Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 10741 0 пікір 23 Тамыз, 2012 сағат 11:01

Мұрат Насимов. Саяси тәрбие

Кеңес беру орын алған мәселелер міндеттерін шешуге бағытталған, ақыл беру арқылы жәрдемдесудің бір түрі. Ақылы түрде жүргізілетін кеңес беру экономикалық жағынан мол қаржыны қажет ететін, қарқындылығы және мерзімі жөнінен уақытшалығымен ерекшеленеді. Ақысыз  кеңес беру жолдары күнделікті тұрмыстық өмір-салтында ауызекі түрде жүргізіледі. Жалпы кеңес берудің барлық түрлері әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени, қоғамдық құндылықтарды бағалауға тәрбиелейді. Әумесерлік мінез-құлық пен жаман қылықтарға үйір болмай, әдептілік жолымен жүруді үндейді.

Кеңес беру орын алған мәселелер міндеттерін шешуге бағытталған, ақыл беру арқылы жәрдемдесудің бір түрі. Ақылы түрде жүргізілетін кеңес беру экономикалық жағынан мол қаржыны қажет ететін, қарқындылығы және мерзімі жөнінен уақытшалығымен ерекшеленеді. Ақысыз  кеңес беру жолдары күнделікті тұрмыстық өмір-салтында ауызекі түрде жүргізіледі. Жалпы кеңес берудің барлық түрлері әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени, қоғамдық құндылықтарды бағалауға тәрбиелейді. Әумесерлік мінез-құлық пен жаман қылықтарға үйір болмай, әдептілік жолымен жүруді үндейді.

Мемлекеттің маңызды қызметтерінің бірі ретінде қоғамның барлық салаларының дамуын болжау болып табылатыны белгілі. Еліміздегі ғылым мен білімнің дамуын болжау, ХХІ ғасыр жастарын тәрбиелеу шарттарын зерделеуде көптеген толғақты мәселелер туындайды. Тәрбие теориясы ғылыми қауымдастық арасында бүгінгі күнде үлкен қызығушылық танытып отыр. Десек те, Кеңес одағы ыдырағаннан кейін тәрбиені ғылыми тұрғыдан зерттеу күлкіге айналып, ақырында ұғымды сол коммунистік биліктің мұрасы ретінде сынағандар да кездесті. Күрделі, ішкі қарама-қайшылығы мол замандағы қоғамдық санаға қажетті тәрбие мұратын айқындау қиынға соғады. Сондықтан тәрбие тұлғаны қоғамдық және мәдени өмірдің социомәдени нормативтер модельдеріне сәйкес дайындау мен қалыптастыру жүйесі. Көптеген ғалымдар пікірлері мен анықтамалары бойынша тәрбие популяцияның тарихын сақтауды қамтамасыз ететін механизм саналады. Ал адам тәрбиесі педагогиканың ғылым ретіндегі пәнін құрайды.

Тәрбие, тәлім-тәрбие - жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс.

Бесік тәрбиесі, балдырған тәрбиесі, өрен тәрбиесі, жасөспірім тәрбиесі, жастар тәрбиесі бір-бірімен жалғасып, өз ерекшеліктерімен жүзеге асырылады. Тәрбиенің мақсаты адам бойында ізгілік, инабаттылық қасиеттерін және тіршілікке қажетті дағдылар қалыптастыру болып табылады. Қоғамдық тәрбие - тарихи аренада адамдар қоғамының пайда болуымен бірге туды. Қоғамдық тәрбиенің мақсаты, мазмұны, құралы мен әдістері қоғамдық қатынастардың қарқынымен, қандай қоғамдық-экономикалық формацияның шарттарында іске асатынымен анықталады. Ізгілік тәрбиесі - жеке тұлғаның моральдық қасиеттерінің, көзқарастары мен сенімдерінің қалыптасу үрдісі. Ізгілікті деп жалпы адамзаттық моральдың ережелері мен талаптарын, нормаларын өз көзқарасы мен сенімі ретінде, мінез-құлығының үйреншікті формасы ретінде көрсететін адамды есептеуге болады.

Адамға ғылымнан бұрын тәрбие беру керек. Тәрбиесіз ғылым зұлымдыққа апарады. Тәрбие - адамға сапалы өмір сүргізеді. Тәрбие - адамның жүріс-тұрысын, сөйлеу мәнері мен мәнін, ой өрісін қамтиды. адамға оң мен солды, жақсы мен жаманды танытады. Адам дүниеге келгеннен бастап өмір сүруге, дүние тануға құқылы. Адамның ерік-тілектері, іс-әрекеттері басқа адамның құқығын бұзбауы тиіс [1].

Грек философы Аристотель (Aristotle, б.з.д. 384 - б.з.д. 322 жылдар)  тәрбиенің 3 түрін бөліп көрсеткен: дене, адамгершілік және ақыл тәрбиесі. Өзінің «Саясат» (Politica) атты еңбегінде басшы жастарды тәрбиелеуге баса назар аударғанын айта келе, саясаткерлер адамгершілігі мол тұрғындарға қарағанда, азаматтарды қайырымдылыққа тәрбиелеу керектігін айтады [2].

Тәрбие мәселесін зерттеушілер арасынан әлемге әйгілі ойшыл, философ, әлеуметтанушы, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, музыка зерттеушісі Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950) орны ерекше. «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» трактатында тәрбие туралы нақты ғылыми анықтама берді: тәрбиелеу дегеніміз - халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз; тәрбиелеу кезінде халықтар мен қала тұрғындарына білімге негізделген қасиеттерден тұратын іс-әрекеттер дағдысы сіңіріледі; этикалық ізгіліктерді - білім, тәрбие арқылы дарыту керек, сол арқылы адам игілікті істерге талпынады. Аталмыш еңбекте елдің басшысы өз бойында туа біткен 12 қасиетті ұштастырса көптеген жетістіктерді бағындыратындығы жайында баяндайды: 1) ... адамның мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелерінің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, сонда егер адам әлдебір мүшесінің жәрдемімен әлденедей бір іс істемек болса, ол мұны оп-оңай атқаратын болады; жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің жай-жағдайына сәйкес ұғып алатын болуы керек; 2) өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсені ұмытпайтын болуы керек; 3) әйтеуір бір заттың кішкене ғана белгісін байқаған заматта сол белгінің ишаратын іліп әкетерліктей алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі болу шарт; өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан-анық айтып бере алатын тілмар болу шарт; өнер-білімге құштар болу, оқып-үйренуден шаршап-шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болу керек; 4) тағамға, ішімдік ішуге, сыр-сұхбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек, жаратылысынан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы шарт; 5) шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек; 6) жаны асқақ және ар намысын ардақтайтын болуы шарт; жаны жаратылысынан пасық істердің бәрінен жоғары болып жаратылысынан игі істерге ынтазар болуы тиіс; 7) жаман атауға, жалған дүниенің басқа да белгілеріне жирене қарау керек; 8) жаратылысынан әділеттілік пен әділеттілерді сүйіп әділетсіздік пен озбырлықты және осылардың иелерін жек көру керек; 9) жақындарына да, жат адамдарға да әділ болып жұртты әділеттілікке баулып, әділетсіздіктен зардап шеккендердің залалын өтеп, жұрттың бәріне де өз білгенінше жақсылық пен ізгілік көрсетіп отыруы қажет; 10) әділ болу керек, бірақ қыңыр болмау керек; 11) әдептілік; 12) өзі қажет деп тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек... [3]. Сонымен бірге, әлемнің екінші ұстазы айтқан «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» деген тұжырымы баршамыздың жадымызда. Сондықтан ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың дәстүрлері мен тағылымдарын үйрету арқылы жастарды ізгілік пен парасаттылыққа баулимыз.

Чех елінің белгілі ойшылы, педагог Ян Амос Коменский (Jan Amos Komenský, 1592-1670) ғылымға «пампедия» жаңа терминін енгізді. Ұғым бойынша «пампедия - бүкіл адамзаттың әмбебап тәрбиесі... Басты мәселе бәрі, барлығына, жан-жақты үйренуі тиіс» [4].

Эмпиризим мен либерализмнің өкілі ретінде саналатын ағылшын философы Джон Локктың (John Locke, 1632-1704) 1693 жылы жарық көрген «Тәрбие туралы ойлар» («Some Thoughts Concerning Education») атты трактатында тәлімгер өмірлік жағдайлар мысалында тәрбие нәтижелерін айқындайтындығын дәлелдейді. Білім беру үрдісі төмендегідей үш әдіс арқылы жүретіндігі туралы айтады: дені сау тәннің дамуы, қайырымдылық қасиетін қалыптастыру және өзіне қажетті білім беру бағдарламасын таңдау [5].

Француз ойшылы Жан-Жак Руссо (Jean-Jacques Rousseau, 1712-1778) кейінірек жаратылыс тәрбиесі технологиясы түсінігін енгізді. Ол бұл ойын мынадай үш идеямен айшықтайды: 1. Нәресте - бұл кішкентай ересек адам емес. Тәрбие сәбидің жаратылысы кезеңдерін ескере отырып, әрбір кезеңде түрлі міндеттерді шешуі қажет. Орындалуы тиіс міндеттер мен оны шешу тәсілдері ересектермен сәйкес келмейді. Балалық шақ мәселесін зерттеуші көптеген ғалымдар Руссоның балалық шақтың көптеген құпияларын ашты деп көрсетеді.

2. Нәресте тәрбиесіне үш фактор ықпал жасайды: табиғат, адамдар, қоғам. Әрқайсысының атқаратын өз міндеті бар, тәлімгер оның тек үйлесімділігін айқындайды.

3. Тәлімгер табиғатқа көмек беруде нәрестеге қатысты мәселелерде жасандылыққа салынбағанын қадағалағаны абзал. Санадағы бүкіл білім мен адамгершілік нұсқауларын нәресте өзі қалыптастыру қажет [6].

Қарап отырсақ, тәрбие мәселесі қоғам мен адамзат үшін ерекше мәнге ие. Оның көмегі бойынша қалыптасады:

біріншіден, адамның сөйлеу мүмкіндігі; екіншіден, қоршаған ортаның өзгерісіне бағытталған мінез-құлық белсенділігі; үшіншіден, қоршаған орта элементтерінің өзгерістеріне байланыс қызметі (өндіріс құралдары).

Міне, осы ерекшеліктерге байланысты адамзат популяциясы бейгенетикалық сипаттамалық құрылымға ие мәдени және этникалық дәстүрлерді қалыптастырды. Бүгінгі күндегі адамзат популяциясының феномені қоғамда өмір сүретін ақпараттарды ұжымдық қайта өңдеу және индивидтердің жоғары жылдамдықпен қабылдауда жатыр. Сондықтан қажетті тәрбиенің жоқтығы ақыл-ой дамуын кідіртіп, адамзат қоғамы өмірі рөліндегі әлеуметтік қалыптасу жолдары бұрмаланады.

Тәрбие жеті негізгі факторлардан тұратын құралдар арқылы жүзеге асады: тәрбиелеуші тұлғасы; білім беру процесінің мазмұны; оқу-тәрбие процесінің ұйымдастырылуы; білім беру орындарындағы тәрбие жұмысының арнайы бағдарламасы; сабақтан тыс қосымша білім; өзін-өзі басқару және тәжірибелік (қоғамдық) жұмыс. Аталған факторлардың қатысу деңгейі және тәрбиелік ықпалы тәрбиенің жалпы стратегиясында қарастырылады [7].

Адам тәрбиесінің келесі түрлері ерекше бөлініп көрсетіледі:

тәрбие мазмұнына қарай: 1) ақыл-ой тәрбиесі; 2) еңбек тәрбиесі; 3) дене тәрбиесі; 4) адамгершілік тәрбиесі; 5) эстетикалық тәрбие; 6) құқықтық тәрбие; 7) жыныстық және жынысаралық тәрбие; 8) экономикалық тәрбие; 9) экологиялық тәрбие және т.б.

Институтталған сипат бойынша: 1) отбасылық тәрбие; 2) діни тәрбие; 3) әлеуметтік тәрбие; 4) бейәлеуметтік тәрбие; 5) түзетілген тәрбие.

Үстемдік ету принциптері мен қатынас стильдері байланысты: 1) авторитарлық тәрбие; 2) еркін тәрбие; 3) демократиялық тәрбие [8].

Ақыл-ой тәрбиесі тұлғаның жан-жақты дамуына маңызды шарттардың бірі. Бұл адамзаттың интеллектуалды дамуына бағытталып, өзі және дүниені тануға қызығушылық туындатады. Еңбек - қоғамның материалды және рухани байлықтарының негізгі қайнар көзі, адамның әлеуметтік мәртебесіндегі негізгі өлшем ретінде бағаланады. Әлемнің әміршісі - еңбек. Тек еңбекпен ғана жеміс өнеді, тек еңбек қана бар қиындықты жеңеді. Елбасы, Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев баршамызды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырғаны да баршамызға мәлім [9]. Дене тәрбиесі адам ағзасын жақсарту жолында атқарылатын қызмет түрі ретінде санаймыз. Оның негізгі сапалық белгілері спорттық ойындар арқылы қалыптасады. Өз кезегінде спорт маңызды әлеуметтік феномен ретінде қоғамдық өмірдің барлық саларында жоғары бағаланған, қоғамның тіршілік әрекеттеріне зор ықпал жасайтын физикалық және интеллектуалды мүмкіншіліктерді үйлестіретін дене мәдениетінің құрамдас бөлігі. Бүгінгі күнде ол ұлттық қатынастар, іскерлік өмір, қоғамдық тұрмыс, сән үлгілері, адамгершілік құндылықтары мен адамдардың өмір салтын қалыптастыруға мол әсер ететіні анық. Намыс, міндет, сенім, патриотизм секілді адамгершілік сезімдерін; шыдамдылық, мейірімділік, жуастық сынды адамгершілік бейнесін; Отан алдындағы борышын орындау және халқына қызмет ету сынды адамгершілік мінез-құлқын біріктіретін адамгершілік тәрбиесінің де қоғам үшін маңызы зор. Адамзаттың материалды және рухани мәдениетіндегі эстетикалық тәрбиенің де көрінісін байыптау көптеген зерттеулерді қажет етеді. Құқықтық мәдениеттің негізгі элементі саналатын құқықтық тәрбие заңнамалық құжаттардың реттеу жолдарын танытуымен қатар, адамзат құндылықтарын құрметтеуге үндейді. Адамзат ағзасының жынысаралық мәселелерін медициналық тұрғыдан мәдениетін ұғындыратын тәрбие беру жолдарының да маңыздылығы жоғары. Қаржы мәселелері төңірегіндегі ойларымызды қалыптастыратын, бүгінгі күндегі банк жүйесіндегі мәселелерді айқындайтын экономикалық тәрбиенің де мәртебесі жоғары.

Ресей ғалымының жоғарыда аталған тәрбие беру жүйелерінің қатарына, әсіресе институтталған сипаттамалық белгілеріне саяси тәрбиені қосқан дұрыс секілді. Саяси кеңес берудің негізгі құндылықтарын жеткізуде саяси тәрбиенің қосатын өз үлесі де бар.

Саяси тәрбие - тұрғындардың саяси санасы мен мінез-құлқына жүйелі және бағытталған ықпал ету үрдісі, жеке тұлғаның санасы мен өзін-өзі тану санасын, топтық саяси сана мен қоғамдық сананы қалыптастыру.

Саяси тәрбие мақсаттары, мазмұны мен оны ұйымдастыру қоғам саяси жүйесінің сипатымен анықталады және оны сақтау мен дамыту мүдделеріне қызмет жасайды. Саяси тәрбиенің негізгі міндеті жүйедегі үстемдік етуші саяси құндылықтар, саяси мінез-құлық ережелері мен нормативтік үлгілерін сақтау мен жаппай ендіру. Бұл жүйеде үстемдік етуші саяси мәдениет түрінің таралуымен байланысты.

Саяси тәрбие екі негізгі бөліктен тұрады: рационалды, тиімді, яғни қажетті саяси ақпаратты тарату; эмоциялық, яғни саяси қатынастар жүйесін дайындау. Бірінші бөлік - қоғам мүшелерін жүйеге тиімді саяси білімдермен қамтамасыз ететін саяси ақпарат (білім) жүйесі. Мұндай жүйе қатаң (тоталитарлық нұсқа) немесе қатаң емес (демократиялық нұсқа) болуы мүмкін. Мысалы, кезінде КСРО-да саяси білім жүйесі кеңінен тараған еді.

Саяси тәрбиеде саяси білім жиынтығынан басқа саяси саладағы адамдардың тұрақты эмоциялық таңдауларын қалыптастыруға бағытталады. Бұл бөліктің рөлі мен сипаты саяси жүйемен анықталады. Саяси тәрбие білім мен сенім ортақтығын қалыптастыруға бағытталады.

Саяси тәрбие әдістері тікелей және жанама болып бөлінеді: тікелей әдістерге: қажетті ақпаратпен бекітілген дәлелдеу; нәубетшіл санкциялармен бекітілген мәжбүрлеу жатады; жанама әдістерге: саяси белгілер мен салт-жораларды пайдалану; ұйымдастырылған қызықтырушылық (мектеп оқушылары болса мақтау, мақтау қағаздарын табыстау); әңгімелесу, қоғамдық-саяси аттестация сияқты арнайы бағытталған жағдайлар жүйесін қалыптастыру.

Саяси тәрбие құралдары сан алуан. Жеке тұлғалық деңгейде саяси тәрбие қоғам мүшелеріне саяси жүйемен арнайы бөлінген адамдардың (насихатшылар, комиссарлар, саяси қызметкерлер, тәрбиешілер) жеке ықпалы маңызды рөл атқарады.

Олар арнайы жағдайларды қалыптастыру арқылы сөзбен және жеке үлгімен ықпал етуді қамтамасыз етеді. Әлеуметтік топтар деңгейінде топ мүшелерін саяси өзара тәрбиелеудің ұжымдық жиналыстар мен басқа да топтық акциялар түріндегі жолдары қалыптасады. Үлкен әлеуметтік қауымдастықтар деңгейінде саяси тәрбие құралдары: митингілер мен шерулер. Саяси тәрбиенің барлық деңгейінде БАҚ және саяси коммуникация маңызды құралдар болып есептеледі.

Саяси тәрбие барлық құралдары мен әдістерінің тиімділік өлшемі саяси жүйеге сай жеке тұлғаның мінез-құлық тәсілі, жеке тұлғаның өзін-өзі тәрбиелеуі. Саяси өзін-өзі тәрбиелеу - әлем, қоғам және оның дамуы туралы әдебиеттерді адамның өзі ізденіп зерттеуі.

Саяси тәрбие саяси әлеуметтендірудің жеке жағдайы. Әлеуметтендірудің ұйымдасқан тәсілі ретінде саяси тәрбие жеке тұлғаны қалыптастырудың барлық сатыларында ат салысады. Саяси тәрбиенің жылдамдық деңгейі қоғамдағы идеология мен саясат салмағына тәуелді. Ол жоғары болған сайын саяси жүйе өзін-өзі сақтау мәселелеріне де көп көңіл бөледі, сол саяси тәрбие ауқымдырақ және жылдамырақ жүреді. Саяси тәрбие нәтижелеріне бақылау жасау деңгейі жүйенің демократиялық деңгейімен, оның сан алуандылығымен, саяси тәрбиенің басқа модельдеріне шыдамдылық танытуымен анықталады [10].

Тәрбие теориясын парадигмалық көзқараспен қарастыру үлкен қызығушылықты туындатады. Томас Сэмюэл Кун (Thomas Samuel Kuhn, 1922-1996) пікірінше, ғылымның дамуы ғылыми парадигмалардың ауысуымен тікелей байланысты.

Тәрбие парадигмаларының түрлері бірнеше теориялар және тұжырымдамалармен өзара байланысты. Әрқайсысын жеке қарастырып көрелік.

Авторитарлық тәрбие парадигмасы. Дәстүрлі қоғам тәрбиесінің сипаттамалық белгісін көрсететін ескі парадигма. Ең негізгі белгісі тәлімгер мен тәрбиеленуші арасындағы бір жақты байланыс, біріншісі әрдайым шыншыл, екіншісі оған сенуі тиіс және оның ізімен жүргені абзал. Бұл тәрбиелеу моделінің маңызды қызметі білім, әлеуметтік құндылықтар мен өмір тәжірибесінің ұрпақтан ұрпаққа берілуінде жатыр.

Аталмыш парадигманың ойлары неміс философы және педагогы Иоганн Фридрих Гербарт (Johann Friedrich Herbart, 1776-1841) еңбектері арқылы көрініс табады. Оның пікіріндегі тәрбиенің басты мақсаты этикалық ойлар тұрғысындағы ерік үндестігі мен көпқырлы мүдде дағдылануында жатыр.

Табиғатқа ұқсаушылық тәрбие парадигмасы. Бұл дәстүрлі педагогика ретінде саналатын авторитарлық тәрбиеге қарама-қайшы алғашқы жауап. Мұның негізгі идеялары Я.А. Коменскийдің төмендегі пікірлерімен өзара байланысты: біріншіден, тәрбие әмбебап және ол қауымдық тосқауылдармен анықталмайды; екіншіден, тәрбие адамзат табиғатымен сәйкес келуі тиіс «табиғат күрделі және тәрбиелеуді қиындатады); үшіншіден, әмбебап тәрбие үшін әмбебап мұғалімдер қажет (әрбір адамды жетілдіру үшін, шебер басшылық керек).

ХХ ғасырдың басында аталмыш парадигма жанданып, швед жазушысы және педагогы Эллен Каролина Софья Кей (Ellen Karolina Sofia Key, 1849-1926) еркіндікте тәрбиелеу тұжырымдамасын айқындады. «Нәресте ғасыры» (Век ребенка», 1905, 326 б., «Barnets århundrade») кітабында балалар еркіндікте даму құқығын иеленуі жөнінде баяндалады.

Замандастар ұжымындағы тәрбие парадигмасы. Ұжым - тәрбиенің кеңестік ресми жүйесіне қажетті ұғым ретінде өзінің ғылыми мағынасын жоғалтып, тек идеология құралы саналды. Ол кезеңде ұжым социализм кемел болашаққа апарар жол болса, индивидуализм - капитализмнің адамзатқа жасалған қатері есептелді. Осындай жұтаң ұстанымдар деңгейінде көптеген елдердің ресми педагогикасы құрылды.

Бірақ, ұжым ұғымы социализм идеясымен бірге келді деу қате пікір. Капиталистік қоғам берілген парадигма бойынша тәрбие жүргізу қызметін «скаутинг» (Scouting) арқылы түсіндіре аламыз.

Ұсынылып отырған мәселе төңірегіндегі тәжірибелі жұмыс нәтижелерін польша педагогы Януш Корчак (Janusz Korczak, 1878-1942) және орыс педагогы Антон Макаренко (1888-1939) көрсете білді. Бүгінде көптеген ғалымдар А.С. Макаренконың тоталитарлық қоғам азаматтарын тәрбиелеуге бағытталған жүйені қалыптастырды және оның жүйесінде еркін адам жоқ деген пікір білдіреді. Бүгінде ғалым еңбектеріне Ресей көрсете алмаған құрметті Германия танытты. Германияның әлеуметтік педагогтары мен әлеуметтік жұмысшылары арасында еңбектері кең тараған. А.С. Макаренконың барлық еңбектері неміс тіліндегі кеңейтілген түсіндірмелері жарық көрді. Оның құрған тәрбие моделі тәжірибеде өз жемісін де беріп жатыр.

Бір бағытта қызмет атқаратын ұжымға сүйеніш тәрбиенің көптеген міндеттері мәселелерін шешті. Бұл жүйе жаңа шарттарға оңай дағдыланады. Бұл парадигма идеясы барысында балалардың өмірлік әлеуметтік дағдыларын қалыптастыру мүмкіндігі туралы да айтуға болады.

Қатерлі қоғамдағы жеке өмір сүру парадигмасы. Бұл парадигма әлі толықтай қалыптасып үлгермеуімен қатар, оның нақты сипаттамалық анықтамасы жоқ. Десек те, қазіргі жаһандық процестер, оның артықшылықтары мен қатерлерімен өзара байланысты адамзаттың жаңа кезеңдегі өмірінің көрінісін айшықтайтындығын болжауға болады. Оның теориялық негіздемесінің дайындығына постмодернизм ықпал ететіндігі де анық.

Қатерлі қоғам тұжырымдамасының сипаттамалық белгілерін танымал европалық әлеуметтанушылар Ульрих Бек (Ulrich Beck, 1944) және Энтони Гидденс (Anthony Giddens, 1938) еңбектерінен көруге болады. У. Бектің пікірінше, қатерлі қоғам дәстүрлі қоғам аяқталғанда, дәстүрдің реттеу рөлі жоғалғанда басталады.

Неміс философы және әлеуметтанушысы Юрген Хабермас (Jürgen Habermas, 1929) төмендегідей пікір ұсынады: «Қоғамда моральды-саяси автономия санасы дамуда. Бұл біздің дәстүрге, дінге, көсем беделіне сүйене алмайтындығымызды көрсетеді және дұрыс пен бұрыс айырмашылығын өзіміз анықтауы қажеттілігін танытады. Бұл үшін бізде тек жеке өлшемдері ғана бар. Адам осы өзгерісі мол шындықта өзін-өзі сақтау үшін «толық жеке өмірлік жоспарын» құрады. Демек, бұл парадигманың негізгі мазмұны бүгінгі күнде ата-ана, тәлімгерлер, әлде, «үйдің үлкені» (ағасы) тәрбиесі арқылы орын алатындығын анықтауда жатқан секілді.

Осы жаңа тәрбие тұжырымдамасының негізгі және бірінші жорамалы - қатерлі қоғам мен жаһандануда тірек тек өзіңде, өмір сүру кез келген бағада. Екіншіден, өмір бұл ойын. Өмірдің ойындық негізі жаңа пішіндер иеленіп келеді. Кез келген құмар ойындары қоғамдық санаға сіңісіп, адамдардың күнделікті өмір-салтындағы мінез-құлық саналды. Үшіншіден, өмірді жоспарлаудың еш мағынасы жоқ, тұрақсыз әрі қатерлі қоғамда оның құндылығы жоқ. Бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, өмірлік жолдың кезекті кезеңдеріне дайындалудың қажеттілігі шамалы [6, 139-151 бб.].

Тәрбиенің негізгі міндеттерін қабылдау және жүзеге асыру төмендегі құндылықтар арқылы жүзеге асады деген пікірдеміз: тұрмыстық (өмір, отбасы, салт-дәстүр, қаржы жағдайы, болмыс, жасампаздық); адамгершілік (ар-ұят, жақсылық, еркіндік, сенім, сұлулық); рухани (абырой, міндет, жауапкершілік, төзімділік). Міне, адамды тәрбиелеудің негізгі қағидаларын қалыптастыру осы үш құрамдас бөліктің жиынтығы арқылы ғана мүмкін деген шешім қабылдаймыз.

Ақпараттық заманда адамзат бұқаралық ақпарат құралдары (газет-журналда, теледидар, радио және Интернет) арқылы тәрбиеленіп келе жатқаны белгілі. БАҚ саяси процестердегі ең ықпалды құрылымдардың бірі және бүгінгі саяси сахнадағы негізгі құрал болып табылады. Сондықтан баспасөз, радио мен теледидар қазіргі қоғамға ықпал ететін және жанама түрде тәрбиелейтін мықты институт.

Бүгінгі ғылыми зерттеулерде бұқаралық ақпарат құралдарының екі негізгі қызметін айқындай аламыз: 1) гуманитарлық (ақпараттандыру, білім беру, ойын-сауықтық); 2) саяси (бұқаралық сана қалыптастыру).

Өз кезегінде бұқаралық ақпарат құралдарының саяси қызметі қазіргі кезеңдегі өзіндік құрамдас бөлігін құрайтын және гуманитарлық қызметпен тығыз байланысты бірнеше өзіндік ерекшелігі бар қызмет түрлерін қамтиды.

БАҚ-тың ең негізгі қызметтерінің қатарына ақпараттандыру жатады. Саяси ақпаратқа қоғамдық маңызы зор, мемлекеттік органдар тарапынан назарды қажет ететін және оларға ықпал жасайтын мәліметтер енеді. Алынған ақпарат негізінде азаматтардың үкімет, парламент, партиялар мен басқа саяси институттар қызметі, қоғамның экономикалық және мәдени өмірі туралы ойлары қалыптасады.

БАҚ-тың ағартушылық қызметі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді өз дәрежесінде бағалау мен реттеуге бағытталады. Масс-медиа азаматтардың бүкіл өмірін қамту арқылы олардың саяси және әлеуметтік ақпаратты ұғынуға ықпал жасайды. Сондықтан азаматтардың саяси біліміне БАҚ-тың әсері мол.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ағартушылық әлеуметтендіру қызметімен тығыз байланысты. Дегенмен, ағартушылық жүйелі білім игеру мен тұлғаның танымдық және құндылық мүмкіндіктерін кеңейтсе, саяси әлеуметтендіру халықтың саяси нормалар, құндылықтар мен мінез-құлық үлгілерін игеруге ұмтылдырады. Сонымен қатар, тұлғаның әлеуметтік ақиқатқа бейімделуін қамтамасыз етеді.

БАҚ-тың сыни қызметін саяси жүйедегі масс-медиамен қатар, оппозиция кеңінен қолданады. Бірақ, ақпарат құралдарындағы сынның көлемділігі өте кең болғандықтан, мемлекеттік саясаттың барлық бағыттары оның назарында болады.

Қоғамдық пікірдің беделділігіне негізделген бақылау қызметінің артықшылықтары өте мол. Қоғамдағы келеңсіздіктерге әкімшілік және экономикалық жазалау шараларын қолданбаса да, кез келген оқиға мен саяси тұлға қимылына құқықтық және адамгершілік бағасын ұсынады.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ықпалдастық қызметі саясат пен қоғамдағы кемшіліктерді сынаумен қатар, саяси ойыншылар мен түрлі қоғамдық мүдделер ықпалдастығын қамтамасыз етеді. Түрлі әлеуметтік топтар мүшелері пікірлерін бұқараға ашық білдіру мүмкіндігін ұсынып, қоғамдық пікірдегі өз мүдделерін қорғауға жағдай қалыптастырады.

Жоғарыда аталған БАҚ-тағы саяси қызмет түрлерінің барлығы жұмылдыру қызметімен бірлескен. Қызметтің бұл түрі  азаматтардың белгілі бір саяси қызмет түріне итермелеуге жол береді. БАҚ халықтың санасы мен сезіміне ықпал ете отырып, нақты саяси мінез-құлықтың қалыптасуына әсер етеді. Өйткені кез келген жоғары білімді азамат қарама-қайшылығы мол саяси процестерде жауапты шешім қабылдауда теледидар, радио, газет пен журналдарға сүйенеді.

Жалпы бұқаралық ақпарат құралдарының саяси қызметі жоғарыда аталған түрлерімен шектелмейді. Кейбір ғалымдар бұқаралық ақпарат құралдарының саяси қызметі түрлеріне инновациялық, жеделдету және қоғамдық пікірді қалыптастыру қызметтері туралы да айтады. Бұл БАҚ-тың саяси кеңес беру қызметі ерекшеліктерін толықтай айқындаумен қатар, тәрбие беру мәселелерімен өзара байланыстылығын танытады.

Алдын ала жоспарланған немесе арнайы ұйымдастырылған тәрбие тиімді болмайтынын ұмытпауымыз қажет. Тұлға ізденісіне еркіндік және жеке таңдау құқығы берілгенде ғана тәрбие дамиды. Тәрбиені стандарттау тұлғаның даму мүмкіндіктерін шектейді. Бұл әсіресе, өзінің құндылық ориентацияларын қалыптастырған студент жастарға қатысты. Сондықтан оқытушылардың басты назарында оқу-тәрбие процесінен бұрын студенттің тұлғалық белгісі тұруы тиіс. Студенттердің рухани белсенділігі мен стандартты емес ойлау қабілетін марапаттап отыру қажет.

Ғылыми еңбектерді саралай отырып, тәрбие мақсаты - арнайы дайындалған, жоспарлы жүргізілетін тәрбие акциялары мен қимылдарының ықпалымен жүзеге асырылатын және адамдағы күтілетін нәтижелі өзгеріс болып табылады.

Насимов Мұрат Өрленбайұлы,

саяси ғылымдарының кандидаты,

Қызылорда «Болашақ» университеті

техника, экономика және құқық факультетінің деканы

«Абай-ақпарат»

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.      http://kk.wikipedia.org/wiki/Тәрбие

2.      Аристотель. Сочинения: В 4 т. Т. 4. - М.: Мысль, 1983. - С. 376-644.

3.      Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. - Алматы: Ғылым, 1975. - 163 б.

4.      Коменский Я.А., Локк Д., Руссо Ж-Ж., Песталоцци И.Г. Педагогическое наследие. - М.: Педагогика, 1988. - С. 107.

5.      Локк Дж. Сочинения в трёх томах: Т. 3. - М.: Мысль, 1988. - 668 с.

6.      Луков Вал.А. Парадигмы воспитания // Гуманитарные науки: теория и методология. - 2005. - №3. - С. 141.

7.      Зимняя И.А. Стратегия воспитания: возможности и реальность // Интеграция науки и высшего образования. - 2006. - №1. - С. 72.

8.      Мудрик А.В. Воспитание / гл. ред. Давыдов В.В. - Российская педагогическая энциклопедия. - М.: Научн. изд. «Большая Российская энциклопедия», 1993. - Т. 2. - С. 166-168.

9.      Назарбаев Н.Ә. Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам // Егемен Қазақстан. - 2012. - 10 шілде.

10.  http://kk.wikipedia.org/wiki/Саяси_тәрбие

 

0 пікір