Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3254 0 пікір 5 Қыркүйек, 2012 сағат 08:54

ӘРКІМНІҢ ӨЗ ПАЙДАСЫ, ӨЗ АЙЛАСЫ БАР

Ресейдің ДСҰ-ға енуі кімге тиімді?

Ресей ұзақ жылдар бойғы келіссөздердің арқасында жемісті нәтижеге қол жеткізіп, 156-шы мемлекет ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) толыққанды мүшелікке өтті. Аталмыш ұйымның төрінен орын алуды мақсат тұтып, экономикалық кеңістікке едәуір ықпал жасағысы келген алпауыт мемлекет дегеніне жеткен сияқты. Алайда, мұның Қазақстанға пайдасы һәм зияны қандай? Міне, қарапайым халықты мәселенің осы жағы алаңдатып отыр.

Ресейдің ДСҰ-ға енуі кімге тиімді?

Ресей ұзақ жылдар бойғы келіссөздердің арқасында жемісті нәтижеге қол жеткізіп, 156-шы мемлекет ретінде Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) толыққанды мүшелікке өтті. Аталмыш ұйымның төрінен орын алуды мақсат тұтып, экономикалық кеңістікке едәуір ықпал жасағысы келген алпауыт мемлекет дегеніне жеткен сияқты. Алайда, мұның Қазақстанға пайдасы һәм зияны қандай? Міне, қарапайым халықты мәселенің осы жағы алаңдатып отыр.

Еліміздің кәсіпкерлері азық-түлік дүкендерінен отандық өнімдердің азайып кеткендігін айтып, дабыл қағуда. Тіпті, алдағы екі-үш айда дүкен сөрелерін Ресей мен Беларусьтің тауарлары жаулап алса, таң қалуға болмайтындығын жасырмайды. Шындығында, бүгінде адам баласына ауа­дай қажетті азықтар - май, сүт, ірімшік, ет пен дақылдардың түр-түрі күннен күнге қымбаттап барады. Ал олардың 80 пайызы сырттан келген тауарлар. Бір қызығы, импорттан келген тауарлар отандық өнімге қарағанда 10-15 теңгеге арзан. Бұл сонда көрші мемлекеттердің қазақстандық нарықты жаулап алу үшін жасалған нар тәуекелі ме, әлде...
Тәуелсіз кәсіпкерлер ассоциациясының вице-президенті Тимур Назхановтың айтуынша, мұның астарында отандық өнімді шетке ысыру саясаты жатыр. «Біздің кеден одағына кіргенімізге 3 жылдай болып қалды. Әрине Ресей мен Белорусьпен салыстырғанда біз дайын емес едік. Себептері көп. Соның ішінде шағын және орта бизнеске Үкімет тарапынан нақтылы көмек беру жөнінде сөз болып еді, бірақ нақты жағдай жасалған жоқ», - дейді ол. Жасыратыны жоқ, Қазақстан импортының тең жартысын шикізат құрайды екен. Біздегі ірімшіктің 90, ал майдың 60 пайызы сырттан келеді. Ресейдің ДСҰ-ға енуі де мәселені ушықтырып жіберетінге ұқсайды. Кәсіпкерлердің пайымынша, алдағы уақытта елімізді еуропалық тауарлар басып алмақ. Ал оған отандық өндірушілер бәсекелесе алмайтыны айтпаса да түсінікті. «Сауда орнына бас сұқсаңыз азық-түлік бағаларының айырмашылығын байқайсыз. Меніңше, қазір тауар нарығындағы өзгерістерге зерттеу жүргізу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігіне, Статистикаға қаржы бөлу керек сияқты», - дейді отандық кәсіпкерлер.
Отандық тауар өндірушілер Кедендік одақ пен Ресейдің ДСҰ-ға кіруінен осындай теперіш көріп отырғанын айтса, таяу­да өткен Мәскеу-Астана бейнекөпірі кезінде Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец: «Қазақстан үшін Ресейдің ДСҰ-ға енуі - аса маңызды қадам. Біз ДСҰ-ның елімізге оң көзқарас танытқанын байқадық. Енді жақын арада келісімдерді аяқтаймыз. Қазақстан бұл жұмысты жеделдетуде. Сол сияқты ДСҰ-ға Қазақстанның ену үдерісі де жуырда аяқталады деп ойлаймын. Бұл, біріншіден, ірі тау-кен және металлургия компанияларына өзге елдерге өндірістерін экспорттау мәселесін шешуге көмектеспек», - деді.
Ал «ДСҰ-ға толыққанды мүшеміз!» деген Ресей шетелдік инвесторларды құшақ жая қарсы алуға сақадай-сай екендіктерін жариялауда. Содан ба екен, қазір елде ауылшаруашылығы мен металлургия саласындағы тауарларды тасымалдау салықтарын едәуір түсіруге әрекет жасалды. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Ресейдің ДСҰ-ға енуінен бастапқы үш жыл ішінде елге кіріс ретінде шамамен 3,3 пайыз ЖІӨ әкеледі. Ал 10 жылдан кейін бұл 11 пайызға немесе 162 млрд. АҚШ долларын құрамақшы.
Халықаралық ұйымдардың айтуынша, көрші мемлекеттің ДСҰ-ға енуі жалақының өсуіне, тұтынушы кірісінің артуына әсер етеді. Лондондағы «Сити юниверсити» профессоры Дэвид Коллинз: «ДСҰ-ның әкелетін маңызды өзгерісі - банктер мен телекоммуникациялық компанияларда шетелдік капиталдың үлесіне бағытталған тыйымды алып тастау. Бұл он жылдан кейін Ресейде халықаралық сақтандыру компанияларының бөлімшелерін ашуға болады деген сөз», - депті. Алайда, әркім өз пайдасын, өз айласын асырған заманда достың да, дұшпанның да пікіріне құлақ асуға тура келеді. Әлгі профессор Дэвид Коллинз баспасөзге берген пікірінде: «19 жыл бойы жүргізілген келіссөздерден кейін де Ресейдің ДСҰ-ға дайындығы шамалы. Мемлекеттің аталмыш ұйымға кіруіне дауыс берген немесе қарсы пікір білдірген көптеген саясаткерлердің өзі де мұның қандай пайдасы бар екендігін де білмейді», - дегені біраз жайттан хабардар етсе керек. Хаттаманы ратификациялау кезінде ЛДПР басшысы В.Жириновскийдің: «ДСҰ-ның пайдасы бар десек, оның қарама-қайшы тұсы да соншалықты көп. Бұдан экономиканың ілгері дамып кетуі екіталай. Біз трансұлттық компаниялардың айдауына көніп, айтқанымен жүретін боламыз» дегенін де ешкім әлі ұмыта қойған жоқ.
Ресейдің ДСҰ-ға мүшелікке өтуін құп­тай­тындар мен қарсы тараптардың пікірі осындай. Бұл тұрғыда, әсіресе отандық өнім өндірушілердің үрейі басым. Өйткені еліміздің нарығы күн сайын Ресей мен Белоруссияның тауарымен толығып келеді. Ал оған тосқауыл қою мүмкін емес. Мұны тығырыққа тірелген отандық тауар өндірушілері де амалсыз мойындайды.
Еліміз де аталмыш ұйымға кіру жөнін­дегі келіссөздер жоспарын келесі жылы аяқтамақшы. Ал, Кедендік одақтағы келесі бір мемлекет - Белоруссия ДСҰ-ға өту заман талабы дегенге сайып отыр. Белоруссия президенті Александр Лукашенко: «Өмірдің өзі бізді ДСҰ-ға мүше болуға итермелеуде. Біз де ертең сол ұйымның қатарында боламыз. Қалай десек те, бұдан бойымызды аулақ ұстай алмаймыз. Қазірдің өзінде бір аяғымыз ДСҰ-ның табалдырығында тұр. Сондықтан да қай кезде де бәсекеге қабілетті болуымыз керек», - деп мәлімдеді. Егер Белорусь мемлекеті ДСҰ-ға енсе, еліміздің нарығы импорттық тауарлардан көз ашпайтыны былай тұрсын, отандық өндірушілер бәсекелестерінің шаңын қауып қалатын сияқты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

"Түркістан" газеті

0 пікір