Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Ақмылтық 3367 4 пікір 24 Қаңтар, 2022 сағат 12:27

Қаннан қымбат, жаннан қымбат бұл Отан

5-6 қаңтардан бастап бірнеше пост жазып, сұхбаттар бердім. Одан бері де біз қалайтын-қаламайтын жағдайлар туындап жатыр. Уақыт туғызған (айтқан) пікірімнен айныған жоқпын.

«ЕНДІ ҚАЙТТІК?!».

Осындай сұрақ санасын қыспаққа алған кісі жанұшыра қимылдайды. Ондайда әрекет әр түрлі нәтиже береді. Біздің Мемлекет және Мемлекеттің амандығы үшін жауапты адамдар да сондай күйде. Сырттан бағалау, былайша ақыл айту жауапкершіліктің салмағы арқасына батпаған кісіге оңай. Ондайда оларға «әйтпеу керек еді, бүйтпеу керек еді» деп сөз бастау жеңіл.

Халық толқыса теңіз толқыған сыяқты ғой. Оны көрдік. Бұл жолғы наразылықта «сен қосыл, сен қосылма» деп, талданып, тәртіппен шығу мүмкін болған жоқ. Әр деңгей, әр санадағы кісі араласып шықты. Бәрі ортақ тыңдайтын бастаушы, басқарушы да болған жоқ. Ашулы ұранға қызған халық ағылып келіп алаңды толтырып, толқытып тұрды. Олар үшін «топқа қосылмаған кісі сатқын, қарсы келгендер дұшпан» болады. Наразылықтың логикасы солай.

Бастапқы сөз Жаңаөзендегі талаптарды қолдау, онан соң қымбатшылыққа, монополияға қарсы тұру еді. Мемлекеттің әр тұсынан қолдаушы жұрт топтасып, нешеме қалада алаңға шыққан наразылардың жиынтығы 100 мыңға жуықтаған тұста ендігі мақсат билікті аударуға ауысты. Бұл деңгейге барарын былайғы жұрт білген жоқ. Қиын жері: соған дейін көтерілісті бастаған көсем де, сөз айтар шешен де болған жоқ.

Қолына үркіткіш қару ұстаған үкімет әскері (ішкі әскер мен курсанттар) тасқынға бөгет бола алмады. Ызалы топ ылдиға кеткен селдей сөгіп, шайқап өтті. Текпіде қалған сақшыға ара түскедер ашулылардан аз болды. Яғни, ақыл артта қалып, ашу алдыға озды. Арандатқан айқаймен тәкфірлеткен топ та ашулы халыққа араласқан дейді.

Қан төгілді, жан шықты. Ендігі қимыл бейбіт шеруден гөрі тұтанып келе жатқан АЗАМАТТЫҚ СОҒЫСҚА ұқсай бастады.

«Кім бастады? Қалай басталды?» деген сөзге алдағы уақытта сенімді жауабы табылар. Шындығы: бейберекеттік, белгісіздік, тонау - бүлдіру Үрей өршіді. ҮРЕЙ ДЕГЕНІМІЗ ОЛ — ТЕРРОР!

Қалың жұрттың арпалысынан әр басқа мақсат, әр түрлі әрекет жан аямас қимыл анық байқалды.

Мемлекет басшысының «Мен еш қайда кетпеймін. Билік құламайды» деген сыңайдағы қатқыл сөзі және Ақорда ішінде басталған ТҰТҚЫНДАУЛАР жағдайдың қыл үстінде екенін шын мәнінде ұлтқа зор қатер төнгенін көрсетті.

«Енді қайттік?!» дегенге үкімет жауабы: «Ел тұтастығын қорғап қал, оқ бойы келгенді оңдырма!» болды. Осы тұстан жан ұшырған қимылға көшіп, тыныштық орнай бастады, өкіметтілік қайта орнықты. Аңдаусыз ағайынның — қандай қиын шаққа тап келіп тұрғанымызды түсінбеген туыстың от басып, оққа ұшқандары да осы күндері көз алдымызда болды. Тебіні қатты тегеурінді қимылдың ең трагедиялы тұсы да сол еді.

10000-ға жуық күдікті қамауға алынып, текпіге түсіп тергеліп жатқаны айтылады. ҰСТАЛҒАН КҮДІКТІЛЕРДІ ТАЯҚ ЖЕГЕН ПОЛИЦИЯҒА ТАПСЫРЫП, ОЛАР «ӨШ АЛЫП» ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?

Осы көтеріліс туралы көңіл не дейді. Жаңаөзен бастап күллі ел қостаған «ГАЗ КӨТЕРІЛІСІ — ҚАҢТАР ҚАНДЫ ҚОЗҒАЛЫСЫ» Қазақ тарихындағы тағы бір дәуір бөлгіш кезең ретінде биік бағасын ала ма?

Әлде Алматыны қиратқан апат сипатында үрей таратқан, ішкі соғыс тұтана жаздаған, мемлекетке қауіп төндірген уақиға ретінде осылай қала ма?

Тағы да «Енді қайттік?!».

1 - Жаппай наразылық тудырған, ұрлық пен тонауға жеткізген себептерге салқын талдау жасау.

2 - Алаңға шыққан әр азаматтың қимылына әділ бағасын беру.

3 - Көтеріліс кезінде таяқ жеген полицейдің «ӨШ АЛУЫНА» жол бермеу.

4 - Амнистия. Кішігірім бұзақылық пен ұрлықты террористер қатарына қоспау. Яғни кең көлемдегі рақымшылық.

5 - Қамалғандардың құқығын құқық қорғаушылармен және олардың ұйымымен ашық талқылау.

Былайғы уақыт үшін көтерілістің себебі мен салдарын жоюдың ең маңызды қадамы осы болар.

Егер «Жаңа дәуір, жаңа Қазақстан» туралы ойлай бастасақ, онда соған себеп болған мынау шеруге, оған қатысқан адамдарға әділ баға берілуі әбден қажет. Қалай дегенде де, БҰЛ ҚОЗҒАЛЫС — МЕМЛЕКЕТТІҢ ШЫН ИЕСІ ХАЛЫҚ ЕКЕНІН, МЕМЛЕКЕТ ЕШКІМНІҢ ЖЕКЕ МЕНШІГІ ЕМЕС ЕКЕНІН танытқан қозғалыс. Оған қатысушыларды қатты қысып, ЖАСЫТУ керек емес. ҰЛТТА МІНЕЗ БОЛУЫ маңызды.

Сонда ғана тез, тегурінді қимылдан туған қайғылы жағдайлар ескіріп, оның кері әсерлері мен ақпараттық салмағы саябыр тартар.

Әр қазақтың басынан ауыр күндер өтуде. Мұндайда соңғы таңдау Азат Отан және оның болашаққа деген арман мақсұты болмақ. Тек сондай мақсұтқа бірігу жанға қуат береді. Отанның бүтіндігі мен бостандығы бәрінен қымбат, бәрінен биік.

Мынау сол шақта жазған өлеңнің бір үзігі еді.
Ер кеудесін бір көтерген Маңғыстау,
Ел кеудесін дүр көтерген Маңғыстау.
Кейін тартты кесір уақыт кек қысқан
Басталғанда Жаңаөзенді алғыстау.
Ашу қысқан Алматының алаңы
арандалып қапияда қан құсты-ау!
Қан қыздырған үніменен тәкфрдің.
Қай тұсынан қара ниет ап кірдің?
Күнгейім мен Теріскейім, Шығысым
Таланына тап келгендей қасқырдың
Жүрегіне менің Мемлекетімнің
Қанды қанжар қадалуға шақ тұрдың.
Қарсы алдымда күйіп - жанған, оталған,
Қалың нөпір жолыққанын қопарған.
Қанша сенсе сонша алданған — өкінген,
Қолға түссең орып салған «өш алған».
Аңғал ана аңырап қалма тағы да
Ашық күнде айырылып ботаңнан.
Қылыш жүзі — қыл үстінде біздің ұлт
Термен бірге қан шығады жотаңнан.
Қарсы келсең қан төгесің Алаңда,
Қалыс қалсаң айырыласың Отаннан.
Қалыс қалмай, кім атқарды ер ісін?
Кім айырды істің оң мен терісін?
Қылыш жүзі — қыл көпірде Мемлекет,
Қан қасаптан есен сақта Ел ішін?!
Қазақстан,
Бүтіндігің ең қымбат!
Ұлы жеңіс сенің ғана жеңісің!
Қаннан қымбат, жаннан қымбат азаттық,
Күйген жанға, сүйген жанға сені шын!
Өз қолымды өзім кесем қаласаң,
Ақын басым құнсыз кетсін сен үшін.
Қазақстан,
Бар тілегім — бейбіт күн,
Жаңа кезең,
Жаңа мақсұт, келісім!
Жалғыз Отан,
Тұтастығың ең ұлы,
Ең қымбаты сенің ғана жеңісің!

МЕМЛЕКЕТ ХАЛЫҚТІКІ. ОНЫ ҰЛТТЫҢ АДАЛ ПЕРЕЗЕНТТЕРІНІҢ БЕРЕКЕЛІ ТОБЫ БАСҚАРСЫН. БІЗ ОЛАРҒА КҮШ-ҚУАТ БЕРЕЙІК. ҚАЗАҚ РУХЫ ЖАСЫМАСЫН!

Алмас Ахметбекұлы

Abai.kz

4 пікір