Сейсенбі, 16 Сәуір 2024
Маңызды 9298 21 пікір 2 Қаңтар, 2022 сағат 20:03

Жаңаөзен неге көтерілді?

Бүгін әлеуметтік желіде Жаңаөзен тұрғындарының жаппай наразылыққа шыққаны айталатын әртүрлі видео жазбалар тарауда. ҚазТАГ агенттігінің ақпаратына сүйенсек, Жаңаөзен тұрғындары газ бағасының қымбаттауына қарсылық білдіріп, бейбіт митингке шыққан. Олар жергілікті әкімдіктен газ бағасын түсіруді талап етуде.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап көгілдір отын бағасы 120 теңгеге дейін қымбаттаған. Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен Жаңаөзен әкімі Мақсат Ибрагимовқа үндеу жолдаған жергілікті тұрғындар әкімдікке бір ғана талап қойған. Ол – газ бағасын 60 теңгеге дейін төмендету!

Ал Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы газ бағасының күрт қымбаттауына қатысты пікір білдіріпті.

«Біздің өңіріміз сұйытылған газды көп тұтынушы өңірлердің бірі. Біздің айлық тұтыну көрсеткішіміз – 18 мың тонна газ.  Газ бағасының қымбаттауының бір себебі – көптеген тауарлардың электронды биржаға шығуы. Өздеріңіз білетіндей, біздің «Қазақ газ өңдеу зауытының» құрылғылары ескірген. Ол да бағаның өсуіне бір себеп. Біз зауытқа инвестиция  тартуымыз керек. Сол секілді, Жаңаөзенде зауыт құрылысын бастау да жоспарымызда бар.

Екінші фактор – біз газдың қосымша қорын (запас) Атырау облысынан аламыз. Қазір газдың орташа бағасы 95-100 теңге», - депті басқарма басшысы Бердібек Қартбаев.

Оның айтуынша, республика бойынша газдың орташа бағасы 110 теңгені құрап отыр. Ол өз сөзінде Атырау облысы мен Орал қаласын мысал еткен. Атырау облысында газ бағасы 115 теңге болса, Оралда 120 теңгеден сатылып жатқанын айтыпты.

Ал онан кейінгі шыққан ресми ақпарат бойынша, қазір Маңғыстау облысы әкімдігі автокөлік иелеріне түсіндіру жұмыстарын бастап кетіпті.

«Сағат 11:00 шамасында Жаңаөзен қаласының АХАЖ ғимараты алдына автокөлік иелері жиналып, газ бағасын арзандатуды талап етті. Жиналғандармен қала әкімінің міндетін атқарушы Ғалым Байжанов, әкімнің орынбасары Жаңабай Аймағамбетов Ж және құқық қорғау органдарының  өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оларға газ бағасы бойынша істің мән-жайын және «Бейбіт жиындар өткізу туралы» ҚР  Заңын түсіндірді», - делінген хабарламада.

Қала әкімдігі наразылыққа жиналған жұртқа өз талаптарын жазбаша түрде баяндауды ұсынған.

Маңғыстау облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы Бердібек Қартбаев: «60 теңге мөлшеріндегі бұрынғы баға енді болмайды. Өйткені қазір биржадағы газ бағасы – тасымалдау мен кәсіпкердің шығындарын есепке алмағанда, литріне 70-85 теңге. Әкімдік газ бағасын реттемейді. Өйткені бұл тауар бәсеклестік нарыққа жатады», - депті.

Ашық ақпарат көздеріне сенсек, Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 15-орынды иемденеді. Ал газ игеру және өндіру бойынша 19-орында. Бұл дегеніміз қай тұрғыдан алып қарасақ та, Қазақстан газға қатысты көрсеткіштер бойынша үздік жиырмалықта деген сөз. Алайда газ бағасы оған қарамастан еселеп көтеріліп жатыр.

Қазақстанды қымбатшылық қысып тұр. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, құрылыс материалдары мен баспана, жанармай мен газ бағасы тоқтаусыз өсуде. Президент жолдауда инфляцияны түсіру туралы тапсырма берсе де, айтарлықтай өзгеріс жоқ. 2020 жылы бағаны тұрақтандыру үшін 30 млрд теңге бөлінсе, 2021 жылы 50 млрд теңге бөлінген. Осының өзі жағдайдың қаншалықты қиындағанын көрсетіп тұр.

Тақырыпқа тұздық: Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев 2016 жылы Атырау облысының әкімі қызметін атқарған еді. Сол жылы Жер дауына байланысты алаңға жиналған халыққа «ешкімді қудаламайды», деп уәде бергеніне қарамастан, Талғат Аян мен Макс Боқаев сынды белсенділер сотталған болатын. Биыл 7 қыркүйектен бастап Нұрлан Ноғаев Маңғыстау өңіріне әкім болып қайта тағайындалды. Жұттан әбден зардап шеккен аймақ халқының талабына құлақ түріп, «халық үніне құлақ асатын мемлекетке» халықтың үнін жеткізеала ма деген көкейде сұрақ тұр...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

21 пікір