Сенбі, 20 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 7158 15 пікір 20 Желтоқсан, 2021 сағат 17:16

Путинге Қазақстан атынан сөйлеуге кім құқық берді?

Ресей Сыртқы істер министрлігінің НАТО-ға жасаған ұсынысы туралы білесіздер. Бұл әңгіме әуелі 7 желтоқсанда Путин мен Байден арасында болған онлайн жолығу кезінде талқыланған. Онда ол Ресей тарапы АҚШ-қа арнай ұсыныстар жиынтығын беретінін және сол арқылы НАТО-мен келісімге келіп, ушыққан қатынасты тоқтатуға ұсыныс жасалатыны айтылған. Біз бұл туралы егжей-тегжейлі жаздық.

Ресей ұсынған ол құжатта («қауіпсіздік кепілдігі» туралы шарт): «Америка Құрама Штаттары НАТО-ның шығыс бағытта одан әрі кеңеюін болдырмауға, бұрын Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) құрамында болған мемлекеттерді одаққа қабылдаудан бас тартуға әрекет жасайды», - деп жазылған.

Ал «Эхо Москвы» радиостанциясының Бас редакторы Алексей Венедиктов бұған қатысты пікір білдіріп, Ресей ұсынған құжаттағы «бұрынғы Кеңестік республикалар» дегеннің бір ғана Украина немесе Гүржістан емес екенін айтыпты.

«Қазір Ресей президенті Владимир Путин жариялаған құжатта: «Кеңес Одағы республикаларымен ешқандай әскери құрылымдар, ешқандай ынтымақтастық болмайды...», - деп жазылған. Путин қайсы Кеңес Одағын айтып отыр? Тәуелсіз мемлекеттер атынан сөйлеуге кім рұқсат берді? Сіз Қазақстаннан сұрадыңыз ба? Армения мен Әзірбайжаннан сұрадыңыз ба? Мен Украинаны мүлде айтып отырған жоқпын», - деді Венедиктов.

Ол сондай-ақ,  НАТО-ның бұрынғы КСРО-ның әрбір мемлекеттерімен өзара келісімдері бар екенін айтқан.

«Түркіменстан мен НАТО, Тәжікстан мен НАТО, Армения мен НАТО, Әзірбайжан мен НАТО, Молдова мен НАТО, Қазақстан мен НАТО арасында қолданыстағы келісімдер бар. Сіз олардан сұрадыңыз ба, Владимир Владимирович? Сіз бұл ұсынған келісіммен олардың арасындағы сол ынтымақтастыққа тыйым салуға тырысып жатырсыз. Бұл айдан-анық көрініп тұр. Бұл Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков және Путин айтқан қызыл шекаралар. Ялта-Потсдам бейбітшілігіне қайта оралайық, бұл Ресейдің жауапкершілік аймағы болады», - дейді Венедиктов.

Еске салайық, 17 желтоқсанда Ресей Сыртқы істер министрлігі АҚШ-Ресей арасында шарт жобасын және 15 желтоқсанда Вашингтонға тапсырылған қауіпсіздік кепілдіктері туралы НАТО-мен келісімнің жобасын таратқан болатын.

Атап айтқанда, Ресей мен Америка Құрама Штаттары арасындағы шарт жобасының 4-ші тармағында «Америка Құрама Штаттары НАТО-ның «шығыс бағытта» одан әрі кеңеюін болдыртпау, бұрын КСРО құрамында болған мемлекеттерді Одаққа қабылдаудан бас тарту туралы міндеттеме алуы керек», - деп көрсетілген.

Ақ үй Ресейдің ұсыныстарына жауап беріп, Еуропалық одақтастармен бұл шарттарды талқылап жатқанын айтты.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг: «альянстың Ресеймен диалогы Украина сияқты Еуропалық серіктестермен кеңесу арқылы өтуі керек», - деді. Украина СІМ: «қазіргі уақытта Еуроатлантикалық кеңістік қауіпсіздігінің басты проблемасы – Ресейдің қарулы агрессиясы, сондай-ақ Украина шекарасы мен оның басып алынған аумақтарындағы қазіргі Ресейлік эскалация болып табылады», - деп мәлімдеді.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

15 пікір