Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4583 0 пікір 27 Тамыз, 2012 сағат 07:10

Әзірет Барбол. Арға тартпай – арман тұл, Намыс қумай – мақсат тұл

Немесе қазіргі жазармандар жайы туралы

Мен жаттым бұқтым,
Сен жаттың бұқтың,
Кім істейді қызмет.
Сөзбенен айтып,
Істерде қайтып
Жоламасақ не міндет.
А.Байтұрсынұлы

Ақынның қасиеті - заманға жаңғырық,
әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға
айна болып, тарихи із, тарихи материал
(дерек) қалдырып отыруында.
Жүсіпбек Аймауытов

Немесе қазіргі жазармандар жайы туралы

Мен жаттым бұқтым,
Сен жаттың бұқтың,
Кім істейді қызмет.
Сөзбенен айтып,
Істерде қайтып
Жоламасақ не міндет.
А.Байтұрсынұлы

Ақынның қасиеті - заманға жаңғырық,
әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға
айна болып, тарихи із, тарихи материал
(дерек) қалдырып отыруында.
Жүсіпбек Аймауытов

Мағжан Жұмабайұлы: «Елдің елдігін сақтайтын - әдебиеті, тарихы, жол-жорасы» десе, Ғабит Мүсірепов: «Әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» дейді. Ал орыс жазушысы В.Белинский: «... Россияның қауіпсіздігі мен экономикалық тұрмысы үшін ең бірінші жауап беретін адам патша ағзам болса, ал Россия анамыздың рухани құлдырап, моралдық жағынан азғындауына мына сені мен мен біздер бұ дүниеде ғана емес, маһшарда да азаматтық айыбымызды жуа алмаймыз...» дейді.  Яғни, бұл - қаламын қару етіп, ұлттың ұлы мұраты, арман-мақсаты үшін атан көтере алмас ауыр жүкті мойнына міндет қылып, ұлтының зарын зарлап, арын арлайтын  зиялы қауым - ақын, жазушылардың ұлы міндетін, дәреже-деңгейін, рухани болмысын, сол қаламгерлер қаламынан туған туындылардың ұлт руханиятындағы айрықша орнын  көрсетсе керек.  
Қазіргі уақытта қазақ әдбиеті тарихта бұрын-соңды болмаған ең бір құлдырау дәуірін бастан кешіп отыр. Әдебиет жоқ, әдеби сын жоқ. Қазіргі қаламгерлердің қаламынан туып отырған кез-келген жанрдағы - поэзия, проза және драматургияда ұлттық рух жоқ, рухани нәр жоқ. Сондықтан да ондай рухсыз, сөлі жоқ әдебиетіміз қазақтың мұңын, мұңдап, арын арлап, зарын зарлауға дәрменсіз болып тұр. Қазіргі кез-келген әдебиеттен қоғамның шынайы                            бет-бейнесін, шынайы болмысын, ұлт тағдырын, шындықты бүкпесіз көре алмайсыз. Ақындық поэзиядан «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген қағидаға негізделген халықтық мүддені, аяққа тапталған ұлттық намысты, жаһандану жалынына шарпылған ұлттық рухтың аянышты һәлін кездестіре алмайсың.  Ал осындай бейнеті көп ауыр жүкті, ұлы міндетті, ұлт жұмысын мойнына жүктеп, ұлт пайдасын ойлап, шындықты жазатын - жазушылар мен, ақиқатты жырлайтын ақындар қазір жоқ.  «Қинамайды дарға асқаны, атқаны» деп ел болашағы үшін, ұлт тағдыры жолында басын бәйгеге тіккен Ахаңдар, Міржақыптар, Мағжандардың рухы сезілмейді қазіргі қаламгерлердің бойынан. Сондықтан да әдебиетшілігіміз де сауатсызданып барады...
Үстіміздегі жылдың 25 маусымында Әдебиетшілер үйінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының кезекті пленумы өтті. Онда Қазақстан Жазушылар басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалин «Кеңістік. Қоғам. Қаламгер» атты тақырыпта жазушылар үйінің өткені мен бүгіні, болашағы туралы және сол одақтың маңына топтасқан жазушылар қауымның қазіргі ахуалы туралы баяндама жасаса, сол пленумға қатысып отырған қаламгерлер қауымы бүгінгі әдебиет туралы өз ойларын айтты.
Нұрлан Оразалин «Кеңістік. Қоғам. Қаламгер» атты баяндамасында: «Өнер алды - қызыл тіл», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы», деп ұққан ұлт бұл қасиетінен Алтын Орда заманында да, Ақ Орда кезеңінде де, Қазақ хандығының тұсында да, нар заман, зар заман кезінде де, Абай - Махамбет - Жамбыл ғасырында да, арыстар мен алыптар тағдырына куә болған кешегі кеңес кезінде де айрыла қойған жоқ» - деп, атап өтті. Дегенмен Бас жазушымыз атап көрсеткендей «Қазақтың нар заманы, зар заманында да айырыла қоймаған» бұл қасиетімізден қазіргі бостан елге айналған қалпымызда айрылып отырғанымыз қалай?! Неге сол асқақ рух сөнді, ақиқат жасыды қазір?!

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Сыншы, әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек: «...Мен қазақ поэзиясында, қазақ прозасында, қазақ драматургиясында әдеби құбылыс боларлық шығарма жоқ деп есептеймін. Сынның өрістемеуіне бірінші себеп осы... Желкілдеп өсіп келе жатқан дарынды ақынды, не бір дарынды прозашыны көргенім жоқ..» десе, жоғарыда аталған Әдебиетшілердің кезекті пленумында Қалихан Ысқақ: «Сөзіміз кесек, суретіміз жоқ, кітабымыз қалың,  ішінде нәр жоқ. Түптеп келгенде, осы уақытқа дейін біздің әдебиетіміздің алтын қорына қосылып отырған шығармалармен жарысатын қолтума жоқ деп ойлаймын. Өйткені біз алдымен сөзге мән беруден қалдық, ойдан қалдық... Қазір санымыз өсіп келе жатқанымен, санамыз артта қалып қойды. Ендігі жерде әдебиетімізге де, мәдениетімізге де, күнделікті тіршілігімізге де сана керек... Әдебиет сауатсызданып кетті. Әдебиет емес-ау, әдебиетшілігіміз сауатсызданып кетті... Бір нәрсені оқисың, оның не екенін өзің білмейсің. Өлең оқысаң - монтаж, прозаны оқысаң - ауызға келген көшедегі сөз, базардағы дау. Ендігі съезде біз мықтап осы әдебиеттің сапасын қарауымыз керек. «Үй керек, күй керек, қаламақы керек», - деп айқайлағанменен, оны беріп жатқан ешкім жоқ. Әзірге бере де қоймайды. Сондықтан алдымен өзімізді-өзіміз тәрбиелеп алайық» - деді. Санасызданған, рухы сөнген, сауатсызданған қазіргі әдеби ахуалымызға біраз қынжылды. Сол секілді сол жиында сөз алған Қабдеш Жұмаділов ағамыз: «...Жазушылар одағының қызметіне көңілім толмайтынын айттым. Соны Жазушылар одағына ой түсе ме деп айтсам, олар қорғанып, шабуылдарға өтті. Мені бір екіжүзді адам етіп көрсеткісі келді.... «Алаш сыйлығы дейтін халықаралық сыйлық бар. Соны биыл көктемде бірден 42 адамға үлестіріпті. Әдебиеттің, қаламгердің беделін көтерейік деп айтып жатырсыздар ғой, беделін көтеру үшін әдебиетті құлдыратпау керек. Талғамды көтеру керек. 42 адамның тізімін оқыдым, соның оншақтысын ғана таниды екенмін. Біразына әдебиетті насихаттау үшін «Алаш» сыйлығы берілді депті. Қандай әдебиетті, кімге насихаттап жүргенін түсінбедім. Мұны ешнәрсемен ақтауға болмайды. Мойындау керек, бұл - үлкен қателік. Этикаға да, бүкіл әдеби нормаға да жатпайтын нәрсе... Оқитын кітап жоқ. Шығармашылық үйінде кезінде талай шығармаларымды жазып едім. Алдыңғы жылы сұрап, содан жиырма күнге бір бөлме ала алмадым» - деп, Жазушылар одағының қазіргі бағытына көңілі толмайтындығын айтып, қатты ренішін білдірді.
Қазық боп жұртқа,
Қорған боп сыртқа,
Кім ойлайды намысты! деп, «Қазақтың алдына түсіп, жол сілтеп, басшылық етуді» өзіне өмірлік мақсат тұтпап па еді Ахаңдар, Міржақыптар, Мағжандар т.б. Алаштың арыстан - жүректі, жолбарыс - білекті, ерлері? Сол мінез, сол қасиет қайда қазір?   Тіптен Ахаң айтпақшы «Қазық боп жұртқа, намысты ойламақ» түгілі ұлт мүддесі емес, өз мүдделерінен аса алмағаны қалай?! Өйтіп «халық жазушысы», «Алаш» сыйлығының  иегері атанып отырған «мені қарғыс атсын!» демеді ме ұлы ұлдары ұлтымның. Ахметше айтсақ:
«Адамнан туып, адам ісін етпей,
Ұялмай не бетіммен көрге барам?!»
Енді сөзімізге айғақ ретінде кезекті пленумдегі жазармандардың сөздерінен мысал берейік.
Әуелі Бас жазушымыздың сөзінен мысал. Н.Оразалин: «Әдебиеттің беделі - қаламгердің ғана беделі емес, қара орман қазақ жұртының да ортақ абырой-беделі екенін ұмытпау. Қаламгердің әр сөзі мен әр жазғаны, жүрісі мен тұрысы қоғамды ойланта білетіндей қабілетінен айырылмауы тиіс» дей келіп: «Қоянның тірлігін кешіп, мінезін көрсетіп, арыстанның сөзін айтуға ұмтылу -  күлкілі. Сондықтан қазіргідей құндылықтар үлкен тарихи сұрыптаудан өтіп жатқан кезеңде жазушы беделін өз биігіне көтеру, ең әуелі өзімізге тікелей байланысты екенін, әрі оның өз кәсібіміздің абыройы үшін ауадай қажет екенін ескеру өз беделімізді өзіміз көздің қарашығындай көріп, қорғауды жадымыздан шығармасақ екен» деп салды сабазың! Басқа басқа Бас жазушының ұлы істі, ұлы міндетті, ұлт алдына түсіп жол сілтейтін жұрт жұмысын «өз кәсібіміздің абыройы үшін» деп, «кәсіпке» теңегені қай сасқандық?! Ахмет Байтұрсынұлының: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» - дегеніндегі бай болуға қажетті кәсіпті айтып отыр ма сонда?! Нұрлан аға мойныңызға жүктелген ұлы міндетті осынау ғаламдану заманында «кәсіп» деп білсеңіз, онда сізді сол орында отыруға қандай күш итермеледі?! Ақиқатында ұлттың ары да, бары да, жаны да, қаны да, рухы да, өзегі де, намысы да, жүрегі де қазіргі уақытта  сіз басқарып отырған одақпен бірге жасауы керек еді ғой.  Ғабит Мүсіреповтың: «Әдебиеті ұлы болмай, ұлт ұлы болмайды» деуі осыны аңғартса керек. Енді осындай ұлы істі, ұлы міндетті «кәсіп» еткеніңізді қай уақытта, кімнің алдында, қалай түсіндіріп берер едіңіз?! Аға өзіңізге інілік ізет, қазақы мінезбен шын сұрағымды қойып отырмын осы арада. Осыған қалай жауап бермексіз бүгін арлы ұрпақ алдында?! Ертең болашақ алдында?!  
Балық басынан шіріп жатса өзгесінен не қайыр?! Не үміт?!

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Ақұштап Бақтыгереева: «Еден жуған әйел айлық алды, күзетші де айлық алды. Мен болсам ел шырқайтын әнге сөз жаздым, қанша мақала, өлең жаздым, ақыры көк тиын алмай, зейнетақым 43 мың теңгеге қарап қалдым...» десе, Қажығали Мұханбетқалиев: «Осы отырған баршамызды толғандыратын нәрсе көп қой, соның ішіндегі ең маңыздысы қаламақы мәселесі... Еден сыпырушы да, үй тазалаушы да істеген еңбегіне орай жалақы алады. Ал сен жиырма жыл отырып кітап жазасың, оған көк тиын алмайсың. Осыдан кейін үйіңдегі қатын-баласының алдында қадірі қашқан жазушының, халықтың алдында қайдан қадірі болсын. Сондықтан қаламақы мәселесі қалай да тиянағын табуы керек деп ойлаймын» деп, өзі атап көрсеткен «көп мәселенің ең маңыздысы - ол «қаламақы» екен. (?!) Сонда қалтасына түсетін бірлі-жарым жыртығын жамайтын «көк тиыны» ұлт мүддесінен, ұлт намысынан да маңызды болғаныма?! Десек, сол жиында тағы бір жазарманымыз Мағира Қожахметова: «Жазушының статусын қорғау керек. Онсыз ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Заң жүзінде әр жазушыға берілген атақ пен оның жеңілдігін іске асыруымыз қажет» деп, тіптен «онсыз ештеңеге қол жеткізе алмайтындығын» ашық айтты.
Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Әлемді түгел мен көріп.
Ешкім мені білмесе.
Мұқтажым, нәпсім жоқ болып
Зияным жанға тимесе - дейді, сол секілді
Міржақып Дулатұлы:
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш
Қалғанша жалғыз жаңқам мен сенікі
Пайдалан шаруаңа жараса Алаш - деп, өз мүддесін, өз статусын көтеруді, заң жүзінде өзіне атақ абырой алуды мақсұт тұтпаған, бәрі де Ұлы Абай айтқандай: «Мені білме, менікін біл» деді. Ал қазіргі жазармандар «менікін» емес, «мені» біл, әйтпесе, «ешнәрсеге қол жеткізе алмаймыз» деп отыр.
Ал сол дәуірде алашшыл ақын-жазушыларымыз ұлтқа қалай қызмет етті? Не істеді?! Несімен тарихта қалды? Әуелі ұлтының рухын оятып, намысын жыртпап па еді?!. Ұлтын қынадай қырып отырған қызыл империяның қылышынан қаны тамған қаһарлы күндерінде «жазушылық статус» сұраған жоқ, бірі - «маса» болып, қалың ұйқыдағы, өлім ұйқысындағы қазақты оятты, (А.Байтұрсынұлы) бірі - заманасы ерік бермесе де «қазақ» деп ұрандау емес, «ойлану» қорқынышты болып тұрған уақытта «Оян қазақ!» (М.Дулатұлы) деп ақырып теңдікті, елдікті сұрады, ұлтына ұран тастап, алып империяға қаламын қару етіп қарсы тұрды. Ол дәуір, яғни, «тар жол, тайғақ кешу» дәуірінде - «Адамнан туып адам ісін етпей, ұялмай не бетіммен көрге барам?!» немесе, «ел бір күншіл, менікі ертеңгі үшін», «жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын» (А.Байтұрсынов) азаматтық, перзенттік намысымен жазылған кез-келген туындылары үшін «қаламақы сұрап», «статусын заңдастырмақ» түгілі, қудалауға, қамауға алынып отырса да, М.Әуезов айтқандай «Жай сүю емес, жар сүю емес, жанынан артық көріп жұртын сүю, халқын сүю сезімін» жоғалтқан жоқ!
Оған А.Байтұрсынұлының:
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны атқаны
Осылардың ауыр екен бәрінен
Өз аулымның иттері үріп қапқаны - дегені дәлел. «Ұлтым» деген ұлды «қинаған жоқ, абақтысы, дарға асқаны, атқаны» Ал қазіргілердің «онсыз, яғни «қаламақы, жазушылық статуссыз» ешнәрсеге қол жеткізе алмауын» қалай түсінуге болады?! Тіптен Ахаңдардың басына түскен жағдай қазір жоқ қой. Ал сол дәуір қазір болса ше?! Онда қазіргілерді көз алдыңа елестетудің өзі қорқынышты! Қауіпті! Күлкілі!
Ақын, жазушы М.Дулатұлы:
Алла жаққан кеудеде оты болса,
Су бүріккенге бәнденің қайтіп сөнер
Немесе,
Тәңір жаққан шам-шырақ,
Су құйсаң қайтіп сөнеді! - деп,  ұлы міндет, ұлт жұмысы, жұрт жұмысы жолында ешқандай кедергілерге мойыған жоқ, рухын сөндірмеді, жері, елі отарланса да санасы, ділі, тілі отарсыз, тәуелсіз болды. Бабалар аманатына адал болды, ұлт алдында перзенттік парызын, борышын өтеп кетті. Келер ұрпаққа мәңгі рухани азық қалдырды.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Шоқан Уәлиханов: «Шекспир мен Гетені әлейім халық ұлы ақын санайды, бірақ олардың ұлылығы туралы пікір үкіметтің декретімен немесе халықтың сайлауына сәйкес негізделмеген» (Ш.Уәлиханов Таңдамалы Алматы «Жазушы» 1985. 139-б). -дейді. Міне, әлемдік, өркениетті елдерде де аттары жаһан жұртына мәшһүр ақын-жазушыны елі ұлы санағанымен, ол үкіметтің декретімен заң жүзінде бекітілмеген.  
Ол ол ма Танакөз Толқынқызының: «... Билікті де, Президентті де, қоғамды да өзгерту біздің қолымыздан келмейді екен. Қазір қоғамды ұлы дәрменсіздік, дипрессия билеп тұр. Бүгін әрбір жасты «біздің қолымызда не тұр?» деген сұрақ мазалайды. Менің бір түйгенім, біз тек өзімізді ғана өзгерте алады екенбіз. Сондықтан осы жерде отырған әрқайсымыз өзімізді өзгертуден бастасақ, әркім өзінің кіші мемлекеті - отбасын өзгертуден бастаса деймін. Жеті жүз жазушының отбасы жемқор емес, принципінде тұра алатын, ұлт десе  жүрегін жұлып бере алатын азаматтар тәрбиелесе, бұл біздің қоғамды түзеуге қосқан аз да болса үлесіміз болар еді» - деуінен қандай азаматтық позиция, ақын-жазушылыққа тән ұлы болмыс, ұлы қасиет күтеміз?! Танакөз айтпақшы: «Жеті жүз жазушы» (?!) ол қандай жеті жүз жазушы екенін өздері ғана білетін болар, бәрі тек, «қолымыздан ештеңе келмейді екен» деп, өз қайғысы, өз мүддесі, қатын-бала қамымен кетсе, онда Ахметтер айтқан «жұрт жұмысымен кім айналыспақ?», «Кім ұлт намысын жыртып, сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, алдына түсіп жол сілтемек?!» Дана қазақ айтқан: «Әкеңнің баласы болма, елдіің баласы бол!» деген ұлыларға тән ұлы қасиет қайда қалады сонда?! Немесе: «Ұл туып, ұлы жолда қызмет етсе, онан зор ұлтқа бар ма ырыс?» деген Ахаңдардың үндеуі қайда қалады?! Озып тудым деп, тозық елді озық ететін (М.Қозыбаев) зиялыларымыздың сиқы мынау болып отырғанда,
Мен бұқтым, жаттым,
Сен бұқтың, жаттың,
Кім істейді қызмет - деп, Ахаңша ұран тастап, ұлтқа қызмет істейтін ұлды қайдан іздемекпіз?! Зиялымыз - зиясыз, ақынымыз - ақиқатты жырламаса?! Немесе, А.Байтұрсынов айтқандай: «Елу-алпыс балаға арнап берген сабақтан алты миллион қазақты алаламай істеп отырған ісімді артық көремін» дейтін Алаштың бағына туған, ұл бар ма? деген сұрақ келеді көкейіңе осындай кезде.
Біздіңше қазіргі Жазушылар одағының жұрт арасында беделінің түсіп, халықтың көзін ашып, алдына түсіп жол сілтей алмай отыруының негізгі себептері көп. Соның бірі - сөз бен істің алшақтығында.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Н.Оразалиннің: «Қаламгердің әр сөзі мен әр жазғаны, жүрісі мен тұрысы қоғамды ойланта білетіндей қабілетінен айырылмауы тиіс» деуі тек сөз жүзіндегі ғана әңгіме. Нақтылай іс жүзінде орындалып отырған жоқ. Оған Асқар Алтайдың пленумдағы: «Шындықтың жолында өлеміз деп қанша жазсақ та, шындыққа келгенде тайқып шыға келеміз» - деген сөзі нақты дәлел бола алады. Оны дана қазақ: «Іспен дәлелденбесе, ұлық сөз де ынжық сөз» дейді.
Тұрмаханбет Ізтілеуұлы:
Ізіңе ел ермейді,
Тазартып алмай ішіңді!
Қойдырып алып қор болма:
«Арам» деген есімді!
Ойдың үйін түземей,
Не қажет, бағу жісімді?! десе,
Шәкәрім Құдайбердіұлының:
Айтқан сөзің шын болса,
Ішің толған жын болса,
Жүрегіңде мін болса
Айтқан сөзің ем емес - деуі осы жағдайды аңғартса керек.
Сондықтан да А.Байтұрсынұлы:
Сөзбенен айтып,
Істерде қайтып,
Жоламасақ не міндет - деп көрсетеді.
Міне бар бәленің басы қайдан өрбігенін білгіңіз келсе. Шәкәрімше айтсақ: «Айтқан сөзі шын», бірақ, «іші толған жын», яғни өз айтқандарын өздері өзгеге үлгі ғып істеп отырған жоқ. Сондықтанда «ондай сөзің халыққа ем болмайды», «ізіңе ел ермейді», «сөзбенен айтып істерде қайтқан» соң!

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

ХХ ғасырдағы ұлттық ренессанс дәуірін тудырған - ұлттық интеллигенция шоғыры - Алаш қайраткерлерінің дені - ақын, жазушы, қаламгер, әдебиетші, тарихшы екендігі, олардың қаламынан туған ұлт руханиятының алтын қорына қосылған кез-келген жанрдағы - поэзия, проза, драматургия саласының барлығының түпкі мақсаты, негізгі мазмұны - отарланып тарылып кеткен жер қамы, қолына кісен, аяғына тұсау, отарланған сана, мойнына мәңгүрттік қамыты ілінген қазағына қорған, ұлттық мүдде, бодан елді бостан ету ғана болмады ма?!      
Айтайын дегенім ешқайсысы - қаламақыны, жазушылық беделді, статусты көтеруді мақсұт тұтқан жоқ. Бәрінің алдын бірақ-ақ мақсат тұрды ол - ел тағдыры, жер тағдыры, Отан алдындағы ұлы борыш. Екіншіден Танакөз айтқандай «біздің қолымыздан ештеңе келмейді» деп, «өз отбасы ошақ қасының қамымен кеткен жоқ».
Сол уақытта Қазақ революциялық комитетінің төрағасының орынбасары қызметін атқарған А.Байтұрсынұлы Челябі губерниясына еніп кеткен Қостанай уезін Қайтару үшін М.Сералинмен бірге В.И.Ленинге хат жазып қана қоймай, еніп кеткен қазақ жерін қайтару  үшін барын салып күреседі. Советтердің Бүкілодақтық атқару комитетінде осы мәселені көтерді, нәтижесінде 1920 жылы 26 тамызда Қостанай уезі ескі шекарасы шеңберінде Қазақ Автономиясының Торғай облысының құрамына енгізіледі. Ж.Аймауытов, Б.Майлин, С.Сейфулин, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы т.б. көптеген Алаштың нар тұлғаларының бәрі де тарихтың бағытын өзгертті. Тарих тұлғалармен жазылады деген осы болса керек. Тіптен көбіміз көзін көрген кешегі М.Әуезовтың өзі сол Алашорданың соңғы тұяғынің бірі емес пе?! Алашорданың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы 50 жасқа толғанда Мұхтар Әуезов: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын...» деп жазды. Сол уақытта жиырма алты жастағы болашақ ұлы жазушымыз, Ахаңның шәкірті Мұхтар Әуезов: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген қазақ ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран», «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер - білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын!» - деп баға берген. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовше айтсақ: біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын «Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран» қайда қазір?!
Алаш қайраткері, жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Мағжанның ақындығы туралы» атты 1923 жылы  «Лениншіл жастың» №5 санындағы мақаласында: «Мағжанның ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз кәміл жетеді деп айта алмаймыз... Ақынның қасиеті - заманға жаңғырық, әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға айна болып, тарихи із, тарихи материал (дерек) қалдырып отыруында. Бұ жағынан Мағжанның кемшілік жерлері бар: ұлтшыл ақынның мұндай кемшілігін айтып өтпеске болмайды.
16-жыл - қазақтың басына қара күн туған тарихи ауыртпалық жыл еді. Патша өкіметінің 25 маусымда шығарған жарлығы бойынша қазақ сықылды бұратана халықтар соғыс майданындағы қара жұмысқа айдалды. Қазақ шаңырағы теңселді, қазақ даласы қан жылап күңіренді. Елдің келесіне келген  мұндай зор селебені, ауыр қайғыны ақын терең сезіп, айқын суреттеуі керек еді. Бұл туралы Мағжанның бізге «Орамалдан» басқа берген еңбегі көрінбейді. Ұлттың ыстығына күйіп, суығына тоңам деп жүрген ақынға 16-жылғы тарихи оқиғаны жалғыз кестелі орамалмен желпіп өткеніне көңіліміз жарымайды» - дей келіп, «Бірақ... Мағжан көріне түсіп жоқ болып бара жатқан бостандықты жырлады. «Жаралы жан» қазақтың басына түскен ауыр күндерді суреттеді. Сонда да Мағжан ұлтшылдық бетінен танған жоқ. «Азамат, анау қазақ қаным десең» деп азаматты елін қорғауға шақырды...» - деп жазды.
Міне, Мағжан ақын бір ғана тарихи оқиға - 1916-жылдың ойранын терең сезініп, айқын суреттемегені үшін сыналған болатын. Бірақ бұл жағдай  Мағжанның қазақ тарихындағы, ұлт руханиятындағы беделіне нұқсан келтіріп, ақындық дәрежесін түсірмесе керек.  Сондықтан да Жүсіппек Аймауытов: «көріне түсіп жоқ болып бара жатқан бостандықты жырлаған, қазақтың басына түскен ауыр күндерді суреттеген ұлтшылдық бетінен танбаған» - деп, заманға жаңғырық, әлеумет тұрмысындағы зор оқиғаларға айна бола білген Мағжанға, оның ақындығына зор баға берген еді. Сондықтан да Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан: «Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады?!» - деуі тегін емес!
Батыр жазушымыз Б.Момышұлы 1944 жылы соғыс жарақатынан Алматыға келіп кеселханада емделіп жатқанда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа «Қазақ тілі туралы пікір» деген тақырыппен хат жолдайды. Онда мынадай батыл ойын айтады:
«...Осы кезде аздап орысша білгеніне мәз болып, төбесі көкке жеткен, ана тіліне көңіл бөлмей, оны әліне қарамай менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр-батпаққа бөленіп жүрген, келбетсіз тіл азғыны масқараларды Алматының жауапты деген қазақ қызметкерлерінің арасынан да кездестіруге болады
...1935-36 жылдан бастап қазақ ана тілі, бұрмалана, бүлдіріле, бұзыла бастағанын сөзсіз, айқын дәлелдей отырып, оған айыпкер, кінәлі, басты газет, радио, жазушы, кеңсе қызметкерлеріне тарихи қарғыс айтылып, беттеріне қара күйе жағылып айыпталғаны жөн». Міне сол дәуірдің өзінде Баукеңдер қаламын қару ете отырып, ұлт мүддесі жолында осылай күресті тоқтатқан жоқ. Қазіргі жазарман қауымша «қолымыздан не келеді» деп қол қусырып отырмаған.

<!--pagebreak--><!--pagebreak-->

Ал пролетариат дәуірі салтанат құрған, ненесе «құдайсыздар қоғамы» дәуірлеп тұрған кездің өзінде-ақ азаматтық позициясы айқын - Ілияс Есенберлиннің өзі қандай ерлік жасап кетті. Неліктен сол уақытта «қазіргі оқылмайтын кітаптар» қатарына «Көшпенділер» еніп кеткен жоқ?!
Не үшін І.Есенберлин соңғы кітабын, яғни Тәуелсіздік жолында күресіп құрбан болған қазақтың соңғы ханы хан Кенеге арналған үшінші кітабын бірінші шығарып жіберді?! Өйткені жазушыны ұлттық намысы, қазақы рухы соған итермелеп, соны істеттірді емес пе?! Дүлей, әрі топас империяның қабырғасын сөгіп, ұлттың ұлт екенін, қазақтың қазақ екендігін әлемге мойындатқан қазақ жастарының желтоқсан көтерілісіндегі ерлігіне рухани нәр берген осы «Көшпенділер» екендігі айтылып жүр ғой осы күні.
Мұның бәрін мысал еткен себебім,  қазіргі ақын-жазушыларымыздың қазіргі ұлт әдебиетінің өрістеуіне басты кедергілерге: «қаламақыны», «жазушылық статусты» қосып, тіптен кейбірі: «қолымыздан ешнәрсе келмейді» деп аса жауапты міндетті мойындарына жүктеп алып, қол қусырып, бей-қам отырған бейшара халдеріне жауап ретінде өткен тарихымызда ақын-жазушылар, ұлы тұлғалардың ұлы ренессанс дәуірін тудырғаны, кез-келген жүйені,  бағытты өзгертуге қауқарлы екендіктері, тіптен тарих бағытын өзгерткендіктерінен миллионнан, мыңнан бірін ғана мысал еттім. Оны да ұғатын құлақ, сезінетін сана болса егер. Әбіш Кекілбайша айтсақ: «Арға тартпай - арман тұл, намыс қумай - мақсат тұл».  

Қорытынды сөз
Академик, әдебиетші ағамыз Тұрсынбек Кәкішевтің: «Қазіргі күннің зиялылары құлдық психологиядан құтыла алмай жүр... Шын мәніндегі зиялылар - ақ пен қараны, бар мен жоқты тексеріп, ойын айтып отыруға тиісті» дегенінен қазіргі жазармандарымыздың беті-бейнесі ашылғандай болып отыр. Немесе әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың сөзімен айтсақ: «Азаматтық позициясы жоқ адам - жазушы емес!». Бұл қазіргі Жазушылар одағына, оның маңына топтасқан жазармандарға дөп айтылып отырған сөз деп ұққан абзал. Өйткені жазушылықты «қаламақы» мәселесіне әкеп тіреп, оны «кәсіп» еткен жазармандардан не үміт?! Ұлтының пайдасынан, өз пайдасын, ұлт беделінен өз беделін артық санайтындардар  не қайыр?! «Қарнымның ашқанынан емес, қадірінің қашқанынан қорқатын» қазақтың қызу қаны жоқ, ұлттық намысы қалай болсын көксегені - ақша, мақсаты - кәсіп болса?! «Малын - жаны үшін, жанын - ары үшін» емес, «арын, жанын - малы» үшін садақа етіп отыр. Бұдан басқа не айтамыз. Болды, бітті, сөнді, өлді деген осы....
М.Дулатұлының:
Қорқамын қазақ ғұрпынан,
Гуілдесіп - күпілдесіп.
Бір сөзінде түйін жоқ,
Тұрып кетер артынан - дегеніндей, Қазақстан Жазушылар одағының біз мысал еткен кезекті пленумына осылай баға беремін!
Бірақ қазақтың биік рухы ешқашан өлмек, сөнбек, өшпек емес! Ол рух, ол намыс, ол мінез тек қазіргі жазармандардың деңгейімен бағаланбаса керек! Мұхтар Мағауиндей ағаларым бар! Және сол ағаларымның қазақ руханиятында өзіндік тыңнан салған бағыт-бағдары, өз жолы бар. Сол жол өлмесін, өшпесін, сөнбесін. Мағауин салған мектептен әлі ұлтына ұран болар талай марғасқа ұлтымның небір жайсаңдары, рухани көшбасшылары шығарына сенімім кәміл! Оны да көрерміз Алла жазса! Бірақ сол Мұхтардай ағамның шет асып, шетел асып жүргені көңілге қаяу ұялатады екен! Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?! Әлі толық Тәуелсіздік алған жоқ қазақ! Рухани әлемі әлі отарсызданған жоқ! Бұғаулы, кісендеулі, шідерлі! Одан да құтылар күн алыс емес! Оны да жазса көрерміз!
Орыс әдебиетінің алтын дәуірінің ұлы жазушысы Гогольше айтсам: «Халқымның болашағын ойлайтын азаматтың  «шынында да біз не боп бара жатырмыз?» деп, намысын оятып, жанын күйзелткім келді».
Сондықтан да Қазақстан Жазушылар одағы, оның маңындағыларға, өзін «ақынмын», «жазушымын» деп кеудесін керіп жүрген жазармандарға В.Белинскийдің сөзімен айтсам: «... Қазақ халқының рухани құлдырап, моралдық жағынан азғындауына бұ дүниеде ғана емес, маһшарда да азаматтық айыптарыңды жуа алмайсыңдар!...»
Соны ұқ! Алашқа қаны тартып туған қазақы мінез қазақ жастары.
«Абай-ақпарат»

0 пікір