Бейсенбі, 20 Қаңтар 2022
Білгенге маржан 9029 9 пікір 27 Желтоқсан, 2021 сағат 14:21

«Мұқағали Мақатаев – сан қатпары, күрделі ақын»

Басы: Қанды заманға қарсы өлең жазған Көдек ақын

Жалғасы

«Мұқағали мен Бердібек Соқпақбаевтың нағашы жұрты – Айт руының Сүйіндік тармағы. Тұтас иісі Албан жұртының «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта» дейтін тәмсел сөзі бар. Бұл сөз Сүйіндіктердің шетінен тіліне сөз асылы ұйыған шешен екенін білдіреді. Басқасын айтпасақта сол елдің көрнекті өкілдерінің бірі – Көдек Маралбаев».

– Нұрлан Сәрсенбаев мырза, сіз Көдек пен қоса Мұқағали Мақатаевтың да шығармаларын зерттепсіз. Бұл еңбегіңіз Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан «Мұқағали керуені» деген атпен көлемді кітап болып шығыпты. Мұқағалиды зерттеуге не түрткі болды?

– Көдек те, Мұқағали да қазаққа аты аңызға айналған тұлғалар, екі алыптың ауылы аралас, қойы қоралас отырған, әр екеуінде жер жанаты Жетісудың Хан-Тәңірі етегінде дүниеге келген. Халық ішінде жігіттің үш жұрты бар деп айтылады. Жігіттің үш жұрты – өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты болып, бұл атау туыстық, қиыстық қатынастан келіп шыққан. Мұқағалидың өз жұрты – Албан елінен тараған Алжан-Шажа деген етекті қасиет дарыған екі рулы ел. Алжан (Мәмбет) ағасы, Шажа (Үмбет) інісі деп айтылады халықтық шежірелерде.

Ел ішінде таралған өлеңдердің бірінде:
«Біздің ауыл – ауылы Райымбектің,
Үйсін, Тәңір, Алатау бауырында өстім.
Бұлт бүркеніп, буылдыр сағым кештім,
Мұз жастанып Мұзарттың қарын жеппін.
Қара су мен қара өлең жолын берген,
Қаға алмас басымдағы бағымды ешкім…» деген өлең шумақтарынан Алжан-Шажа ұрпақтарының батыр бабасының есімін пір тұтып, той- томалақтарда ең алдымен жол алатындығы аңғаруға болады.

Алжан мен Шажа – өсіп-өрбіген, қызыр дарып, бақ қонған берекелі, ұйытқылы ел, берісі ұлы жүз – үйсінге, арысы күллі қазақ жұртына есімдері мәшһүр ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, ел қорғаған батырлар, әлемге даңқы кеткен ақын-жыраулар көп шыққан.

Мұқағалидың қайын жұрты – Қожбанбет деген іргелі ел, бұл елден де аты әйгілі тұлғалар көптеп табылады. Аспантау етегін жайлаған жұрт бұл елді «Қорғасындай ұйыған Қожбанбеттер», – деп тектен-тек айтпаған.

Ал Мұқағали мен Бердібек Соқпақбаевтың нағашы жұрты – Айт руының Сүйіндік тармағы. Тұтас иісі Албан жұртының «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақта» дейтін тәмсел сөзі бар. Бұл сөз Сүйіндіктердің шетінен тіліне сөз асылы ұйыған шешен екенін білдіреді. Басқасын айтпасақта сол елдің көрнекті өкілдерінің бірі – Көдек Маралбаев.

Мұқағали әне сондай Аспан тау етегінде жайлаған елдің ұшан – теңіз ауыз  әдебиетінен қанып сусындаған дарын ииесі. Мұқағалидай ұлы ақынға сол киелі елден өлең қонған. Міне бұл ақиық ақынды тануда зерттелмеген, көзі ашылмаған, құпиясы мол алтын бұлақ секілді.

Мен 1980 жылдардың орта шенінде Өртекестің Ақдала ауылында тұратын ақын, марқұм Нұрбақыт  Мұқаметжанұлының (1962-1998 жж.) қолжазба дәптерінен жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаевтың «Қара өлең», «Жыр – ошақ», «Мен – таулықпын!», «Поэзия», «Кең дүние, төсіңді аш мен келемін», «Қаздар қайтып барады мекеніне», «Азайып бара жатыр» т.б. өлең – толғауларын оқып Қазақтанда осындай керемет, әулие ақын бар екен-ау! –

деп қатты қайран қалған едім. Осыдан бастап менің Мұқағали жырларына деген ынта-ықыласым ауып, оған деген махаббатым күшейе түсті.

«Ақиық ақынның жыр жинағының Қытайда алғаш рет басылуы Мұқағалиды насихаттау мен тануға тың жол ашты. Содан бастап ақиық ақынға ерекше назар аударып, оның өлеңдерін іздеп жүріп оқитын болдым».

Белгілі баспагер, жазушы Тәліпбай Қабаев құрастырған Мұқағалидың «Қаздар қайтып барады» атты таңдамалы өлеңдер жинағы Шыңжаң жастар-өрендер баспасынан шыққаннан кейін Қытай қазақ поэзиясында үлкен дүмпу жасағанын да да білеміз.

– Иә, дұрыс айтасыз. Әсіресе, 1988 жылы сәуір айында Шынжаң жастар-өрендер баспасы жағынан Тәліпбай Қабаевтың құрастыруымен Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» атты жыр жинағы Қытайда тұңғыш рет басылып, қалың жырсүйер оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Бұл кітапқа жазылған «Кіріс сөзінде»: «Көл-көсір дарынды Мұқағали Мақатаев шығармаларының алтын қазығы адамдық адал ар, туған атамекен, күллі жер шары іспетті. Ол осының қамын қамдап, мұңын мұңдап жырлапты. Осы арқылы пoэзия аспанындағы жыр шолпанына айналыпты.

Мұқағали шығармалары Қытайға кешеуілдеп кірсе де, өзіне хас кесек бітімді ойларымен, өзгеше екпін, құлпырған мәнер-бедерімен кірді. Еліміз оқырмандары Мұқағали шығармаларын жатырқамайды. Оны өзімен бірге туып, бірге өскен сырласындай, өзінің қадірлі қаламгеріндей ыстық ықыласымен қарсы алып, сүйсініп оқиды», – деп жазыпты.

Ақиық ақынның жыр жинағының Қытайда алғаш рет басылуы Мұқағалиды насихаттау мен тануға тың жол ашты. Содан бастап ақиық ақынға ерекше назар аударып, оның өлеңдерін іздеп жүріп оқитын болдым.

2003 жылы Бектұрған Уәйісбайұлының дәнекер болуында Қазақстанда шығатын «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының 8-нөмірінде «Жыр теңізі» деген Мұқағалиға арналған өлеңім берілді. Осыдан 18 жыл бұрын жарияланған осы өлеңімді оқырман назарына ұсына кетейін.

Киелі жырдың пірі – пайғамбары,

Өмірдің бақшасында сайрандады.

Адамдық ардың рухын қадір тұтты,

Мәңгілік жыр жолында таймай бағы.

 

Сан жолдарға, сан тағдырға кезіккен,

Қызыл тілмен дүниені сезіп кең.

Өлмес өлең жазу үшін күрескен,

Түстерімде Мұқаңменен кезіккем.

 

Неткен дана, неткен ақын ер еді,

Жүрегінен жырдың отын өреді.

Жыр мұрасын тастап кеткен халқына,

Мұқаң өлді дегенге кім сенеді?!

 

Ұрпағы ең, қайран Мұқа, Сырымбеттің,

Дауылдай қара өлеңді дүрілдеттің.

Аруағы әулиелердің қолдады ма,

Көмбеге дарабоздай бұрын жеттің.

 

Құдай жалғыз, сен жалғыз дара тудың,

Жыр теңізін сапырып қара тілдің.

Бір ғасырда бір дана туар әрең,

Қандай жаннан, ей, Мұқа, жаратылдың?!

Күн ғұмырлы мәңгілік өлең жазып,

Сары даланы барады әнің басып.

 

«Бұл реткі сапар менің есімнен көтерілмейтін бақытты күндердің бірі болды. 2011 жылы шілде айында Қазақстанға тұңғыш келуім, яғни тарихи Отанды, ата-бабаларымның туған атамекені болған Аспантау етегін жайлаған елді бірінші рет көруім».

 – Өлеңіңіз  «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналына 2003 жылы басылғанға қарағанда сіз Қазақ еліне бұдан бұрын бір-екі рет келіп қайтқан болдыңыз ғой? 

– Мен 2005 жылы тамыз айында өткен әйгілі қолбасы, есімі еліне ұран болған батыр баба Райымбектің 300 жылдық мерейтойына шақырылсам да, қолымда шетелге шығатын құжаттарым болмағандықтан келе алмаған едім. 2008 жылы қыркүйекте мені Семей жерінде өткен Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық мерейтойына Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Сыдықов мырза арнаулы шақыртқан еді. Өкініштісі бұл мерейтойға да қатынаса алмадым. Содан мерейтойға арнап жазған «Абай мектебінде сомдалған асыл тұлға» атты мақаламды жібердім. Бұл мақала «Шәкәрім ғибараты» атты кітапқа таңдалып Қазақстанда басылым көрді. Бұларды айтудағы мақсатым Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына қатынасуды ұзақтан бері армандап жүрген едім.

«Тойдың болғанынан боладысы  қызық» дегендей күллі әлем қазақтарына аты аңызға айналған, ұлы ақын «Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық  мерейтойы Нарынқолдың Қарасаз ауылында республика деңгейінде өткізіледі екен» деген хабарды естігелі бірнеше айдың жүзі  болды. Содан мен ақын туралы «Болашаққа бет алған – Мұқағали керуені» (ҚХР «Іле газеті» (17 маусым, 2011 жыл) мен Қазақстанда шығатын, жерлесім Дәулетбек Байтұрсынұлы бас редактор болған «Да Қазақстан» атты халықаралық журналдың №21, 2011 жыл) атты көлемді мақалам жарияланды.

Мен Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдық мерейтойына Қазақстан Жазушылар одағы басқарамасының төрағасы, ҚР мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин мырзаның арнаулы шақыртумен келіп қатынастым.

Бұл реткі сапар менің есімнен көтерілмейтін бақытты күндердің бірі болды. 2011 жылы шілде айында Қазақстанға тұңғыш келуім, яғни тарихи Отанды, ата-бабаларымның туған атамекені болған Аспантау етегін жайлаған елді бірінші рет көруім. Сол жылы шілде айының 29 күні Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының орналастыруы бойынша жер-жерден келген мерейтой қонақтары Алматы уақыты бойынша таңертеңгі сағат бес жарымда Алматы қаласындағы республика алаңына жиналдық. Сағат 6-дан өткенде Қазақстан Жазушылар басқармасының қызметкерлерінің жол серік болуымен жолаушылар автобусына отырып, Қарасаз ауылына қарай жол алдық. Жол бастаушылар қазақ халқының атақты батыры Райымбек Түкеұлы Қангелді немересінің жоңғарға қарсы жорық жолындағы елі үшін еңіреген ерліктерін қысқаша таныстырумен бірге Нарынқол мен Кеген аудандары бірігіп, қазір Райымбек ауданы деп аталғандығы туралы түсінік  жасады.

Біз дүниеде сирек кездесетін Шарын шатқалынан ендей кесіп өтіп бұрынғы Нарынқол ауданының басталар тұсындағы биік төбенің басындағы атақты Райымбек батырдың үлкен ескерткішінің қасына барып тоқтадық. Ескерткіш басына жиналған неше жүздеген жұрт батырдың киелі бұлағынан су ішіп, бабаның  үлкен ескерткішінің қасына суретке түсіп естелік қалдырдық. Батыр бабамыздың киелі бұлағының зәм-зәм суынан шөліміз қанғанша ішіп болып, Мұқағали Мақатаевтың ата-мекені қасиетті Қарасаз атты елді-мекенге қарай жылжыдық.

Жол бойындағы тақтайшаға ілінген ақын Мұқағалидың неше мыңдаған үлкейтілген суреті көздің жауын алады. Міне, бұл қара ормандай туған халқының ардагер ақынға жасалған шексіз сый-құрметі болса керек. Біз Қарасазға барған сол күні Мұқағали өлеңдеріне жазылған әндерден «Жырлайды жүрек» атты республикалық байқауда өлең оқу өнерін көрсеткен балалардың оқыған жырын тамашаладық.

Түстен кейін ақын туған қасиетті Қарасаз ауылының мәдениет үйінде ақынның 80 жылдығына орай ғылыми-конференция басталды. Бұл конференцияны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин басқарды. Ол кездегі Алматы облысы әкімнің орынбасары Серік Мұқанов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жеке-жеке сөз сөйлеп, мерейтой қонақтарына арнап жылы лебіз білдірді. Осыдан соң Қазақстанның белді қаламгерлері: Әбсаттар қажы Дербісәлі, Бексұлтан Нұржеке, Сағатбет Медеубек, Амангелді Кеңшілікұлы, Батық Мәжитұлы, Мұхтар Шаханов, Бауыржан Жақып, Нұрлытай Үркінбай сынды 28 адамға Мұқаң туралы зерттеу мақалаларын оқыды. Мен сөз сөйлеуден бұрын «Ата тек жалғаған – Алтын шынжыр» атты тарих-шежіреге қатысты көлемді кітабымды Мұқағали мұражайына тарту еттім. Соңынан «Мұқағали мәртебесі» атты мақаламды оқыдым.

Мерейтойдың жалғасы шілде айының 30-күні Шәлкөде жайлауында өтті. Шәлкөденің  хан жайлауында ат бәйге, палуан жарыс сияқты түрлі жарыстар  өткізіліп, алдыңғы бас жүлдені алғандар жеңіл машинамен марапатталып жатты, ұлан-асыр той болып, ақ түйенің қарны жарылған Қарасаз бен Шәлкөде жайлауында өткізілген ақынның мерейтойы екі күндік міндетін өте салтанатпен аяқтатты. Шынын айтсам мұндай мерейтойды әлі күнге дейін көргенім жоқ.

 «Мұқағали Мақатаев ХХ ғасырдағы  қазақ поэзиясының тілдік қорын байытты, қазақтың қара өлеңіне өзгеше түс беріп, көркем поэзияны ең жоғарғы деңгейге  көтеріп жаңалық енгізіп, үлкен белеске көтеріп, қазақ поэзиясының дат шалмас алтын діңгегіне айналды».

Демек, сіздің ақиық ақын Мұқағали шығармаларына ден қойып, зертеп, зерделей түсуіңізге жоғарғыдағы бірнеше себеп ықпал еткен болды ғой. 

– Негізінен солай десе де болғандай. Мен ұлы ақын Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойына қатынасып  Қытайға барғаннан кейін «Қарасаз – қара шалғын өлеңде өстім» атты мақала жазып «Шыңжаң газеті», «Іле газеті» секілді басылымда жарияладым. Бұл мақала оқырмандар арасында күшті аңыс қозғады. Осыдан бастап Мұқағали тануға шындап кірістім. Әсіресе, менің «Мұқағали керуені» атты кітабым 2016 жылы маусымда Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан жарық көріп оқырмандардың қызу қарсы алуына ие болды.

Ал, Қазақстанда Нұрлан Оразалин мырзаның қолдауымен «Мұқағали керуені» атты кітабым 2017 жылы «Ан Арыс» баспасынан басылым көрді. Бұл кітап туралы «Қазақ әдебиетінің» 2017 жылғы 10-16 ақпан күні санында «Шыңжаңдағы белгілі қазақ қаламгері Нұрлан Сәрсенбаевтың «Мұқағали керуені» деп аталатын бұл кітабы Мұқағалидың шыққан топырағы, ата-тегі туралы арыдан сыр шертеді. Мұқағалимен қатарлас өмір сүрген Еркін Ібітанов, Фариза Оңғарсынова сынды ақындар арасындағы өнер сабақтастығы жан-жақты сөз болады. Сонымен бірге, Қытай қазақтары арасындағы Мұқағалиды тану барысын тілге тиек етсе, автор Мұқағали поэзиясының қыр-сырын ашып көрсетуге де өзінше құлшыныс танытты. Аталған кітапты Мұқағалитануға қосқан үлес деп бағалауға болады» деген бағасын жазыпты.

Мұқағали Мақатаев ХХ ғасырдағы  қазақ поэзиясының тілдік қорын байытты, қазақтың қара өлеңіне өзгеше түс беріп, көркем поэзияны ең жоғарғы деңгейге  көтеріп жаңалық енгізіп, үлкен белеске көтеріп, қазақ поэзиясының дат шалмас алтын діңгегіне айналды.

«Мұқағалидың шынайы өмірді жырлаған таза, мөлдір, сұлу, ұлттық рухқа бай лирикаларынан, оның суреткерлік ұлылығын байқауға болады. Мұқағали – қазынасы мол, сан қатпарлы, күрделі ақын. Біз оның алтын қазыналы поэзиясының күрделі кенін әлі толық зерттей алмай келеміз».

– Мұқағали қазақтың ақындарының ішінде оқырманы өте көп ақын. Кез келген өлеңін оқысаңыз өзіңмен сырлас, мұңдас, үндес болып жатады... 

– Өмірге келген барлық жан иесі есейіп-ержетеді, қартаяды, өледі. Дүниеде мың жасаған пенде болған емес, нағыз мың жасайтындар халық жүрегінде терең тамыр тартып, ұрпақтан-ұрпаққа есімі аңызға айналып, атақ, даңқы әлемге аспандап, бір ауыл, бір аймақ, бір өлке, бір мемлекет емес, күллі адамзатқа ортақ рухани мұра қалдырған санаулы өнер әлемінің жарық жұлдыздары ғана десек, тарих алдындағы шындықты бұрмаламай-ақ әділ сөйлеген боламыз. Уақыт атты әділ төрешінің сынынан өткен шын тарих деген, міне, осы. Біз сөз етіп отырған біртуар ақын Мұқағали Мақатаев – қазақ халқының маңдайына жазылған қайталанбас ұлы тұлға.

Қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаев өзінің ұлттық рухқа бай жарқыраған жақұттай жырлары арқылы ханның да, қараның да көңілін толқытып, күллі қазақ баласы жасаған ұланғайыр өлкеге, шексіз де, шексіз кеткен сахараға, айбатты әсем қалаларға, тіршілік отын маздатып жағып жатқан миллиондаған ақ боз үйлердегі қарашаларға дейін сапар шегіпті...

Мұқағали Мақатаев тар жол, тайғақ кешу, бұраң тағдырды басынан кешіре жүріп елімен тілеулес, мұңдас, сырлас, тағдырлас болып өтіпті. Шын мәніндегі бақыт – адамның өнері мен талантынан келеді. Болашаққа керуен тартқан Мұқағали жырлары таза алтындай жарқырап, нұрлы сәулесімен орырмандардың күн шалмаған көңілін жылытып, өз мұрасының баға жетпес қымбаттылығын, асылдығын әйгілеп, қазақ поэзиясының сұлу қасиетін, парасатты құдіретін қара ормандай халқына мойындатып кетіпті. Сол үшін Мақатаев әлем қазақтарына аты аңызға айналып, беделі мен мәртебесі аса жоғары XX ғасырдағы қазақ поэзиясының алтын тізгінін ұстаған, ғажайып сәуле шашқан ұлт рухының теңдессіз алып жыр жұлдызына айналды.

Мұқағалидың шынайы өмірді жырлаған таза, мөлдір, сұлу, ұлттық рухқа бай лирикаларынан, оның суреткерлік ұлылығын байқауға болады. Мұқағали – қазынасы мол күрделі ақын. Біз оның алтын қазыналы поэзиясының күрделі кенін әлі толық зерттей алмай келеміз.

Атақты әдебиетші А.С.Пушкин «Көне астрономияның, физиканың, медицинаның ұлы өкілдерінің түсініктері, еңбектері, ашқан жаңалықтары ескіріп, күн санап өзгеріп, алмасып жатқанда нағыз ақындардың шығармалары тап-таза, мәңгі жас қалпында қала береді» деген ұлағатты сөзін айтқан болатын.

«Мұқағали Мақатаев қазақ халқының тіліне шынайы мұрагерлік еткен әрі халық тілін байытып қазақ поэзиясын тың белеске көтерген ұлы ақын. Оның қай жырларын оқысаңыз да халықтың асыл жауһар сөздері өз орнын тауып құлпырып тұрады».

– Жолшыбай кезіге кеткен қазақтан, тіпті мектеп оқушысынан сұрасаңыз Мұқағалидың бір немесе екі өлеңін жатқа айтып береді. Ақын өлеңінің ел жадында сақталып қалуының құпиясы осында дейсіз ғой.

– Ұлы классик ақынның жырлары әлем қазақтарына керуен тартып миллиондаған оқырмандардың жүрегінде жатталып, олардың қуанышы мен қайғысына ортақ болуының сыры неде, оның суреткерлік өнерінде қандай керемет сиқырлы күш бар? деген заңды сұрақ бәріміздің ойымызға орала береді. Туған халқынан заңғар бағалар алған, қазақ поэзиясының өркендеуі мен гүлденуіне ерекше үлес қосып, үлкен белеске көтерген Мұқағалиды қалай тану, зерттеу жүргізу, оның қатпары қалың поэзиясының құпиясын ашу туралы өз ойымды осы орайдан пайдаланып оқырман қауыммен ортақтастыра кетуді жөн көрдім.

Мұқағали Мақатаев қазақ халқының тіліне шынайы мұрагерлік еткен әрі халық тілін байытып қазақ поэзиясын тың белеске көтерген ұлы ақын. Оның қай жырларын оқысаңыз да халықтың асыл жауһар сөздері өз орнын тауып құлпырып тұрады. Ақынның:

«Өлмесін деп берген ғой тауды маған,

Мен күңіренсем, күрсініп тау жылаған», – деген өлең жолдары кімді болса да суреткердің тіл шеберлігіне еріксіз бас изетеді.

Мұқағали халық тіліне бай ақын. Ол халық тілінің асыл жауһарын өз жырында жаңаша қабылдап, өлең жазудың өресін ерекше биік белеске көтерген сөз зергері.

Қазақ әдебиетінің жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев поэзиясы ұлттық рухқа тамыр тартып, адам сезімінің құпия сырларын ашып, сыршылдығын, шыншылдығын әйгілеп жатады.

Мұқағали тілі – нағыз халық тілі. Ақын халықтың ана тілінің кәусар бұлағынан қанып ішті. Халықтың бай тіліне мұрагерлік етті, ұлы тұлға Махамбеттен жыраулық үлгі алса, алып Абайдан ақындық дәстүр қабылдады.

Өз поэзиясы арқылы күллі қазақ әдебиетіндегі шоқтығы биік ұлы тұлғаға айналды. Мұқағали қазақ болып әлемге тіл қатты, қазақ болып күллі дүниені шарлады. Мұқағали тілі – халықтың баға жетпес қымбат мұрасына айналды.

Мұқағали тілі – көздері ашылып зерттелмеген халық байлығына айналып кеткен асыл қазына. Мұқағали Мақатаев поэзиясы әлем қазақтарына керуен тартып қиырды шарлап кетті, ол киелі жырдың құдыретті күші арқылы өзінің сан миллион оқырмандарының жүрегінен жол тауып, мойындатып, артына мәңгілік өлмес жырын қалдырып кетті. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешіп, артына алтындай мұра тастап, ескерткіш тұрғызып кеткен Мақатаевтың арамыздан аттанып кеткеніне де 45 жыл өтсе де ұлт рухының сәуле шашқан жырлары мәңгі жасайды!

Ешікім қайталамас киелі жыр жазған Мұқағали Мақатевтың ардақты есімінің ел ауызында аңызға айналып, жылдардың өтуі мен беделі мен мәртебесінің асқақтап биікке көтерілуі, ақынның қазақ даласының құнарлы топырағының ұшан-теңіз ауыз әдебиетінің алтын бастауынан сусындап жетілген парасат иесі екенін дәлелдейді. Сол үшін Мұқағалиды әдебиет танушылар «Қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі», – деп тектен-тек айтпаған.

Мұқағали Мақатаев – туған халқының атағы мен даңқын аспандатқан, көз жетпес зеңгір көктің биігінен дара көрінген санаулы жарық жұлдыздың бірі. Оның поэзиясының сыры –  ешбір суреткер қайталай алмайтындығында. Өткен күнге зер салып қарасақ, тағдыр сынынан сүрінбей өткен жыр патшасы аталған Мұқағалидың поэзиясы ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарих-шежіре, діндік сеніммен біте қайнасып кеткен. Сондықтан оның аты әлем қазақтарының жүрегінен терең орын алды.

«Жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев сынды ұлы тұлғаның атын тарих өзі алтын әріппен жазып қалдырды. Мұқағалидың мәртебесі жалғыз қазақ халқының ғана мәртебесі емес, күллі түркі тілдес халықтардың заңғар шыңының ең биік төрінің алтын тағынан орын алған мәңгілік мәртебе».

– «Мұқағалиды Тәңірім әубаста ақын, әулие қылып жаратқан» деп айтатындар бар. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

– Иә, Мұқағали Мақатаев – әулие ақын, оның әулиелігі ұлт рухына терең тамыр тартқан қасиетті поэзиясының құдіретінде жатыр. Ұлт рухының қайнар көзі – ұлттың тілі мен салт-дәстүрімен сабақтасып жатқан алтын шынжыр іспетті. Әр халықтың өзіне тән ұлттық рухы болады. Сол ұлттық рухы арқылы әрбір ұлт бір-бірінен парықталып тұрады. Шетелдік аты әйгілі қайраткерлердің бірі Нельсон Мандела «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса шекараны аша сал. Бәрі бір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес» деген тағдырлы сөзі кімге болса да үлкен ой салады. Қазақтың тілі мен дәстүрін аман сақтап қалған Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов сияқты тұлғалар екенінде талас жоқ.

Мұқағалидың атақ-даңққа жетуі, ұлттың рухқа бай жырларының тереңге тамыр тартуы туған халқының ұшан-теңіз ауыз әдебиетінен сусындауы болса, кіндік қаны төгіліп, кір жуып өскен Аспантау елінде жасаған алдыңғы буын өнер жұлдыздарынан өнеге алған, киелі өнер сабақтастығымен жалғасын тауып жатыр. Мұқағали Мақатаев – қасиетті Аспантау жайлаған елдің өнер мектебінен оқып, мықтап тәрбие алып жетілген, жыр теңізін сапырып өткен, тағдыр қайталай дүниеге әкелген сол ұлы тұлғалардың жалғасы.

Аумалы-төкпелі тағдырдың сынағынан сүрінбей өткен тағдырлы жырдың иесін тарих өзі қазақ халқының маңдайына сыйлады. Ақынға өлеңнің киесі Аспантау елінен қонған. Ешкім қайталамас мәңгілік жыры арқылы Аспантау елінің Мұзбалағы күллі әлем қазақтарының арасына керуен тарттып кетті.

«Күллі әлемге даңқы кеткен қасиетті Хан-Тәңірі бар асыл қазынасын құшағына басып шексіз ойға батып тұр, сол тарихы ұзақ қарт Хан-Тәңір шыңының ең биік заңғарының алтын төрінде Мұқағали Мақатаев деген қазақ ақыны малдас құрып отыр, Жаратушы дүниеге екі Хан-Тәңірді қатар сыйлапты. Мұның біреуі – ұлы табиғат тарту еткен алып Хан-Тәңірі, енді бірі – қазақ халқы сыйлаған адамзаттың Хан-Тәңірі аталған, өр тұлғалы ұлт  рухының сәулелі жарық жұлдызы – Мұқағали Мақатаев» (Нұрлан Сәрсенбаев. «Мұқағали керуені», Алматы, «АқАрыс» баспасы, 2017 жыл, 36- бет).

Жыр патшасы Мұқағали арамызда ерте аттанып кетсе де, халықтың мәңгілік мақтанышына, мәңгілік мерейіне айналды. Туған халқының аяулы ақыны туралы Әбділда Тәжібаев: «Мұқағали сынды биік шыңның етегінде тұрғанымыз анық, ұзақ, өрлеу жолы әлі алда» деген өте әділ бағасын айтыпты.

Жыр жұлдызы Мұқағали Мақатаев сынды ұлы тұлғаның атын тарих өзі алтын әріппен жазып қалдырды. Мұқағалидың мәртебесі жалғыз қазақ халқының ғана мәртебесі емес, күллі түркі тілдес халықтардың заңғар шыңының ең биік төрінің алтын тағынан орын алған мәңгілік мәртебе.

«Мен бала кезімнен бастап халықтық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарынан мықтап өнеге алып өстім. Шынын айтсам тарихи Отанға құр алақан келмедік, қайта қаймағы бұзылмаған ана тілімізбен салт-дәстүрімізді өзімізбен бірге ала келдік».

– Қазақтың салт-дәстүр мәдениеті туралы зертеу еңбегіңіздің Қытайда баспадан шыққанын білемін. Бұған бет бұруыңызға не түрткі болды. Осы туралы айта кетсеңіз?

Менің балалық шағым – тілі мен дәстүрінің қаймағы бұзылмаған, ұлттық мәдениеттке терең тамыр тартқан Өртекестің Ақдала ауылында өтті. Бала күнде атам алдына отырғызып алып аңыз, әңгіме, шежіре, батырлық жырларын айтса, әжем бесік жырын жырлап, әдептілік әліппесін үйретті. Содан менің санама бала кезден бастап ұлттық құндылықтар ұялады.

Қазақ халқы салт-дәстүрге бай халық. Ата-бабаларымыз «Бесігіңді сатпа, салтыңды сақта», «Ауылыңның атын ұмытсаң да, салтын ұмытпа», – деп ұрпақтарына ұлағатты тәрбие жүргізіп отырған. Кемеңгер, ұлы ойшыл ақын Абай атамыз:

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп айтқаны, халқымыздың тал бесіктен жер бесікке дейін өлең қуып өскен ұлт екенін аңғартады.

Қазақ халқының бай салт-дәстүріне ерекше назар аударған орыс ғалымы Григорий Потанин: «Қазақтар – еті тірі, дені салауатты, өмірге іңкәр халық. Олар сауық-сайранды жаны сүйеді, ашық түсті киім-кешекті, өмірінде мереке, той-думандарды ұнатады. Актерлік өнер мен сәнді жасану жақтары қазақтардың бойына атаққұмарлық нышанын дәріптеуі ықтимал. Мұның өзі оларды Франсуздарға ұқсататын секілді. Афиндықтар тәрізді қазақтар жаңалықты әдеттен тыс ұнатады. Мейлі дала құнарының қаңқасы кеуіп қалса да, мейлі табиғат шүлейтке төнген қатерге қарсы күресте дәрменсіз болса да, қазақ өмірі үшін халықтың рухани қантамырында күш-жігердің көл-көсір қайнар көзі бар, тек қазақтардың өздері осы қайнардан теріс айналмаса болғаны», – деп тебірене жазыпты.

Әсіресе, 2004 жылдың басында Іле қазақ автономиялы облыстық Саяси-мәслихат кеңесіне қызмет алмастырып келгеннен кейін қазақтың дәстүрлі этнография мәдениетін зерттеуге қарай атбасын бұрдым. Содан ұзақ жыл қазақтың тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихы мен шежіресі туралы ізденіс жасадым. 2015 жылдың басында Іле қазақ автономиялы облыстық парткомның орналастыруы бойынша «Қазақ ұлтының салт-дәстүр мәдениеті» атты кітап жаздым. Бұл кітапқа ұзақ жылдан бері зерттеген «Қытайдағы қазақ халқы», «Балаларға байланысты салт-дәстүрлер», «Ұлтымыздың қасиетті сандарына зер салғанда», «Ұлтымыздың бала тәрбиелеудегі дәстүрлі көзқарастары», «Шежіре – халықтың аманаты», «Қазақтың жеті ата және жеті ұрпақ танымы», «Қазақтың төре қою дәстүрі және Тезек төре» т.б. мақалаларымды енгіздім. Бұл кітап сол жылы тамыз айында Шыңжаң халық баспасы жағынан жарық көріп, аудан, ауыл тұрғындарына қазақтың салт-дәстүрін үйренетін оқулық ретінде тегін таратылды. 2016 жылы 40 неше ұлттың шығармаларын бағалауда аталған кітап екінші кезекті «Іле әдебиет-көркемөнер» сыйлығының лауреанты болды.

Халқымыз таңдаулы салт-дәстүрлері арқылы өз ұрпақтарына өнегелі әдет-ғұрып, үлгілі жол-жосындар үйретіп толымды адам болуға баулып отырған. Өз дәуірінің шоқтығы биік ғұлама ғалымы П. П. Семёнов-Тянь-Шанский (1828-1914 жж.) «Қазақты оқытудың қажеті жоқ. Салт -дәстүрі мен әдет-ғұрыптары түгелдей тұнып тұрған білім» деген кемеңгер сөзін тектен-текке айтпаса керек. Мен бала кезімнен бастап халықтық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарынан мықтап өнеге алып өстім. Шынын айтсам тарихи Отанға құр алақан келмедік, қайта қаймағы бұзылмаған ана тілімізбен салт-дәстүрімізді өзімізбен бірге ала келдік.

– Мамандардың айтуынша қазақтың дәстүрлі этнография мәдениеті туралы ғылымның шарпитын көлемі кең екен, осы туралы өз ойыңызды айта кетсеңіз?

– Мамандар қазақтың дәстүрлі мәдениетін зерттейтін этнография ғылымын мынандай бес үлкен салаға бөліп жіктейді: халықтық таным, халықтық салт-дәстүр, халықтық өнер, халықтық ұғым, халықтық әдебиет-көркемөнер. Мұның ішінде халықтық салт-дәстүр мәдениеті – Қазақ этнография ғылымында арнасы кең, шарпитын көлемі үлкен, кесек салалардың бірі.

Қазақ этнографиясы дәуірдің өтуімен тарихи барысты бастан кешіріп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жаңаланып, дамып, салт-дәстүрлеріміздің жасығын тастап, асылын екшеп қабылдап отырды.

Біз ендігі әңгімемізді қазақ этнографиясының ішіндегі көлемі кең салалардың бірі болған халқымыздың салт-дәстүр мәдениеті туралы сөз өрістетейік:

Халқымыздың бала тәрбиелеудегі салт-дәстүрлердің маңызы

Қазақ халқы бала тәрбиелеуге ерекше мән берген ұлт. Ата-бабаларымыз «Бала – бақыт», «Бала – баршаға ортақ мұра», «Бала – адамның бауыр еті», «Бала – адам өмірінің жалғасы», «Бала – адам өмірінің өркені», «Бала – болашақ», «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», «Адам мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды», «Баланы жастан, әйелді бастан», «Әкеге қарай ұл, шешеге қарай қыз өсер», «Оқыған бала – оқтаулы мылтық» сияқты қыруар мақал-мәтелдер шығарып баланы бақыттың нышаны деп білген.

Халқымыздың бала тәрбиелеу танымы ұзақ уақыттық өмір тәжірибесінен қалыптасып, сан ғасырғы тұрмыс сынағынан өткен. Халқымызда «Маңдайы кең, көз жанары отты, құлағы үлкен баланы білікті, парасатты адам болады», «Баланы маңдайынан қақпайды, бір адамның бақ пен соры оның маңдайына жазулы болады, маңдайға ұрса бақ қашады», «Бала емізіп отырған әйелге қарамайды», «Бейуақта баланың киімін далаға жаймайды», «Бала ойнап жер қазса жаман болады», «Бала шешен болсын деп таңдай жегізеді» қатарлы қыруар ырымдар мен тыйымдар болған.

Қазақтың салт-дәстүріне зер салар болсақ көп сандысы бала тәрбиелеуге қатысты болып келеді. Сол үшін қазақ халқы баланы ана құрсағы кезінен бастап күтімге алып қастерлейді, баланың дүниеге аман-есен келуін армандайды. Нәресте дүниеге келгенде «Бауы берік болсын», «Өмір жасы ұзақ болсын» деп тілек айтады. Бұрын сәбиге көз тимесін деген мақсатпен әжесі немесе анасы сәбидің бетіне күйе жағып, үстіне ескі киім кигізіп қоятын ырымдар жасайды екен.

Халқымызда нәресте дүниеге келгеннен кейін өткізілетін кіндік кесу, шілдехана, сүйінші, балаға ат қою, бесікке салу, бесік жырын үйрету қатарлы толып жатқан ырымдар мен салт-дәстүр жырлары бар. Бала қаз-қаз басып жүргеннен бастап ержеткенге дейін тұсау кесу, сүндетке отырғызу, атқа мінгізу, тоқым қағу, ататегін үйрету, амандасу, тән тазалығы, ар тазалығы секілді тәрбиелік маңызы зор салт-дәстүрлерді үйрету арқылы әдептілікке, адамгершілікке баулиды. Сол үшін ғұлама жазушы Мұқтар Әуезов «Үлкен алдында жас қарызы, ата-алдында бала қарызы – әдеп пен сый» деген екен.

                                    Тұрмыстық салт-дәстүрлер

Тұрмыстық салт-дәстүрлер қазақ этнография ғылымының ең үдкен салаларының бірі. Тұрмыстық салт-дәстүрлер сонау ескі заманнан басталып ұлтымыздың егіншілік, мал шаруашылық, орманшылық, аңшылық, теміршілік, сушылық, шипагерлік қатарлы алуан салаларман тамырласып жатады.

Қазақтың төрт түлік мал, аңшылық, егіншілік, балықшылық, ағашшылық, зергершілік, кестешілік секілді ұлттық өнерлері, киіз үй мәдениеті, үй жиһаздары, ыдыс-аяқ, ұлттық тағамдардың түрлері мен ерекшеліктері, ас-су және дастарқан әзірлеу, ұлттық киім-кешек қатарлы қыруар тұрмыстық салт-дәстүрлерімізді тереңнен тану, мән-мағынасын түсіну, зерттеудің маңызы өте зор.

Ата-бабаларымыз атам заманнан бері жылқы, сиыр, түйе қатарлы төрт түлік мал өсіруге ерекше мән беріп келген. Халқымыздың төрт түлік малға қатысты аңыз, ертегі, өлең-жырларды өте көп шығарған. Сонымен бірге төрт түлік малдың иесі бар деп қарап «Жылқы пірі-Қамбар ата, қой пірі-Шопан ата, түйе пірі-Ойсыл қара, сиыр пірі-Зеңгі баба, ешкі пірі-Шекшек ата» деген таным-сенім қалыптастырып, төрт түлік малды қорласа оның иесі шамданады деп ырымдап отырған.

Қазақта қонақ күту үлкен мәдениеттілік есептеледі. Келген қонақтың мәртебесіне, жасының үлкен-кішілігіне қарай сый-құрмет көрсетіледі. Қонақтарға тартылатын табақтың түрі көп. Қонаққа тартылатын табақ түрлері – бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді. Сыйлы қонақтарға бас табақ тартылады. Бас табаққа бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, қазы, қарта, жал, жая салынады. Егер жай табаққа тартылатын жауырын, тоқпақ жілік, қабырға, омыртқа бас табаққа тартылса, үлкен білімсіздік, көргенсіздік, тәрбие көрмегендік есептеледі.

Қазақ «Қонақ-қызыр», «Қонақ-құт» деп таныған. Қонақты «Құтты қонақ», «Құтсыз қонақ» деп екіге бөлген. Бұлай айтудағы себеп үйінде бірер көңілді жағдай болса, оны «Құтты қонақ», көңілсіз жағдай болса, оны «Құтсыз қонақ» деп ырымдаған. Жолы жақсы құтты қонақты «Ақ жолтай қонақ» болды деп жора-жосын жасап құрметтеген.

Әлеуметтік салт-дәстүрлер

Ұлтымыздың әлеуметтік салт-дәстүр мәдениеті үй болуға байланысты кәделер (құда түсу, құдаларды қарсы алу, қыз жасауы, келін түсіру тағы басқалар), өлім жөнелту (естірту, көңіл айту, өлген аламлы жерлеу, дауыс айту, қырық нәзірін, асын беру), наурыз мерекесі, ораза айт, құрбан айт өткізу, ақындық-шешендік өнерлер, бата-тілек, ақындар айтысы, халықтық музика аспаптары, сал-серілер, туыстық қарым-қатынас қатарлы алуан мазмұндарды өз ішіне алады.

Той жасау – бір отбасының, бір рудың қуанышы болып қалмастан бүкіл бір ауылдың қуанышы есептеледі. Қазақта қыз ұзату тойы мен сүндет той ерекше дабыралы өткізіледі. Тойға туыс-туғандар, алыс-жақындағы ағайын, дос-жарандар, тіпті басқа ұлт өкілдері де шақырылады. Қазақта «Той – құдайдың қазынасы», «Той десе қубас домалайды» деген қанатты сөздер айтылады.

Тойға сойылатын малдың түсі де таңдалып алынады. Мысалы, түйе болса ақ, жылқы болса көк қасқа, қой болса ақ сарбас немесе қызыл қасқа болуды шарт етеді. Тойға малға бата жасатқанда, береке-бірлікті ұйытқы етіп басқа рудың әйгілі адамдарына, көпті көрген беделі жоғары қарттарға бата жасатады. Тойға алыстан қымыз әкелгендердің сабаларының түбіне бір-бір жіліктен «Салым» салып қайтаратын жора болған.

Дабыралы өткізілетін той мен астарда ат бәйге, қызқуар, жорға, ат секірту, балуан, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, жаяу жарыс, ақындар айтысы қатарлы халықтық ойындар мен өнерлер көрсетіледі. Жүлделі болғандарға жол беріледі.

Қазақ халқы өлімді айрықша қастерлеп жөнелткен. Қазақта жан үзген адамға қарата «өлді», «өліп қалды» деген сөздерді қолданбаған. Қайта «қайтыс болды», «дүние салды», «қаза болды», «дүниеден өтті», «бақилық болды» деп айтқан. Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде атпен шауып келіп шеткі үйге ғана хабарлайды. Ол үй қасындағы көрші отырған үйлерге хабарлайды. Қайтыс болған адамның сүйегі үйінде бір күн не үш күн түнейді. Қайтыс болған адамның киімін төсегінің тұсынан жіп тартып іліп қояды. Қаза болған адамның тірі кезінде мініп жүрген атының құйрық-жалы күзеледі. Мұны «Тұлданған ат» деп атайды. Көші-қон кезде тұлданған атқа қайтыс болған адамның ер-тоқымы ерттеліп, оған шапан жауып, ердің қасына тымағын кигізіп жетелеп жүреді. Мархұмның жыл уағы толғанда тұлданған ат сойылады. Ат сойыларда жоқтау айтып отырған қыз-келіншектер атқа таласып, атпен қоштасады. Соңында ат сойылып, қайтыс болған адамның жылдығы беріліп, асын өткізеді.

Қазақта өлім жөнелтуде үлкен сын көзбен қарайтын болған. Сондықтан халық: «Өлім байдың малын шашады, кедейдің артын ашып кетеді», - деп түсінген. Қайтыс болған адамға қаралы үйдің әйелдері мен қыздары жылдық асын бергенге дейін жоқтау, дауыс айтқан. Егер қайтыс болған беделді адамға қаралы үйдің адамдары дұрыстап жоқтау айтпаса, ауылдың қазыналы қариялары жағынан сын айтылған.

Өлім жөнелту дәстүрінде көңіл айту, жаназа шығару, жерлеу, жетісін, қырқын, жүзін, жылдығын (асын) беру, жоқтау, дауыс айту, ат тұлдау, ту тігу, ине-жіп үлестіру, жүк түзеу, қазан күйдіру тағы басқа жосындар түгел орындалуы шарт. Сонда ғана ел-жұрты өлімді жақсы жөнелітті, мархұмның аруағы разы болды деп қараған. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз осыған қаратылса керек.

Қазақтың дәстүрлі этнография мәдениетінің тарихы өте тереңге тамыр тартып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кеткен. Бір ұлттың мәдениеті сол ұлттың қалыптастырған аса бай халықтық этнография өркениетінің деңгейімен өлшенеді. Әр қандай ұлт өркениет биігінен көрінемін десе, оның құнарлы, бағалы, кемелді халықтық этнография мәдениеті болу керек. Халықтық этнография – ұлтымыздың тілін, әдебиетін, салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын, шежіресін, мәдениетін тағы басқасын тарихтан-тарихқа үзбей жалғап жатқан алтын көпір секілді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

9 пікір