Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 6028 13 пікір 13 Қаңтар, 2022 сағат 17:14

Терроризмге қарсы азаматты "содырсың" деп өлтірген ба?

Ерлан қандай мықты азамат еді. Көне дәуір тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес-тұғын. Далаға жүруге қолайлы “темір тұлпарын” тізгіндеп алып, тарихи орындарға саяхатқа шығуға әр кез дайын тұратын. Екеуміздің жолымыз үнемі тарихи жерлерде тоғысатын. Көңілі жарқын, жүрегі тап-таза жарқыраған азаматтан қапыда айрылып қалып аңырап отырмыз, ағайын.

Асхат досымның айтуынша, ол көшеде мүліктерді тонаушыларға қарсы күресіп, қоғамдық ерікті ретінде тәртіп күзетіп кешке дейін жүреді. Үйге қайтып келе жатқанда құқық қорғау органдары тоқтатып, тексереді. Қалтасынан пышақ табылады. Өз-өзін қорғау үшін алып шыққан ғой.
Міне, құқық қорғау органдарына дайын “террорист”! Тек мойындатса, болды. Ал біз білетін Ерлан бар болмысымен терроризмге, діни радикализмге қарсы адам.

Құқық қорғау органдары ұстап әкеткеннен кейін “жоғалды” деп іздеу салыпты. Туыстары емес. Артынан денесі жалаңаш даладан табылған. Ерланның соққыға жығылғаны сонша мәйітті алуға барған досы ә дегенде тіпті танымай қалыпты. Ісініп, көгеріп кеткен. Оқ та тиіп жараланған. Аяғында бір жапырақ еті ит қауып алғандай жұлынып қалған. Қолындағы кісені де шешілмеген дейді. Масқара енді. Жан-дүниеңізді түршіктіреді. Оның үстіне, Ерланның жарқын бейнесін танитын болсаңыздар, өкініш өзекті өртейді. Көзді жас, көңілді қайғы басты.

Өмір бойы терроризммен күрескен Ерлан бауырымыздың рухы шат болсын! О дүниедегі өр рухты бабаларымызбен қауышып жатқан болар.
Сені қорғай алмаған, сақтай алмаған біздей пақырларды кешір…

Арман Әубәкір

Abai.kz

13 пікір