Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңғырық 10709 7 пікір 16 Желтоқсан, 2021 сағат 00:27

Қайрат Рысқұлбеков. Түрмеден хат

Дүниені дүр сілкіндірген 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының Бас қаһарманы – Қайрат Рысқұлбеков небәрі 22 жыл ғұмыр кешті. Есіл ер зұлым күштің құрбаны болды. Бірақ өзі кеткенімен артында мәңгі өлмес ерлік ісі, азаматтық асқақ даңқы қалды.

Қайрат батыр ғана емес, ақын да еді. Оның шындық деп шырылдаған дауысы абақтының тас қабырғасын қақыратып, құлағымызға жыр болып жетті.

1991 жылы «Жалын» - «Береке» баспасынан «Еменнің иір бұтағы» атты Қайрат Рысқұлбековтың темір торда, тар қапаста жазған өлеңдері мен ол туралы естеліктер топтастырылған кітап 30 мың тиражбен баспа көрген. Ондағы құжаттар мен материалдардың көпшілігі кинорежиссер Қалдыбай Әбеновтың жеке архивінен алынған.

Abai.kz ақпараттық порталы бүгін аталған кітапқа енген Қайрат Рысқұлбековтің екі бірдей өлеңі мен түрмеден жазған хатын оқырманға ұсынбақ.

Ақтық сөз

Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген.
Арғымақ мінген жаратып,
Ақ сауыт киген темірден
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр!

Ұлы Ленин бабамыз
Қатарға тең деп тартқан соң,
Компартия басқарып,
Достық отын жаққан соң
Аға дедік орысты
Әділдігі жаққан соң.

Ал енді қазір неткен күн
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан соң,
Шыдамастан ақыры
Қарғыс атқан Алаңда
Қарғыс атқыр туған күн.

Қаймана қазақ қамы үшін,
Қарусыз шықтық Алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.

Сөйлессем даусым жетпейтін,
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға.

Екі жүзің қырылып,
Екі жүзің ұрылып,
Екі жүзің сотталып,
Жоқтаусыз кетіп барасың.
Қатарым жусап қалғанда
Қыршынымнан қиылып,
Солармен бірге өлсемші-ай!
Артта қалған ата-анам
Арулап қолдан көмсеңші-ай!

Тұтқынға түстім жаутаңдай,
Жоламай ешкім қасыма.
Бара қалсаң, сәлем айт
Сырттағы құрбы-досыма!

«Ақтық сөзің не?» деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан,
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы
Бөтен қолда кетпесін.

Салт-санадан айрылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ел көркейтер азамат
Қызғаныштан тозбасын.

Абай туған жерінде
Бомбасын атом жармасын.
Құлпытасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.

Өз ұлтының басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Үміт еткен Мәскеуден
Қарадай көңіл қалмасын.

Ленин салған сара жол,
Қолдаушысыз болмасын.
Барлық ұлтпен тең болып,
Ешкімнен көңілің қалмасын.
Ендігі жерде басыңнан
Бірлік пен бақ таймасын.

Осы айтылған ақтық сөз,
Туың болсын әрдайым.
Мойныма алып жаланы,
Мен болайын құрбаның.

Бас-аяғы сол болсын,
Басыңа түскен қатердің.
Ақтық сөзді енді мен
Сотқа да бір айтайын:

Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
«Еркек тоқты құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!

Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген, қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.

Хош аман бол, артымда,
Ағайын, туған азамат.
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!

Түрме жыры

Темір тор, жамбасыма тақылдайсың,
Өзіммен бірге туған жақындайсың.
Телміріп темір торға қаматқанша,
Сұм дүние, бұл жалғаннан неге алмайсың?!

Ауылда жақсы екен ғой салған әнім,
Қу тағдыр татырды ғой түрме дәмін.
Қайдағы пәлеқорлар жала жауып,
Жазықсыз қылмыскер боп кетті сәнім.

Тастөбе, төрт қабырға, темір есік,
Ас берер ортасында жалғыз тесік.
Күніне ұзатары үш тілім нан,
Өлмейтін саған тиер осы несіп.

Мамыр 1987 жыл.

Түрмеден хат

...Дүниедегі ең сұмдық зұлымдықты сот алдында азамат сотынан көрдім. Әділетсіздікпен сот кәрін септі, жас гүлге өлім септі, зұлымдықпен атып тұрды да, «ату жазасы» деп жас жүрекке найзаны сұқты-кетті. «Өспей жатып – өшу, жанбай жатып – сөну» деген осы да.

«Бақ түссе – маңдайымнан, тас түссе – талайымнан», көріп алдым, маған өлім қорқынышты емес, өйткені адалдығым одан биік тұр.

...Әнеукүнгі кездесуде менің «приговорымды» алдыңдар ма? Талғаттың суретін неғып тастап кетпедіңдер. Ақша салып кеттіңдер ме? Келесіде Талғаттың, Рахат пен Асхаттың суреттері болса, ала келіңдер. Кездесуге кірер алдында, сендерге «кір» деп айтады ғой қайсысы бдолса да, я сержант, я капитан, соған беріңдер суретті, бере салсын маған, (өтінесіңдер ғой). Кездесуге келер алдында, бір тал роза гүлін ала келіңдерші. Скроро мейрам ғой. Қонақтар кеп қалғандай болсын, комната сәнсіз болмасын. Оны да суретпен бірге беріңдерү болса екі тал (екі штук), ырым болсын...

Өзіме келсем, денсаулық жаман емес. Жағдай да солай. Ертеңнен кешке дейін шексіз қиялға берілемін де жатамын. Көкірегімде сол жалғыз үміт пен шексіз қиял. Жазатын қол жеткен жердің бәріне жаздым, кім біледі артыңның не боларын. Я сен, я мен боламыз да. Жоғарғылар ақтаса – ақтар, болмаса Құдай сақтар. Басқа не істейміз, аяқтарына жығылатын мен емес. Бар шындықты жазып жібердік, қалғанын өздері білсін.

Жазмыштан озымыш жоқ. Барлық таныстарға, туыстарға, достарға менен сәлем. Беттеріңнен сүйе бердім. Сәлеммен Қайрат.

23.09.1987 жыл.

Әзірлеген Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

7 пікір