Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5494 0 пікір 3 Қыркүйек, 2012 сағат 10:18

Ерлан Қарин. Ғасыр шежіресі

Қазақта «абыз» деген әдемі ұғым бар. Бұл өзі жай ғана қартайған адамға емес, еліне, жұртына тұтқа бола алатын, өмірден көрген-білген, көкейге түйгені көп, кейінгі ұрпаққа үлгі болатын жанға қарата айтылатын сөз шығар деп ұғамыз бүгінгілер. Әлбетте алаштың тарихындағы абыздардан біз білетіндер әріде Қорқыт ата мен Майқы би, беріректе «көмекей әулие» Бұқар жырау шығар. Олардың елге еткен қызметтері де, ұзақ ғұмырлары да, ұрпағына қалдырған мұрасы да абызға лайық. Дегенмен XXI ғасырға да қазақ абыз­сыз жетпеген тәрізді. Әрине, бұл жерде біз әдебиеттегі алыптарымыздың бірі жайлы айтып отырмыз. Ол - Әбең, Әбдіжәмил Нұрпейісов. Әбеңді қазаққа таныстырып жа­тудың қажеті жоқ. Бірақ «Қан мен тердегі» Еламан, Тәңірберген, Ақба­лаларды танитын, «Соңғы парыздағы» Жәдігер, Әзім, Бәкизаттарды білетін көзіқарақты оқырман көзі тірі клас­сиктен әлі де соны шығармалар күтетіні өтірік емес. Алайда сексеннің сең­гірінен асып, тоқсан жасты алқымдап қалған қарт жазушының шығарма жазбағанына да жиырма жыл болған екен. Тек көбіне өзінің бұрынғы жаз­ғандарын қайта өңдеп, түзетумен ғана келеді. Бірақ Қазақ елінде ұлттың тағ­дыр-талайына қатысты мәселелерге, мемлекеттік тіл, ұлттық мүдде, мәде­ниет пен әдебиет, түрлі саяси жағдай­ларға қатысты өз ұстанымын айқын байқатып, талай мәрте халқының жо­ғын жоқтап, кем-кетігін түгендеуде алдыңғы сапта келе жатыр.
«Сүтпен кірген мінез, сүйекпен ке­теді» дейді қазақ. Қаламгерлік те сондай. Әбеңнің бойындағы жазу­шылық дарын қалайда тыным тап­қызбайтын тәрізді. Оның үстіне қа­ламгердің көпті көргені тағы бар. Қа­зақтың классик жазушылары Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сынды алыптарды көрген жан ол. Өзінің дос-жарандары да осал емес еді. Әбең Қалтай Мұхамеджанов, Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Салық Зиманов сынды қазақтың мар­қасқаларымен дос болды. Қалам­гер­дің өзінің де, достарының да, заман­дас­тарының да ғұмырнамасында біз өне­ге тұтатын қасиеттер аз емес. Олар­дың кез келгенінің өмір жолы бір-бір тарих.
Жалпы, естелік жазу - біздің әде­биетте өз алдына бөлек жанр десе де болады. Енді қазақ әдебиетіндегі са­налуы естелік әңгімелердің қатарын Әб­діжәміл Нұрпейісовтің қаламы­нан шыққан дүниелер толықтыратын шы­ғар. Қаламгер өз замандастары, туып-өскен өлкесінің ел аузында жүрген арғы-бергі тарихы туралы жазыпты. Байқасаңыз, Әбеңнің бұл естелік әң­гімелері де өзгеше. Әдемі әзіл, қазақы қалжың араластыра отырып, атадан балаға жеткен әңгімелерден бастап, өзі куә болған оқиғалар мен араласқан азаматтар жайында баян етеді.
«Жақайым, ілгеріде айтқандай, қа­­зір екіге бөлінеді: «Сыр Жақайым», «Қыр Жа­қайым». Біз Қыр Жақайымға жа­та­мыз. «Қан мен тер» алғаш орыс тіліне ау­дарылғанда Бельгер екеуміз сөзбе-сөз аудармадан қашып, мағы­налық, мәндік жағын көбірек ойладық та, ақырында «морской Жақайым», «сухопутный Жа­қа­йым» деген бала­маға тоқтал­ған­быз...»
Ал керек болса, қазақ руларының өзі «морской» және «сухопутный» ата­лады екен ә?! Әбең өзінің ата-тегі жай­лы әңгімелей отырып, Жақайым аталған руды орыс тілінде қалай ата­­ған­дығын осылай еске алады. Аста­рын­да бәрібір әзіл жатса да, сөйте тұра ана тіліміздің құнарын байқатады бұл әңгіме.
«Шпильканың жаңа шыққан кезі ғой; қыпша бел, қағілез келіншектердің әне бір кісі қызыққанда тамағыма тұрып қа­лар-ау деп қорықпай, шпиль­касымен қосып жұтып жіберердей сүп-сүйкімді аяқ болса бір сәрі, ал қоң еті­нен жары­ла­йын деп тұрған қайсыбір түйенің жар­ты етіндей жеңгейлер шпилька кисе құ­ры­дық; олар терезенің алдынан қазық­тай темір тақамен тас көшені тепсініп басып өткенде тас төбеңді тесіп жібере жаз­дайды...» Қа­ламгер өткен ғасырдың елуінші жыл­дары сәнге айнала бас­та­ған аяқкиім туралы әңгіме айтады бір есте­лігінде. Досы Зейнолла Қабдолов ту­ралы жаз­ған естелігінде: Жастықтың жа­лынды шағын бірге өткізіп, соғыстан кейінгі кезеңнің қиындықтарын бірге көтер­ген досы жайында жаза отырып, сол кез­дегі қоғамда болып жатқан өзге­рістерге де тоқтала кетеді. Тіпті Әбең­нің бұл естеліктері де әдеттегі есте­ліктерден өзгеше шығыпты. Қаза­қы әзіл мен астарлы әңгімелерді айт­пағанның өзінде, бұл естеліктер бір ғана күннің оқи­ғаларын суреттеп оты­рып, тұтас бір кезең жайында сөз етеді. Бізді қайран қалдырған тағы бір мәселе, Әбеңнің осы­дан елу-алпыс жыл бұ­рынғы оқи­ғаларды бір-екі күннің алдында ғана болғандай есте сақтауы. Тіпті кімнің не айтқанына дейін әңгі­мелейді. «Зей­нулла дос» деген әңгімесі бар Әбекең­нің. Сонда: «Жәкеңнің бір жақсысы, бұлданбайды екен. Үстелде бұрқырап жатқан қағаздың арасынан бір бетін алды да, қызыл мақпал та­қиялы бас, бұрынғы бұрынғы ма, енді тіптен шы­бындаған аттай, екі иықтың арасында бір оңға, бір солға шайқалып, өзі де шайқалақтап отырып оқи жө­нелді... Саранжап сала құлаш сары ат­тың са­уырына сапалақ қамшымен сарт еткі­зіп салып қалды да, алдында сұ­лап жат­қан сары жалға шықса, ар жа­ғында ақ шоқы алтын күнді басына шіл-а-п-а қып киіп алып тұр екен. Ал кәне бұған не дейсіз? Біз жаттық та мақтадық» дейді. Астарын өздеріңіз ұғына беріңіздер. Бұл есте­ліктерді өз­геше деуіміздің сыры осында. Қалам­гер бұл естеліктерін баспасөз арқылы оқыр­мандарға ұсынуды жөн санаса керек. Оқылық бәріміз. Өйткені бұл естеліктер де ғасыр шежіресі.

Әбдіжамил НұРПЕЙІСОВ: Жақайым Жақайымдар
***
Иә, біреу білер, біреу білмес, біздің ежел­гі ата қонысымыз Сырдарияның теңізге құяр сағасы болатын; дәлірек айтқанда, Арал мен Қазалының екі арасын алып жатқан кең алқап; онан да көрі дәлірек айтқанда, сол екі қаланың арасын алып жатқан әлгі кең алқаптың нақ теңізге тірелер жердегі айнала төңі­регі жалаңаш мидай жазық далада жа­падан-жалғыз өзі өткен-кеткенге сона­дайдан мойын созып «мен мұндалап» тұ­ратын ақ тұмсық айқай шоқы. Оны осы өңір... Жә, оны кейін өздерің де біле жа­тарсыңдар.
Ал зәуде бір жолаушы тұсынан өтіп ба­ра жатып, ат басын іркіп:
- Мына қаңқиғандарың не? - десе:
Қайсыбіреулер бұны өзінше әлдеқан­дай көріп, аузын толтырып:
- Ақ-ша-а т-а-у ғой, - дер еді.
Ал егер әлгі жолаушы онан әрі қаз­балап:
- Уа-а, қай атаның жері? - десе:
Е-е, онда мына жақтан басқа біреулер шы­ғар еді де, әзәзіл шайтан түрткендей, бүйі­рі бүлк ете түсер еді; сосын жауап қат­пас бұрын мұрнын көтеріп, сөзсіз түр­де мықтап бір мырс етер еді де:
- Өзіміз әлдеқандай көретін... әл-г-і аға баласы Жақайымдардың жері, - дер еді.
Жә, мейлі! Десе десін! Оу-у, қазіргідей жұрттың аузы да, қолы да бостан заманда қай тентек не демейді?! Не деген қай тен­тектің аузына кім қақпақ боп жатыр?! Көп болса, мынау да әлгі біздің қыты­ғымызға тигісі кеп, тілі қышып жүретін қыршаңқы біреу шығар. Кім білсін, әлде нағашылы- жиен, ілік-шатыс біреу ме? Ол шір­кін­дердің жайы белгілі. Олар жайшылықта да ұрынарға қара таппай, қимасы қышып жүреді. Оны айтасың-ау, өзін ылғи да еншісі бөлінбегендей көріп, бәлсініп жүретін әлгі бір қаймана қа­зақтың алдында сыбағалы бір шайы мен сыбағалы бір асым қонақасы күтіп тұр­ғандай көріп еркелеп жүретіндерін қай­терсің?! Ондай, бұтқа толып бұлданып жүретіндер жолы түсіп үйіңе келе қалса, қай қазақ оны құдайы қонақ көріп қол қусырып қарсы алмаған?! Ендеше, сол қазақ талтаңдап төріңе шығып, төбедей боп отырып алғасын, ішкен асын біліп, жайына қарап отырмай, ар жақ, бер­ жағыңды қазбалап жөн сұраса бастағанда, апыр-ай, қарын бөле боп шығатынын қайтерсің?! Ар жа­ғын айтпаса да болады. Әп-сәтте көңіл­дері жарасып, апақ-шапақ бола қалған қазекемнің баласы өзара әңгімесіне әжік-күжік әзіл-қалжың араласпаса, ішкен асы бойына жұқпайтын ежелден қылжақбас, сәкәку, сайқы-мазақ ел емес пе едік, бір кезде!
Өз басым ауыл-үй арасындағы ондай-пұндай әзіл-оспаққа алшый қоймаушы едім. Ол кезде және жас едік қой. Өзгені қойғанда, дүниенің өзіне шікірейіп ше­кеңнен қарайтынсың. Ауыл-үй арасын­дағы оны-пұны бірдеңелерді елемей, тіпті елестірмей көбіне күлкіге жеңдіріп, басың қайқайып жүре бермеуші ме едік?!
Қазір ғой... Құрысын, кәрілік шір­кіннің не оңғаны бар?! Көңіліңе жақпаса, кілтие қаласың. Кінәмшілсің бе, шам­шылсың ба, әйтеуір кідісің. Әйтеуір, бір сөзді басыңнан асырмай, шыны шөл­мектей шатыр етуге әзір тұрасың. Оның үсті­не, ана ағайындардың да оңып тұрға­ны шамалы. Біз жақтан бір ілгіш іздеп, жабығыңнан сығалап жылтыңдап жүр­гендері. Өзіміз болса бір сәрі, ойбай Құ­дай-ау сүйегі әлдеқашан қурап қалған атамызда несі бар? Көрмейсің бе, жаңада жөн сұраған жолаушыға жөні түзу дұрыс жауап берудің орнына, сөз арасына тағы да бізді қыстырып: «әлгі, өзіміз әлдеқан­дай көретін...» деп, жөн-жосықсыз ша­быңнан түртіп, шамыңа тиетіні қалай?
Жарайды, қимасы қышып бара жатса, көзі тірілеріміз бар емес пе?! Өлі аруақта несі бар? «Әлгі... аға баласы Жақайым» деп... Әй! Әй, ол неменің соны айтқанда мұрнын көтергені несі? Омай... Омай шіркін, мұрнына құрт түскен түйедей, анау-мынау емес, кеңсірігі жарылардай мырс еткені қалай? Әй, сонысы не? Бізді мошқағаны ма, мысқылдағаны ма?
Иә-ә, көп болса, сонда-ғы-с-ы-ы... өз­дерінің аталарының әне бір енші айырып, жер бөліскенде біздің қулық-сұмдықты білмейтін ұлы атамыздың аң­қаулығын пайдаланып, алдап соққан­дарына мәз бола ма? Солай ма, әй-й?
Рас, қазақ үшін қашанда жер ашуы - жан ашуы. Бірақ түбі бір түртпейді емес пе?! Ойбай, Құдай-ай, аталас ағайын арасында жүретін оны, пұны ашу да, реніш те ұзаққа бармаушы еді ғой. Бүгінгі ашу бір ұйықтап тұрғасын ертеңіне ұмыт болатыны қайда? Сол шалдардың бауы­рынан өрген кейінгі ұрпақтардың ара­сында жүретін әзіл-оспақтың ар жағында зілі жоқ, зәрі жоқ десек те, ал егер ол әдет­­ке айналғанда адамның намысына тиеді екен.
Апыр-ай, ағайынның азарына шыда­саң да, безеріне қайтіп төзерсің?!
Басқалар болса, әлдеқашан ұмытар еді. Ал бұлар ұмытпайды. Реті келгенде осылай алдыңнан шығарып, бізге бір ұпайды артық сап, шіркін немелер, соған өздері кәдімгідей мәз боп ыржалақтап күлетіндерін қайтерсің!
Айтса да, құрып қалғыр сол өзі... о баста қалай боп еді? Иә! Иә, айтқандай... қай заманнан іргелері ажырамай, көшсе бірге көшіп, қонса бірге қонып, ыдыс-аяғы да, ырысы да араласып кеткен аталас ағайынның бір заманда басына бас, малына мал қосылып, өркені өспеуші ме еді. Өркені өскен ұрпақтың үрім-бұтағы күндердің бір күнінде енші алысатын еді ғой. Иә, сол жолы да екі жақтың шалдары ертең жер бөліспек боп уәде байласқан екен-ау! Біздің шалдар жібі түзу бір жігітті орталарынан шығарып:
- Ана жаққа білдірмей бар да, не ой­лап жатқандары бар екен, біліп қайт! - деп жұмсап еді ғой. Ол пақыр да, қайтсін, өзінше бар сақтықты жасап, аналар бас қосып жатқан үйдің іргесіне мысық­табандап барыпты - дейді ғой. Бірақ... өйтіп барғаны бар болсын. Бар болғырдың анау-мынау емес, тап бір құнан қойдың құйрығындай бөксесі бір жақта тоңқайып, ал қоқырайтып бөрік киген бас қанша бұқса да көш жерден көзге түсіпті, - дейді ғой.
Соны көргенде іштегілердің кұдайы беріпті. Олардың да тышырақтаған бір пысықайы іргеде құлағын түріп жатқан тыңшы естісін дегендей әдейі дауысын көтеріп:
- Біз осы босқа арамтер боп жатырмыз. Ау, Жақайым - аға баласы. Жол соныкі. Ертең жер бөліскенде қалау да, таңдау да алдымен соған тиеді. Ендеше, көре қал, біздің түнде түсімізге кіріп, күндіз көкіре­гімізді тесіп жүрген, қайран, Ақша тау ертең солардың қанжығасында кетеді, - деп жыларман болса, мына жақтан онан да бетер тағы бір қумүйіз шығыпты да:
- Апыр-ай! Апыр-ай, енді қайттік? Бәрін айт та, бірін айт. Аралдың әне бір адам жаны төзбейтін аптап ыстығында күндіз үйтіп-бүйтіп жан сауғалаған жұрт кешкісін сыртқа шығар еді-ау! Үлкендер жағы Ақша таудың басына көтеріліп, төңірекке көз салар еді ғой! Сонда, алақан астынан қарағанда алыс жақындап, жақын тіпті бермен жылжып, күндізгі ыстықтан талықсып жатқан дүниеге тірлік қайтып оралғанын көрер еді-ау! Әне, көкте құс ұшқан. Жерде аң жорытқан. Ана ауыл, мына ауылдың жандары қы­бырлап сыртқа шыққан. Иығына иінағаш сап суға бара жатқан қызды, тезек терген қатынды көрер еді.
Уай, көзім жетіңкіремейді. Сонау-у, сайдан қылт еткен жолаушы болды-ау? Өзі салт атты ма, қалай? Пақыр қайтсін, тірлік қамы қос уыс күркеде тыныш жат­қызбай, кешкі салқынмен жолға шыққан болды-ау, шамасы?! Аш құрсақ жас ба­ланың қамы қоя ма? Өзі... көрдің бе, жаңа­ғ­ының арасында бір қырдан кейін та­ғы бір қыр асып, сылаң қағып бара жатқан талабына орай, мына жақтан біздің шалдар да Ақша таудың басында тұрып Құдайдан оң сапар тілеп, дұға бағыштар еді-ау! Біз одан да айрылдық. Ендігі жерге Ақша таудың басына біз емес, аға баласы - Жақайым шығып, пай-пай, айбатын асырып, алшысынан түсіп отырар-ау! Өздеріне қараған әулеттің ақсақал, қарасақалдары бас қосқан айғыр жиында қырдан соққан кешкі қоңыр самалда, омырауды ашып тастап, ақ көйлектің өңірін желпіп отырып, өздері де желпіне сөйлеп, сон-а-у Лауқұл Мақ­фуз, Адам ата, Хауа анадан бастап, екі дүниенің - пәни мен бақидың - ар жақ, бер жағын аударып, төңкеріп, содан бір кезде, садағаң кетейін сахабалар, әулие-әмбиелер хақында мәслихат құрған, ой-хой-й, дариға-ай, о да адам пақырдың ит тірлікте көрем бе деген тап бір пейішке пара-пар ғанибет болар еді ғой!
Сорлағанда енді о да бізге бұйырмай, аға баласы Жақайымдардың маңдайына жазылған сый-сыбаға болды!
Соны айтып, аналардың тіл жағына сүйенген әлгі пысықай немесі өзінше өкінген боп, өп-өтірік санын соғыпты да, жылай жаздапты деседі...
Қап, әттеген-ай? Не қылса да, жарық­тық ұлы атамыз жас баладай алдағанға сенетін аңқау болған ғой!
Әйтеуір, сонан бері төңірегінде тіс шұқитын қыл­танақ жоқ таз тақыр далада өткен-кет­кен­нің жолында қаңқиятын да тұратын ақ тұмсық айқай шоқы - Ақша тау хикаясы әңгіме болса, аға баласын алдап соққан әлгі қулардың бүгінгі ұрпақ­тары ыржалақтап күлетін боп жүр ғой!
Күмірә келгірлер, күлсе қайтеміз, күле берсін. Қай заманнан өсіп-өніп келе жат­қан ұрпағымызға ұйтқы болып, ұлы ата­мыздың аруағын ұстап тұрған өзіміздің айналайын Ақша тауымыз ғой, бұл жарықтық!
***
Тірлігі малдың қоңы мен ағына қа­раған баяғы бабалар заманында ел-жұрт­ты жер, су, жайылым кинаған ғой. Әсіресе, мына жағы теңіз бен ана жағы құла даланың екі арасын жайлаған Жақайым атаның ұрпағы қайсыбір қуаңшылықта қайда кетерін білмей, алас ұрған жылдар бопты деседі. Сонан, не керек, жыл ар­тынан жыл өтіп, уақыт ілгері жылжыған сайын бұрынғы қиындықтың үстіне енді жердің тарлығы қинапты. Сөйтіп, барар жер, басар тау қалмай, тірлік тығырыққа тірелген бір тұста Жақайым атаның бізге қараған бір бөлігі Ақша тауды тастауға мәжбүр бопты да, Көк-аралға қоныс аударыпты.
Көп ұзамай, Көк-арал да тарлық еткесін түйелі көш араға екі-үш қонып баратын - құдығы, ауызсуы, қара оты мол құрлыққа бет түзеген. Теңіздің бұл беті - арғы жағы Адай, Табын болған да, ал арқа жағы - заманында жүректі де білекті батырлар көп шығып, өздерін ел-жұртқа «сұрасаң руымды Тілеу-Қабақ» деп айқайлап әнге қосып таныстыратын елдің жайлауы - Ұлы-Құм жатыр шұбартып. Сол далиған жалпақ даланың бер жағында көш жерден басын сағым шалып, көк мұнар арасында бұлдырап қөрінетін Бел-Аран, онан тағы да бір көш жер әріде Боташ, Жетімқара, Сырғақты, Ұяоба, Андрей шоқы тұрар еді. Сыр бойынан қоныс аударған қыруар ха­лықтың басы-қасында жүрген ер-аза­маттар сол кездегі орыс әкімшілігімен алдын ала келіскен уәжді негізге ала отырып, аталас ағайын­дардың туыстық жағын есепке ала оты­рып, ауыл-ауыл қып орналастырса керек. Бізге қарағандарға жаңағы Бел-Аран, Боташ, Бес шоқы тиіпті. Мал жағдайын ойлаған аталарымыз кыс қыстайтын қора-қопсыларын теңіз жағасындағы ықтасынды төңіректеп салыпты да, ал қалған алты ай жазда жағалықтың маса, сона, шыбын, шір­кейінен қашып, күн жылт еткен бойда артынып-тартынған ауыр көш тырнадай тізіліп қырға бет алған ғой.
Біздің жетінші атамыз ағалы-інілі екі шал: Қыдырбай би, Тойғожа батыр. Сол екеуінен өсіп-өнген ұрпақтың үлесіне тиген жер Бел-Аранның тура теңізге қараған ығы мол ықтасын беткейі. Біле­тіндердің айтуына қарағанда, Нұрпейіс атамыз қызыл шырайлы, ірі денелі кісі болыпты. Екі сайлауда болыс болған. Мешіт ұстаған. Молдасы - Бұхардың Көкташын бітірген, Намазбай софының баласы Үмбет ақын. Нұрпейіске туыс, іні. Нұр­пейіс өлгеннен кейін Тілеу-Қабақ жай­лаған Ұлы-құм бойына, қайын жұртына кетіп, онда да мешіт ұстап тұрған жерінен отызыншы жылдың басында ұсталып, атылып кеткен.
Нұрпейіс екінші рет болыстыққа сайланғасын көп ұзамай, елу үш жасында қайтыс болған. Бейіті - Бел-Аранның баурайында. Нұрпейістің әкесі -Сламбай. Ол жарықтықты, біздің елдің шалдары кешеге дейін «Сүлей Сламбай» дейтін. Өз заманында ел сөзін ұстаған және айтулы бай болған кісі. Ұсақ қараны келім-кетім қонағына лайықтап ұстағанда, негізінде аяғынан жайылатын ірі қара - түйе, жылқы ұстаған. Кешегі соғысқа дейін қара орында іргеміз ажырамай отырғанда біздің елдің қыз-келіншектері Сламбай атамыздың өзінен кейін Нұрпейіске қалдырған қара шаңырақты «бай атам үйі», «бай атам ауылы» деп атаған.
Сыр бойынан қырға қоныс аударған жақайымдар өздерінің ендігі тірлігін бұл өңірде бұрыннан тұрып жатқан халықтың күнкөріс тірлігіне қарай икемдеп, бі­рыңғай малға қараған. Сыр еліндей емес, қыр елі сірә да қара жерге қолдан егіп, дән шығармаған. Тек кейін Сламбай атамыз әлдебір шаруамен өзінің кі­ре­ші­леріне еріп Орынборға барып жүр­генде жол-жөнекей егін салатын диқаншы ел - Жемнің үстінен өтеді емес пе?! Көзі ашық, көкірегі ояу жүретін қайратты кісі елге қайтып келгесін көктемде қырдың қара жонында қар суын тоқтатып, өзіне қараған жұртқа тары, бидай еккізсе керек. Дән дақылдан өнім алған сол жер кезінде «Сламбай қазған» атанған. Қазір, бірақ ол кімнің есінде тұр дейсің?!
Теңіз тартылды. Ел көшті. Әсіресе, ел-жұрт әне бір қара орынды тастап, жаппай сыпырыла көшкенде қаңырап иесіз қалған адыраң жұртта не сиық, не қасиет болушы еді; бұл күнде о да жұртта қалған көн тулақтай. Ана жақта Бай­қоңырдан ракета ұшса, мына жақта Аралдың арыны қатты адуын жынды желі бір жеті көз аштырмай, ышқынып соғып берер еді. Сол-ақ екен, таңқылдап кеуіп қалған теңіз түбінен күлдей аппақ ақ тұзды сортаң көкке көтерілер еді де, аспан астын ақтүтек бұрқасынға айналдырып, алағай-былағайды салғанда сыртқа шыққан кісі аяқ жолын көре алмай, ішке қайта қашып тығылар еді. Айтуға жеңіл, ал ол өңірде тұрса, тек өлімге басын тіккендер ғана тұрады, қазір.
Бұл күнде, адам тұрсын аң жорт­пайтын қу дала, құба медиеннің қай же-
рі, қай заманда қалай аталып, кімдер жай­лап, кімдер дәуірлеп өсіп-өніп, төрт құбыласы түгел шалқып өмір сүргенін қазір кім біліп жатыр?!
Бір кезде білген құймақұлақтар жер астында. Ал тірі қалған Жақайым атаның ендігі ұрпағы... е-е, ол пақырлардан не үміт, не қайыр?! Бала-шағаның күнкөріс қамымен қара жел қуған қаңбақтай, басы ауған жаққа бет қойып, олар да бұл күнде түз тағысындай, балағынан жел ызғып жүрмей, қайтті дейсің...

Боқан
Жақайым, ілгеріде айтқандай, қазір екіге бөлінеді: «Сыр Жақайым». «Қыр Жа­қайым». Біз Қыр Жақайымға жатамыз. «Қан мен тер» алғаш рет орыс тіліне аударылғанда Бельгер екеуіміз сөзбе-сөз аудармадан қашып, мағыналық, мәндік жағын көбірек ойладық та, ақырында «морс­кой Жақайым», «сухопутный Жақайым» деген баламаға тоқтағанбыз.
Бізді жұрт «Қыр Жақайым» деп атай­ды. Жақайым атадан тараған ұрпақ, бұл күнде жер бетіне тарыдай шашырап кетті. Құдай біледі, Жақайымның қайсыбір атқа жеңіл құбашалары мұсылман елде­рін былай қойғанда қазір сол анау Еуропа, Америка, Скандинавия елдерінен де кез­десіп қалар. Ал қолда қалғандардың өзі - Сыр Жақайым, Қыр Жақайымды қос­қанда «бір тайпа ел» деп, ауыз толтырып айтуға әбден болғандай, жуан тамырлы іргелі үлкен ру.
Мен өзімді шежіре таратуға шебермін деп, сірә да, ойлаған емеспін. Кіші жүз кө­лемінде түптің түбінде баршамыздың басымызды қосатын арғы атамыз Әлім десек, ал онан бір табан берідегі атамыз Шекті. Шектіден төрт бала: Шыңғыс, Өріс, Баубек, Бөлек. Бөлектен - Айт. Айт­тан - Тілеу-Қабақ, Шыңғыстан - Жақайым. Шыңғыс үлкені болғандықтан аға баласы дейтіні содан.
Жақайымнан төртеу: Тоқбура, Ақбура, Ағыс, Көгіс. Тоқбурадан - Көлімбет. Қа­зіргі таңда Көлімбеттен ел көзінде жүрген белгілі танымал азамат Көшербаев Қы­рымбек. Ақбурадан - Бәйімбет. Онан біз тараймыз. Бұл атамыз жөнінде Әбіш Ке­кілбаев архивінде ұзақ жылдар кіші жүзде болған орыс офицерінің жолжазбасында Бәйімбет атамызды Әбілқайыр ханмен тұстас еді делінген. Өзі би, өзі батыр боп­ты. Хан Иемен ауызбірліктері ұдайы бір жерден шыға бермей, аралары бірде олай, бірде былай, кереғарлау жүрсе керек.
Бәйімбет 1745 жылы қайтыс болған. Жер­леуге Нұралы хан мен Тама Есет ба­тыр қатысқан.
Бәйімбеттен төрт бала: Андағұл (бейіті Шалқардың іргесінде үлкен қорымда), Бадық, Ақтеке, Жәдік.
Андағұлдан төрт бала: Сары, Бұқа, Боқан, Нәдір.
Боқаннан - Қыдырбай (би), Тойқожа (батыр). Қалмақпен соғыста батырдың балтырына садақтың оғы тиіпті. Бірақ халық аузында жүрген өлеңде «Жау мар­қайып кетеді деп, аяғын қанжығаға қайы­рып байлап» тастап, соғыса берсе керек. Кейін ұшына тиіп, жаралы аяқ күп боп ісе бастағасын би ағасы сынықшы алғызып, тізеден төменгі жағын кесіп алып тастаған. Батыр сонан былай қараған өмірде «Ақсақ бөрі» атанып кеткен.
Қыдырбай биден қазіргі таңда Марал Итеғұлов. Кешегі еліміз бостандық алған егемен шақта алғаш өткізген парламент сайлауында және кейінгі екі сайлауда мә­жіліске депутат, белгілі азамат, бизнес­мен.
Әлгінде Андағұл атамыздан төрт бала дегем-ді. Бір атаның белінен жаралса да, бала шіркін, бәрі бірдей нәсілге тарта ма?! Төртеудің үшеуі бас асаулығы шамалы, қарапайым бопты да, ала-бөле Боқан ата­мыз айтудай-ақ шідер үзген тентек болса керек. Боқан жөнінде Құлжан шайырдың өлеңінен есімде қалған мына төрт жолдан да біраз жайтты аңғаруға болады:
Көк-Арал адыра қалғыр жердің та­ры,
Көктемде жаппай көшер елдің бәрі.
Басына Домалақтың қонып алып,
Шаңдағын бұрқыратар Боқан әлі!
Осы тұрғанда Боқан бізге сегізінші ата. Шамамен екі жүздей жылдың о жақ, бұ ­жағы. Соған қарамастан, апыр-ай, арада сонша жыл өтсе де әлі күнге дейін біз та­рапынан әлдебір ұрыншақ мінез, немесе бас асаулық байқала қалса болды: «әне, Боқан жыны ұстады» деп, жалма­жан біз­ді баяғыдағы тентек атамызға апа­рып тели салады.
Осы жағдай мені біраз ойландырды. Қанша ойласам да, көңілі түспегір жаман­дыққа қимайды. Ата-бабаға байланыс­тының бәріне қай ұрпақтың да құлағы түрік жүретіні белгілі. Мен де талайлардан тамыр тартып, сұрап көріп едім. Қанша тентек десе де сол атамыздың уыздай ұйып отырған елге ала тайдай тиіпті деген қауесетті құлағым шалмады. Бас жарды, көз шығарды деген алыпқашты да естіл­меді. Соған қарағанда, атамыз бұт пен сан арасында қыстырылып, жұрттың зықын алып жүретін, әне бір бәле қуып, бәддұға­ға ұшыраған бақы­рауық шал болмаған.
Иә, тентек болса болған шығар. Бірақ онда тұрған не бар?! Ол заманда қолына сойыл ұстаған кай қазақтың мінезі оңып тұрды дейсің?! Ашуы алдында жүретін әл­гі бір әумесер, әпербақан деуге де аузым бармайды. Кім білген, қайсыбірде тентектен қандай да тектілік шықпаушы ма еді?! Осы екіұшты дүдәмал қисынға ойым ауа берді.
Бір жолы осының бәрін Маралға ай­тып едім. Інім салқын қабақпен сұлық оты­рып тыңдады. Қанша десе де, жаңа за­манның жас адамы және әкесі қыз­метінің ыңғайына байланысты елден ерте кетіп, өмірінің ақырына дейін ата қо­ныстан аулақта, оты, суы басқа жақта болған­дықтан ба, өзіміз осы күнге дейін өліп-өшіп жа­татын туған жерді айтқанда әрқашан осылай салқын, енжар. Оның себебін бір жолы өзі де жасырмай, ашық айтты:
- Аға, осы әңгімені бұрын да айтқан­сыз. Туған жер, ата-баба қонысы ана жақ­та. Бар. Көр дейсіз. Шынымды ай­тайын, қанша десе де кіндік қан там­ба­ғасын, жас кезде ыстығына табаның күйіп, суығына тоңбағасын жүрегім алып-ұшып тұрмайды.
- Түсінем.
- Ренжімеңіз. Өзімді кейде ата жұрт­тың топырағынан тумай жатып тамыры үзіліп, дауыл ма, жел ме, әйтеуір басқа жақ­қа әкеткендей сезінем. Ақтөбеде ту­дым. Ақтөбеде өстім. Осы қала маған өте ыстық.
Осыдан кейін мен де ініме туған жерді тілім ұшына алғам жоқ. Бірақ тентек атамыз жөнінде әлгіден кейін де әңгімеміз жалғаса берді. Жұрт не демейді?! Не деген жұрттың қай сөзінен пәтуа іздейсің. Ел ішінде тентек аз ба? Соның бәрі өмірге өз мінезімен келді, өз мінезімен дүниеден өтті, кетті. Қайсысын кім біліп жатыр?! Сол атамыз, меніңше әншейін жай тентек емес, нәсілі асыл, текті тентек сияқтанады да тұрады. «Өзің ойлап көрші» дедім ініме, - жаратылысынан туа дарыған бол­мысындағы қасиетті онан басқа қай ата өзінен кейінгі ұрпаққа төкпей-шашпай, жеті атаға дейін қылдай бөліп дарыта алған. Ендеше, інім, бізден кейінгі сегізін­ші ұрпаққа ол жарықтықтың текті тентек­тігі қонар-қонбас, ол Алланың құзырында. Көзіміз тіріде тентек атамыздың Көк-Аралдағы Домалақтың басында жатқан бейітін жаңғыртайық!
Інім үнсіз. Әлгі әңгімелерді айтып оты­рып, ара-тұра көз қиығын салып қоям. Бірақ бұрынғыдай енжар, сүлесоқ емес. Екі қолын тізесінің арасына са­лып­ты. Қашанда бойын күтіп ұстайтын ұқып­тылығы. Қаншырдай қатып, оқтаудай боп, тіп-тік отыр.
- Ата-баба болар, басқа болар, жарық дү­ниеге келген пақыр пенденің пәни жалғаннан татар дәмі таусылып, иманы саламат болғасын-ақ артындағылардан мейірім тілейді. Мен де, інім, өзіңдей шариғатқа жетік емеспін. Молдалардан есіткенімді айтып отырмын. Жабайыларды кім білген, менің бір байқағаным, мә­дениетті қауым үшін алланың рақымы-мен құшағына қабыл алған қара жердің топырағын қастерлеп, аруағын сый-
лау - бізге парыз.
Кеше Совет құлап, егеменді ел болғалы шамасы келгендер ата-бабаларының ба­сын жаңғырта бастады. Біздің де арғы тегімізде кезінде алдынан халық тараған аталарымыз баршылық. Бірақ Боқан атамыздың жөні бөлек-ау!
Тек, бір нәрседен қорқам. Өліктің ар­тын күткен балалар, осы орайда да пен­делікке салып, бірінен-бірі асырам деп тым әспеттеп, бәсекелесіп бара ма, қалай? Бұл - астамшылық. Біз онан аулақ бола­лық. Текті тентек атамыздың басын кө­терсек, өзіміздің Бершүгірдің не қара, не көк тасынан көш жерден көзге түсетіндей биік белгі - мұнара қоялық. Оған гранитті қашап, Құлжан шайырдың өлеңін жаз­ғызалық та, көрнекті жеріне жапсыра са­лармыз.
Өткен-кеткен жолаушылар ат басын бұрып, қайырылып соғып, жарықтықтың аруа­ғына дұға бағыштап жүрер. Сауабы тиер. Ал бұған қалай қарайсың?
Марал келісті. Пәтуа байластық!

«Айқынның» анықтамасы

Былтыр филология ғылымдарының кандидаты Ермек Қаныкейұлының көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәмил Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы туралы көлемді мақаласы жарық көрген болатын. Онда мақала авторы былай дейді: Қазақ әдебиетінің көк сеңгірі Әбдіжәмил Нұрпейісов «Соңғы парыздан» соң үн-түнсіз. Өзінің сексеннен асқан сеңгір жасында айтарын айтып, жазарын жазып тастап, осылай жатқан үлкен талант қашанда ұйқыдағы жанартау сияқты ғой. Өйткені оның оқырманы «Соңғы парыз» автордың рухани әлемдегі ақырғы Сөзі екеніне еш сенгісі келмейді» деп жазған едi.
Міне, осы сөз қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерінің қолына қалам алуына себеп болған сыңайлы. Оны абыз ағамыздың өзі мойындайды. Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған осы мақала - сол сөзіміздің дәлелі.

"Айқын" газеті

0 пікір