Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 4546 18 пікір 18 Қаңтар, 2022 сағат 13:19

Қазақстандағы жағдай: Путин неге алаңдаулы?

Ресей қазіргі уақытта Батыспен үлкен қақтығысқа түсуде. «Қырғи-қабақ соғыс» кезеңі қайта басталғандай. «Ресей президенті Батыстың мақсаты орыс халқын күйрету дегенге сенеді, сондықтан да жақын маңдағы кез келген көтеріліс Путинді қорқытады», - деп жазды Al Araby. Ресей мен ҰҚШҰ-ның басқа да мүшелері Қазақстандағы жағдайға бірден ден қойғаны да соны аңғартады.

Саясаттанушы Марван Кабалан Ресей президенті Владимир Путинге қатысты мақала жазып, былай дейді.

Путин Қазақстанда аяқасты бұрқ ете қалған көтерілістік сипаттағы толқуға бірден назар аударды. Ол құдды өзге елде емес, өз елінде наразылық басталғандай жылдам әрекетке көшті. Қазақстандағы оиға оны есеңгіретіп тастады, себебі ол Ресей-Украин шекарасындағы жағдайға алаңдаулы еді. Қазір Путин НАТО-ға ультиматум қойып, Батыстық блоктың шығысқа жылжуына қарсылық білдіріп жатыр және бұрынғы посткеңестік елдердегі ықпалын арттыруға тырысуда. Ал Қазақстанда күтпеген жерден болған толқулар оның қиын жағдайын тіпті, қиындатты. Соңғы жиырма жыл ішінде Путин Ресей шекарасы маңындағы хаостан қорқатыны білінуде.

Путин Қазақстандағы қайғылы оқиғалар аяқталған соң, өзінің одақтастарын төңкерістерден қорғайтынын ашық айтты. Оның үстіне Путин төңкерістердің себебі экономикалық мәселеде емес, Батыстың құйтырқы саясатында деп санайды. Ресейлік басылымдар мен БАҚ өкілдері де «Қазақстандағы оқиғаларды Батыс ұйымдастырды» деген сипатта көрсеткені содан. Ресей басшысы Украина, Грузия, Қырғызстан, Армения сынды елдерде болған төңкерістердің ең соңғы нүктесі Ресей болуы мүмкін деп қауіптенеді. Ол 2011-2012 жылдары болған Ресейдегі толқуларды Вашингтон тікелей ұйымдастырды деп санайды.

Путин «орыс әлемі» атты жобаның аясында посткеңестік орыстардың жағдайын жасауды ойлайды. Алайда Батыстың түпкі мақсаты сол орыс әлемін талқандау деп жорамалдайды, ол үшін Украинадан бастап Қазақстанға дейінгі аралықта бүлік салуы мүмкін деп болжайды. Путин Қазақстандағы оқиғаларды Батыстың Ресейге кезекті фронт ашуы деп те қарастыруы мүмкін. Путин үшін Қазақстанның Украина сынды бағыт ұстауы өліммен тең.  Путин «орыс әлемі» атты жобаны өзі ойлап тапты, енді өзі соның құрбаны болуы мүмкін. Себебі посткеңестік кеңістікке шашылған 20 млн орыстың құқығын қорғау ақыры оны титықтатып жібереді және Ресей бұл күресте қазірдің өзінде жеңіле бастады.

Саясаттанушы Марван Кабалан осындай ой қорытыпты. Ресей ҰҚШҰ әскерін дереу арада кіргізуі алдын-ала келісімнің болғанын немесе Путиннің расымен алаңдаушылығын білдірсе керек.

Abai.kz

18 пікір