Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2718 0 пікір 6 Қыркүйек, 2012 сағат 05:35

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

IV

Қызыл-жасыл ұрандар мен көше тағы да жайнап қалды. Қызыл-жасыл, сарала қатпарлы қағаз айдағар тағы да бұраңдап, қызыл-жасыл таңқы құйрық бишілер «тышш.таң-таң» ға тағы да бұлтыңдай шықты көшеге. Көне қытай биімен бұлай бұлтыңдаушылардың «тарих тапсыру» науқаны жалпыласқаннан бері тіпті көбейгені көрінді. Бір сыпыра әйел бұрымдары кесіліп те үлгеріпті. Құйрықтары ғана емес, енді желкелері де таңқиған екен. Жер помещиктерден егушілерге тигендігін тойлап, азат егіншілерді коперативға ұйымдастыруға толғап шыққаны еді бұл.

Ертеңіне таңертең күтпеген уақытта жатақханама Мақпалым кіріп келді. Бағдарламадағы теориялық сабақтары бітіп, осы науқанға қатынасу дайындығы үшін бүгін бір күн босатыпты. Ауыл шаруашылығын коперативландыру қызметіне, практика ретінде, көмекке шықпақ екен.

- Біздің атрет Тарбағатайға бөлінді, ертең таңертең жүретін болдық! -дей келіп күрсіне отырды креуетке - Сенің қасыңда тым болмаса екі-үш күн демалып, арттарынан баруыма рұқсат етпеді! -дегенінде, алқызыл ерні үлбіреп, еркелеген шыраймен сәл ғана бұртиғаны байқалды.

- Зыдауяныңа айтпадың ба, ол кісі ахуалды біледі ғой?

- Зыдауян айтса да бізбен бірге жүретін атрет бастығы көнбей қойды. «Әсіресе коллективтестіру қызметі өте асығыс. Көктемдік егіс науқаны басталғанша, осы айдың ішінде бітіруіміз шарт» дейді.

IV

Қызыл-жасыл ұрандар мен көше тағы да жайнап қалды. Қызыл-жасыл, сарала қатпарлы қағаз айдағар тағы да бұраңдап, қызыл-жасыл таңқы құйрық бишілер «тышш.таң-таң» ға тағы да бұлтыңдай шықты көшеге. Көне қытай биімен бұлай бұлтыңдаушылардың «тарих тапсыру» науқаны жалпыласқаннан бері тіпті көбейгені көрінді. Бір сыпыра әйел бұрымдары кесіліп те үлгеріпті. Құйрықтары ғана емес, енді желкелері де таңқиған екен. Жер помещиктерден егушілерге тигендігін тойлап, азат егіншілерді коперативға ұйымдастыруға толғап шыққаны еді бұл.

Ертеңіне таңертең күтпеген уақытта жатақханама Мақпалым кіріп келді. Бағдарламадағы теориялық сабақтары бітіп, осы науқанға қатынасу дайындығы үшін бүгін бір күн босатыпты. Ауыл шаруашылығын коперативландыру қызметіне, практика ретінде, көмекке шықпақ екен.

- Біздің атрет Тарбағатайға бөлінді, ертең таңертең жүретін болдық! -дей келіп күрсіне отырды креуетке - Сенің қасыңда тым болмаса екі-үш күн демалып, арттарынан баруыма рұқсат етпеді! -дегенінде, алқызыл ерні үлбіреп, еркелеген шыраймен сәл ғана бұртиғаны байқалды.

- Зыдауяныңа айтпадың ба, ол кісі ахуалды біледі ғой?

- Зыдауян айтса да бізбен бірге жүретін атрет бастығы көнбей қойды. «Әсіресе коллективтестіру қызметі өте асығыс. Көктемдік егіс науқаны басталғанша, осы айдың ішінде бітіруіміз шарт» дейді.

- По-о... осы жиырма неше күн ішінде ғана коперативтендіріп  үлгере қоймақ па екен! -деп қалыңдықты құшақтап, қыса түстім. - Идеялық тәрбие жүргізбей-ақ былай қысып, қоса салмасаңдар қайтып бірікпек!

- Ондай дайындық... қызметтер бітіп... қалыпты, -деп сөйлей алмай Мақпал ышқынды. - ақырын қысшы, жаным... сөйлеп болайын!... Егіншілер көпшілігі помещиктердің үстінен күрес жиынын ашқанда-ақ бірлесіп кетеді дейді. Кадр көп екен. Бір үйге бірден үгітші қойсақ та жетеді дейді... Бір құпия ескертуде ол біткен соң малшаруашылығына да реформа жүргіземіз дейді!

- Қайтып? -деп қалдым мен. Құшағымды жазып, жүзіне аңтарыла қарап қалыппын. - Қазірше, «малшаруашылығы тапқа айрылмайды, мал үлеске түсірілмейді. Мал иесі мен малшыға тең байланыс жасалады» деген орталықтың саясаты қайда қалмақ?

- Біз де алғашында осы саясатты оқып едік. Өзгерткен сияқты ғой, соны айтып сұрау қойсақ, Шинжаңда малшылық пен егіншілік бір сипатты. Реформаны бірге жүргізе берсе болады дейді. Бір ұстазымыз тіпті «жер иесі, мал иесі - бір иелік» деп күлді. Қайтсе де жоғарғы жақтың ісі ғой, қоя тұрайықшы, барғанда көрерміз! Ал, мал шаруашылығын да егіншілік сияқты былай қысса, фермаға айналып бірігіп кететін шығар! -деп мені енді Мақпалдың өзі қыса сықылықтады.

- Бұл жазда маған тағы да жоқпын деші! -деп мен күрсіне құштым, шөпілдетісе жөнелдік. Желкесіне түюлі шашына ғана киген көк қалпақ түсіп қалды да, қарақоңыр ұзын бұрымын менің иығыма, мойныма өз қолымен тәптіштеп орай отырып сөйледі қалыңдық.

- Айытпақтайын, шашты бұлай өру, төңкеріс кадрларына лайық емес, феодализмнің үлгісі дейді. Әсіресе реформа кадрлары мұндай тоғышарлықтың бәріне қарсы тұру керек деді. Сабақтастардың көбі бұрымдарын қиғызып тастады. Мен сенімен ақылдасайын деп келдім.

- Ақылдасатын не бар, өзің білесің!

- Бұған да екеуіміз ортақпыз дегенсің ғой!

- Құқығың өз меншігіңде ғой, сәулешім! Бірақ, төңкерісшілдік пен кері төңкерісшілдік әйел бұрымымен өлшенсе, одан зор ақымақтық болмақ емес.

- Бәсе, күзеуге сен де қарсы екенсің ғой! -деп Мақпал сықылдағанда айқастыра ораған қос бұрымын мойнымнан ажыраттым. Қос уысыма жиып, бетіме қастерлей бастым да, тәптіштеп арқасына түсірдім.

- Мұны қалпаққа да түрмелеме, осылай еркімен бұлаңдай берсін!

Түрегеліп барып чемоданнан Мақпалға арнап жасырын тіккізген киімдерімді алып бердім. Осы маусымдағы бешпеті мен белдемше көйлегі де, алқызыл кофтасы да, туфлиі де сайма-сай, бұрынғы Нұрияштың формасы еді бәрі де. Шаралы көзі шар айнадай жайнап, қызғыш тарта, аңтарыла қарап отырған Мақпал күліп жіберді.

- Біліп қойдым. Менімен ақылдаспай, өзің дайындауыңа қарағанда, Нұрияшша жасандырмақ екенсің!

- Дәл солай. Ал, мен, мекемеге барып, бүгінгі ең қымбатты күніме рұқсат алып келейін! Есікті іліп алып киін!

- Суреті барма еді?

- Бар, тапқамын!

- Әкелші!

Нұрияның Күләннан табылған толық фото суретін жол сөмкемнен алып бере сала жөнелдім. Қайтып келсем, есік ілгегі әлі де ағытылмаған екен. Екінші рет шерткенімде біз өкше туфлидің лыпылдай басқан жеңіл тықылы естілді. Есікті ашып жіберді де, жымия шегініп барып, көлденеңдеп тұра қалды.

- Ұқсайтын сияқтымын ба?

Алды-артынан да, қырынан да қарап алып құшақтадым.

- Дәл өзісің!

- Парқымыз бар екен! -деп күрсініп, жүзіме бағдарлай қарады да, қолындағы Нұрияның суретіне үңілді. Суреттегі жар мен тірі жарға кезек қарап алып сөйледім.

- Ол сәл еттілеу ғой, теңеліп кететін парық! Қайта оның мұрны сәл доғалдау екен. Бұл мүше жағынан сен сұлусың!

- Жоқ, түрімнің пәлендей артық жері жоқ. Әйтеуір, мұншалық асылыңды жоқтатып, сені жүдетпейтін сиқым болса, болғаны ғой. Бірақ, қалай екен, күндегім келді! -деп сықылық қаға тығылды қолтығыма. - Сондай бір жиркенішті сезімге келе қалғанымнан қорқтым өзім. Өлген адамды күндеу, өлімтік болатын адамның мінезі емес пе!

- Дәл таптың, жаным! Сол сықылды тағы бірін айталық: досты күндеу бос кеуде қуыс көкірекке тән психика.

- Расында да солай болып қалар ма екенмін! -деп күрсінді Мақпал. - Бұл мектептен тек тап пен таптық күресті ғана оқыппын. Нұрияш мархұмның білімділігі мен мәдениеті тұрған тұрысынан да көрініп тұрады екен.

- Бұл жағынан әлі асып та түсесің!... Жоғары мектепте оқисың!

- Енді оқимын десем, сені... тойдан кешіктіріп қоямын ғой! Осыншалық күттіргенім де жеткен шығар!

- Жоқ, енді олай зарығудан Құдай сақтар. Тұрмысты болып тұрып-ақ оқи бересің!

- Бірақ, онда....

- «Бірағыңды» жеңеміз!...

Есік шертілді бір шақта. Рұқсат үнім шығысымен кіріп келді Күлән мен Ақия. Мақпалмен қатар ыршып тұрыппын. Қызғыш тарта қараған Ақия ұзын кірпігін лып-лып қағып тұрып қалды. Күлән аңыра қарап жылжи берді. Мақпалдан көз алар емес. Амандасуды да ұмытқандай. Қасына келіп тоқтады. Жасаураған өткір қара көзін сүртіп жіберіп үңілді. Ерін жыбырлатып амандасқан Мақпал, жауапсыз тесірейген сұқ көзден тайсақтағандай төмен қарай беріп еді. Екі алақанымен екі шекесінен сылай ұстаған Күлән, маңдайынан сүйіп-сүйіп алды.

- Кешір, сіңілім, бір аяулыма ұқсатып... есімді жия алмай қалыппын! - Көз жасын төгіп-төгіп жіберген Күлән сырт айланып, бетін баса өксіді. Күлген болсам да көзімнен қос тамшы ыршып түсті. Құшақтай алдым Күләнді. Оның маңдайынан мен сүйдім де, Мақпалға таныстырдым:

- Естігенсің, Нұрияш, мынау Күлән әпекең!

Мақпал лып етіп барып, иіле ұсынды қос қолын. Күлән қаусыра құшақтап алып сүйе берді. Нұриялық бет мүшеден біраз парықтылау сұлу мұрнынан басқасын түгендеп өпкеніне қарап күлдім. Күтілмеген көріністен ыңғайсызданып тұрып қалған Ақия да келіп, қолын алды Мақпалдың. Ақияның аты мен «қызметтес» екендігін қосып таныстырып едім.

- Атың да - Нұрия ма? -деп Күлән Мақпалдың тұла бойын зерттей қарады енді. Мақпал жауабын сық-сық күліп жіберіп қайырды.

- Өз атым - Мақпал.

- Түсіндім! -деп Күлән маған жымия қарады. - Бүгін біздің үйге фокстык ойын көрсету үшін дайындалып жатқаның екен ғой! -деп келіп отырды орындыққа. - Киімді тіпті ұқсатыпсыңдар!...

Мақпал столға кішкентай дастарқанымызды жасады да, прандік, конфет әкеліп қойып, термостан шай құйды.

- Жүрісі де аумайды! -деп күбірлеген Күлән, қай жерлік екенін, Мақпалдың өзінен сұрады. Алтайдан партия мектебіне оқуға келгенін естіп, тағы да үңілді.

- Расыңды айтшы, жаным, Нұрияштың сіңілсі емеспісің?

Мақпал сықылықтап күліп қана қойды да, «Тарбағатайда туылып, Алтайда оқығандығын» мен айттым. Мақпал екеуімізге кезек-кезек қарап, үнсіз отырған Ақия «қайтайық» дегендей ым қақты Күләнға.

- Біз мына жақтан келе жатып, жолдан ахуалыңды біле кетейік деп кіріп едік, -деп Күлән маған қарап күлімдеді. - Нұрияшымды қайта көремін деп ойламаппын!.. Жүріңдер үйге!...

- Әпеке-сіңілі болып осында-ақ отырыңдар бүгін. Нұрияш Шәуешекке таңертең ерте жүрмек, тоқымын қағалық! -деп Ақия екеуіне кезек қарадым.

- Тірілгенін шешесіне де көрсетейін, тоқымын сонда қағамыз! -деген Күләннің қолқасына Мақпал екеуіміз қосыла күлдік те, ілесіп шықтық. Ақияның Мақпалды көріп, көңілсізденіп қалғандығы ашық көрінді былай шыға бере. Күләнға «мектепте өтейтін сабағы барын» айтып кетпекші болды.

- Бүгін түстен кейін бос екендігіңе дәлелім бар, Ақияш, -деп барып қолтығынан тарта жөнелдім. Күлән мен Мақпал өзара сөйлесіп, артымыздан ілесті. Күбірлей сұрадым Ақиядан. - Неден көңілсіздендің?

- Жоқ, ешқандай! - Төмен қарап күбірледі Ақия. - Ертеңгі сабаққа дайындалмақ едім!

- Оны іңірде көрерсің. Мынау бес жасынан бері 17 жыл бойына феодализмнің түрмесінде жатқан қыз. Соның қасіретінен құтылғанына 20 күн ғана болды...

- Сізбен қашан танысқан?

- 48-ші жылы жазда «түрмесінен» ұрлап көріп қойғанмын.

- Бізге айтпайсыз!

- Қалыңдығының ұлы тірлігінен хабар ала-алмай жүрген сұм жігіт, «ей, қалайық, менде қалыңдық бар!» дей ме екен!

- Ақияның сөлкебай меруертті үні ашыла сыңғырлағанда өзім қосыла сақылдаппын. Бірге күлерлік тыңдаушымыз бар ма екен дегендей арт жағымызға қарасақ, Мақпал, көрген түрмесін шағына «жырлап», Күлән егіле жылап келеді екен. «Жаңа ғана өлген байларының қазасына» көңіл айтып күлдірдім...

Күләннің шешесі Мақпалды алғашында бассалса да, басқа Нұрияш екендігін тез айырды.

- Бәсе, ол қарашығымның қаза болғанына міне жеті жыл өтіпті ғой, қайдан мұндай талшыбық қалпында келе қойсын-ау!... Сонда да бетіңнен сүйейін балам, ұқсайды-ақ екенсің! -деп емірене сүйді бетінен. - Өмір жасың ұзақ болсын, бақытты бол, әдебіңнен айналайын!..

Бұл үйдегі отырыста Мақпал өзінің сыншылар алдында әзіл-қалжың, әңгіме-сыр жақтарынан ұтыла қоймаса да, ән жағынан недәуір қыспақ көріп қалды. Әсіресе, Ақия жеке ән салғанда көзінің шарасынан шығып кете жаздағанын байқадым. «Мархұм Нұрияш осы әнді бұдан да көркем орындаушы еді!» деп Күлән күрсінгенде, Мақпалдың көзі жасаурай бадырайып, маған қарап жымиды. «Тірі Нұрияш» болып табылғандығы үшін қалай да бір ән орындатуға Ақия көп күшеп еді. Мақпал күлдіргі әңгіме айтып беріп құтылды.

- Мен ес білгелі «аю бүбі» аталған әжемнің «әнінен» басқа әнді жақыннан естіп көрмегенмін, -деп күлді Мақпал. - О кісінің «әндері» тым «мәдениетті» еді. Кітап оқып отырғанымды көргенде, «ей қыз, енді қысқарт!» дейтін «әні» аса жоғары дауыспен айтылатын. Ауылда той болып жатқанда «ойбай белім-ай!» дейтін әнін көп орындайтын. «Уқала ойбай, уқала!», «бассаңшы мына жерімді!» дегендері сол той тарқағанша тоқтамайтын. «Шықпайсың сыртқа!», «барасың берген жеріме!» деген әндеріне мүлгітпей қоймайтын. Сол «думаннан» құтылғаныма жарты жыл, өз еркіммен жүре алатындығымды сезінгелі жиырма күн ғана болды. Сенсеңіздер екі-үш адамның басы қосылған сауыққа қатынасқаным осы ғана. Қазірше әу дей алмаймын. Мына «тұрпайы» әндеріңізді үйренгенімше кешіріңіздер!

Мақпалдың осы өтініші көп күлкімен, аздаған көз жасымен қабылданды. Оның есесіне салмақ маған түсіп еді. «тірі Нұрияшымның көзін қызықтырып, Мархұм Нұрияшпен бірге айтылған әндерге бастадым да, Күлән мен Ақияны қайта еліктіріп, өздеріне айтқыздым. Қуанышы жайнай ашылған шырайынан көрінген Күлән Мақпал екеуімізді құттықтайтындығын аса ыстық ықыласымен білдірді. «Сен енді мені туысқан әпекем деп біл!» деп құшақтай отырып, ет асатты Мақпалға... Күн батып, кеш түсті. Ақия қайтқан соң, Мақпал екеуіміз де ымдастық... Жатаққа қайтып кеп кірісімізбен Мақпал мені құшақтай алып күлімдеді.

- Анық білдім ғой деймін!

- Нені?

- Енді үш-төрт ай кешіксем, маған сен жоқ екенсің! Мынандай қыз ерік алдыңа қояр ма!... Неткен әнші, неткен сұлу! ... Өзі жоғары мектеп оқытушысы, білімді ғой және!... Тамаша қыз!... Өзіңді қыз маңайлап жүргенде шыдап, мені күткенің үшін... осындай бола алсам!...

- Жоқ, білмепсің! -деп мен сүйдім. - Қазір-ақ бұдан әлдеқайда артық екеніңді білмепсің!... Ондайлар садаға кететіндей сұлулығыңды білмепсің!... Ақылдың айнасы екендігіңді де, мұнан соң білімнің кені болатындығыңды да...

- Бұл жағынан тырысармын-ақ, бірақ осындай әнші бола алармын ба?... Өзің де әнші екенсің ғой... қайтып күттің екен мені!.. Сертке беріктігің ғой, жаным!

- Шындығында ол қыздан Күлән сұлу екендігін түсінерсің әлі Нұрияшым! Егер өзің сол бетіңмен табылмай кетсең... мүмкін, осы жесір әпекеңнен басқаға қарамас едім.

- Ие, жаны асқан сұлу, асқан мейірімді екен!... Сенен жасы үлкендігіне қарамағанда...

- Жоқ, жасы үлкен емес!

- Енді қайт деп тұрсың маған? -деп сақылдай күлді Мақпал. - Қазір-ақ жібере қой демекпісің?...

Қалыңдықты таңертең күн шыға мектебіне жеткізіп салып қайттым. Біреудің тағы бір қастығына ұшырап қалмауы үшін, қызмет бөлісінде өз ауылына шығып қалудан сақтана тұруын тапсырдым...

Уәде бойынша апта сайын хат келіп тұрды. Хат емес, әр апталық қызметтің доклаты сияқты. Шәуешек ауданының бір егінші районына бөлінген он кадірдің бірі болыпты. Сондағы істеп жатқан істерін күлкі етіп баяндай берді. «Қызмет группасы» келісімен-ақ жер реформасында үйренген әдеттері бойынша кедей, жалданба егіншілер жиылып қоршай қалады екен. Ешкім сайламай-ақ белсенді екендіктері сол ынталарынан көрінеді. Бұл шақта төмен орта, орта егінші аталғандар маңдайлап келіп, әр тұстан сығалап жүрсе керек. Кадрдан жиылыс сөзі шығысымен сау ете түседі екен. Көпшілігі жарқырап, коллективтесуге разылықтарын байқата келсе, бірнешеуі қалтырап, жекешілдік идеясын байқата келеді. Ондайларды «жоғары орта!» , «жоғары орта!» деп белсенділер бәсекелескендей жарыса күбірлеп таныстырады. Жарыса шыққан күбір, секемшіл құлаққа айқайлағандай естілмей ме. «Жоғары орта» делінгендер сұрлана елеңдейді екен.

Коперативтену туралы баяндама жасаушылардың алғашқы сөзінен жүректері орныққандай жадырай қалады ондайлар. Егістік жер, егіншілік сайман, күш-көлік қана бірлестірілетіндігін, оған да қатынасу-қатынаспау әр егіншінің өз ықтиярында болатындығын сөйлегенде жадырайды. Ал, баяндама соңында «жеке егіншілерге су беру-бермеу құқығы коперацияның қолында болады» деген ескерту айтылғанда сұры тұман қайта басады.

- Шырақтарым-ау, коперацияға  кіру-кірмеу әркімнің өз ықтиярында дегенің қалай, егіншінің қаны есептелетін су коперацияның ғана билігінде дегенің қалай? -деп дауласа кетеді бірнешеуі.

- Солай, коперативке қосылу, коллективтесу жақсы дегеніміз сол! -дейді кәдір мүләйім ғана үнмен. - Жекелерге су коперативтен асқанда ғана тиеді. Аспаса, әрине, лаж жоқ.

- Қате болса кешіріңдер, шырақтарым, коперация қатынаспасаң, егін екпей жата қал, кеуіп-семіп, қата қал деген сөз ғой мыналарың, қайдағы еркіндік! -деп салады кей бір сұрланушылар.

Абзалдығын көрсету арқылы ұйымдастыруды ұқтырғандығын мен жәй ескертіп қана жаздым.

«Біз де солай оқып едік. Орындауымыз солай болып тұр» -деп Мақпал жазыпты. - «Қолым мен аузым екі басқа дене болып кете ме екен деп қорқамын. Бірақ, коллективтендірудің осы әдісін өз ауылымда бір қолдануға құмарлығым да жоқ емес. Өз әкем мен бұзық Әлімбайдың алдына Омарбекті тұрғызып қойып бір тергесем, байлаушылармен шапалақшылар аз болмас еді-ау, бар қылмысын өзіне-ақ ақтарғызар едім ғой!»

Мақпал маған осыдан кейінгі аптада жазған хатында егіншіліктегі қызметтер зор табыспен аяқтағанын жазыпты. Табыс болғанда да тапқан «кері төңкерісшілері» қоралап айдалған көрінеді. Енді мал шаруашылық реформасына аттанғандықтарын жазған Мақпал, содан 4-5 күн кейінгі хатында мал шаруашылық реформасының ісіне кірісе қоймағандықтарын жазыпты. «Әр байдың малын анықтап тізімдеп, аудандық парткомға жолдап жатырмыз» депті.

«Жолдаған тізімдеріміздің жолы болатын сияқты» деп жазыпты сонан соңғы хатында. Ұсақ малы 500- ге, ірі қарасы елуге жеткен, бұған орташалар түгел қарқылдайды. Бұл күлкіге белсенділер шамданып түгел шақылдайды.

Күн батысымен күрес жиыны ашылады сөйтіп. «Жетім қалдырылған» бай егіншілер мен «қарсыласқан» әлгі «бұзық элементтерді» қатар тұрғызып қояды да, қамалып жатқан помещиктерді абақтыдан шығарып әкеліп, сол қатардың ең алдына тұрғызып тергейді. «Осы қасқырдың құйрығы сендерсіңдер!» деп бай егіншілермен «бұзықтарға» қайрыла ескертіп қойып соққылайды помещикті. «Құйрық» аталғандар «бастарға» таяқ тиген сайын бүріседі. Өздеріне таяқ тие қоймаса да «енді тиер-ақ» деп бүріспесін бе. Сол бүріскендерді көріп отырған керенаулар ертеңіне ерте жүгіреді  екен тізімделуге. Бүріскендердің кейбірі, тіпті, ұйықтай алмай, таңды басқарма есігінің алдында атыратын сияқты.

Мақпалдың жазған хаттарында егін шаруашылығын коллективтестірудегі осы епті зорлаушылық күлдіргі әңгіме ретінде суреттеліп келіп тұрды. Оның дұрыс-бұрыстығы жөніндегі өз пікірін айтпай-ақ жаза берді. «Егінді жеке егемін десең, өз ықтиярың. Бірақ, су кооперативінің ықтиярында» дейтін бұғалық, орталық комитетің нұсқауында жоқ екендігін, бастан-аяқ ерікті түрде, коператсияның байларды аудандық үкімет «жиынға» шақырып жатыр екен. Бұрынғы мыңбек, жүзбек болғандар мал саны ол өлшемге жетпесе де шақырылыпты. Сақшы келіп әкетіп жатқандықтарына қарағанда жиын емес, қиын жерге шақырғаны байқалады. «Мал иесі» деп атапты өздерін. Және шақырылып кетісімен үйі бақылауға түсіп, малын кадрлар күзетеді екен.

«Малды азайту мақсатындағы бұлан-талан көбейіп барады» деп жазыпты тағы бір хатында. - «Ондайларды ұстағанымызбен тиылым жоқ. Қамасақ қорамызға, айдатсақ түрмеге сияр емес. Халықтың райынан өзімізге де қатер сезілетін болды. Әйтеуір құралды қорғаушыларымыз жетерлік».

Мақпалдың осы хаты мен семиялық жағдайыма алаңдап жүргенімде тілегім қабыл бола кетті: жылдық сынау комиссияларына өлкелік оқу-ағарту меңгермесінен әр аймаққа бірден инспектор шығатын болды. Соның бірі болып, өзім білетін Тарбағатайға бөліндім де, ылдиға домалаған тастан зымырай жөнелдім.

Совет граждандар ұйымының Шәуешекке баратын жүк автомобиліне түсіп едім. Шыға сала Құтыбиға келіп бір тоқтадық. Көше ереуілі жол берер емес. Көтерген ұрандарына қарағанда «феодализм үстінен түп еселі жеңіске» жеткендіктің мерекесі көрінеді. Жалаңдаған қағаз айдағардың соңында құйрықтары бұлтыңдаған бишілер арасынан да, көшені кере шақырымдап созылған халықтың арасынан да әйел киімді біреуі көрінбеді. Ұзын етек көйлек түгіл тізеге жететін шапан да жоқ. «Феодализм жойылғанда әйелдер еркекке айналып кетті ме екен!» деген күдікті, Құдай тағаланың надан пендесіне еріксіз ойлатқандай көрініс. «Бұлай болғанда қоңырақындардың[1] күні не болмақ!» -деп қарқылдап күліп жіберіппін.

Ереуілшілердің ең соңында сақшылар айдап келе жатқан «феодалдар қоғамын» көргенде қалжыңым шынға айналғандай күлдірді. Барлық ұзын етек осы жойылушылардың арасында екен: ұзын қара шапанды, ақ сәлделі молла, бетперделі, ұзын етек шағи көйлекті тоқалымен, ұзын ақ жібек көйлек ақ салылы бүбі ханымның ортасына қосақталыпты. Алқам-салқам мол сары шапанды лама, қызыл шапанды келең-кешілдерінің ортасында. Жырық етек ұзын торғын шапан, шляпалы дижулар[2] қойқаңдаған ши аяқ тәй-тәйларымен бір қатар, шардиғаны жуан қарынын көтере қара шүберек белбеу байлаған бадам-доппалы[3] помещик, етегінен асып жерге сүйретілген ұзын бұрымды ханымымен қосақталыпты. Қара елтірі тымақты, дырау қамшылы, қаптал шапан, оқшантайлы күміс белбеуімен шардиған «мал иесі», кимешек-шылауышты, мол көйлек, камзолды бәйбішесімен бірге қосақталып тізіліпті. Бәрінің де беттері бояумен айғыздалған өңшең қарала.

«Феодализм қоғамы» жол босатысымен біздің автомобиліміз әрине зырлай жөнелді. Тамақтану үшін Манас базарына кіріп, халық клубының қарсысындағы бір асханаға түсіп едік. Клуб маңдайына қызыл-жасылды тулар асылып, бір зор жиын ашылып жатқандай байқалған. Құралды сақшы күзеті көп қойылған екен. Не жиын екендігі, біз тамақ ішіп болғанша толық айқындалды. Манастың мал шаруашылық райыондарынан «жиынға» шақырылған «мал иелері» осында екен. Есіктен бір-бірден шақырып шығарып байлап, тізіп жатты. Көшеде сақшы шақылдай бастағанда, аптомобилге қайта отырып, жөнеле бердік. Мақпалдың соңғы хатындағы Шәуешектің «аудан жиынына» шақырылған байлардың да көргені осы екендігін Манастан сөйтіп түсіне шықтық.

Шихаңзы мен Сауанның ешқандай «қызығын» көре алмай өтіп едім. Күйтің даласындағы шетіне көз жеткісіз әскери егіншілікке тойған қозыша марғау қарап келе жатып, тосыннан ашыққан қасқырша тімтіне үңілгенімді сезбей қалыппын. Көне Күйтің қалашығы тып-типыл, үстінде трактор жортып жүр екен. Солтүстік жағындағы Қарасу маңы мүлде жыртылып болыпты. Сондағы Ақылбай мархұмға орнатылған мола қанша үңілсем де көрінбеді. «Осыншалық мол даладан біздің төңкеріс құрбандарының бір ғана гектарлық жердегі зираттығын да қалдырмағаныма!... Бұл да жойылуға тиісті феодализм болыпты-ау!» деп ызамен күбірлеп жымидым.

Ол шақта Шәуешек жолы Шихуды батыс жағынан айланып өтетін. Сондағы Әмірқан үйіне қонып, Күйтіңдегі Баянбай ағаның ахуалын содан естідім. Ақылбай зиратын қорғаштап жүріп сонда қоныстанған екі баталионға жек көрініп қалыпты да жер реформасында жерге кіріпті. Үш аймақ дәуірінде өз күшімен орта егіншілік ауқатқа ие болған екен. Өштесушілер өршелене шабуылдап жүріп бай егінші дәрежесіне жатқызыпты. Ол қалпаққа мойындамай факт көрсетіп жүріп «тоңмойын бай егінші» аталыпты. Зираттық үшін тағы да керісіп жүріп «кері төңкерісші бай диқан» аталған екен. Жалшылықпен қартайған басы оған иілсін бе. Күрес кезінде додаға түсіп, соққыдан өліпті. Тағы бір ашынышты жері, өзінің тірі кезінде қараса жүрегі айнитын жексұрын құшнашпен (1945-ші жылғы мен шайқасқан құшнашпен) бір шұңқырға көмілген екен.

- Күйтіңнің басқа тұрғындары қайда? -деп сұрадым көз жасымды сүрте отырып. Бұған Әмірқанның жездесі жауап айтты:

- Баталион олардың мықты еңбек күші барларын таңдап малға шығарды. Қалғанының бұрынғы үйлері үшін баспана салып алуларына азын-аулақ ақша беріп, Шиху қарастылығындағы кенттерге өткізді.

Соншалық құрбандық беріп күткеніміз азаттық емес, апат болғаны ма, Биға? -деп Әмірқан түйіле қарады маған. Жездесі бұл сөзді күлкіге айналдыра салғысы келгендей күле тойтарды.

- Өй, тентек, гоминдаң жырған құлағыңды енді гоңшандаңға жұлғызарсың! -дегенде шай құйып отырған жас келіншек, күйеуінің құлағындағы ақауды енді көргендей, тосын күлкіден аузындағы шайын бүрке қашты. Жездесі бұл қылмыстарды жуып-шая жалғастырды сөзін. - Кеңестер одағының алғашқы кезіндегі қалаймақаншылыққа қарағанда мұны апат деуге болмас!

- Ол кезде тосын орнаған Совет одағында дұрыс оқыған кадр жоқтың қасы емес пе еді! -деп Әмірқан өршеленді. - Ал, отыз жыл бойына Совет одағының көмегімен кадр тәрбиелеп жетістіріп келген Жұңго компартиясы ондай солшылдық істесе оңбас!

- Орталық комитеттің стилі де, ісі де дұп-дұрыс, -деп кірістім сөзге. - Шаш ал десе бас алатын шолаң-шошырақ батырлардың мұндағы ісін көрер де түзетер, артын күтпей булығу, қазірше артығырақ болар!

- Осындай мол өнімді жерге әлден ашаршылық орнады, Биға, ал, былтырғы өнімі кем жерде не болып жатқаны осыдан көрінбей ме!

- Жоқ, ештеңе етпес, алғашқы асау толқындарға қарап, егіншіліктің де миі шайқалып тұрғаны ғой, төңкеріс тасқыны арнасына түсе келе бәрі де орнына түседі...

Шихудағы көше ереуілін ертеңіне Шәуешекке жүрерде көрдім: Құтыбида көргенімнен мұндағы ереуілдің парқы салпаң сары киімді ламалармен көлбең қызыл киімді келеңдердің айдауға тым молайып түскендігінен көрінді. Мұның себебін Әмірқан жай қоңыр мінезбен ғана түсіндірді: Шихудың моңғолдарында ұйымдасқан қарсылық дүрбелең пайда болған екен. Содан қолға алынғандары қылмысты мұңғолды көбейткен ғой...

Дөрбілжіндегі үйіме түспей, көшеде кезіккен біреуден сәлем айтып өте бердім. «Нұрияштың» табылғандығы бұрын хабарланған болатын. Ішіп-жемнен тарылған мына тапшылық күнде ағаларды тойға жініктіріп, қарыздандырып қоймау үшін біраз өтірік айта кетуге де турал келді. «Тойымыз Үрімжіде жасалып болған» деген сөзді қосып, осында бір қойдан басқа ешқандай даярлық қажет емес екендігін мықтап тапсыра өттім.

Шәуешекте аймақтық оқу-ағарту мекемесінен мені Болтай қарсы алып, мейманханаға орналастырды. Нұржан Үрімжіге, өлкелік сыртқы бәжі мекемесіне ауысқан екен. Оның орнына бас инспектор болып келген бір ханзу жігітпен таныстырды. Жылдық сынаудың ұйымдастыру қызметі соның таңертеңіне басталып кетті де, Тарбағатай тауының бір қойнауындағы Мақпалға телефонды үшінші күні әрең түйістірдім. Сонда да ерін жымқырысып, тамсанысумен ғана болыппыз. «Иесін «жиынға» жөнелтіп, малын бағып жатқан жайымыз бар. Бұл малды қасқыр қатерінен бір жолата азат етпей қия баспайтын сияқтымыз» деген сөзін есіме әрең түйдім. Бұл, «Мүсәдірламай босай алмаймыз» деген сөзі екен.

Мұнан кейінгі сәлем бергім келгені Башпай еді. Ол кісіге жолығуымды комиссия қызметтестерімнен ешкім қабылдамады. «Онда неңіз бар?» деп қана күбірлеп қоя салады. Кейбірі тіпті көз қиығымен жасырын ата қарайды өзімді. Башпайдың уәлиліктен қалдырылғанымен саяси кеңестен құрметті орын берілгендігін естіп едім. Мына шектеулері қайран қалдырды. «Мал иесі» қалпағымен Баспайды да қамап тастағаны ма деп күдіктендім. Оның ахуалын, үйіне барғанымда Қуат түсіндірді: «Шырағым, басекеңе сәлем беруді қоя тұрғаның жөн шығар. Мал иелерінің қатарында қолға алуға Шағантоғайдан неше рет айдатып, неше рет қайтарып жүр. Жойымпаздар шақыртады да, жайын білетін бұрынғы қызметтестері қайтартады. Қазіргі аты ғана саяси кеңес мүшесі. Түбі алмай қоймас соны!... Көзі бадырайған тұзыңды, сығырайған екілік көзір-ақ тыңқита салмаушыма еді. Қаншалық сенімді болсаң да аяғыңды байқап бас. Қазір ауарайы тым бұзық, шырағым!»

- Егер қас жау болса, бас бай Башпайға қаһар төгу дұп-дұрыс болар еді. Ал, төңкеріс жолына барын арнап жүрген бас қамқор Баспайды мал иесі деп жазалау, тіпті адамзат алдында ұят қой!

- І ... һы... ұятшылын ұлығымның! Жоғарыға қараймын деп жүріп, етегіңе өрт тигенін көрмей қалғансың-ау шырақ! Астанада болмаса, ұятқа баспана қалмай бара жатпай ма!... Саған құйылған мына сұйық көже 33-шы жылдан бері ашаршылық көрмеген мына Шәуешекте астықты да сол өрттің жалмауынан құйылып отырмай ма!...

Сол өрттің тұтанғанын дәл уақытында көріп отырған жуанбас Қуаттың көзіне де өрт тигенін байқап, сөзді басқа жаққа бұрдым...

Бұл мәселенің қалай тынарын, үлкен газет басқарып отырған Тынысқаннан сұрағым келді. Әдейі жалғыз барып, үйінен таптым. Оның көгілдір көзі тіпті тұтаныпты. Қитұрқы күлкіге зауқы жоқ, принциптің түзу ғана сөзіне қалыптасқан оған да ащы мысқыл біткен көрінеді. «Басыңыз аман ба, малыңыз аман ба» деген қалжыңды амандасуыма лайықты жауабын іле қайырды.

- Өзіміздің нөл малымыз аман ғой, әрине. Жоғалып жатқан бай шаруалар мен орталардың малы. Олардың да мал иелерінің байлануынан «үркіп» жоғалғаны болмаса, қазірше итқұс тие қойған жоқ, әйтеуір!

- Ал, ондай мал үркітетін байлауды қайдан таптыңыздар? Құтырмаса, малын алсаңыздар да, бас қалуы керек еді ғой?

- Малын сыпырып алғанымызда құтырмасын деп, сақтық үшін байлап жатқаны шығар! -деп арқырап күлді Тынысқан. - Оны байлатушының өзінен сұрарсың. Қасындасың ғой!... Жоғары шық, отыр!

- Төңкеріс жолына мал-басын түгел арнаған «үш аймақтан» кері төңкерісшінің осыншалық көп шыққаны ма? -деп күрсіне барып отырдым. - Ұлт азаттық төңкерісінің 1944-ші жылдан бергі қамдаушы қазынасы осылар емес пе еді!... Егер жау делінсе де Маужуши айтқандай «бір-бірлеп жою» емес, түгелімен айдағаны қалай?

- Ип, мұны қан жағынан гоминдаңға сәл жақындығы бар үкімет істесе, кек алып жатқаны дер едік. Амал не, өзіміздің коммунистік партия! -деп Тынысқан сөзін бәсеңдей сабақтады. - Ал, бұл өзі орталық үкімет саясатында жоқ іс болып тұр!.... Мал шаруашылығы жөнінде осылай істе деген нұсқау жоқ! Бұл жөнінде халық жағынан редакциямызға сұраулар көп түсіп жатыр. «Егер бұл, орталық үкіметтің жаңадан белгілеген саясаты болса, көпшілік халық қателесіп кетпеуі үшін газет бетінде жариялап, ашық түсіндіріңіздер!» деп жазыпты бірнеше оқырман. Бұл сұрауларды жоғарыға жолдап отырмыз... Партияның орталық комитетіне бұл пікірді төте жолдап жатқандар да баршылық. Саяси жолымыз осы болса да, иә, бұрмалап жатқан айырым жандайшап қылмыскерлер болса да,  жақында анықталып қалар, бұл сөзді қоя тұралық!... Ал, өзіңнің жоғалған, әлгі қимас қалыңдығың табылыпты деп естідік. Рас болса, хайырлы болсын!...

Жайшылық қалжыңды әңгімеге енді келіп, шәй ішіп отырғанымызда сыртқы есік сақ ете түсті. Тақтайлы еден де сартылдап, құйын ұшырғандай біреудің асығыс кіргені естілді. Біз отырған орта есік те сарт ете түсті лезде. Мақталы бешпет-сымның түтесі шыққан, аю талағандай алба-жұлба біреу кіріп келді. Малақайының екі құлағы  жұлынып, өзінің екі құлағы мен бет-аузы қанға боялған, тұмсығы көнектей, адам танығысыз ұзын бойлы жігіт екен. Ісіп кеткен еріндері икемге келмей былдыратып, асығыс сөйлей жөнелді:

«Құба құстың тісі етіңе тисе, атаңның төрі түгіл көріне кіресің» депті, кешіріңіздер сөлекеттігімді! Соңымда қуғын бар! Осында Үрімжіден келген Биған деген кісі сіз шығарсыз? Мына арызды сізге қол тапсырып қана кетуге келдім! -деді де шикі нанмен баттастыра жапсырылған ораулы қағазды қолыма ұстата сала есікке бұрылды. - Өлкелік партияға қолма-қол жеткізе көріңіз!

- Азамат сәл сабыр ет! -деді Тынысқан - тым болмаса өз жөніңді айта кет, не болған, қайдан келдің?

- Мен Дөрбілжінге қарасты Зарубек деген шағын ғана малы бар бір момынның ауылынан келдім. Адресіміз мына қағазға толық жазылған ер жеткен ұлы жоқ, қолқанатсыз Зарубекке менің ағам бірнеше жыл малшы болған. Еңбек ақымызды жеу түгіл оның ақысы бізде кететін. Әнеу күні сол момынды кадр дейтіндері белсенділерге байлатып тексерді. «Қанша адамды ездің? Эксплат қылған әдісіңді айт!» дейді. Ол бейшара ешқандай күнәсін айтып бере алмайды. Ешқандай жазығын біз де тауып бере алмай қиналдық. Менің ағамды тұрғызып қойып, шағым айтуға зорлады. «Бұл, бір бейшара, елді жеу түгіл өз мұрнын да жия алмайтын бір сорлы еді, несін айтамын!» деп ақтады аға. Белсенділер Зарубекті қамауға қайта әкетті де, ағамды жұдырықтай жөнелді. «Қылмысын әшкерелеудің орнына «байды ақтадың» деп сабап-сабап, ағамды қайта сөйлетті. - «Ол менің ақымды жеу түгіл, мен артық жеген өз малын да сұрамайтын ынжық болатын. Құдай біледі, солай! Менің балаларым көп болғандықтан, одан жылына кейде ұрлап, кейде жылап, ақымнан сырт 10-15 тұяқ малын мен жейтінмін!.. Сұрағанмен немді алады менің!... Оны сөйтіп өзім жеп келіп, ол жеді десем, менде адамгершілік қала ма, шырақтырым-ау!» деп ағам зарлай берді. Активтер тапалап, текпкілей берді. «Зарубектің малы он жылдан бері 300-400 ден аспай қойған себебі, сенің пара жеп жасырысуыңнан болған, шыныңды айт!» деп тепкілейді. Ағамды өлтіретін болған соң мен арашалап едім, маған жабылып, енді мені түрткіледі. Мінеки ахуалым! Ақыр өлетін жан екенмін дедім де тым шошаңдап кеткен бір-екеуін екі ұрып құлатып, қашып шықтым. Дөрбілжінге бір үйге түссем, артымнан қалаға қуа жетті белсенділер. Өлкеден келген Биған деген кісі бар, арызыңды сол жеткізе алады деп арыз жазып берді біреу. Келіп іздеп тапқаным осы, азаматтығыңызға тапсырдым! Арызыма жауап келгенше жасырынып жүре тұрармын. Жауап келмесе, кеткенім-кеткен!» деген жалбыр сарт-сұрт басып шыға жөнелді.

Ақсары Тынысқан түншыққандай күреңіте қызарыпты. Бір-бірімізге қарасып отырып қалдық. Тапсырған «пешетті» арызының сыртына «өлкелік партия көмитетіне тапсырылсын!» деп қана жазылыпты. Бұл арыздың маған қалай тигендігі жөнінде ертеңіне таңертең бүкпесіз толық түсінік жазып, таза конвертпен қаптадым да, адресін толықтап, өз атымнан поштаға салдым.

Әділетті тергеушім, қандықол кері төңкерісшіге қандай кері төңкерісшінің қамқор болатыны мылтығыңыздың қарауылына да түсінікті болған ғой. Оны сөйлеудің қажеттігі қалмаған. Ал, тордан қашқан аю алдымызға келіп тұра қалғанда, ұстаудың қаперіме кірмегенінен, менің әлмисақтан-ақ қанқұйлы бұзық болып туылғандығым көкейіңізге қона қалған шығар. Сол ашулы аю тауға шығып алып, халықтық үкіметімізге тас домалатар деп ойламаудан зор қылмыс бар ма!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


[1] Қоңырақын - Дөрбілжінде болған әйел жанды есалаң басқыншы.

[2] Дижу (ханзуша) - жер иесі (момещик).

[3] Бадам доппа - бадам жемісінің бейнесі түсірілген ұйғырдың ала тақиясы.

0 пікір