Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Білгенге маржан 3918 8 пікір 22 Желтоқсан, 2021 сағат 15:51

Шамшырақ

(күй талдау тәжірибесінен)

Домбырашылық дәстүрде төре күйлері деген дара мектеп болған. Бірақ жарты дүниеге әміршіл жүйе орнатқан Кеңес өкіметі ол туралы зерттеушілерге жақ аштырмады. Өнерпаздың шыққан тегін міндетті түрде жалшы немесе кедей табынан етіп көрсеткендіктен, дала шонжарлары, ақсүйек төре тұқымы хақында сөз қозғау мүмкін болмады. Ақыры төре күйлері солақай саясаттың құрбанына айналды. Қазір төре күйшілеріне қатысты қарапайым өмірбаяндық деректердің өзі жұтаң.

Сыр бойында, бұрынғы Жанкент қаласында Сыр шектілері ақ киізге салып хан көтерген, кейін Калугада 10 жыл айдауда жүріп, сүйегі жат жерде қалған төре күйлері дәстүрінің көрнекті өкілі Арынғазы Әбілғазыұлының ата қонысы Қазалы қаласы. Біз сөз еткелі отырған Үсен төре осы Арынғазының немере ағайыны. Тарихшы М. Әбдіров «Император тұтқыны» деген мақаласында «Арынғазы 1815 жылы Жанкент қаласында шектінің Жақайым руына хан сайланған. 1833 жылы Калугада дүние салған. Әкесі Әбілғазы сұлтан да 1797 жылы шекті руына хан сайланған» дейді, Арынғазы төренің жұмбақ тағдыры хақында [Әбдіров М. Император тұтқыны // Простор. – 1995. – № 4–5. – 103–106-бб.].

Үсен төре – Сыр мен Батыс Қазақстан өңіріндегі жалпақ жұрт таныған өнерпаз еді. Қанына сіңген қас өнерді шен қуалау мен ен дәулетінен жоғары қойған Үсен, заманында шашасына шаң жұқпаған, соңына қара ілеспеген үкілі жүйріктермен күй додасына түскен. Ел ішінің есті әңгімелері Үсен төренің домбырашылық дәрежесін жоғары бағалайды. Ол әйгілі Қазанғаппен күй тартысқан, кейін батасын берген. Күйші Мырза Тоқтаболатұлы да осындай дүлей өнер иесімен күй тартысуға тәуекелі барып, аруақты күйшінің алғыс-ықыласына бөленген деген қария-сөз жеткен.

Үсеннің жас мөлшері Мырзадан үлкен болса керек. Бір жылы ел жаз жайлауда отырғанда Арал, Қазалы өңіріне қыдырып, Үсен күйші келіпті. Қадірлі қонақты белгілі адамдар үй басы шақырып, қолдан түсірмей құрметтеп, домбырасының бауырынан түйдектей төгілген әсем саздарды апталап тыңдап, сол сапарда Үсеннің өнеріне әбден қанығыпты. Осылайша шеру тартқан күй думанының бірінде, шабыт тұғырына көтерілген Үсен төре халыққа қаратып сөз бастап, «Бір күйім бар, оны тартсам, анау, желіде байлаулы тұрған күрең жорғам ноқтасын үзіп, алдыма келеді» депті. Жиналған жұрттың ықыласы төреде, көздері күрең жорғада болса керек. Бірақ, желіде тұрған жануардың ноқтасын үзіп, иесіне келер сыңайы байқалмапты. Мұндай жағдайды күтпеген төре, сасқанынан тартып отырған күйін доғара салып, күрең жорғаның жанына қалай жетіп барғанын өзі де аңғармай қалса керек. Келсе, күрең аттың тасасында домбырасын бебеулетіп бір жігіт отыр екен. Күндегі әдетінен жаңылып, иесінің күйіне міз бақпаған күрең жорғаның оғаш қылығын енді түсінгендей болған төре, күрең жорғаның мына жігіттің тартқан күйінің әсерінен қозғалмағанына қайран қалғанын жасыра алмай:

– Уа, шырағым! Бұл тартып отырған күйіңнің атын айт, – дейді.

– Күйімнің аты «Кербез күрең», өзімнің атым Мырза деп жауап беріпті, әлгі жігіт.

Бұл Үсен төре мен Мырза күйшінің алғаш кездесулері екен. Мырзаның өнеріне риза болған Үсен төре Сырдан кетерінде Мырзаға астына мінген күрең жорғасын сыйға тартыпты. «Мырзаның «Кербез күрең» деген күйі осылай шыққан екен» дейді, көненің әңгімесі.

Ел арасындағы Мырза, Үсен төре, Қазанғап күйшілерге байланысты аңыз әңгімелер бір ғана түйінді – олардың бір дәуірде өмір сүріп, тығыз шығармашылық байланыста болған ортақ дәстүр өкілдері екенін растай түседі. Аталмыш аңыздан аңғаратынымыз, өнеріне тәнті болып, Үсен төре Мырзаға, Мырза Қазанғапқа батасын беретіндігі. Демек, алдыңғы буын шыққан белестен шәкірт өз шеберлігін асырғанда ғана ұстаздан бата алады. Аңыздың ишараламақ болғаны осындай жай-жапсарлар деп ұғынған жөн.

Заманында орыс демеушілері Ресейдің рухани, мәдени өміріне үлкен ықпал етті. Мұндай жағдайлар қазақтан шыққан ауқаттылар арасында да дәстүрге айналған. Орынбор, кейін Қарақамыс жәрмеңкесінде базарбасы болған Үсен төре де өнерге қамқоршылық жасаған. Жалпы көзі ашық, көкірегі ояу ауқатты дала қазақтары мұндай сауаптан өздерін алшақ ұстамаған, өнерге қамқорлық жасауға тырысқан. Қазақ байлары талай өнерпаздың алдына мал салып, үстіне үй тігіп берген. Кеңес Одағы кезінде мұның барлығы халыққа кері түсіндіріліп, теріс насихат жүргізілді. Біз білетін белгілі өнерпаздардың «байлармен қас болып, ылғи да жалшы, құл-құтан жағында жүретіні» сондықтан. Бірақ шын мәнінде жағдай керісінше болатын. Қазақтың ауқаттылары «Атақты Алла берген байларға ұят, / Қоңсысы қасындағы жарымаған» (Тұрмағамбет) деген жолды үлгі тұтты.

Үсен төренің өмірі мен шығармашылығы, туған және дүние салған жылдарын нақтылайтын айғақтар, көп күйі мен оның қосар айтылатын аңыз-шежіресі, күйшілік ортасы хақындағы деректер бізге жеткен жоқ. Бір білетініміз, күллі мұсылман зиярат ететін Меккеге қазақ сахарасынан Құнанбай, Досжан, Мырқы қазіреттер қаж сапарына барғанда осы топпен бірге Жем, Сағыз, Сыр бойынан 100-ге тарта тәуәп етушілер аттаныпты. Солардың бірі – Үсен төре осы сапардан аман-есен елге оралғаннан кейін, дүниеге келген баласының атын Қажы қойыпты.

Жарты дүниеге әміршіл жүйе орнатқан Кеңес өкіметі төре күйлерін зерттеуге, олар туралы айтуға тыйым салды. Қылышынан қан сорғалаған сондай алмағайып кезеңде Үсен сияқты дегдар тұлға хақында тайсалмай сөз қозғауға тәуекел еткен академик А. Жұбанов болатын. Бірақ бұл шындықтың бетіне перде тұтылған заман еді.

Біз Үсен күйшінің бір ғана шығармасына тоқталып, талдау жасамақпыз. Үсен төренің «Шамшырақ» атты күйіне байланысты деректің бірін А. Жұбановтың «Ән-күй сапары» атты белгілі еңбегінен ұшыратамыз. Кітаптың «Сирек орындалатын күйлер» деген тараушасында автор «Үсен төре деген кісі бұрынғы Орал, Торғай облыстарына аты әйгілі домбырашы, әнші. Ол көп жылдар Орынбор жәрмеңкесінде базарбасы болған... Үсен – Қамбардың жұбайы Хажының әкесі. Қамбар тікелей Үсеннің өзінен үйренген... Үсеннің «Шамшырақ» күйінің де тарихы бар. Ол осы ғасырдың басында қазақ ауылдарында өте сирек болса да орыс мектептері ашылып, хат танып, орысша сөйлеп, көздері ашыла бастаған қазақ жастарына арнап шығарылған күй көрінеді. Шамшырақ – халық ұғымында сөнбейтін жарық. Ал «Оқу – білім азығы, білім – ырыс қазығы» деп халық бекер айтпаған. Бұл Ы. Алтынсариннің орыс әрпімен жазған қазақша әліппесінің жарыққа шығып, «Кел, балалар, оқылық!» деп ұран шашқан кезеңдері болуы керек» деп жазады [Жұбанов А. Ән-күй сапары. Алматы: Ғылым, 1976, 186-б.].

Үсен төренің шығармасын талдамас бұрын жоғарыда академик білдірген пікірдегі бір жаңылыс деректі нақтылай түскен жөн. Біріншіден, Ахаң тілге тиек еткен дәулескер домбырашы Қамбар Медетовтың жұбайының есімі Хажы емес, Гүлихрам, ал Қажы – Гүлихрамның әкесі. Екіншіден, ағартушы ақын Ы. Алтынсариннің көпке белгілі өлеңіндегі «Оқысаңыз балалар, / Шамнан шырақ жағылар» деген сөзді А. Жұбанов «Шамшырақ» күйіне тек эпиграф ретінде алған. Сөйтіп, «Орысша сөйлеп, көздері ашыла бастаған қазақ жастарына арнап шығарған күй көрінеді» деген әміршіл жүйенің астамшыл пиғылы Үсен төре күйінің аңызы арқылы ұсынылған. Бұл жерде сол замандағы ғалым атаулының тіліне түскен кісенді ескеру керек. Күй талдаудың бұл машығы сол замандарға лайық болуы әбден мүмкін, бірақ бүгінгі күн талабы үшін міндет емес. Бұл жайттарға байланысты Ахаңның өзі де аталмыш еңбегінде «Үсен төре дегенге ол бір шонжар екен деп қарамау керек. Үсен төре деген аты қалғанымен, М. Горькийдің «Шыңырауда» пьесасындағылар секілді кедейленген төре» дейді [Жұбанов А. Ән-күй сапары. Алматы: Ғылым, 1976. 168-б.].

Ғалымның бұлайша ақталуы бізге көп жайтты ұғындырады. Бүгінгі күн биігінен қараған адам Кеңес өкіметінің зорлықшыл пиғылы алдындағы Ахаң сияқты академиктің шарасыз айласын фәлсапасыз парықтай алады. Ал Үсен төренің аталмыш күйін таным таразысына тартып, жаңаша талдау парыз. Сонда ғана күй тілінің ишаралаған түпкі ниеті аршыла түседі.

Аңыз – күйдің айна қатесіз көшірмесі, нақты тарихы дейтін болсақ, сөз жоқ, қателесер едік. Кейде бізге жеткен күй аңыздарын белгілі бір нақты тарихи оқиғамен шендестірумен қоса, одан миф, ишара, астар іздеген әлдеқайда ұтымдырақ болмақ. Сонда ғана күйді түсіну, талдау тәсілі мен тәжірибесінің ара жігі шарттылана түседі. Өйткені күй талдауда қалыптасып, қатып-семіп қалған қағида, бұлжымас заңдылық жоқ. Қазақ музыкатану ғылымындағы бірауызды тоқтам жасалмаған өзекті мәселенің бірі осы. Ал Үсен төренің «Шамшырақ» күйіне байланысты әлі ғылыми айналымға түсе қоймаған мына бір аңыз бізге көп жайтты парықтауға мүмкіндік берері анық.

Шығыс Қазақстан өңірінде найман руынан шыққан Тана Тілемісов деген аға сұлтан өткен. Заманында Өскенбайдың Құнанбайы, Шорманның Мұсасы сияқты беделді адамдармен терезесі тең араласқан арда. Тана Тілемісұлының ұрпақтары ХХ ғасырдың 60–70-жылдарына дейін өмір сүрген Шайқыслам, Уақап ақсақалдан естіген «Шамшырақ тас» атты аңыз әңгімені шығысқазақстандық Д. Нұртазаұлы жазып алып, «Алдаспан» журналына жариялапты. Бұл аңыз Шығыс Қазақстан өңірінде Тана мырзаға бақ орнап, байлық бітіп, аға сұлтан дәрежесін алуына байланысты айтылады екен. Көне күндерден жеткен сол есті сөз былайша сыр шертеді:

«Ол заманда жазда, қазақ ауылдары мал жайылымын өзгертіп, бір жерден екінші жерге көшіп-қонып отырған. Сондай бір көште Тілеміс би үлкен ұлы Тананың киіз үйін ең алдымен көшіріп, жайлауға апарып қондырып қояды. Қалған ауылдар біртіндеп, өз кезегімен соңынан көшетін болады. Тананың отауы тігілген жасыл жайлау Ертіс өзенінің дәл жағасына таяу екен. Тана мырза күндіз киіз үйдің ішінде дем алып, ұйықтап жатса керек. Әлден уақыттан соң бір нәрсенің ыңылдаған дауысынан оянып кетіп, көзін ашып қараса, киіз үйдің ішінде есіктен төрге дейін қаптап, толып отырған бір түрлі мақұлықтарды көреді. Бірақ мұның не екенін біле алмайды. Бұрын мұндайды көрмеген жас жігіт есікті сырттан жауып, далаға шығып, біреуге «Келесі ауылдағы Ертісбай қарияны тез ертіп әкел» деп жібереді. Ертісбай қария Ертіс өзені бойында туып-өскен болса керек. Келіп, мына ғажапты көзімен көреді де, «Бұл дарияны мекендейтін терісі аса қымбат ақбас құндыздар. Бұлардың сенің үйіңе өздерінің келіп кіруі өте сирек кездесетін құбылыс. Шырағым, саған Алла рақым етіп, бақ-дәулет қонады екен» дегенде, жас жігіт, «Бұларды енді қайтеміз?» деп сұрапты қариядан.

«Бұлар дарияның жоғарғы ағысына қарай серуендеп кетіп бара жатыр екен. Күн ыстықта көлеңкелеп, сенің үйіңе келіп кірген көрінеді. Құндыз да даланың аңы, сойып, терісін сыпырып алу керек. Ақ бас құндыздардың терісі аса қымбат саналады, бір немесе екі ту бие болады. Сонда бұлар қанша байлық екенін өздерің ойлап көріңдер. Алажаздай дарияны кезген балықшы осының біреуін ұстап алса, үлкен олжа көреді» деп, Ертісбай қария төрде отырған үлкен құндызды өзі соғып өлтіріп, Тана мырзадан рұқсат сұрап, «Осының ұртындағы нәрсені мен алсам» депті. Оның не нәрсе екенің Ертісбай өзі айтқан соң ғана басқалары біліпті. Ол «Шамшырақ тас» екен. Құндыздар тобын басқарушы қараңғы түнде шамшырақты тістеп алып, маңайын жарқыратып, басқаларына жол көрсетеді екен. Сол тасты түнде қағаздың үстіне қойса, соның жарығымен оқуға да, жазуға да болады. Кейіннен ел біліпті, Ертісбай сұрап алған сол шамшырақ тастың құны 12 атқа бағаланыпты [Нұртазаұлы Д. Шамшырақ тас // Алдаспан. – 1999. – № 3–4. – 19-б.].

«Шамшырақ тас» туралы аңыз-әпсаналар мұнымен ғана шектелмейді, құндыздан басқа жылан мен жайынға байланысты да айтылады. Соған қарағанда, бұл аңыздалуы әр басқа, мифологиялық астары шытырман, мән-мағынасы терең, әлемдегі халықтардың біразына ортақ сарын, әр түрлі үлгіде кездесе беретін, ілкіден келе жатқан көне аңыз болуы мүмкін.

Дала қазақтары арасында ауызша тараған тарихи әпсана бойынша «Тас – Тәңірден бір-ақ жас кіші». Түркі жұртына айрықша көп жайылған қорқыттық мифологияда Қорқытқа қатысты негізгі 7 кептің бірі – тас. Біздің заманға Қорқыт шығармасы деген айдармен жеткен «Тарғыл тана» күй аңызында Қорқыт «Өлсем де жетемін» деп қуған тарғыл тана, ол енді жете бергенде тарғыл тасқа айналып кеткені туралы айтылады. Демек, тас мәңгіліктің ишарасы.

«Шамшырақ тас» аңызының күй түріндегі көрінісі ерекше көркем, әрі қасіретті, музыкалық тіл қол жетпес арман, келмеске кеткен мұнар күннің елес кейпін білдіреді. Өйткені, адам ғұмыры – өткінші, ал өмір – мәңгі. Сол үшін де жалғаншыдағы мәңгі нәрселер қастерлі һәм қасиетті мұрат-мүдделер ғана. «Шамшырақ тас» мәңгілік мұрат-мүдделер мен қасиеттер жиынтығы десек, «Шамшырақ» күйі де осындай мән-мағынаға ие.

«Шамшырақ тасқа» байланысты аңыз үлгісінің нұсқалары тағы да сол Шығыс Қазақстан өңірінде сақталған. Сондай кептің бірін Семей өңірінің тумасы, заманында 300-ге тарта күй шерткен дәулескер домбырашы Байжігіт шығармаларының шебер орындаушысы мен сақтаушысы, шежіреші Жүнісбай Стамбайұлынан естіп, бізге жеткізуші көнекөз қарттың жиені, жазушы, домбырашы Т. Әсемқұлов.

Ілгеріде қазақ халқы төрт түлік малды тебінгіде ұстаған. Өз аяғымен жайылатын қоралы қой мен үйірлі жылқыға шөп дайындалмаған, қора салынбаған. Бертін келе, Ресей империясының ықпалына өте бастаған тұста ғана мал қораланып, қол орақ маторлы техникаға айырбасталып, қыстық шөп алдын ала дайындала бастаған. Мына бір оқиға сондай күндердің бірінде өтіпті.

Семейдің Аякөз, Шұбартау аудандары шектесетін жерде Майтас, Керегетас, Табалдырықтас деген елді мекендер бар. Бірде бай ауылының бір топ жігіттері Табалдырықтасқа шөп көделеуге барыпты. Табалдырықтас – екі босағасы есіктің жақтауына ұқсас, табаны табалдырықтай, ерекше тас екен. Жігіттер жұмысын аяқтап, ымырт жабыла қайтуға бет алғанда, алыстан от көрініп, ысылдаған дыбыс шығады. Үрейленген топ қаша жөнелгенде, орталарындағы бір балуан жігіт «Бұл біздің жанымызды алуға келе жатқан тажал болу керек. Мұның өзіне қарсы тұрып өлтіруге тырыспасақ, басқа құтылудың жолы жоқ» дейді.

Алыстан ысқырып келе жатқан жылан екен. Жігіт Табалдырықтастың жақтауына жасырынып тұрып қалады да, қолына қазанның үлкендігіндей қайрақ тас алады. Жылан ирелеңдеп келіп Табалдырықтасқа басын енді аса бергенде, қолындағы таспен бастыра қойыпты. Ышқынған жылан құйрығын басынан асырып келіп құлағанда, тізе бойы жерге кіріп кетеді. Әлгі жігіт сол жерде талып қалыпты. Қасындағы серіктері балуан жігітті дұға оқып, бетін бері қаратып алады. Өлген жыланның аузында бір нәрсе жанып жатады. Сөйтсе, алыстан от болып көрінген осы «Шамшырақ тас» екен. «Ертесіне, ауыл жігіттері жиналып келіп, әлгі алып жыланды бөлшектеп, әр жерге көміпті» дейді.

Келесі аңыз нобайы да Арқада әлі күнге айтылады. Көнекөздер Арқаны жердің сауыры, Сырды ой елі дейді екен. «Ой еліндегі Сыр дариясында алып жайын балық болады. Бір жылы, ерте көктемде асығыс көшкен ауылдың қара жер деп қонғаны жайын балықтың жон арқасы болып, суға ығады. Жайын балық кейбір түнде судан шығып, аяқты мал сияқты жайылады. Жайындар топ болып жайылып жүргенде, ортасындағы алып жайын «Шамшырақ тасты» тістеп алып, айналасына жарық түсіріп тұрады. Жайындар жайылып жүргенде адамға, малға шабады» дейді, аңызды жеткізушілер.

Қазақ даласы ұмытпай сақтаған аңыз-әпсананың бірі – Асанқайғы хақында. Сол абыз Асан қарттың Абат есімді ұлы болыпты. Абат батырдың өмірдегі нақты бейнесі аңыз мұнарына айнала бастағанымен, оның тарихи тұлға екенінде дау жоқ. Батыр Абат, мырза Абат, бай Абат, би Абат атанған жарықтықты «Жақсықылыш пен Жаманқылыш көлінің бірінде, ат суарып тұрған жерінде жайын жұтып өлтіріпті» деген ақиқатқа бергісіз аңызды мен Ізжан Жалғасов деген аралдық шежіре қариядан естіп едім. Бұл жер атаулары Арал ауданы маңында, мемлекеттік картада анық-айқын көрсетілген тарихи тиянақ. Ел арасындағы «Жайын адамға шабады» деген аңыз нобайында осындай тарихи шындықтың шеті жатуы әбден мүмкін. Біздің мақсатымыз «Шамшырақ тасқа» байланысты алуан аңыздың санын анықтау емес, оның маңызын ашып көрсетіп, «Шамшырақ» күйі ишараламақ болған ілкі ниетті түсіну.

Мысалға келтірген аңыз әңгімелерден басқа, шамшыраққа байланысты түрлі поэтикалық бейнелердің жыр тіліндегі кестесін ақын-жыраулар шығармашылығынан көруге болады. Жыр алыбы Жамбыл бір толғауында «Шамшырақ тасты» былай суреттейді: «Шамшырақ деген бір тас бар, / Теңіздің терең түбінде. / Шам қылуға оны алар, Қараңғы түнек түнінде».

Егер Шамшырақ сөзін заттық сипатта, яғни шам есебінде қолдансақ, сөз жоқ, бұл білімнің ишарасы. Күйде қасиетті жан-жануарларға байланысты тотемдік, табулық, мифтік сарындар да кездеседі. Ал Үсен төре күйінің нақты айтар ойының астары, ишара еткен ниеті не? Егер А. Жұбанов талдауының өзекті тінін сабақтасақ, бұл білімнің, жаңа заң, соны өзгерістерді қуана қарсы алудың бір белгісі сияқты. Оны бағыт беруші (кеменің маягі) деп те қабылдауға болады. Бірақ, Бесқала өңірінде жасаған домбырашы Молдағали Балымбетов орындайтын «Шамшырақ» күйінде ондай қуанышты, риза, шаттық көңіл-күйдің табы да сезілмейді. Керісінше, күй барынша мұңды, шерге толы, қуаныштан гөрі ішкі дүниенің қайғы-қасіреті мен өксігі белгі береді.

Жалпы, «Шамшырақ тасқа» байланысты қария сөздің аңыздалуы мен түсінілуі әр басқа демесеңіз, қазақ даласының әр түкпірінде кездесе беретін әмбебап сарын деуге болады. Ойымызша, аталмыш күйдің ишараламақ ниеті, сол арқылы айтпақ негізгі ойы биік мұрат-мүдделердің күйреу себептері, соның өмірдегі сәулелі салдары болса керек.

Ақбас құндыз – сұлулық пен кісіліктің, кие мен тектің ишарасы еді. Аңызда дала аңдары адамнан пана іздеп келеді. Дүниеге қызыққан ертісбайлар оны соғып алып, тән қалауын қанағаттандырды, сөйтіп сұлулықты, тектілікті «олжа», «дүние», «мүлік» деп білді. Бұл дүние дидарында өмір сүріп келе жатқан адам баласы мен табиғат-ана арасындағы ғаламдық үйлесімділік заңының бұзылуы, табиғи тегінен ажыраған пенденің өзінің жан дүниесіне үңілуден қалған мәжусилігінің, қасиеттісін қадірлемеу себебінен халықтың болашақ тағдырының қасірет қазығына байлануының сәуегей болжамы.

Аңызда Ертісбайдың төрдегі ақбас құндызды соғып алып, оның аузындағы «Шамшырақ тасты» алуы төренің төрдегі басы босағадан шығып, дала ақсүйектері биліктен шеттетіліп, көшпелі өмірсалттың күйреу себебі көрініс тапқан, қара халықтың қараңғыда жол бастайтын шамшырақтарын өз қолымен тұл ету тарихы айтылған. Соның бәрін өз пайдасына шешкен басқыншы жұрт Сырым, Исатай, Кенесары, Жанқожадай азаттықтың ақ туын көтерген есіл ерлердің адал ниетін қанға бөктірді. Бабалардың аттың жалы, атанның қомында, ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен шыбын жанын шүберекке түйе жүріп қорғаған қасиетті топырағына тіккен орыстың ордасы халықтың ғасырлар бойы сақтаған асыл мұраттарының ойранын шығаратын шын мәніндегі жынның ордасына айналатынын жұрттың алдымен сезсе де, шарасыз бармақ шайнаудан аса алмаған Үсен төре сияқты дегдардың өзі куә болған жан түршігерлік жайтқа қуануы мүмкін емес еді. «Шамшырақ» күйі асыл арқауына осындай қасиетті мұраттарды желі еткен қасіретті шығарма, Үсен төренің жан айғайы.

Ақыры биік мұрат-мүдделер азды, бабалар аманаты күйреді, көкіректен діннің өрнегі кетіп, оның орнын Зұлхақтың жыланы жайлады, тілге кісен түсті, азуын Айға білеген бөрі текті Алаш ұлынан билікпен қоса бірлік кетті. Ендігі жол, ендігі қару оқу-білім, ағартушылық бағыт еді. Бұл ХХ ғасырдың басында бүкіл қазақ даласына ұран болған идеологияның бірі болғандықтан, осы тұста қазақтың ақын, әнші, күйші, жыршы тәрізді әлеуметтік ой-пікірді реттеуші мәдени қаһармандар идеялық кеңістікте бір ортаға шоғырланып, ортақ нысанада тоғысты деп байлам жасауға болады. Тап осы кезде ұлттық мүдде қазақтың рухани құндылықтарында (ән, күй, жыр) ортақ жырлана бастады. Әдеби-музыкалық фольклордың мұндай жиынтық сипаты бұрыннан да бар кемел құбылыс. Десе де, біз сөз етіп отырған жайт Үсен төре тәрізді тұлғалар тұсында айрықша мәнге ие болғанын ерекше айту ләзім. Оған жарқын мысал – «Шамшырақ» күйі.

Берік Жүсіпов,

фольклортанушы

Abai.kz

8 пікір