Сенбі, 20 Сәуір 2024
Алаң 6607 10 пікір 3 Қаңтар, 2022 сағат 14:52

Жаңаөзен: Батыл кадрлық шешімдер керек!

Жаңаөзенде басталып, Батыс өңірі бойынша болып жатқан халықтың жаппай газ бағасын түсіруге қатысты талабын әлеуметтік желі қолданушылар да жарыса жазуда. Саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері өз ойларын ортаға салуда. 

Төзім таусылып, сабыр сарқылып барады...

Белгілі театр және кино актері Бекжан Тұрыс инстаграм парақшасына Жаңаөзен халқын қолдап, жазба қалдырды.

«Жаңаөзендіктердің талабы бір ғана өңірге емес, бүкіл қазаққа ортақ. Иә, Жаңаөзендегілердің мұңы кез келген қазақтың жүрегін қозғап, жанына батып тұр. Әр жерден «біз біргеміз» деген сөзді көз шалып жатқаны да содан. Жаңаөзендегі күйзелген елдің күңіренісін үйде жатып күйініп тыңдаудан не өнеді? Бірақ… Жетейін десе, жердің шалғайлығы, одан бұрын бармаққа бекінгеннің алдынан шығатын қолдан жасалған тосқауылдар кезігіп, іштен булығып отырған жағдай бар.

Биліктің де, тәртіп сақшыларының да қарапайым халық жағына шығатын кез жетті. Қазақ зиялылары қалың ұйқыдан қашан оянады? Дәл қазір азаматтық сөз айтып, азаматтық мінез көрсете алатын зиялылар қайда? Дәл бүгін алдыңғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты Болат Атабаев көрсеткен мінез жетпей тұр.

Жыл қазақтың мұңын айтумен басталды, тыңдар құлақ табылып, қазақтың мүддесіне шешілер оң нәтиже көруді нәсіп еткей! Кеше ғана сайланған депутаттардың үнсіздігі аз қазақтың бірін-бірі жеккөріп кетпеуіне себеп болмауы керек. Жағдай ушықса, жұдырық болып түйіліп, атқа қонатын қазақты ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды. Өйткені төзім таусылып, сабыр сарқылып барады. Оны бәрі сезіп-біліп отыр. Жаңаөзендіктердің жалғыз емес екенін осылай жеткізгенді жөн көрдім. Азамат ретінде, Болат ағамның аруағының алдында айтпағым осы болды, әркімнің қабылдау-қабылдамауы өз еркінде», - деді ол.

Президент батыл кадрлық шешімдерін қабылдауы тиіс!

Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан болса, Президенттің жазбасы жеткіліксіз деп отыр.

«Президент түнде пост жазып, Үкіметке тапсырма беріп қойған екен. Жақсы, бірақ мәселе бір постпен шешілмейді деп ойлаймын. Проблема тек газда емес қой. Жалпы халықтың жағдайы әбден нашарлап кетті. Өмір қымбаттап кетті, жұмыссыздық басым. Яғни проблема Үкіметтің жалпы бұрыс экономикалық саясатында. Әлбетте бізге мүлдем басқа экономикалық әрекеттер қажет, ал ол үшін Үкіметке экономикамен айналысатын премьерден бастап, мүлдем басқа министрлер келу керек. Сөздің қысқасы Президент батыл кадрлық шешімдерін қабылдауы тиіс. Олай жасамаса проблема шешілмейді.

Бұл кадрлар өзгермесе экономикалық саясат та өзгермейді, яғни халықтың әлеуметтік жағдайы төмендей береді, ал наразылығы күшейіп барады. Батыл кадрлық шешімдер керек. Сонда ғана жөн өзгеріс пайда болуы мүмкін», - деп жазды ол.

Мұнай шығаратын елде газ бен бензин қымбат деген не сөз?

Ақын Жанат Жаңқашұлы өзінің парақшасына:

«Құдай тағала қазаққа өлшеусіз байлық берді. Жерінің түгін тартсаң майы шығады. Асты кеніш. Бірақ сонымен қатар жемсауына салсаң жер шары сыятын жемқорларды да берген екен. Бір кем дүние деген осы. Әйтпесе, мұнай шығаратын елде газ бен бензин қымбат деген не сөз?

Отыз жылда бай мен кедейдің арасы тым алшақтап кетті. Бұл өте қауіпті құбылыс! Егер кәсіп қылып байыса дау жоқ. Біздің байлардың жобамен 80 пайызы билігін асыра пайдаланып һәм жемқорлықпен байығандар. Халықтың несібесін жеді. Ал халық деген Құдайдың бір аты.

Қазақстанның бар байлығы азғантай топтың қолында. Халық аш. Мұнай бағасы көтерілсе айлық та көтерілу керек. Зейнетақы да. Мұғәлім мен дәрігердің айлығы көтеріліп жатқанмен өзге жұмыскерлердің айлығы көтеріліп жатқан жоқ. 50000 теңгеге жұмыс істеп, жан бағып жүргендер бар. Енді қалған сегіз жылда 2030 болып, іске асып кетеді-ау деп ойламаймын! Жаңаөзендегі дауыс бүкіл қазақтың дауысы! Мен жаңаөзендіктермен біргемін!

Антимонополиямен бірге мемлекеттік коммиссия құрылып, бұл қымбатшылықтың себебі анықталуы керек. Егер артында жер шарын жұтқысы келетін жегіқұрттар тұрса олар заңмен жауап берулері тиіс! Еститін Үкімет халықтың жан айқайын естімесе Керең болғаны да.

Ауруын жасырған өледі. Біздің билік отыз жылда кеткен қателіктің бәрін ашық мойындап, жаңа реформа жасауы керек. Жемқорлардың орыны мінбе емес, түрме!», - деп жазды.

Түптің түбінде режим құлайды!

Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы болса:

«Мемлекет дегеніміз халықтың қоғамдық келісім негізінде құрылған ұйымы. Билік халыққа қызмет еткенде ғана өміршең болады. Газдың, бензиннің, азық-түліктің жойдасыз қымбаттауына наразылық білдірген жаңаөзендіктер талабы өте орынды. Билік бұл мәселелерді дереу шешуге тиіс!

Қасым-Жомарт Тоқаев түнгі үште Туиттерде: «Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс», - деп жазыпты ғой.

Ал италияндық ойшыл Никколо Макиавелли айтады билік үшін: «Қорғаныстың ішіндегі ең мықтысы — халыққа жиіркенішті көрінбеу: егер халыққа сүйкімсіз болсаң қандай мықты қамал да құтқарып қала алмайды» деп. Сондықтан билік халықпен есептесу керек. Егер бұрынғы әдетіне басып түрлі айла-шарғыларға баратын болса мұның соңы үлкен өзгерістерге соқтырады.

Өз басым оқиғалардың дамуын екі нұсқада көремін. Біріншісі, «еститін үкімет» нұсқасы, билік халық талабын орындап проблемаларды шешудің ықпалды тұтқаларын (монополистерді тізерлетеді, бензинге, азық-түлікке бағаның аспандауын шектейді) іске қосады. Екіншісі, «керең үкімет» нұсқасы, билік халық талабына пысқырмайды. Соның салдарынан Жаңаөзенде басталған халық наразылығы бүкіл елді қамтиды, түптің түбінде режим құлайды!», - деген жазба қалдырды.

Abai.kz

10 пікір