Сенбі, 20 Сәуір 2024
Билік 3219 4 пікір 11 Қаңтар, 2022 сағат 14:53

Мақсұтбек Айтмағанбет: Үкіметке ұлтжанды адамдар келуі керек

Әлихан Смайыловқа президентіміз де, халық та барлық мүмкіндікті беріп, зор сеніммен қарап отыр. Сол сенімді ақтаса екен. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет жаңа Үкімет басшысының тағайындалуына қатысты шешімін қолдайды.

"Әлихан Смайылов мырза жайлы айту әлі ертерек. Үкімет толығымен жасақталғанда ғана пікір білдірген дұрыс сияқты. Ол өзі жалғыз емес, кабинет болып жұмыс атқаратын болғандықтан министрліктерге халыққа жаны ашитын, қара халықтың қалай күн көріп жатқанын іштен білетін адамдардың келгені дұрыс. Көліктерінен түспей, халыққа машинасының терезесінен қарайтын бастықтардың уақыты өткенін әркім түсінген шығар. Сондықтан, үкіметке ұлтжанды адамдар келу керек. Бәрі соған байланысты болады. Ал Әлихан Смайыловқа президентіміз де, халық та барлық мүмкіндікті беріп, зор сеніммен қарап отыр. Сол сенімді ақтаса екен", - деді ол.

Мақсұтбек Айтмағанбет "Естуші мемлекет” атты концепциясына қатысты ойын да білдірді. "Ең бастысы, ел ауызында талай уақыт айтылып жүрген нәрселерді Президент Тоқаевтың уысынан естігеніме ризамын. Барлық мәселелер бұдан былай тек қана ашық айтылып, ашық талқылануы керек. Қазақта "Халық айтса, қалт айтпайды" деген сөз бар, соны ұмытпайық. "Естуші мемлекет” атты концепция дұрыс. Бірақ, естігенді тез арада зерделеп, мәселені түсініп, нақты шешімдер қабылдануы қажет. Әйтпесе, тек қана лозунг ретінде қалып қояды", - деді Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі.

Оның айтуынша, халыққа қазіргі таңда ең керегі – қауіпсіздікті сезіну.
"Қазірге кездегі ең басты мәселе - мемлекетіміздің қауіпсіздігі. Көріп отырғандай, өзге елдің қарулы күштеріне жүгініп отырмыз. Бұған мәжбүр болдық, онды енді түсініп, көзіміз жетіп отыр. Сондықтан, айтылған заттардың ең ауқымдысы - еліміздің қауіпсіздік органдарының реформасы. ҰҚК, Ұлттық гвардия, әскер, полиция толығымен мемлекетіміздің тәуелсіздігін қорғауға әрдайым дайын болулары керек. Террористерге төтеп бере алмай қалдық. Араларында сатқындар шығып жатыр. Ал, соғыс басталып кетсе не болады?! Сондықтан, бұл мәселе - ең өзекті мәселе. Әрбір қазақстандық өз қауіпсіздігін, отбасының қауіпсіздігін сезбесе, қауіпсіз елдерге кете бастайды. Осы мәселе маңызды, қалғандары шешіліп жатар", - деді «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Abai.kz

 

 

 

4 пікір