Сәрсенбі, 18 Мамыр 2022
46 - сөз 2399 6 пікір 17 Қаңтар, 2022 сағат 14:02

Нені, кімді қорғаудасың бауырым?!

Жалауын ұстаған, азаматтық құқықтарын қорғауға шыққан, түтін ішінде, газбен уланған, тәлтіреген жалғыз қазақ . Құлауға дайын, бірақ көк байрағын қолынан шығармай бірдеңені қорғауда.
Нені, кімді қорғаудасың бауырым?!

Айтшы бізге, алаңға бармай, диванда қалғандарға. Жан тыныштығымызды қалап, үйден шықпағандарға, сенің өлеріңді білмей, қазір оққа ұшқандарды мына көзіміз шыққыр көзбен көріп, қиналғандарға, айтшы көкем, айтшы жалғызым? Әр қазағым жалғызым деуші ме едік ?...

Иә, көке, өзімнің де сенің де тіліңнің тапталғаны үшін, әділдікті күтіп нәтиже аламағаным үшін, кедейліктен шыға аламағаным үшін, уәдені ғана тарататын саясаттан шаршағаным үшін, жер асты-үсті байлықтардан үлесімді аламағаным үшін, бостандықтарға жете алмағаным үшін... Шықтым мен алаңға.

Тағы , тағы, тағысы. Айта берсең бітпес себептердің жарысы. Отыз жылда жетпеді биліктің маған көзі, қалдым шаршап күйкі тіршіліктің күйбеңінен, бір еркін тыныс алар кез келген шығар деген үмітпенен, шықтым мен сол көптің барған алаңына. Қаруым менің болды мемлекеттік ұраным, желбіреткен көк туым, билікке айтар сөз-назым! Қайран Елім, қош бол саған айтарым!
Тыңдар адам болмады Алматының төрінде орын алған биліктен, бір ауыз сабырға шақырған сөздерін де ести алмадық. Жарамады әкіміміз, салиқалы үлкендеріміз , кеудеден тепті біздерді. Сапырылысқан халықтың алдын жапты әскерменен. Ашу қысты біздіде, көке, кінә таға аларсың сен бізгеде, кеттік өзен болып, жағып- жаншып бәрінде. Менің өзім, жиырма жылғы базардағы арбакеш, кісіге тік қарауға бата алмайтын, болып кеттім бір сәтте, міңгізбейтін, жүген салғызбайтын бір асау ...

Қап, келмедің-ау сол сәтте, ақыл айтып сен бізге. Көкелер мен ағаларым, салиқалы адамдарым, қайда болдың сол кезде, сауға сұрар біз үшін, полиция менен әскерден.

Оққа ұштым, маңдайымда тесік бар. Жатырмын мен көппен бірге моргта. Қылдыңыз мені террорист, адам жанын алушы. Кінәсізбін мен , күнәсізбін шынымен. Ешкімге де қолым менің тимеді. Көппен көрген ұлы той, кетті жаным соның ішінде. Кінәлама мені, көкетай. Кінәм менің көппен бірге шыққан майданым, сен үшін де өзім үшін де, бостандық пен хақ сұрап, еркін жасаған бір күнім.

Жатқан жерің жайлы, иман серігің болсын, бауырым.
Қазақ Елі,болашақ ұрпақ,бостандықтар мен Демократия үшін.

Бейбіт Құлмағамбетов

Abai.kz

6 пікір