Жұма, 20 Мамыр 2022
Әлеумет 4361 7 пікір 21 Қаңтар, 2022 сағат 16:02

Дамудың табиғи моделі – агроөндірістік бағыт!

«Ауыл шаруашылығына ерекше
назар аударуымыз қажет».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
2022 жыл, 11 қаңтар

Ел жетілуінің, дамуының моделі еліктеуден не болмаса қиялдан туса, бұл модель – жасанды делінеді. Ал өзіндік даму жолына, яғни табиғи моделге қоршаған орта мен ұлттың тарихи-мәдени ерекшеліктері мықтап ескерілсе ғана қол жеткізуге болады.  Ұланғайыр дала төсін мекендеген қазақ елінің даму, жетілу деңгейі ежелден ауыл шаруашылығы арқылы өлшеніп, анықталып келді. Қазақ ауылы күллі материалдық өмірдің діңгегі болып келгені айдай ақиқат. Әйтсе де, ой-пікірімізді ортаға салудан бұрын азды-көпті тарихты таразылап, өткенге шолу жасайық.

Өткен ғасырда қазақ ауылы екі бірдей бетбұрысқа тап болды: біріншісі – көшпенділіктен отырықшылыққа (1929 жыл), екіншісі –  бүгінгі нарықтық қатынасқа көшу кезеңдері (екеуінің де жау қуып келе жатқандай опыр-топыр жағдайда өткенін қайтерсің). Әсіресе, әуелгісі адам сенгісіз сұрапыл ахуалда өтті. Ақпан төңкерісі әкелген ұлы дүбірді қазақ елі қуана қарсы алған. Бірақ еркіндік самалы көпке бармады, келесі Қазан төңкерісі бұрқ етіп, қазақтар «орнықпаған қалқыма» (Шәкәрім) кезеңге тап болды. Бұрын-соңды болмаған қауіптің төнгенін сезінген халқымыз іштен тынды. Алапат дауыл қарсаңында байқалатын уақытша тыныштық орнады.

Сөз болып отырған 1920-шы жылдардың орта тұсында қалам тербеген «Қартқожа» романында Жүсіпбек Аймауытов бас кейіпкері атынан мынадай сауалдар қояды: «Қазір отырықшы болғаннан қазақ оңалып кетеді деп кім кепіл болып, аузы барып айта алар? Бұлардың жері егінге жарамайды, егін салуды білмейді. Жақсы жерін жұрт (казак-орысты айтады –А.О.) бермейді. Біраз жылда бұлар қалай күнелтер екен?...». Міне, автордың қазаққа қандай қауіп төнгенін көріп-білгеніне қайран қалмасқа лажымыз жоқ.

Сөйтіп, табиғи моделдің быт-шытын шығарған, Дала өміріне түбегейлі өзгеріс әкелген 1929 жыл да жылжып жетті (қазақ қазақ болғалы үзілмей жалғасқан көшпелі өмір керуені, тап осы жылы алғаш рет тоқтады). Өзен-судың бойындағы шұрайлы жерден ығыстырылған жұрт, енді жайлауға шығу құқынан да айрылды.  Осы айтылған отырықшылық моделге жедел көшу саясаты – 1931-32 жж. алапат аштыққа ұрындырды. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі кеңістігінде жеке-дара діңгек, жалғыз сала – ауыл шаруашылығы болғанының дәлелі бұл.

1930-шы жылдардан беріде ғана Қазақстанда екінші сала күш алды. Ол – жер асты қазба байлықтарын алуды көздеген тау-кен өнеркәсібі. Осылайша қазақ елі картасында Қарағанды, Жезқазған, Жетіқара, Кентау, Рудный, Риддер сияқты ондаған қалалардың бой көтергені аян. Сөз болып отырған бұл сала, яғни тау-кен өндірісі қазаққа тек жақсылық әкелді деуге ауыз бармайды. Ғасырлар бойы таза сақталған жер-суымыз ластанды. Табиғатты солдырған экологиялық опат жырын айтып-жеткізу қиынға соғады. Амал қанша, Кеңес Одағы кезінде күллі қазба байлық Мәскеу билігі уысында кетсе, қазіргі таңда олигархтар қолында. Қарапайым халыққа мұнай, газ, уран, түрлі-түсті металл өндіруден түсетін қыруар қаржының өлместің күнін кешуге жететін жұқанасы ғана тиесілі екені өтірік емес.

Сөйтіп, атам заманнан қазірге дейінгі қазақ тұрмысын  таразыласақ, бүкіл дала тіршілігінің жеке-дара арнасы ауыл шаруашылығы болғаны күндей жарық, айдай анық көрінеді.

Енді екінші бұрылысқа, ауылдың нарықтық қатынасқа көшу кезеңіне келейік. Бүгінгі нарықтық экономика ауылға тек қана бүлінушілік әкелді. Оң өзгеріс жоқтың қасы. Өйткені, өздеріңізге мәлім, 1990 жылдардан совхоз-колхоз таратылып, ауыл шаруашылығының тоз-тозы шықты. Қирады, күйреді. Ауыл тұрғындары жаппай жұмыссыз қалып, қалаға қарай ағылды. Қалада оларды кім құшақ жая қарсы алсын. Базар жағалаудан өзге жұмыс жоқ. Дипломы бар мамандар да сенделді. Жастар жағы пәтер жалдап күн кешіп, жетіспеушілік құрсауына қамалды. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың бәсі төмендеп, көп саланың біріне айналды. Мына технократ дәуірдің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған қуыршақ салалары оны жетім баладай босағаға ығыстырып тастады.

Сауалнама нәтижесінде ауыл тұрғындарының орташа табысы небары 36 мың теңге екендігі анықталған. Ауыл жұрты еліміздегі кедей және күнкөрісі төмен отбасылардың негізгі бөлігін құрайды. Содан да болар, кей жылдары қалаға  қоныс аударғандар саны 500 мыңға жеткен екен. Алматы, Шымкент, Астана сияқты мегополис қалалардың маңайында көптеген жаңа елді мекендердің пайда болу себебі де осы арада.  Статистика мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 6454 ауылдың 3400-ге жуығының ғана жоғалмау мүмкіндігі сақталған екен.  Дабыл қағатын-ақ мәселе. Шыны керек, Қазақстан үкіметі ауыл ажарын көркейту, халықтың ауылда тұруына жағдай жасау қамында аянып қалған жоқ. Қолға алынған жобалар баршылық, орасан қаржы да құйылды. Алайда күткен нәтиже жоқтың қасы, ауылда жастарды қызықтыратын дүние қалмай барады дейді сарапшылар. Жүз қайғының бәріне себепші – дамудың дұрыс бағытын емес, терісін таңдадық.

«Керек шығыр (звено) арқылы бүкіл шынжырды суырып аласың» дейді халық даналығы. Ауыл осындай шығырға айналу үшін не істеу керек? Оны қайтадан басты сала қылудың жолы, амалы бар ма? Енді осыған келейік.

Бүгінгі таңда ауыл өндірісі өзінің діңгек болу миссиясын жоғалтты. Оны қайтадан асыраушымыз, басты саламыз қылатын  бағыт бар. Ол – агроөндірістік немесе агроиндустриялық бағыт. Оны ауыл мен қаланы теңестіру бағыты десек те орынды. Ондағы мақсат – ауылды жерлерде өндіріс ошақтарын көптеп ашуға, қыр өмірін барлық қырынан жандандыруға саяды. Бұл басты өндіріс салаларын  ауыл мүддесіне бағыттау, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын жүздеген зауыттар ашу деген сөз. Жұмыссыздық ұғымын түбірімен жойып, керісінше, жұмыс күші жетіспеушілігіне жол ашатын да осы жағдай.

Сөз болып отырған агроөндірістік бағытты ұстанған елдер баршылық. Мысалға Австралия, Канада, Голландия, Израиль, Моңғолия, Өзбекстан сияқты мемлекеттерді алайық. Оларда бөтенге тәуелділік пен дағдарыс ұғымдары жоққа тән. Ұпайлары түгел. Ешкімге де жалынбай, жалтақтамай өмір сүру мүмкіндігіне ие. Неге? Себебі, өмір кіндігі ауыл шаруашылығына байланған. Түрлі тауарлар мен жоғары технологиялар өздері ағылады. Азық-түлік тапшылығына ұрынған алыс-жақын елдер оларды өздері ұсынбағанда қайтеді.

Сонымен, кезінде жарықтық Бейімбет Майлин айтқан: «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз!» деген сөз қазір де өзекті. Бұл сөзде ауылсыз қазақтың төрт құбыласы тең бола алмайды деген терең мағына бар.

Тұрғындардың жан бағу үшін ауылдан қалаға үдере көшу үдерісі көз алдымызда өтіп жатыр. Мұны ғылымда «урбанизация» дейді. Урбанизация саясаты егін егуге не ұлтарақтай жері, не мал жайылымы жоқ, яғни ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мүмкіндігі шектелген елдер үшін ғана тиімді. Бұл құбылыстың Қытай, Жапония, Батыс Еуропа елдерінен бастау алғаны содан.

Ал, ұланғайыр даласы игерілмей жатқан ұлттың қалаға үдере көшуі қуанарлық жәйт емес. Оны дамудың табиғи моделі деуге ауыз бармайды. Шындығында, жасанды модель – урбанизация теңізінде қалт-құлт еткен, ескексіз қайықтай күн кешудеміз. Қайталап айтайық, қателіктің көкесі осы – бағытсыздық.  Өмірдің қай қырынан қарасақ та (азық-түлік тапшылығы, халық саны өсімінің тым баяулап кеткені, ұлттың денсаулығы ғана емес, рухани көңіл-күйінің де төмендеуі) барша ауыртпалықтар –  теріс бағыттың салдары.

Әрине, ауылды көтеру қиынның қиыны. Өзім де бір кездерде ауыл шаруашылығы маманы болғандықтан мен оны жақсы білемін.  Алдымен, ғалымдар, фермерлер, кәсіпкер, іскер адамдардың қалың топтары біріге отырып, макроэкономикалық бағдарлама жасалуы керек. Соның аясында ауыл гидроинфрақұрылымын дамыту керек. Жайылымдар еңбекші халыққа қайтарылуы керек, субсидия, кредиттер әділетті бөлінуі және өндіріске нүктелі түрде құйылуы керек. Бұл жағдайда әрбір ауыл агрокешеннің бір тетігіне айналмақшы. Ең бастысы,  өндіріс ошақтары жылма жыл көбея берсе игі. Ауыл өндірісі мамандарын (агроном, мал дәрігері, инженер, гидротехник және т.б.) сапалы даярлау керек. Еңбек адамының, әсіресе, малшы адамдардың мәртебесін мейлінше көтеру керек. Осы керектердің жолында жұмыла жұмыс жасау – ауылдың болашағы жоқ деген санадан арылтар еді. Еуропада болған адамдар ол жақта ауыл мен қала теңестірілген деседі. Бізде де осындай ұлы жоба іске асса деп армандайсың. Ауыл десе елең етпейтін қазақ баласы кемде-кем. Сондықтан әзірге еуропалық идиллия демей-ақ қоялық, жұмыс орындары көптеп ашылса, ауыл тұрмысы бүгінгі заман талабына сай көркейсе керемет болар еді.

Реті келген соң айтқан жөн, өткен аптада, 10-шы қаңтарда «Қазақстан» телеарнасында Алматы дүрбелеңіне қатысты сұхбат өтті. Сарапшының бірі, парламент мәжілісінің депутаты Сайыров мырза көшеге наразылық акциясына шыққандардың басым көпшілігі ауыл жастары деп мәлімдеді. Депутат ауыл-аймақ күйреген соң, қалаға ағылған жастардың мәселесін оң шеше алмадық, наразылық шеруінің басты себебі осы арада деп атап айтты. Жоққа шығару мүмкін емес ақиқат осы.  Тағы бір анығы, «Ауылды көтеру» мәселесінің бойға қуат құятын саяси-идеологиялық мәні ерекше. Ол қаншалықты оң шешілетін болса, халықтың болашаққа сенімі де соншалықты арта түсері сөзсіз.

Белгілі ақын Қалқаман Сарин былай деп толғанған екен:

                                Туған ауыл, сен үшін тер төкпедім,

                                Кешір мені, кеш мені, сен текті елім!

                                Бір сағыныш мазалап ертелі-кеш,

                                Жүреді ылғи жанымды өртеп менің.

Көпшілігіміз ауылда өстік, онан соң қалалық болып қалыптастық. Енді ауыл үшін тер төгетін уақыт жетті, қазақ баласы. Жарық дүниеде әр ұлттың кірпіш боп қаланатын орны және ата кәсібі бар. Бұл ретте дамудың табиғи моделін Сары Дала мен Ауылға адалдықтан, оларды аялаудан таба аламыз.

Қорыта айтқанда, қазақ халқының жүрегіне сенім, көңіліне қуаныш ұялатамыз десек, осы күнге дейін алданып келген урбанизация үдерісінен бас тартып, агроөнеркәсіптік деген макроэкономикалық бағытқа ауысатын кез келді. Қанды қаңтардан алатын басты сабағымыздың бірі – осы айтылған ауылды жаңғырту, өндірісін көтеру болу керек деген ойдамын.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

7 пікір