Жұма, 26 Сәуір 2024
Сығалап тұр санкция: 3236 15 пікір 21 Қаңтар, 2022 сағат 17:05

Еуропарламент қарары мен СІМ-нің жауабы

Еуропарламент Қазақстанға санкция салу мүмкіндігін қарастыруда. «Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін, Еуропа елдері осындай бастаманы көтеріп отыр. Оқиға барысында көптеген адам қаза тауып, бейбіт тұрғындар жапа шегуде, елде репрессия жүріп жатыр дейді олар. 

19 қаңтарда Еуропарламентте Қазақстандағы қаңтар айының басындағы қанды оқиғалар қаралды. Отырыс барысында арнайы резолюция жобасы талқыланды.

Резолюцияны әзірлеген авторлардың бірі Хайди Хаутала: «бейбіт наразылықтың қалайша озбырлыққа ұласып кеткенін, оған қандай элементтер тартылғанын, жағдайдың ушығуына не түрткі болғанын» анықтау үшін оқиғаны халықаралық дәрежеде тәуелсіз тергеу қажеттігін айтты.

«Кінәлілер жазалануы тиіс. Кез келген жолмен билікті сақтап қалғысы келетін клептократтарға қатаң шара қолданылуы тиіс. Өз халқына қарсы қылмыс жасағаны үшін сот алдында жауап беруі керек. ЕҚЫҰ, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі, ЕО тәуелсіз тергеуді қолға алуы тиіс», - деді Хайди.

Хайдидің сөзін өзге депутаттар қолдады. Еуродепутат Маркета Грегорова Қазақстан билігінің басшылығына жеке санкция салуға үндеді. «Өкінішке қарай, ЕО-ның аймақта үні естілмейді және ол өте кеш және баяу реакция білдірді. Сенімді ақтау үшін біз жоғары деңгейдегі шенеуніктерге санкция салуымыз керек», – деді Грегорова.

Әрине, бұл Қазақстан билігі үшін жағымды жаңалық емес. Сондықтан СІМ бірден өз реакциясын көрсетті.

«Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз», - делінген СІМ хабарламасында. Билік бұл резолюцияны негізсіз деп санайды және «біржақты» деп атады.

Жалпы Еуропарламент ұсынған санкциялар салынса не болуы мүмкін. Оның жағымды әсері болуы екіталай. Әсіресе Еуропалық Даму банкінің бірқатар жобалары тоқтатылуы ғажап емес.

Abai.kz

15 пікір