Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3803 0 пікір 20 Тамыз, 2012 сағат 08:14

Бауыржан Бабажанұлы. Батош - Батырболат

...Студенттік өмір оқыс оқиғамен басталды. «Сельхоздың» алғашқы күнінде  «оқуға түскенімізді» атап өтуден басталған   «Рүстем-Дастан шайқасында»  «ерекше көзге түскен» 5 жігіт ұстаздарымыздың шешімімен Алматыға қайтарылды. Олардың ендігі тағдырын факультет деканы Мырзатай Серғалиев шешеді екен...

Сонымен әлгі бесеу Алматыға баратын жолға түсті де,  қалғандарымыз Шелек ауданы, «Қазақстан» кеңшарының жүзім алқабына беттедік.

Жүзімді жұп болып тереді екен. Яғни бір жүйектің екі жағына екі кісі түседі. Мен «аузымды ашып» жүргенде жұрттың бәрі жұп құрап, жұмысқа кірісіп те үлгеріпті. Жан-жағыма қарап, алақтап тұр ем, көзім анадай жерде үрпиіп  тұрған  сары балаға түсті. Ол да жан-жағына қарап, жұп іздеп тұр екен. Көзіміз түйіскен сәтте бір-бірімізді үнсіз ұғыстық та, бір жүйектің екі жағына түсе бердік.

Сары баланың есімі - Батырболат екен. Орал облысының ( Батыс Қазақстан облысы ол кезде солай аталатын - Б.Б) Казталовка ауданының Бостандық ауылынан болып шықты. Былтыр филфакқа құжат тапсырып жолы болмай, биыл да «құлап» тұрған жерінен Білім министрлігінің 1989 жылы шыққан «Тіл туралы» заңына сүйеніп, ҚазМУ-дың филология факультетіне қосымша 25 орын бөлгендігінің арқасында оқуға тұяқ іліктіріпті.

...Студенттік өмір оқыс оқиғамен басталды. «Сельхоздың» алғашқы күнінде  «оқуға түскенімізді» атап өтуден басталған   «Рүстем-Дастан шайқасында»  «ерекше көзге түскен» 5 жігіт ұстаздарымыздың шешімімен Алматыға қайтарылды. Олардың ендігі тағдырын факультет деканы Мырзатай Серғалиев шешеді екен...

Сонымен әлгі бесеу Алматыға баратын жолға түсті де,  қалғандарымыз Шелек ауданы, «Қазақстан» кеңшарының жүзім алқабына беттедік.

Жүзімді жұп болып тереді екен. Яғни бір жүйектің екі жағына екі кісі түседі. Мен «аузымды ашып» жүргенде жұрттың бәрі жұп құрап, жұмысқа кірісіп те үлгеріпті. Жан-жағыма қарап, алақтап тұр ем, көзім анадай жерде үрпиіп  тұрған  сары балаға түсті. Ол да жан-жағына қарап, жұп іздеп тұр екен. Көзіміз түйіскен сәтте бір-бірімізді үнсіз ұғыстық та, бір жүйектің екі жағына түсе бердік.

Сары баланың есімі - Батырболат екен. Орал облысының ( Батыс Қазақстан облысы ол кезде солай аталатын - Б.Б) Казталовка ауданының Бостандық ауылынан болып шықты. Былтыр филфакқа құжат тапсырып жолы болмай, биыл да «құлап» тұрған жерінен Білім министрлігінің 1989 жылы шыққан «Тіл туралы» заңына сүйеніп, ҚазМУ-дың филология факультетіне қосымша 25 орын бөлгендігінің арқасында оқуға тұяқ іліктіріпті.

Облыстың  түкпір-түкпірінен жиналған талай қабілетті баланының талабын ұштаған Оралдағы  №11 Сәкен Сейфуллин атындағы  мектеп-пансионатты бітірген  Батырболат әдебиетті біршама біледі  екен. Қай ақынның атын айтсаң да, бір өлеңін заулата жөнеледі. Әңгіме арасында ол ақын туралы кімдердің қандай пікір айтқандығын да қыстыра кетуді ұмытпайды. Екеуміздің әңгімеміз негізінен осы бағытта өрбиді. Кейде жүзімдіктің екінші басына шығып алып, жұртқа қарсы жүзім теріп жүріп, өлең оқимыз.

Осындай жап-жақсы әңгімемізді курстасымыз Қалдыбай Ташкенбаев бұза жаздады. Абитуриент кезде әскери киім киіп алып, «Ауғанда служить еткенін» баса айтатын Қалдекең бір күні Батырболатты шақырып әкетті. Түсі бұзылып оралған досымнан мән-жайды сұрап ем, Қалдекең «әскери тәртіп» орнатпақ болыпты. Яғни «щеголдар» «дедтерді» сыйлап жүруі»  керек екен. Бұл жағдай тағы бір қайталанғасын, амал жоқ,  мен араға түсуге  мәжбүр болдым. Аз-кем тәжікелескеннен кейін: «Бауке, өзің де өмір көрген жігітсің. Менікі тек «тәртіп болсын» деген ой ғана...» - деді Қалдекең көнген сыңай танытып...

Кешке қарай талдықорғандық Бекжан Досжанов үшеуміз бірге қыдырамыз. Бізден үлкендігі бар, оқуға әбден «зар болып» жүріп түскен Бекең бізге өлең оқытады, өзі де оқиды. «Былтыр Алматы маңындағы Ұзынағаш ауданына  көшіп келдік.  Шешем бар. «Сельхоз» біткесін екеуіңді алып кетіп, қонақ қылмасам...» - дейді кейде.

...Бекжан уәдесінде тұрып, бізді үйіне әкетті. Аңғалдық дегенді қойсайшы, Гүлжан шешеміздің шайын ішіп жата беріппіз. Бір аптадан соң ҚазМУ-ға келсек, жатақханада орын қалмапты. Бір қызығы,  баяғы жүзімдіктен «қуылып» кететін бесеу  тәп-тәуір орын алып алыпты. Сосын «өліп қана көрмеген» пысық Біржан Үсенов те «сельхоздан» кейін ауылға тартып кетпей, жатақхана жайын қамдаған. Ал «көгалды қуып, гөлайттап жүрген» біз  «далада қалдық».

Ол кезде оқуға түскен студент, міндетті түрде, жатақханамен қамтылуы керек. Ал 25 адамды «артық» қабылдаған, әрі сол жылы орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ беретін курс ашылған филология факультетінің студенттері көп болғандығы себепті, жатақханаға сыймайтын болып шықты. Сондықтан да ҚазМУ-дың басшылары бір тосын шешім шығарыпты. 15-жатақханада шетелдік студенттер үш адамдық бөлмеде екі адамнан тұрады екен. Солардың қасына үшінші ғып, филфактың студенттерін бір-бірден кіргізу керек.

Сонымен ұстаздарымыз 15-жатақханаға алып келді. Бір бөлмеде екі негр жатыр екен. Еңгезердей біреуі біздің біреуімізді  осында орналастырмақ болған ағайымызды  құшақтап алып, бірдеңе айтады. Бөлмеден күлімсі иіс шығып тұр...

Мен шошып кеттім. Байқаймын, Бекжан мен Батырболаттың да  желке тамыры соғып  тұрған жоқ.

Сол кездегі демократияның ықпалы ғой, үшеуміз ҚазМУ-дың проректорының алдынан бір-ақ шықтық. Неміс  екен. Қазақшаға судай. Бізді тыңдап алды да, бірден айқай салды: «Менің алдыма кіру үшін, как минимум, ғылым кандидаты болу керек. Ал сендер 1-курсқа түспей жатып...». Осылай ықтырып алды да, жаймашуақ әңгімеге көшті: «Айналайындар-ау, сендер кеңес студентісіңдер ғой. Олар - артта қалған елдердің  балалары. Оларға мәдениет үйретулерің керек». Сөзін нығыздап аяқтады: «Енді бұл мәселемен менің алдыма келмеңдер. Егер ҚазМУ-да оқығыларыңыз келсе...».

Басымыз салбырап шықтық.  «Өлсем де 15-ке бармаймын! Түнде оянып кеткенде анабіреуінің тісі ақсиып тұрса, жүрегім жарылып кетер...» - деймін мен жынданып. Үшеуміз проректорды әбден сыбадық...

«...мәдениет үйретуге» ешкімнің де құлқы бола  қоймады. Ешкім бармағасын, факультет басшылары тығырықтан шығар жол ойлап тапты. 1-курстықтарға тұрмыстық қажеттіліктерге арналған бөлмелер берілді.  Бекжан, Ербол, Бақыт төртеумізге бір «бытовка» тиді де, Батырболат бөлек кетті.

Есесіне Батырболат екеуміз бір топқа түстік. Біздің топта сол тұста «Жалын» баспасында жеке жинағы жатқан мықты ақын Әділ Ботпанов та бар. Екеуміз өлең туралы әңгіме айтқанда Әділдің қас-қабағына қарайлап отырамыз...

Әділ екеуміздей емес, Батырболат оқуда бірден көзге түсті. Қай сабақта да құлшынып отырады. Бір қызығы, орыс тіліне жүйрік Ботпановтың жанында отырып, одан көшіріп алатын Батырболат ылғи  «5» алатын да,  Әділге  үнемі «4»  қойылатын. Өйткені оның  жазуы өте әдемі де,  Әділдікі айбақ-сайбақ болатын...

Филфакта М. Әуезов атындағы әдеби бірлестік бар. Сол бірлестік қабырға газетінің бір номерін 1-курстықтарға арнамақ болыпты. Факультет деканы Мырзатай Серғалиевтің алғысөзімен шығатын болғандықтан дереу бір-бір өлеңімізді ұйымдастырушыларға беруіміз керек екен. Бұл хабарды естіген Әділ мырс етті де, езуін қисайтты. Жақтырмаған түрі. Шынында да өлеңдері сол кездегі беделді газет-журналдардың бәріне басылып болған, ұжымдық жинаққа шыққан,  кітабы баспада жатқан ол қабырға газетін қайтсін?

Көп ұзамай әлгі қабырға газеті шықты. Деканымыз жылы лебіз білдіріпті. Мен туралы не айтқаны қазір есімде жоқ, пысық Батырболат өзі туралы пікірді  қойын кітапшасына түртіп алып жатқан, онда болуы керек.

Біздің оқуға түскен кезіміз Кеңес өкіметінің әбден шегесі босап, қаусаған шағына тұспа-тұс келді. «Алдаспан», «Азат» бірлестіктерінің дәуірлеп тұрған шағы. Олар бөлме-бөлмені аралап, үгіт-насихат жүргізеді: «Бодандықтан құтылып, азат ел болуымыз керек! Қазақстанның байлығын қазір күллі Одақ сорып жатыр, тәуелсіз мемлекет болсақ, аузымыздан ақ май ағады. Барлық қала мен дала қазақ тілінде сөйлейтін мемлекет құруымыз қажет. КСРО біздің солтүстіктегі 5 облысымызды алып қалмақ. Күресу қажет, ол үшін алаңға шығу керек!»

Мынадай әңгімелер біздің қанымызды қайнатады. Сабақты тастап, алаңға беттейміз. Бірде деканымыз шұғыл жиналыс жасап: «Алаңға барғандар оқудан шығарылады...» деп еді, 2-курста оқитын Серік деген жігіт: «Егер бір студенттің бір тал шашы түсетін болса, ҚазМУ-дың алдына 3 мың студент келіп тұратын болады! Қашан әлгі студент оқуға қайта қабылданғанша тапжылмаймыз!» - деп сес көрсетті. Мырзатай аға біртүрлі күмілжіп қалды. Бұл оқиға біздің санамызда кәдімгідей төңкеріс жасады.

Қазір ойлап қарасам, біз сол кезде нағыз тарихи оқиғалардың ортасында жүрген екенбіз. Мысалы, Жоғарғы Кеңестің депутаттары шығып, «Егемендік туралы» декларацияның қабылданғанын айтқанда,  біз алаңда едік. Жұрт мәре-сәре болып, бір-бірін құттықтап жатты...

...1-курста бізге «Әдебиет теориясынан» Бақытжан Майтанов сабақ берді де, Зейнолла Қабдолов журфакқа дәріс оқыды. Батырболат көбіне журфакқа тайып тұратын. Мұнысын Бақытжан аға көріп қалып, біраз ренжіді де.

Жалпы студенттер - ат қойғыш халық. Қыздарды көрсе, кісіней күлетін Біржан - «Сарыжал айғыр», маңғаз, ірі сөйлейтін Ержан - «Өраға», ішіп алғанда  киімін бір-бірлеп шешіп лақтыратын Ербол - «Мадонна», тілінің қыршаңқысы бар Бақыт - «Тотияйын» атанып үлгерді. Сағызша жабысатын мұндай лақап аттан Батырболат та құтылған жоқ. Жоғары курстың қыздары оны «Әнші балапан» десе, ән айтқан кезде тұтас қызарып кететіндіктен   жігіттер «Қызыл сұңқар» дейтін. Сол кездегі Пушкин атындағы, қазіргі  Ұлттық кітапханадан шықпайтын досымызды журфактың қыздары «Пушкиннің баласы» деп те жүрді. Ал өзіміз еркелетіп «Батош» дейтінбіз.

Батырболат, шынында да,  ғажап әнші. Әннің иірімдерін келтіріп орындап, жүрекке жеткізе біледі.  Дауысы да зор. 1-курста қысқы каникулдан келгенде 17-жатақхананың 9-қабатында тұратындар оның  1-қабатта тұрып салған әнін естіп: «Е, Батош келіпті ғой» - дегені бар.

...Кеңес өкіметінің соңғы жылында дүние  әбден қуырылып, дүкендердің сөрелері бос қалды. Киім-кешек жағы тіпті қиын. Сол кезде курстағы пысық жігіт Кенже Байназаров Батырболатқа шетелдік әдемі костюм-шалбар тауып бергені бар. Қаздың балапандары сияқты бірдей боп Шымкенттегі «Восход» фабрикасының костюмін киетін біз үшін бұл әжептәуір жаңалық болды. Батоштың костюмі қыздарға киіп баратын «дежурный костюмге» айналды. Әсіресе оның қызығын Кенже мен Әділ көрді. «Бауке, сенің өзіңмен бірдей өлшемде костюм киетін нағашың бар ма? - дейтін Әділ айна алдында тұрып, маған қыр көрсетіп. «Ойбай, жоқ қой, жоқ...» - деймін мен.

Келесі жылы Кеңес өкіметі құлап қалды. Нарық заманы басталды. «Өз күніңді өзің көр» деген уақыт туды. Инфляцияның жылдамдығы сондай, біздің стипендиямыз түкке жарамай қалды. Жігіттердің бірқатары базар жағалай бастады. «Нүкте» үшін төбелесіп қайтатын жағдайлар да жиілей берді.

Бірақ біз көңілді едік. Той-думанымыз да азайған жоқ. Ертеңгі күнге деген сенім басым болатын. Ал қоғамдағы өзгерістер үлкен кісілерге қатты батқан секілді. Бірде:  «Сендер осы неге сеніп оқып жүрсіңдер? Бәрі бітті ғой...» - деді ұстазымыздың бірі аудиторияға кірген бойда...

3-курстан бастап Батырболат екеуміз бір бөлмеде тұрдық. Қасымызда республикалық олимпиаданың жеңімпазы атанып, ҚазМУ-ға емтихансыз түскен қызылордалық Тұрар Сыздықов бар. Дәлізге темекі тартуға шыққан жерінен кез келген  бөлмеде болып жатқан «вешірге» кіріп кетіп, әрі қарай Семейден бе, Талдықорғаннан ба,  бір-ақ шығатын сері Тұрар айлап болмайды да,  көбіне екеуміз қаламыз. Кішкентайынан интернатта тұрғандікі ме, әлде болмысы солай ма, Батырболат өте тазайын боп шықты. Сабақтан келе салып, бөлмені айнадай ғып жуып шығады. Әр зат өз орнында тұрады. Кейде сөреде тұрған кітаптың орнын ауыстырып жібергеніміз үшін бізге кіржіңдеп жүреді.  Біздің бөлменің тазалығына тіпті  қыздар да таң қалатын.

Батырболаттың тағы бір қасиеті - уәдеге беріктігі. Егер «пәлен уақытта пәлен жерде кездесеміз» - десеңіз, ол сол маңға кемі 10-15 минут бұрын барып тұрады. «Автобус жүрмей қалды», «Ұмытып кетіппін...» - деген сылтау онда болмайды. Ертеңгі істейтін ісін кешкілік міндетті түрде қағазға түсіріп алады.

Оның әсірепысықтығының зияны тиетін кез де аз болмайды. Мысалы, сен біліп, ол білмейтін жерге бара жатсаң,  жолда:  « Дұрыс келе жатырмыз ғой, әйтеуір? Жолды анық білесің ғой?» - деп бірнеше рет сұрайды. Оған шыдау үшін де темірдей жүйке керек...

Мен өмірімде «Досым үшін жанымды беруге әзірмін» деген жігіттерді көп көрдім. Бірақ жеме-жемге келгенде біреу үшін басын қатерге тігетіндер некен-саяқ. Ал сырт көзге момын көрінетін Батырболаттың, Төлеген ақынша айтқанда, «бір жігіт тұратын жерге тұратынына»  бірнеше рет куә болдым. Соның бірі - мынадай:

Соңғы курстардың бірінде бір қызымыз тұрмысқа шығатын болып, Жаркентке бардық. Күйеу жігіт Алматы зооветеринарлық институтында оқиды екен. Той үстінде біздің қыз-жігіттер ерекше жарқырап, жұртты аузына қаратты. Онымыз зооветтің жігіттеріне ұнамаса керек, көңілдеріне кіп алып қалыпты. Тойдан соң оңаша үйде кіл жастар ғана  қалғанда «қызық» басталды. Бір айтыскер ақын жігіт бізге өлеңмен тиісе бастады. Аузы тым лас екен. Онымен айтысып береке таппайтынын білген біздің айтыскерлеріміз үнсіз қалды. Жігіттердің бәрін «түгендеп» болғасын ақынымыз қыздарға «ауыз сала» бастады. Анайы сөздерін төгіп жатыр. «Төсің қандай...» «Бөксең қандай...» «Өйтсек...» «Бүйтсек...»  Жанындағылар қарқ-қарқ күледі. Өздері кіл сайдың тасындай іріктелген мықты-мықты жігіттер.  Біз қапелімде ес жия жия алмай, төмен қарап қалдық. Сол кезде біздің қыздардың бірі қолына домбыра алып, «әу» деді. Қысқа қайырса да, бізге дем бере сөйледі:

...Шырағым, құр бекерге әуре болма,

Үйірін жауға бермес айғырларым.

Шіркін, сөз деген қандай жаман. Біреу құлақ шекемнен салып жібергендей болды. «Айғыр» екеніміз, «үйірімізді» қорғау - міндетіміз екені еске түсті. Кенет аузымнан түйдек-түйдек сөз атылды. «Ақынын» да, қасындағыларын да «сойып салдым». Сол-ақ екен, біреулер маған тұра ұмтылды. Оларды тағы біреулер ұстап жатыр.  Төбелессіз бітпейтіні анық болды. Енді тек қыздардың көзінше таяқ жемеу керек. «Жігіттер, - дедім даусымды барынша сабырлы шығаруға тырысып, - еркек емеспіз бе, сыртқа шығып сөйлесейік...».  Шығып бара жатып көз қиығын салсам, Батырболат қана еріп келеді екен...

Кейін Батош айтады: «Шынымды айтсам, сенен ұялғаннан ғана шықтым. Алпамсадай екі жігіт екі жағымда тұра қалды. Біреу мені ұстап көріп: «Ой, мынау тым кішкентай екен, ұрмай-ақ қояйық. Ал ананы «сою» керек...» - деді. Сені өлтіріп тастайтын шығар деп қорықтым».

Түйіліп келген талай рэкетті иліктірген Кенже Байназаровтың қасында бір жыл тұрғанда жинаған «сөздік қорым» кәдеге асып, бізді аман алып шықты. Біраз сөзбен ырғасқаннан кейін бейбіт тарастық. Бірақ әлі күнге  сол оқиға есіме түскен сайын жүрегім су етеді. Батырболатты да біртүрлі жақсы көріп кетем.

Батырболат жерлестерімен жақсы араласты. Әсіресе «нархозда» оқитын кластасы Талғат Бакушев бізге жиі келетін. Кәсіподақ жағында жүретін оның іші майлы болатын. Онысынан біз де зиян шеккен жоқпыз.

Ол бізден бір жыл бұрын бітірді де,  Оралдағы «ТұранӘлембанктің» бөлім бастығы болып шыға келді. Алматыға іссапарға жиі келетін. Ол келгенде біз  әкесі келген баладай талтаңдап жүреміз. Әуелі  «барахолкаға» апарып, киім алып береді. Сосын қолымызға ақша ұстатады. Тамақты мейрамханадан ішеміз...

Бұл кезде біздің буын да біраз танылып қалған. Ғасырлар қойнауын көктеп өтіп, балбал тастарға айналған бабалар рухымен тілдесіп жүретін Әмірханның, «Аялдаса автобус бірер минут, Көшесінен Гогольдің сені іздеймін» дейтін сөзіне жазылған «гимнге» айналған  әнін ЖенПИ-дің тура он қызы маған арналған деп ұғатын Жарас Сәрсектің, «Жас жаның жапа шеккен бе? Көңілден кетсін тұман ой. Көгілдір мынау көктемде, Күрсініп жүру күнә ғой...» -  деп арулардың жүрегін қытықтайтын Қазыбек Құттымұратұлының, «Буаз аспан ұл туады бір күні, Қолың сынғыр,  қолдан адам жасама!» - деп санаңды бір сілкіп алатын Сағындық Рзахметовтердің есімін біраз жұрт біліп қалған. Ал сол кезде Тараздан келіп, Алматының аспанында жасын ойнатқан жас пері Маралтай да бірер айда әбден танымал болып алды.

Осы дүбірдің нақ ортасында  Батырболат та  жүрді. Әсіресе оның «Мен ғашық қыз» деген өлеңі жастар арасына тез тарап кетті. Тарап кететіндей-ақ өлең. Міне, қараңыз:

 

 

Мен ғашық қыз

 

Мен ғашық қыз сыймайды екен фәниге...

Пәктігі оның хас тек қана сәбиге!..

Қиялымда періште бар, ол - сол қыз,

Мен періште емеспін ғой, әрине.

 

Талып іздеп, түкпірледім жер-көкті,

Қиял қажып, ал жүрісім өнбепті...

Оған біткен нәзіктік пен ұяңдық,

Сөйтсем, әлі бұл өмірге келмепті!

 

Қызығымды шыжық қылды-ау қазымыр мұң,

Қаламыма жан азабын жаздырдым.

Ондай көрік, ондай сымбат, ол қылық

Түсіне де кірді ме екен Мәжнүннің?!

 

Жүрегімнің лүпілімен тербетем,

Жан таба алмай қойдым оған жерде тең!

Махаббатты сараң жазсам,

біреулер

«Ғашық болып көрмеген ғой» дер ме екен?

 

Қолдан адам жасар тәңір емеспін,

Бірақ... кейде өз-өзіммен егестім:

Көзіне шөп салғым келмей ышқындым

Қиялдағы сол мүбарак елестің.

 

Мына жалған - жалған екен, тым жалған,

Бейбақ басқа беріш болды-ау мұңды арман.

Мен ғашық қыз сыймайды екен жалғанға,

Немесе оған лайық емес бұл жалған!..

 

Осы болса өміріңнің сияғы,

«Өлең емес, өксік» десем сыяды.

Түңілдім мен сол бейнеден басқадан

Жетпейтіндей еш пенденің қиялы!..

 

Мен ғашық қыз сыймайды ғой фәниге,

Ал сен маңдайды айтасың...

 

23.11.1994. Алматы

Университетті бітіретін жылы бізге сабақ берген Ұлттық Ғылым Академиясы жанындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Шәкір Ыбыраев бізге дәріс оқыды да,  өзі таңдап,  5 түлекті институтқа шақырды. Сөйтіп біз кіші ғылыми қызметкер болып шыға келдік. Мен әуелде Жұмат Тілепов басқаратын «Жамбылтану»  бөліміне жіберіліп ем, ол бірер айдан соң жабылып қалып, Батырболат екеуміз Рахманқұл Бердібай басқаратын «Фольклор» бөлімінде қайта тоғыстық. Ғылыми ортаны көріп, талай пікірталастарға куә бола бастадық.

Институт  айлықты үш ай кешіктіріп береді екен. Ақшадан қатты қысыла бастадық. Науайы көшесінде пәтерде тұрамыз. Батырболаттың ауылынан келген бір қарын май мен біздің үйден келген мол талқанды талғажау етеміз. «Талқаным таусылмасын десең, талқан же, Бауке...» -  дейді Батош күліп. Сосын жарысып өлең жазамыз.

Пәтер иесі тетя Рая - өте қатал кісі. Кейін ол Батырболаттың өлеңіне ілікті: «Іштей жүдеп өтер айы, Аспан жаққа ары ұлып. «Дядя Ваня, Тетя Рая», Мазағына таңылып».

Сөйтіп жүргенде ол «Сорос-Қазақстан-Дебют» бәйгесінде жүлде алып, өлеңдері  ұжымдық жинаққа енді. Тәп-тәуір көңіліміз көтеріліп, өзімізді адам сезініп қалдық.

Мен келесі жылы «Жалын» журналына ауыстым да, Батырболат ҚазМУ-дың аспирантурасына түсті. Сол жылы «Жазушы» баспасынан кітабы шыққан жеті жас ақынның бірі ретінде оның   кітабы шықты. «Мен ғашық қыз» деп аталатын сол жұқа  кітап оған үлкен бедел алып келді. Екі жыл қатарынан Президент стипендиясына ілікті.  .

Жалпы филфак, журфакта оқитындардың тілінің қотыры болады. Құрығаны бір кебісті бір кебіске кигізіп жүреді. Жиын-тойда жанып кететін Батырболаттың да әдемі әзілі бар.  Мен үйленгенде Жетісайға бірге барып, ондағыларды әнімен тәнті еткен Батырболат үйге келіп,  беташар рәсімі жасалғаннан кейін әзіл-шыны аралас қызық әңгіме бастады: «Ал, Гүлшат, - деді босағада шай құйып отырған менің келіншегіме бұрылып. -  Мені мына пәледен құтқарғаныңа рахмет! Енді мен бұның «минустарын» айтайын. Біріншіден, Баукең - өте салақ адам. Үйге кіргеннен аяқ киімінен бастап, әр киімі әр жерге  шашылып түседі. Оған ренжу, бұны жөнге саламын деу - ақымақтық. Үндемей жинап қоя салған дұрыс. Мен сөйтетінмін. Екіншіден, бұл - өте тамақсау. Осы екі мәселені жадыңа жақсы түйіп алсаң, жаман әйел болмайсың».

Әр жерден күлкі естіле бастады. «Мен бұл кісімен 5 жыл бірге тұрдым...».  - Батырболат қулана күліп алып, әңгімесін жалғады. - «Осы жылдар ішінде маған көрсетпегені жоқ. «Батош, тамақ...», «Батош, киімім әзір ме?» «Батош, сағатым қайда?..»

Жұрт қыран-топан. Мен қысылып, «Ой, Батош...» - дей беріп ем, маған жалт бұрылды да: «Ай, Бауке, Құдайшылығын айтшы, мен саған бала туып бермегенім болмаса, қалғанының бәрін істедім ғой...» - дегені. Манағы күлкі күлкі ме, енді бомба жарылғандай болды.

Батырболаттың өлеңдерінің негізгі тіні - махаббат лирикасы. Әсерленгіш, тез ғашық болатын ол әп-сәтте өлең жазып үлгереді. Бір күні «Қылығы бала сықылдым, Қытығым жеңіп, ұтылдым. Жанарымды ұрлап жұтындың, Тамағым құрғап жұтындым...» деп «кенезесі» кеуіп жүрсе, келесіде  «Мен ғашық қыз сыймайды екен фәниге...» - деп бәріне қол сілтеп, жер бауырлап жатып қалады. «Ай, енді бұл үйленуді қойған екен...» - деп күдеріңді үзе бастасаң, бір күні: «Бота көзбін деп тұр екен жанарың...» -  деп екі көзі шоқтай жайнап шыға келеді. Қыз да көп, өлең де аз емес...

Сөйтіп көп қызды үміттендіріп жүрді де бір күні ауылына тартып кетіп: «Он алтымда өзегімді өртедің, Көңіл тойып, көз тоймайтын, көркемім. Мендік сезім әлде әскере қытықшыл, Әлде сен тым қылықты едің, ерке едің...»  деп мектепте жүргенде өлердей ғашық болған Айгүліне үйленіп тынды. «Бауке, ақ жалау көтеріп, қара қызға беріліп жатырмын. Той - 31-шілдеде» деп хат жазып жіберіпті. Дереу жолға шықтым. Қызылордадан Тұрар да қосылды. Оралда Талғат күтіп алып, ертеңіне он шақты адам  Казталовка ауданындағы Бостандық ауылына  аттандық. Марқұм Көпен апамыз «Балаларым келді...» - деп бізді кезек-кезек сүйіп мәз. Дүрілдеген той болды. Келіннің бетін арқалы ақын Мэлс Қосымбаев ашты.

Алматыға келгесін де шағын бір кафені жалдап жіберіп, кішігірім той жасадық.

Мен 2000 жылы Ақтөбеге қоныс аудардым. Батырболат бірер жыл пәтерден пәтерге көшіп жүрді де Астанаға бет бұрды. Елорда оған құтты қоныс болды. Ұстазымыз  Зинол-Ғабден Бисенғалиевтің жетекшілігімен,  анабір жылдарда кейінге қалдырылған, «Қазіргі қазақ поэзиясының түрлік-бейнелілік ерекшеліктері (1980-90 жылдар лирикасы әдеби процесс контексінде)» атты кандидаттық диссертациясын қорғады. «Айқын» газетінде істеп жүріп Президенттің баспасөз қызметіне ауысты. Алматыда туған Еңліктен соң бірінен соң бірі - үш ұл дүниеге келді. Үлкенінің есімін, менің құрметіме, Бауыржан деп қойғанда «Балаға дені  дұрыс адамның атын қоймай ма екен...»  тас-талқан болған оралдық досымыздың тілегі орындалып, екінші ұл Талғат атанды. «Айгүлдің аяғы тағы ауыр екен...» - дегенде Тұрар да біраз елеңдеп еді, бірақ бұл кезде Батырболаттың да ақылы кірген екен: «Бір балаға пайғамбарымның (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) атын қойған абзал» - деп сәби Дінмұхамет деген көркем есімді иеленді. Бірақ Тұрар әлі үмітін үзбей жүр...

Осы балалардың несібесі ме, Астананың қақ ортасынан үш бөлмелі пәтер алған Батырболаттың үйі қазір балапандары шүйкілдеген жылы ұяға айналды.

«...Өмір өтіп барады, ә?» - деп Есенғали жырлағандай, уақыт бір орнында тұрмайды екен. Кешегі «Әнші балапан» да  бүгін, міне, қырыққа келіп қалыпты. Бірақ  «Қырықтың қылығын бер, ая, Құдай...» - деп Мұхаңның «зарлағанына» қарағанда, қырығың да аса ақыл кіретін жас болмай тұр-ау, шамасы...

Сосын... Рысқұловтың аруағы кешірсін, Тұрар деген - аса жақсы ат емес. Одан гөрі Қырықбай деген әдемі естіле ме қалай?  Бұл, жай, сөздің сірәғасы ғой...

Батырболаттың жаңа өлеңдерін оқымағалы да көп болды. Әлде жасырып жазып жүр ме екен? Бұл иттен шығады...

Р.S.

Батырболаттың «Сонда Алматы Бостандықтан үлкен бе?» - деп сұрайтын  інісіне арнаған «Қайрош - Қайырбек» деген тамаша өлеңі бар. Мен де мақаланың тақырыбын соған ұқсатып қойғанды жөн көрдім: «Батош - Батырболат».

Ақтөбе қаласы.

 

«Абай-ақпарат»

0 пікір