Жұма, 20 Мамыр 2022
1402 11 пікір 17 Қаңтар, 2022 сағат 16:19

«Бандиттер бейбіт жұртты қалқан ретінде пайдаланды»

Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов таратқан мәліметке сүйенсек, қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде барлығы 149 азамат, оның ішінде 11 қауіпсіздік қызметкері қаза тапқан.

6 қаңтардан бүгінге дейін арнайы органдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілер бірлесіп, қаланы тазарту бойынша антитеррорлық операция жүргізіп жатыр. Қаладағы жағдай тұрақты.

Дегенмен талай көңілге қаяу түсті, талай отбасы зар илеп жылап қалды.

Жоғарыда айтылған қайтыс болғандардың ішінде қаншасы бандит екені айтылмады. Демек елімізге ылаң салған террористердің қолынан талай қарапайым тұрғындардың опат болғаны айдан анық. Ал біздің әскер мен полиция ешқашан бейбіт тұрғынына қару кеземейтіні анық.

Бүлікшілердің оғына іліккендердің біреуі нан алуға, енді бірі ауырып жатқан сәбиіне немесе ата-анасына дәрі іздеп шыққандар. Елдегі жағдайға баға беретіндей жаста емес, көшеге жәй серуенге шыққан жасөспірімдер қаншама! Тіпті, сол көзі қарайып кеткен, мейірім, қайырымдылық деген сезімдерден ада бандиттердің қанды қолына тап болып, қансырап жатқандарға көмекке ұмтылған қаншама бейбіт тұрғындар да қаңғыған оқтың құрбаны болды екен?!. Оққа ұшқан бейкүнә балалар да аз емес. Ішің ашиды. Жүрегің қанжылайды.

Адамзат неліктен осыншалықты қатыгез болып кеткен?! Адамның басын кесіп алу деген тіпті сұмдық қой! Қаншама отбасына қайғы әкелген террористердің бұл бассыздығы ешқашан кешірілмеуі керек.

Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаевтің сөзінше, 5 қаңтардан бастап қалада тек бандиттер мен террористер шабуыл жасаған. Олардың осы бүлікке асқан ұйымшылдықпен, қатыгездікпен дайындалғанын атап өтті.

«Алғашқы күннен бастап мен және прокуратураның барлық қызметкерлері оқиғалардың тура ортасында болдық. Біз бандиттердің ұйымдасқан агрессиясын көрдік. Олар арнайы техниканы, өрт сөндіру машиналарын, автобустарды басып алып, құқық қорғау күштерін таратты. Барлық жерде бейнебақылау камералары жойылды. Қылмыс жасау үшін брусчатка мен қолда бар басқа да қаруларды пайдаланды», – деді прокурор.

Ол сондай-ақ, қылмыскерлердің аңшылық дүкендерін мақсатты түрде әдейі басып алып, полицияға шабуыл жасағанын айтып отыр. «Оларға қару құқық қорғау органдарына шабуыл жасау, бейбіт тұрғындарды қорқыту және террористік шабуылдарды жалғастыру үшін қажет болған. Ғимараттар қирады, өрт және медициналық көмек жұмысы бұғатталды. Сол кезде құқық қорғау органдары бұл бұл ашынған митингішілер деп санады. Сондықтан, жасалған барлық қылмыстарға қарамастан, күш құрылымдары қару қолданбады. Көшелерге шыққан бейбіт тұрғындарды олар қалқан ретінде пайдаланды», – деді прокурор.

Рас, алаңға, көшеге шыққан халықтың басым көпшілігінің мақсаты елде орын алған мәселені бейбіт шешу еді. Бірақ олардың арасына провакаторлар, бандиттер, террористер кіріп кетіп, бейбіт өмірімізге ылаң салды.

Білесіз бе, тіпті әлемдегі протестанттардың өзі бейбіт тұрғындарға қарсы шаппаған, оларға қарсы қару кезенбеген. Адам өміріне арашашы болатын жедел жәрдем көліктерін де өртемеген. Ал кешегі бүлікшілер отандастарымызды өлтірді, атты, өртеді.

Осындай ауыр салмақпен енді қалай өмір сүреміз?!..

Abai.kz

11 пікір