Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Анық-қанығы 6255 18 пікір 17 Қаңтар, 2022 сағат 13:10

Ректордың заңсыз әрекеттеріне тыйым бар ма?

Редакциядан: Порталымыздың электронды поштасына Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры мен ондағы орын алып отырған келеңсіздіктер жайлы үшбу хат келіп түсті. Abai.kz еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір таластыруға Қазақстанның әрбір азаматы құқылы. Сондықтан, автор мақаласы редакция ұстанымын білдірмейді. Материалда есім-сойы аталатын жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, алдағы уақытта олардың да пікірін жариялайтынымызды ескертеміз.


Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов мені кафедра меңгерушісі лауазымдық қызметінен алу үшін бір оқу жылының ішінде үш рет конкурс өткізді. Ереже бойынша жылына бір рет ғана, оқу жылының басында (тамызда) өткізілуі тиіс. Себебі, бұл оқу процесіне кері әсер етеді.

Алғашқы конкурс 20.10.2018ж. өтті. 4 үміткер қатысады. «Конкурс өтпеді» деген нәтижемен мен орнымда қалдым. Екінші конкурс 19.03.2019ж. өтті. Оған да 4 үміткер қатысты. Комиссияның шешімімен «Конкурс өтпеді» деген шешімімен мен орнымда қалдым. Үшінші мәрте өтетін конкурсқа қатыстырмау үшін басшылық тарапынан қатаң қысым болып, заңсыз тексерулер ұйымдастырылып, шеттетудің амалын жасады. Үшінші конкурс 13.06.2019ж. өтті. Нәтижесінде, Еңбек кодексінің 51 бабының 1 тармағымен қызметтен босату туралы бұйрық шығарады. Мен осы бұйрыққа келіспестен еңбек инспекторынан кеңес алу үшін бардым. Олар құқық бұзушылық барын көріп, арыз жазуға кеңес берді.

Ректор менің еңбек инспекторына шағымданғаныма наразылық білдіріп, алдынғы бұйрықтың күшін жойып, 10 күннен кейін 2-ші рет Еңбек кодексінің 52 бабы 1 тармағының 16 тармақшасына сәйкес бұйрық шығарады. Сонда, жұмыстан шығарылған қызметкерге қайта бұйрық шығару қай заңда бар?! Бұл қаншалықты заңды?

Осы құқық бұзушылықтарды еңбек инспекторы тексеріп, жұмыс берушінің тарапынан өрескел заң бұзушылықтар анықталып, университетке 3 мәрте ескерту берілді, сондай-ақ, 75 АЕК көлемінде, яғни 189375 теңге айыппұл салынды!

ЕҰУ-нің профессоры, экономика факультетінің деканы С.Мақыш сот отырысына қатысып, жалған куәлік жасады. Судьяға ант берді. Солай бола тұра, ол алдады бәрімізді. Оқиға былай болды. Жатақхана кезекшілігіне декан С.Мақыштың орнына 31.12.2018ж. күні барған едім. Ол құжатта рәсімделген. Кезекшілік кестесі бар. Осылайша, келісім бойынша, менің отгулымды сенбі күніне берді. 05.01.2019ж. күні ауылыма барып келуге сұрандым. «08.01-не дейін жұмыста болмаймын. Басшылық та болмайды кете бер» деді ол. Бірақ, мені «18.01.2019ж. күні жұмыста болмады» деп орынбасары мен деканат қызметкеріне акт жасатады. Бұл актіге кадр қызметкері қол қоймайды. Сенбі күні «жұмыста болған жоқпын» деп. Тәртіптік кеңесте бұл жеткіліксіз болғандықтан, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетімен келісімшарт жасау мақсатындағы кездесуімді пайдаланып, «екі сағат жұмыста болған жоқ» деп, декан және орынбасары, кадр қызметкері үшеуі акт жасап, қол қояды. Осы екі мәселені тәртіптік кеңесте қарап, «қатаң сөгіс беру» жөнінде бұйрық шығарады. Маған бұл бұйрықты таныстырмады. Мен мұны кейін еңбек инспекторы тексерген кезде ғана білдім. С.Мақыш қызметін асыра пайдаланып, 6 күн жұмыста болмастан, табелге сағат қойып, жалақы алған. Жол жүру билеттері жөнінде «Қазақстан темір жолы Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның анықтамасы бар (дәлел ретінде). Ол «өзі жұмыста болмаса да, сол күні мені жұмыста болған жоқ» деп және «кезекшілікке өз инициативасымен барған» деп, сотта жалған куәлік жасайды. Мені «бір күн жұмыста болмады» деп, акт жасап, тәртіптік кеңеске шақырып, қатаң сөгіс береді. Ал, өзі себепсіз және негізсіз қыдырып, мемлекеттің ақшасынан жалақы алады. Әділдік қайда, Е.Сыдықов мырза!

Бұл ұстаздың этикасына, ғалымның парасаттылығына қайшы әрекет емес пе? Ең қиыны, бұларға Сот та, Судья да қарасып отыр!

Универсиет заңгері сот отырысына жалған табель жасап, алып келді. Табель екі беттен тұрады. Менің аты-жөнім екі бетте де бар. Бірінші бетіне 05.01.2019ж. сенбі күніне Ж/Б (жайбарақат) қойып, екінші бетінде менің профессорлық қызметімде осы күнге сағат қойылған. Бұл жерде заңгер мынадай құйтырқылыққа барған. Екінші бетінде кафедра лаборантынан бастап, менің, декан, кадр қызметкері мен басшысының да қолдары қойылған. Соны өзгертпестен алып келді. Ал, бірінші бетте ректордың аппарат басшысы Д.Аймағанбетов қолдан жасалған жалған құжатқа қол қойып, мөр басады.

Осы құжат Судьяға таныстырылды. Процеске ұсынылды. Бұл бер жағы, заңгер тағы да екінші рет жалған құжат әкеледі. Яғни, расчетный листоктың күні мен сағатын ғана өзгертіп, қалған соманы өзгеріссіз алып келеді. Мұны мен сотта бухгалтер берген оригинал расчетный листокпен салыстырғанда байқадым. Судьяға мән-жайды түсіндірген кезімде ол да таңырқап, басын шайқады. Сот «осы мәселелердің анық қанығын түсіндіру үшін бухгалтерді шақырамыз» деп, сот процесін аяқтайды. Соттың үшінші отырысында бухгалтердің орнына декан С.Мақыш келеді. Енді, заңгер алдындағы жалған құжаттардың орнын жабу үшін «университеттің 1С бухгалтерия бағдарламасында техникалық ақау болды» деп құжат әкеледі. Бірақ, техникалық ақаудың орын алғаны жөнінде дәлелді құжат ұсынбады, сондай-ақ, оның ең қызығы мұның 1 жылдан соң, сот процесі кезінде ғана анықталғаны! Осы жерде заңгер тағы да құйтырқылыққа барады. Менің ақпан, наурыз, сәуір айларындағы расчетный листокқа Бас бухгалтердің қолын қойып, мөрін басып алып келеді. Дұрыс! Ал, қаңтар айы мен мамыр айында больничный күндері болғандықтан, оған Бас бухгалтер расчетный листокқа қол қоймайды. Себебі, маған кандидаттыққа төленетін ақы тек жұмыс күндеріне ғана төленеді. Ал, заңгер «менің бір күндік жалақымның орнын жабу үшін толық төленеді» деп жалған құжат әкеледі. Міне, сорақылық!

Осыған орай ЕҰУ-нің заңгері менің бір күндік жалақымның орнын жабу үшін өзімен қоса, бухгалтер қызмерткерлерін, ректордың аппарат басшысы мен бас бухгалтерді жалған құжат жасауға мәжбүрлеп, қылмысқа итермелеп отыр. Ең қиыны, әділдік іздеген Сотыма мұны дәлелдей алмадым. Алматы аудандық сотының Судьясы А.Байкенова әрі қарай айтып, дәлелдеуге мүмкіндік бермеді. Осы жерде де жең ұшынан жалғасқан сыбайластық орын алды деген күманым бар! Бірақ, сот органдары университеттің пайдасына шешім шығарды, әрине Ұлттық университетке, Ректорға қарсы тұру оңай шаруа емес. Университет басшылығы жеңіліс таппау үшін, барлық мүмкіндіктерді қарастырғаны айдан анық болып отыр.

Мен арызқой емеспін, бұл – менің азаматтық құқығымды қорғау мақсатындағы жанайқайым. ЕҰУ-дан статьямен жұмыстан шыққан бері, 5 ай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында методолог қызметін атқардым, 2020 жылдың қаңтарынан бастап жұмыссыз жүрмін, Еңбек кітапшама жазылған қара дақпен мені ешқандай Жоғары оқу орны қызметке алмайды. Мен мұндай әділетсіздікке келіспеймін, өзімнің азаматтық-еңбектік құқығымды және ар-ожданымды қорғап, әділ шешімін тапқан күнге дейін күресемін.

Ғалымжан Керімбек,

экономика ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

18 пікір