Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Күбіртке 9352 70 пікір 24 Желтоқсан, 2021 сағат 03:46

Путиннің аузына сөз салып берген – қазақ билігі!

Ресей президенті Владимир Путин жылдағы дәстүрінше айналасына азды-көпті БАҚ өкілдерін жиып, баспасөз жиынын өткізді.  Бас-аяғы 5 сағатқа жуық сөйледі. Ресейдегі елішілік һәм еларалық саяси тақырыптардың біразының басын шалды. Әлемге әміршіл, әпербақан, әлім жетті жауқорлығымен аты қалыптасқан Путиннің сөзін аңдығандар көп болды. Әсіресе, Батыстық басылымдар сөйтті. Біз де.

Көп нөпірдің ішінде Қазақстаннан арнайы барған мемлекеттік телеарна тілшілері де Путинге сауал қойды. Әрине, сұрарларын Қазақстанмен байланыстырып сұрады. Оған Кремльдің дәу бастығы жауап берді. Қазақстанның экс һәм екінші президенттері туралы жылы пікір білдіріп, келер аптада Петерборда күтетінін айтты. Онан соң, Қазақстанда «орыс тіліне жақсылап тұрып жағдай жасап жатқан Қазақстан билігіне» ақжарма алғысын айтты.

Ал біздің көңілімізді бұрған сөзі мынау болды. Владимир Путин: «Біздің терең гуманитарлық байланысымыз бар. Мен Қазақстан басшылығына орыс тілін дамытуға ерекші көңіл бөліп, қолдау білдіріп жатқаны үшін алғыс айтқым келеді. Қазақстанда қанша адам қазір орыс тілін оқып, үйреніп жатқанын өзіңіз де жақсы білесіз. Қазақстан – шын мәнінде орыс тілді мемлекет. Қай жағынан алып қарасаңыз да солай. Орыс тілін оқытатын мектептер де, жоғарғы оқу орындарының филиалдары да көбейіп келеді», - деп сөйледі.

Путиннің дәл осы айтқандарын орыс тілді һәм ресейлік БАҚ біткеннің бірі қалмай жазды. Тақырыптарын да сан түрлі ойнатып, «құланның қашуына, мылтықтың басуы» дегеннің керін келтірді.

Путиннің Қазақстан басшылығына алғыс айтар жөні де бар. Әрісін айтпағанда, биылдың өзінде ел билігінің ең жоғарғы басындағы лауазымды тұлғалары Қазақстандағы орыс тілі, оның ресми мәртебесі туралы біраз сөйлеген. Назарбаев та, Тоқаев та, Абаев пен Әшімбаев та айтарға келгенде аянып қалған жоқ. Бірінен-бірі асырып айтты. Кремль басшылығына естіртіп айтты. Естіпті. Естігенін Путиннің кешегі сөздерінен ұқтық. Өздеріңіз қараңыздар, әне:

2021 жылдың тамызы: Абаев сөйледі

«Біздің елімізде халықтың 90%-ы орыс тілін біледі. Менің ойымша, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі, мүмкін Ресейдің өзін және Беларусьтан кейінгі көрсеткіш шығар бұл. Бізде оқушылардың 30%-дан астамы орыс тілінде оқиды. Қазақстан халқының құрылымындағы орыстардың үлесі қазір шамамен 20%. Бұл тілге деген сұранысты білдірмей ме? Қазақстанда 23 мыңнан астам орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жұмыс істейді. Бұл Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда көп», - дегенді басқа-басқа емес, Президент әкімшілігінің екінші адамы Дәурен Абаев айтты ғой. Қашан? Биыл тамызда.

2021 жылдың қыркүйегі: Тоқаев сөйледі

1 қыркүйек 2021 жыл. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы жолдауында Қазақстандағы орыс тілі туралы: «Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Оны қолдануға біздің заңнамаға сәйкес кедергі келтіруге болмайды», - деп мәлімдеген.

2021 жылдың қазаны: Әшімбаев сөйледі

Ал қазан айында Сенат төрағасы (басқаша айтқанда запастағы президент деген статусқа ие) Мәулен Әшімбаев: «Қазақстанда халықтың 86 пайызы қазақ тілін еркін меңгерген болса, 92 пайызы орыс тілінде еркін сөйлейді», - деген болатын.

2021 жылдың желтоқсаны: Назарбаев сөйледі

Америкалық режиссер Оливер Стуонға берген сұхбатында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Орыс мәдениетімен байланыс қазақтар үшін өте қолайлы рөл атқарды. Орыс тілі арқылы біз әлемдік мәдениетке шыға алдық. Себебі қазақ тілінде аударылмай тұрып, тарихи, мәдени, ғылыми дереккөздер болған жоқ. Орыс мәдениеті мен орыс тілі арқылы жеттік. Революцияға дейін білімді адамдар 5-6% болса, қазір қазақтардың 100%-ы білімді», - деді.

Анығы Қазақстандағы орыс тілі туралы кеше-бүгін, биыл ғана айтылып отырған жоқ. «Орыс тілі - үлкен көршіміздің тілі. Біз орыс тілін ұмытпауымыз керек», - дегенді де, «орысша сұрағанға орысша жауап берілсін», - дегенді де Назарбаев айтқан. Ал: «орыс тілін ұмытуға болмайды. Бұл - үлкен артықшылық», - дегенді Дариға Нұрсұлтанқызы айтқан. «Орыс тілінен бас тартпаймыз. Орыс тілін сақтауымыз керек», - деген сөзді Мәжілістің қазіргі спикері Нұрлан Нығматулин айтқан. Әр жылдары. Мұндай маргиналданған саяси һәм бизнес элита өкілдерінің жалтақ мәлімдемелерін тізе берсек, бүгін бітпейміз. Өте көп.

Тіпті, айта, айта жауыр болған Конституциядағы 7 бапты да сөз етпей-ақ, жыл басталардағы Мәжілісте болған масқараны еске түсірейікші...

Ант бере алмаған Мәжіліс депутаттары

Биыл қаңтарда Қазақстанның ең негізгі Заң шығарушы органы – Мәжілістің жетінші шақырылымы жұмысқа кірісті. Кірісерден бұрын Мәжіліске барған су жаңа депутаттар ант берді. Ант берді дегенде қалай болды?

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен тұтастығын нығайтуға, оның Конституциясы мен Заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін!», - деген 26 сөзден тұратын ант мәтінін дап-дардай депутаттар ежіктеп, әрең оқып шыққанын, тіпті кейбіреулерінің сөзден сүрінген өздеріне-өздері ыржалақтап күліп тұрғанын, тағы біреулердің үш жол антты оқи алмай, екінші мәрте қайталап оқығанын да көзбен көрдік.

Қазақша сөйлемейтін Үкімет

Қазір Үкімет құрамында 20-дан астам адам бар (министр, вице-премьер). Соның барлығын айтпасақ та, бірлі-жарымын сөз етуіміз керек. Мысалы, Үкімет басшысы Асқар Маминнің өзі қазақшаны ежіктеп сөйлейтін адам. Онысын Үкімет отырыстарында көріп, біліп жүрміз.

Ал ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин дейтін адам бар. 2020 жылдың қыркүйегінде тағайындалған. Сол уақыттан бері Ильиннің бір ауыз қазақша сөйлегенін көрген, естіген адам бар ма? Жоқ!

Биыл қыркүйекте Мәжіліске келіп, баяндама жасаған Серікқали Брекешев дейтін дәудей министр (ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі): «Мемлекеттік тілде жауап беруге қиналамын. Қазақша білмегендіктен емес, өз ойымды толық жеткізу үшін орыс тілінде жауап берейін», - деп тағы бір масқара болған жоқ па еді?

Әсет Ерғалиев дейтін Үкіметтегі ең жас министр бар. Ұлттық экономика министрі. Мәжіліске барғанда, депутаттардың қазақша қойған сауалына орысша жауап беріп, сөз естіген. Бұл оқиға ақпан айында болған еді.

Кейін: «Қазақ тілін үнемі, күн сайын үйреніп жүрмін. Репетитормен күн сайын бір жарым сағат бойы оқимыз. Жақын арада таза қазақ тілінде сөйлеуге уәде беремін», - деп алдап-сулап құтылған.

Кезінде қазақ тілін үйренуге уәде беріп, кейін микрофон ұстаған журналист көрсе, қаша жөнелуді жақсылап меңгергеннің бірі – ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев еді.

Ол аз десеңіз, қазақша сұраққа орысша жауап беремін деп, күллі жұртқа келеке болған ҚР Бас санитар дәрігері Ерлан Қиясовтың немесе баспасөз жиынында қазақ тіліндегі алты ауыз сөзді әріптеп оқып, әжуаға қалған ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басшысы Айжан Есмағамбетоваларды жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.

Бұнымен не айтпақпыз? Жоғарыдағы Қазақстанның саяси элитасының сықпытын көрдіңіздер. Кімге не деп өкпелейміз? Путинге ме, әлде Путиннің аузына сөз салып беріп отырған қазақ билігіне ме? Ақорданың өзі: «Қазақстан – орыс тілінде сөйлей береді», - деп отырғанда, Путин де, оның айналасындағылар да: «Қазақстан – Ресейдің ықпал етуші аймағы. Оның халқы – орыс тілді», - дегенді нық сеніммен айта бермек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

70 пікір