Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 9807 27 пікір 14 Желтоқсан, 2021 сағат 13:04

Сепаратистің Қазақстанға сесі: Олар күшті ғана түсінеді

Ресей тарапынан Қазақстанға қатысты шүйлігу тоқтар емес. Ақпараттық кеңістікте тіпті үдей түсті. 2019 жылы аумақтық тұтастығымызға күмән келтірумен басталған ақпараттық шабуыл, ақыры Қазақстанның ішкі саясатына ұласып, орыс тілі мәртебесі мен орыстілділер құқығы деген ойдан шығарылған тақырыптар аясына ауысты. Бұл Мәскеудің Ақордаға жасаған ымы болса керек. Себебі Мәскеу әлемдік геосаясатта жалғыз қалды және ол үшін әр одақтасы мен серіктесі маңызды. Дегенмен одақтастықты достық арқылы емес, сес арқылы дамытамын, ұстап қаламын деу әрине агрессиялық саясат ұстанушылардың ғана ойына келсе керек.

Қазақстан мемлекеттік тілді дамытуға қатысты түрлі заңдар қабылдап, жер-су аттарын ауыстырып, тарихи атауларын қайтаруда. Бұл Мәскеуге ұнамайтыны анық. Бұған дейін Ресей Мемдума өкілдерін, саясаткерлер мен тарихшыларын сайратса, осы жолы Украина шығысын қанға бояған, бүгінде Ресейдің Мемлекеттік думасында депутат болып отырған, бұған дейін Донецк Халық Республикасы деп аталатын сепаратистік аймақ министрлер кеңесінің төрағасы болған Александр Бородай Қазақстанға қатысты кіжіне сөйлепті. Сепаратист былай дейді.

«Маған азиаттардың менталитеті өте таныс және өкінішке орай олар тек қана күштің тілін түсінеді. Ол күшті қолдану міндетті емес, дегенмен оны көрсетіп қою абзал. Әлсіздерді ешкім құрметтемейді. Ресейдің одақтастары болып Александр III айтқандай теңіз флоты мен әскері ғана бар, өкінішке орай басқа шынайы одақтастарымыз жоқ», - дейді Бородай.

Ресейлік саясаткерлердің тағы да ышқына сөйлеуіне себепкер болған Қазақстандағы жаңа заң нормаларының талқылануы болып отыр. Жаңа заң бойынша барлық нұсқаулықтар, жер-су атауларының тақтайшалары, мәзір және басқа да жазбалар мемлекеттік тілде берілуі міндетті, ал орыс тілінде жазылу міндетті емес. Тек қажет болған жағдайда ғана жазылуы тиіс. Бұл Ресей тарапынан орыс тіліне деген қысым ретінде қабылдануда.

«Кеңес одағынан шыққан көптеген мемлекеттер өркениеттен тыс бағытта кетіп барады. Олардың барлығы да бүгінде Ресей отарында болған бодан едік деп санайды. Алайда біз Ресей империясы да, Кеңес Одағы да оларға өркениет әкелу үшін қаржысын, ұйыдастыру қабілетін, ресурсын аямағанын жақсы білеміз. Бүгінде оның бәрін жоққа шығарып, түкке тұрғысыз етіп тастады. Көптеген халықтар ежелде қалай тұрды, солай тұрғысы келеді. Былайша айтқанда тайпалық жүйеге жақын, бірақ қолдарында заманауи гаджеттері бар. Алайда әлеуметтік тұрғыдан олар XIV-XV ғасырларда қандай болды, сондай болып қалуды қалайды», - дейді Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Бородай.

Ол Украинада іздеуде жүрген содыр, баскесер екенін ескерсек, әлбетте оның сөйлеу мәнеріне таңданудың қажеті жоқ екенін түсінеміз. Оның ойынша Қазақстан дәл сондай мемлекетке жатады. Себебі технология тұрғысынан даму, алға жылжу бар, бірақ қоғамда саналық тұрғыдан артқа кету көрінеді дейді ол.

«Орыс тілінен бас тарту мен қазақ ұлтшылдығының әр салада бас көтеруі байқалады. Мұның барлығы жұмсақ тілмен айтсақ бізді алаңдатады. Сонымен қатар орыс тілінен бөлек, ондағы орыстардың өмір сүру деңгейін қарасаңыз, құқық қорғаушы Ермек Тайчибеков ісін көрсеңіз сұмдық фактілерді байқайсыз», - дейді Бородай.

Ол Қазақстан 2000-жылдың басындағы Украинаға ұқсайды деген ойда. Осы арқылы Украинада не болып жатыр, көрдіңдер ме дегендей ым жасапты.

Тайчибеков қазақ халқын және қазақ тілін қорлап, сан мәрте күйе жаққан арандатушы және Қазақстан мемлекеттігін жоққа шығарып, оны Ресейге қосу керек деген ұран тастаған бүлікші екенін Бородай айтпай кетіпті. Бәлки өзі де сондай сепаратист болғандығынан шығар. Тағы бір депутат Затулин болса, Қазақстанның мұндай заң қабылдауын әрине алаңдаушылықпен қабылдайтынын және оны арнайы комиссия талқылауына шығаратынын айтыпты.

Ресей Қазақстанның ішкі саясатына араласу қарқынын бәсеңдетер емес. Әрине бұл екі ел арасындағы көрінбес қайшылықтарды арттырып, қарым-қатынасқа кері әсер етеді. Дегенмен Ресей үшін оған қарағанда сыртқы агрессиялық саясаты мен халқының назарын аудару маңызды сияқты.

Ка Мырза

Abai.kz

27 пікір