Жұма, 20 Мамыр 2022
46 - сөз 2184 22 пікір 26 Қаңтар, 2022 сағат 13:20

Қазақстанда қандай оқиға болды?

Президент Қ.Тоқаевтың 11-қаңтарда сөйлеген сөзі мен экс-президент Н.Назарбаевтың 18-қаңтардағы мәлімдемесінде «Қазақстан тәуелсіздігіне қауіп төнді!» деп қара бұлтты төндіріп жатты. Іс жүзінде Қазақстанның тәуелсіздігіне зәредей қауіп төнген емес. Ел аумағына ешқандай агрессия жасалмады.

Сонда Қазақстанда қандай оқиға болды?
Қазақстанда Н.Назарбаев режиміне, олигархтық қанаушы билікке қарсы ұлт-азаттық қаңтар көтерілісі орын алды. Ол 2022 жылғы 2-қаңтарда Жаңаөзенде газ бен бензиннің, азық-түліктің қымбаттауына наразылық митингісінен басталды. Оны Ақтау мен бүкіл Маңғыстау облысы жақтады. Экономикалық талаптармен басталған бейбіт шеру 4-қаңтарда саяси сипатқа ауысты. Отыз жыл бойы халықты түрлі уәделермен алдап, тығырыққа тіреген, экономикалық қиындықтар салдарынан әр отбасын дерлік банктердің кредиттеріне шырмаған, асты-үсті түрлі байлықтарға толы жерде отырып кедейлік қамытын кигізген коррупциялық жүйе әбден шаршатты. Осының салдарынан 5 және 6-қаңтарда наразылық бүкіл Қазақстан аумағын қамтыды.

Қойылған талап біреу: «Шал кет!». Бұл Н.Назарбаев пен қоса тұтастай Назарбаев режимінің биліктен кетуін талап еткен саяси ұран болды.
2019 жылы 20-наурызда Н.Назарбаев ел тізгінін Қ.К.Тоқаевтың қолына берген. Бірақ алдын ала Қауіпсіздік Кеңесі туралы заң қабылдап, соған сәйкес Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымын өле-өлгенше өзінде қалдырды. Яғни Қауіпсіздік Кеңесі арқылы барлық күштік құрылымдар Тоқаевқа емес «Шалдың» өзіне бағынатын. Отыз жыл билікте отырған Н.Назарбаев енді Тоқаевтың тасасында отырып, президентті де, мемлекетті де басқара берді. Президенттен жоғары басқарушы билік болуы заңсыз, легитимді емес болатын. Бұл заң тілімен айтсақ мемлекетті басып алушылық. Іс жүзінде Н.Назарбаев тек Қазақстан халқын ғана емес бүкіл әлемдік қауымдастықты да алдап, кезекті рет көзбояушылық қадамға барды.
Назарбаевтың өзі биліктен кеткен сияқты көрінгенімен назарбаевтық қылмысты жүйе, назарбаевтық режим қылшығы қисаймастан сол күйі қалды. Осыны түсінген халық Назарбаевтың өзімен қоса назарбаевтық жүйені де құлатуға ұмтылды. Қауіп тәуелсіздікке емес Назарбаев режиміне төнді. Өйткені митингішілер Қазақстанда бейбіт жолмен Назарбаев режимін төңкеріп, шынайы халықтық, демократиялық билік орнату үшін көшеге және алаңдарға шықты, арандатушылық орын алған кезде жазықсыз қан төкті. Көк байрағын көтеріп алаңдарда қаза тауып жатты.

Халық Алматы, Шымкент қалаларында, Маңғыстау мен Атырау, Жамбыл мен Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында стихиялы түрде көшеге шықты. Кейбір ақпарат көздерінің деректеріне қарағанда Қазақстанның 44 қаласы мен 26 ірі елді мекенінде халық көшеге шығып, алаңдарға барып, режимге наразылық білдірген. Көп жерде, тіпті Алматының өзінде полиция жасақтары халық жағына шығып кетті.

Халық көтерілісінен қорыққан Назарбаев өмір бойы атқармақ болған Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы құзіретін дереу Қ.Тоқаевқа тапсырды. Бұл көтерілістің Тоқаевқа тигізген ең үлкен пайдасы осы болды. Күш құрылымдарының билігі қолына тиген Тоқаев режим құласа өзінің де бірге кететінін түсінді. Сөйтіп 20 мың террорист туралы аңыз шықты. Осыны пайдаланып Қазақстан шекарасында бірде бір оқ атылмаса да, бір шаршы метр жеріне ешкім басқыншылық жасамаса да ОДКБ ұйымынан заңсыз көмек сұрауға мәжбүр болды. Бұл «террористермен» күрес үшін емес, режимді сақтап қалу үшін жасалған әрекет болатын.

Халықтың өз елін назарбаевтық режим мен олигархтық биліктен азат ету үшін ұмтылған күресі барысында арандатушылық әрекеттер орын алды. Халықтың саяси талаптарын тұншықтыру үшін 1986 жылы желтоқсан көтерілісі кезінде қолданылған айла-тәсілдер қайта қолданылды. Бейбіт митингіге шығушылардың арасына назарбаевтық арандатушылар топ-тобымен енгізіліп, олар ғимараттарға ұмтылды, өрт шығарды. Әрі дүкендерді тонауға мұрындық болды. Мародерлік етек алды. Халыққа қарсы репрессия жүргізу үшін бұдан асқан қандай сылтау керек? Сылтау қолдан жасалды. Өз кезегінде бұл қаптаған террористер мен экстремистер туралы ойдан шығарылған айыптауларға негіз болды. Әйтпесе көліктеріне Қазақстан жалауын іліп, Қазақстан әнұранын айтып шерулейтін қандай патриот «террористер»?

Қ.Тоқаевтың «огонь на поражение!» бұйрығынан кейін қарапайым тұрғындар, бейбіт митингіге шыққан көптеген адамдар жазықсыз оққа ұшты. Ресми деректе қаза тапқан 225 адам деп жарияланды. Іс жүзінде одан да көп болуы мүмкін.

Қазақстан Конституциясы 1-бабының 1 тармағында бекітілген «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген қағида аяққа тапталды. Ата заңның 3-бабының 1-тармағындағы «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағидаға ешкім пысқырған жоқ. Өзінің заңды құқығын пайдаланып көшеге шыққан халыққа оқ жаудырылды. Бұл тек қасірет емес өте үлкен заңсыздық та болды.

Сөз арасында айта кетейік, Қазақстан жалауын қорғап алаңнан кетпей тұрған жігіттің (кейін білдік, аты-жөні Берік Әбішев екен) полиция оғына ұшқаны билік үшін масқара жағдай болды. Президент Ата заңымыз бойынша полицияның президенті емес ол бүкіл халықтың президенті. Сондықтан оққа ұшқан қарапайым адамдарға түгел өтемақы төленуі керек. Бұл қантөгіс ең алдымен халықпен диалогқа шықпай оқ атқан биліктің кінәсінен.

Н.Назарбаевтың бәлкім Дубайда тығылып жатып жолдаған мәлімдемесі де әдеттегідей өтірікке толы екенін көрдік. Заң алдында адамдардың бәрі бірдей. Енді ары қарай Қ.Тоқаев ел алдындағы беделін қайта көтеру үшін экс-президентті жауапқа тарту жөнінде қадамдарға баруға тиіс. Ең алдымен Назарбаевты оған тиіспеу туралы заң күшінен айырып, отбасы мен қылмыстық кланның күллі активін мемлекет бюджетіне қайтару шараларын қолға алғаны дұрыс. Біз Президенттен «Nur-Otanнан» бастап барлық қуыршақ партияларды, Парламент пен Қазақстан Халқы Ассамблеясын таратуға қатысты батыл қадамдар күтеміз!

Марат Бәйділдаұлы

Abai.kz

22 пікір