Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Әдебиет 4390 1 пікір 25 Қаңтар, 2022 сағат 14:56

Екі сұхбат

Сықақ

Дұғай ары-бері ақырын аяңдап жүр. Қызмет бөлмесінде. Оң қолында – бір жапырақ қағаз. Сол қолы шалбарының, әрине, сол жақ қалтасында. Бірдеңе деп күбірлейді. Дауысын өзі де естімейтін шығар. Әлде адымын санағаны ма?.. Жалпақ үстелінің жанына барып «ат шалдырды». Арқалығы биік қара креслосына қарады да, «ә, сен мұнда екенсің ғой?!» дегендей-ақ, тез қонжиды да, сол жағында қиыс тұрған көк телефонын алдына сүйреп алып, қолындағы қағазын онысының сол жағына қойды да, телефонының тұтқасын оң қолына тапсырып, сұқсаусағын іске қосып, дөңгелек табақша ойықтарындағы цифрлардың керегін «түгендеп» болып, тұтқаны оң құлағына жапсырды. Сым арқылы әпсәтте жетіп келген «әллөуді» естіп бір қопаң еткен Дұғекең әжептәуір қарқылдап күліп алып:

- Бұғеке, хал қалай, бәрі дұрыс па? - деді. Бұғекесі «бұрыс ештеңе жоқ», десе керек, Дұғекесі: - Хорошо, саған бір қызық айтайын деп,  жаңағы, звандап отырмын. Осы телефон дегеннің де кейде зияны бар, саған айтайыным осыдан шықты. А?.. Жо-жоқ, зияны бар, жаңағы, тыңда, айтайын. Жаңа, жарты сағат бұрын, маған бір қыз ба, келіншек пе, Жасия деген телефон соғып, сәлемдесіп, жаңағы, маған: «Мен орталық телевидениеденмін. Директорымыз сізбен сұхбаттасуды тапсырды. Өзіңіз басқарып келе жатқан департаменттің жұмысы және обләкімдікпен қарым-қатнасыңыз туралы айтасыз. Дайындалып, ертең сағат онда біздің студияға келіңіз» деді. Мен онда қоятын сұрақтарын, жаңағы, сұрап, жазып алдым, дайындалып баруым керек қой, жаңағы. Ол әдрістерін айтты. А?.. Оқып берейін, секрет емес қой, жаңағы, тыңда.

Дұғекесі әлгі бір жапырақ қағазын алып, Бұғекесіне: «Тыңдап отырсың ба?» деді де, оқыды:

1-сұрақ: Департаментіңіз туралы айтсаңыз.

2-сұрақ: Өзіңіздің мамандығыз кім екенін білсек.

3-сұрақ: Обләкімдеріңіз  қандай кісі?

4-сұрақ: Министрліктеріңізбен тікелей байланысыңыз бар ма?

5-сұрақ: Жалпы еліміздің жағдайы, президентіміз жайында ой-пікіріңіз қандай?

Міне, осы бес сұрақ. Түсіндің бе? А?.. Е, мен, жаңағы, студент емеспін ғой, несіне қиналамын? Жауаптарым қазірдің өзінде, жаңағы, дайын. Білгің келе ме?.. Айтайын, мүмкін көмектесерсің? – деп қуақылана сөйлеп, мырс етіп, сөйлеп кетті:

- Менің департаментімнің тотиып отырғанына, жаңағы, екі апта болды. Металл сынықтарын жинап, заутқа тапсыратынбыз, оны бізден, жаңағы, бір компания тартып алды. Обләкімге айттым да, жаздым да, жаңағы, бірақ көмектеспеді, бюрократ, өзінен төменмен дұрыстап сөйлеспейді, ал жоғардағылардың алдында, жаңағы, жорға, өзің білесің, рас қой?.. Не?.. Ә, замечаниең дұрыс, ол жерде, иә, «жаңағы» дегенді айтпауым керек. Не?.. Әрине. Енді екінші сұрағына: «Мамандығым – құрылысшы, бірақ бізде мамандығым бойынша  жұмыс жоқ болып, жаңа.., тфу! – осында істеп жүрмін, басқару қиын емес, сауатым жеткілікті деймін. Үшінші сұрағына: әкіміміз жақсы кісі, алайда кейде оп-оңай мәселені қолма-қол шешпей, созатыны бар, маған көмектеспегені сияқты деймін. Төртіншісіне: Министрлікте кім бар, кім жоған білмеймін, обләкім тікелй байланыс жасауға рұхсат бермеген деймін. А?.. Ау, Бұғай, шыны солай ғой, шындықты айтуға тиістімін ғой!.. Бесінші сұрағына да шындықты айтып: Жағдайды өздерің менсіз де біліп отырсыңдар, «арзандады» деген сөзді ұмыттық емес пе? Еститініміз – «қымбаттады... қымбаттады», президенттің не ойы барын білмейміз деймін. Рас қой?.. Шындықты айту керек, жаңағы, айтылар сөз айтылмаса, обал болады! А?.. Ә, жарайды, менің приемыма да, жаңағы, біреу кіріп келе жатыр, сау бол!..

Шағын бөлме. Жасия мен Дұғай диванда сөйлесіп отыр. Бір жігіт оны-мұны аспаптарын олай-бұлай орналастырып болып, жап-жарық бөлменің жоғарыдағы үлкее тәлеңкедей шамын жақты. Дұғай көзін алақанымен қорғалап: «Өй, бұның не, не?» деп қалды. Жігіт күлді. Жасия да езу тартып:

- Бұл ініңіз қазір біздің сұрақ-жауаптарымызды жазып алады. Дайындалайық, - деді. Дұғай қалың, бұйрасын шашын он саусағымен артқа қарай тарай жинап, басып, көйлегінің, пенжағын жағаларын, галстугын түзеп болып, Жасияға қарады.  Жасия:

- Дұғеке, маған әңгімемізді бастағанда, содан кейін анда-санда ғана қараңыз, жігіттің қолындағы аспаптың шамына қарап отырып сөйлеңіз, ол шам көзіңізге жайсыз болмайды. Кәне, бастайық, - деп жігітке бас изеді де, сөзін бастады: - Қадірлі көрермен қауым, біздің бүгінгі мейманымыз облысымыздағы металл сынық-қалдықтарын түгел тауып, жинап алып, заводқа өткізіп, металл бұйымдардың жаңадан көптеп шығуына үлкен үлес қосып келе жатқан «Көктемір» департаментіміздің төрағасы құрметті Дұғай Шұғай мырза. Құрметті Дұғеке, біздің студиямызға қымбат уақытыңызды бөліп, қош келдіңіз! Бізбен сұхбаттасуымызға келісім бергеніңізге алғыс айтамыз! Енді сұхбатымызды бастайық, - деді де, жанында жатқан қалың дәптердің арасынан жарты парақ қағазды алып, көз жүгіртіп, Дұғайға қарап: «Құрметті Дұғай Шұғай мырза, сізге бес сұрақ қоямыз және бәріне көрермендер күтіп отырғандай жауап қайтаратыныңызға әбден сенімдіміз. Сонымен, бірінші сұрағымыз...

- ..................................................................................................................

Кеше Дұғай жазып алған сұрақтар. Дұғекең дайын ғой. Ол жымиды:

- Бұл бірінші сұрағыңызға жаңа мені таныстырғанда өзіңіз менің жауабымның  жартысын беріп те қойдыңыз, но мен толықтырайын. Иә, біздің департамент өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. Бүкіл облысымыздың  барлық  ауыл-село, деревнясының ішінде, сыртында жатқан металломды күнделікті жинап алуда. Өздеріңіз білесіздер, қалада ғана емес, ауыл-селода. деревняда да мәшине, трактор, комбайн, мотоцикл, велосипед, тағы да басқалар сынады, солардың әлгі жауапсыз иелері жинап алмай, тастап кете береді. Бәрі емес, бірақ көбі металдың қадірін білмейді. Ал біз солардың қателіктерін түзетіп, сынғандарды жинап, заводқа тапсырамыз. Сонымен, жаңа... облысқа керек металл заттарды сырттан сатып ала бермей, өзімізде жасап алуға көмектесіп келеміз и көмектесе береміз.

-  ..................................................................................................................

- Бұл екінші сұрағыңызға айтарым: менің мамандығым – құрылысшы, строительный техникумды бітіргенмін, бірақ металл жақ қызықтырды да, солай кеттім. Ондай болады. Мамандықты ауыстыру. Мен оған өкінбедім, еңбек етуге интересің болса, барлық мамандық жақсы.

-  ...............................................................................................................

- Бұл үшінші сұрағыңыз жақсы. Біздің облысымыздың әкімі Ишарат Маусым мырза – өте мәдениетті, өте білімді, өте қарапайм, кішіпейіл, нағыз қоғамшыл қайраткер. Қандай өтініш-тілек айтып алдына барсаң, жақсылап тыңдап, байыптап түсініп, дереу көмектеседі. Мен Ишекеңді сондай қасиеттері үшін жоғары құрметтеймін!

-   .................................................................................................................

- Бұл төртінші сұрағыңыза жауабы қысқа. Біздің мәселеміздің бәрі өзімізде дұрыс шешілуде. Біз министрлікке жүгірмейміз.

-  ..................................................................................................................

- Бұл бесінші сұраңыз да ерекше орынды. Бұған әрбір қазақстандық қуана жауап беретіні сөзсіз. Себебі көп. Бізде бәрі бар, ала білсең болғаны. Жеріміздің үстіндегі де, астындағы да байлығым өте мол. Үлкен мамндардың айтуынша, әлі бірнеше жүз жылға жететін мұнайымыз, қанша жақсаң да таусылмайтын газымыз бар. Кең даламыздың терең қабаттарында тонналап жатқан алтын, күміс, қалайы, мыс, қорғасын, мырыш, бәр-бәрі шөбереміздің шөпшегіне жетеді. Ал соның бәрін тәртіптеп өндіруді, игеруді, үнемді де  ұқыпты пайдалана білуді жалықпай, шаршамай үйретіп, халық шаруашылығымыздың барлық саласын бағып, экономикасын үнемі дамытып, мәдениетімізді гүлдендіріп, жалпы халықтық мәселелерді уақтылы және қатесіз шешіп  келе жатқан біздің Бас Тұлғадай басшы, жаңағы, басқа елдерде жоқ екеніне кепіл бола аламын!

- Бәрекелді, құрметті Дұғай Шұғай мырза, жақсы сөйлейді екенсіз. Бес сұрағымызға да қиналмай, мүдірмей жауап қайтардыңыз! Мен, өзіңіз біздің арна экранынан көріп, тыңдап жүрген боларсыз, сіздей бірнеше қайраткермен сұхбаттастым, кейбіреуі  сұраққа дұрыс жауап таба алмай, өзі қиналып, бізді шаршатады. Маған сізбен сұхбаттасу қажеттігін обләкімдіктің өнеркәсіп басқармасының аға инспекторы Кеңесхан Жақан мырза айтып еді, қателеспеген екен. Дұрыс болды. Рахмет! 100 жасаңыз!

- Қымбатты Жаске, сізге көп-көп рахмет,  мені, жаңағы, елеп-ескергеніңіз үшін, содан кейін мәнді сұрақтарыңыз үшін! Сізге, коллективіңізге, жаңағы, қызметтеріңізде үлкен табыс, жаңағы, тілеймін!..

Дұғай сыртқа шыға екі қолын екі жаққа соза құшағын ашып, кеудесін кере таза ауаны үш рет қарпи дем алды да, томпиып тосып тұрған аутомобиліне кіріп отырды. От алдыруға асыққан жоқ. Ой қармай қалған. «Өмірімдегі бірінші  сұхбатым өңім бе, жаңағы, түсім бе?.. Кеңесхан, Кеңке... бажам... маған айтпастан, жаңағы... жұртқа көрінсін, танылсын дегені ғой. «Екі аяқтыда бажа тату, төрт аяқтыда бота тату». Рахмет!.. Бұғай досым көрген, тыңдаған шығар, ол, жаңағы, қазір телефон соғады. Не дер екен, қалай деп бағалар екен?..

Дұғай аутомобиліне от алдырып, жолға шықты. Жымыңдап, басын шайқады. Соңғы жылдары үлкен-кіші шенеуніктер «жаңағы» деген сөзді  қыстырмай сөйлемейтін болды емес пе, Дұғай да сол сөзді кеуіп, сіңір болып  қалған құрттың малтасын екі ұртына кезек-кезек жүгіртіп отырған сияқтанады. Әне, бір-екі рет қопаңдады да: «Әлгіндегі сұхбатымды, жаңағы, жүздеген, жоқ, мыңдаған адам, жаңағы, тыңдайды, ә?.. Таныстарым телефон соғып, жаңағы... жә, оларды қойшы, маған Ишекеңнің тыңдағаны керек». Ол басын тағы да ақырын шайқап, тағы да жымиды. Әлде Бұғай досымен «сұхбаты» есіне түсті ме екен, кім білсін. Менің білетінім бес сұраққа он жауап беріп, екі сұхбат жасағаны, «жаңағы».

Ғаббас Қабышұлы

Abai.kz

1 пікір