Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3238 0 пікір 20 Тамыз, 2012 сағат 09:12

Айдос Сарым: «Қазақ қаланы жаулап алуға мәжбүр болды»

Тіл шығармашылығы ешқашан тоқтамауы керек

- «Фэйсбукта» қазақ әліпбиін латынға көшіру, қазақ сөздерінің түсіндірмесі туралы талқылауларға себепкер болып жүрсіз. Ғаламтор арқылы жүргізілген ағартушылық жұмыстарыңызға қызығушылық танытқандардың көп екенін байқап жүрміз. Және қазақ сөздерінің түсіндірмесіне дендеп енген жұртшылық тарапынан сауатты пікірлер де айтылу үстінде...

- Біздің тіршілік құбылыстарын түсіну мен түйсінуіміз тікелей тілге байланысты. Тіл мәселесін қаузап жүрген азаматтар өз жағдайын күйттеп жүрген жоқ. Ең бастысы, бүгінгі өмірге қатысты жаңа саяси сөздікті, құндылықтар сөздігін қалыптастыру, құндылықтар төңірегінде топтасу керек. Әр түрлі деректерге сәйкес, бүгінде ағылшын тілі сөздігінде 1 миллионға жақын, орыс тілінде 250 мыңға жуық сөз бар екен. Оның аясының өзі тарылып келе жатыр. Себебі, өмірдің өзі тез даму үстінде. Күнделікті жаңа технологиямен бірге жаңа сөздер, жаңа ұғымдар пайда болып жатыр.

- Сөздер екшеліп жатыр дейсіз ғой..

Тіл шығармашылығы ешқашан тоқтамауы керек

- «Фэйсбукта» қазақ әліпбиін латынға көшіру, қазақ сөздерінің түсіндірмесі туралы талқылауларға себепкер болып жүрсіз. Ғаламтор арқылы жүргізілген ағартушылық жұмыстарыңызға қызығушылық танытқандардың көп екенін байқап жүрміз. Және қазақ сөздерінің түсіндірмесіне дендеп енген жұртшылық тарапынан сауатты пікірлер де айтылу үстінде...

- Біздің тіршілік құбылыстарын түсіну мен түйсінуіміз тікелей тілге байланысты. Тіл мәселесін қаузап жүрген азаматтар өз жағдайын күйттеп жүрген жоқ. Ең бастысы, бүгінгі өмірге қатысты жаңа саяси сөздікті, құндылықтар сөздігін қалыптастыру, құндылықтар төңірегінде топтасу керек. Әр түрлі деректерге сәйкес, бүгінде ағылшын тілі сөздігінде 1 миллионға жақын, орыс тілінде 250 мыңға жуық сөз бар екен. Оның аясының өзі тарылып келе жатыр. Себебі, өмірдің өзі тез даму үстінде. Күнделікті жаңа технологиямен бірге жаңа сөздер, жаңа ұғымдар пайда болып жатыр.

- Сөздер екшеліп жатыр дейсіз ғой..

- Иә. Мұның бәрі өмірден орнын таппаса, онда бұл құбылыстардың, технологияның қазақ өмірінде жоқтығы деп қарауға болады. Кейде қазақ мектебіне барған балалар үзіліске шыққанда өзара орыс тілінде сөйлесіп кетеді деп ренжиміз. Өйткені, балаларды қызықтыратын ойын түрлерінің барлығы өзге тілде. Бұл - қазақ тілін модернизациялау, қарқынды дамыту талаптарының бірі. Біз әлі де тілді дамыту мәселесін түсінбейтін, оның тарихы мен тамырын байыптамайтын сияқтымыз. Түркі заманынан келе жатқан тілдік қорымыз, оның үстіне араб, парсы мәдениетінен келген сөздер бар. Әр сөз пайда болған кезінен бастап даму тарихын өткереді. Кейбір сөздің, ұғымдардың өзгеріске ұшырайтын жағдайы да кездеседі. Баяғыда басқа түсінік берген сөз бүгін басқа мағынаны білдіруі мүмкін. Яғни, тілдің өзі үнемі даму үстінде. Сондықтан, ғаламторда «Қазақ сөздерінің археологиясы» атты топ құрдық. Мақсатымыз - өзіміз тарихын біле бермейтін сөздерді ортаға шығарып, талқылау. Қазір талқыға шығарылған сөздерге бірқатар қауым пікір білдіруде. Келешекте осы пікірлер негізінде «Қазақ сөздерінің тарихы» сынды кітап құрастыруды жоспарлап отырмыз.

Біз, ұлтымыздың тілдік сөздігін дамыта беруіміз керек. Оны қалай дамытуға болады? Ең алдымен көзімізге көрінетіні, түркі тілдері. Қазіргі уақытта бірнеше түркітілдес мемлекеттер бар. Олардың әрқайсысында тіл бөлек даму үстінде. Соңғы кезде, түркі елдерінің бірлігін нығайту мақсатындағы оң үрдістерді байқаймыз. Мәселен, Түркі академиясы, Түркі кеңесі құрылды. Менің ойымша, осы құрылымдардың өзі ортақ түркі сөздігін талап етеді. Мәселен, қарапайым ғана «шөлмек», «кеден», «армия» сөздері қай елде қалай айтылады, қалай аударылады, қандай өзгеріске ұшырауда? Екіншіден, тіл айырмашылығы. Заманауи саяси сөздікті алайық. Көптеген елдер жаңа сөздерді енгізген кезде оның құбылысын түсінуге, тарихын білуге ұмтылады. Қазақ тіліне «коррупция» - «сыбайлас жемқорлық», «репрессия» - «қуғын-сүргін» деп аударылды. «Қуғын-сүргін» сөзі қазақтың қыз алып қашу дәстүрінің негізгі кодексі деуге болады. Яғни, бұл сөздің ішінде қызды алып қашу, кешірім сұрау, келісу сынды атрибуттар бар. Туған-туыс жиналып, қыздың сұрауын сұрап барған кезді «сүргін» дейді екен. Ал, «жемқорлық» ұғымы коррупцияның қатерлілігін қаншалықты ашады? Мүмкін, «коррупция» сөзінің өзін қалдырған дұрыс шығар? Немесе бізде көнеден қалған мақал-мәтелдер, қалыптасқан сөз тіркестері бар. Мұны да дұрыстап тексеруіміз керек сияқты. Яғни, жаңа заманда жаңа түсініктер, коннотация пайда болды. Мысалы, қазақта «ұлық болсаң, кішік бол» деген мақал бар. Біз мұны ұлық болсаң, кішіпейіл бол деп түсіндіреміз. Ал, түркі-моңғол тілдерінде «кішік» дегеніміз «бақытты», «жолы болатын» деген мағынаға ие екен. Билеушінің жолы болмаса, оны тайпа биліктен тайдырады. Сондықтан, бұл ұғым кішіпейілділікті ғана емес, жолы болғыштықты да білдіретін шығар. Осылайша, тілдің тағдырын таразыға салып отыруымыз, жаңа мағына іздей беруіміз керек. Витгенштейн есімді ағылшын философы философияның бәрі тілдің айналасындағы дүниелер, тілде бар дүние өмірде бар деп түсіндіреді. Қазіргі уақытта философияда «тілдік ойындар» деген бағыт пайда болды. Яғни, тілдің өзін зерттеу постмодернистік үрдіске жататын ұғым.

Сексенінші жылдардың соңы, тоқсаныншы жылдардың басында қазақтың ішінде тіл шығармашылығы керемет дамыған еді. Әрбір қазақ баспасөзінде бір термин айналасында кескілескен айқас жүріп жататын. Сөздің дұрыс-бұрыстығына, аудармасына орай әркім өз ұсыныстарын жеткізетін.

Орыс жазушысы Ф.Достоевский өз күнделіктерінде: «Мен бақытты адаммын. Орыс тілін бір сөзге байыттым» деп жазыпты. Яғни, бір кітабында «стушеваться» («Тартынып қалу» мағынасына жақын) сөзін қолданған екен.  Осы сөзді бір азаматтардың айтып жатқанын естіп, орыс тіліне жаңа сөз енгіздім деп мақтанады.

Ал, Қазақстанда 15 миллион демей-ақ қояйық, ең болмағанда, саясатта, ғылымда, өнерде, әдебиетте жүрген 200-300 мың адам бір сөзден тауып, қазақ тілін байытар болса, қазақ тілі қаншама сөзге кенелер еді. Әр салада барлық ұлтжанды азамат осы ұстанымда болуы керек.

Сонымен қатар, әрбір министрлік, ғылыми инсититуттар жеке сайтына «термин» деген кішкентай бет, айдар ашып қойса, ғанибет болар еді. Бұл - салалық сөздікті дамытуға септігін тигізеді. Бәлкім, бұл бастама бүгін еш нәтиже бермейтін шығар. Бірақ, ертең ғалым немесе өнеркәсіпші бір сөздің баламасын ойлап тауып, сайтта талқыласа, оның қолданысқа еніп кетуін ешкім жоққа шығармайды. Яғни, тіл шығармашылығы ешқашан тоқтамауы керек. Біз бұл мәселені тіл мамандары шешсін деген оймен шектелеміз. Бұл бір жағынан дұрыс шығар. Бірақ, тіл - баршамызға ортақ, қазақ жұртына қатысты мәселе болғандықтан, бұл мәселемен барлығы айналысуы керек. Сонда ғалымдарға да нақты жұмыс табылады. Олар қолданысқа енетін жаңа сөздерді елеп-екшейтін болады. Бұл бір жағынан қазақ тіліне қызығушылықты арттыра отырып, өзімізді тануға ықпал етеді.

Тілдердің дамуы валюталық заңдылықтарға тәуелді

- Қазақтың тілін дамытуда, заманауи сөз жасауда еңбек еткен ғалымдар аз емес. Соның бірі - Ісләм Жарылғапов. Ісағаң сияқты ғалымдардың жасаған сөздерін қазір күнделікті тұрмыста қолданып жүрміз. Ішінара қолданылмай жүргендері де бар. Яғни, ғалымдардың жасаған жұмыстарын ғаламтор арқылы насихаттап жатқан жандарды байқадыңыз ба?

- Ғаламтор мен оны тұтынушылар әртүрлі адамдардың жиынтығы болғандықтан, түрлі ойлар айтылады. «Қазақ түсіндірме сөздігінеә енгізілген сөздердің өзі сынға ұшырап жатыр. Менің анық білетінім, қазақ тілі, орыс тілі, суахили тілі болсын, тілге ешқашан өктемдік жүрмейді. Тіл - тірі ағза. Үнемі эволюциялық жолмен дамиды. Мұны ғалымдар да дәлелдеген. Мәселен, сәнге айналған сөздер болады. Кеңес Одағы кезінде де көптеген сөздер сәнге айналған еді. Заман өзгерді, сол сөздерді қолданған адамдар тарих сахнасынан да, тілдікк айналымнан да шығып қалды. Олармен бірге аталған сөздер де қалып қалды. Сонымен бірге, тілге өзіндік сын да қажет. Қазір бізде тілдерді дамыту институты болғанымен, сөзді айналымға түсіру, оның пайдаланылуын бақылау тетіктері әлсіз.

Лос-Анджелес қаласында ағылшын тілі институты бар. Бұл институттың шаруасы - дүние жүзінде жарық көріп жатқан газет-журналдар мен сайттарды жаздырып, қарап отырады. Мәселен, Джакартада ағылшын тілді адамдар ортасында ағылшын тілінде термин пайда болады. Немесе Қазақстандағы мұнайшылар арасында белгілі бір жағдайға байланысты ағылшын термині пайда болады. Осы сөзді немесе терминді әлемде жүрген ағылшын филологтары талқылайды. Бұл үрдіс соңғы кезде орыстарға да келді. Михаил Эпштейн есімді танымал философ, тілтанушы және соның айналасында жүрген бірнеше ғалымдар бар. Олар әлеуметтік желілерде де, жеке сайттарында да орыс тілін қалай байыту керек деген тақырыпты қаузайды.

Кеден Одағының құрылуына байланысты «кеденшілеп кетті» деген сөз туды. Кеден Одағымен бірге өмір сүретін маусымдық сөз, бәлкім, қазақ ұғымына кеңінен еніп, мәңгі қолданыста қалатын сөз болуы да мүмкін. Қазір әлемде 15 миллион қазақ бар десек, олардың әрқайсысы күнделікті ойланып, толғанып, өз ісімен шұғылданып жүр. Екінің бірі қазақ газетін оқиды, екінің бірі саяси-әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларды талқылайды. Сондықтан, Тіл институты жанынан немесе бөлек ұйым ретінде ғаламторда тіл мәселесін форумдарда отырып, талқылайтын топтардың жиналғанын қалаймыз. Олар «Қазақ тілін дамыту» сынды бастамашыл ұйымдарды құра отырып, ғылыми мекемеге айналса құба-құп. Өйткені, Қытай, Ресей қазақтары да бүгінгі мәселелерден тыс қалып жатқан жоқ. Барлық елдердің қарым-қатынасында, өнерінде, саясатында жаңа сөздер туып, қолданысқа еніп жатыр. Мәселен, Қажығұмар Шабданұлы сияқты Қытайдағы қазақ жазушысы көрнекті роман жазып, жаңа сөздерді енгізсе және бүкіл қазаққа ұнаса, бұл да қазақ тіліне енген сөз болып шығады. Қазақстанда, Моңғолияда, Түркияда, Еуропа елдерінде жүрген қазақтардың барлығы қазақ тілін байытуға атсалысса, мұның өзі тарыдай шашырап кеткен қазақ қауымын қайта жинау болып табылады.

Ағылшын, испан, неміс, орыс тілдерінде «жылдың жаңа сөзі» сынды байқаулар өтеді. Қазіргі уақытта «айпадшылап кетті» немесе «айфоншылап жүр» деген сөздерді қолдана бастадық. Бүгінгі заманға байланысты терминдер немесе қарапайым тұрмыстық сөздер интернетпен, технологиямен бірге еніп жатса, біз неге одан шошынуымыз керек? Яғни, барлық сөзді жинай берейік. Мәселен, «Лондон Олимпиадасы», «Бейжің Олимпиадасы» демей, «Лондониада», «Бейжіңиада» деп қысқа қайырсақ та жарасады. Бүгін әзіл болғанымен, болашақта үрдіске айналуы ғажап емес.

Ғаламтордағы «Қазақ сөздерінің археологиясы» ойталқысына мынадай деректерді енгіздім. Американ ғалымдары екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Жапониямен арада болған әскери операциялардың барлығын сүзгіге салыпты. «Көптеген шайқастарда американдықтардың жеңіске жетуінің басты себебі, ағылшын тілінің өте мығым тіл болғандығынан», - дейді ғалымдар. Өйткені, кескілескен соғыс уақытында әскерге берілетін бұйрықты американ офицерлері жапондықтарға қарағанда екі есе жылдам айтады екен. Мысалы, «ана тұсқа оқ жаудыр» дегенді орысша айтқаның бір бөлек, қазақша айтқаның бір бөлек шығады. Яғни, американдықтардың әскери бұйрықтары жапондықтарға қарағанда 58 пайызға жылдам екен. Жапонияның жеңіліс табуының тағы бір себебі, әскери басшылық пен қарапайым солдат арасында белгіленген этика бар.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов жуырда қазақ тілінде жіберілетін смс-хабарламалардың орыс тіліндегіге қарағанда екі есе қымбат екенін айтып, сауал жолдады. Айналып келгенде, бұл әріп, әліпби мәселесіне тіреледі. Яғни, қазақ тілінде ойыңды жеткізу үшін көбірек әріп пайдаланасың, ол смс-тің құны болып шығады. Біз бұл тұрғыдан да ойлануымыз керек. Яғни, басқару, компьютерлік, технологиялық процестер бүгінгі заманға сай болуы тиіс. Тіпті, ғаламтордағы әр байт ақпараттың теңгеге немесе долларға салғандағы құны бар. Яғни, біз тілімізге, дүниетанымымызға, ойлау қабілетімізге экономикалық тұрғыдан қарай білуіміз қажет. Бұл - қазақ тілі дамуының кепілі. Егер қазақ тілінде ойлау, қазақ тілінде ақпараттық технологияны пайдалану заманауи стандарттарға сай болмаса, бұл ретте ағылшын немесе орыс тілдерінен бірнеше көш артта қалатын болса, онда өзінің уақытын, қаражатын есептеген адам амалсыз өзге тілге көшеді. Яғни, осы тұрғыдан алғанда, өз тілімізде ғаламторда, технологияда жұмыс істеу үшін латын әліпбиіне көшу керек. Латын әліпбиіне көшкенде де, оның әр әрпінің жазылуына мән беру қажет. Мысалы, қазақ әліпбиінде «п» әрпін жазу компьютершілердің, бағдарламашылардың қыруар еңбегін талап етті. Яғни, бұл әріп сандық код ретінде біздің пернетақталарға енді. Есесіне, кітап шығарғанда, басқа жағдайларда пайдаланғанда белгілі бір уақыт талап ететін дүниеге айналып кетті. Осы тарапта да ойланғанымыз дұрыс.

- Заман ағымы қажет еткен жағдайда сөздерді қысқарту, қолдануға оңтайлы ету ісі - бай, құнарлы саналатын тіліміздің қазіргі ассимиляцияға ұшыраған жұтаң халін одан әрі тереңдете түспей ме деген қауіп тағы бар емес пе?

- Мұндай қауіп әрқашан болады. Тіпті, әр халықта, соның ішінде дамыған француз тілінің өзінде әлгіндей қауіп бар. «Біз тіліміздің сұлулығынан айрылып бара жатқан жоқпыз ба?» дейді француз ғалымдары. Мысалы, француз тілінде артық әріптер, дыбыстар көп. Жазылуында 8,9 әріптен тұратын сөздер айтылуында 3,4 әріптік, символдық дыбысқа айналады. «Пежо» деген сөзді жазу үшін француз әліпбиінде 8 әріп, «Рено» деген сөзді жазу үшін 8 әріп керек. Сондықтан, оларда да біздегідей дау-дамай жүріп жатыр. Өйткені, тілдердің дамуы белгілі бір валюталық заңдарға байланысты. Француздың бір ғалымдары «Рено» сөзін әлемдегідей төрт әріппен жазсақ дейді, ал, басқасы бұған келіспейді. Өйткені, ата-бабасынан бері қалыптасқан жазу үлгісі бар. Екі көзқарастың қайсысы жеңетіні әзірге белгісіз. Бізде де осындай қауіптер бар. Бұл жерде мына жәйтті түсінуіміз керек. Тіл өмірлік даму үстіндегі қатынас құралы. Тоныкөк бабамыздың жазуын оқысаңыз, қолыңызға қосымша сөздік алып қарамасаңыз, түсіне бермейсіз. Кенесарының, Махамбеттің сөздерінің негізі қалса да, сол дәуірге лайық ерекшеліктері бар. Абайдың тілін алып қараңыз. Шағатай тілінде жазылған хаттар да басқаша. Ал, қазақ тілінің ішкі дамуы бөлек болды.

Ақпараттық технологияға өте түсінікті, оңтайлы тіл керек. Орыстарда кеңсе, бизнес, экономика тілі бар. Бұл тілдер әдебиетке әсер етпейді. Бірақ, қарап отырсаңыз, бүгінде интернет кеңістігінде айтылып жатқан сөздер кез-келген әдебиеттен көрініс тауып жатыр. Бұдан 20 жыл бұрын 600-700 беттік туынды романға саналса, қазір 150-200 беттік шығарманы да роман ретінде айта береді. Себебі, бүгінде 600 беттік кітапты оқитын адам некен-саяқ. Заман тездетуді, жылдамдықты қалап отыр. Қазіргі қоғам романның аудио-визуальды нұсқасын да күтеді. Өйткені, визуальды заманда өмір сүрудеміз. Біз оқып отырған дүниенің суретін, бейнетаспасын көргіміз келеді.

Қазіргі ғаламторды үлкен құбылыс ретінде қарауымыз қажет. Өйткені, болып жатқан жағдайды оқып қана қоймай, суретін де, мүмкіндік болса, бейнетаспадан да тамашалауға мүмкіндік бар. Сұхбатты аудиомәтінде тыңдай беретін болдық. Бұрын газет-журналға, кітапқа шыққан дүниені оқысақ, қазір кітапты оқи отырып, біреудің сұхбатын да тыңдай беруге болады. Бұл біздің эстетикамызды, талғамымызды, дүниетанымызды, ақпаратқа деген көзқарастарымызды түбегейлі өзгертуде. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрынғы радио тыңдаушы, теледидар көруші, газет-журнал мен кітап оқушы қоғам бүгінде интернет тұтынушы қоғамға айналды. Алғаш газеттер, одан кейін радио, теледидар, сонан соң ғаламтор пайда болды. Әрбір жаңа технология өзіне дейінгі үрдістердің пайдалы жақтарын алып отырды. Бүгінгі күні интернет осыған дейін пайда болған барлық БАҚ форматын алды. Яғни, бір мақаланың ішіне фотоны да, бейнетаспаны да, аудиотаспаны да салуға болады. Әркім өз талғамына, уақытына қарай өзіне қажет нұсқасын таба алады. Оқуға ерінсек, ас үйде тамақтанып отырсақ, теледидар көріп отырсақ, аудиотаспаны тыңдауға мүмкіндік бар. Осы сияқты тілдің дамуында да жаңашыл үрдіс болуы керек. Әдебиетке, мәдениетке белгілі бір консервативті көзқарас қажеттігі сөзсіз. Бұл - барлығын жоққа шығару емес. Абайдың, Алашорданың заманындағы газеттерді оқысаңыз, ол кездегі түсінік, пайым мүлде басқа. Яғни, әр заманда тілдің сұрыптайтын, сақтайтын һәм дамытатын жағы болады.

Шеттен келген сөздерді тілімізге ендіруде біз тым асыра сілтеушілікке орын беріп жатқан сияқтымыз. «Балкон» сөзін «қылтима» дейміз. Тілдің тірі екенін білдіретін қасиеттерінің бірі - өзге тілдегі өзіне қажетті сөздерді ассимиляциялай білу. Ағылшын тілі неге әлемдік тілге айналды? Бұл тіл басқа тілдегі сөздерді өте тез қабылдап жатыр, екінші жағынан өз жұрнақтарын, қосымшаларын қосу арқылы ол сөздерді «жекешелендіріп» алуда.

Бөгде сөз тілге бүкіл астарымен, философиясымен бірге келеді

- Қазақ тілінің парсыдан, арабтан «жекешелендірген» сөздері бар емес пе?

- Иә, мұндай үрдіс бізде де бар. Бұл сөздер біздің болмысымызға айналып та кетті. Өйткені, қазір араб немесе парсы тілдерінен енген сөздерді алып тастаңызшы, біз мылқау елге айналамыз. Мемлекеттік құрылымға, дүниетанымға, мәдениетке қатысты сөздердің бәрі арабтан келген сөздер. Осы сияқты бізді жаңа кезең күтіп тұр. Біз де көптеген сөздерді жекешелендіруіміз керек. Мысалы, «звонда» дегенді «телефон шал, қоңырау соқ, хабарлас» деп түрлі сөзбен жеткіземіз. Неге бізге «телефондашы» деп айтпасқа?!

Тілді дамытатын талқы алаңдары қажет. Тіл мәселесін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты немесе терминком ғана шешеді деген ойдың қажеті жоқ.

- Тілдік диалектілер бар. Қазақстанда оңтүстіктің, батыстың тіліндегі кейбір сөздерді шығыстықтар, солтүстіктіктер түсінбей қалып жатады. Қытайда Батыс Қытай мен Шығыс Қытай немесе Ішкі Қытай бір-бірімен мүлде түсініспейтін жағдайлар бар екенін естиміз. Әр саладан жаңа сөз туындату өзара түсініспеушілікке келтірмей ме?

- Қазақта диалекті көп дегенге сенбеймін. Бізде диалекті сөздер ғана бар. Ал, Қытайда шын мәнінде бір-бірін түсінбейді. Біздің елімізде, Абайдың, Алаш азаматтарының, қазақ жазушыларының арқасында ортақ әдеби тіл қалыптасты. Нағыз диалектілер - Қырғызстанда, Башқұртстанда. Кезінде Ахмет Заки Уалидовтар Башқұрстанның бізге жақын оңтүстік-шығысындағы әдеби тілді күштеп енгізген. Бірақ, бұл сөздер әлі күнге дейін дау туғызып жатыр. Ал, мұның қасында Атыраудан Өскеменге барған қазақ емін-еркін сөйлесе береді. Ары кетсе 10 сөздің айналасында күліп, түсініспейтін шығар. Шымкентте «сым», басқа жақта «шалбар» дейді, бір өңірде «шырпы», басқасында «сіріңке» дейді. Бірақ, бұл негізгі дүниетанымды беруге еш әсерін тигізбейді. Түркі тілдерінде «мұсылман-пұсырман» дегендей, өзіне тән заңдылықтары бар. Ал, негізі қазақ бір тілде сөйлейтін, біртұтас халық.

- Сіз әлгінде араб және парсы сөздерін тілімізден шығарып салсақ, мылқау елге айналамыз дедіңіз. Яғни, бұл сөзіңізге қарасақ, уызға бай, құнарлы түркі тілі уақыт көшінен жеңіліс тапқан сияқты ма, қалай?

- Түркияда кезінде Мұстафа Кемал Ататүрік ұлттық мемлекетті қалыптастыру мақсатында бүкіл араб-парсы сөздерінен бас тарту науқанын бастаған болатын. Бұл түрік елінде тіл төңірегіндегі, жалпы гуманитарлық саладағы төңкеріске алып келді. Осылайша, ислам әлемін билеп отырған держава бір кезеңде ұлттық мемлекетке айналды.

Тілдің бастауы, қорек алып тұратын қайнары болады. Менің ойымша, көне түркі тілі қазақ тілін қайта дамытуға ашылған көз, үлкен қайнар бұлақ сияқты. Бұл - тілімізге енген араб, парсы сөздерінен бас тартуды білдірмейді. Керісінше, тағы да дамыта түсуге сеп болады. Ислам - айрықша мәдениет екенін естен шығармау керек. «Мемлекет, азамат, Отан» деген сөздер араб тілінде ХІХ ғасырдың соңында ғана пайда болған ұғымдар. Мәдениет, өркениет болғаннан кейін оның ішіндегі құбылыстар да бізге еніп жатыр. Сондықтан, әрбір сөзді қабылдаған кезде оның астарына, тегіне мұқият үңілуіміз керек. Біз де ислам мәдениетінің бір бөлігіміз. Бірақ, өз ұлтымызды дамыту, жаңғырту үшін әрі қарай не істеуіміз керек деген сауалды күн сайын қоюымыз қажет. Бүгінгі күні ғалымдардың айтуынша, араб қоғамындағы азаматтық қатынастардың дамымай отырған себебі, жоғарыдағы ұғымдардың араб тілінде болмауынан екен. Біздің демократтар, мемлекетшіл азаматтар көптеген үрдістерді батыстан көшіріп алайық, сонда ұшпаққа шығамыз дейді. Бірақ, қоғамдық қатынастар мен құбылыстар шет елден сатып алатын велосипед немесе аяқ киім емес қой. Бөгде сөз тілге бүкіл астарымен, философиясымен бірге келеді. Сондықтан, әр сөзді мүмкіндігінше, өз тамырымыздан іздеп көрсек, жоқ болған жағдайда ғана басқалардан алғанымыз дұрыс.

«Сайлау, электорат» ұғымдары шын мәнінде біздің өркениетімізде, мәдениетімізде жоқ болуы да мүмкін. Сондықтан, аталған ұғымдар біздің қабылдауымызға енбей, мәдени факторға айналмай, жүрегімізге ұялап, көңілімізден шыға бермейді. Соңғы кезде, оппозицияға айтып жатқан сынымыз да осы төңіректе. Егер олар, мейлі, демократ, социалист, социал-демократ болсын, қазақ жерінде жеңіске жетемін, қазақ жерінде тамыр жаямын дейтін болса, ең алдымен қазақ демократына, қазақ либералына, қазақ социалистіне, қазақ экономисіне айналуы керек. Яғни, жергілікті жерде қалыптасқан мәдениеттен сусындамай, өзінің алып келген жаңалығын жергілікті жермен байланыстырмай, олар ешқашан жеңіске жете алмайды. Қазақтың дала өркениетінде басшыны сайлау институты болды. Тіпті, баспасөз бостандығы болды деуге де болады. Өйткені, әр адам ханға келіп, айтарын жеткізген «дат» институты болды. Осы сияқты дүниелерді қайта жаңғыртып, дамытып, тарихи астарын танып, оны әлемде болып жатқан үрдістермен байланыстыруымыз керек. Сонда ғана ол қазақ жерінде тамыр жаяды. Мысалы, тілімізге енген араб, парсы сөздері неге қазақ тілінің мызғымас бөлігніне айналды? Өйткені, қазақ даласында билік құрған хандарымыз ислам мәдениетін қабылдады. Ислам әдебиеті қазақ тіліне аударылды. Осылайша, ғасырлар ішінде айнымастай туа біткен сөзге айналып кетті. Сондықтан, біз кей мәселеде консерватизмді де пайдалануымыз, сонымен бірге жаңашылдықты да алып жүруіміз керек. Әсіресе, біз сияқты шағын ұлтқа. Шындығында, 15 миллион ұлт - өте кішкентай ұлтқа жатады. Әрине, 1 миллионның төңірегіндегі ұлттар болашақта жойылып кетуі мүмкін. Ал, біз өзіміздің әлеуетімізді толық пайдалануымыз қажет. Бүгінде физика, кибернетика саласындағы ғалымдарымыз қазақ тілінің өресі ғылымға жетпейді екен деп тілден айналып кетпеуі қажет.

Ата-бабамыздан қалған тіл, дәстүр, өркениеттік үрдістер бүгінгі өмірде орын алып отыруы керек. Мұны барлық елде қызғыштай қорғайды. Бүгінгі күні консерватормын деп жүрген адамдар қазақ мәдениетін емес, қазақ мәдениеті шығар деп түсінетін «кеңестік отарлық институттарды» да сақтап жатыр. Бұл ұлттың жаңаша ойлауына белгілі дәрежеде кедергі болады. Мәселен, дәстүрлі қазақ ауылын сақтайық дейді. Мұндай ауыл бар ма? Шындығында, көшпелі мәдениет қалған жоқ. Малын әрі-бері айдау көшпелі мәдениет емес. Біз консерватизмға рушылдықты, монархия құруды телиміз. Бұл - гуманитарлық саладағы ойлы азаматтарымыз үшін ойланарлық шаруа. Егер біз қазақ мәдениетінің жаңа үрдісі мен ережесін, стандарттарын жасап шығаратын болсақ, қазақтың жаңа неоконсерватизмін жасап шығуға мүмкіндігіміз бар.

Қазақ консерватизмі мен қазақстандық консерватизм екеуі екі бөлек дүние. Біреуіміз, көне қазақ заманындағы салт-дәстүрлерді тірілтсек, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болады деп ойлаймыз. Бұл үшін феодалдық институттарды жаңғырту қажет. Бірақ, бұл ХХІ ғасырда қалыптасқан заман ағымына, мемлекетке, өркениетке қайшы келеді. Мұның зардабын аңғару үшін Сирия мен Ливияның қазіргі ахуалына қарау керек. Ондағы саяси билік өз қоғамын рулық деңгейден шығарған жоқ. Бұл елдердегі қақтығыстардың негізгі себебі, рулық және діни алауыздақтар. Олар бүгінгі модерн заманына сай саяси институттарды еліне орната алған жоқ. Жеке билеу саясаты елді XVIII - XIX ғасырлардағы феодалдық үрдістерге, тағы қатынастарға ұрындырды. Мұның соңы не болатыны белгісіз. Яғни, біз кез-келген мәселеге жауапкершілікпен қарауымыз керек. Бүгінде қарышты дамуымызға жемқорлықпен қатар, рушылдығымыз, жікшілдігіміз кері әсер етуде. Егер жаңа ғасырға сай ойлар болсақ, бұл үрдістер өздігінен қалады. Әркім қазақ ретінде өзінің шыққан тегін ұмытпауы тиіс. Тегін ұмытқан қазақшылығынан айрылады. Бірақ, мұны саясатқа айналдыру, қоғамдық қарым-қатынастарға салу қазақты бөлуге апарады. Бұл - үлкен қылмыс.

ХХ ғасырдың соңғы кезеңіне дейін елімізде ауылдан қалаға көшу процесі баяу жүрді. Дегенмен, соңғы жиырма жылда урбанизация тым қатты дамыды. Себебі, кеңес заманында әр қалада мөлшерлі квота болатын. Қаладағы қазақтардың саны осы мөлшерден аспауы керек деді. Жоғары білім алған қазақтардың квотасы да шектеулі еді. Қазақты қалаға барынша қоныстандырмауға тырысып бақты. Осы арқылы отарлық билік қалаларды орысшыл орта ретінде сақтап қалды. Яғни, осы кезге дейін қалаға келген қазақ көшпелі ата-бабалары сияқты қаланы жаулап алуға мәжбүр болды. Кеңес кезінде қала - қазаққа жау, қазақтан тыс, зиянды орта саналды. Сондықтан, бүкіл қазақ әдебиетінің, киносының, өнерінің ауылға деген ұраны әлі күнге дейін зиянын тигізіп жатыр. Яғни, бүгінгі уақытта жаңа қазақ әдебиеті пайда болу керек. Қазақтың жаңа қалалық романы, қалалық мәдениеті пайда болуы тиіс. Қазір Алматының 60-70 пайызы қазақ. Қалаға келген қазақтың мәдениеті әлі де болса резервациялық тұрғыда қалып отыр. Кинотеатрдағы бір сағаттық қазақ киносы немесе аударылған фильмді көрсету, қазақ мектебі мен балабақшасындағы ахуал бұған мысал бола алады. Қазақ мемлекеті болған соң мәдениет пен өнер де қазақтың тілінде болуы тиіс. Бұған өзге ұлттар мен ұлыстар мойынұсынуы керек. Қазақ мәдениеті түнде көретін айтыс сияқты болса, ерте ме, кеш пе, үлкен қайшылық туындайды.

ХХ ғасырда қазақ халқы ассимиляцияны, зорлық-зомбылықты, геноцидті, барлық көресінді көрді. Қазақ болашақта салауатты, зиялы ұлт боламыз десе, ХХ ғасырда, оның алдында көрген құқайынан сабақ алуы тиіс. Яғни, басқа ұлт пен ұлыстың басына әңгір-таяқ ойнатудан ештеңе шықпайды. Біз ұлттық азшылықтарға қиянат жасамауымыз керек. Өзіміз көргенді екі есе көрсетеміз деген реваншпен кететін болсақ, ХХ ғасырдың бірде-бір сабағын ұқпағанымыз. Сондықтан, Қазақстандағы әр этносқа жағдай жасауымыз керек. Кәріске оның орыстілді емес, кәрістекті қазақ екенін, қазақ мемлекетін мойындау - кәріс тілін, ділін, дінін сақтауға мүмкіндік береді деген жаңа саяси философияны қалыптастыруымыз керек.

Ғаламтордағы ойталқылардан байқағаным, Қазақстанда саясатта орыстар жоқ, орыстілділер бар. Олардың арасында басым бөлігі өз қандастарымыз, кәрістер, немістер, т.б. Біз өзге ұлыстарға жағдай жасасақ, олар кеңес заманында қалыптасқан империялық-отарлық кептен арылады. Орыстілділер өз алдына бөлек, монолитті әскер емес. Әр ұлыстың өз жолын нұсқау арқылы барлығын қазаққа көмектесуге жұмылдыру қажет. Сонда қазақтың да жүгі жеңілдейді. Қазақстанда орысшылдығы орыстың өзінен асып кететін ұлттық азшылықтар бар. Оларға өз ұлтының кім екенін, оның төл мәдениеті бар екенін ұқтыру керек. Көп орыстың ішінде жұтылып кеткеннен гөрі, аз болса да, өз намысын, мәдениетін сақтаған ұлт болуды үйрету керек. Осы арқылы ұлттық мемлекет үшін жүріп жатқан үрдістерге үзілді-кесілді қарсыласу азаюы мүмкін. Біз мемлекет құраушы ұлт болғаннан кейін, біздің жауапкершілігіміз басқалардан он, жүз есе артық болуы керек.

Билікті қолдау - білгеніңді істе деген сөз емес. Билікті де қолда және ол қазақ билігі екенін ұмытпа. Бізге ұлттық азшылықтарды қанау қақтығыстарға апарады дегенді жиі айтады. Ал, ұлттық көпшілікті қанау қақтығысқа апармай ма? Бүгінгі қазақ ұлтшылдарының айтып жүргені де осы. Қазақ мемлекеті, мемлекет құраушы ұлт, мемлекеттік тіл турасында қоғамда консенсус орнап бітті. Мұны жоққа шығару, діни сенімге, идеологияға қарсы шыққандай дүние. Қоғамдық дамудың өзі артқа шегіну, кері тарту емес қой. Бүгінгі күні демографиялық, саяси жағдай және мәдени ахуал өзгеріп жатыр. Яғни, қоғам мен тіл саясатта, өнерде қалыптасқан, консенсусы табылған үдерістерге сай дамып отыруы керек. Өкінішке орай, қазіргі тілдік ахуалға байланысты қалыптасқан үрдістер 1989 жылы Тіл туралы Заң қабылданған кездегі қатып қалған қағидалар шеңберінен ұзай алмай отыр.

Орыс тілін білуіміз, біз үшін артықшылық. Біз орыс тілі арқылы кем дегенде, екі-үш мәдениетке қол жеткізіп отырмыз. Орыстілді баспасөздің қазақ туралы не жазып жатқанын жақсы біліп отырамыз. Және оған жауап бере аламыз. Ал, кейбір орыстілді азаматтар Қазақстанның бірқатар өңірлерінде орыс тілін қажет етпеушілікті байқағанын айтып, таңғалып отыр. Бұл оң үрдісті билікке де, басқаларға да дәлелдей білуіміз керек.

Жиырма жылда кеңес заманын, отарлық дәуірді көрмеген, құлдық психологиядан тыс жаңа буын пайда болды. Олар қалада да, ауылда да бар. Ұлттық мәселедегі дау-дамайлар қала мен ауылдың қазағы арасында емес, жаңа деңгейге көтерілуі керек. Яғни, қазақ мемлекетін қолдаушылар мен бұрынғы үрдістерді, кеңестік, империялық, отарлық саясатты қолдаушылар арасындағы күреске айналуы тиіс. Себебі, орыстілді қазақтар арасында да ұлтжанды азаматтар жетерлік. Рас, олардың тілге шорқақтығы бар. Бірақ, қазақтың ұлтық тәуелсіздігі, мемлекеттігі үшін күрестің алғы шебінде орыстілді қазақтар да жүр. Егер, біз орыстілді қазақтарды өз тарапымызға шығара білер болсақ, ұрандарымыздың, ұсынған саяси идеялар мен бағдарламалардың осы заманға лайық екенін дәлелдесек, олар сөзсіз қолдайды. Және мемлекетті күшейтуге деген оладың ғылыми әлеуетін, технологиялық біліктіліктері мен артықшылықтарын өзіміздің ортақ ісімізге пайдалана білеміз.

Кеше ғана Лондон Олимпиадасының алтын тұғырынан көрінген З.Чиншанлоның, М.Манезаның әлем үшін қазақ болғаны маңызды емес. Ең бастысы, олар қазақтың байрағын көтеріп отыр. Қазақ спортының элитасына келіп жатқан легионерлер спорт секциясына енді барған қазақ жасөспірімінің бағын ашады. Мәселен, жапондар әскерін, ғылымын дамыту үшін шет елден үлкен ғалымдарды ақша төлеп алдырды. Сырттан келгендер арқылы технологиясын дамытып, кейін қош айтысты. Біз де жалған ұлтшылдыққа, өркөкірек намысқа бармауымыз керек. Бүгінгі күні теннисте, шахматта жақсы өнер көрсететін қазақтың ұл-қыздары пайда болды. Яғни, өркениетті, заманауи ұлтшылдыққа барғанымыз дұрыс. Қазақ ұлтшылдары жаңа деңгейде ойлайтын заманауи күш екенін дәлелдей бастауы қажет.

Қазақстанда демократиялық үрдістер қалыптасса, ешкім ұтылмайды. Ұлттық демократиялық мемлекеттің орнауы елімізде тұрып жатқан аз ұлыстардың әрқайсысы үшін пайдалы. Мүмкін, өз мақсатымызға жету үшін орыспен орысша, татармен татарша, башқұртпен башқұртша сөйлесуіміз керек те шығар. Мақсатымыз айқын - Тәуелсіз мемлекет ретінде мәңгі өмір сүру.

Биліктің де, орыстілді баспасөздің де, қазақтың ұлтшылын фашистің ар жақ, бер жағы етіп көрсетуде кінәсі бар. Ғылымда, жарнамада ребрендинг ұғымы бар. Брендті жаңалау дегенді білдіреді. Қазақ ұлтшылдығын жаңалауымыз керек. Бұл үшін саяси партияларға да, қозғалыстарға да жаңа буын келуі керек. Оппозицияны алайық. 20 жылда ештеңе тындыра алмасаң, тың идея ұсына алмасаң, билікке жете алмасаң, орныңды босатуың керек. Бұл - жақсы үрдіс. Жаңа тұрғыда ойлайтын, кем дегенде, екі-үш тіл білетін, әлемдік ахуалға жетік азаматтардың ұлттық қозғалысқа келгені ауадай қажет. Ал, көзі ашық азаматтардың партияларға, ұлттық қозғалыстарға бармайтын себебі, қатаң түсініктердің салдарынан деп ойлаймын.

Екі мың жыл бұрын жоғалып кеткен тілін жаңғыртты

- Қазақтың қос тілділігі - артықшылығы дедіңіз. Әлемдік отарлау саясатының тарихына қарасаңыз, өктем ұлт өзге ұлыстарды өз тілін сіңіру, мойындату арқылы билеп отырғанын байқаймыз.

- Орыс, ағылшын, қытай, неміс тілін білу - ана тіліміздің мемлекеттік дәрежесінен айрылуы емес. Өз басым, үштілділік тұжырымдамасын, политілділікті ұсынып жатыр, оны қолдамаймын. Қазақстанда ұлттық мемлекет құрылатын болса, балабақшадан бастап қазақ тілінде болуы тиіс. Бұл - мемлекеттің талабына айналуы керек. Қазақ, орыс, татар деп бөлінбеуі керек. Израильді, басқа мемлекеттерді алып қарасаңыз, балабақшаның барлығы өз тілінде. Бұл - Израиль, Чехия, Англия болсын, сол елдердің болашақ азаматтарын қалыптастыру үшін жасалатын ең бірінші қадам. Яғни, баланы мемлекеттендіру. Дамудың жоғары деңгейіне жеткен Жапония сияқты елдерде кем дегенде 4-5 сыныпқа дейін балаларды тек ана тілінде тәрбиелейді. Себебі, бала ана тілінің бар құнарын, уызын татуы керек. Ал, одан кейін бірнеше тілді, сабақтарды үйретуге болады.

Бүгінде математика, астрофизика, химия, технологияны қазақ тілінде үйренуге, дамытуға мүмкіндік беріліп жатқан жоқ. Оның үстіне экономикамызда тұтынушы аз. Израиль - 2000 жыл бұрын жоғалып кеткен тілін жаңғыртқан мемлекет. Жақсы үрдіс ретінде қабылдауға болады.

Қазіргі саяси философиямыз 80 - 90-жылдары қалыптасқан үрейлерге, қорқынышқа, сол кездегі әлеуметтік-демографиялық жағдайға негізделген. Үштілділік азаматтардың, қазақ халқының конституциялық құқығын таптауға айналып келеді. Конституцияда әр азаматтың құқығы тең деп жазылған. Бірақ, Алматы мен Астананы айтпағанның өзінде, ауыл демейік, кей қалаларда азаматтардың құқығын тең дәрежеде қамтамасыз етіп жатырмыз ба? Білім алуға, мәдени шараларды көруге тең мүмкіндік бар ма? Жоқ. Қаланың өзінде қазақ тіліндегі фильмдерді кинотеатрлардан сирек көреміз. Ауыл мен шағын қалаларда мұндай жағдай мүлде жоқ. Медицинада Алматыдағы аурухана мен мол қаражат құйылып жатқан өзге қалалардағы ауруханаларды салыстыра алмайсыз. Техника берілгенімен, дәл сондай маман жоқ. Ауылға үштілді, политілді мұғалім табылады дегенге сенесіз бе? Мемлекеттік тілді дамыту үшін орыс мектептеріне үлкен талап қою қажет. Мен такси жүргізушісі немесе ұшақ бортының қызметкері болсам, менің міндетім отырған адамды бір жерден екінші межеге аман-есен жеткізу. Маған осы үшін қаржы төлейді. Ал, бізде немқұрайдылық басым. Білімді тексеру жоқ. Орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері аптасына 2-3 мәрте оқытылады. 11-сыныпты бітірген бала қазақ тілін білмесе, мектеп директоры мен қазақ тілі мұғалімін мемлекеттің қаражатын талан-таражға салды деген айыппен жауапқа тарту керек. Неліктен математика мұғалімі оқушының есепке шорқақтығы үшін жұмыстан қуылып, қазақ тілін оқытпаған, жағдай жасамаған директорлар жұмыста қалады?!.. Қазақ тілін дамыту қазақ мектептерінің санын арттырумен ғана шектелмейді. Бәлкім, қазақ ұлтшылдарына орыс мектептеріне барып, балалардың мемлекеттік тілді меңгеру барысына қоғамдық тексеру жүргізу қажет шығар. Мүмкін, қазақ тілшілері орыс мектептеріндегі 11-сынып оқушыларымен арнайы сөйлесуді дағдыға айналдырса нәтижер болар?... Қазір қазақ тілін меңгермеуді әдістемелік, оқулық кітаптардың аздығымен байланыстырады. Бұл - 20 жыл бұрын айтылған сылтау. Мемлекеттік тілді үйретуге байланысты 100-ден астам бағдарлама бар. Соның ішінен ең үздік 10 бағдарламаны таңдап алып, оны дәріптеп, оқу бағдарламасына енгізуге мемлекет пен қоғам мүдделі болуы тиіс.

«Қазтест» жүйесі арқылы да мектеп оқушыларының тілді меңгеруін тексеруге болады. Сондай-ақ, ҰБТ таза қазақ тілінде өтуі керек. Осындай қадамдарды қазір іске асырмаса, Үкімет қабылдап жатқан бағдарламаларға енгізбесе, тіл мәселесі тағы 5-10 жылға кешеуілдейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы Қазақстанның 95 пайызы қазақ тілін меңгереді деді. Бұл - жақсы меже. Бірақ, межеге жету үшін іс-қимыл керек. Ертең барлығымыз, ақылды, деніміз сау болады деу бір басқа, оған жету үшін оқу, ізденіс, жаттығу бір басқа. Сондықтан, бағдарламалар жақсы жазылса да, оны орындауда бірізділік, табандылық, саяси жігер керек.

Сұхбаттасқан - Думан АНАШ

«Алматы ақшамы» газеті

0 пікір