Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ақмылтық 4745 25 пікір 17 Қаңтар, 2022 сағат 16:09

«Мен арнаны өртеуге емес, бүлікті ескертуге бардым»

Қазақтағы «қаңтар оқиғасы» жайлы бүкіл дүние жұрты сөз еткенін білесіздер. Осы оқиғалардан кейін елде азды-кем саяси өзгерістер орын ала бастады. Үкімет доғарысқа жіберіліп, қайта жасақталды. ҰҚШҰ әскері кіргізілді. Президент саяси және экономикалық реформаларды қамтитын бірқатар тапсырмаларды Мәжіліс мінберінен мәлімдеп, жаңа жасақталған Үкіметке үш ай уақыт берді. Қауіпсіздік кеңесінің тізгінін президент Тоқаев өзі қолға алып, ҰҚК басшылығы тұтқындалды. Бірқатар лауазымды тұлғалар қызметтерінен алынды. Олардың ішінде бүгін «Атамекен» ҰКП төрағалығынан алынған миллиардер Тимур Құлыбаев пен ҰҚК төрағасының ендігі экс-орынбасары Самат Әбіш те бар. Қызметтерінен алынғандардың бірсыпырасын Abai.kz порталында жарияладық. Қайталап жатпайық.

Біз белгілі журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлымен басы бейбіт наразылықтармен басталып, аяғы қазақ тағдырындағы қанды қасіретке ұласып аяқталған «қаңтар оқиғасына» қатысты шағын сұхбат жасаған едік.

- Рысбек аға, жуырда Сіз, Ермұрат Бапи және Балташ Тұрсымбаев бастап «қаңтар оқиғасын» зерттеу жөнінде тәуелсіз комиссия құратындарыңызды айттыңыздар. Бұл комиссия не жұмыс атқармақ?

- Қоғамдық комиссия құрылды. Оны құрудағы мақсат – қазіргі болып жатқан оқиғаларға байланысты анықтау жұмыстарын жүргізу. Тексеру жұмыстарын жасау, қадағалау керек. Өйткені көптеген адамдар қазіргі оқиғалар кезінде зардап шекті, залал тартты. Оқиғадан кейін де сол жағдай жасалып жатыр. Билік тарапынан қудалау, қысым көрсету, кейбір жағдайда тіпті, қолға түскен азаматтарды жәбірлеу, олардан бопсалап ақша алу фактілері де тіркеліп жатыр. Жасыратыны жоқ. Кейбір күштік құрылым қызметкерлері ұсталғандарды қорқытып-үркітіп, бопсалап, ақша талап етіп жатыр екен. Мұндай ақпараттар әлеуметтік желілерде жүр. Былайша айтқанда бизнес жасап жүр. Бұл бұрын да болған. «Шаңырақ оқиғасы» кезінде де осындай жағдайлар болды, Жаңаөзендегі оқиғалардан кейін де осындай жағдайлар болды. Мұның бәрі барып тұрған заң бұзушылық, қылмыс! Жекелеген азаматтар соның зардабын шегуде.

Асыра сілтеушілік болап жатыр. Міне, осыларға тоқтау салу керек. Одан кейін қайтыс болған адамдардың әлі күнге дейін аты-жөндері түгілі тіпті, саны да айтылмай отыр. Қанша адам қайтыс болды? 164 адам ба, 225 адам ба, нақтысы қанша? Әлде одан да көп пе? Осыларды анықтау керек.

- Қазір Еуропалық ұйымдар Қазақстан билігінен қайтыс болғандардың санын бұрмаламай, жасырмай ашық жариялауды талап етіп отыр...

- Біздің комиссияның да алға қойған мақсаттарының бірі осыны талап ету, талап ету ғана емес соларды анықтауға атсалысу! Өзіміз ақпарат жинауымыз керек. Кімнің туысы қайтыс болды, белгілі ғой. Жұрт құлақтанса, ақпарат құралдары арқылы бізге шығып, осы мәселені хабарлап айтады деген ойдамыз. Сол арқылы біз қосымша тексеру жұмыстарын жасап, кім қайтыс болды, қандай жағдайда қайтыс болды, неліктен деген сияқты мәселелерді көтеруіміз керек. Ол қайтыс болған адамдар бір үйдің асыраушысы болуы мүмкін, сондықтан олардың бала-шағасына, отбасына материалдық көмек керек, өтемақы төлеу керек. Өтемақы мәселесінің дұрыс шешілуіне де біз атсалысуымыз керек. Қадағалап, жәрдемдесуіміз керек. Содан кейін ертең әкімшілік-қылмыстық сот процестері жүреді, сол кезде жазықсыз, кінәсі жоқ адамдардың сотталып кетпеуіне ықпал етуіміз керек. Бұл да комиссия атқаратын шаруаның бірі.

- Билік бірнеше күн бойы «террорға қарсы күрес» деген операция жүргізді. Оған ҰҚШҰ әскерін шақырды, өзіміздің күштік құрылымдарды пайдаланды. Бірақ осы террорға қарсы күрес бірте-бірте асыра сілеушілік, ұсталғанның бәрінен бірдей қылмыскер шығару деген науқанға айналып кеткен жоқ па?

- Бұл бейбіт жиынды лаңкес, содырлар дейді, аранадатушылар дейді, әртүрлі атап жатыр ғой, солар өз мақсаттарына пайдаланғысы келді. Қазір Мәсімовке айып тағылып отыр. «Отанға опасыздық жасады» деген, екінші айып – «мемлекетті күшпен басып алу әрекеті». Демек, Тоқаевтың билігін құлатуды ойлағандар болуы мүмкін, қаруландыру арқылы, басқа да тәсілдерді пайдаланып, күні бұрын дайындаған жасақтарын қолданып... Тіпті, мүмкін, сырттан да кіргізді дегендері рас шығар. Рас болса, сырттан да шақырған болуы керек. Сол арқылы жұртты қорқытып-үрейлендіріп, содан кейін билікті тартып алу мақсаты болуы да мүмкін. Сол сияқты билік те осы сәтті өз мақсатына пайдаланды. Халықты сеспен қайтарып тастау, үрейлендіру, қайтадан көшеге, митингіге шықпайтындай ету. Мына жасалып жатқан қудалау, репрессияның бәрі сол мақсатты көздейді. Саяси мақсат.

- Жаңа «билікті басып алу әрекеті болуы мүмкін», деп айтып қалдыңыз. Қазір осындай пікірлер көп айтылуда. Содан кейін осы оқиғалар кезінде Тоқаев билігі күшейді деген де тұжырымдар айтылуда.  Сіз қалай ойлайсыз? Тоқаев билігін күшейте алды ма?

- Егер осыны шартты түрде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасындағы билікке талас, қақтығыс деп қарайтын болсақ, бәлкім шынымен де солай шығар. Уақыт көрсетеді. Бұл тартыста қазірше, Тоқаев жеңіске жетіп отыр. Өйткені, Тоқаев Назарбаевтың ең сенімді көмекшісі, сенген адамы, ұзық жылдар бойғы серігі болған адамды аластатты. Бірақ, ол әлі ондай адамдарды билік аренасынан толық кетіре алған жоқ. Сондықтан Тоқаев толық жеңіске жетті деп айтуға әлі ерте.

- Осы қаңтар оқиғасы басталғалы бері, 2 қаңтардан бүгінге дейін Назарбаевтың және оның әулетінің үнсіз жатуына не себеп болуы мүмкін?

- Назарбаевтың әулеті үнсіз жатқан жоқ. Әлия деген қызы сөйлеп жатыр ғой. Кеше ғана. Ал енді бұл жерде ең басты адам ретінде күні кешеге дейін елдің тұтастай басы өзі болып жүрген Назарбаев неге үнсіз жатыр? Оның денсаулық жағдайы мүмдем нашарлап, сөйлеуге шамасы жоқ болуы мүмкін. Адам тек сондай жағдайда ғана сөйлеу қабілетінен айырылады. Солай ғой?.. Не болмаса оның айтарға сөзі жоқ. Тіпті, бір вариант – оны үйқамаққа алуы, оқшаулау шарасын қолдануы мүмкін. Нақты қандай себеппен екені бізге бергісіз. Әзірше осындай болжам ғана жасай аламыз.

- Ол баспасөзге соңғы рет 28 желтоқсан күні, Петерборда көрінді. Одан кейін ешқандай коментарий берген жоқ. Тек Айдос Үкібай бір-екі мәрте твит жазды. Бұл сұраққа жауап алдық. Осыған дейін халықаралық ұйымдар мен батыс саяси ұйымдары Қазақстанда қос билік бар деп келді. Күні кешеге дейін Қауіпсіздік кеңесін басқару арқылы Қазақстандағы ең жоғары билікті ұстап отырған экс-президенттің осы бір үнсіздігі мен елішілік ауыс-түйістер сол қосбилік деген түсінікті жойды ма?

- Қосбиліктің қалдықтары әлі де бар. Жаңа айтқанымдай толық жеңіске жете алған жоқ. Толық тазарта алған жоқ. Көпшілік Тұрғымбаев неге кетпейді деп жатыр. Ол да Назарбаевтың кешегі қолшоқпары болған адам. Басты жазалаушы, басты қуғындаушы. Халықты үрейде ұстауға тырысқан, небір заңсыздыққа барған, азаматтардың құқығын аяққа таптаған адам. Ал мынадай жағдайда бірінші кезекте Мәсімовпен бірге соны да босату керек еді. Керісінше, оны қайтадан қызметке тағайындады. Осыған қарағанда Тоқаевтың да шамасы жетпейтін нәрселер болуы ықтимал. Билік әлі толық бір қолға өткен жоқ.

- «Ескі биліктен әлі арылмадық», деген Сіз айтқан пікірге сүйенер болсақ, мұндай тартыстар алдағы уақытта қайталануы немесе жалғасуы мүмкін бе?

- Бұл әбден мүмкін. Тоқаев неге «жаңа Қазақстан құрамыз» деді. Жаңа Қазақстан құру үшін ескі билік жүйесінен толық арылуы керек. Ескі-құсқы жұрттағы қалдықпен жаңа дүниені жасай алмайды. Ескі саяси кадрлармен, ескі ұстанымдармен, ескі заңдармен, ескі әдетпен, ескі инерциямен бұл мүмкін емес. Ол жұртты алдау болып шығады. Не өздерін алдайды.

- ҰҚШҰ әскерінің Қазақстанға кіргізілуіне қатысты қоғамдық наразылық өте күшті болды. Бірақ соның өзінде ол кіргізілді. Не істегені белгісіз, айналасы екі-үш күнде қайтадан шығарылып жатыр. ҰҚШҰ әскерінің кіргізілуі себебі түсінікті, оның жұмысына қатысты пікіріңізді айтыңызшы.

- ҰҚШҰ кіруіне себеп болғаннәрсе ол - үрей. Биліктен айырылып қалам ба деген үрей. Тоқаевтың басқа сүйенетіні болған жоқ. Ол Путинге өтініш айтты. Не болмаса Путин оған осындай кеңес берді. Сол арқылы Путин Қазақстанды өзіне тәуелді етуді көздеді. Арғы жағындағы дүние ол – саясат, саяси ойын. Сондықтан әскер кіргізілді. Ал, бұл әскер, ештеңе де тындырған жоқ. Осындай ерлік жасады, пәленбай қарулы күштерге тосқауыл болды, осындай нысанды қорғап қалды деген бірде-бір факті жоқ. Не үшін кіргізді? Менде ғана емес, пікірлескен басқа адамдарда да қауіп бар, солардың қойған сұрақтарына қарасаң, қазақстандық Ұлттық гвардияның немесе полицияның киімін ауыстырып киіп алып, анау адамдарды аяусыз атқан солар шығар дейді. Өйткені қазақ қазаққа оқ ата алмайды ғой. Ондай да қауіп бар. Егер олар сондай әрекетке барса, қазақстандық күштік құрылымдардың киімін ауыстырып киіп, солар болып көрініп, аяусыздықпен адамды атып өлтіріп, қан төгетін болса, ол мемлекетаралық кикілжіңге апарып соқтыруы мүмкін. Жалпы бітімгерлік әскерді кіргізу Тоқаевтың саяси қателігі болды. Ол мәселені шешкен жоқ, ешқандай рөл атқарған жоқ. Тек қана өзінің көлеңкесін түсірді. Екінші жағынан қарағанда Тоқаевтың Путиннің алдындағы тәуелділігінің көрінісі болды. Тіпті Путиннің өзі ұсыныс жасаса да, Тоқаев тәуелсіз мемлекеттің басшысы ретінде бас тартуы керек еді.

- «Қаңтар оқиғасы» кезінде Алматыдағы Қазақстан телеарнасының ғимараты мен ондағы мұрағат қорын бүлікшілер өртеп кеткенін білесіз. Жуырда «Қазақ Әдебиеті» газетіне арна басшысы Сәуле Жиреншинаның көлемді сұхбаты шықты. Онда телеарнаға топ болып барып, эфир талап еткен бірқатар адамды атайды. Олардың ішінде Жасарал Қуанышалин, Жарылқап Қалыбай және Сіз барсыз. Сәуле ханым өз сұхбатында Ж.Қуанышалин мен Ж.Қалыбай бірінші топпен келіп, ештеңені қиратпай, тыныш кеткенін, ал Сіз бастап келген топ телеарна ғимаратына шабуыл жасай бастағанын айтқан. Сіз не дейсіз? Сіз телеарнаға неге бардыңыз?

- Мен алаңда халықтың ортасында болдым. 4-5 күндері еді. Екінші күнінде маған ұсыныс жасады. «Сізді жұрт таниды. Сіз бастап Қазақстан, Хабар т.б. телеарналарға барсаңыз, мұндағы жағдайларды сол телеарналар эфирден көрсетсе. Мұндағы жұрттың талабы билікке, Астанаға жетіп жатқан жоқ. Халық та біздің не үшін алаңға шыққанымызды білмейді. Сол телеарналар алаңға келіп, ақпарат таратса», - деген ұсыныс айтты. Мен оларға жағдайды түсіндіріп: «Тележурналистер онсыз да осы алаңда жүрген болуы керек. Ал олардың түсінгенін эфирге шығару не шығармауды Астана шешеді. Сондықтан, бұл жердегі филиалға барып, ондағы басшылармен сөйлесуден ешқандай нәтиже шықпайды», - дедім. Олар: «Аға, Сізді ел таниды. Сіздің жасыңызды сыйлайды. Әйтпесе, мұндағы жігіттер желпініп тұр. Барамыз, басып кіріп, қиратамыз деп тұр. Соның алдын алу керек. Сіз барып сөйлесіңізші», - деді. Мен: «Олай істеуге болмайды. Ол – ақымақтық», - дедім. Ақырында олар айтқаныма көнбейтінін, желпініп тұрған жігіттердің телеарнаға шабуыл жасайтынын түсіндім. Содан кейін олар бірдеңені бүлдірмесін деп, алдын алу үшін жаныма аз-кем адамды ертіп, телеарнаға бардым. Сол маңда (желтоқсан көшесінде, алаңның дәл жанында) Қазақстан арнасының ғимараты тұр. Соған бардық. Бізге жарықты жағып, күзетші келді. Телеарна ғимараты жабық екен. Біздің алдымызда Жасарал мен Жарылқаптар барып кетіпті. Күзетші олар «запис» жасағанын айтты. Күзетші мені таныды. Сонда да аты-жөнімді айтып: «Бастықтарыңа айт. Митингшілер талап қойып жатыр. Осы талапты жеткізуім керек болып келдім. Қирату-бүлдірудің алдын алып, ескертіп келіп отырмын. Бастықтарыңа түсіндіріп айт», - дегенім сол еді, екіортада жап-жас жігіт айқайлап, анталап келді де: «Неге рұқсат сұрап тұрсыңдар. Тартып алып, басып кіруіміз керек. Әйтпесе өртеп кету керек», - деп арандата бастады. Орта бойлы, қазақ жігіт. Бірақ орыс тілді екен. Екпіні қатты. Мен: «Қой, біз сөйлесіп жатырмыз», - деп ескертіп едім, желпініп алаң жаққа кетті. Мен жанымдағы жігіттерге дереу әлгіні ұстау керектігін айттым. Жігіттер ұстап үлгермеді. Арада екі минут өтер-етпей, бір топ адам келіп, телеарнаға басып кіре бастады. Біз күзетші жақта тұрғанбыз. Мен: «Тоқтатыңдар», - деп айқайлап едім, маған қарсы таяқ алып жүгірді. Араларында біреуі менің жасым үлкен кісі екенімді айтып, әлгіні тоқтатты. Қалғанын тоқтатайық деп есікке қарай ұмтылып едік, шамамыз келмеді. Біз аз ғана адам едік. Олар көп. Бұл бұзақылықты тоқтату мүмкін емес еді.

Анау бүлікшілерді мен танымаймын да. Олардың түрлеріне қарап шошыдым. Содан әлгі жерде ендігі бейбіт митинг өткізу мүмкін емес екенін түсініп, айналамдағыларға үйді-үйге тарау керектігін, олардың бас амандығы маңызды екенін айттым. Бүлікшілер сөз ұғатын адамдар емес еді. Бұл митингтің екінші күнінде болған оқиға.

Құдай біледі, олар сол маңда жүрді немесе мені аңдып жүрді. Дәл мен барған сәтте сап етіп, қайдан шықан белгісіз, жинала кетті. Оны жаңағы Мәсімовтің бұйрығымен жүретіндер де әдейі жіберуі мүмкін.

Ал енді осыны телеарнадан қалай көрсетіп жатыр? Орта жастан асқан адам бастап келді дейді. Сондағы ойлары мені жаман атты етіп көрсету. Екіншіден, менен қылмыскер жасау. Ұйымдастырушы етіп көрсету. Болған жайды күзетші болғандай қылып айтса, кәне?.. Жоқ, сөздерін кесіп тастаған.

Мен қазір осылай деп ақпарат таратқандар өз қателіктерін түсінер, кешірім сұрап келер деп отырмын. Олай етпесе, сотқа жүгінемін. Хақым бар. Тергеу жүргізіліп жатыр ғой. Солар да анықтай жатыр. Менің ар-намысыма тигені үшін жауапкершілікке тартуға хақым бар.

- Жақсы аға, әңгімеңізге рахмет…

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

25 пікір