Жұма, 19 Сәуір 2024
Ақмылтық 5119 31 пікір 17 Қаңтар, 2022 сағат 12:33

Назарбаев «империясы» құлай бастады ма?..

Қазіргі болып жатқан саяси өзгерістерді Назарбаев режимінің толықтай күйреу сәті деп атасақ та болады. 2 қаңтар Назарбаев әулеті үшін қаралы күн, себебі дәл осы күннен бастап биліктің биік мінберінен мықтылап тұрып орын алған Назарбаев жақындары бірінен соң бірі қызметінен кете бастады. Ресми түрде олардың барлығы да «өз еріктерімен кетуде», алайда байлықтан ешкімнің өз еркімен бас тартпайтынын ескерсек, барлығы да түсінікті бола түседі. 

Тәуелсіздік күнін тойлау қарсаңында президент Тоқаев Назарбаевты «ең ұлы тұлға» ретінде ұлықтаса, 2022 жылдың қаңтарында Елбасы жайлы сөз айтпады. Айтқан бір ауыз сөзінің өзі мақтау емес даттау іспеттес көрінді. 11 қаңтар күні ел Президенті Үкімет басшысын тағайындау туралы жиында былай деді: «Бірінші президент – «елбасы» тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды. Халыққа тиесілі халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен «Қазақстан халқына» қорына аударатын салымдарын анықтауы тиіс», - деді. Бұл әрине айыптау еді.

Осындай айыптаулар болып жатқан тұста, Назарбаевтың өзі пікір білдірмеді. Тіпті оның қайда екені де белгісіз. Тілшілер түрлі болжам айтуда.

Елде болып жатқан оқиғаларға қатысты Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева пікір білдіріп, жазба қалдырды. «Елде болып жатқан жағдай жүрегіме ауыр тиді. Зардап шеккендер мен қаза болғандардың қайғысы мен іштегі өкінішті жеткізуге сөз таппай отырмын. Қаза болғандардың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл қатаң сабақ барлығымыз үшін ел тарихындағы осындай соңғы оқиға болсын. Адамдардың бейбіт кезеңде қаза болып жатқаны дұрыс емес.

Қазіргі кезеңде әкемді моральдық жағынан қолдап жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Әкем елдің әр аймағындағы тұрғындардан көптеген хабарлама алып жатыр. Қазақстанға бейбітшілік пен гүлдену, қазақстандықтарға амандық пен денсаулық тілеймін», - деп жазды Назарбаева. Бір қызығы ол бұл жазбасын БАӘ отырып жазғаны анықталды, ал көп ұзамай ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасын өшіріп тастады.

Көп ұзамай Назарбаевтар әулетінің күйеу балалары қызметтерінен алынды. «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев пен «ҚазТрансОйл» компаниясының басқарма төрағасы Димаш Досанов қызметтен кетті. 15 қаңтарда «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі осындай хабарлама таратқан еді.

Қайрат Шәріпбаев Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі, ал Димаш Досанов - Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі. Осылайша екі күйеу бала бір күнде биік мінберден түсіп қалды.

17 қаңтар күні Қазақстанда танымал бизнесмен, Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығынан кететінін мәлімдеді. Оның үндеуі палатаның сайтында жарияланды.

«Бүгіннен бастап мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының сайланған төрағасы өкілеттігін доғаруды ұйғардым. Съезд делегаттары мен төралқа мүшелеріне маған сенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары бақылау органын сегіз жыл бойы басқару мен үшін үлкен құрмет пен жауапкершілік болды», -деді Құлыбаев үндеуінде. Құлыбаев Динара Құлыбаеваның күйеуі және еліміздегі ең ауқатты әулеттің біріне жатады.

Бүгін тек қана Тимур Құлыбаев емес, Назарбаевтың жиені де қызметінен алынды. «Мемлекет басшысының өкімімен Самат Сатыбалдыұлы Әбіш Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан босатылды», - деп жазды ҚР президентінің ресми сайты.

Ендігі таңда Дариға Назарбаева қайда деген сұрақ туындауда. Бұған дейін оның коронавирус жұқтырып, Алматыдағы үйінде емделіп жатқаны айтылған еді. Алайда бейресми бәрі де басқаша болуы мүмкін...

Назарбаевтың інісі Болаттың да қайда екені нақты белгілі емес. Қырғызстандағы «24.kg» сайтында Назарбаевтың інісі Болат 6 қаңтарда таңертең Қырғызстанға өтіп, сол күні Бішкектен Дубайға бағыт алған ұшаққа отырғанын хабарланған еді, алайда билік ресми мәлімет бермеді.

Қазір тарихи кезең. Халық отыз жыл бойы тұрған Назарбаев «империясының» құлауын өз көзімен көруде.

Ка Мырза

Abai.kz

31 пікір