Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2936 0 пікір 21 Тамыз, 2012 сағат 11:43

АЛАШОРДАНЫҢ СОҢҒЫ ТҰЯҒЫ

1920 жылы Мәскеуге Кирвоенревкомның №2043 мандатымен келген Әлiмхан Ермеков Қазақ өлкесiнiң жай-күйi һәм оның шекарасын белгiлеу мәселелерi туралы баяндама жасады. Сол кезде уыздай жап-жас жiгiт небәрi 19 жаста екен. Комиссияның жұмысына В.И.Лениннiң өзi басшылық жасайды. Әлiмхан Ермеков Столыпин реформасы салдарынан шұрайлы жерлерiнен айырылып,орыс батырақтарына басыбайлы құл болған қазақтардың тағдыр-таланын езiлушi таптың мұң-мұқтажын жоқтаймыз дейтiн большевиктердiң алдына кесе-көлденең тартады. Бұл - большевиктердiң ұлыорыстық шовинизм дертiмен ауыра қоймаған кезi. РКбП Орталық комите­тiнiң мүшесi Г.И.Сафаровтың қазақ жерiндегi орыс отаршылдығының оң­баған көрiнiстерi хақында айтқан ащы айыптау сөзi елдiң көбiн елең еткiздi:

1920 жылы Мәскеуге Кирвоенревкомның №2043 мандатымен келген Әлiмхан Ермеков Қазақ өлкесiнiң жай-күйi һәм оның шекарасын белгiлеу мәселелерi туралы баяндама жасады. Сол кезде уыздай жап-жас жiгiт небәрi 19 жаста екен. Комиссияның жұмысына В.И.Лениннiң өзi басшылық жасайды. Әлiмхан Ермеков Столыпин реформасы салдарынан шұрайлы жерлерiнен айырылып,орыс батырақтарына басыбайлы құл болған қазақтардың тағдыр-таланын езiлушi таптың мұң-мұқтажын жоқтаймыз дейтiн большевиктердiң алдына кесе-көлденең тартады. Бұл - большевиктердiң ұлыорыстық шовинизм дертiмен ауыра қоймаған кезi. РКбП Орталық комите­тiнiң мүшесi Г.И.Сафаровтың қазақ жерiндегi орыс отаршылдығының оң­баған көрiнiстерi хақында айтқан ащы айыптау сөзi елдiң көбiн елең еткiздi:

- 1916 жылы Әулиеата қаласына Фольбаун дейтiн генерал келдi. Ол қазақ жастары патша үкiметiнiң герман соғысына барып, қара жұмыс iстеуге, окоп қазуға тиiс деп жарлық бердi. Қазақ еңбекшiлерi одан үзiлдi-кесiлдi бас тартып, патша үкiметiне қарсы көтерiлiске шықты. Осы кезде патшаның жазалаушы отрядтары көтерiлiс басшыларын, оның сарбаздарын атып-асты. Ел талауға түстi. Жұртты киiзге орап, үстерiне керосин құйып өртедi! Тiрiдей жерге көмдi! Жетiсу жақтағы орыс кулактары қазақтарға қарадан-қарап өшiктi. Оларды жерлерiнен қуып шығып, үстерiнен оқ жаудырды. Каспий теңiзiнiң терiскей жағасындағы ұзындығы 70-80 шақы­рым­ға, Нарын құмына дейiн созылған маңызды шығанақ-бұғазды патша өкiметi орыс помещиктерiне берiп жiберген! Столыпинның мемлекеттiк думада қазақ жерiн игеру туралы сөзiнен кейiн "Миллионный фонд" деп аталған өңiрдi орыс-жапон соғысы тұ­сында сiбiрлiк казак-орыстарға сыйға тартқан!

Мәжiлiстiң қызған кезiнде Г. Сафаров:

- Түркiстандағы орыс кулактарын Ресейге қайта көшiру керек! - деп тұрып алады.

Ленин Ермековке қарап:

- Сiз бұған қалай қарайсыз? - дей­дi.

Әлiмхан Ермеков "бұлай iстесек, екi жұрт арасында алакөздiк пайда болуы мүмкiн, жергiлiктi қазақтарды атаме­кенi­не дұрыстап қоныстандырып алғанша, iшкi Ресейден жаңа көшпелiлер әкелудi тоқтата тұрған дұрыс" дейдi. Мұны естiген Ленин:

- Ғажап! Орталықтың өкiлi, орыс коммунисi орыстарды қазақ жерiнен көшiрудi сұрады. Ал партияда жоқ қазақ тек көштi тоқтата тұрған дұрыс дейдi. Ойланатын жағдай екен! - деп мәз болып, Ермековтiң арқасынан қағады.

Каспий - Атырау жағасындағы Астрахань жақтағы бұғаз-шығанақты қазақ автономиясына қосу мәселесiне партияның сол кездегi көрнектi қайраткерлерi Ш.З.Элиава, Н.П. Брюханов, Л.Н.Крестинский үзiлдi-кесiлдi қарсы шығады. Сондағы уәждерi - қазiр Ресейде аштық. Атыраудың балығына Мәскеу мен Петроград өте зәру. Сондықтан бұл алқапты РСФСР-ге қалдыру керек деседi.

Содан кейiн Ленин Астрахань губерниялық атқару комитетiнiң предсе­да­телiнен:

- Қане, сiз айтыңызшы, Каспийдiң терiскей жағасындағы бұғазда тұратын халықтың көпшiлiгi қазақ па, орыс па?-деп сұрады. Ол "Владимир Ильич, қолымда дәлме-дәл санақ мәлiметтерi жоқ едi..." деп екiұштылау жауап бередi.

Ленин:

- Жоқ, бiзге дәлме-дәл санақ керек емес. Сiз шамамен Каспийдiң осы жағасындағы ел-жұрттың қайсысы көп, қайсысы аз екенiн айтыңыз? - деп тұрып алады. Астрахань өкiлi мұндағы тұрғындардың көпшiлiгi қазақ екенiн мойындайды. Ленин:

- Онда мен бұл мәселенi дауысқа қоямын, - деп, Атыраудың осынау жағалауын болашақ Советтiк Қазақстан­ға қайтарып берудi ұсынады.

Дау-дамай ұзаққа созылады. Сол кезде Әлiмханның мәжiлiстен шығуын асыға күтiп отырған Алаш ардагерлерi арасында Ахмет Байтұрсынов айтты деген бiр сөз елге кең тарап кетедi: "Бiздiң Әлiмханмен бес сағат сөз таластыруға шама-шарқы жеткен орыстың мынау сақау адвокаты Владимир Ульянов та мықты екен!" ...

Ленин мәжiлiстiң соңында автономия құру жөнiнде Ұлт iстерi жөнiндегi халық комиссары Иосиф Сталинмен пiкiрлесiңiздер, онда арнайы жоба бар дегендi айтады. Мәжiлiстен ақ маңдайы жарқырап, алшаң басып шыққан Әлiмхан осыны Әлихан Бөкейханға айт­қанда, туасы бекзада, көрiнген күлдi-көмештi көзге iлмейтiн Әлекең:

- Сталин не шешер дейсiң?! Оның бiлiгi мен бiлiмi белгiлi ғой! - деп шалқалап жүрiп кетiптi. Түп атасы Шың­ғыс ханнан тарайтын шынжыр балақ, шұбар төс, тектiнiң тұқымы! Арғы атасы Тәуке хан "Жетi жарғыны" сомдап, қазақты ел қылудың алғашқы заңнамасын жасаған! Қазақ тарихының бiлгiрi Мұхтар Мағауиннiң айтуына қарағанда, Әлихан Бөкейханның әулетi анадан шырылдап туғаннан Алаш жұртының табанына кiрген шөңге менiң маңдайы­ма кiрсiн дейтiн ұстаныммен ғұмыр кешкен ақсүйек тұқым! 1537 жылғы Сан-Таштағы қырғында оның арғы атасы Тоғым хан тоғыз ұлы және әскер басы отыз жетi сұлтанымен шейiт бол­ған! Осы Тоғым ханның туған iнiсi Шығай ханнан Еңсегей бойлы Ер Есiм туған! Осындай қаракөктiң тұқымынан қазақтың қара баласының хан баласына кеткен есесi көп едi, соны қайтаратын кез келдi деп, бүкiл ғұмырын қазақ халқының ұлт азаттығына арнаған Әлихан Бөкейхан тумағанда кiм туады?!

Алаш арыстарын ел-жұрты Совет өкiметiнiң кезiнде де аласұра iздеген. Әлiмхан Ермековтiң күйеубаласы, Арқа өңiрiне танымал азамат - Қалкен Мәкенбаев, жетпiсiншi жылдары Ә.Ер­мековтiң қасында жүрiп, ұзақ сырласады. "Ғафу етiңiз, осы Әлихан Бөкейханов қандай адам болған едi?" деп сұрайды. "Ол кiсi Петроград уни­верситетiнiң орман-ағаш факультетiн тәмамдаған. Заң факультетiне Ленинмен бiрге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай бiлiмдi ғалым болатын. Тоғыз тiлде еркiн сөйлеп, жаза бiлетiн", - дептi Әлiмхан Ермеков, - Осы Тоқырауын өзенiн бiлесiң ғой. Ұзындығы 300 шақырымдай. Балқаш көлiнде жүзiп көрген шығарсың? Шығысынан батысына 600-700 шақырымдай. Өзiң бiлесiң, қарлы жылы Тоқырауын Балқашқа құяды ғой. Ал қар аз жылы Балқашқа жетпей, орта жолда қалып, құмға сiңiп кетпей ме? Бiздiң ақыл-ойымыз Тоқырауын өзенiндей болса, Әлихан Бөкейханов Балқаш көлiндей дария едi ғой!" (Қ.Мәкенбаев. "Жадымда бәрi жазулы", Астана, 2011).

Жазушы Жайық Бектұров 1960-70 жылдары Әлiмхан Ермековпен сырлас-мұңдас болған кiсi. Сол Жәкең Әлiмханның: "Әлихан Бөкейхан жаратылысы бөлек, әрi көргенi, тоқығаны көп кiсi едi. Мына бiз, көбiнесе, Том, Семей, Омбы маңынан, Н.М. Ядринцев пен Г.Потанин өрiсiнен аспадық. Ал Әлихан жастық шағын Ресей империя­сының астанасында өткiздi. Алғашқы Думаға депутат болып, орыс-еуропа елдерiнiң көркем әдебиетiн зерделе­дi", - деген сөзiн келтiредi.

Большевизм адамзат тарихындағы бұрын-соңды болған саяси ағымдардың ең аяры болып шықты. Үш жүз жыл отарлық езгiде болған қазақ жұртының өкiлi Әлихан Бөкейхан патшалық Ресейдiң кезiнде Дума депутаты болып, ел-жұртының мұқтажын үстем елдiң заң шығарушылар алдында ағынан жарылып айтып, отаршыл мемлекеттiң назарын бодан жұртына аудара алса, большевиктер оларды "халық жауы" деп жариялап, жаппай қуғын-сүргiнге ұшыратып, атып-асты! Лениннiң iлтипат құрметiне бөленген Әлiмхан Ермековтiң өзi үш рет Столыпин -Сталиннiң вагондарында неше-түрлi қиямет-қайымды басынан кешiп, ГУЛАГ-тың күллi түрмелерiн көзiмен көрiп қайтты!

«Неше түрлi қуғын-сүргiндi басынан кешсе де, Әлiмхан Ермековтiң iшкi сарайын тот басқан жоқ едi, - деп жазады Жайық Бектұров, - Зерделi, зейiн­дi, зиялы қалпынан танбады. Шешендiгi, бiлгiрлiгi сол қалпында қалды».

Бiзге жабылмаған жала жоқ ,- деушi едi Әлiмхан Ермеков, - Қазақстанның бiр түкпiрiнде әлдекiмдер бұзақылық жасаса да, Қарақұмда, Маңғыстауда, Шұбартауда, Бақтыда, Бақанаста ашыққан жұрт ереуiлдеп атқа қонса да, Жетiсу жұрты Қытайға көшсе де, бiр ауылда колхоз малы ұрланса да, тiптi бiреу әмеңгерлiк жолымен қос қатын алса да, газет-журналдарда бiр ауыз оғаштау сөз жазылса да,осының бәрiн бiзден көре бастады. 1921 жылы атақты Мәдидi Қарқаралының көшесiн­де тапа-тал түсте ГПУ адамдарының атып тастағаны мәлiм. Тегi, Мәди Қарқаралы абақтысында жатқан бiр жолдасына, әлде, осы елдiң бiр беделдi адамына, бәл­кiм, бұрын, Уфадағы "Ғалия" медресiн­де оқыған өзiнiң жерлесi Мұстахимға жолыққалы, соның хал-ахуалын бiлгелi келсе керек. Әрине, Мәди беттi, кеуделi адам. Ол түрме әкiмдерiне қатты сөйлеуi де мүмкiн. Сол үшiн түрмеге ат үстiнен қамшы сiлтедi, күш көрсеттi деп Мә­дидi көшеде атып тастаған! Мәдидiң осынау бiр қасқыр арқалап әкеткен тоқты-торымдай аянышты өлiмiн Жүсiпбек Аймауытов па, әлде Мұхтар Әуезов пе, әйтеуiр осы екi iнiмiздiң бiрi Семейдiң губерниялық газетiне жай ғана некролог ретiнде жазыпты. Соны Қазақстан партия ұйымының 1921 жылы Орынборда өткен тұңғыш конференциясында Семей облыстық партия ұйымының делегат-өкiлi Саблин дейтiн кiсi "Қазақ коммунисi редактор болып отырған Семейдiң пар­тиялық органында совет әскерлерiне қарсылық жасағаны үшiн атылған бiр бандиттi жоқтап некролог басты" деп қанша жұртты кiнәлады. Бұл тек сөз жүзiнде ғана қалған жоқ. Мұның сал­қыны, Ә. Бөкейхановтан бастап, бәрi­мiз­ге де тидi. Сондағы айтып отырған бандитi - атақты әншi, күллi елдiң сүйiктi азаматы, Қаз дауыс­ты Қа­зыбектiң ұрпағы Мәди!".

Ә.Ермековтi соңғы кезде қатты бiр кейiткен өзiмiздiң осы күнгi ғылым докторы Б.Серiкбаевтың "В.И.Ленин және Қазақстан" атты кiтабы болыпты. "Осы бiр жiгiт өткен күннiң уақиғаларының байыбына жете алмаған. Шыңдықты, әдiлдiктi басшылыққа алмай, тек қазақтың бұрынғы оқығандарына қара күйенi аямай жаға берген. Тiптi, ол Бақытжан Қаратаевтың патша әкiмдерi­не, орыс помещиктерiне қарсы сөйлеген, В.И.Лениннiң оны демеп қолдаған сөзiнiң де өңiн терiс айналдырып, контр­революцияшыл деп көрсеткен. Осындай да зерттеу, тарихи деректi сұрыптау бола ма екен? Ғылымға адалдық, шындық, әдiлдiк қажет емес пе?! Тарих өтiрiктi көтермейдi. Бұл өтiрiк бүгiн iске асқанымен, ертең опа бермейдi. Бiздiң қазақ "Өтiрiктiң құйрығы бiр-ақ тұтам" дейдi. Бүгiнгi кейбiр солақай тарихшыларымыз осыны неге ойламайды? Оңай атақ, мансап үшiн еңбек етпеу керек қой" деп Әлекең ренiш-наразылығын сыпайы айтып отырушы едi" (Ж.Бектұров, "Енеден ерте айырылған төл секiлдi", Қазақстан, 2002 ж.).

Атадан асып туған алтын айдарлы ұлдар Әлихан Бөкейхан, Әлiмхан Ермеков, Ақбайдың Жақыбының кiндiк қаны тамған жерi бiздiң Қызыларай - Ақсораң. Қазақтың арқалы ақындарының бiрi һәм бiрегейi Дәуiтәлi Стамбеков Совет өкiметi кезiнде ызаға булыққанда:

- Ақтоғайға неге шойын жол тартылмаған? - деушi едi.

- Оны мен қайдан бiлейiн?

- Оны бiлмесең, қолыңа қалам ұстап, несiне кiсiмсiнiп жүрсiң?!

Көкемнiң мiнезi өзiме белгiлi. Үндемей құтыламын... Бiраз уақыт үнсiз отырады да:

- Совет өкiметiнiң үш қас жауы осы топырақта туған! Соларға кеткен өшiн алу үшiн бiздi құс ұшып, құлан аяғы баспайтын құладүзге қалдырып отыр! - деушi едi... Мұны естiгенде Ақтоғайдың коммунистерiнiң зәре-құты ұшып, орындарынан тұра-тұра қашатын... Солардың көбiсiнiң көзi әлi тiрi.

Қызыларайдағы жерi былқылдап, өзен суы сылқылдап ағып жататын Был­қылдақ - Ермековтердiң ата жайлауы. 1914 жылы Әлағаң Томда оқып жүргенiнде орыс оқымыстысы Пота­ниндi осында өзiмен ертiп келген. Потанин осы жерде Аяпберген ертегi­шiнiң аузынан көптеген қазақ ертегi­лерiн жазып алған. Құнанбай аға сұлтан боларда Әлиханның атасы Ермек би оны осы Был­қылдақ жайлауына шақырып, Арқаның бiр топ атқамiнер­лерiмен қонақ қыл­ған. Тәттiмбеттiң "Былқылдақ", "Сыл­қылдақ" күйлерi осы жерде дүниеге келген. Әлағаңның шапағатымен ғылым жолына түскен Қаныш Сәтбаев 1923-25 жылдары осы Был­қылдақтың самал ауасымен тыныстап қайтады. Қазақтың көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерлерi Н.Нұрмақов пен Т.Жүргеновтiң үйлену тойлары осы жайлауда дүркiреп өткен. Соның бәрiнiң басы қасында Әлiмхан Ермеков жүрген. Бiр қызығы, Ермековтiң арғы атасы, Абылайдың батырларының бiрi - Сеңкiбай би болса, Әлiмхан да, қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов та осы Сеңкiбайдан тарайды.

Қарқаралы - Қызыларай Алаш ардагерлерiнiң қазақты қалай ел қыламыз деп әңгiме-дүкен қылған жерi! Ақбайдың Жақыбының ауылында молда болған Әбiштiң Рахымжаны осы ауылда туған. Қызыларайдың шалдары Сұлтанмахмұттың сол молланың аузынан жазып алған Әлiмхан Ермековке арнаған өлеңiн айтып жүретiн. Ол кезде бiз жас едiк. Өз өлеңiмiзбен өзiмiз әуре болған кезiмiз. Жаттап алып, жадымызда сақтай алмай қалдық. Есте қалған бiр-екi-үш жолы: "Қызыларайдан ұшқан қыраным, Ұлыста бөлек ұланым, Томағаңды сыпырып, Қиядан елдi шоларсың, Алатауда қалықтап, Ал­тайың­да шалықтап, Алтын тұғырға қонарсың" дегенi ғана. Қаншама сөз ұмыт қалды? Он-он үш жаста естiген өлең алпыстан асқанда қайта еске түсе ме? Сол Қызыларайдан ұшқан қыран, ұлыста бөлек ұлан, томағасын сыпырып, қияны көктен шола алмай, Алатауда қалықтап, Алтайында шалықтап, алтын тұғырға қона алмай арманда өттi!

1967 жылы Қарағандының облыстық театрында С.Мұқановтың "Сәкен Сейфуллин" пьесасының тұсаукесерi болды. Тұсаукесерге Сәбит Мұқановтың өзi де келдi. Залдың бiр мүйiсiндегi оңашалау жерде Әлiмхан Ермеков отырған. Сәбең оны сыртынан көрiп қалды ма, әлде, көптен көңiлiнде жүр­ген ойы ма екен, Жайық Бектұровқа:

- Үйiңе шақырғалы тұрсың ғой? - дейдi, - Менiң қасыма ресми адамдарды қоспа. Осында Әлiмхан Ермеков бар деп естимiн, сол кiсiнiң жүзiн бiр көргiм келедi.

Жайықтың үйiнде Сәбең:

- Әлеке, сiз бiзден көп үлкенсiз. Көптi көрдiңiз. Мына бiз Совет өкiметi орнағанда кедей едiк, жалшы едiк. Әлi оқыған жоқ едiк. Ауылда етекбасты болып өстiк. Бiздiң көзiмiздi совет үкiметi ашты. Содан бiз осы жаңа өкiметтiң сөзiн сөйлеп, сойылын соғып, кете бардық. Сол күрес, шайқас тұсында сiздерге, бәлкiм, бiздiң сөзiмiз де, сойылымыз да тиiп кеткен кезi болған шығар...- деп, әлденеден кешiрiм сұрағандай, алды-артын орағытып сөйлеп кетедi. Сол кезде бiреуiнiң жасы сексенде, екiншiсiнiң жасы жетпiске келiп қалған.

- Пьесаңды көрдiк, - дейдi Әлағаң. - Сахнада Сәкен Ә.Бөкейха­новқа "Сен, төбет!" деп қасқайып қарап тұрды. Бөкейхановқа Сәкен солай айта алушы ма едi?

Сәбең қысылып қалып:

- Ей, Жайық, пьесада өзi сондай сөз бар ма едi? -деп, өзi жазған шығармасының сөзiн ұмытып қалғандай сыңай танытады...

Ақтар мен қызылдардың қырғыны шегiне жетiп тұрған азамат соғысы кезiнде Мiржақып Дулатов екi жақтың түрмесiне кезек-кезек түседi. Мiнезi тiк. Көкейiндегi ойын күлтелемей, айта салатын беттi адам екен. Сол мiнезi­мен екi тапқа да жақпай, екi жақтың да қуғын-сүргiнiне iлiне бередi. Бiр кезде қараңғы Сахараға "Оян, қазақ!" деп айғай салған Алаштың боздағын өзге жұрт өз алдына, өзiнiң қазағы түсiне алған жоқ. Түсiнуге өресi жет­педi! Әлi де жетер емес... Сондай тар жол, тайғақ кешудiң кезiнде М.Дулатов Әлiмхан Ермековтiң үйiне келiп бас сау­ғалайды. Оның осы үйде екенiн бас­қа бiреу емес, қазақтың өзi көрсе­тедi! Қылышынан қан тамған қызыл комиссар Угар Жәнiбеков Мiржақыпты тұтқындауға келсе, есiк алдында интеллигентше киiнген бiр адам тұр. Түр кескiнiнен Алашорданың адамы екенi көзге ұрады:

- Сен кiмсiң?! - дейдi Угар ала көзiмен атып.

- Мен Әлiмхан Ермековпiн! - дейдi әлгi адам комиссардан айылын жимай.

- Апырым-ай,ә... - дейдi Угар, - Сiз Әлiмхан Ермеков болсаңыз... Сiздiң үстiңiзге баса-көктей кiру ұят шығар? Мен кетейiн. Мен сiздi көргем жоқ! Сiз менi көрген жоқсыз!

Әлiмхан Ермеков осы әңгiменi ылғи сүйсiне айтып жүредi екен. Әлiмхан да, Угар да - Қызыларайдың тумасы. Бiр ел, бiр рудың баласы. Бiр-бiрiмен сырт­тай таныс-бiлiс болғанмен, бетпе-бет кездесiп тұрғаны осы. Қазақша айтқанда, қанжығада жолығып тұр! Аласапыран заманның дауылы екеуiн екi жаққа лақтырып жiберген! Пролетариаты, люмпенi, қайыршысы, жәлебi болмаған қазақтың үстiне Қазан төңкерiсi жасаған эксперимент, мiне, осындай! Әкенi - баладан, ағаны - iнi-қарындастан, елдi - ағайын-жұртынан айырған! Сол тарихи ессiз экспери­менттiң зардабын қазақ халқы әлi тартып келедi! Көресiнi содан көрiп жүр! Адамзат қауымдастығында жесiрiн қаңғытпаған, жетiмiн жылатпаған, әке отырғанда - ұл, шеше отырғанда - қызы сөйлемеген жұрт осы қазақ едi! Қазан төңкерiсiнен кейiн отыз екiнiң аштығына ұрынып, жан-жаққа босып кеттi. Отыз жетiде бiр-бiрiн "халық жауы" деп ұстап бердi! Бүгiнде орыстiлдi, қазақтiлдi болып екiге бөлiнiп алған... Ендi келiп бiр-бiрiмен ағылшын тiлiнде сөйлескiсi келедi! Орыс болып көрдiм, ендi бiр мәрте ағылшын болып көрсем, адамзат көшiнiң алдына шыға келермiн деген оспадар ойдың үстiнде отыр әлi!

Тышқанды сынауға болады. Кө­жектi де сынауға болады. Топырақтан жаралып, Алланың демiмен адамзат өркениетiн құрған адам баласына эксперимент жасауға болмайды! Әлихан, Әлiмхан, Ахмет, Мiржақып, Мағжандар, мiне, осы үшiн күресiп, алтын бас­тарын Алаш жолына құрбан қылды! Германдық-фашистiк, советтiк-комму­нистiк режимдердiң адам баласына жасаған сынақтарына ақыл-есi түзу адамзат үмбетi лағынет айтып жатыр. Орыстан басқа, бiзден басқа... Ком­му­низмдi қарғап-сiлеген Балтық жағалауы, Батыс Еуропа елдерi өркениет өрiне тұяқ iлiктiрiп, экономикалық жағдайын, ұлттық рухын да жөнге қойып, еңсесiн көтерiп алды. Бiз баяғы Ленин мен Сталиннiң қойып кеткен жерiнде көзiмiз iрiңдеп, көңiлiмiз тұманданып әлi отырмыз. Әлi қанша отырамыз?!

Осы Алаш қайраткерлерiнiң тарихтағы кескiн-келбет, болмыс-бiтiмiне қарағанда, адамзат қауымдастығындағы ерекше орны бар ұлттық интеллигенция, ұлттық тұлғалар хақындағы бiздiң осы күнге дейiнгi ұғым түсi­нiгiмiз тым ұшқары, жадаң, жайдақ болып тұр. "Толковый словарь русского языка" т.б. с.с анықтамалардағы интеллегенцияға берiлген түсiнiктеме­ге қараңыз: "Интеллигенция - люди умственного труда, обладающие образованием и специальными знаниями в различных областях нау­ки, техники и культуры; общес­твенный слой людей, занимающимся таким трудом". Бар-жоғы - осы! Ұлттық негiзден мүлде ада кос­мополиттiк тұжырым! Ұлттық тар аяда қалып қоймай, әлемнiң азаматына айналамыз деп жүрген тексiз космопо­литтердi төбемiзге ойнақтатып қойған - осы сөз! Ұлтының бесiгiнде жатып, анасының ақ уызына жарымаған бала қырық жұрттың тiлiн бiлсе де, өз ұлтының зиялысы бола алмайтынын тарих дәлелдеп бердi. Қазақтың һас зиялысы - Абай! Аз ғана Алашының ғана емес, Адамзаттың Азаматына айналған жалғыз қазақ болса, ол да осы - Абай! Сол Абай " дүниенiң кiлтi орыста, сол үшiн оның тiлiн бiлу керек" дедi. Неге? "Зарарынан алыс болар­ға!". Совет өкiметiнiң кезiнде "Капитал" мен "Анти-Дюрингке" дейiн жатқа бiлетiн қазақтар аз болған жоқ. Бiрақ олардың бәрi халық ауыз әде­биетiнен хабарсыз, ұлттық уыздан жұрдай, билердiң шешендiк сөздерi­нен Ленин мен Сталиннiң тезистерiн жоғары қойған пенделер болды. Орта ғасырдағы жыраулар поэзиясының жауһарын сезiнбеген! Абайдан - Демьян Бедныйды, Мағжаннан - Маяковскийдi артық көрген!

"Бiр күнi,- дейдi Қалкен Мәкен­баев, - Әлағаның үйiнде отырғанымызда жасы отыз-қырықтар шамасындағы ер адам мен әйел адам кiрiп келдi. "- Бiз Ленинградтың тұрғынымыз. Мен де профессор боламын, ал жұбайым - доцент. Ленинград универ­си­те­тiнiң оқытушыларымыз. Мен, - дедi еркегi, - өзiңiздiң ежелгi досыңыз, Томскiде бiрге болған революционер Дво­лейский­дiң, ал мына қызыңыз, ол да досыңыз Бауэрдiң ұрпақтарымыз. Сол әкелерiмiздi көргендер болса тiлде­сейiк дегенбiз. Бабаларымыздың естелiктерiнде Сiздiң, Әлiмхан Әбеуович, атыңыз жиi аталады. Сондықтан бiз Сiздi сұрастырдық. Сiздi тiрi, осы Қарағандыда тұрады деп айтқан соң, арнайы iздеп келдiк, - дейдi.

Бiр мезгiлде Әлаға: "Сенiң атаң Дволейский былай деушi едi" деп итальян тiлiнде сөйлеп кеттi. Ленинградтың профессоры итальян тiлiне жетiк екен, екеуi итальянша бiраз сөйлестi. Бiр кезде өте сымбатты жас келiншек­ке: "Сiздiң үлкен әкеңiз Бауэр ұдайы латын-грек тiлiнде былай дейтiн" деп доцент келiншекпен латын-грек тiлiнде қызу әңгiмеге көштi (Қ. Мәкенбаев. "Жадымда бәрi жазулы").

Қазақтың Атырау - Арқа - Алатау-Алтайға дейiнгi аумағын Алашына аман алып қалып, осы күнгi шекарамызды белгiлеу үшiн Ленинмен бес-алты сағат салғыласқан Әлiмхан Ермеков қазақпен сөйлескенде бiр ауыз орыс сөзiн қоспай кеткен кiсi екен!

Алашорданың көсемдерi Абайдың алтын тұғырына аяғын нық қойып, Алашын аспанға көтердi. Сол аласапыран заманның өзiнде Алаштың бiрiншi ақыны Абай екенiн алғаш айтқан Әлихан Бөкейхан едi. Ұлы абайтанушы Мұхтар Әуезовтiң алдын орап айтты. Не деген кемел ой, керемет тарихи құбылыс! ХХ ғасырдың басында Әлихан таныған Абайды ХХI ғасырда өмiр сүрiп отырған қазақ әлi түсiне алмай жатыр. Тұшына алмай жатыр Абайға! Қазақ үшiн күллi ұлыстық қасiрет, ұлттық трагедияның қара басы, мiне, осы болып тұр!

Алашорда жолы - Алла жолы, Абай жолы, Ақиқат жолы едi. Абайда тап пен тайпа жөнiнде бiрауыз сөз жоқ. "Қайран, елiм, қазағым" - ел-жұрт, ұлт хақындағы терең ой бар. "Адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп" дейдi. Алаш­орданың күллi саяси бағдарламасы, мiне, Абайдың осы сөзiнен бастау алады. Алаш көсемдерi бас-аяғы жиыр­ма жыл iшiнде Қазақстанды Азия­ның алдыңғы қатарлы елi Жапония деңгейiне көтерудi ойлаған-ды. Совет өкiметi оларды осы үшiн Жапонияның агентi деп айыптаған! Егер большевиктер одақтас республикалардың өзiн-өзi билеуi туралы идеясына адал болып, империалистiк, шовинистiк пиғылынан бас тартқанда қазақты бүгiнгi Жапония сынды өркениеттi елге айналдырар ма едi, қайтер едi...?!

Алашорда үкiметiнiң құрамына бiр сәт көз салыңыз. Шетiнен иман жүздi интеллигент! Профессионал маман! Алашына адал патриот! Ұлым дейтiн Алаш болмаса, Алаш дейтiн ұл бола ма дейтiн аристократтың тұқымы! Мұндай интеллектуалды үкiмет Қазақстанда бұрын-соңды болған емес! Алашорданың ой дүниесi Құранның қағидаларымен сабақтас. Адам - Құдайдың ғана құлы. Бiр ұлттың екiншi бiр ұлтты айтқанына жүргiзiп, айдағаны мен өргi­зуге хақы жоқ! Айдарынан жел ескен алып империялардың бәрiнiң шаңырағының ортасына түскенi содан!

Алашорда мен Абай - егiз. Адамзаттың азаттықты көксеген асқақ рухы шиыршық атып, кемелiне келген са­йын Абайға деген зәрулiк көбейе бередi. Соның бiр куәсi - Мәскеудегi "Окупай Абай" атты қалың шеру. Мәскеу баспагерлерi Абай өлеңдерiн әуелде үш жүз таралыммен шығарды. Өте ме, өтпей ме деген күдiгi бол­ған... Бас-аяғы бiр аптада қайтадан үш мың таралыммен шығарды. Ендi оны отыз мыңға жеткiзу жөнiнде әңгiме көтерiлiп жатыр. Күндердiң күнiнде ол отыз миллионға жетуi мүмкiн! Адамзат Абайға келе жатыр!

Әлiмхан Ермеков 1977 жылы фәниден бақиға қайтты. Сол күнi ұлттық аза тұту рәсiмi жарияланбады. Оны жария­латуға шама-шарқымыз да жоқ едi. Қазақ халқы өзiн жеке өз алдына дербес, тәуелсiз ел деп жаһанға жар салып, өркениет өрiне сүйремек болған Алашорданың соңғы арысынан айырылып қалғанын сезген жоқ. Аспаннан Алла бәрiн көрiп-бiлiп тұр! Iшкен - мас, жеген - тоқ болып жатты... Ұлттық рух - аяқтың астында... Жерi - киесiнен, елi - иесiнен айрылған. Сол қазақ ендi келiп Алаш арыстарына жетеқабыл тегеурiндi ұлдар неге тумай жатыр деп зар илеп жүр. Ұлым дейтiн Алаш болмаса, Алаш дейтiн ұл туа ма?! Алла бәрiн көрiп тұр!

Ататүрiк елi ендi егемен бола бергенде Ұлыбританияның бiр ханзадасын қонаққа шақырады. Дастарқанда не керектiң бәрi бар - майысып тұр. Кенет, мәртебелi қонаққа қызмет етiп жүрген даяшылардың бiреуi ханзаданың жанына жете бергенде қолындағы дәмiн жерге төгiп алады. Тылсым тыныштық. Ағылшын аристократтары түрiктердi бiздiң мысымыз басып кеттi дегендей мәз-мейрам. Сол кезде Ататүрiк:

- Уа, мырзалар!- деп саңқылдапты. - Мен мына елiме кеудеңдi Осман империясы тұсындағыдай асқақ ұста дедiм. Ұстады. Аяғыңды алшаң-алшаң бас дедiм. Басты. Бiрақ осыларға бiреуге құлша қызмет етудi үйрете алмай-ақ қойдым. Үйренбедi!

Құлын - ұлға, күңiн - ару қызға айналдырған патшаның аузынан шыққан сөз бұл! Алашорданың да бар дiтте­генi осы едi ғой?! Бүгiн исi қазақ осындай лебiздi естiгiсi келiп тұр. Сол сөздi айтатын ұлдың да туатын уақыты болды...

Серiк АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

«Жас Алаш» газеті

0 пікір