Сенбі, 20 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 7524 59 пікір 18 Желтоқсан, 2021 сағат 13:10

Мәскеудің АҚШ-қа ұсынысы: Вашингтон не дейді?

Ресей мен НАТО арасында өзара соғыспау үшін қауіпсіздік кепілі жасалуы мүмкін. Бұл туралы бастаманы алғаш болып Ресей президенті Путин Байденмен 7-желтоқсанда сөйлескен болатын. Онда ол Ресей тарапы АҚШ-қа арнай ұсыныстар жиынтығын беретінін және сол арқылы НАТО-мен келісімге келіп, ушыққан қатынасты тоқтатуға ұсыныс жасады. 

Байден-Путин онлайн кездесуінен кейін араға он күн салып Ресей НАТОға өз ұсынысын жасады. Ұсыныстары сау адамның ақылыны симас деңгейде. Оның ішінде Мәскеу Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты да біршама мәселелерді көтеріпті. Қазақтың сыртынан Қазақстанның тағдырына қатысты ұсыныс жасар алдында Қазақстан билігімен Кремль кеңесті ма екен? Қайдам...Сонымен Ресей тарапы жасаған келісімдегі ұсыныстар келесідей.

Ресей АҚШ-қа барлық келеңсіздіктер мен қақтығыстарды бейбіт, әскери қақтығыссыз шешуді ұсынып отыр. Барлық кикілжің тек қана дөңгелек үстел басында талқыланып, диалог арқылы шешілуі тиіс. Осы арқылы Мәскеу-Вашингтон қатынасын ақырындап қалыпқа келтіруді ойлауда.

Мәскеу АҚШ-қа НАТО-ның шығысқа қарай кеңеймейтіні жайлы кепілдік беруін сұрап отыр. Себебі АҚШ НАТО-ның басында тұрғандықтан өзге де әскери одақтағы одақтастарын көндіре алады дейді Кремль. Атап айтқанда Украинаны НАТО-ға қабылдамауы тиіс. Алайда бұл ұсынысын Вашингтон қабылдай қоюы екіталай. Бір апта бұрын НАТО басшысы Столтенберг Ресейдің қарсылығына қарамастан Македония мен Черногорияны қабылдағанын айтты. Ол НАТО кімді қабылдағысы келетінін Ресеймен емес, әскери одақтағы елдермен ғана талқылайтынын анық жеткізді.

Ресей бізге де тікелей қатысы бар ұсыныстар жасады. Атап айтатын болсақ Ресей НАТО мен Мәскеу төрт аймақта ұрыс жүргізбейтін келісім жасайық дейді. Олар Кавказ, Шығыс Еуропа, Украина және Орталық Азия аймағы. Сондай ақ НАТО ендігі таңда посткеңестік елдерді өз мүшелігіне қабылдамауы қажет және олармен қандай да бір әскери әріптестік орнатып, жаттығу өткізіп, олардың аймағында қандай да бір әскери нысан (база, зертхана, ұшу алаңдарын) салмауы міндетті. Бұл ұсынысы әрине біз үшін алаңдатарлық. Себебі Қазақстан соңғы жылдары АҚШ-пен бірлесіп әскери жаттығулар жасауда, мысалы дәстүрге айналған "Дала қыраны" жаттығуы.

Мәскеу АҚШ-қа ядролық қаруды қолдану бойынша жаттығулар өткізбеуді де ұсынды. Өзге ел аймағын бір біріне шабуыл жасау мақсатында қолданбау туралы да айтты. Бұл ұсыныстардың барлығы дерлік Вашингтонға ұнай қоюы екіталай. Қазірдің өзінде "Ақ үй" ақылғы қонымсыз ұсыныстары көп екен деп отыр, ал нақты жауапты келер аптада бермек.

Қазірдің өзінде АҚШ бұл ұсыныстарды қабылдамайтын сыңай танытуда. Себебі аталмыш ұсыныстар Вашингтонның ұлттық мүддесіне сай келмейді және оны қабылдау Украина мен Грузияға берген келісімінен бас тарту деген сөз. 2008 жылы НАТО басшылығы Грузияға, 2015 жылы Украинаға НАТО-ға кіруге кепілдік берген еді.

Ресей АҚШқа жасаған ұсынысын Орталық Азия елдерімен талқыламастан жібергені анық. Қазақтың, өзбектің, тәжік пен түркіменнің, қырғыздың тағдырын өздеріне айтпастан шеше беретін болған ба? Қауіпті. Біздің СІМ не дер екен бұл ұсынысқа қатысты. Қай одаққа кіріп, қай одақтан шығатынын тәуелсіз елдер өзі білмей ме? Солай ма?..

Ка Мырза

Abai.kz

 

 

59 пікір