реформаға қарсылық көрсеткендерді жазалау шаралары көзделген тиісті қаулылар шығарылды. Соларға сәйкес ірі байлардың дүние-мүлкі кәмпескеленіп, өздері жер аударылды. Наразылық танытқандарға репрессиялық тәсілдер қолданылды. Одан тәркілеу науқаны жаппайлық сипат алып, орташаларды да қамтыды. Шаруашылықтарға түрлі қисынсыз салықтар салынды. Күштеп ұжымдастыру жүргізілді. Өкімет ауылдардың дәстүрлі орналасу қалпын бұзды, ұжымдарға кіргендердің үйлерін орыс деревнялары үлгісімен тіккізіп, еш қаржылық-материалдық жәрдем көрсетпей-ақ отырықшыландыруға мәжбүрледі. Қорқытып-үркітуге, қуғындап-жазалауға арқа сүйеп жүргізілген сондай солақай реформалар салдарынан республиканың әр түкпірінде 1929–1931 жылдары ұлттық азаттықты аңсаған көтеріліс ошақтары тұтанып, қарулы күшпен басылды, артынша, 1931–1933 жылдары алапат аштық қасіреті  орын алды...

Филипп Голощекин өзінің «Кіші Қазан» идеясының дұрыстығын Бас хатшы Иосиф Сталинге мақұлдатып, оны жүзеге асыру үшін төтенше шаралар қолдануға рұқсат сұрап алған болатын. Сондықтан да өзінің бағытына, көзқарасына және жұмыста әкімшілдік-әміршілдік принциппен жүргізген шетін басқару тәсілдеріне қолдау көрсетпегендерге қарсы күрес науқанын күшейтті. Ол Қазақстанда басшылық қызметке кіріскен бетте қызметкерлердің ой-санасын қырнап, тегістеп, өз ұғымындағы коммунистік көзқарасқа сәйкестендіріп біркелкілендіруді, өз тілімен айтқанда «нивелировка жасауды» мақсат еткен-тін. Өзін қолдаушылар қатарын көбейту үшін, белгілі дәрежеде ұлттық сезімі көрініп қалатын «алашордашы» деп аталатындарды партия-совет қызметінен де, оқу-ағарту саласынан да аластады. Өзіндік пікірі бар ұлт коммунистерін «партия бағытын бұрмалайтын» жікшіл, топшыл деп кінәлады. Ал олардың көзқарастарына белгілі дәрежеде ниеттестікпен қарайтындардың  іс-әрекеттеріне – «рысқұловшылдық», «қожановшылдық», «сейфуллиншілдік», «сәдуақасовшылдық», «меңдешевшілдік», т.с.с. атаулармен жағымсыз айдарлар тақты. Бұл «ағымдардың» басындағылар «өздері озу үшін, өз адамдары үшін күрескенде ажырасады да, ұлтшылдар ретінде, байлардың идеологиясын, алашордашылардың идеологиясын жүргізушілер ретінде толығымен бірігіп кетеді», – деді.

Жұртшылық республика партия ұйымындағы «екі ірі тұлға, екі кит» (Д. Әділов) деп санайтын Смағұл Сәдуақасов пен Сұлтанбек Қожановты «ұлттық-ауытқушылар» («национал-уклонистер»), «оңшыл» коммунистер ретінде өзара  топ («блок») құрды деп айыптады. Қазақ халқының осы қос көрнекті тұлғасына Голощекин 1926 жылы жапсырған аталмыш айырым-белгі Қазақстан компартиясы тарихында бекем таңбаланып, тәуелсіздікке дейін өшірілген жоқ. Шындап келгенде бұлар жасанды айып тағушылық еді. Мәселен, Қожанов Қазақстаннан 1925 жылы кетірілген-тін, содан бері ол Мәскеуде болатын. Сталин Қожановпен жеке сөйлесіп, Голощекинмен хат алмасты.  Голощекиннің  Сталинге жолдаған хатымен танысқан Қожанов ондағы өзіне тағылған айыптарды оқыды. Оқи келе, Сталин мен Қазөлкекомге 1927 жылы екі мәрте (12.02. және 10.08.) хат жазуға мәжбүр болды. «1926 жылы қожановтық-сәдуақасовтық топқа белсене қатысты» деген айыптаудың негізсіз екенін айтты. «Мұндай топтануда менің іс жүзінде қатысым болған жоқ, болуы да мүмкін емес еді, – деді. – 1925 жылы  Сәдуақасов жолдас менің ең ымырасыз қарсыласым болды. Ол ашықтан ашық жалғыз өзі менің атқарып жүрген қызметімнен шақырып алынуымды талап етті. ...Қазақстаннан шақырып алынғаннан бері мен Сәдуақасов жолдастың маған көзқарасын өзгертуін мүмкін ететіндей ештеңе істеген жоқпын. Не сөзбен, не әрекетпен, не жазбаша, не ауызша, еш жерде, ешқашан мен осы тектес кінә тағуға желеу боларлық түк жасаған емеспін». (90-шы жылдары Бакудегі халық майданының шерулеріне қатысушылар Қожановтың Орталық Комитеттің ұлт мәселелері бойынша жауапты нұсқаушысы ретінде 1926 жылы Әзірбайжан Республикасына барып ұлт мәселесі хақында сөйлеген сөзінен үзінді жазылған лозунг көтеріп жүрді...)

***

Совет өкіметі орнағалы ұлт мәселесі партияның 1921 жылғы 10-шы және 1923 жылғы 12-ші съездерінде қаралған болатын. Әсіресе 17–25 сәуірде болған 12-ші съезде белгілі коммунистер Ленинге сілтеме жасап, «орыс шовинизмі туралы мәселе күллі біздің ұлт саясатымыздағы альфа мен омега (яғни ұлт саясатының ең негізгісі, басы мен аяғы –  Б.Қ.) болып табылады», «мұны ұмытқандардың бәрінің есіне салып отыру керек» деді. Түрлі талдамалар келтіріп, сөздерін «біз ұлыорыстық шовинизм туралы мәселені шешімді түрде төтесінен қоюға тиіспіз» деп қорытты. Сталин ұлт мәселесі жөніндегі өзінің  баяндамасынан кейін сөйлеушілердің осы тақылеттес сөздерін талдай келе,  съезге қатыса алмаған «өзімнің ұстазым Ленин жолдастың ...«жұмысшы мәселесімен салыстырғанда, ұлт мәселесінің  оған бағыныштылық мәні Маркс үшін күмән туғызбайды» деген  қорытындысын еске салып,  «кейбір ақылға қонымсыз тырысушылыққа ынталы жолдастар мұның бәрін жадтан шығармау керектігін» айтты.

Дегенмен ұлт мәселесі бойынша қабылданған съездің қарарында «Октябрь революциясы алға шығарған ұлттық бағдарламаны өмірге дұрыс енгізу үшін ұлттық езгінің өткен кезеңінен бізге мұраға берілген кедергілерді жеңу қажет» екені айтылды. Бұл кедергілер «ұлыорыстардың бағзы биік дәрежелі артықшылық жағдайының көрінісі болып табылатын ұлыдержавалық шовинизмінің сарқыншағы» болғандықтан,  олардың «қысқа мерзімде бір соққымен» жойыла қоймайтыны атап көрсетілді. Өйткені «осы сарқыншақтар тағы біздің кіндік және жергілікті советтік қызметкерлеріміздің бастарында өмір сүруде, олар  біздің кіндік және жергілікті мемлекеттік мекемелерімізге ұя салып алған... егер бұл қалдықтар біздің мемлекеттік мекемелеріміздің практикасынан шешімді түрде, үзілді-кесілді өшірілсе, сонда ғана советтік мемлекет шын мәнінде бекем боп, ондағы халықтар нағыз туысқандық  ынтымақтастық құра алады».

Украина, Белоруссия, Әзірбайжан, Түркістан секілді бірқатар ұлттық республикалардағы жағдай олардағы жұмысшы табының едәуір бөлігі ұлыорыстық ұлт өкілі болғандықтан күрделеніп тұр делінді. Осы аудандарда қала мен деревняның, жұмысшы табы мен шаруалардың жақындасуына партия және совет органдарындағы ұлыорыстық шовинизм сарқыншақтары кедергі келтіріп жүргені айтылды. «Осындай жағдайда орыс мәдениетінің артықшылықтары туралы әңгіме және неғұрлым жоғары орыс мәдениетінің неғұрлым артта қалған (украин, әзірбайжан, өзбек, қазақ және басқа) халықтардың  мәдениеттерін бұлтартпай жеңетіні жайындағы ережені алға тарту – ұлыорыс ұлтының үстемдігін, қожалығын бекітуге әрекеттенудің дәл өзі боп шығады, – деп тұжырылып, – сондықтан да ұлыорыс шовинизмі қалдықтарымен шешімтал күрес жүргізу біздің партияның бірінші кезектегі міндеті болып табылады», – деген байлам жасалды. Қарарда ұлтшылдықтың  ұлыорыс шовинизмінен қорғанудың өзіндік түрі екені атап айтылып, ұлтшылдық қалдықтарын еңсеру үшін қолданылатын ең сенімді құрал – ұлыорыс шовинизмімен кесімді түрде күресу болмағы атап көрсетілді.

12-ші съезд ұлт коммунистерін революцияшылдықпен жасампаз істер жасауға құлшындырды. Смағұл Сәдуақасовтың 1928 жылғы қаңтарда мәскеулік «Большевик» журналында жарияланған «Ұлттар және ұлт адамдары туралы» әйгілі мақаласында Орта Азия мен Қазақстанның партиялық басшылығы  тәжірибесінде бой көрсетіп тұрған келеңсіздіктерді сынауы осы партсъездің шешімдерін басшылыққа алғанынан еді. Сонда оның «буржуазиялық демократияны аңсаған» көзқарасы басына бәле болып, партиялық тезге түсті, Ташкенттегі университет ректорлығы қызметінен қуылды.

Жалпы, советтік кіндік билік 12-ші съезге сүйенген ұлт қайраткерлерінің тым еркінсуіне  шек қоюды бірден ойластырған-тын. Сол 1923 жылы, съезден кейін қырық шақты ғана күн өткенде,  РК(б)П Орталық Комитеті ұлт республикалары мен облыстарында істейтін жауапты қызметкерлерді арнайы мәжіліске шақырды. Тарихта Төртінші кеңес деп аталып жүрген бұл жиын Мәскеуде 1923 жылғы 8–12 маусым аралығында өтті.  Төртінші кеңес «12-ші партсъездің ұлт мәселесі бойынша позициясынан ауытқулармен» күресу жолын қарастыруды мақсат етті.  Көрнекі үлгі етіп, құпия полиция тұтқындаған белсенді татар коммунисі Мирсаид Сұлтанғалиевтің мәселесін қарады.  Сталин Бұхарада совет өкіметіне қарсы жұмыс жүргізіп жүрген башқұрт қайраткері Зәки Валидовпен байланыста болдың, хат алып тұрдың деп, түркістандық коммунист Тұрар Рысқұловты сынады. Түркістан Республикасында патша заманындағы жарнамалардың өзгертілуінен басқа ештеңе істелген жоқ деген тағы бір түркістандық коммунист Сұлтанбек Қожановтың сөзіне орай, «егер олай болса – біз басмашыларды емес, басмашылар бізді соттау керек қой» деп, Қожановтың осынау жете ойластырылмаған өз пікірін қайта қарауы керектігіне нұсқады...

Әйтсе де, әсіре саясатпен қаншама әрленсе де, жариялы уәделер мен олардың ұлттық республикаларда орындалуы арасындағы қайшылықтар еріксіз көзге ұратын. Сондықтан да билеуші партия оны мүлдем елеусіз қалдыра алмады. РК(б)П Орталық Комитетінің Саяси Бюросы  1926 жылғы  3 шілдеде арнайы комиссия құрды. ССРО Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Михаил Калинин басқаратын осы комиссияға Октябрь азат етті делінетін ұлттардың түбегейлі мүдделерінің шешілуі барысына байланысты қордаланып қалған түйінді мәселелерді зерттеп, тиісті ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Бірақ ұлт мәселесінің шешілу деңгейін саралауға тиіс бұл комиссия құрамына Қазақстаннан ешбір қазақ қайраткері мүшелікке тартылмай, тек Филипп Голощекин ғана кіргізілді. Мұндай әрекетпен коммунистік кіндік биліктің қазақтың ұлттық мәселесін жарылқап- жарытпайтыны кім-кімге де аян-тын. Сол себепті ұлт коммунистері өз тараптарынан Саяси Бюро құрған Калинин комиссиясына мейлінше білікті ой қосу арқылы жәрдемдесуді көздеді. Сондай мақсатпен Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті (ВЦИК) Төралқасының аппаратындағы Ұлттар бөлімінің меңгерушісі Санжар Асфендиаров Ресей Федерациясы аумағындағы ұлттық құрылымдарда істейтін жауапты қызметкерлермен арнайы жиналыс өткізуге ұйтқы болды, оған өз тезистерін әзірледі. Жеке кеңес деп аталған, ССРО мен РСФСР орталық атқару комитеттерінің Ресейдегі ұлттық республикалар мен облыстардан сайланған мүшелері, барлығы елу шақты коммунист қатысқан бұл жиын Федерация Халкомкеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың басқаруымен  ВЦИК-тің кезекті  сессиясы кезінде, 1926 жылғы 12–14 қарашада өтті.

Кеңеске қатысушы бір топ қазақ коммунистері сөйлеген сөздерінде партияның ұлттық мүдделерді мүлдем елеп-ескермей, шексіз билік құрып отырғанын сынаған. Мәселен, Қазатком төрағасы Жалау Мыңбаев лениндік-сталиндік ұлт саясатының өзі куә болып жүрген практикасына ашық наразылық білдіріп, ұлттық мемлекеттілікті іс жүзінде нығайтуға қажет басты талаптарды батыл тұжырымдады. Қазақ Республикасының өмірге келгеніне алты жыл болғанмен, артта қалуға себепші теңсіздіктің өршіп тұрғанын, партия ұйымдарында әлі күнгі бірде-бір басшы-қазақ жоқтығын, советтік тәртіппен қабылданған шешімді партия комитетінің оп-оңай бұза салатынын шешімталдықпен әшкерелеп, қатты сын айтты. Осы тұста Қызыл академияның марксизм курсында тыңдаушы боп жүрген Сұлтанбек Қожанов Жеке кеңестегі сөзінде негізінен қолданыстағы ұлт саясатының кемшіліктерін  ашты. Ресейдің құрамындағы ұлттық республикалар мәдени және шаруашылық тұрғыдан әртүрлі деңгейде болғандықтан бірін бірі түсінбейді, оларды өркендету жайындағы шешімдер қағаз жүзінде қалады деді.  Предказцик Мыңбаевтың «1923 жылғы Төртінші кеңес шешімдерінің жүзеге асуы Қазақстанда 4-ақ пайыз болды» дегенін еске алып, отырғандарға: «Сол төрт пайыздың аталған ұлт кеңесіне дейін-ақ қоғам тіршілігінде болуы ықтимал ғой, олай емес деп кім мәлімдей алар?» – деген сауал тастады. Оны ҚазЦИК  төрағасының «түк орындалған жоқ деп ауызды қу шөппен сүрткендей болмас үшін» айтқанын ескертіп, іс жүзінде ештеңе істелмегенін, ал партияның оған назар аудармай келе жатқанын, тіпті бірқатар жақсы шешім «жергілікті жерлерде кері кетіріліп отырғанын» айтып, дәлелдер келтірді.

Бұл ретте Қожанов Қазреспубликадағы баспасөзде жарық көрген билікті жергіліктілендіру шараларын, яғни басқару аппараттарында коренизация жүргізетін комиссияның төрағасы «Александров деген бір жолдастың бағдарламалық сөзін» ащы сынға алды. Ол «коренизация жасауды мақсат етем деп – аппаратты қаусатуға болмайды» деп жазыпты. «Жұртшылықты коренизациядан жирендіру үшін бұдан өткен желеу табылмас», – деді сыншы. Өйткені сол қазақ мемлекетінде бұл шараны жүргізуге жауапты орыс коммунисінің ойынша, «жергіліктілендіру дегеніңіз – жұмыс атқарып тұрған аппаратты күйрету» болып шығатын көрінеді. Мақаласында «...әлгі Александровыңыз ұлттарды автономияландырудың мақсаты республика аппаратын міндетті түрде коренизациялауда емес» деп, түгелдей қазақтар істейтін, ал іс қағаздары орысша жүргізілетін болыстық атқару комитетін мысалға келтіреді. Бір орысы жоқ болыстың қызметкерлерін орысша «сайратудың» жолы – «билік буындарындағы александровтар мен олардың жұмса жұмырығындағы мырқымбайлар болыстарға құжаттарды орыс тілінде төпей беру» боп шыққан. Ал орыс тілін білмейтін әлгі жергілікті қызметкерлер оларды жоғалтпау үшін әдемілеп тігіп қойып отырады, сонымен ісқағаздар қатынасы орысша «жүріп» кетеді. Осыларды айта келіп: «Міне, ұлттық болыста ұлт тілін, оның рөлін жоққа шығарушылық көз алдымызда осылай орын алып отыр, – деді шешен сарказммен. – Ұлттық мәселелерді елемеу, елемек түгіл, жоққа шығарушылық біздің республикамызда – қазақтың советтік автономиялық республикасында емін-еркін сайран салып тұр. Және ...ел болып ту тіккен қазақ халқының тілін жоққа шығарушылықтар – орталықтан, кіндік мекемелерден, халық комиссариаттарынан  бастау алуда».

Партия-совет органдарындағы 20-шы жылдары-ақ бірден белең алған орыстандырушылық іс-әрекеттер көрінісінің жасампаз болып шыққаны ешкімге құпия емес. Қожанов партияның жақсы шешімі мен нақты іс-дағдысы арасындағы  айырмашылықты, көзбояушылықты ашып көрсете отырып, оларды жою жолын нұсқады. Қазақ Автономиясы мен Ресей Федерациясы үкіметтері арасындағы іскерлік қарым-қатынаста орын алып тұрған кемістіктерді де конституциялық қайшылық ретінде сынады. Мұның бәрі шақырылуға тиіс Бесінші Ұлттар кеңесінде талқыланып, дұрыс шешімін табатынына үміт артты. Алайда Бесінші кеңесті шақыру қажеттігіне өзгелер жеткілікті дәрежеде қолдау көрсете қоймады.  Сонда Қожанов мінбеге қайта көтеріліп, өзінің Бесінші ұлттар мәжілісін шақыру қажеттігін айтқаны жәй ғана қарарды толықтыру емес, басты ұсыныс екенін нығарлай қайталады. Кеңеске төрағалық етуші бұл басқосу талқыланған мәселелер бойынша ресми органдардай шешім қабылдауға қақылы еместігін ескертіп, мәжіліс материалдары негізінде ұсыныстар әзірленетіні, сөйтіп тиісті органдармен келіссөздер жүргізілетіні жайындағы пікірін жиынға қабылдатты.

Дегенмен  Қожанов алғашқы білдірген ойынан айнымады. Партияның 14-ші съезі кезінде бірер ұлт өкілі 5-ші Ұлттар кеңесін шақыру қажеттігі жайында жеке бастама ретінде Орталық Комитетке арнайы хат тапсырған-ды, соған бола ешқайсысы ешқандай сөгіс естіген жоқ, демек біздің Жеке кеңес те Орталық Комитеттің кезекті ұлт кеңесін өткізуі керек екені жайлы үзілді-кесілді түрде сұрай да, айта да алады деп мәлімдеді.

...Жеке кеңес маңызды ұсыныстар қабылдаумен қатар, партияның Орталық Комитеті жанынан ұлт мәселесі жөніндегі Бесінші кеңесті шақырудың айрықша қажеттігі туралы тілек білдірді...

***

Сұлтанбек Қожанов Мәскеудегі Жеке кеңесте: «Біздің бұл кеңесіміз Саяси Бюро комиссиясының ұлттық құрылымдардан өкілдік ететін мүшелеріне жәрдем етуге тиіс» деп санайтынын жария еткен. Бұл – жиынға қатысушы барша коммунистің ортақ ойы-тын, алайда Калинин  комиссиясына «ұлттық құрылымдардан өкілдік ететін» мүшелердің бірі, Қызылордада Қазақ Республикасын басқарып отырған Филипп Голощекин мұны ұнатпады. Ұнатпай, «партиялық тәртіпті сақтау» тұрғысынан әрекет етті. Сөйтіп, Ресей Федерациясы Зампредсовнаркомы Тұрар Рысқұловтың төрағалығымен Мәскеуде өткен ұлт өкілдерінің Жеке кеңесіне қатысқан қазақтарды, әрине, өзінің Кремльдегі қожайынының жебеуімен, басқаларға үлгі боларлықтай етіп жазалауды жүзеге асырды...

Жеке кеңестен он шақты күн өткенде,  1926 жылғы 25 қарашада басталып бір апта бойы жүрген Қазөлкекомның 3-ші пленумында Голощекин өзі баяндама жасады. Соның алдында Бюрода талқыға салып әбден жуасытып алған Жалау Мыңбаев пен Смағұл Сәдуақасовтың «топшылдықтан бастартатыны» жайында өкінішке толы сөздерін тыңдатты. Сосын Ғаббас Тоғжанов та Жеке кеңеске «өз беттерінше» қатысқан қазақ қайраткерлерінің жауапкершілігін партиялық тұрғыда талқылау қажеттігін көтерген қаһарлы сөзін сөйледі.

1926 жылғы 18 желтоқсанда Қазөлкеком Бюросы, Қазақ өлкелік Бақылау комиссиясының төралқасы және Халкомкеңес пен Қазатком комфракцияларының біріккен мәжілісі шақырылды. Онда Предказсовнарком Нығмет Нұрмақов мінбеге Жеке кеңеске қатысушыларды және Қазақстанға «өкпелі» Қожановты жосықсыз қаралауға құрылған баяндамамен шықты. Предказцик Мыңбаев Жеке кеңеске қатысқанына өкінетінін айтты. Бюро мүшесі, жауапты хатшының орынбасары Ораз Исаев Нұрмақовтың баяндамасын толықтырып, Жеке кеңестегі сөздері үшін Асфендиаров, Қожанов, Мыңбаевтарды сынады. Біріккен мәжілістегі сыни бағытты тағы бірнеше белгілі қазақ қайраткерлерінің қолдаған сөзінен кейін, талқылауды жауапты хатшы Филипп Голощекин қорытындылап, Жеке кеңеске қатысқандарға өлкеком мен өлке үкіметі пікірімен сыйыспайтын сөздері үшін «сыбағаларын» берді.

Бұл талқыларға Сұлтанбек Қожанов «Қазақстандағы практикалық жұмыста... бар болғаны 10 айдай ғана» істеп, қазір өзін «Қазақстаннан үш мың шақырым қашықтық пен екі жылдық уақыт бөліп» тұрғандықтан, яғни партиялық есепте Мәскеуде тұрып, марксизм курсында оқып жүргендіктен, тікелей қатыспаған. Сонда да оған Голощекиннің өз қызметкеріндей қарауына орай, сырттай-ақ кінә тағылды. Сол себепті  Бас хатшы мен Қазөлкекомға жазған хаттарында Қожанов тиісті түсінік берді. Түсініктерінде «ойды ашық айту тәсілін және өз пікіріңді ашық түрде қорғау тәсілін – өз иланымыңды партиялық тексеруден өткізудің және өз ауытқуларыңды тездетіп жоюдың бірден бір дұрыс жолы деп есептегенмін және әлі де солай есептеймін» дей келіп, өзінің Қазақстанда қызмет істеген шағында «ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоюға» тырысқанын, әрдайым «Орталық Комитет директиваларын жүзеге асыруда... біржақтылықпен, тек ұлт мәселесі бойынша табындылық көрсетіп, педанттықпен орындатуға» ұмтылғанын өзінің қателігі екенін мойындады. Сосын «жаңадан шыққан оңшылдар мен солшылдардың ауыл тұрғындары арасында» жұмыс жүргізулеріне орай пікірін білдірді. «Жолдас Сәдуақасовтың позициясы – объективті оң, ал жолдас Жандосовтың позициясы объективті сол қанат болып табылады» деді. Өзінің бұрын да осы екі «одақтасының» көзқарастарының ортасын ұстанғанын, қазір де солардың екі ортасындағы бағытта екенін айтты. «Жолдастар қызу пікір таластырған ауылдағы «азамат соғысы саясаты» да, «азаматтық бітім саясаты» да совет құрылысы үшін елеулі оң нәтиже беруі мүмкін емес» екенін айтты. «Жандосов жолдастың  – текті феодалдарды жою» шараларын барша байларға қолдануға шақыруы да, «Сәдуақасов жолдастың текті феодалдарға қарсы әрекет жасау қажеттігін жоққа шығаруы» да қате деп мәлімдеді.

Бірақ Қожановтың ой-пікірінің Голощекинге еш оң әсері болған жоқ, қайта, қайткенде оны қудалай беруді ойлады. Голощекиннің тапсырмасымен Предказсовнарком Ораз Исаев Қызылордадан Ташкентке 1928 жылдың күзінде арнайы барып, БК(б)П Орталық Комитетінің Ортаазиялық бюросы аппаратына қызметке келген Қожановқа жолықты.  Қойған сұрақтарына оның берген жауабын: «Сұлтанбек Қожанұлы қателерін мойнына алды. Шынды жасыруға, партияны алдауға болмайды»   деген тақырыппен «Еңбекші қазақ» газетіне жариялады. Қожановтың осы уақытқа дейін өз пікірінен «таймай келгенін, оған куә – 1927 жылғы 12 февраль мен 10 августа жазған хаттары» екенін еске салып, енді ол «барлық қателерін мойнына алып отыр» деп, салтанатты түрде хабарлады...

Ұлттық мүддені қорғағысы келетіндердің бас айыптаушысы ретінде Голощекин қарашадағы пленумда Жеке кеңеске қатысуға батылдары барған Бюро мүшелерін ғана емес, өзіндік пікірі бар төменгі буын қызметкерлерін де сынаған-ды. Құпия қызмет агенттерінің көмегімен қолына түсіріп алған хат негізінде Сырдария губаткомының төрағасы Ыдырыс Мұстамбаевты тікелей нысанаға алған. «Міне, тағы бір көсем, бірақ өлкелік емес, губерниялық жолдас Мұстамбаев... – деп хабарлады ол, – өзінің бір досына мынандай хат жазды: «Голощекин жолдасқа ешбір жағдайда да, ешқашан сенуге болмайды. Қазақстанда Ежовтың қолымен коммунизм орната алмайсың». Голощекин мұны «губерниялық деңгейдегі» қызметкердің коммунистік өресінің төмендігіне мысал етіп жария еткен болса керек. Алайда Мұстамбаев Қазөлкеком жауапты хатшысының ауыл шаруашылығын ұйымдастыруда ешкімнің пікірімен санаспай, әміршілдік тәсілмен халықтың дәстүрлі тыныс-тіршілігін дөрекі түрде бұзуына қарсы шыққан. Орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныстандыруын қолдамаған. Көшпенді жұртты күштеп отырықшыландыру саясатына, жаппай ұжымдастыру практикасына сын айтқан. Партия-совет қызметкерлері арасында оны ашықтан-ашық диктатор деп атаған. Голощекин шынында да өз байламын диктаторлық, әміршілдік тәсілмен  күллі республика активіне мойындатуға тырысты. Бірақ елдің бәрі бірдей оны мақұлдай берген жоқ. Мәселен, ол «қожановшылдықты» партия-совет ұйымдарының жиналыстарында талқылатып, «партия бағытына қарсы топ құрушыны» жұртшылыққа жаппай айыптатуға тырысқанда, атақты жазушы Сәбит Мұқановтың әйгілі «Өмір мектебі» мемуарында жазғанындай, Сырдария губерниясы жергілікті советтерінің жиналысында белсенділердің бірі: «Қожанов емес, Голощекин көкемнің өзі группировщик» деген мағынада сөз сөйлеп, қарсы шыққан екен...

***

«Коммунистік партия манифесінде» жазылған жұмысшыларда отан болмайтыны жайындағы тұжырым  биліктегі большевиктер секілді ойлайтын Қазақ партия ұйымының жетекшісі Филипп Голощекиннің санасына да бекем ұялаған-тын.  Сондықтан да ол отанға бөлінушілікті мойындамайтын жұмысшы (пролетариат) диктатурасының ұлтқа бөлінушілікті де жоятынына кәміл сенетін. Сол себепті өзі, яғни Қазақ Республикасының бас көрікшісі, Совет Одағы көлемінде орныққан пролетариат диктатурасының көрігін кең дала төсінде қыздырып, революциялық іс-шараларды  орталық губерниялардағыдай үлгімен жүзеге асырмақ. Алайда онысына қазақтың ұлт қайраткерлері  кедергі келтіріп жүр. Ендеше бұдан былай тиімділігі төмен үгіт-насихатты доғарып, оларға енді революцияның қаһарлы қаруын жұмсау керек. Сол арқылы мәжбүрлеу, жазалау тәсілдерін батыл да кеңінен қолдану қажеттігі анық. Бұл үшін өзі секілді мәскеулік эмиссарлар дөңгелентіп отырған арнайы қызметті тиімді пайдалану ләзім. Құпия полиция Қазақстанда совет өкіметі орнағалы ұлт қайраткерлерін мұқият қадағалап, бақылауда ұстап жүруді міндетке айналдырған болатын. Енді Голощекин оған жаңа міндеттер жүктеді...

Қазақ мемлекеті диктаторының бұл реттегі ұйымдастырушылық жұмыс тәжірибесін көрсететін нақты архивтік материалдар әзірге сырт көзден жасырын қалдырылып келеді. Осы орайда назар аударатын бір құжат бар. Фома Иванов деген ГПУ қызметкерінің 1926 жылғы 10 қыркүйекте өте құпия түрде Қазөлкекомның жауапты хатшысы Ф. Голощекин мен Бюро мүшесі С. Сәдуақасовқа жолдаған мәлімдемесі көп нәрсенің бетін ашады (бүгінге дейін мәлім боп отырған бұл аса маңызды жалғыз құжатты осы ғасырдың басында архивтен тауып, ғылыми айналымға ірі зерттеуші-ғалым Мәмбет Қойгелдиев қосқан). Ол, «Шишко, Берестин, Озол, Альшанский іспетті бір топ губерниялық еуропалық қызметкерлердің жүргізіп жүрген саясатын көзбе-көз көріп-біліп келе жатқан ГПУ қызметкері», осы топтың қолдарындағы барлық күш пен мүмкіндіктерді «қазақ қызметкерлерін қудалауға жұмсап отырған антипартиялық саясатын әшкерелеуді» өзінің парызы деп білетінін жазыпты.

Құпия қызметте істейтін Ф. Иванов деген адал азамат осы мекемедегі «чекистердің»  жұртшылық санасына сіңгендей «ел қорғаны, революция қорғаны» мәртебесіне мүлдем кереғар, қисынсыз өтіріктерді қиюластыру жолымен кәдімгі арандатушылық қызмет атқарып, таза қылмыспен айналысып жүргенін әшкерелейді. Ол хатында: «...қазақ қызметкерлері үстінен ГПУ желісі бойынша өтірік материалдар жинау бірінші кезектегі міндет болып табылады», – деп ашық айтыпты. Бұл ретте түрлі тәсіл қолданылады деген екен. Мәселен, қазақтардың арасынан әдейі басыбұзық элементтер агент ретінде жалдауға таңдап алынады, немесе қазақ қызметкерлері үстінен жалған куәлік жасап, қажет көрсетулер алу үшін жылқы ұрыларын тұтқындайды. Иванов әшкере-хатында құпия қызмет әдістерін: «Ықпалды қазақ рубасылары мен орыс кулактары ішінен әдейі топтар құрамыз, – деп сабақтай түсіпті, – оларды жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы жұмсаймыз, өстіп өздерімізге қажет материалдар табамыз, қазақ қызметкерлерін жасанды түрде арандатып, біріне бірін айдап саламыз». Жыл сайын қазақтың нашар, бишара кедей-кепшігін не өздері, не орыс бұзақылары арқылы он-ондап өлтіріп тастайтындарын, осындай жолмен кедейлер мен орташаларды қазақ қызметкерлерінен оқшауландыруды жүзеге асыратындарын да айтқан.

Фома Иванов ГПУ тыңшылары қатарында «...көп ақша алып қызмет ететін, қазақ қызметкерлері үстінен елеулі материалдар беретін орыс кулактары мен қазақ рубасыларынан тартылған агенттер аз емес» екенін айтып, хабардар еткен жәйттері бойынша өзі де қатысқан, не тікелей куә болған оқиғалардан мысалдар келтіреді. Сосын «өзіме белгілі құпияны ашуға құқым жоқ болса да, партия мүшесі ретінде, мен жоғарыда көтерген мәселе хақында еуропалық және қазақтық басшы біліп, объективті пайым жасасын деген оймен, Қазөлкеком хатшысы Голощекинге және Қазөлкеком Бюросының мүшесі Сәдуақасовқа мағлұмат жеткізіп отырмын» дейді. Солай ағынан жарыла келіп, өзінің «коммунистік ақжүректікпен» ақтарыла айтқандары үшін құпия қызметтегі «жыртқыш аңдардың» талауына түсуінен осы екі басшы қорғар деген сенім білдіреді. Ақжүректік көрсеткен ГПУ қызметкерінің бұл хаты сол шақта Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы қырына алған Сәдуақасовқа беріле қоюы неғайбыл. Ал жауапты хатшы  Голощекин құпия қызметтің қатардағы қызметкері әшкерелеп отырған ГПУ-дің жұмыс істеу тәсілдеріне өзінің ішкі жоспарын ойдағыдай орындау қажеттігі орайында ерекше үміт арта қарағанына күмән жоқ (дегенмен құпия қызметтің құпия сырын ашқаны үшін оған қандай «құрмет» көрсетілгені беймәлім, зерттеуші-ғалым М. Қойгелдиев Ф. Ивановтың содан арғы тағдыры қалай болғанын анықтай алмағанын айтады).

«Жартылай феодалдардың мал-мүлкін кәмпескелеу» науқанын бастасымен, Ф. Голощекин тәркілеу үдерісіне «кедергі келтіруге ниеттенген» ұлтшылдар ұясын талқандау операциясын жүргізуді құпия қызмет мекемесіне тапсырды. Көкірегінде сәулесі бар-ау дегендердің баршасын бақылауында ұстап, қилы мәліметтер жиып отырған «чекистер» аялдамай іске кірісті. Алғашқы тұтқындаулар байларды тәркілеудің соңына қарай, 1928 жылдың қара күзінен басталып, жасанды айыптар тағылған 44 азаматтың ісі 1929 жылы Мәскеуге жөнелтілді. Тұтқындардың өздері де сол жылдың күзінде Мәскеу түрмесіне жеткізілді. Қосымша тергеу жүргізіліп, 1930 жылғы 4 сәуірде ОГПУ алқасының үкімі шығарылды. Ахмет Байтұрсынов бастаған он бір азамат ату жазасына, қалғандары түрлі мерзімге лагерьлерге жіберуге кесілді. Солардың іштерінен төртеуі екі аптадан сәл өте атып та тасталды. Бұл шешімнің бас тапсырыс беруші Филипп  Голощекинді қанағаттандырып әм қанаттандырғаны сондай, сол жылы Қазақстанның он жылдығына арнап өткізілген салтанатты жиналыста Байтұрсынов басында тұрған алашордашылардың «жойылған ұлтшылдық ұйымы» жөнінде масаттана хабарлап,  Мұхамеджан Тынышбаев бастаған тағы бір ұлтшылдар ұйымы жойылу алдында тұр деп мәлімдеді. Осылай республика партактивіне «революцияның қаһарлы қаруы» құдіретін паш етті.

Алайда ұзамай, 1931 жылғы 8 қаңтарда, ОГПУ алқасы 1930 жылғы 4 сәуірдегі үкімін қайта қарап, жазаның жоғарғы шарасы берілгендердің (үкімнің қайта қаралу нәтижесін тоспай, қандай себеппен екені белгісіз, шұғыл атып тасталған төртеуден басқа) бірқатарын атылудан құтқарып, он жыл лагерьге айдаумен алмастырды. Бәлкім кіндік жазалаушы мекеменің осы шешімі, әлде басқа да ауызша пікірі әсерін тигізген шығар, қазақстандық чекистер 1931 жылғы 29 қазанда құпия қызмет абақтысында өткен жылдан бері жатқан 18 тұтқынды тергеу «№ 2370 іс бойынша сотқа беруге жеткілікті дерек болмағандықтан» тоқтатылатыны жайында қаулы алды. Сөйтіп Қоңырқожа Қожықов, Садық Өтегенов, Әзімхан Кенесарин, Серікбай Ақаев, Алдабек Мангелдин, Иса Қашқынбаев, Дәлел Сәрсенов және солардың қатарындағы тағы он бір «ұлтшыл» айыпталушыны тергеу «іс бойынша жиналған дәлелдің жетімсіздігіне байланысты» доғарылып, бәрі түрмеден шығарылды да, қолдарына қамауда ұстаған мерзімдерін көрсеткен анықтама берілді. Сосын  «іс бойынша жеткілікті дәлел жиналған» Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышпаев бастаған 20 адамға қозғалған № 2370 істің «үш негізгі тергеу томы, 9 том қосалқы істер және 40 дана фотосурет» 1931 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеудің қарауына, яғни ОГПУ Алқасының 1930 жылғы алғашқы толқынды репрессиялағандай шара  қолдануы үшін жіберілді. (Мұның алдында, 1931 жылғы 11 желтоқсанда, «ОГПУ Алқасы жанындағы Ерекше Кеңеске» М. Тынышпаев пен басқаларды айыптайтын № 2370 іс бойынша 3 том және солармен байланыстырылған істер, барлығы 12 том жолданған болатын).

Бірақ ОГПУ қазақ мемлекетіндегі диктатор Голощекиннің үш ұйықтаса түсіне кірмеген, тап солай болар-ау деп ешқашан күтпеген мінез көрсетті. Іс екі айдан кейін «осы 20 айыпталушы үстінен  қосымша тергеу жүргізілсін немесе бәрі де босатылсын» деген ұсыныспен Қазақстандағы өкілдікке кері қайтарылған-ды. Ол аздай, «ОГПУ-дің Толық өкілетті Өкілдігін қадағалау жөніндегі  ҚССР Прокуроры Столбова жолдасқа ССРО Жоғарғы Сотының Прокурорынан» құпия түрде 1932 жылғы 8 наурызда шұғыл хат келді. Онда «ҚК-тің 58/7, 11, 59/3 бабтары бойынша айыпталған Ермеков Әлімханды, Досмұхамедовтерді, Омаровты, Ақпаевтарды және басқаларды, барлығы 20 адамды, ОГПУ Алқасына мәні бойынша қарау үшін» ОГПУ Толық өкілетті Өкілдігі  жолдаған істің осы 1932 жылғы ақпанның аяғында  кері қайтарылғаны хабарлана отырып, сол іс бойынша жасалған айыптау қорытындысында Прокурор Столбованың келісім бергені  туралы қорытындысы бар екені, сол себепті оның өзіне тікелей хат жазылып отырғаны  ескертіліпті.

ССРО Жоғарғы Соты Прокурорының хатында Қазақстандағы ОГПУ Толық өкілетті Өкілдігі  «тергеуді бір жарым жыл бойы жүргізгеніне қарамастан», жұмысын сапасыз қорытқаны атап айтылыпты. Орталыққа жіберілген осы істі тексеріп қарау оны мән-мағынасы жөнінен ОГПУ Алқасында тыңдаудың мүмкін еместігін көрсеткен екен. Мұндай қорытынды жасаудың екі түрлі себебі болса керек. Біріншіден, айыпталушылардың «Қазақстандағы саяси бандитизмге қатысы, олардың ұйымдастырушылық және жетекшілік рөлі дәлелденбеген». Сонымен бірге «айыпталушылар және орталық ұйым мен нақты бандиттік жасақтар арасындағы байланыс» буындары айқындалмаған. Екіншіден, айыптау қорытындысы негізінен айыпталушылардың «1918–22-ші жылдарғы контрреволюциялық өткеніне» сүйенген. Ал істе жинақталған соңғы жылдар материалдары, Прокурордың ойынша, олардың өткендегі контрреволюциялық қызметін жаңғыртуын танытатындай ешқандай нақты көрсету бермейді, олар, мықтағанда, «ұлтшылдық көзқарастар мінездемесі ретінде ғана» қарастырыла алады.

«Осы іс бойынша тергеудің қанағаттанғысыз жүргізілгеніне Сіздің назарыңызды аудара отырып, оны өте қысқа мерзімде аяқтау үшін Өзіңіз тікелей бақылауға алып,  қажет шара қолдануды ұсынамын», –  деп қатаң түйгеннен соң мәскеулік прокурор алматылық әріптесіне тағы бір ұсыныс айтқан екен. «Қылмыстық іске тартылғандардың бірінің, атап айтқанда, шал және мүлдем ауру Ақпаев Жақыптың арызын осымен бір мезгілде жібере отырып, оған және басқа айыпталушыларға да қолданылған алдын кесу шарасын (яғни түрмеге қамап қоюларын – Б.Қ.) қайта қарауды ұсынамын» дейді. Солардың орындалуынан хабардар етуді сұрап, хатына Ж. Ақпаевтың 9 беттік арызын қоса тіркеген. Хатқа 1932 жылғы 21 наурызда алматылық лауазымдылардың бұрыштамалары соғылып, соңына қызыл сиямен «Полит. скандал» деген сөз түсіріліпті.

Бұл шынында да «саяси масқаралық, масқарапаздық жанжалға» ұшыраудың тап өзі еді. Голощекин, шамасы, өзінің аса маңызды тапсырмасын құпия қызметтің осынша оралымсыз орындағанына күйіп-піссе керек. Әрине,  ол ОГПУ өкілдігінің басшыларымен де, Мәскеудегі бұған  қатысы бар орталық мекемелердің қызметкерлерімен де тиісті әңгімелер жүргізді. Нәтижесінде Совет Одағының ОГПУ алқасы жанындағы айрықша уәкіл Владимир Фельдман мен ОГПУ-дің Қазақстан бойынша толық өкілетті өкілінің орынбасары, сонымен бір мезгілде өкілдіктің Құпия-оперативтік басқармасының бастығы Сергей Наумович Миронов (шын аты-жөні – Мирон (Меер) Иосифович Король) Алматыдан 1932 жылғы 4 сәуірде Мәскеудегі Біріккен мемлекеттік саяси басқарма төрағасының орынбасары Иван Акуловқа мынандай жеделхат жіберді: «Мәскеу. ОГПУ. Акуловқа. Ұлтшылдар ісі бойында қосымша тергеу жүргізу нақты нәтиже бермейді. Оларды бостандыққа жіберу қазақ ұлтшыл элементін белсенділендіріп жібереді үтір Өлке басшылығына және ОГПУ органдарына шабуылдардың жаңа толқынын туғызады. Осыған және Өлкенің саяси жағдайына сүйене отырып, қазіргі уақытта айыпталушыларды Қазақстан шегінен тысқары жақтарға жер аудару мақсатымен істі ОГПУ Алқасының Көшпелі Сессиясында қарауға санкция беруіңізді өтінеміз. Шұғыл жауап тосамыз».

Алайда оң жауапқа шұғыл қол жеткізе алмағандықтан, Голощекин Алматыға келген Орталық бақылау комиссиясы төралқасының мүшесі, партия алдында беделі зор байырғы коммунист Арон Сольцті қатыстырып, чекистермен маңызды мәжіліс өткізеді де, өз ойын мақұлдатқан шешім шығартады.  Артынша, 1932 жылғы 20 сәуірде, ОГПУ-дің Қазақстандағы толық өкілетті өкілі Василий Каруцкий «Сольц, Фельдман, Голощекин қатысқан кеңестің шешімін жүзеге асыру ретімен» Алматыдан Мәскеуге, ОГПУ төрағасының орынбасары И. Акуловқа арнайы жеделхат жолдайды. Бұл телеграммада «Өлкедегі саяси ахуалды, ұлтшылдар ісі бойынша тұтқындалғандардың бәрін беталды босата салудың зияндылығын   ойлай отырып», Толық өкілетті өкіл Каруцкий аталған мәжілісте келісілген шараны айыпталушыларға өз тараптарынан қолдану үшін кіндік басқармадан рұқсат сұраған екен. «ОГПУ Толық өкілетті Өкілдігінің мына шешіміне санкция беруді өтінемін» деп, № 2370 істе қозғалған 20 адамға Қазақстандағы Өкілдік тарапынан қолданылмақ шараларды  үш топқа жіктеп жазыпты.

Біріншіден, «Орта Азия мен Батыс Сібір республикаларында тұру құқынан айырып, концлагерьге қамау шарасы Қазақстан шегінен тыс жаққа бес жылға (алдын ала тұтқындалған мерзімін есепке алып)  жер аударумен алмастырылсын» деп ұйғарылған 15 адамдық үлкен топ (Тынышпаев Мұхамеджан, Мұңайтпасов Әбдірахман, Кемеңгеров Қошмұхамед, Күдерин Жұмахан, Досмұхамедов Халел, Досмұхамедов Жаһанша, Қадырбаев Сейдазым, Үмбетбаев Алдаберген, Ақпаев Жақып, Қожамқұлов Нәшір, Омаров Әшім, Бұралқиев Мұстафа, Тілеулин Жұмағали, Ақпаев Абдулхамит, Мұрзин Мұхтар) тізімін берген. Екіншіден, «Омаров Уәлихан, Сүлеев Біләл, Ысқақов Даниял алдын ала қамалған уақытын есепке алып, біржолата босатылсын» деп көрсетіпті. Үшіншіден, «Ермеков Әлімхан, Әуезов Мұхтар концлагерьге шартты қамауды қолданып, немесе идеологиялық тұрғыда қарусызданып декларация жария еткендіктерін, өз кінәсін мойындағандықтарын және адал қызмет етуге міндеттеме алғандықтарын есепке алып», қамаудан босатылсын деген көрінеді. Өкілдіктің үкімімен жер аударылатындар жіберілетін аудандарды атап айтуды Мәскеуден өтіне отырып, олардың Шығыс Сібір, Орталық Қаратопырақты облыс, басқа да ішкі аудандар болғанын қалайтындарын да айтыпты. Айыпталғандардың «әрқайсысына жеке-жеке санкция беру мәселесі Голощекин жолдаспен келісілді» деп хабарлай келе, осыларға қатысты кіндік мекеменің шешімі жайында өздеріне шұғыл телеграфпен хабарлауды сұрапты.

Көп ұзамай Мәскеуден «барлық тұтқындалғандарға қатысты белгіленген шаралармен келісетіндіктерін» айтқан жеделхат келді. «Жер аударылатын орын – ЦЧО (Орталық Қаратопырақты облыс)» деп көрсетілді. 1932 жылғы 10 сәуірде Акулов та: «Қарсылық жоқ» деп хабарлады. Алматыдағы Толық өкілетті өкіл Каруцкий қызметкерлеріне: «аялдамастан Үштіктің қаулысы рәсімделсін», «екі күндік мерзімде жүзеге асырылсын», «ЦЧО-ға ерекше хат, дербес меморандум жазылсын» деген тапсырмалар берді. 1930 жылғы 30 сәуірде Қазақстандағы ОГПУ ТӨ (ПП) Үштігі отырысының жоғарыда аталған 15 тұтқынды «бес жылға концлагерьге қамау, жазаны сол мерзімге ЦЧО-ға жер аударумен алмастыру», қалған бесеуін түрмеден босату жайындағы қаулысы шықты.

Ұлт қайраткерлерін бұл жолғы жазалау шарасы Голощекиннің алғашқы көздегеніндей болмағанмен (тіпті 18 «ұлтшыл» түрмеден сотқа жеткізілмей босатылса да), ұлттық мүддені ойлайтын қайраткерлерді белгілі дәрежеде ауыздықтап, жұртшылықты ұдайы үрей шеңберінде ұстап тұруға едәуір қызмет етті...

...Республикада алапат ашаршылық үдеп, қазақ халқы іс жүзінде ұлттық апатқа ұшырады. Босап қалған жерлерде концлагерьлер орын тепті. Сырттан әкеліп қоныстандырылған жұрт шыбынша қырылған көшпенділер сүйегі үстінде жаңа өмір көрігін қыздырды. Қазақстандағы әміршіл диктатордың «сананы нивелировкалау, біркелкілендіру» үдерісін тұтатудан бастап, қоғамда ұлт мәселесін ұмыттыруды күйттеген күрт бетбұрысы қауіпті шегіне  беттеп бара жатты...

Бейбіт Қойшыбаев, 

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616