Жұма, 29 Наурыз 2024
Білгенге маржан 3896 1 пікір 20 Желтоқсан, 2021 сағат 16:30

Асқақ рух һәм Тәуелсіздік мәселелері

«1986 жылғы наразылық шеруі – халқымыздың
бостандыққа ұмтылысын көрсетті. ...Желтоқсан
қаһармандарының өшпес ерлігі біздің мемлекеттілік
тарихымызға мәңгі жазылды».
17 желтоқсан, 2021 жыл.
Қазақстан президенті
Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Бостандық я ақ өлім!» ұлт-азаттық қозғалыстардың қасиетті ұраны. Ол – Рух асқақтығының айнасы. Аузын айға білеген АҚШ та кезінде Азаттық үшін күресті. Әсіресе, аз санды ұлттар арпалысты. Мысалы, Уильям Уоллес деген қаһарман ат төбеліндей шотландия халқын ерлік күреске көтерді.   Мәселе сонда, ұлттық батырдың асқақ рухы Ұлыбританияның тап бүйірінде отырған шотландықтардың ұлттық болмысын,  өзіндік мінезін сақтап қалуға күні бүгін де септігін тигізуде.

«Рух» сөзі – «ақыл, сезім» деген мағынаны білдіреді. Еркін Рухқа қатысты жарқын мысалдар көп. 18 ғас. екінші жартысында бауырлас башқұрт халқының қаһарман ұлы Салауат Юлаев (Жолайұлы) «Азаттық үшін жан садаға!» деген ұран тастап, исі башқұртты атқа қондырған-ды. Қазіргі таңда хас батырының рухынан қымбат, онан асыл дүние жоқ, сірә! Тағы бір аңыз-адам имам Шәміл де жаңағыдай ұранмен 1834-1859 жылдар аралығында Кавказ халықтарын бір кісідей күреске көтерді. 1994-95 жылдары өткен Ресей-Шешен соғысы да рух асқақтығының куәсі: халқының саны, әскерінің күші және территориясы жағынан Ресей кім, Шешенстан кім?!

Міне, кешегі 40 мыңдай адам қатысқан Желтоқсан көтерілісі хақында да осыны айта аламыз. Ол – халқымыздың бостандыққа ұмтылысы! Ол –  жадымызда мәңгі қалатын қазақтың рухы мен намысы!

*  *  *

Бүкіл қазақ даласында оты алаулаған Кенесары Қасымов көтерілісі (1837-1847) мен 1986 жылы жанартаудай бұрқ еткен Алматы алаңындағы бұлқыныс арасын бір жарым ғасыр бөліп жатыр.

Кенесары (Хан Кене) күресіне дейін Сырым батыр (1772 ж), Көтібар мен Қаратай (1806 ж), Арынғазы (1820-1830), Жоламан Тіленшіұлы (1833 ж) және Исатай Махамбет (1836-1837) бастатқан халық көтерілістері өткен-тін. Кенесары күресінен кейін болған Есет Көтібарұлы (1848 ж) мен Садық Кенесарыұлы бастаған, сондай-ақ, Адайлар көтерілісі (1868) сәтсіз аяқталғаны содан. Соңғы бас көтерулер –1916 жылы Торғай және Жетісу жерінде өтті (Жетісу көтерілісі Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» романында баяндалған). Бұл қозғалыстар да қазақ елі бостандыққа ұмтылысын, бодандық дертесін тебуге қашанда даяр екенін аңдатты.  Дей тұрсақ та, бүкіл әлемдік отарлау жүйесі күйремей тұрып, қазақ елінің тәуелсіздікке қол жеткізуі мүмкін емесі айдай анық нәрсе еді.

Естеріңізде болар, Мұхтар Әуезов Абайдың өмірбаянын жазған еңбегінде ақынның әкесі Құнанбайға: «Заман орыстікі. Ол жеңген, біз жеңілген елміз» дегенін келтіреді.  Осындай әңгіме әкелі-балалы Өскенбай мен Құнанбай арасында туар ма еді? Әрине, жоқ. Өйткені, XIX ғасырдың орта шеніне дейін қазақ елінің рухы азат болды. Көшпелі тұрмысты қай қырынан алсақ та (мысалы, үш жүздің жақсылары жиналған дүбірлі астар, ел ішіндегі жер мен жесір дауын билердің шешуі т.б.) осыны аңдауға болады.

Сөйтіп, бодандық қамытын қазақ халқы барша Азия, яки Шығыс халықтарымен бірге киді. Ауыр зардабын бірге кешті. Кенесары көтерілісі хақында белгілі ғалым Ермұхан Бекмаханов былай деп түйеді: «Бұл көтерілістің айрықша көңіл аударарлық жері сол: оның барысында қазақ елінің саяси тәуелсіздігін сақтап қалу мақсатында біртұтас қазақ мемлекетін құруға соңғы рет талпыныс жасалынған еді» («Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында» кітабы, Алматы, 1994, 9-бет). Ғалымның: «Біртұтас қазақ мемлекетін құруға жасалынған соңғы талпыныс» – деуінің мәнісі: XIX ғасырда отарлау жүйесіне бір ғана қазақ елі, иә болмаса түркі әлемі емес, күллі Азия континенті шырмалған болатын.

Бұл жәйтке неліктен назар аудардық? Себебі, бізде асыра айту дағдысы бар. Сан ғасырлар, енді бірде екі ғасыр, кейде үш ғасыр бодан болдық деген. Тарихшы ғалымдар 1730 жылдан тәуелдіміз десіп жар салуда. Осы жылы Әбірқайыр хан Ресейдің монарх-патшасына хат жазып, өз еркімен қоластына кірді дейді. Барша оқулықтар осыны санамызға сіңірді. Бұл, әрине, солақай саясаттың салдары. Шындығында, 1730-1868 жылдар аралығында қазақ әлі ерікті еді. Бәз-баяғыша өз заңымен көшіп-қонып, өзіндік дағдысымен өмір кешті. Дала тұрғындары бөтеннің тілін біліп, заңына бағынбақ тұрмақ, орыс ұлты өкілінің түр-түсін де әлі танымаған кезі.

Осынау тарихи хәл 1868 жылдан беріде ғана күрт өзгерді. Неге? Өйткені, осы жылы қабылданған жаңа заң (Жаңа низам) қазақ даласы мемлекет меншігі деді. Қыр тұрғындары орыс заңына толық тәуелді болды. Бұл сыртқы, яки саяси ғана емес, тұрмыстық һәм рухани  бағыныштылық жетті деген сөз. Шындық осы. Демек, тәуелділік кезеңі 1868-1990 жылдар аралығы, яғни 132 жыл. Қитұрқы саясат екі ғасыр я екі жарым ғасыр дегізген жалған мағлұматты күресінге лақтыратын уақыт жетті.

Бұл пайымға Абайдың «Жаңа закон» өлеңінен дәлелдер алайық. Жаңа низамның іске асуы – ұлы ақын болыс болған жылдарға тұспа-тұс келді.  Сондықтан аталған өлең қазақ қайтіп тәуелді ел болғанын қолмен ұстағандай айшықтап, анықтап береді. Бұрын қазақ өз ғұрпы заңын, шариғатын ұстанса, енді ерік ояз бен жандарал уысына түсті. Абай бұл өзгерісті атап айтады:

                           Ер, қатын жанжал болса анда-санда,

                           Бітіруші еді кітабымен указ молда.

                           Муфтиден бізді айырды, указ қалды,

                           Ендігі ерік ояз бен жандаралда.

Хош, елдің бүлінгені неден білінді? Мұны ақын былайша жеткізеді:

                          Қарасам осы күні ел түріне,

                          Қазақтан достық кетті бір-біріне.

                          Қылмағанды қылды деп жала жауып.

                          Жалған куә салады жау жеміне.

Сөйтіп, көріп отырмыз, Абай қыр қазағы отарлық қамытын осыдан бір жарым ғасырдай бұрын киді деп нақты айтқан. Тағы бір пысықтайық, 1868  жылғы аталмыш заңға дейін   тәуелділік – аты бар да, заты жоқ дүние болса, енді бөгде заңға сәйкес ұлттың өмір салты, әдет-ғұрпы мен рухани тіректері күйреді. Аяусыз тапталды.  Елдің сиқын асқан шапшаңдықпен бұзған жәйт осы болатын. Ырықты алған, ноқталаған күш – 1868 жылғы Жаңа низам екенін Абай 1885 жылғы «Қалың елім, қазағым» атты әйгілі өлеңінде:

                              Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

                              Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –

деп бекіте түседі.

Қорыта айтқанда, ат төбеліндей билеуші топтың патшалық Ресейге саяси тәуелділігі (хан, сұлтандарды мәжбүрлеген жәйт – патша билігі қалмақ пен башқұртты қазаққа қарсы айдап салды) мен қалың бұқараның мінезі бұзылуы кезеңі екі бөлек. Жөні де екі басқа. Тарихшы ғалымдар осыған мән беріп, екеуін ажыратып жатса құба-құп. Тәуелсіздік талабы бұл.

*  *  *

«Бодан» сөзінің төркіні орыстың «подданый» сөзі деседі.  Соңғы бір жарым ғасырда «подданый» болу халқымызға бұрын-соңды болмаған ауыртпалық әкелді. Әсіресе, XX ғасырдың 30-шы жылдарынан былайғы қатал уақыт ұлт болмысын бұзды. Алаштың асқақ рухы, яғни «күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінген» кең заман ұмыт болды. Тың көтеретін жылдары Хрущевтің: «патшалық Ресейдің ғасырлар бойы көздегенін біз тарихи қысқа мерзімде атқарып тастадық» деп ашықтан-ашық кеудесін кергені әлі есімізде. Сөйтіп, еркін Рухымыз, бүкіл ұлттық болмысымыз жаншылып, Арал теңізі құсап таусылу шегіне таяған-ды.

Шыны сол, 1986 жылғы Желтоқсан   көтерілісі жан дүниемізге сілкініс әкелді. Кенесары көтерілісі отарлану қасіретінің басы десек, Алматыдағы бұлқыныс – оның соңы болды. Неге десеңіз, соңғы көтеріліс қалғыған сананы оятты. Жүрек толқыды, бұлқынды. Көтеріліс! Бұл сөзде қандай күш-құдірет барын кім білген. Қазір ойлап отырсам, сол құдіретті сезініп-түйсінудің өзі де кез-келген ұрпақтың еншісіне тие бермейтін тарихтың сый-сыбағасы екен-ау.

Сол жылы Семейде сары аяз, қақаған қыс ерте басталды. Аяздың есте қалған себебі: желтоқсан айының 9 күні кешке қала орталығында орналасқан Семей зоотехникалық-малдәрігерлік институтының бас корпусы ұқыпсыздық салдарынан отқа оранды. Өртсөндіргіш техника сақылдаған сары аязда дұрыс іске қосыла алмай, 19 ғасыр ескерткіші, еңселі ғимарат тек қаңқайған қабырғалары ғана қалып жанып кетті. Аса қолайсыз жағдайға ұшырадық та қалдық. Институт қаланың екінші шетіне көшірілді. Ол күнде аталған институтта оқытушы едім, желтоқсанның 17-ші күні шалғай үйімнен институт территориясына әрең дегенде жеткенімде: «Көтеріліс! Алматы көтерілді!» деген сөздерді естіп, аңырып тұрып қалдым, тіпті төбе құйқам шымырлап кетсін.

Әлдебір беймәлім аура, сиқырлы күш бойымызды билеп, санамызды жаулап алғаны анық. Сын сағатта, әсіресе, студенттер қауымының қобалжып, абыржығаны анық байқалды. Араны мың шақырым бөлсе де, Алматы алаңында өздері сияқты ауыл жастарының тепкі керіп, соққыға жығылып жатқанын мұндағылардың іштей сезінбеуі, жан-жүрегімен олардың тілеуін тілемеуі мүмкін бе? Әсте мүмкін емес. Тап сол күндері «кеңес халқы біртұтас» деген қағиданың өтірігі шықты.  Өзге ұлт өкілдері автобустар, мейлі, қоғамдық орындар дейік, қазақ жастарына оқырая, үрке, үрейлене қарағаны есімізде.  Керісінше, қазақ жаны ләззатқа бөлеп, көңіліміз көкке бір елі тимей жүрді. Азаттық рухы деген, сірә да, осы. Қайталанбас керемет сезімді бастан кешірдік. Желтоқсан көтерілісіне жалпы халықтық сипат тән. Жоғарыдағы естелікті осыны аңдату үшін келтіріп отырмын.

Желтоқсан тұтатқан рухтың оты – бостандық таңы атқан 1990 жылдары лаулай түсті. Тәуелсіздіктің гимні есепті тамаша әннің мына бір сөздері сол кездердегі көңіл-күйімізді дөп басады:

                                    Көк тудың желбірегені,

                                    Жаныма қуат береді.

                                    Таласқа түссе жан мен ту,

                                    Жан емес, маған керегі –

                                    Көк тудың желбірегені!     

Сана үстемдігі дегеніміз, міне, осы! Көк туымыз алғаш желбіреген жылдары жұмыссыздық, жоқшылық, кедейшілік келді-ау деп ашынған, абыржыған қазақты көрмедім. Баршаның аңсағаны – тәуелсіздікті бекіту болды. Лауазымы қандай деп бас қатырған, ақшасы аз ба, көп бе деп қызмет таңдаған жан болған емес. Ана тілін тірілту, тарих ақтаңдағын ақтару, шежірені түгендеу сияқты істер қолға алынды.  Бірақ бостандықтың тәтті дәмін татқан эйфория сезімі кезеңі ұзаққа бармады. «Нарықтық экономика» делінетін тойымсыз жүйе құшағына күмп ете түстік. Ақшаны әке, сауданы шеше деп. Арды пайдаға, сананы тұрмысқа билеттік. Санамызға сіңген бодандық психология мен тоталитарлық жүйенің тәлім-тәрбиесі тағы бар. Қысқасы, тоғышар орта қалыптасты. Рух қашты, қара басты. Тәуелділіктің сыртқы қабаты жоғалса да, ішкі мазмұны еш өзгерместен баяғыша қала берді.

*  *  *

Болмыста адам баласы үшін бостандық бар ма? Бар болса, оған қалай жетуге болады? Бостандық бар және жету жолы да белгілі. Ол үшін  – тұрмысты санаға билет, яғни ар-ожданмен өмір сүр! Тәңірінің пендесіне салған жолы осы деп  Абай, Шәкәрім қалың елі қазағына қақсап айтқан болатын. Қарын қамынан аспайтын, кәпір көз дүниеге тоймайтын пенделіктен арылуға шақырды. Бес күндік ғұмырды қорлықпен өткізу – Тәңірінің әмірі емес. Имандылық, тазалық, махаббат пен әділеттілік туын желбірету өз қолымызда. Сонда ғана – «қайнар өмір, жайнар көңіл».

Әулие Шәкәрім:

                         Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер,

                         Арға ие басшының соңынан еріңдер!

                         Таң артынан хақиқат күн шығады,

                         Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер, –

дейді.  Еліміз дамуының дұрыс бағытын адаспай табуы үшін, ерте ме, кеш пе, осы айтылған саналылық жолы таңдалуы керек. Шынайы, ішкі тәуелсіздікке қол жеткізу үшін – ұлттық идеология іргетасына сананы байыту көзделген рухани құндылықтар қалануы тиіс деген ойдамын.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3593