Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 5826 10 пікір 13 Қаңтар, 2022 сағат 14:27

Орыстың қоқайы мен Батыстың жауабы

Ресей мен АҚШ, Ресей мен НАТО арасындағы қырғи-қабақтық бұрынсоңды болмаған шиеленіске ұласуда. 10 қаңтар күні Ресей мен АҚШ арасындағы келіссөздер өтті. Ол Ресей тарапы қойған қауіпсіздік кепілдігіне қатысты болды.

Ресей тарапы Женеваға келісілмеген бағдарлама бойынша келді. Ресей тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков қатысса, АҚШ тарапынан Мемлекеттік хатшының орынбасары Венди Шерман келді. Келіссөздер барысы сегіз сағатқа созылды және нәтижесіз аяқталды десе де болады. Тараптар диалогты жалғастыруға келісті.

Келіссөздер аяқталған соң Сергей Рябков былай деді: «Біз үшін Украинаның НАТО-ға ешқашан кірмеуі аса маңызды. Біз НАТО-ның Мадрид саммитінде 2008 жылы қабылдаған шешімін кері қайтарып, «Украина мен Грузия ешқашан НАТО-ға қабылданбайды» деп өзгертілгенін қалаймыз. Бізге еш құны жоқ уәделер керек емес. Біз қарсы тарапқа сенім арта алмаймыз. Бізге құжат жүзінде кепілдік берілуі тиіс. Бұл Ресей үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі». 

Венди Шерман Ресейдің бұл сөзіне былай деп жауап берді: «Біз ешкімге ешқашан НАТО есігін өзге елдер үшін жабуға рұқсат етпейміз. Біз өз одақтастарымызбен және серіктестерімізбен үнемі байланыстамыз және олардың ойын, пікірін қолдаймыз».

Кездесу барысында Украина мәселесі де талқыланды. Ресей: «Біз ешкімге соғыс ашуға ниеттеніп жатқанымыз жоқ», - десе, АҚШ: «Ендеше Украина шекарасынан әскеріңді әкетіп, сөзіңді іспен дәлелде», - деген жауап қайтарды. Осылайша тарапта тағы да келісе алмады.

Бұл тараптар арасындағы алғашқы кездесу болатын. Екінші кездесу 12 қаңтарда Брюссельде өтті.  Онда НАТО мен Ресей кездесуі басталып, келіссөздер төрт сағаттан астам уақытқа созылды. О баста үш сағатқа созылады деген жоспар болған, алайда пікірталастар қызу фазаға өтіп, уақыт созуға тура келді.

НАТО басшысы Столтенберг кездесу барысында былай деді: «НАТО елдері мен Ресей арасында үлкен қайшылық бар. Оны болдырмау қиын іс, бірақ келіссөздер басталуы тиіс.

Біз қауіпсіздік кепілдігі бойынша келісімге бармаймыз, ұйымға кірі не кірмеуді өзге елдер өздері шешуі тиіс. Ресей болса қысқа және ұзын қашықтыққа ұшатын зымырандарды орналастыру бойынша келісімді бұзып, Еуропа маңында орналастырып жатыр.

Ресей әскері Грузия, Украина, Қырым мен Молдовада жүр және аталмыш елдердің рұқсатын алған емес. Бұл барлық заңға қарама қарсы. Сонымен қатар Ресей Еуропа елдерінде химиялық қару қолданды және өз еліндегі демократиялық күштерді қуғындауда».

Осылайша НАТО төрағасы Ресейдің бар қылмысын жайып салып, келіссөзді аса ауыр форматқа ауыстырды.

НАТО Украинаны толық қолдайтынын айтты. Столтенберг былай деді: «НАТО ұйымының мүшелері Ресейдің Украинаны ұйымға кірнгізуге қарсы болуын қолдамайды. Біз Киевке көмек көрсетуге дайынбыз. 

Ұйымның барлық мүшелері әр ел өз жолын таңдауға құқылы деп санайды. НАТО елдері мен Украина ғана ұйымға кіруді шеше алады. Ресей Украинаға қарсы әскери күшті 2014 жылы қолданды және Қырымды басып алды, ел шығысында соғыс бастады. 

Украина Ресейге қауіп төндіре алмайды, Ресей агрессор, ол ядролық қаруға ие держава және Киев кризисіне Мәскеу кінәлі. Украина қорғануға құқылы және НАТО оған көмектеседі. Егер Ресей тағы бір мәрте Украинаға шабуыл жасаса, онда біз өз әскерімізді қолдануға мәжбүр боламыз».

Ресей болса барлық айыптауды мойындамай, Батыстың өзіне кінә артты. НАТО-ның шектеусіз ұлғайып жатқанын айтып, посткеңестік елдердің өзі бүгінде НАТО-ға кіріп жатқанын айтады. Бірақ Ресей тарапы ұсынған ультиматум қабылданбады. Ресей делегациясы «егер НАТО шығысқа жылжи берсе, онда біз әскери амалдарға барамыз, бұл біз үшін ұлттық қауіпсіздік мәселесі» деп қорытындылады.

АҚШ кездесу барысынан кейін Ресейге салынуы мүмкін санкциялар тізбегін жариялады. Құжат жоғары лауазымды тұлғаларға санкция салуды міндеттейді: Ресей президенті Владимир Путинге, премьер-министр Михаил Мишустинге, сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа, РФ Қарулы күштері Бас штабының бастығы Валерий Герасимовқа; сондай-ақ, «әскери-әуе күштері мен флотты қоса алғанда, қарулы күштердің әртүрлі бөлімшелерінің командирлеріне» қарсы санкциялар салуға негізделген.

Құжат кем дегенде үш банк пен қаржы институтына шектеу қоюға міндеттейді: Сбербанк, ВТБ, Газпромбанк, Мәскеу Кредит Банкі, Альфа-Банк, ПСБ, Совкомбанк, Транскапиталбанк және Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (RDIF). Естеріңізде болса Қазақстан Сбермен келісім жасалуда.

Құжатта SWIFT сияқты қаржылық алмасу құралдарына санкция салу құқығын береді; санкциялар бойынша банктерге қызмет көрсетуді тоқтату шаралары туралы есеп беруді талап ететіні жазылған.

Ресейдің бастапқы және қайталама мемлекеттік қарызымен операцияларға тыйым салады. Міне, бұл АҚШ тарапынан Ресей Украинаға басып кірсе салынатын санкциялар тізбегі. Ресей мен НАТО келісе алмағандықтан, бұл санкциялардың да ауылы алыс емес сияқты.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

10 пікір