Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Білгенге маржан 3459 0 пікір 24 Қаңтар, 2022 сағат 11:53

Роберт Льюс Стивенсон. Аршагүл шәрбаты

Шотландия аңызы

Аршагүлден әдемі,
Қайнатты шәрбат тасыған.
Тәтті еді ол балдан да,
Мас қылар артық шараптан.
Ішті Пикттер құмарта,
Құлағанша мас болып.
Қатарынан неше күн
Ұйқтады сосын тас болып.

Шотландияға келді кароль,
Жауына қатал, сұмдарша.
Пикттерді қырып аямай,
Қырды тап бір аңдарша.
Тықсырды таудан асырып,
Жеткенін қырды тағы да.
Қылыштан жатты шашылып,
Көмусіз мүрде далада.

Жаз келіп жадырап,
Қауыз жарды аршагүл.
Сырын айтар шараптың,
Қалмады Пиктте тірі ұл.
Төмпешік боп әне олар,
Қыр басында жатты кіл.
Шарапшылар даңқы асқан,
Молаларда қалғып бір.

Аршагүлді қыратпен,
Келеді кароль желдірте.
Ызыңдап ара жол бойы,
Шулайды құстар көлдерде.
Қаһары қатты патшаның,
Сұрланып түсі бұзылған.
Жатса да арша табанда,
Тамшы жоқ одан бұйырған.

Жолы болғыш вассалдар,
Өрлі-қырлы жүр шауып.
Астынан тастың құлаған,
Алды демде тез тауып.
Тұтқын етті сурып ап,
Үн қатпады олар бірақ.
Ұлы менен қарт әке,
Пикттерден қалған қос тұяқ.

Түспей кароль ат үстінде,
Оқты көзбен атты екеуін.
Тотығып жүзі қос ғарып,
Күтеді патша кешуін.
Келді биік қабаққа,
Төменде теңіз шулаған.
«Қалдырам тірі, айтсаңдар,
Шәрбаттың сырын жасырған.»

Әкелі-бала екеуі,
Барлады ебтеп жан-жағын.
Арашагүл толы айнала,
Төменде теңіз ақ жалқын.
Сөйледі сонда әкесі,
Саңқ етті даусы өзгеше.
«Сөзім бар айтар оңаша,
Патшаның ғана өзіне.»

«Кәрі адамға жан тәтті,
Намыс оған айып па?
Айтамын сырын шәрбаттың,»
Деді Пикт патшаға.
Даусы құстай құйқылжып,
Айтты сөзін анық тым.
«Ашар ем сырын шәрбаттың,
Ұлымнан, әттең, қорқамын.»

«Жас үшін өмір ойыншық,
Өлім де оған жәй нәрсе.
Батылым барып айта алман,
Перзентімнің көзінше.
О, падиша, байла оны,
Лақтыр сосын тереңге.
Айтам сонда сырымды,
Тұрам сонда сертімде.»

Баланы сонда байлады,
Аяқ-қолын тас қылып.
Бір-екі сілкіп алды да,
Теңізге атты лақтырып.
Жұтты теңіз қысылмай,
Баланы қыршын ондағы.
Қияда сонау тұрды әке,
Пикттердің соңғы тұяғы.

«Айтқанымның бәрі рас,
Сене алмадым ұлыма.
Бекімеген әлсіз жас,
Шықпаған әлі мұрты да.
Ал енді бәрібір,
Шапсаң дағы өкінбе.
Құпиясын шәрбаттың,
Ала кетем көріме.»

Ағылшын тілінен аударған Нағыз Қабшықбайұлы

Abai.kz

0 пікір