Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2782 0 пікір 22 Тамыз, 2012 сағат 07:50

Қуандық Шамахайұлы. «Ғылыми ортаның» тірлігі

(сықақ әңгіме)

Батыста білім алған Саматтың ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасқанына жарты жылдан ғана асқан. Мұндағы тірліктің бәрі ол үшін мүлдем жат, өзінше бөлек әлем. Көрер көзге ұрып тұрған әлдебір керегер дүниенің бәрі мұнда әдеттегі құбылысқа айналғандай көрінеді де тұрады. «Мынасы енді болмайды» деп ішкі түйсігімен сезінген нәрселері болып кетеді. Керісінше, заңдылыққа сай дұрыс жасалған дүниесі алға баспайды. Бар дүние төңкеріліп тұрғандай. Мұндағы тірлікті екі аяғыңмен жерді тіреп тұрып қарасаң ұқпайсың. Ал, екі қолыңмен «стоик» жасап алсаң ғана айналаны түсінуге, бәрін дұрыс тануға болатын сияқты. Оған мүмкіндік қайда? Мектепте жүргенде-ақ дәл осы стоик жаттығуын жасай алмағаны үшін денешынықтыру пәнінің мұғалімінен талай рет таяқ жеген. Ойласа болды, аза бойы қаза болады.

Алғаш жұмысқа кіріскен күннің ертеңінде ғылыми-зерттеу институттың директоры Омалған Қамалғановичтің тікелей тапсырмасымен әлдебір ғылыми жоба келіп түскен. Мемлекеттік грант па, тендер ме әйтеуір бір қомақты ақшаны ұтып алу үшін жобаны ағылшын тіліне аударуы керек екен. Тендер немесе грант бөлетін үкіметтік комиссиясында отырғандардың арасында шетелдіктер жоқ. Тіпті ағылшын тілін білетіндердің өзі бар ма, жоқ па ол жағы күмәнділеу. Соған қарамастан әр жоба міндетті түрде үш тілде жасалатын заң бар екен.

(сықақ әңгіме)

Батыста білім алған Саматтың ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналасқанына жарты жылдан ғана асқан. Мұндағы тірліктің бәрі ол үшін мүлдем жат, өзінше бөлек әлем. Көрер көзге ұрып тұрған әлдебір керегер дүниенің бәрі мұнда әдеттегі құбылысқа айналғандай көрінеді де тұрады. «Мынасы енді болмайды» деп ішкі түйсігімен сезінген нәрселері болып кетеді. Керісінше, заңдылыққа сай дұрыс жасалған дүниесі алға баспайды. Бар дүние төңкеріліп тұрғандай. Мұндағы тірлікті екі аяғыңмен жерді тіреп тұрып қарасаң ұқпайсың. Ал, екі қолыңмен «стоик» жасап алсаң ғана айналаны түсінуге, бәрін дұрыс тануға болатын сияқты. Оған мүмкіндік қайда? Мектепте жүргенде-ақ дәл осы стоик жаттығуын жасай алмағаны үшін денешынықтыру пәнінің мұғалімінен талай рет таяқ жеген. Ойласа болды, аза бойы қаза болады.

Алғаш жұмысқа кіріскен күннің ертеңінде ғылыми-зерттеу институттың директоры Омалған Қамалғановичтің тікелей тапсырмасымен әлдебір ғылыми жоба келіп түскен. Мемлекеттік грант па, тендер ме әйтеуір бір қомақты ақшаны ұтып алу үшін жобаны ағылшын тіліне аударуы керек екен. Тендер немесе грант бөлетін үкіметтік комиссиясында отырғандардың арасында шетелдіктер жоқ. Тіпті ағылшын тілін білетіндердің өзі бар ма, жоқ па ол жағы күмәнділеу. Соған қарамастан әр жоба міндетті түрде үш тілде жасалатын заң бар екен.

«Жазған құлда шаршау» бар ма, аударуға бірден кірісті. Бірақ, бастамай жатып тығырыққа тірелді. Жобаның атауының өзі құрамалас сабақтас сала құлаш ұзақ бір сөйлемнен тұрады екен. Сөйте тұра ешбір тиянақталған ой жоқ. Бірдің басы, бірдің аяғы секілді бірдеме. Түпнұсқадағы ойды тұспалдап, шатып-бұтып аударған болды. Ал, енді алғашқы сөйлемді түсінсейші! Бір парақтың басынан ортасына дейін жалғасқан, жалпақтығы жиырма сантиметр  сөйлемді оқығанда ақылынан адаса жаздады. «Қазақ баспасөзінде 1929 жылдан кейін жарық көрген мақалалардағы ұлттық мүдде мен отаншылдық рух, қазіргі толеранттылық Қазақстан халықтарының бірлігі, ассамблея идеясының ынтымақтастығы, жолдауға қолдау инновациялық қадамдар, интеграциялық әлеуеттілік, кедендік одақтың ынтымағы...» деп жалғасып кете береді. Басын оқыса - аяғын, соңын оқыса - басын ұмытып, ештеңені ұқпай щатасып қала береді. Шыдай алмай бөлім бастығы Жайратқа  барды:

- Жәйреке, мынау не зат? 1929 жылдан кейінгі қазақ баспасөзінде қайдағы ұлттық мүдде? Ол тұста сталинизмнің қанды қырғыны қазақты саяси қуғын-сүргінге ұшыратқаны белгілі ғой. Жалпы мына жобаны мүлде түсінбедім.

- Cәке, артық сөзді не қыласың? Омекең қол қойған соң болды. Біз алдымызға не келсе соны орындаймыз. Біздің ортада заңмен болмаса да, өз арамызда ойлануға тиым салынғанын, тапсырмаға не берілсе соның орындалуы ғана керек екенін біліп ал! Сен орысша мен қазақшада не жазылса соны ағылшын тіліне аудара сал! Қалғанына бастықтар өздері жауап береді. Бұл жерде екеуміз де кішкентай адамдармыз.

Кішкентай екенін өзінің тікелей бағынатын бастығынан естіген соң қайдан шықса, онан шықсын деп барды бар күйінде аударды да жөнелтті. Жоғары жақ оның тас талқанын шығарып қайтарарына, сол үшін директордің өзі терлеп-тепшіп жауап береріне бек сенімді болды.

Алайда, екі айдан соң күтпеген жағдай болды. Бір күні таңертең жұмысқа келсе бәрі мәз-мейрам. Институт пора-пора ақшаның астында қалыпты. Дереу жиналыс өтіп, тендер ме, әлде грант па үкіметтен бөлінген ақша есебінен бәріне еңбекақы тағайындалыпты. Тіл білгеннің арқасында Саматқа да тәуір жалақы есептеліпті. Оны таң қалдырғаны, компьютер басатын хатшы қызға ең жоғары жалақы есептелуі болды. Оның қасында жасы бар, жасамысы бар білдей ғылым докторлары мен профессорларының еңбекақылары жіп есе алмайды. Сұрамақшы болып әлде неше рет оқталып еді, Жайрат бастығы ымдап қозғалтпады. Мұндай да сорақылық болады екен. Ғылыми-зерттеумен тер төгіп айналысатындардан гөрі не атағы, не дәрежесі жоқ, қайдағы бір хатшы қыз көп жалақы алады. Дағарадай кең қабылдау бөлмесінде азаннан кешке дейін компьютер шұқылап отырады. Агентпен хат жазыса ма, ойын ойнап отыра ма, құдай біледі.

Самат енді хатшы қызды бақылап көрмекке қабылдау бөлмесіне барды. Бірден мониторға көз салып еді, әлгі қаршадай қыз хат жазып немесе ойнап отырғанға мүлдем ұқсамайды. Файл толы мәтінді сатыр-сұтыр жазып лезде толтырады да келесі бетке көшеді. Тіпті бұрылып қарауға да мұршасы жоқ. Мұнда тек директор ғана  азанда жұмысқа келгенде, түстенуге шыққанда, кешке қайтқанда өз кабинетіне қарай өтетіні болмаса тірі жан аяқ баспайтыны көрініп тұр. Соған үйренген бе, хатшы қыз Саматқа мойын бұрып қараған да жоқ, жазуын жалғастыра берді. Жазып отырған дүниелерінің стиліне қарағанда тәп-тәуір монографияға ұқсайды. Ұзақ тұрудан ыңғайсызданып сәлем берді. Жазуын жалғастырған күйі сәлемін алған қыз алдындағы көнетоз кітапты парақтап жіберіп оқып-оқып алады да сатыр-сұтыр баса жөнеледі. Сәлден соң Саматты сұрақтың астынан алды:

-  «Бесжылдық жоспар» дегенді қазіргіше айтқанда, «2030» стратегиялық даму бағдарламасы» деген сөзбен алмастыруға бола ма?

-  Түсінбедім.

-  Жарайды, «компартия пленумы жүктеген міндеттер» дегенді «елбасының кезекті жолдауымен»  алмастыра салуға болатын шығар?

-  Қайдан білейін, айналайын!

Осы кезде «әбетке» баруға шығып бара жатқан директор хатшы қыздың алдына сәл бөгелді де:

-   Сен ана «КПСС сьездері», «Сталин жолдастың баяндамасы», «Пролетариаттың ұлы көсемдері Маркс, Энгельс, Ленин» деген сөздерді теріп қойып жүрме! Сосын, тағы «Коминтерн», «Интернационализм» деген сөздердің орнына «Қазақстан халық ассамблеясы», «коммунистік идея, интернационалистік тәрбие»  дегендердің соңғысын қалдырып, алдыңғы сөздерін өшіріп орнына «ұлттық» деп жазуды ұмытпа! - деп бұйырды. Сосын, Саматқа бұрылып мынандай тапсырма берді:

-   Сен мұнда текке тұрма! Жайратқа барып кеңес одағы кезінде жарыққа  шыққан кітаптардың бірін ал да ескірген саяси атауларды қазіргімен ауыстырып компьютерге басып әкел! Бюджеттен қаншама ақша бөлінді. Енді соны тез игеріп бес томдық кітап шығаруымыз керек. Давай, іске кіріс!

Директор өзі тікелей тапсырма берген соң қарап тұрсын ба, салып ұрып бөлім бастығына келсе ол да бас алмай бір ескі кітапты құшақтап алған қарындашпен кейбір абзацтарды сызып алып тастап, енді бірінің сөздерін алмастырып жазып отыр екен. Саматты көріп қуанып кетті.

-   Сәке, бір томдық уже дайын! Менің компьютер баса алмайтынымды білесің ғой, сен бар да мынаны тездетіп басып шық! Мен келесі бірін қолға алайын! Бәріміз соавтормыз ғой. Жоғары жақ бөлген ақшасының есебін сұрап жатыр дейді...

Осылайша, ғылыми-зерттеу институтта «кітап аулау» науқаны өрістеп кетті. Оны «аулау» демеске өзге лажы жоқ еді. Аудару деуге, жазуға жатқызуға да келмейтін бір қызық тірлік.

Самат мұны жоғары жақ бекітпейді деп күтті. Алайда, бекіткенін естігенде аң-таң қалды. Ендігі үміт тек қана баспасөзде қалды. Бес томдық кітаптың тұсаукесерін Омекең дүрілдетіп тұрып өткізді. Арнайы шақырылған құрметті қонақтар, мәртебелі ғалымдар ауыздарының суы құрығанша мақтау айтты. Кітапты оқымай тұрып та осындай мадақ айтуға болатынын алғаш көрген Саматтың таңданысында шек болмады. Ендігі жалғыз үміті журналистерде қалды. Тұсаукесерге лек-легімен ағылып келген баспасөз өкілдерінің тым құрығанда бірі бұл сорақылықты көріп сын тезіне салар деп күтті. Алайда, телеарналар кешкі жаңалықтарда Омалған Қамалғанович басқарған ғалымдар ұжымының ерен еңбектерін тамсана хабарлады. Ертеңінде газеттер тұсаукесердегі суретті үлкейтіп басып, бестомдықты «ғылымдағы тың жаңалық» деп бағалады. Ай сайын шығатын журналдар да соны айтты. Бәрі бір бірінің ауыздарына түкіріп қойғандай.

Ендігі шын сөзді оқырман қауым айтар деп Самат әлі күтіп жүр. Бірақ, қоғамда мүлгіген тыныштық, тіпті жым-жырт. Ал, «ғылыми орта» сол баяғы тірлігімен жанталаса қимылдап жатыр.

"Абай-ақпарат"

0 пікір