Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 5207 13 пікір 14 Желтоқсан, 2021 сағат 16:23

Дауа 

«ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ» МҮШӘЙРАСЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Жазушылар одағының қасынан тұңғыш рет «Қазақ әдебиетінің мецананты» қоғамдық қоры құрылғанын хабарлаған болатынбыз. Осы апта басында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қор  «ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ» атты республикалық жыр мүшәйрасын өткізді.

Белгілі ақын Қасымхан Бегманов жетекшілік ететін қордың алғашқы шарасы қазақ поэзиясына зор үлес қосқан 17 ақынның атында бәйге жариялаудан басталды. Қазақ жырының керегесін кеңейткен классиктерді еске ала отырып, бүгінгі жыр дүлдүлдерін анықтау оңайға түскен жоқ. Өйткені бұл мүшәйраға еліміздің әр түкпірінен 81 ақын өз шығармаларын жолдаған.

Мүшәйра республикалық деңгейде өтті. Ақындардың жасына шектеу болмады. Мүшәйраға ұсынылған шығармалар 2021 жылдың қазан айының 1-нен қараша айының 30-на дейін қабылданды.

Қазылар алқасының шешімімен  М.Мақатаев атындағы бас жүлдені Әбубәкір Қайран (1 000 000 теңге), Т.Айбергенов атындағы бірінші орынды Бауыржан Бабажанұлы (750 000 теңге), Қ. Мырза-Әлі атындағы екінші орын Аян Нысаналин (500 000 тенге) мен Т.Молдағалиев атындағы екінші орынды Заида Елғонды  (500 000 тенге) иеленді.

Үшінші үш орын: Ғ.Қайырбеков атындағы жүлде – Қуат Дәуренұлына, Ж.Нәжімеденов атындағы жүлде – Жұмабай Құлиев, Ф.Оңғарсынова атындағы жүлде – Батырлан Сағынтаевқа  (300 000 теңгеден) берілді.

Сонымен қатар, Қ.Шаңғытбаев атындағы жүлде – Нүсіпбай Әбдірахымға, Т.Бердияров атындағы жүлде – Айжарық Әбілқасымға, С.Жиенбаев  атындағы жүлде  – Мейрамбек Әбдіқалиевке, Қ.Бұғыбаева атындағы жүлде  – Шаттық Қыстаубайға,  Ө.Нұрғалиев атындағы жүлде  – Досбол Исламға, Р.Ниязбек атындағы жүлде  – Роза Сейілханға,  Ж.Бөдешұлы атындағы жүлде  – Тұрдыхан Айдарханұлына,   Ж.Жақыпбаев атындағы жүлде  – Ержан Алаштуғанға,  Ж.Әбдіраш атындағы жүлде  – Құрманғазы Жұмағұлға,  К.Мырзабеков атындағы жүлде – Әлібек Шегебайға тапсырылды (200 000 теңгеден) .

Ұйымдастырушылар: Қазақстан Жазушылар одағы және «Қазақ әдебиетінің меценаты» қоғамдық қоры.

Бас демеуші: «Кентау Трансформатор зауыты»


         

   (лирикалық поэма)

                                               Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,
                                               Балталасаң да айырылман!
                                               Сыртым – құрыш,
                                               Ішім – болат,
                                               Тасқа да салсаң майырылман!
                                                                                   Ақтамберді

1. Жырла, жүрек!

Ойға батсам Тәуелсіздік туралы –
Сезінемін зеңгірлікті тудағы.
Жұтып тұрып жұпарланған ауаны,
Сіміремін мөлдірлікті судағы.
Тәуелсіз боп елестейді жырымның
Әрбір жолы, шумағы.
Ұлғаяды Ұлы Дала кеңдігі,
Толғанады таулары мен нулары.

Ойға батсам Тәуелсіздік жайында –
Бірдей туар Күнім менен Айым да.
Оқталамын бітіруге бір жақсы іс,
Тоқталамын бір тұрақты пайымға.
Осы ұғымның оттай ыстық әуені –
Барлық әнге қайырма.
Осы ұғым ғой Отаны да сананың,
Сабылдармас, салындармас уайымға.

Тұр құдырет Тәуелсіздік сөзінде –
Жайнап тұрар көңілдердің төрінде.
Жанды ерітіп, қылын шертіп жүректің,
Сайрап тұрар көмей менен ерінде.
Шаттығы тұр кейуананың жүзінде,
Сәбилердің өңінде.
Бапталады батырлық пен ақындық,
Сақталады сабыр менен төзім де.

Бүкіл пәктік Тәуелсіздік таңында,
Бүкіл шаттық Тәуелсіздік бағында.
Нәрі осында тіршіліктің таусылмас,
Бәрі осында – байлығың да, барың да!
Ұлылық пен жылылықтың ұшқыны
Ұласады жалынға.
«Отан!» деген отты сезім бұрқанып,
Тулап жатар ұрпақтардың қанында.

Өзегі осы өмірге шын құштардың,
Өзені осы қайта оралған құстардың.
Ұясы осы балапанның ақ үрпек,
Қиясы осы қанат қағып ұшқанның.
Көзі тимес көре алмаған жалдаптың,
Оғы тимес дұшпанның!
Қалтыратпас Тәуелсіздік қарттарды,
Сансыратпас санадағы мысқал мұң.

Тәуелсіздік! Кімдер қалай түсінбек?
(Жауыздардың жүрген болар ішін жеп).
Көзбен қалай көрсем екен бейнесін,
Сөзбен қалай берсем екен мүсіндеп?!
Алмаймын ба біреулердің дегбірін,
Қалмаймын ба күпір боп?
Жырым менің – жүрегімнің дүрсілі,
Оған ешкім шығаратын үкім жоқ!

Жырла, жүрек!
Жырла, жүрек тоқтамай,
Жүректердің жыртықтарын бүтіндеп!

2. Кие мен ие

Отыз жыл!
Отан – бостан!
Отан – азат!
Ойларым неге менің бошаламақ?!
От жұтып, шоқ шайнаған Қазақ Елін
Отырам тарихпенен қоса қарап.
Бабалар «Байтақ жерді сақта!» деген,
Мәңгілік мойынымда осы аманат!

Келген соң келешекке сеніп өткім,
Жүз рет жүрегіме әмір еттім.
Берсем деп бойымдағы бар қуатты,
Көрсем деп көгергенін төңіректің,
Жыр жазам жалғайын деп сөзімменен –
Арманын Керей менен Жәнібектің.

Түсті олар тартысты ойдың алқасына,
Алаштың артты жүгін арқасына.
Болған соң серт пен сенім, елдік, бірлік –
Қазақтың қамалы да, қалқасы да,
Керей хан бүкіл елдің таңбаларын
Қашатты Ұлытаудың жартасына.

Серт пенен сенім шарты осы арада,
Серттеспей қазақ басын қоса ала ма?!
Елдік пен бірлік қана төрге оздырар –
Қамығып қалған жұртты босағада.
Сол шақта елдің отын алғаш жақты –
Бүгінгі Қазақстан – Отан Ана!..

Сақтардың сайлауытты негізінен
Тарихқа талай жұрттың елі кірген.
Ғұн, үйсін, қаңлылардың хандықтары
Кеңейген, кемелденген, кемірілген.
Қазақтар осылардан іріктеліп,
Жаугер боп, ат үстінде көзін ілген.

Содан соң өрлеп Түрік қағандығы,
Соғыстан сан құбылды заман жүзі.
Жарқылдап құрамында қағанаттың,
Қақ жарды ер түріктер қараңғыны.
Күлтегін, Тоныкөктің ескерткішін,
Кейіннен, бүкіл адам, ғалам білді!

Ұрпақтан ұрпақтарға аманаттар,
Жалғайтын дәуірлерді жамағат бар.
Бір кезде Көк Түріктің дәурені өтіп,
Орнады Түргеш, Қарлұқ – қағанаттар.
Одан соң оғыздардың күні туды,
Осының барлығында бар қазақтар.

Қыпшақтар қылыш сілтеп, найза безеп,
Көрсетті жауынгерлік елден ерек.
Ойрандап оғыздардың орда, тағын,
Ел болды күннен күнге іргелірек.
Қазақтар қатты ұйысқан хандық – осы,
Жауларын жағаласқан жеңген үдеп.

Ежелгі Дешті Қыпшақ – қазақ жері,
Мың тәубә! Азат та енді, ғажап та енді!
Атақты Алтын Орда заманында
Жошының ұлысы боп санатқа енді.
Шыңғыстың Дештідегі ұрпақтары,
Тілімен, тінімен де қазақ болды.

Көңілге түйді Қазақ көп арманын,
Талпынды тапсам-ау деп жоғалғанын.
Сенімін сертке балап, сеске байлап,
Ақ туын ұстап тұрды Ақ Орданың.
Бөлініп Әбілқайыр хандығынан,
Сол болды Қазақ үшін оңалған күн.

Керей хан кері серпіп зар, мұңын да,
Тез құрды дербес Қазақ хандығын да.
Інісі ер Жәнібек демеу болды
Заманның дауылында, жаңбырында.
Алғашқы қазақ ханы Керей сұлтан –
Аңыз боп естен кетпес қалды ұғымда.

Хан болды Керейден соң Жәнібек хан,
Майданда тері де аққан, қаны да аққан.
Хандықты нығайтуға жанын салып,
Ер болды ол ел-жұртының бәрі ұнатқан.
Дәл сондай ұлы хандар ұмытылмас –
Жұлдызын жұртшылықтың жамыратқан...

Кім білмес Керей ұлы Бұрындықты,
Отыз жыл ел басқарды, жауын жықты.
Баласы Жәнібектің Қасым хан да
Салды ақыр Шайбаниге ауыздықты.
Қайтпайтын айтқанынан қаһарлы хан
Қатал заң шығаруға әмір қыпты.

Ақназар оның ұлы асқақ тұрған,
Жер алды ноғай менен башқұрттардан.
Бұл ханның саясаты үстем болып,
Жауларды басындырмай, жасқап тұрған.
Ақназар өз кезінде Алты Алаштың
Бірлігін тірлігімен астастырған...

Тура жол Тәуекел хан күрт ұстанды,
Көп көрді соғыс, сойқан, қырқыстарды.
Қаратты ол қалаларды қазақтарға –
Ташкент, Сайрам менен Түркістанды.
Інісі Есім таққа отырған соң,
Кеңейтті одан сайын бұл тұстарды.

Аймағын Ташкенттің түгел алып,
Іс қылды ол қазақтарға қуанарлық.
Бұдан соң екі ғасыр қазақ билеп,
Өзбектер, шындығында, шыдады анық.
Тиым сап жеті атадан қыз алуға,
Заңына ел бас иді тұра қалып...

Тәуке хан Жәңгір ханның баласы еді,
Оны елдің көп ойлантты келешегі.
Құрған сол «Хан кеңесін» алғаш рет,
Заң-низам «Жеті жарғы» – ережесі.
Үш жүзге үш төбе би сайланған соң,
Тең болды «төре», «қара» дәрежесі...

«Ақ табан, шұбырынды, сұламадан»
Қазақ жоқ қаңғымаған, жыламаған.
Біздің ел нәр тілеген Жер – Анадан.
Біздің ел нұр тілеген Күн – Анадан!
Жосылған жасын иіп, Тәңір ие
Сыйлаған Абылайдай ең ұлы адам!..

Ілінді ел Ресейдің қармағына,
Сиынды ел бабалардың аруағына.
Қытайдың қулығынан құри жаздап,
Соғылды Қоқанның да қанжарына.
Соңғы хан Кенесары жетпей кетті –
Сабылтқан мақсатына, арманына!..

Тек ұлы билеушілер сүйеді елді,
Оларға жақпас тарих күйелерді.
Ел мен жұрт ешқашанда жақтырмаған –
Түгімен жұтқандарды түйелерді.
Ұмытпай ұлы ұлдарын ұлықтаған
Қазаққа аруақ пенен кие қонды.

Ақ тілек, адал ниет бастап елді,
Тәңіри Тәуелсіздік таққа келді.
Ақ туы Абылайдың жығылған соң,
Екі жүз он жыл өткен шақта келді.
Сол кезде туған сәби отыз жаста,
Жерге ие, елге тұтқа жастар енді!

3. Арылу

Қазақпын!
Толған тыртық тәнім менің,
Қансырап, қаншама рет зар иледім.
Мерт болған жау қолынан бауырлардың
Құшақтап көп жыладым қабірлерін.
Көз жасым ішке жұтқан тас боп қатты,
Тас кек боп, өзіме-өзім әмір бердім.

Өртенді қара орманым толған ұя,
Кеудеме рух қонды сонда дара.
«Қазақты құртам!» деген ойраттарды
Ініне тықтым Тәңір қолдады да.
Көріне маған қазған өзі түсіп,
Жоғалды жер бетінен Жоңғария!

Басымнан қара бұлт ауа берді.
Таң нұрын ана менен бала көрді.
«Өзімнің мекенім деп, меншігім!» деп,
Сүйдім мен жаудан азат АНА ЖЕРДІ.
Жан, тәннің жарасына наласына
Сол кезде-ақ бұл жеңісім дауа болды.

Ілінді біраз уақыт жау-жарағым,
Ешкімнен өнбес дауды дауламадым.
Көп өтпей Ресейден бізге қарай
Сезіндім қара бұлт аунағанын.
Алдымен сұлтаным мен билерімнің
Жүрегін білдім орыс жаулағанын.

Сонан соң орыс, қазақ дос болысты.
Ресей бәрін ерте ескеріпті.
Қаптаған «қарашекпен» келді бізге,
Сабылтып Ресейден көш-көлікті.
Әр жерден бекіністер бой көтеріп,
Ерлерім соған қарсы көп соғысты.

Айналып саясаттың ойынына,
Кіргендей болдым орыс қойынына.
«Қыңқ» етіп, қырыстанып бас көтерсем,
Соғылдым қайта-қайта сойылына.
Аранын аша түсті маған төніп,
Бітеудей жұту екен бар ойы да.

Туғаннан еркіндікке құмар едім,
Бөрінің түзде жортқан сыңары едім.
Өтпей-ақ екі ғасыр екі арада,
Орыстың құлы болып шыға келдім.
Осындай жауыздықтың салдарынан
Қалған жоқ сау тамтығым мына менің!

Орыстың құлаған соң ақ патшасы,
Қызылдар жетті маған жасқап, басып.
Еріксіз, коммунист боп кеттім бірден,
Маркспен, Ленинмен мақсаттасып.
Көп туыс шетелдерге ауып кетті,
Кең дала, асқар тауын тастап қашып.

Кедейлер ұжымдасты, серіктесті.
Қолдағы малдың басы кеміп кетті.
Өкімет төрт түлікті тартып алып,
Айдаһар ашаршылық келіп жетті.
Қырылып қынадай боп бүкіл халық,
Сол аштық алды-артымды тегістепті.

Болған соң арман да мұң, жалған да мұң,
Анық қой ес жия алмай сандалғаным.
Кенеттен «халық жауы» деген шығып,
Жазықсыз жапа шекті тарландарым.
Тоғытты түрмелерге, жер аударды,
Аямай ата салды қалғандарын.

Ұмыттым барымды да, басқамды да,
Жаһандық соғыс бір күн басталғанда.
Қайғыға бүкіл әлем шомып кетті,
Бейне бір қан жауғандай аспаннан да.
«Айбоздар қай Отанды қорғайды?» деп,
Артынан жылап тұрдым аттанғанда.

Кеткеннің көбі содан оралмады,
Қырылған қойдай болды борандағы.
Сөнді ғой көздерінен шырақтары,
Өлді ғой өздерімен бар арманы!
Ерлікпен өлген кейбір боздақтарым
Батырлық атағын да ала алмады.

Соғыстан кейін есті жидым аздап,
Амалдап, алды-артымды жүрдім барлап.
Байқасам, балаларым бір-біріне
Орысша сөйлесумен жүр былдырлап.
Қазақша оқытатын мектептердің
Орыны тып-типыл боп тындырылмақ.

Дәметкем бір ғажайып кереметтен,
Басыну болмайды екен бұдан өткен!
Тілімді жойса болды – өзім жоқпын,
Алайда, не тындырам ерегеспен?!
Жерімде қазақтан да орыс басым,
Барлығы өз күні үшін өліп-өшкен...

Семейдің полигоны – зарым, қайғым,
Қырғыны – қырық екі жыл! Жаңылмаймын.
Отыз жыл өтсе дағы жабылғалы,
Дертінен, азабынан арылмаймын.
«Жойылсын полигон!» деп ұран тастап,
Әлемге шер-мұңымның бәрін жайдым.

Басталды бір күндері тың игеру,
Кремль: «Керек – деді – егін егу!».
Топырлап топ-топ орыс келіп жатыр,
Оңай ма мен байқұсқа жерін беру?!
Дәрмен жоқ, іш қазандай қайнаса да,
Қажет қой өз басыма көңіл бөлу.

Құйқалы жердің бәрі қопарылды
Өз жұртым шеттетіліп, ошарылды.
Бір інім дихан болып, бірі – шахтер,
Төлдетіп өзім жүрдім отарымды.
Көмірді көсеп жақса келімсектер,
Қыздырдым қи-тезекпен ошағымды.

Біз қойдық келімсекке өріс беріп,
Ісіміз оңға баспай, теріс келіп.
Ұлтымыз кім екені ұмытылып,
Ұрпағым кеткендей бір орыс болып.
Қарасам, қазаққа тән қасиетім
Бойымнан барады екен өліп, сөніп.

Қылғандай қысастықтың бәрін маған,
Орады алды-артымды залым заман.
Ақыры бір орысқа басқартқан соң,
Жастарым шыдамады жалындаған.
Ұран сап жастар легі көтеріліп,
Естіді, көрді соның бәрін ғалам.

Шынғырған дауыстардан құлақ тұнды,
Аспаны желтоқсанның жылап тұрды.
Жауыздар ұрпағыммен ойнап жүріп,
Қазақтың кім екенін бір-ақ білді.
Кеңестің кесапатты өкіметі,
Осыдан көп ұзамай құлап тынды...

Білемін тауым биік, далам кеңін,
Сол үшін мазаң да едім, алаң да едім.
Тұтамын түйір тасын тәбәрік қып,
Жұтамын «жұпарым!» деп самал желін.
Біліңдер, бар азаптан ада қылған –
Тәңіри Тәуелсіздік – ДАУАМ менің!

Даусыз – бұл! Дауаландым бодан – дерттен,
Бақыт пен байлық бар ма оған жеткен?!
Ал, бірақ, ауырады кейде жаным –
Ездерге ел намысын төмендеткен.
Қорқаулар қорламақшы рухымды,
Жемқорлар жеу тәсілін тереңдеткен.

Оларға тиым бар ма, амал бар ма?!
Қарақшы қармап жүрсе мазам бар ма?!
«Қазаннан қақпақ кетсе, ит ұялмас»,
Не дейміз дал боп жүрген тәмәм жанға?!
Қалайша құлып салып ындындарға,
Қалайша қақпақ қойсақ қазандарға?!.

Жаратқан, жар бола көр әз еліме,
Мән менен сән бере көр мәнеріне!
Жайылсын жақсы атақпен «Қазақ» атым,
Әлемнің өркендеген бар еліне!
Тіреуге жарап тұрса тірлік, бірлік,
Біреуге қол жоюдың керегі не?!

Өнер мен ғылым, білім дүниесін,
Бірлік бар, ұршықтай ғып иіретін.
Елміз ғой шалқайғанға шалқаятын,
Елміз ғой еңкейгенге иілетін.
Жарқ етсін жас ұрпақтың жүрек оты,
Көрсетсін Қазақ Елі құдыретін!

Жанымыз – Жер-жаһанның жанашыры,
Әніміз – әлдилеген Дала сыры.
Тәніміз – Табиғаттың төл тумасы,
Арымыз – көзіміздің қарашығы.
Баласы Көк пен Жердің Тәңір сүйген –
Ар болсын, аман болсын Алаш ұлы!
Өгейсіп әлі тұрған өз жерінде –
Жайнасын, жарқырасын Ана Тілі!

4. Бәтуа

Отандастар!
Бауырластар!
Қандастар!
Ұлы Көшпіз –
Арты – кезең,
Алды – асқар.
Тебіренді –
Текті, сесті Аруақтар,
Еміренді –
Тарихымыз сан қатпар.
Аруақтарды ардақтауға – бәтуа!
Төл тарихты салмақтауға – бәтуа!

Жүректілер!
Тілекшілер!
Момындар!
Азатсыңдар!
Ғажапсыңдар!
Озыңдар!
Отаның бар!
Ошағың бар!
Жолың бар!
Қазақ қана,
Қазақ қана болыңдар!
Азаттықты тік ұстауға – бәтуа!
Қазақтықты ұмытпауға – бәтуа!

Мизам шуақ

Сәлем бердік, сүйікті сарыала күз.
Сізге қандай сыршыл жыр жаза аламыз?!
Маужыраған мынандай күндеріңді –
«Мизам шуақ» деуші еді жан анамыз.

Жаралғандай жан сусар нұрдан денең,
Сала алмайды суретші сызғанменен.
Сәнмен ұшып жататын ақ ұлпалар –
Сәмбі талдың басынан «мизам» деген.

Жапырағы күліп тұр... жасыл әлі.
(Күні ертең-ақ күлкісі басылады).
Ұғынар-ау сәмбі тал өмір заңын –
Ұшып бәрі кеткен соң жапырағы.

Көремісің кеудемді тұрған ысып,
Жырдан татып жүрмін ғой, мұңнан ішіп.
Байқайсың ба, мен дағы сарыаламын,
Кеше кеткен басымнан мизам ұшып.

Өн бойыңды өрнектеп бояуларың,
Айшықтайсың адамның ой, арманын.
Сарыала күз, сәтің бұл – мизам шуақ,
Саған қарап... көркіңе тоя алмадым!

Көктем кезім, жаз шағым түсті есіме.
Белгілі ғой бұл мұңның бітпесі де.
Мамыражай сәт болып көрінгенмен,
Мизам шуақ жастықтың нүктесі ме?..

Үрей

Бірлік бар бұл ғаламда шыр айналған.
Мәні осы Мәңгіліктің Құдай жазған.
Белгілі осы шақты ұштайды Үміт.
Белгісіз болашақты құрайды Арман.

Араздық – Адамзаттың зор айыбы,
Кірлеген күншілдікпен сана, миы.
Жаулық пен іштарлықты жеңе алмаған –
Жеңімпаз жетістігі, ғажайыбы.

Пенденің бірдей емес танымдары.
Білмейміз – аз ба, көп пе залымдары.
Жауыз бен жайсаң жолы қиыспайды –
Жүгірген қаны бөлек тамырдағы.

Адамдар адамдарды жүдеткенде,
Дерт пенен кек кіреді жүректерге.
Мың сан ой ми ішінде соқтығысар –
Момындар залымдардан дір еткенде.

Жоғалса жанның жанға мейірімі,
Кім қылып өсіреді кейінгіні?
Жазасыз, жариясыз қала бермек –
Кей зорлық, кей сұмдығы, кей ұрлығы.

Әдетке айналғандай мұның бәрі.
Шошытты жұрттың жаман ырымдары.
Адамды адам қылған жалғыз сезім –
Шырқырар Махаббаттың шыбын жаны!

Махаббат ғаламторға қамалғанда,
Созады қолын қалай Жан Арманға?!
Қорқамыз қажет болмай қала ма деп –
Жұбайлық біз көрмейтін замандарда!

Ғылым мен тіршіліктің арасында,
Пенделер білмей қалды шамасын да.
Болады көп ұзамай бір төңкеріс,
Мен білсем, Адамзаттың санасында!

Әбубәкір Қайран

Abai.kz

13 пікір