Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2764 0 пікір 5 Қыркүйек, 2012 сағат 09:22

Құрылтайдан не күтесіз?

Қазақстан Жазушылар одағының кезекті құрылтайы 24 қыркүйек күні Абай атындағы мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында өткелі отыр. Біз осы құрылтай қарсаңында қос жазушыға «Құрылтайдан не күтесіз?» деген сауал қойған едік. Герольд БЕЛЬГЕР, жазушы: Ештеңе күтпеймін

- Бұлай деуімнің себебі бар. Жалпы, «Жазушылар одағы керек емес» деуге болмайды. Қаламгерлерімізді жинап, басқарып, жөнге салып отыратын - осы қара шаңырақ. Мен бұл ұйымға 1963 жылдары келдім. Ол кезде Одақта небәрі 130 мүше бар болатын. Міне, сол 130 жазушының барлығын танитынмын, әрбір шыққан жаңа туындыларын да сиясы кеппей жатып, оқып отыратынбыз. Ал қазіргі күні Жазушылар одағында 800-ге тарта қаламгер тіркелген. Алайда бұл тізімдегі жазушыларды көпшілік біле бермейді. Баспасөздің бетін ашып қалсаң да, белгісіз біреудің аты-жөнінің соңында «жазушы» деген үлкен атақ тұрады. Оның жұртты немен қуантқаны, қандай кітаптарының жарық көргені, қалай жазатыны белгісіз болып қала береді. Тағы бір мысал. Биыл 42 адамға «Алаш» сыйлығын табыс етіпті. Бір жылда осыншама адамға «Алаш» сыйлығын ұсыну - нағыз сорақылық. Мұндайда сыйлықтың қадірі кетеді. Одан да сол сыйлықты арасынан мықтысын таңдап алып, екі-үшеуіне берсе де жөн еді ғой. Міне, осындай бетімен кеткендік әр жерден қылау беріп жатады.

Нұрлан Оразалиннің Жазушылар одағын басқарғанына талай жыл болды. Оразалинге айтар уәжім жоқ. Өйткені оның маған жасаған қылпықтай қиянаты да, пәлендей жақсылығы да жоқ. Бірақ бір адамның бұл заманда ұзақ жыл төрағалық етуі ешбір - заң шеңберіне де, ақылға да сыймайды. Сондықтан құрылтайда жаңа бастықты сайлап, жүйені жаңартып, мүшелігіне сегіз жүздеп адам қабылдауды доғару керек. Алайда құрылтайдан кейін де барлығы жақсы болатынына күмәнмен қараймын. Ресейде, Кеңес өкіметінің құрамында болған елдердің барлығында дерлік Жазушылар одағы құлдырап, жік-жікке бөлініп, берекесі кеткен. Соның ауруы бізге де жақындаған секілді. Құрылтай өткен соң бастығы өзгерсін, өзгермесін Одақ баяғы Одақ болмайды. Нұрланның жақтастары бір төбе, қарсыластары бір төбе болып, бөлініп-бөлініп берекесіз күй кеше ме деген қаупім бар. Сондықтан да қара шаңыраққа басшылық тізгінін мықты ұстайтын адам керек, ескі жүйеге өзгеріс енгізетін жаңа серпіліс қажет. Міне, мен осыны күтер едім. Бірақ сенім аз, күмән көп.

Қалихан ЫСҚАҚ, жазушы-драматург: Бір-ақ нәрсені күтемін

- Мен бұл құрылтайдан бір-ақ нәрсені күтемін. Құрылтай өйтіп-бүйтіп өтер, Нұрлан Оразалиннің орнына басқа біреу сайланар. Бірақ қара шаңыраққа ие бола алатын адам табыла ма? Әңгіме сонда. Мемлекеттен ақшасын алып қойып, ар жағында ыңыранып жата беретұғын бұрынғы заман жоқ. Қазір талап күшті. Шыны керек, 700-ден асып түсетін жазушыны ұстап тұру, олардың киелі ордасын басқару оңай шаруа емес. Бұған дейін осы жөнінде өзге жазушылардың пікірін біліп едім. Олардың көпшілігі Одақ басшылығына келгісі жоқ секілді. Өйткені жеті жүз жазушыны, үлкен бір шаңырақты басқару кез келгеннің қолынан келе бермейді. Қаламгерлердің арасында басшылық тізгінінен үміт ететіндер де жетіп артылады. Бірақ, меніңше, олар ар жағын ойлап жүрген жоқ. Ондай жандар төрағаның мойнына түсетін ауыртпалықты сезінбейтін секілді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамына кірген елдердің ешбірінде жазушылар бас қосатын Одақ жоқ. Міне, осыдан соң «жазушылардың ордасына айналып отырған Одақ өзге елдердегідей күй кешпей ме?» деген ойға қаласың. Иә, кезінде «шығармашылық одақтардың барлығын біріктіріп, бір жерде отырсақ, мұңымыз да, жырымыз да бір болса, жөн болар еді» дегендер де болды. Олай дейтіндердің көздегені - Жазушылар одағының ғимараты. Бірақ Нұрлан Жазушылар одағын сол қиын өткелдерден аман-есен өткізді. Қазіргі таңда Нұрлан Оразалиннің жеке басына қатысты талай даулы әңгімелер айтылып та, тәуелсіз газеттерде жазылып та жатыр. Мен мұны дарынсыздардың дауы деп білемін. Жоқ жерден айтыс тудыратын осындай адамдардың өзін апарып басшылыққа қою керек. Мұндай жұмыстан олар ертеңінде-ақ алды-артына қарамай, ат-тонын алып қашар еді. Өзіне артылатын үлкен жауапкершілікті шын сезінсе, олардың осылай етері сөзсіз. Одаққа Нұрлан секілді жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істейтін адам керек. Жоғары жаққа қаймықпай шығып, Жазушылар одағына қолдау көрсететін әдебиет жанашырларын тауып жүрген Нұрланның өзі.

Дайындаған
Сабина ҚАЗАҚБЕКОВА

"Айқын" газеті

0 пікір