Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7769 0 пікір 6 Қыркүйек, 2012 сағат 05:42

Абайдың заңгерлігі

Қазақ телевизиясында, еліміздің Тіл комитетінде, баспада, тағы басқа салаларда өзіндік қолтаңбасымен қалың қазағының құрметіне бөленген көрнектi жазушы, телепублицист, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, Халықаралық Телевизия және радио академиясының академигi, ҚР Президентi сыйлығының иегерi Сұлтан Шәрiпұлы Оразалының отандық заңтану ғылымында атқарған еңбегінің өзі нарға жүк боларлықтай. Бүгінде елордада тұратын Сұлтан ағамызбен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Хакім Абайдың заңгер, өз заманының айтулы биі болғандығы жөнінде түсірілген деректі фильмнен басталған әңгімеміз әрі қарай өріле берді.

Сұлтан ОРАЗӘЛІ, ҚР Әділет министрлігі жанындағы «Заң-насихат» ЖШС-нің бас директоры:

Абай жазған «Шар ережесінде» 160-қа жуық бап бар

- Сұлтан аға, ілкіде «Абай - қазақтың ұлы биі» деректі фильмін түсірдіңіз. Қазақтың бас ақынын өз заманының үлкен заңгері, халықтың әдет-ғұрып заңдарын түптеп білген билерінің бірі ретінде суреттеген, сол арқылы Абай хакімнің өзгеше қырын ашқан осы фильм жөнінде әңгімелесеңіз...

Қазақ телевизиясында, еліміздің Тіл комитетінде, баспада, тағы басқа салаларда өзіндік қолтаңбасымен қалың қазағының құрметіне бөленген көрнектi жазушы, телепублицист, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, Халықаралық Телевизия және радио академиясының академигi, ҚР Президентi сыйлығының иегерi Сұлтан Шәрiпұлы Оразалының отандық заңтану ғылымында атқарған еңбегінің өзі нарға жүк боларлықтай. Бүгінде елордада тұратын Сұлтан ағамызбен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. Хакім Абайдың заңгер, өз заманының айтулы биі болғандығы жөнінде түсірілген деректі фильмнен басталған әңгімеміз әрі қарай өріле берді.

Сұлтан ОРАЗӘЛІ, ҚР Әділет министрлігі жанындағы «Заң-насихат» ЖШС-нің бас директоры:

Абай жазған «Шар ережесінде» 160-қа жуық бап бар

- Сұлтан аға, ілкіде «Абай - қазақтың ұлы биі» деректі фильмін түсірдіңіз. Қазақтың бас ақынын өз заманының үлкен заңгері, халықтың әдет-ғұрып заңдарын түптеп білген билерінің бірі ретінде суреттеген, сол арқылы Абай хакімнің өзгеше қырын ашқан осы фильм жөнінде әңгімелесеңіз...

- Ұлы Абай тұлғасы жан-жақты зерттеліп жатыр. Бірақ, біздің Абайды толық зерттеп, білдік деп айтуымызға әлі ерте деп ойлаймын. Оның бір белгісі, Абайдың ұлы заңгер болғандығында жатыр.  Абайдың өз дәрежесінде жазған заңы қазақ топырағында сол кездегі Семей, Өскемен өңіріне, беріде Жетісуға, сондай-ақ, Қытай өлкесіне тараған. Бұл - Шар бойында жасалғандықтан «Шар ережесі» деп аталады. Шар өзенінің бойында үш дуанның үлкен құрылтайы болады. Бұл жиынға генерал-губернатор Цеклинский қатысады. Цеклинский Абаймен жолыққанда, Абай жалпы қазақ даласын орыс заңдарымен ғана басқаруға болмайтынын, бұл елдің өзінің ерекшеліктері бар екенін, атадан балаға ғасырлар бойы мирас болып келе жатқан әдет-ғұрпы, заңдары барлығын, көп мәселелерді қазақ ішінде осы заңдар негізінде шешуге болатындығын айтады. Бұл кезде Абайдың басына қара бұлт үйіріліп, кейбір атқамінерлер Абайды осы жиында құртамыз деп келген еді. Керісінше, Абайдың патша ұлықтарымен жолыққаннан кейін оның терең білімді адам екеніне көздері жетіп, ешқандай қиянатқа бармайтынын түсінгеннен кейін әлгі адамдар Абайды төбе би етіп сайлайды. Абай Шар бойында үш күннің ішінде жанына бірнеше адамды ғана алып, 160-қа жуық баптан тұратын заңды жасайды. Міне, осы заңды жазу арқылы Абай қазақтың бұрынғы заңдарын жетік білетіндігін, сонымен қоса орыс заңдарын да терең білетіндігін көрсетіп, осылардың барлығын үйлестіре отырып, өзі өмір сүріп отырған дәуірдегі қазақ қоғамына қажетті заңдарды жазып шығады. Бұл заң кезінде Қазанда басылып шығады да, бүкіл қазақ даласына жайылады. Нақты жазылған осы алғашқы заңнан кейін Абай Жетісу өлкесінде өткен үлкен құрылтайға да шақырылып, тағы да заң жазған деген дерек бар. Бірақ, өкінішке орай, ол заң сақталмаған. Ал, Мұхтар Әуезовтің шығармаларында Шар өзенінің бойында жазылған заңның бірнеше баптары ғана ел аузынан алынып айтылады. Кейіннен бұл заң мұрағаттағы деректер арқылы табылып, Ғабит Мүсіреповтің қолына тиеді де, Ғабең заңның бір көшірмесіне шағын алғысөз жазып, сол кездегі архивті басқарып отырған жазушы Сапар Байжановқа береді. Сапар Байжанов заңды кітапша түрінде басып шығарып, елге жариялайды. Қазір бұл заң Семейдегі Абай мұражайында сақталып тұр.

Зимановтың зиялылығы

Абайдың заңгер ретіндегі әңгімелері ел аузында өте көп. Мұны академик Салық Зиманов Заң және философия институтының директоры болып тұрған кезінде Шыңғыстаудағы Абай ұрпақтарының бір топ ақсақалдарына жалақы төлеп, Абайдың заң шешімдері, Абайдың билігі туралы әңгімелердің барлығын жаздыртып алады. Ол жинақталған әңгімелердің ішінен 15 шақтысын ғылыми айналымға жіберді. Салық Зимановтың айтуына қарағанда, төрт атасынан бері билердің жалғасы болып келген Абай негізінде ақын болуға емес, өз елінде би болуға, билік құруға дайындалған адам екен. Абайдың ақындықпен айналыспай, көп уақыт ақындығын жасырып, басқа адамдардың атынан өлең жазып келгені содан болуы мүмкін. Өйткені, ол кезде ақынның беделі айтарлықтай бола қоймаған. Ал, Өскенбайдан бастап Құнанбайға, одан Абайға жалғасқан билік жас Абайды бұл бағытқа қатты әзірлейді. Құнанбайдың Абайды жастайынан қасына ертіп жүріп, ел ішіндегі дау-дамайдың шешімін қалай табу керектігін үйрететіні жәйлі «Абай жолы» эпопеясынан да білеміз. Абай «Жеті жарғыны» да, Әнет бабаның араласуымен жазылған қазақтың ұлы заңдарының барлығын да жастайынан сіңіріп, жетік біледі. Сонымен қоса, орыс заңдарын да оқып, біліп отырған. Абайдың жер дауы, жесір дауы, адамдар арасындағы кикілжіңнен туған, ұрыс-керіске байланысты ақылдылықпен, сұңғылалықпен шешім шығаруы тегін емес. Әсіресе, Абайдың жер дауына, кісі өліміне байланысты тарихта қалған шешімдері, Шыңғыстауда мыңдаған адамдардың алдында тұрып шешім шығарған жерлері сақталған.

Кейіннен Абайдың өзі теперіш көріп, еліндегі би-болыстардың жабылып, сабағанынан кейін орыстың ең мәртебелі заң орнына жазған шағым хаты бар. Бұл шағым хатта Абай тек өзінің дүниесін жоғалтып отырған жоқ. Абай сол кездегі заңсыздықтарды айтып отыр. Яғни, надан Оразбайлардың ғана зорлығын емес, олардан пара алып, орыс заңдарының өзін бұрмалап отырған прокуратураны, сот органдарындағы жүйесіздіктерді де айтады. Міне, осы хатты оқып отырғанда Абайдың орыс мемлекетіндегі сот органдарының жүйесін, тергеу амалдарында кеткен қателіктерді, прокуратураның заңды өрескел бұрмалауы, сот шешіміндегі озбырлықтың барлығын нақты дәлелдермен, ғылыми тұрғыдан да жүйелі қылып айтып бергенін байқаймыз. Осының өзі, сол заманда Абайдың заң саласын жетік білгенінің дәлелі бола алады. Егер де, тарихқа үңілетін болсақ, патшалық Ресейге қараған ондаған елдердің арасында ХІХ ғасырда заң жазған Абайдан басқа бірде-бір заңгер, ғұлама шыққан емес. Яғни, Абай заң саласында да бірінші қатарда тұрған және үлкен еңбек сіңірген тұлға.

Қазақта соңында сөзі қалған 500-ге жуық би бар

- Шоң би туралы Қалмұқан Исабай ағамыз кітап жазғанын білеміз. Шоң би мен Абай сияқты ХІХ ғасырда өмір сүрген тұлғаларды патшалық Ресей саясаты арқылы құрдымға кеткен қазақ даласындағы билер институтының соңғы буыны ретінде қарастыра аламыз ба?

- Қазақтың ең соңғы биі - Шәкәрім. Яғни, Абайдан кейін Алаш орда үкіметі құрылған кезеңде төбе би болып сайланған. Алдымен ақтар, кейін қызылдар келіп жатқан аласапыран кезеңде Шәкәрім ресми түрде қазақтың соңғы төбе биі болған. Ол да барымташысы, бір-бірімен соқтығысып қалғаны, ру арасындағы тартыстары, жер мен жесір дауы сынды ел арасындағы мәселелердің шешілуіне қазақтың жолымен бірнеше жыл төрелігін айтқан. Кейіннен қызылдар келіп, барлығын тартып ала бастаған кезде Шәкәрім биліктен шеттетілген.

Қазақта билер көп. Егер де біз мөлшерлеп айтар болсақ, қазақтың өзінде 500-дей би, олардың артында қалған сөздері, биліктері бар. Қазақтың билер институты бұдан 2000 жыл бұрын басталған. Билер институты арийлер заманынан басталады. Ол заманда абыздар деп аталған. Ал, абыздардың соңы - «Еңлік-Кебек» дастанында айтылатын Нысан абыз. Нысан абыздың зираты әлі күнге дейін Шыңғыстаудың бауырында тұр. Мінеки, қазақ даласындағы ең соңғы абыздардың бірі Нысан абыздың есімі екі мың жылдық билер институтының тарихында қалды. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» дейді қазақ. Тарихта Майқы екеу болған. Бірінші Майқы б.з.д. 1000 жыл бұрын түркі заманында өмір сүрген адам. Екінші Майқы Шыңғыс ханның оң қолы, қазақ даласында билеуші болған. Шыңғыс ханды Шыңғыстауда ақ киізге көтеріп, қазақ даласының билеушісі етіп жариялағандардың ішінде болғандардың бірі - Майқы би. Шыңғыс хан жорықпен оңтүстікке аттанғанда, ел билігі Майқы биге қалған. Міне, осы замандардан бері билер институты қазақ даласында билік құрған. Қазақ даласында кейде хандардан гөрі билердің сөзі өктем, үстем болып отырды. «Батырды екі қатынның бірі туады, биді ілеуде бірі туады» деген көне нақыл бар. Осының өзі билерге деген көзқарасты білдіреді. Билердің заңы толық заңдарға негізделген. Халықпен бірге жасасқан бұл заңдардан бізге Әз-Тәукенің «Жеті жарғысы», Қасымханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы жетті. Осы заңдардан бастап Шәкәрімге дейінгі билер шешімінде қазақтың әдет-ғұрып заңдары негізге алынған.

ХІV ғасырда қазақта жазба заңдары да болған. Бұл - «Төре бітігі» деп аталған. Сол кезеңде Алтайдан Дунайға дейінгі аралықта қазақ, орыс, славян жұрттарында қыпшақ тіліндегі заң үстемдік құрған. Қазір бұл заң зерттеліп, ашылды, енді кітап болып жарыққа шыққалы жатыр. «Бітік» деген бітім деген мағынаны білдіреді. Аталған заң армян жазбаларында, Еуропа кітапханаларында сақталып қалған. Тіпті, орыста да сақталған. Өйткені, бұл заңдар кезінде орыс шіркеулерінде де пайдаланылған. Бұл - үлкен тарих.

Марқұм академик Салық Зимановтың басшылығымен «Қазақтың ежелгі заңдары» атты он томдық жинақ жарыққа шықты. Мұнда қазақтың әдет-ғұрып заңдарынан бастап барлығы бар. Бұл ауқымды еңбек «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде жасалды.

Сәтпаевтың өзі сүйсінген

- Сіз қазақтың заң ғылымына елеулі үлес қосқан қазақтың бірегей заңгерлері турасында деректі фильмдер сериясын шығардыңыз. Бұл фильмдер заң саласындағы қандай тұлғаларымыздың еңбектерін насихаттайды?

- Мен Әділет министрлігінің алқа мүшесі, министрліктің құқықтық насихат және мемлекеттік тілді дамыту департаментінің басшысы болдым. Осы қызметте істеп жүргенімде еліміздің заң саласындағы ұлы тұлғаларды насихаттаумен айналыстым. Оның ішінде Салық Зиманов туралы түсірген фильмді бөле-жара айтқым келеді. Академик Салық Зиманов қазақ заң ғылымының атасы болып саналады. Оны кезінде Қаныш Сәтпаевтың өзі «Қазақстандағы заң ғылымының негізін салушы» деп айтқан еді. Тіпті, Салық Зиманов Сәтпаевтан бұл бағаны жас кезінде алған. Сол жас кезінде Заң және философия институтын құрды, басқарған да өзі. Ал, еліміздегі басқа заңгерлердің көпшілігі Салық Зимановтың ізбасарлары, шәкірттері. Сәкеңнен кейін Сұлтан Сартаев, Ғайрат Сапарғалиев, Мұрат Баймаханов, Майдан Сүлейменов, Нағашыбай Шәйкенов, Қалимолла Халықов, Юрий Басин, Владимир Ким туралы әрқайсысы жарты сағаттық, 40 минуттық деректі фильмдер түсірдім. Мұның алдында «Дала даналары» атты фильм түсірген болатынмын. Бұл фильмде екі мың жылдық тарихы бар билер институты туралы баяндалады. Одан кейін «Абай - қазақтың ұлы биі» фильмін түсірдім. Осының барлығында біздің заңымыздың дамуына өзінше үлес қосқан тұлғалар туралы айтылады. Мысалы, академик Ғайрат Сапарғалиев соңғы үш Конституцияны жазуға жетекшілік етті. Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы Декларацияны жазып, қорғаған академик Салық Зиманов. Ал, Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы Заңды жазып, Парламентте қорғап шыққан Сұлтан Сартаев еді. Көрдіңіз бе, отандық заң саласында әр тұлғаның өзіндік орны бар.

Марқұм Қ.Халықов декан болып тұрғанында осы сериялы фильмдердің тұсаукесері Қазақ Ұлттық университетінде өтті. Сонда әр жоғары оқу орнының заң факультеттерінен келген заңгерлер алдында бұл деректі фильмдердің Қазақстанның заң ғылымы қалай қалыптасты, оның көрнекті өкілдері кімдер деген сауалға нақты жауап беретін құнды дүниелер екендігі айтылды. Қазіргі кезде бұл фильмдерді студенттердің қаншалықты деңгейде пайдаланылып жүргенін білмеймін.

Қыпшақ заңдарын орыс шіркеулері де пайдаланды

- Бүгінгі күні Конституциямыздың орындалуы, насихатталуы қай деңгейде деп білесіз?

- Кезінде Конституцияның қазақ тіліндегі нұсқасына онша көңіл бөлінген жоқ. Конституция орыс тілінде жазылғандықтан, қазақ тіліндегі аудармасы олпы-солпы аударма болып қалды. Асығыс жасалған жұмыс екені көрініп тұрды. Кейіннен бұл мәселе төңірегінде бірнеше көлемді мақалалар жарық көріп, аталған жәйт Президенттің алдына дейін жетті. Конституцияның орысшасы мен қазақшасы арасындағы кереғарлықты байқағаннан кейін мұның бәрін жүйелеу туралы тапсырма берілді. Мен Әділет министрлігінің алқа мүшесі болатынмын. Сол уақыттағы Әділет министрі Оңалсын Жұмабеков, Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбеков және тағы басқалар бар, барлығымыз отырып, Конституцияның қазақ тіліндегі нұсқасын қайта қарап шықтық. Грамматикалық, стилистикалық қателері мен мазмұндық жағынан кеткен кемшіліктері қайтадан түзетіліп, Әділет министрлігінің ресми бекітуімен Конституцияның қазақ тіліндегі соңғы нұсқасы даяр болды. Бұл - орыс тілінде жазылған Конституциямен бір деңгейде шықты. Жалпы, Конституцияның қабылдануы - біздің тарихымыздағы ұлы оқиға.

«Дала даналары» фильмінде билер соты мен «Төре бітігі» заңының 1519 - 1594 жылдары аралығында Алтай мен Дунай арасында билік құрғанын, тіпті, мұны орыс шіркеулері де пайдаланғандығын, яғни, фильмнің соңында билер заңының екі мың жылды өткеріп, қазақ даласының ешқашан заңсыз өмір сүрмегенін, жай ғана көшіп-қонып жүрген көшпенді емес, барлық тіршілік әдет-ғұрып, дала заңдарына негізделгенін, мұның ең соңғы түйіні әр өркениетті елдің Ата Заңы болатынындай, Тәуелсіз еліміздің Конституциясына ұласатындығымен аяқталатынын айттық.

Біздің азаматтарымыздың көпшілігі Конституциямен толық таныс емес. Конституция күнінде ғана еліміздің Ата Заңы бар екенін еске алып, мән береді. Тіпті, министрлікте дайындалып жатқан заң жобаларын әзірлеуші жұмысшы топтардың арасында да Конституцияны біле бермейтін қызметкерлердің ұшырасып қалатыны бар. Парламенттің әр мүшесі Ата Заңды жатқа білуі керек. Кез-келген заңды Конституция аясында қарау керек. Егер, Конституцияның бір тармағына қайшы келетін болса, ол заң емес. Міне, Конституциямызды халқымыз жетік білуі үшін үгіт-насихат жұмыстарын кеңейту қажет.

- Лингвист ғалымдар Конституциямыздың, заңдарымыздың қазақ тілінде әзірленбеуі оның орындалуына кері әсерін тигізеді деген уәж айтады. Осыған келісесіз бе?

-  Заңның орындалуы қай тілде жазылғанында да емес шығар... Негізі, заңның орындалуы жалпы тәртіптің беріктігіне байланысты жүзеге асады. «Өзі жазған заңды өзі ескермеген елдің дамуы кері кетеді» деген бір ғұламаның сөзі бар. Мемлекетті құлдыратпау үшін заңның орындалуына үлкен маңыз беру керек.

Ал, қазақ халқының жүрегіне жақын болуы үшін заңның қазақ ұғымына жақын қазақ тілінде жазылуы тиіс. Сондай-ақ, көшірме заңдардан бойды аулақ салуымыз керек. Өйткені, басқа елдерден көшіріп алынған заң қазақ қоғамына тән болмауы мүмкін. Мен бір кездері еліміздің Авторлық қоғамына жетекшілік жасадым. Сонда, Авторлық құқықты сақтау туралы заңымыздың тұтас көшіріп алынғанын байқадым. Сіз бен біз журналист болғандықтан, өз мүддемізді, зияткерлік меншігімізді қорғай білуіміз шарт. Конституцияны сыйлау деген де осы. АҚШ зияткерлік құқықты сақтаудан миллиардтаған доллар табыс тауып отыр. Музыкалық шығармаларда, басқа да шығармашылық салаларда плагиатизм белгілері көп. Тіпті, ұлттық тағамдарымызды бәзбіреулер өздеріне заңдастырып алып жатыр. Мұның барлығы халықтың заң мәселесіндегі сауаттылығының шамалылығынан туады. Сондықтан, заңды білу - өзіңді, ұлтыңды, еліңді қорғау болып табылады.

Сұхбаттасқан - Думан АНАШ

«Алматы ақшамы» газеті

0 пікір